Еуропаны қалай автобуспен аралауға болады?
Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары
Еуротрип — Еуропаның бірнеше елін бір барғанда аралап шығатын мүмкіндік. Еуропа сапарының бір жақсысы елдері бір-бірінен алшақ жатқан жоқ. Мысалы, Польша мен Италияның арасында 509 шақырым жатыр, ал Алматы мен Астананың арасы — 1 215 шақырым.
Елден елге ұшаққа (лоукостерге), пойыз бен автобусқа мініп баруға болады. Автобус – ең арзаны әрі ең қызығы. Тағы бір ұтымды тұсы — әуежай я пойыз бекеті жоқ қалаларға қиындықсыз бара аласыз. Мына мақалада Еуропаны автобуспен қалай аралап шығуға болатын жаздық. Оқи отырыңыз.

Еуропа трипін қалай жоспарлау керек?
Жоспар құру үшін қай қалаға барғыңыз келетінін, ал қай қалаға барғыңыз келмейтінін, қай жерде ұзақ жүріп аралағыңыз келетінін анықтап алуыңыз керек.
Қай жаққа барарыңыз бәрібір болса, бюджетіңізге я жол ұзақтығына қараңыз. Өзіңіз жоспар құруға ерінсеңіз я тәжірибем жоқ десеңіз, Book Mundi сияқты автобус трип сататын сайттардан тур алыңыз.

10 күндік жоспарға мысал
Сізге Еуропа айлағы деген кодты жоспар құрып бердік. Франция, Швейцария мен Италияны Flixbus автобуспен асықпай аралаймыз.
Бірінші күні Париждан Лионға жол тартамыз. Таңда шығатын автобус 16 еуро тұрады, ал жолға 5 сағат 50 минут кетеді. Лионда Лион шіркеуін, Белькур алаңы, Базилика Нотр-Дам-де-Фурвьер мен Ботаникалық баққа барамыз. Міндетті түрде Лион бюниін жеп көріңіз.
Бір күннен кейін Женеваға барамыз. Жолға бар-жоғы екі сағат кетеді, сол баяғы Flixbus автобусына мінесіз. Ақысы 9 еуродан басталады. Екі күннен кейін Миланға аттанамыз. Flixbus автобустарының ақысы 19 еуродан басталады. Жолға 5 сағаттай кетеді. Миланды бір күн аралағаннан кейін Болоньяға 3 еуроға жетіп аламыз (жолға 2 сағат 45 минут кетеді). Болоньяда бір күн қыдырамыз да, ертесі күні Римге жол тартамыз. Автобус құны 7 еуродан басталады, ал жолға 5 сағат 25 минут кетеді.
Осылай 54 еуроға Франция, Швейцария мен Италияға барып қайтамыз. Теңгеге шаққанда 27 мың теңгедей болады. Бұл — үш Еуропа елін аралағанда жолға кететін ең төмен ақы. Әрине, бұған қонақүй, тамаққа және көрікті жерлерге кіру құны кірмейді. Автобус билетін ертерек алып қоюыңыз керек. Күні таяп алсаңыз, қатты қымбаттап кетуі мүмкін.


Еуропадағы ең танымал арзан автобустар (тізім)
Бүкіл Еуропаны аралайтын тур ұсынатын автобустар.


Eurolines
Еуропадағы ең танымал автобус тасымалы. Еуропаның барлық еліне баратын бағыттары бар. Eurolines-пен Париж - Лондон, Брюссель - Амстердам, Мадрид - Лиссабон, Барселона - Андорра бағытымен сапар шегуге болады. Басқа бағыттарын мына жерден көре аласыз.
Жолаушы 5 келі қолжүк, екі багаж (15 келіден) ала алады. Автобустарында уайфай мен розетка пайдалануға болатын бизнес класы бар.


FlixBus
FlixBus — 2013 жылдан бері істеп келе жатқан неміс автобус компаниясы. Бағыттары көп: 40 елге баруға болады. Мысалы, Стокгольмнан Прагаға, Будапешттен Парижге, Катаниядан Миланға, Портудан Женеваға. Басқа бағыттар мында тұр.
Автобустар танымал қалаларға ғана емес, шетте жатқан туристік жерлерге де апарады. Мысалы, Германияның ең үлкен ойын-сауық паркі «Еуропа-паркке» адам тасиды.
FlixBus-тың тағы бір жақсы тұсы — түнде жүретін автобустары көп. Бұл — Шенген аймағындағы уақытын текке жұмсағысы келмейтін Қазақстан азаматтарына ыңғайлы мүмкіндік.
Компания жергілікті тасымалдаушылармен серіктес болғандықтан, автобустары әртүрлі болады: бір автобустарда уай-фай мен розетка болады, ал бір автобустарда мұндай жабдық тек бизнес-класта болады.


Ecolines
Ecolines — орысша сайты бар аз автобус компаниясының бірі. Балтық компаниясы Еуропада, Украинада, Ресей мен Беларусьта адам тасиды. Дрезденнен Польшаға, Львовтан Бонға я Дюссельдорфқа, Мәскеуден Вильнюске баруға болады.
Ecolines — кондиционер, био дәретханалары мен сусын аппараты бар автобустар желісі. Барлық дерлік автобусында розетка, монитор, тегін уай-фай бар. Ұзақ жол жүретін автобустардың өз жолсеріктері болады.

Балтық елдері
Lux Express
Lux Express — Эстонияның автобуспен тасымалдаушысы. Көбіне Балтық елдеріне барады: Эстония, Латвия, Литва. Ресей, Польша мен Финляндиядан жүретін автобустары бар.


Орталық Еуропа елдері
Neobus
Польшаның төмен бағаға адам тасымалдайтын компаниясы. Орталық Еуропа елдері мен Польша қалаларының арасында қатынайды. Автобустарында уай-фай, розетка, дәретханасы мен өзге де қызмет жоқ.
Student Agency
Автобустары RegioJet саяхат агенттігі. Чехия, Швейцария, Италия, Венгрия, Хорватия, Словения, Германия, Люксембург, Бельгия, Польша, Словакия, Франция мен Украина сияқты елдерге баруға болады.
Sindbad
Еуропаның барлық дерлік еліне қатынап жүрген Польша компаниясы. Баратын елдердің арасында мына елдер бар: Польша, Чехия, Украина, Беларусь, Литва, Латвия, Германия, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Франция, Швейцария, Андорра, Монако, Италия мен Испания. Польша мен Чехияда бағыты көп. Украинадан да жол жүруге болады.


Батыс Еуропа
BerlinLinienBus
Германия мен көрші елдерге қатынап жүрген ірі неміс компаниясы. Автобустарының ішінде кондиционер, интернет, розетка мен дәретхана бар. Жолаушылар қолжүк пен багаж ала алады. Қосымша ақыға тамақ алуға, велосипед, үлкен габаритті багаж пен жануар кіргізуге болады.
BlaBlaCar Bus
BlaBlaCar Bus — бұрын Ouibus деп аталған компания. Еуропаның 22 еліне қатынайды. Көбіне Милан, Париж, Берлин, Амстердам мен Барселонаға адам тасиды.
AvanzaBus
Испания мен Португалияда 300 бағытқа жолаушы тасымалдап жүрген испан компаниясы. Көбіне мынандай қалаларға барады: Лиссабон, Мадрид, Малага, Валенсия мен Барселона.
Rede Expressos
Португалия мен көрші елдерде қатынап жүрген португал тасымалдаушысы. Лиссабоннан Портуға баратын автобус 4,99 еуро тұрады.
Alsa
Испания (бағыттарының көбі осы елде), Франция мен Португалияда адам таситын испан автобус компанисы.


Солтүстік Европа
Nor-way
Норвегияның ішінде қатынап жүрген компания. Мысалы, Ослодан Бергенге я Лиллехамерден Восқа барады.
Lavprisekspressen
Ослодан Норвегияның мына екі қаласына адам тасымалдайтын компания: Трондхайм мен Ставангер.
Onnibus
Финляндияның барлық қаласына қатынап жүрген компания: Хельсинкиден Турка, Котка, Темпереге, Раумадан Пориге баруға болады. Ең қызық бағыт — Санта Клаустың отаны Рованиеми.
Виза мен сақтандыру
Қазақстан азаматтары Еуропаға кіру үшін шенген визасын алу керек. Оны қалай алу керегін бұрын мына жерде айтқанбыз.
Автобуспен қыдыру үшін міндетті түрде сақтандыру керек. Виза үшін ғана емес, тосын тексеріс үшін де, мысалы, шекарадан өтерде де керек болады.
Еуропаны автобуспен аралаймын дегендерге кеңес:
1
Жол жоспарын бір жерге екі рет бармайтындай етіп құрыңыз. Себебі бір жерге айналып тағы барсаңыз, жолға көбірек уақыт кетеді. Барлық қаланы автобуспен аралап болғаннан кейін А нүктесіне ұшақпен я пойызбен барыңыз.
2
Автобус қайдан жүретінін, қайда баратынын біліп алыңыз. Әсіресе билет тым арзан болса. Себебі сізді қалаға кірмей жатып тастап кетуі мүмкін.
3
Жолға бес сағаттан аса уақыт кетсе, түнгі автобусқа мініңіз. Жолда қиындықсыз ұйықтай алсаңыз, осылай істеңіз.
4
Автобустар жиі кешігеді. Сондықтан келесі автобусыңызды мұқият таңдаңыз. Жүріп бара жатқан автобусты қуғаннан я билетіңіз күйіп кеткеннен ерте барып, бір-екі сағат қыдырған артық.
5
Кешігіп жатсаңыз, тасымалдаушы сізді күтпейді. Ары кетсе 15 минут тосады.
6
Ыңғайлы киім-кешегіңізді ала жүріңіз. Көп жаяу жүресіз. Автобусқа шағын жамылғы мен жол жастығын алыңыз.
2
0