Аяғы ауырлар ұшарда неге мән беруі керек?
Ақыл-кеңес пен ережелер
Жүктілік ұшуға кедергі болатын нәрсе емес. Біреу ел-жер көргісі келеді, ал енді біреу балам өзге елдің азаматтығын алсын дейді. Аяғы ауырлар Қазақстан мен шетелде қалай ұша алатынын, оларға арналған қандай ережелер барын айтып береміз.
Жүктілік кезінде ұшаққа мінуге бола ма?
Қысқа жауабы: иә, ұша алады. Аяғыңыз ауыр болғанда ұшқан қауіпсіз, әсірісе 3-6 ай болғанда. Десе де, ұшар алдында дәрігермен ақылдасып алған жақсы, себебі әркімнің денсаулығы әртүрлі.
Әуе компанияларының жүктілерге арналған ережелері әдетте әртүрлі болады. Кейбірі белгілі бір жүктілік мерзімінен кейін дәрігер рұқсатын сұрайды, кейбірі сұрамайды. Толығырағын алда айтып береміз.
Қай мерзімге дейін ұшуға болады?
Көбіне мерзімі 36 аптадан аспағандар (бір бала), кейде 32 аптадан (екі я одан көп) аспағандар қиындықсыз ұша береді. Бірақ кейде әуе компаниясы 28 аптадан асқандардан да анықтама мен дәрігер рұқсатын сұрауы мүмкін.

Бірінші, екінші және үшінші триместрде ұшқанның ерекшеліктері
Аяғыңыз ауыр болғанда қалай ұшатыныңыз триместрге байланысты болады. Ұшып-ұшпайтыныңыз баршамызға ортақ рекомендацияға да, денсаулығыңыздың жағдайына да қарайды.
Бірінші триместр 12-аптада бітеді. Бұл мерзімде бала түсіп қалуы ықтималдығы көп, сондықтан дәрігерлер ұшпаған жақсы дейді, әсіресе денсаулығыңыз нашар болса, жолға шығудан мүлдем бас тартыңыз. Бірінші триместрде ұшқанда құсып, токсикозыңыз ушығуы мүмкін. Сондықтан жолға жеңіл-желпі тіскебасар алыңыз, орынды дәретханаға жақын жерден алыңыз. Беліңіз ауырмасын десеңыз, жастық ала кетіңіз.
Екінші триместр — 13-26-апта. Ұшам десеңіз, осы триместрде ұшыңыз. Себебі қиындық туады деген ықтималдық аз болады әрі әйелдің энергиясы өзге триместрлерге қарағанда көп болады. Екінші триместрде қан айналымы көбейіп, тромбозға түрткі болуы мүмкін. Сондықтан жиі-жиі тұрып, жүріңіз, бой жазыңыз. Компрессия шұлықтарын киіп алыңыз.

Үшінші триместр — 27-40-апта. Әуе компанияларының көбі үшінші триместріне жетіп отырған әйелдерді мінгізе бермейді. 28 аптадан кейін асқандардан медициналық анықтама мен дәрігер рұқсатын көрсетіңіз деп талап етеді. Үшінші триместрде әйел ерте босанып қалуы ықтималдығы артады. Сондықтан ұшақта өтетін жерден орын алыңыз, транзит я ұзақ ұшатын рейстерден аулақ жүріңіз.

Мынандай аурулары бар жүкті әйелдер ұшпағаны жөн
Жүктілік кезінде ұшқан қауіпсіз болуы мүмкін, бірақ ұшқтанда болашақ анаға да, балаға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар бар. Мыналар негізгілері:
1
Жүктіліктің ерте асқынуы. Бұрын әйел түсік тастаған болса, жатырдан тыс жүктілігі болса я жүктілігі ерте мерзімде асқынған болса, дәрігерлер ұшаққа мінбеңіз деп кеңес беруі мүмкін;
2
Жүктіліктің кеш асқынуы. Ерте босану, плацента дисфункциясы, диабет я жоғары қан қысымы ұшпауыңызға себеп болар аурулар.
3
Ерте босанып қалу қаупі бар көпұрықты жүктілік. Жүктілік көпұрықты болғанда әйел ерте босанып қалуы ықтималдығы артады. Сондықтан ұшпаған жөн, әсіресе босануға аз қалғанда.
4
Бақылауға көнбейтін созылмалы аурулар. Мысалы, жүрек аурулары, астманың ауыр түрі, бүйрек аурулары мен диабет.
5
Ауыр инфекция. Ауыр инфекция, әсіресе қалтырау, сусыздану я әлсіреу қоса жүрген инфекциялар ұшуға тыйым салар себеп болуы мүмкін.
6
Қансырау я плацентаның жатырдан ерте ажырауы. Мұндайда мүлдем ұшуға болмайды.
Сіздің жағдайыңыз өзгелердікіне мүлдем ұқсамауы мүмкін. Сондықтан ұшар алдында дәрігеріңізбен ақылдасып, барлық қауіп-қатерді ескеруіңіз керек.
Аяғы ауырлар ұшар алдында қандай анықтама алуы керек?
Ұшамын деп жоспарлап жүрген аяғы ауырлардан әуе компаниясы ережелері мен жүктілік кезеңіне қарай түрлі анықтама сұрауы мүмкін. Ең негізгілері мыналар:
- Дәрігердің медициналық анықтамасы. Бұл жүктілігіңіз қиындықсыз өтін жатқанын, ұшқанда өзіңізге де, балаңыз да қауіп төнбейтінін дәлелдейтін ең басты құжат.
- Ұшуға болады деген келісім. Кей әуе компаниясы аяғы ауырлардан ұша аламын деген жазбаша келісім сұрайды. Онда әйел ұшқанда қауіп-қатер төнуі мүмкін екенін білетінін әрі тәуекел ететінін ескертеді.
- Көпұрықты жүктілік туралы анықтама. Жүктілігіңіз көпұрықты болса, әуе компаниялары денсаулығыңыз ұшқанды көтере алатынын, ерте босанып қоюыңыз қаупі жоғын дәлелдейтін анықтама сұрайды.
- Сақтандыру. Міндет болмаса да, аяғы ауырлар сақтандыру жасатып жүргені жақсы. Әйтпесе барған елде жүктілікке қатысты медициналық шығыныңызды өзіңіз өтейсіз.
Анықтамаларды әдетте ұшарға 7-10 күн қалғанда алу керек. Бірақ нақты талаптар әуе компанияларына байланысты болады. Сондықтан билет алар алдында аяғы ауырларға қандай талаптар қойылатынын біліп алыңыз.

Әуе компанияларының аяғы ауырларға қатысты ережелері
Air Astana
Мерзімі 22 аптадан аспағандар дәрігер рұқсатынсыз ұша береді. Бала көтергеніне 22-34 апта болғандар (көпұрықты жүктілігі барларға 32 апта) медициналық анықтама көрсетуге тиіс. 32-34 аптадан асып кеткендер тек дәрігер қорытындысын (№026/у формасы) көрсетіп ұша алады.
Босануыңызға 7 күндей уақыт қалса, медициналық қорытындыңыз болса да ұша алмайсыз.
Аяғы ауыр әйелді рейске ұшақтың экипажы мен жердегі қызмет мінгізбей қалуы мүмкін. Ол туралы толығырақ ақпаратты мына жерден оқи аласыздар.
FlyArystan
FlyArystan ұшағымен ұшқанда мерзімі 22 аптадан асқан, бірақ 34 аптаға жетпеген (көпұрықты жүктілігі барларға 32 аптадан аспауы керек) аяғы ауырлар медицналық анықтама көрсетуге тиіс. Ол анықтамада жүктіліктің мерзімі мен әйелдің денсаулығы туралы нақты ақпарат жазылуы керек. Шетелден ұшсаңыз, анықтама ағылшынша болуы қажет. Анықтама 30 күн жарамды болады.
Мерзімі 32-34 аптадан асып кеткендер тек №026/у формасын көрсеткенде ғана ұша алады. Босануыңызға 7 күндей уақыт қалғанда Флай арыстан медициналық анықтаманы көрсетсеңіз де ұшырмай тастауы мүмкін. Әуе компаниясының ережелерін мына жерден оқыңыз.
SCAT
SCAT-тың ережелері Air Astana мен FlyArystan-дікіне ұқсайды. 22 апта өткенше анықтамасыз ұшуға болады, 22-34 апта арасында анықтама көрсетесіз, ал 34 аптадан асып кетсе, №026/у формасын көрсетуіңіз керек.
Turkish Airlines
Мерзімі 28 аптаға жетпеген аяғы ауыр әйелдер анықтамасыз ұша береді. 28 аптадан асып, 31-34 аптаға жетпеген аяғы ауырлар анықтама көрсетеді.
Бірұрықты жүктілер 36 аптадан асқаннан кейін, ал көпұрықты жүктілер 32 аптадан асқаннан кейін медициналық анықтамасы бар-жоғына қарамастан ұшаққа мінгізілмейді. Ол туралы ресми ақпаратты мына жерден оқи аласыз.
Lufthansa
Мерзімі 28 аптаға жетпегендер анықтамасыз ұша алады. 28 апта мен 32-36 апта аралығындағылар мынандай ақпарат жазылған анықтаманы көрсетуге тиіс:
- жүктілік қиындықсыз өтіп жатқанын;
- әйел шамамен қашан босанатыны;
- науқастың ұшуына болатыны.
36-аптадан кейін компанияның қызметкерлер рейске мінгізбейді. Толық ақпаратты мына жерден іздеңіз.

Ұшқанда аяғы ауырларға радиация зиян ба?
Жолаушылар ұшқанда космос радиациясына ұшырайды. Бұл радицияның аспандағы мөлшері жердегі мөлшерінен көп болады. Десе де әйел мен балаға қауіпті болып есептелмейді.
Халықаралық радиациядан қорғау комиссиясы аяғы ауыр әйелдерге тиген радиацияның мөлшері 1 миллизиверттен (mSv) аспауы керек дейді. Бұл мөлшер адам ұшқанда алатын радиациядан әлдеқайда көп. Ұшқанда біз ұшырайтын радиацияның мөлшері — сағатына 0,005-0,01 миллизиверт.
Әуежайда аяғы ауыр әйелдер тексеріс кезінде сканерден өте ала ма?
Жүкті әйелдерге қауіпсіздік сканерлерінен өтуге рұқсат берілген. Бұл сканерлер я миллиметр толқынды болады, я металл іздейтін болады. Бұлардың бәрі барлық жолаушыға қауіпсіз саналады. Десе де жүкті әйел сканерден өтпей, басқаша тексерсін деп өтіне алады. Мысалы, қызметкердің өзі тексерсін деп. Әуежайға барар алдында онда қандай ережелер барып, әуе компаниясының жүкті әйелдерге қатысты шарттарын біліп алыңыз.
Ұшаққа не ала кіру керек?
Аяғы ауыр әйелдер ұшаққа жайлылығы мен қауіпсіздігін ойлап мінуі керек. Сондықтан бортқа мыналарды ала кіріңіз:
- Медициналық құжаттар: медкартаңыздың көшірмесі, ұшуға болады деген дәрігер берген анықтама, маңызды контактілер тізімі;
- Ыңғайлы киім мен аяқкиім: табиғи, кең тұратын матадан жасалған киім, жайлы аяқкиім, компрессия шұлықтары.
- Мойныңызға я беліңізге арналған жастықтар;
- Тіскебасар, су;
- Өзіңіз ішіп жүрген дәрілер пен дәрумендер.
- Гигиенаға арналған заттар: төсемшелер, қағаз сүлгі, бет пен қолға арналған крем.
- Төтенше жағдайда пайдаланатын заттар: кішкентай дәрі-дәрмек қобдишасы мен қолды дезинфекциялайтын сұйықтық.

Қиындықсыз ұшуыңызға себеп болар факторлар
1
Екінші триместрде ұшыңыз. Бұл мерзімде токсикозыңыз бітеді, Еуропа көшелерін аралайтындай я Тайланд теңізіне түсе алатындай жеңіл сезінесіз.
2
Отыратын орныңызды дұрыстап таңдаңыз. Жұрт өтетін жерден алғаныңыз жақсы. Жиі-жиі тұрып, жүргенге жақсы. Дәретханаға барғанда да ыңғайлы болады.
3
Орныңызды ертерек алып қойыңыз.
4
Ыңғайлы киім киіңіз. Кең тұратын, ауа жіберетін киім киіңіз. Аяқкиіміңіз де ыңғайлы болыңыз. Компрессия шұлығын киіп алсаңыз, аяғыңыз ісіп кетпейді.
5
Су ала барыңыз. Ұшқанда су іше берген жақсы. Әуеге көтерілгенде адамның денесі құрғай бастайды.
6
Ұшақтың салонында көп жүріңіз, жаттығу жасаңыз. Аяғы ауырлар 1-2 сағат сайын тұрып жүруі керек. Отырғанда қан айналымын жақсарту үшін бір-екі жаттығу жасаңыз.
7
Тіскебасар алыңыз. Кез келгенін алсаңыз болады, бірақ пайдалы болғаны жақсы: жеміс-жидек, йогурт, жаңғақ.
8
Қауіпсіздік белдігін қарныңыздың астына тағыңыз. Балаға қысым болып жүрмесін.
9
Белге я мойынға арналған жастық ала барыңыз.
10
Дәрігермен кеңесіңіз. Қауіпсіз ұшқаныңыз баланың денсаулығына да, өзіңізге де жақсы.
12
0