Логотип

Ел-жерді жалғыз аралағысы келетін саяхатшыларға арналған нұсқаулық: қайда барған, не алған жөн?

Ел-жерді жалғыз аралағысы келетін саяхатшыларға арналған нұсқаулық: қайда барған, не алған жөн?
Кеңес 10 мин оқисыз
15.04.2024

Ел-жерді жалғыз аралағысы келетін саяхатшыларға арналған нұсқаулық: қайда барған, не алған жөн?

Соло триптен аман-есен әрі жалғызсырамай қайтудың амалдары

Саяхатқа жалғыз шығу — адамның өзін-өзі танитын, жаңа мәдениет пен жаңа жер көретін, жаңа дос табатын мүмкіндігі. Жалғыз саяхаттау көбіне қорқынышты болып көрінуі мүмкін, бірақ шынында олай емес. Мына нұсқаулығымызға қарай әрекет етсеңіз, сапарыңыз әлдеқайда қауіпсіз әрі күшті өтеді.

Жалғыз қалудан қорықпаңыз

Жалғыз сапар шегу адамның өзін-өзі тануына, дамуына мүмкіндік береді. Адам баласы жалғыз қалған сәттерін бағалай білуі керек, соны пайдаланып демалып алуы қажет. Бұл уақытты кітап оқуға, медитацияға, күнделік жазуға я айналадағы әлемді басқа қырынан тануға жұмсауға болады. Есіңізде болсын: жалғыз тұру, жалғыз жүру, жалғыз сапар жүру, тек өзіңізге уақыт бөлу жалғыздық емес. Бұл — өзіңізді танитын мүмкіндік.

Жайлап бастаңыз

Жолға жалғыз шығып көрмеген болсаңыз, аздан бастаңыз. Әуелі өзіңіз барғыңыз келген елге барыңыз. Бірақ алыс жер болмасын. Мысалы, көрші қалаға барыңыз я еліңіздегі бір-екі жерге барып көріңіз. Бара-бара сенімдірек бола бастайсыз. Дайынмын дегенде алысырақ жерге ұзағырақ сапар жоспарлай беріңіз.

Жолыңызды мұқият жоспарлаңыз

Жолға шығар алдында қайда қалай баратыныңызды дұрыстап жоспарлап алыңыз. Қайда тұрасыз, қай жеріне барасыз, немен барасыз, неден сақтану керек, неге асық болу керек? Тұратын жеріңіз бен транспортты ертерек брондап қойыңыз. Тосынсыйларға да біраз орын қалдырыңыз, десе де негізгі жоспардан ауытқымаған жөн.

Қайда жүргеніңізді достарыңызға айтып отырыңыз, хабарсыз кетпеңіз

Жақындарыңыздың бірі қайда жүргеніңізді, баратыныңызды біліп отырғаны жөн. Оған билет, броньдар мен жоспарыңыздың көшірмесін жіберіп қойыңыз. Қайда екеніңізді, жағдайыңыз қалай екенін қайта-қайта айтып отырыңыз. 

Құжаттарыңыздың көшірмесін жасатып алыңыз

Паспорт, виза, сақтандыру сияқты маңызды құжаттардың көшірмесін жасатып алыңыз, ал сканын бұлт серверге салып қойыңыз. Қағаз көшірмелерді бөліп, сөмкеңіздің әр жеріне салып қойыңыз. Түпнұсқаларын жоғалтып алып, қайта жасатқанда керек болуы мүмкін. 

Пайдалы телефон қолданбаларын жазып алыңыз

Картадан бастаңыз. Мысалы, Google Maps немесе Maps.Me. Аудармашы да жазып алыңыз. Ең оңайы — Гугл аудармашы. Баспана жалға алатын қолданбалар: Airbnb, Booking.com. Такси — Uber, Bolt. Хабарсыз кетпеу үшін WhatsApp, Telegram жүктеп алыңыз. 

Затыңыз аз болсын

Саяхатқа жалғыз шыққанда ең басты ережелердің бірі — барынша аз зат алу. Тек керегін алып жүріңіз: жолға шыққанда оңай болады. Есіңізде болсын, керек болып қалар-ау деген нәрселердің көбін жол-жөнекей алуға болады. Жүгіңіз жеңіл болса, көп шаршамайсыз әрі баспана жалға алғанда септігін тигізеді, себебі кей қонақүйдің я үйдің лифтісі болмайды. 

Заттарыңызға ие болып жүріңіз

Жолға жалғыз шыққанда өз амандығыңыздан басқа дүниеңіздің амандығын да ойлауыңыз керек. Сондықтан заттарыңызды кодты сөмкеге салыңыз және жұрт жүретін жерде қараусыз тастамаңыз. Иыққа асып алатын сөмке тағып алыңыз, бет жағын өзіңізге қаратып алыңыз. Рюкзак тақсаңыз, алдыңызға тағып алыңыз. Сақтандыру алып қойсаңыз, тіпті жақсы.

Ақшаңыздың бәрін бір жерге салмаңыз

Қаражатыңызды бөліп, әр жерде сақтаңыз. Мысалы, бір бөлігін қонақүйдегі сейфке салыңыз, ал бір бөлігін сөмкеңізге салып қойыңыз. Одан бөлек, бірнеше төлем картасын алып жүріңіз. Біреуі жоғалса, екіншісін пайдалана бересіз. 

Жергілікті халықтың әдеп-ғұрыпы туралы көбірек біліңіз

Барған еліңіздің әдеп-ғұрпын білсеңіз, дүниетанымыңыз кеңейіп қана қоймай, жағымсыз жағдайдан сақтанасыз. Сондықтан барған жеріңіздегі халықтың әдеп-ғұрпын, киімдері мен мерекелері туралы біраз да болса біліп алыңыз. Біздің түрлі қалаларға арналған гидтеріміз сізге күшті нұсқау болады.

Жаман ойдан аулақ, жақсы ойға асық болыңыз

Жақсы ойға ерік берсеңіз, әр тосын жағдай сізге бөгет емес, мүмкіндік болады. Әр нәрсені мәселе емес, сабақ я шешім көрсеңіз, саяхатыңыз жеңілдей түседі, стрестен құтылуға, жаңа жағдайға үйреніп кетуге көмектеседі. 

Танысудан қорықпаңыз

Жол жүре жүріп дамытуға болатын құнды қабілеттердің бірі — бейтаныс адамдармен танысып, тез тілдесе білу. Әңгімені бірінші бастаудан я топқа қосылудан қорықпаңыз. Жалғыз саяхат еткендердің көбі танысуға асық болады. Өзгемен тілдескен ой-өрісіңізді кеңейтіп, жаңа қызыққа жетелейді. 

Танысу процесін жеңілдету үшін жұрт көп жиылатын іс-шараларға, топтық экскурсияға баруға болады. Керек десеңіз, жергілікті клубтарға жазылыңыз. Әлеуметтік желілер мен қолданбалар да дос табуға көмектеседі. Мысалы, Couchsurfing.

Жалғыз қыдырамын дегендер қайда барғаны жөн?

Жалғыз қыдырамын деген қыз-келіншектерге жақсы елдер

Сингапур

Сингапур жұртқа қауіпсіздігі, тазалығы мен тәртібімен танымал. Бұл қала — жалғыз қыдыратын әйелдерге жағатын қалалардың бірі. Себебі заңы азаматтарын ғана емес, шеттен келген туристерді де қорғайды. Сингапур — заманауи технология, әдемі парктер мен бақтар, зәулім сауда орталықтары мен базарлар отаны. 

Швейцария

Швейцария — тұрмысының деңгейі мен қауіпсіздігі жоғары ел. Қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамығандықтан қаладан қалаға, көрікті жерден көрікті жерге жету оп-оңай әрі қауіпсіз. Жалғыз демалып жүрген әйелдерге Швейцария Альпі тауларының сұлулығын, мөп-мөлдір көлдері мен дәмі тіл үйірер ұлттық тағамдарын ұсынады.

Жапония

Жұртқа Жапонияның да ерекше мәдениеті, қауіпсіздігі мен мінсіз қызметі танымал. Жалғыз саяхат ететін әйелдерге жақсы ел бұл. Барып жатсаңыз, ежелгі ғибадатханаларына, заманауи қалалары мен әдемілігі көздің жауын алар ауылдарына барыңыз. Жапондар — қонақжай халық, бәрін бірдей құрметтейді. Ал қоғамдық көліктері уақытылы келеді, уақытылы барады. 

Индонезия, Бали

Бали — тұрғындары жанашыр, табиғаты әркімді еліктірер, ал мәдениеті алуан түрлі арал. Қыз-келіншектер өздеріне қауіпсіз жататын кез келген жер таңдай алады: жағажайдағы үй, қонақүй, күзеті бар жеке вилла. Аралда өзгелермен танысуға болатын дәмханалар мен дүкендер толып тұр. Йога, сөрфиң, медитацияға қызатын саяхатшы болсаңыз, Бали — сізге таптырмас мүмкіндік.

Испания

Испания — саяхатшы әйелдерге жылы климатын, бай мәдениетін, керемет жағажайларын ұсынатын ел. Ол жақтан кез келген адам өзіне кез келген қызық тауып ала алады: тарихи көрікті жерлер мен музейлер, жағажай, клуб, тамақ. Испания қауіпсіздігі күшті ел саналады, әсіресе турист жиылатын жерлері өте қауіпсіз. 

Кипр

Кипр — тыныштық пен қауіпсіздік іздеген жандарға жұмақ болар жер. Жұртқа бұл аралдың құм жағажайлары, мөп-мөлдір теңізі мен қонақжай халқы танымал. Жергілікті тұрғындардың көбіне ағылшынша білетіндіктен тез сіңісіп кетесіз. Жатып демалғаннан шаршасаңыз, музейлері мен өзге де тарихи жерлеріне барып қыдыра аласыз.

Афина, Грекия

Афина да саяхатшыларға тарих, қонақжайлық пен қауіпсіздік сыйлайды. Қалада баратын, көретін жер көп: музей, ежелгі сарайлар мен қираған қалалардың қалдықтары, грек мейрамханасы. Қоғамдық көлігі жақсы дамығасын әрі жүретін жер көп болғасын Афинаны жаяу аралап шығуға болады.  

Жалғыз қыдарымын деген еркектерге жақсы елдер

Түркия

Түркия — бай тарихты, керемет мәдениетті әрі әдемі жағажайлы ел. Ежелден келе жатқан мешіттер мен базарға толы Ыстамбұл, түрлі әдемі жағажайлы Анталия, қираған қалалардың қасына салынған Эфес керек пе, бәрі бар. Түріктің қонақжайлығы да кімді болса да таңғалдырады. Қаладан алысырақ демалғыңыз келсе, тауға, теңізге шығуға болады. 

Ибица, Испания

Жұрт Испания аралдарының бірі Ибицаға түнгі клубтары, көңіл-күй көтеретін кештері үшін барады. Бірақ Ибицада басқаша да демалуға болады: жағажайға, жасырын айлақтар мен әдемі ауылдарына баруға болады. Елден жырақ релакс іздеген саяхатшыларға керемет жер болары анық. 

Чехия

Чехияға туристер оның тарихы туралы көбірек ақпарат білу үшін, сәулетін көріп, сырасын ішіп көру үшін барады. Шағын, жайлы дәмханалары, алуан түрлі музейлер мен галереялар, транспорт жүйесі жалғыз жүрген саяхатшылардың сапарын ыңғайлы етері анық. Одан бөлек, қамалдарға барып, ыстық суға түсіп, сыра қалай жасалатынын көріп, жақындарыңызға айтар әңгіме жинауға болады.

Германия

Германия адамды заманауи болғанымен, тарихы, қауіпсіздігі және тұрмыс деңгейімен еліктіреді. Астанасы Берлин ғана емес, Мюнхен, Хамбург пен басқа қалалары да туристер баратын жер. Әрбіреуінде тарихи көрікті жерлер мен әдемі табиғат бар. Жаяу я велосипедпен жүретіндерге керемет жер.

Тайланд

Тайланд — экзотикалық мәдениет, жағажайлар мен табиғатты зерттегісі келетіндерге таптырмас жер. Елде қызықтың түрі бар: медитация, буддизм ғибадаханалары, дайвиң, тағы басқасы. Тайланд — туристерді құшақ жая қарсы алатын ел. Қалтаңыз көтеретін баспана, дәмді көше тағамдары — жалғыз жүрген саяхатшы еркектерге керемет мүмкіндік.

Коста-Рика

Коста-Рика — табиғат және белсенді демалыс сүйерлерге арналған жер. Табиғат дегенде не бар: тропикалық орман, жанартау, Тынық мұхит пен Кариб теңізінің жағажайлары. Белсенді демалам дегендерге онда сөрфиң, дайвиң, треккиң сияқты қызық бар. Коста-Рика да туристерге құшағын жайған қауіпсіз ел. 

Грузия

Туристерге Грузияның қонақжайлығы, дәмді тамағы мен бай тарихы ұнайды. Онда ежелгі шіркеулерге, қамалдар мен бекіністерге баруға, Кавказ тауларына шығуға болады. Грузин асүйі мен шарабына көбірек уақыт бөлу керек. Шарапханасына барсаңыз я мейрамханасынан тамақ ішсеңіз, ұмытылмас әсерге толы қайтасыз. Грузия — мәдениет, табиғат пен қалта көтерер саяхат іздегендерге арналған мемлекет. 

Исландия

Исландия — пейзажы көздің жауын алар, гейзер, сарқырама, мұзтау, теріскей шұғыласы сияқты табиғи құбыластары қайталанбас ел. Бұл ел — еркіндікті сүйетін, ұмытылмас әсерге құмартқан батыл еркектерге таптырмас мекен. Сонымен қатар Исландия — әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі, ал оның қонақжай халқы әрдайым саяхатшыларға көмектесуге дайын. Адам аяғы баспаған елсіз табиғатты зерттеу мүмкіндігі бұл елді экотуризм мен фотосурет сүйерлерге мінсіз жер етеді.

Италия

Италия — бай тарихы, керемет сәулеті, өнері мен асүйі арқылы кез келген саяхатшының көңілінен шығатын ел. Венецияның романтик арналары мен ежелгі Рим қирандылары, Тосканадағы әдемі төбелер мен Сицилия жағажайлары сізге сан алуан әсер сыйлайды. Бұл елде мәдени мұраларды тамашалап қана қоймай, ерекше итальян асүйінен, хош иісті шараптарынан және қою кофесінен ләззат алуға болады. 

3

0

,

Сізге қызық болып қалар:

О том, как жить во время путешествий и ничего не платить

О том, как жить во время путешествий и ничего не платить

Қауіпсіз сапарлар мен тревел қызойнақ

Қауіпсіз сапарлар мен тревел қызойнақ

Осы айдардан:

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары
03.04.2023

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары

Мысалға сүйене отырып айтып береміз
24.03.2023

Мысалға сүйене отырып айтып береміз

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық
21.10.2022

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық

Ақшаңызды неге үнемдеуіңіз керек?
22.09.2022