Қолжүк пен багажға қандай дәрі салуға болады?
Жолға алатын дәрілер
Саяхатқа шыққанда кез келгеніміз ауырып қалуымыз мүмкін. Тамақтан улануымыз мүмкін, Солтүстік Еуропаға барамыз деп суық тигізіп алуымыз да ғажап емес. Сондықтан жанымызда үнемі дәрі-дәрмек болғаны жақсы. Қандай дәрі алып жүрген жақсы, багажқа не салмау керек, осы сұрақтарға қазір жауап береміз.
Қандай дәрі алып ұшуға болмайды?
Шетелге валокордин мен корвалол тасуға болмайды, себебі олардың құрамында тыйым салынған зат фенобарбитал бар. Психотроп не есірткі заттарды дәріқағазсыз алуға болмайды. Ауырсынғанды қатты басатын, ұйықтатын дәрілер мен салмақ ұстап тұратын дәрілердің құрамына аса назар аударыңыз.
Анальгин мен натрий метамизолы бар басқа дәрілерге және кеторол мен кеторолак трометамині бар дәрілерге көп елде тыйым салынған, сондықтан оларды дәріқағазсыз алмаған жөн.
Қай елде қай дәріге тыйым салынғанын білгіңіз келсе, елшілік пен консулдықтарға хабарласыңыз немесе кеден сайттарына кіріп біліңіз.

Ұшаққа кіргізуге болатын дәрілер
Қолжүк
Қолжүкке салынатын сұйық және гель дәрілер арнайы 100 миллилитр ыдысқа құюыңыз керек.
Қолжүкке салуға болатын дәрілер:
- дәріқағазсыз берілетін дәрілер (мысалы, көз бен мұрынға арналған тамшы, шәрбат).
- дәріқағазы бар дәрілер;
- көз линзасына арналған ерітінді мен тұз ерітінділері;
- спирті көп дегенде 70% антисептик.
Ұшаққа алып кіруге болатын өзге де медицина заттары:
- инсулин салуға арналған ине, шриц. Дәрігер анықтамасы жаныңызда болуы керек. Онда инсулин ұшқанда салынуы керегі жазылып тұруы керек;
- балдақ, таяқ;
- оттегі және ауа баллоны (оларды тасымалдау ережелері әртүрлі болуы мүмкін);
- ингалятор;
- глюкометр.
Электрондық термометр санына қатысты ешқандай тыйым жоқ, бірақ сынап термометр алсаңыз, адам басына біреу алуыңыз керек, ал сынап қызуөлшегішті багажға салу қажет.
Багаж
Багажға бір дәрінің көп дегенде бес данасын сала аласыз. Жапсырма мен қағаз сүлгіні де солай. Сондықтан бортқа дәріні ұшқанда ғана жететіндей алыңыз.
Сондай-ақ багажға қолжүкке салуға болмайтын дәрілерді саласыз: көлемі 100 миллилитрден асатын физиологиялық ерітінді мен линзаға арналған тамшы.

Қазақстан аумағында дәрі-дәрмек тасу ережелері
Қазақстанның әуе компаниялары халықаралық ережелерге бағынады әрі қолжүк пен багажға салынатын заттар тізімі де бірдей.
Олардан бір ғана айырмашылығымыз бар — бізде ұшақпен дәрі-дәрмек жіберуге болады. Қызмет әзірге тек Алматы әуежайында бар.
Дәрі-дәрмекті ұшақтан салып жіберу үшін не істеу керек?
Дұрыстап ораңыз да, әуе компаниясының әуежайдағы кеңсесіне жіберіңіз. Дәрі өз қаптамасында тұруы керек, жанына түбіртегін салыңыз.
Жіберер алдында әуе компаниясы дәрі-дәрмекті бір тексеріп алады, кейін мөр басып, тасымалдауға жібереді.
Әуе компаниясы | Тасымалдау ережесі |
Air Astana | Маска, қолғап, өз қаптамасында тұрған ампула дәрілер мен таблеткалар, таңғыш заттар, шприц пен инелер салынған пакеттің салмағы көп дегенде 3 келі болуы керек. Сұйықтық жіберуге болмайды. |
FlyArystan | Әуе компаниясы тыйым салынбаған дәрілердің бәрін тасиды. Air Astana кеңсесіне барғаныз жөн. |
SCAT | Рұқсат етілген жұтатын дәрінің бәрін алады. Дәрілер өз қаптамасында тұруы керек, ал салмағы 500 грамнан аспауға тиіс. |

Жолға қандай дәрі ала кету керек?
Қабынуға қарсы
Ибупрофен не парацетамол алсаңыз болады. Бірақ әуелі баратын елде рұқсат етіліп-етілмегінін біліп алыңыз. Ол дәрілер ауырғанды да басады, қызуды да түсіреді. Бір жеріңіз ауырса, міндетті түрде осы екеуінің бірін ішіңіз.
Аллергияға қарсы
Аллергияңыз жоқ болса да, аллергияға қарсы дәрі алып жүріңіз. Себебі жеген тамағыңыз не оның иісі жақпай қалуы мүмкін. Сондықтан жаныңызда лоратадин, дезлоратадин немесе цитиризин қосылған антигистамин дәрілер болсын.
Теріге арналған антисептик пен дәке
Антисептик — спирт пен сутегі пероксид жоқта көмекке келер құрал. Кішкентай құтыға құйылған түрін алыңыз, мысалы, мирамистин немесе хлоргексидин.
Дәкенің кез келген түрін алсаңыз болады: залалсызданған, бактерцид я бекіткіш.
Өзіңізге қажет дәрілер
Өзіңіз ішіп жүрген, жағып жүрген дәрілерді алуды ұмытпаңыз. Мысалы, асқазаныңыз ас қорыты алмай ауырса, соған арналған фермент алыңыз. Қан қысымыңыз жоғары болса, тонометр, ал диабетке шалдыққан болсаңыз, глюкометр алыңыз.
Айтпақшы, дәрі-дәрмек қобдишасын толтырарда қай жаққа бара жатқаныңызға да мән беріңіз. Мәселен, Корея я Қытайға жол жүргелі жатсаңыз, ас қорытуға арналған және қыжылға қарсы дәрі салып алыңыз. Малярия жайлаған елде, мысалы, Танзанияда малярияға қарсы дәрі керек болып қалуы мүмкін. Тау курортына я жағажайға барып демалам десеңіз, күннен қорғайтын крем не спрей ала кетіңіз. Табиғатқа шығар болсаңыз, репеллент жаныңызда болсын: маса, кенеге мен өзге де жәндіктен қорғайды.
5
1