Логотип

Әуежайға бірінші рет барғалы тұрмын. Қай жерден тіркелем, багажды қайда өткізем, қандай құжат алып шығуым керек?

Әуежайға бірінші рет барғалы тұрмын. Қай жерден тіркелем, багажды қайда өткізем, қандай құжат алып шығуым керек?
Анықтама 12 мин оқисыз
12.12.2021

Әуежайға бірінші рет барғалы тұрмын. Қай жерден тіркелем, багажды қайда өткізем, қандай құжат алып шығуым керек?

Толық нұсқаулық

Қазір саяхаттың көбі әуежайдан басталады. Бірақ арамызда ұшаққа мініп көрмеген, рейске тіркеліп көрмегендер бар. Сондықтан оларға әуежайда қайтпек керегін айтып береміз. 

Қандай құжат алуым керек? 

1. Шетелге ұшайын деп жатсаңыз, паспорт, елдің ішінде ұшсаңыз, паспорт немесе жеке куәлік (билет алғанда қай құжатты пайдаланғаныңызға байланысты) аласыз. Паспортыңыз елге қайтқанда жарамды болатынына міндетті түрде көз жеткізіңіз. Билет сататын агенттіктер билет сатарда паспорттың жарамдылық мерзіміне қарайды. Әдетте құжат кем дегенде алты ай жарамды болуы керек. 

Паспорттың көшірмесін поштаңызға не жақындарыңыздың поштасына жіберіп қойыңыз: жоғалып кеткенде я ұрланғанда керек болады. 

Бала алып жүрсеңіз, туу туралы куәлігін (ішкі рейс) немесе паспортын (халықаралық рейс) аласыз. Бала өзгенікі болса, жаныңызда сенімхат болуы керек. 

2. Билет. Көптеген әуе компаниясы рейске паспортқа қарап тіркей береді, дегенмен жаныңыз тыныш болсын десеңіз, қағаз билет шығарып алыңыз. Бұрын рейске 24 сағат бұрын тіркелуге болатын еді, қазір мұндай функция жоқтың қасы. Билет алсаңыз да, ұшаққа мінбей қалуыңыз мүмкін. Сондықтан тіркеліп, отырғызу талонын алу — міндет. Қалай алатыныңызды алда айтамыз.

3. Қағаз ақша (доллар болғаны жақсы). Иә, бұл құжат емес. Бірақ оның құдіреті құжаттікінен кем емес:) Мысалы, барғанда берілетін визаның ақысын төлегенде керек болады.

Кей ел басқа құжат сұрауы мүмкін. Мәселен, қайтатын билет. Бұл елде қалмайтыныңызға кепіл болады. Қазақстанға билет алмасаңыз да болады, әйтеуір ол елден кетсеңіз болды. Кей елдің шекарасынан өткенде қағаз ақша ауадай қажет болады. Мысалы, Тайландта адам басына 10 мың теңге сұрайды. Арнайы серитификат та керек болады. Мәселен, Түркия HES код талап етеді. Сондықтан бір жерге барарда шекарадан өту ережелерімен танысып алыңыз. 

Singapore Airlines, Emirates мен Qatar Airways рейске тіркегенде билет ақысын төлеген картаны көрсетіңіз деуі мүмкін. Сондықтан билет құнын өз картаңыздан төлеңіз. 

Әуежайға қаншалықты ерте бару керек? 

Рейске тіркеу ұшақ ұшарға 1 сағат қалғанда, отырғызу 15 минут қалғанда аяқталады. Қашан барып тұрарыңыз тіркеу түріне байланысты. Онлайн тіркеле алсаңыз, әуежайға ұшып кетуге бір жарым/екі сағат қалғанда барып тұрғаныңыз жөн. Әуежайдан тіркелу керек болса, екі жарым сағат немесе үш сағат қалғанда барыңыз. 

Айтпақшы, билетте көрсетілетін уақыт жергілікті. Мысалы, онда «Алматы 21:30 — Сеуіл 12:30» деп жазылып тұрса, демек Алматыдан біздің уақытпен 21:30-да ұшып шығасыз да, Сеуілге Корея уақытымен 12:30-да жетесіз. 

Кешігіп қалмау үшін нені білуім керек? 

  • Әуежай қаншалықты алыс екенін, бару үшін қанша уақыт кететінін біліп алыңыз. Тәулік мезгілін де ескеріңіз. Кептеліске тап болып, кешігіп қалмаңыз. Әдетте әуежайға автобус тез жетеді. Қолжүк алып жүрсеңіз, қоғамдық көлікпен барғаныңыз жөн. Сондықтан автобус түнде жүріп-жүрмейтінін біліп алыңыз.  
  • Қай терминалдан ұшатыныңызды біліңіз. Бұл мәлімет билетте жазылады. Терминалдар бір-бірінен алыс жатса, жолға көбірек уақыт кетеді. 

Әуежайға кіру

Кейбір әуежай келген әр жолаушының заттарын рентгенмен немесе металлодетектормен тексереді. Бірақ мұндай тексеріс Алматыда жоқ.

Сондықтан шабаданыңызды орап апарудың қажеті жоқ: әуежай қызметкерлері ашқызып, ішіндегісін тексеруі мүмкін. Кіргенде Departures деген ұшу кестесін тауып алыңыз. Онда жақын арада ұшатын рейстер көрсетіледі. Содан рейсіңіздің статусын біліңіз. Рейс атауы әдетте екі латын әрпі мен цирфлардан тұрады. Мысалы, TK 351.

Ұшу кестесі

СтатусОның мағынасыНе істейсіз?
Бос алаң немесе On time, Open 16:00Тіркеу әлі басталмаған. Кейде бос алаң, кейде тіркеу қашан басталатыны көрсетілуі мүмкін. On time деп тұрса, ұшақ уақытылы ұшады деген сөз.Орындыққа жайғасып, демалып алыңыз. Рейс статусын екі сағат қалғанда тексеріңіз. 
Сheck-in, Сheck-in open, OpenРейске тіркеу жүріп жатыр. Тіркелмеген болсаңыз, тіркеуден өтіңіз. Тіркеу үстелі қайда екені кестеде көрсетіледі. Мысалы, 105 не 140 деп. 
DelayedРейс кідіріп жатыр, ұшақ айтылған уақыттан кеш ұшады. Нақты уақыты кейде көрсетіледі, кейде көрсетілмейді. Кідіру уақыты көрсетілсе, тіркеу басталғанын күтіңіз, тіркеліп қойсаңыз, отырғызу басталғанша тосыңыз. Айтпақшы, рейс екі сағаттан аса кідірсе, сізге тегін қызмет көрсетілуге тиіс: әуе компаниясы ішкі ережелеріне қарай ас-су береміз, лаунж залда демалыңыз, тіпті қонақүйге жайғастырамыз деп ұсынуы керек.
Boarding, Check-in closedТіркеу аяқталып, отырғызу басталды. Тіркеуге кешігіп қалсаңыз, дереу кешіккен жолаушыларды тіркеу үстеліне барыңыз. 
CanceledҰшақ ұшпайтын болды. Әуе компаниясының өкілдеріне барып, не істеуге болатынын біліңіз. Сізге басқа рейспен ұшыңыз деп ұсынуы мүмкін немесе билетіңіздің ақысын қайтарып береді.

Рейске тіркеу һәм багаж өткізу 

Ұшаққа мінгіңіз келсе, әуелі тіркелуіңіз қажет. Мұның еш қиындығы жоқ. Әуежайға бірінші рет барып тұрғандар да қиналмай өте алады. Әуе компаниясы қызметкерлері құжатыңыз бен билетіңізді тексеріп, отырғызу талонын береді, багажыңыз болса, алып қалады. Отырғызу талонында ұшақтағы орныңыз жазылып тұрады.

Рейске тіркелудің үш амалы бар: тіркеу үстеліне барасыз, өзіңіз онлайн тіркелесіз, әуе компаниясының терминалына барып, өз бетіңізбен тіркелесіз.

Рейске тіркеу үстеліне барып тіркелу

Әуежайдағы тіркеу отырғызуға 2-3 сағат қалғанда басталады.

Тіркеу үстеліне барып, паспортыңыз бен басып шығарған билетіңізді көрсетіңіз. Қызметкерлер қосымша құжаттар мен анықтамалар сұрауы мүмкін. Мысалы, виза, ПТР тесті мен вакцинация туралы паспорт. Тіркелгеннен кейін сізге отырғызу талоны беріледі.

Ештеңесін жұлмаңыз! 

Дәл осы кезде багаж тапсырасыз. Салмағы нормадан асса, ақысын картамен төлеу қажет. Аспаса, сізге багаж талоны беріледі. Оны жоғалтып алмаңыз. Багаж жоғалғанда әуежай қызметкерлеріне көрсетесіз. 

Бір-екі кеңес: 
— Әуежайдан тіркелгенде компанияның қызметкерлеріне қай жерге отырғыңыз келетінін айтсаңыз болады. Терезенің жанында, апат есігінің қасында деп.— Ұшақ ауыстырып ұшсаңыз, оны да айтуыңыз керек. Сонда екі рейске отырғызу талонын аласыз, ал багажыңыз соңғы бекетке дейін тіркеледі. 
— Салмағы мен көлемі стандартқа сай емес багажды (шаңғы, үлкен альпинист сөмкесі, т.б) бөлек тұрған үстелге апарып тапсырасыз.  

Рейске қалай онлайн тіркелуге болады?

Онлайн тіркеу қызметі рейске 24 сағат қалғанда басталып, бір сағат қалғанда бітеді. Кей әуе компаниясы бір апта не ай бұрын онлайн тіркей береді. Мысалы, WizzAir рейсіне 30 күн бұрын тіркеліп қоюға болады.

Әуе компаниясы тіркелуіңіз үшін электрондық поштаңызға сілтеме жібереді. Ондай хат келмесе, әуе компаниясының сайтынан тіркеле беруге болады.

Сайтқа немесе қолданбаға кіріп, Check-in бөлімін ашыңыз. Кейін тегіңіз бен бронь нөмірін теріңіз. Ағылшынша былай жазылып тұрады: Booking reference. Кейін борттан орын таңдағаннан кейін «Check-in» батырмасын басыңыз.

Отырғызу талоны сіз сайтта көрсеткен электрондық поштаға жіберіледі. Оны шығарып алыңыз.

Онлай тіркелсем, багажды қалай өткізем? 

Онлайн тіркелгенде сіз тек отырғызу талонын аласыз. Қолыңызды бір-ақ қолжүк болса, әуежайға кіргеннен кейін бірден күту залына барыңыз. Багажыңыз болса, тіркеу үстеліне немесе Drop-off не Baggage drop деген багаж қабылдау бөліміне барып өткізуіңіз керек. 

Әуежайда өз бетімен қалай тіркелем? 

Кей әуежайда өз бетімен тіркелетіндерге арналған терминал, автоматтар болады. Онда тегіңіз бен билет нөмірін (кейде паспорт нөмірін) енгізесіз. Кейін өзіңізге орын таңдайсыз. Терминал отырғызу талонын береді. Енді ұшаққа отырғызу алаңына бара берсеңіз болады.

Бірақ жаныңызда салмағы стандарт емес багажыңыз не жануарыңыз болса, тіркеу үстеліне барып, өткізуіңізге тура келеді.

Отырғызу талонындағы ақпарат 

Тіркелгенде берілетін отырғызу талоны ұшаққа отыруыңызға мүмкіндік береді. Онда рейстің нөмірі (Flight), ұшақтағы орныңыз (Seat), міну уақыты (Boarding time) мен ұшаққа мінгізетін жер (Gate) жазылып тұрады.

Ұшаққа мінгенге дейін отырғызу талоны мен құжатыңыз қолыңызда болсын.

Тіркелгеннен кейін не болады? Ұшар алдындағы тексеріс

Тіркелгеннен кейін кеден мен шекарадағы тексерістен, ұшардан бұрын бақылаудан өтесіз. Бұлар қиын процедура емес. Әрі кетсе 15-30 минут кетеді.

Шекара мен кедендегі тексеріс халықаралық рейстерде ғана жүргізіледі. Ел ішінде ұшпақ болсаңыз, ұшу алдындағы тексерістен өтесіз.

Айтпақшы, тексерістен өткеннен кейін далаға шыға алмайсыз, шылымқор болсаңыз, процедураның алдында темекі шегіп алыңыз. Күту залында дәретхана бар. 

Кеден тексерісі (шетелге баратындарға арналған)

Кеден тексерісінен (Customs, Customs control) тіркеуге тиіс заты бар жолаушылар өтеді. Мысалы, 10 мың долллардан асатын қолма-қол ақша алып шыққандар. Саяхатшылардың көбі мұндай ақша алып жүрмейді, сондықтан олар кеден тексерісі кезінде жасыл дәлізден (Nothing to declare) өтіп жүре береді. Егер тіркеуіңіз қажет дүниеңіз болса, қызыл дәлізден өтесіз (Goods to declare).

Нені декларацияға енгізуіңіз керек екенін мына жерден біліңіз.

Шекарадағы тексеріс (шетелге баратындарға арналған)

Шекарадағы тексеріс немесе құжат тексеру (Border control, Passport control) екіге бөлінеді: жергілікті тұрғындарға және өзге ел азаматтарына арналған. Көбіне ағылшынша жазылып тұрады: For ___ citizens ( ___ азаматтарына арналған) или All passports/All nationalities (Барлық паспорт).

Не істеу керек? Қорықпаңыз, шекара қызметкеріне барып, отырғызу талоныңыз бен паспортыңызды көрсетесіз. Олар не үшін сапар шегіп бара жатқаныңыз бен неше күн елде болмайтыныңызды сұрайды. Қобалжымаңыз, сұраққа асықпай жауап беріңіз. 

Ұшар алдындағы тексеріс (барлық жолаушыға арналған)

Ұшар алдындағы тексеріс немесе Security check деген — сізді жүгіңізбен қоса тексеру. Сіз металлодетектордан, ал қолжүгіңіз рентген сканерден өтеді.

Қызметкерлер сөмкеңізді ашыңыз деп талап етуі де мүмкін. Қорықпай көрсетіңіз. Айтпақшы, қолжүкке не салуға болмайтынын біле жүріңіз.

Заттарыңызды (сөмке, аяқкиім, сырт киім) әуежай қызметкерлері беретін пластик контейнерге салыңыз.

Металлодетектордан өткенде бір нәрсеңіз шиқылдаса, қорқып қалмаңыз. Шиқылдаған белбеуіңіздің тоғасы немесе металл сыдырмаңыз шығар.

Тексеріс кезінде уақыт үнемдеу үшін бүйтіңіз 

Бірнеше кеңес:

— Паспортыңыз бен отырғызу талоныңызды ұстап жүріңіз, сөмкеге салмаңыз: ұшар алдындағы тексерістен өткенде керек болады.

— Металл бар сырт киіміңізді, белбеуіңіз бен аяқкиіміңізді шешіңіз.

— Кілт, білезік пен өзге металл әшекей бұйымдарыңызды қолжүкке немесе тексеріс кезінде берілетін пластик контейнерге салыңыз.

— Барлық электрондық құрылғыңыз бен қуаттағышыңызды бөлек контейнерге салыңыз. Бұлар: ноутбук, камера, планшет, т.б.

— Кардиостимулятор тағып алсаңыз, әуежай қызметкелеріне айтыңыз.

Ұшу аймағы мен ұшаққа мінгізу 

Ұшу аймағы — мінгізу басталғанын күтетін жер. Онда орындықтар, дәмханалар мен дүти фри бар. Мінгізу басталғанға дейін осы жерді аралай тұрсаңыз болады.

Отырғызу уақыты келгенде ұшаққа апарар гейтті тауып алыңыз. Гейттің нөмірі немесе атауы отырғызу талонында Boarding time-ның қасында жазылып тұрады. Үстінде рейс нөмірі көрсетіледі. Оны да жаттап алыңыз, себебі кейде гейттің нөмірі өзгеріп кетуі мүмкін.

Гейтіңізді қалай табасыз және ұшаққа қалай үлгеруге болады? 

Ұшаққа мінгізу басталғаны дауыстап жарияланады әрі кестеде рейс статусы Boarding деп көрсетіледі.

Гейтті белгілердің көмегімен табуға болады. Сілтегіштер әр жерде үлкен әріппен жазылып тұрады. Кейде гейт әртүрлі қабатта орналасқан болуы мүмкін, ескере жүріңіз.

Әр гейттің қай рейске отырғызу басталғанын көрсететін мониторы болады. Отырғызар алдында компания қызметкерлері талоныңыз бен паспортыңызды тексереді. Кейін талонның орныңыздың нөмірі жазылған бөлігін қайтарып береді. Оған жүкбелгі жабысып тұр ма, жоқ па, тексеріп алыңыз.

Көптің артынан жүріңіз. Адаспайсыз!

Ұшаққа кіргеннен кейін 

Ұшақтың кіреберісінде сізді бортсерік қарсы алады, талоныңызға қарап, орныңызды көрсетеді. Қолжүгіңізді сөреге салыңыз немесе алдыңыздағы орындықтың астына қойыңыз. 

Кеңестер:

  • Қатар тұрған үш орынды отырғызу аяқталмай иемденбеңіз. Олардың иесі бар шығар. 
  • Қажет болар-ау деген заттарды алып қалыңыз;
  • Телефоныңызды өшіріңіз немесе авиарежимін қосыңыз. 
  • Қауіпсіздік ережелерін мұқият тыңдаңыз;
  • Белдік тағыңыз, терезенің пердесі мен алдыңыздағы үстелшені көтеріп қойыңыз;
  • Дәретханада темекі (вейп, электрондық темекі) шегуге болмайды;
  • Қобалжымаңыз. Ұшақ кейде турбуленттің кесірінен тербелуі мүмкін, бірақ бұл үнемі болатын нәрсе. Ұзаққа созылмайды. 
Кей ұшақта, әсіресе алысқа ұшатын ұшақтарда фильм-сериал көруге болатын, ойын ойнайтын, музыка тыңдайтын кішкентай экран болады. Жақын жатқан жерге ұшатын ұшақтарда ондай экран бола бермейді, сондықтан алдын ала қамданып алыңыз: телефоныңызға музыка, ойын, фильм жүктеп алыңыз немесе оқуға уақыт таба алмай жүрген кітапты ала кетіңіз. 

Тамақ беріле ме? 

Рейсіңіз бен қаншалықты алысқа ұшатыныңызға байланысты. Лоукостерге билет алсаңыз, тамақ берілмейді. Ұзақ ұшатын рейстерде (мысалы, алты сағаттық Ыстамбұл рейсінде) кішігірім сендуич пен су берілуі мүмкін. Билетті кәдімгі әуе компаниясынан алсаңыз, ұзақ ұшқанда компания бірнеше рет тамақ береді.

Сіз өз тамағыңызды да апара аласыз. Бастысы, ас қатты болуы керек, бірақ иісі шықпауға тиіс. Сондықтан йогурт, айран, бургер алуға болмайды. Қақталған жеміс, жаңа піскен жеміс-жидек, печенье, крекер ала салыңыз.

Бұл ережелер баламен бірге ұшатындарға қатысты емес. Балаға кез келген тамақ алсаңыз болады, оған шектеу қойылмайды. 

Ұшақ ауыстырып ұшамын 

Әуелі ұшақ ауыстыру екігі бөлінетінін айта кетейік. Біріншісі — дәнекер рейс (connecting flight, стыковычный рейс). Екіншісі — ауысып міну. Екеуі бір-біріне ұқсайды. Бірақ олай емес, айырмасы бар.  

Дәнеркер рейстің ауысып отырудан айырмашылығы қандай? 

Дәнекер рейс немесе байланыстырушы рейс — компанияның бір ұшағынан түсіп, екіншісіне міну деген сөз. Билетіңіз, бронь нөмірі мен компания бір болады. Түсіп мінуге 1-24 сағат кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде жолаушылар транзит аймақта келесі рейсін күтеді. Кей елде, мысалы, АҚШ-та транзит аймақта отыру үшін транзит виза жасатуы керек. Ал кейбірі транзит аймақтан шығуға, қаласын визасыз аралауға рұқсат береді. 

Рейсіңіз дәнекер болса: 

  • бірінші рет тіркелгенде рейстің бәріне отырғызу талонын алсаңыз, келесі рейске тіркелудің қажеті жоқ;
  • багажды қайта тіркемейсіз;
  • транзит аймақтан шыққыңыз келсе, қандай құжат қажет боларын алдын ала біліп алыңыз. Мысалы, виза, вакцинация туралы паспорт. 
Дәнекер рейстердің бірі кідіріп, кейінгісіне кешігіп қалсаңыз, бұған әуе компаниясы жауап беруге тиіс. Сондықтан сіз одан өзіңізге лаунж немесе қонақүйден орын сұрай аласыз. 

Ауысып отыру — бірнеше әуе компаниясының ұшағымен ұшасыз деген сөз. Қолыңызда бірнеше билет болады. Мысалы, сіз Ақтаудан Франкфуртке барып қайтарға билет алдыңыз. Біздің жүйе сізге смарт бағыт құрып береді: Ақтаудан Ыстамбұлға SCAT-пен барасыз, ол жақтан Франкфуртқа Pegasus ұшағымен жетесіз.

Бұлай ұшқанда да әуежайдан шығып, қала араласаңыз болады.

Ауысып отырып ұшсаңыз: 

  • тіркеу, кеден тексеріс мен құжат тексеруден қайтадан өтесіз;
  • багажды қайта тіркеу қажет. Әуелі оны багаж қайтарылатын жерден алып, қайта өткізесіз. Кейде багаж алу мен багаж тіркеу орындары бөлек терминалда орналасқан болуы мүмкін. Мұны да ескере жүріңіз. 
Бірінші рейсіңіз кідіріп шығып, екіншісіне үлгере алмай қалсаңыз, әуе компаниясы жауап бермейді, яғни екінші билетіңіз жарамай қалады. Ақысын да қайтарып ала алмайсыз. 

Қонғаннан кейін не болады? 

Қонғанда бүйтпеңіз:

  • Ұшқышқа қол шапалақтау міндет емес. Мұндай ереже ешбір жерде жазылмаған. 
  • Бірден белдікті шешіп, орныңыздан тұрып, қолжүкке жабысудың қажеті жоқ. Қауіпсіздік белдігінің суреті бар жарық сөнгенін күтіңіз. 
  • Шығамын деп асықпаңыз, бәрібір әуелі алдыңғы қатарда отырғандар шығады. 

Ары қарай ұшақ ауыстырып ұшсам, не істеуім керек? 

Ұшақ ауыстырудың түрлерін білдік. Енді ары қарай ұшатын болсаңыз, қайтпек керек? Сол жағын анықтап алайық. 

Дәнекер рейспен ұшатындарға:

  1. 1

    Ұшақтан түсіңіз (шыққаннан кейін әуежайға автобуспен баратын шығарсыз);

  2. 2

    Транзит аймаққа кіріңіз;

  3. 3

    Алдағы рейске отырғызу талоныңыз бар болса, ұшаққа отырғызу басталғанын күтіңіз.  

Ауысып отыратындарға: 

  1. 1

    Ұшақтан түсіңіз (кейін автобусқа мініп, әуежайға барасыз);

  2. 2

    Багаж беретін жерден багажыңызды алыңыз;

  3. 3

    Екінші рейске тіркейтін жерге барып, тіркелесіз; 

  4. 4

    Багаж тапсырасыз, жүкбелгі аласыз. 

  5. 5

    Кеден тексерісінен өтесіз, құжат тексертесіз, ұшу алдындағы тексерістен өтесіз;

  6. 6

    Күту залына барып, отырғызу басталғанын тосасыз. 

Барғанда не істейсіз? 

Ары қарай ұшпасаңыз, бүйтіңіз: 

Халықаралық әуежайлар бір-біріне ұқсайды. Ағылшын тілін түсінбесеңіз де, сілтегіштер мен суреттерің көмегімен жол тауып, ғимараттан шыға аласыз. Қонғаннан кейін: 

  •  құжат тексеруден өтесіз;
  • багажыңызды аласыз;
  • тіркейтін дүниеңіз болса, кеден тексерінен өтесіз. 

Шекарадағы тексеріс кезінде қызметкерлер иммиграция картасын, қайтатын билет, ақшаңыз барын растайтын құжат немесе қонақүй бронін сұрауы мүмкін. Әр жерде әртүрлі.

Багажды (Baggage или Baggage claim) багаж беретін жерден аласыз. Рейсіңіздің нөмірі, бағыт көрсетілген лентаға барыңыз.

Содан соң сыртқа шығыңыз. Жұртқа еріңіз.

Бұл мақала пайдалы ма?

57

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Список запрещенных вещей в багажном отделе и ручной клади

Список запрещенных вещей в багажном отделе и ручной клади

Саяхатшыларға арналған нұсқаулық

Саяхатшыларға арналған нұсқаулық

Аэрофобия қайдан шығады және одан қалай құтылуға болады?
12.05.2022

Аэрофобия қайдан шығады және одан қалай құтылуға болады?