Логотип

Багажым бүлініп қалған. Қайтсем болады?

Багажым бүлініп қалған. Қайтсем болады?
Анықтама 2 мин оқисыз
15.06.2022

Багажым бүлініп қалған. Қайтсем болады?

Саяхатшыларға арналған нұсқаулық

Багаж бөліміне тапсырған шабаданыңыз я сөмкеңіз кейде бүлініп қалып жатады. 

Мысалы, шеті мыжырылып қалады, сынып немесе жыртылып қалады. Мұндай жағдайда қайтпек керегін, ақысын кімнен сұрайтыныңызды айтып береміз.

Не істеуіңіз керек?

Багаж бүлінгенін білген бойда шағымданыңыз жөн. 

Сондықтан ұшып келу аймағынан шықпаңыз, шықсаңыз, багажға ұшқан кезде зақым келгенін дәлелдеу қиынға түседі. 

Lost&Found (Лост әнд Фаунд) деген багаж іздеу орнына барыңыз. Ондағылар багажға келген зақымдарды тіркеп, шағым жазуға көмектеседі. Кейін багаж бүлінгені туралы акт (PIR) деген арнайы құжат береді.

Соны алып, әуе компаниясының әуежайдағы өкілдігіне барып я қоңырау шалып немесе онлайн шағымданыңыз. Болған жайтты айтып беріп, енді не істеу қажетін сұраңыз. Әуе компаниясының өз ережесі болуы мүмкін, оны да біліп алыңыз.

Құжаттар 

Бүлінген багажға өтемақы алу үшін мына құжаттар қажет: 

  • Жеке куәлігіңіз (паспорт) мен оның көшірмесі (кейде керек болады);
  • Ұшақ билеті мен оның көшірмесі (кейде керек болады);
  • Багаж өткізгенде берілген жүкбелгі;
  • Lost&Found-та немесе компания сайтына жазған шағымыңыз;
  • Багаж бүлінгені туралы акт (PIR);
  • Багаж бүлінгенін дәлелдейтін кез келген түбіртек, фото мен өзге де нәрселер. 

Өтемақы

Әр шағым бөлек қаралады. Сондықтан өтемақы сомасы қанша боларын алдын ала дөп басып айту қиын.

Көп әуе компаниясы кішкентай зақым үшін, мысалы, багажға кір тисе, сызат түссе, бір жері тілінсе, аяқтары мен тұтқалары сынып қалса, өтемақы бермейтінін біле жүріңіз.

Багаж өткізер алдында қалай қамдансам болады? 

Түбіртектерді сақтап жүріңіз 

Залал қаншалықты көп екенін көрсету үшін шабадан я сөмке мен оның ішіндегі заттарды сатып алғанда берілген түбіртектерді сақтап жүріңіз. 

Тапсырар алдында багажды суретке түсіріңіз

Шабадан немесе сөмкеңізді багажға өткізер бұрын суретке түсіріп алыңыз. Бұл ұшқанға дейін багажыңыз сау болғанын дәлелдегенде қажет болады. Ішінде бағалы дүниеңіз бар болса, оны да суретке түсіріңіз. 

Багажға қымбат зат салмаңыз 

Бағалы дүниеңіз бен маңызды құжаттар бүлінбесін десеңіз, оларды багажға салмай, қолжүк қылып алыңыз.

Әуе компаниясының көбі багажға ноутбук, фотоаппарат пен өзге техника салдырмайды: ұшқанда сынып қалуы мүмкін.

Сынғыш заттарды дұрыстап қаптаңыз 

Сынғыш заттарды қолжүкке сала алмайтын болсаңыз, багажға тапсыруыңыз керек. Апарар алдында дұрыстап қаптаңыз. Мәселен, матаға немесе көпіршікті орамаға ораңыз.

Қазақстан әуе компаниясымен ұшқалы жатсаңыз, телефон нөмірлерін сақтап қойыңыз, багаж бүлінгенде дереу қоңырау шаласыз. Неғұрлым ертерек шағымдансаңыз, шаруаңыз соғұрлым тез бітеді.

2

0

,

Сізге қызық болып қалар: