Балаға ұшақ билетін қалай алу керек?
Балалы жолаушыларға арналған нұсқаулық
Баламен бірге сапар шегу — машақаты көп бір процесс. Ұшаққа мінер алдында балаға керектің бәрін дайындап қою керек. Мысалы, су, тамағы мен ойыншықтарын. Ал билет аларда оның жасын ескеру керек, тарифі мен орнын дұрыс таңдау керек. Осы мақалада біз сізге балаға ұшақ билетін қалай алу керегін айтып береміз.
Қысқа да нұсқа. Бұдан көбірек ақпарат төменде тұрады
Балаға ұшақ билетін аларда оның жасын, тарифтің ережелері мен әуе компаниясының ережелерін ескеру керек:
- Екіге толмағандарға орын берілмейді. Оны ата-анасы алдына алып отырады. Есесіне бала тегін ұшады я оның билетінің ақысы ересек билетінің ақысының 10–15%-ы болады.
- 2-12 жасарлар бөлек орынға отырады. Олардың билетіне жеңілдік берілсе, мөлшері 25–50% болады.
- 12-ден асқандар кәмілет жасына толмаса да ересек билетінің құнын төлейді.
Балалар билетін алуға мыналар керек:
- Ішкі рейстер: туу туралы куәлік я паспорт;
- Халықаралық рейс: паспорт, бала тек шешесімен (әкесімен) бірге ұшса, әкесінің (шешесінің) рұқсаты керек.
- Бала ересексіз ұшса, құжаттардың бәрі, «Ересексіз бала» (UM) қызметін алу керек, ал билетті әуе компаниясының кеңсесіне барып алу керек.
Билетті Freedom Travel-дан алған оңай:
- Ересек билетін бізден алсаңыз, баланы билетке жеке кабинеттен қосуға болады;
- Басқа жерден алсаңыз, Freedom Travel қолдау қызметіне хабарласып, деректеріңізді жіберсеңіз болады.
Бала нешеге келгенде билет алуға болады?
1
0-2 жасарлар. Екіге толмаған балар тегін я ересек тарифінің ақысының 10-15%-ын төлеп ұшады. Бірақ оларға орын берілмейді. Оларды ата-анасы алдына алып отырады. Бір ересек алдына бір сәби отырғыза алады.
2
2-12 жасарлар. Екіден асқан балаға бөлек орны бар билет алу керек. Әуе компанияларының көбі 2–12 жасарларға 25–50% жеңілдік береді. Айтпақшы, мұндай жастағы балалар ересексіз ұшса, «Ересексіз бала» (UM) қызметін алып, әуе компаниясы қызметкерлеріне тапсыруға болады.
3
12-ден асқандар. 12-ге толған балалар ересек боп саналады, сондықтан оларға ересек билетін алып бересіз.
Жас санаттары
Балаға ұшақ билетін аларда әуе компаниясы бала жасын қалай белгілейтінін біліп алу керек. Билетті соған қарап аласыз.
Сәбилер (0–2 жас, тариф — INF)
- Мұндай жолаушыларға орын берілмейді, олап ересек жолаушының алдына отырады.
- Билет тегін болады я ересек тарифінің ақысының 10–15%-ын + алым төлеу керек.
- Сәбиіңіз бөлек орынға отырсын десеңіз, оған 2–12 жасарларға арналған билет алуыңыз керек.
- Бір ересек бір орынсыз сәби алып жүре алады.
Бала (2–12 жас, тариф — CHD)
- Екіге толған балалар бөлек орынға отыра алады.
- Олардың билетіне жеңілдік беріледі, шамалап айтсақ 25–50%.
- Кей әуе компаниясы балаларға берілетін жеңілдігін тек шетелге ұшатын бала жолаушыларға береді я мүлдем жеңілдік бермейді.
- Бала жалғыз өзі ұшса, әуе компаниясына аманат ету («Ересексіз бала») қызметін алуға болады.
Жасөспірім (12-ге толғандар, тариф — ADT)
- Әуе компаниялары 12-ден асқан жолаушыны ересек жолаушы дейді.
- Ересек билет алу керек, толық ақысын төлеу керек.
- Бірақ 16–18 жасқа толмаған балалар заңға сай кәмілетке толмаған саналуы мүмкін, сондықтан әуе компаниялары қосымша құжат сұрауы мүмкін.

Балалар билеті қанша тұрады және әйгілі әуе компаниялары қандай жеңілдік ұсынады?
Air Astana
Жеңілдік мөлшері рейсіңізге қарай анықталады:
- Қазақстанда ұшатын рейстерде 2-ге толмаған сәбилер тегін ұшады, ал 2–14 жасарларға 50% жеңілдік беріледі.
- Халықаралық бағыттарда да 2-ге толмаған балалар тегін ұшады.
- 2–11 жасар балаларға Қазақстанға ұшатын я Қазақстаннан шығатын рейстерде 50%, екі шет ел арасында Қазақстан арқылы ұшатын рейстерде 25% жеңілдік беріледі.
- Екі шет ел арасында Қазақстан арқылы ұшатын рейстерде 2-ге толмағандарға 90% жеңілдік беріледі.
Сәби (0–2 жас) | Ішкі рейс: тегін, орынсызХалықаралық рейс: орынсыз билет тегін, орынды билет алсаңыз, 50% жеңілдік беріледі |
Бала (халықаралық рейсте 2–11 жас, ішкі рейсте 2—14 жас) | Ішкі рейс: 50% жеңілдік беріледі Халықаралық рейс: 50% жеңілдік беріледі |
Жасөспірім (12 жастан асқан) | Жеңілдіксіз |
SCAT
Қазақстанда ұшатын рейстер:
- Бір ересек (18+) жолаушы 2-ге толмаған сәбиін тегін алып жүре алады. Бірақ ол балаға орын берілмейді.
- Бір ересектің екіге толмаған бірнеше баласы болса, екінші және одан кейінгі баласына 50% жеңілдікті орын беріледі.
- 2–15 жасар балаларға 50% жеңілдік беріледі;
- Жолаушы бала болса да, A, I, O, Q, S, P, R, X, E, U, L кластарының науқан тарифтеріне жеңілдік жүрмейді.
Халықаралық рейстер
- Бір ересек жолаушы (18+) 2-ге толмаған сәбиін тегін алып жүре алады, бірақ ол балаға орын берілмейді.
- Ересек жолаушы одан да көп бала алып жүрем десе, оларға 50% жеңілдікті орын алып беруі керек.
- 2–12 жасар балаларға да 50% жеңілдік беріледі.
- A, I, O, Q, S, P, R, X, E, U, L кластарының науқан тарифтеріне жеңілдік жүрмейді.
Сәби (0–2 жас) | Ішкі рейс: орынсыз билет тегін, екінші баланың орынды билетіне 50% жеңілдік беріледіХалықаралық рейс: орынсыз билет тегін, орынды билетке 50% жеңілдік беріледі |
Бала | Ішкі рейс: 15 жасқа толмаған балаларға 50% жеңілдік беріледіХалықаралық рейс: 12 жасқа толмаған балаларға 50% жеңілдік беріледі |
Жасөспірім (12 жастан асқандар) | 12-ден асқандардың билеті ересек билеті саналады. Сондықтан бар бағасын төлеу керек. Бірақ ішкі рейстің билетіне жеңілдік берілуі мүмкін. |
FlyArystan
FlyArystan екі тариф ұсынады:
- «Тиімді» — тариф төмен бағалы, бірақ билетті ауыстыра алмайсыз я қайтара алмайсыз;
- «Икемді» — қымбатырақ, бірақ ауыстыра аласыз және қайтара аласыз.
Қазақстан Респубилкасының заңнамасына сай 2–14 жасар балаларға стандарт тариф екі есе (50%) арзанға берілуі керек. «Тиімді» тарифін алатындарға жеңілдік берілмейді, сондықтан баланың ұшақ билетінің бағасы ересек билетінің бағасына тең болады.
Сәби (0–2 жас) | Орынсыз билет тегін. Бөлек орынды билеттің тарифі ересек тарифі болады |
Бала (2–12 жас) | «Икемді» тарифін таңдағанда ғана 50% жеңілдік беріледі. Тарифі басқа билеттерге жеңілдік берілмейді |
Жасөспірім (12 жастан асқандар) | Ересек тарифінің құнын түгелдей төлеу керек |

Turkish Airlines
Сәби (0–2 жас)
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап эконом-класта ата-анасының алдына отырып ұшатын сәбилерге билетін аларда алым төлеу керек.
- Түркияда тура ұшатын ішкі рейске билет аларда 465 лира, орта жолда ауысып мінетін рейске билет аларда 700 лира төлеу керек.
- Солтүстік Кипр Түрік республикасына баратын я сол жақтан тура ұшатын рейстерге билет аларда 850 лира төлеу керек. Орта жолда ауысып мінетін рейске билет алсаңыз, 1 700 лира төлеу керек.
- Сәбиге бөлек орын берілмейді, бірақ оған билет алған — шарт!
Бала (2–11 жас)
- Балаларға 10% жеңілдік беріледі, бірақ ол үшін мына кластардан алуыңыз керек: B, M, A, H, S, O, E, Q, T, L.
- Ең арзан тарифті билеттерге жеңілдік берілмейді.
Flydubai
Flydubai 2-ден асқан жолаушыға жеңілдік бермейді. Ол 12-ге толмаса да ересек билетін алу қажет.
2-ге толмаған сәби ата-анасының алдына отырып ұшса, билеті тегін болады, бірақ алымын төлеу керек. Оның мөлшері — 85 дирхам (эконом-класс).
Десе де, 2–12 жасар балаға билет аларда брондайтын жүйе оның алымы мен салығын төмендетуі мүмкін, сондықтан билеттің бағасы ересек билетінен арзынарық болуы ғажап емес.
Аэрофлот
Орны жоқ 2-ге толмаған сәби:
- Халықаралық рейс: тарифтен –90%
- Ресейде ұшатын ішкі рейс: тегін
Бөлек орны бар 2-ге толмаған бала мен 2-12 жасар бала:
- Ересексіз ұшса, тариф ақысының 100%-ын төлеу керек.
- Қасында ересек жолаушы жүрсе және екеуінің класы бір болса, бала билеті 10% жеңілдікті болады.
Emirates
Сәби (0–1 жас)
- Ересек жолаушының алдына отырып я бесікке жатып баратын сәбидің билетіне жеңілдік беріледі.
- Билетті онлайн аларда бесік керегін ескертуге болады.
- Туғанына 7 күн болмаған балалар медициналық анықтамасы бар кезде я оның анасы гуманитар себептермен ұшып бара жатса ғана ұша алады.
Автокреслоға отырғызу
- Бала автокреслоға отырып ұшса, оған бөлек орын алып қою керек.
- Баланы ұшар алдында да, түсер алдында да автокреслосында отыра берсе болады.
- Бала алдына қарап отыруы керек, автокреслоның белдігі белден келуі керек, яғни көліктегідей диагональ болмауы керек.
- Балалар автокреслосын бортқа жарап-жарамайтынын әуежайдағы тіркеу қызметі шешеді.
Бала (2–11 жас)
- Бөлек орны бар балаларға да жеңілдік беріледі;
- Назар аударыңыз: бала ересексіз ұшса, билетінің тарифі ересек тарифі болуы керек. Ересексіз ұшатын балаға жеңілдік берілмейді.
- Баланы әуе компаниясына тапсырғыңыз келсе, яғни Unaccompanied Minor қызметін алғыңыз келсе, Emirates кеңсесіне бару керек. Оны онлайн ала алмайсыз.
Ата-ана мен бала екі бөлік класпен ұшса
- Басқа класпен ұшатын 5–11 жасар балалар ересексіз ұшатын жолаушылар боп саналады, сондықтан оларға ересек тарифін алып беру керек;
- Бала мен оны ертіп жүрген 16-дан асқан ересек бір класпен ұшса ғана бала ереспекпен бірге ұшатын жолаушы саналады.

Балаға ұшақ билетін алу үшін қандай құжаттар керек?
Қазақстанның ішінде ұшатын рейс
Балаға ұшақ билетін алып, бортқа мінгізу үшін мына құжаттардың бірі керек:
- Туу туралы куәлік
- Паспорт
- Жеке куәлік (16-дан асқан бала)
- Ата-ананың баласының есімі жазылған паспорт
- Бала тек әкесімен бірге ұшса, шешесінің рұқсатын алу, ал шешесімен бірге ұшса, әкесінің рұқсат алу міндет емес, ал туысымен бірге ұшса, рұқсатты ата-анасының біреуінен алса жетіп жатыр.
Қазақстаннан шетелге ұшатын рейс
Балаңыз шетелге ұшсын десеңіз, мыналар керек:
- Баланың паспорты. Сәбидің де паспорты болуы керек. Балалар шетелге туу туралы куәлік көрсетіп ұша алмайды.
- Виза (барғалы жатқан еліңіз виза сұраса)
- Әкенің я шешенің рұқсаты (бала ата-ананың біреуімен бірге ғана я ересексіз ұшса)
- Баланың ата-анасы ажырасқан болса я біреуі ата-ана болу құқығынан айырылған болса, шекарада соны растайтын құжаттар керек болып қалуы мүмкін.
Бала жалғыз ұшса
Билет алу үшін мыналар керек:
- Ата-ананың нотариус растаған рұқсаты
- Ата-ананың паспортының көшірмесі
- Баланың паспорты мен визасы
- Ертіп жүретін адам мен күтіп алатын жақтың байланыс дерегі
- Әуе компаниясының ертіп жүру қызметі туралы толтырылған формасы (бар болса)
- Әуе компанияларының көбінде кәмілет жасына толмаған баланы аманат ету қызметі (UM — Unaccompanied Minor) ақылы болады және оны алдын ала алып қою керек.
Баланы броньға қалай қосуға болады: қадам-қадамы жазылған нұсқаулық
Билетіңізді Freedom Travel-дан алсаңыз, балаңызды оған былай қоса аласыз:


1
Сайтымыздағы я қолданбамыздағы жеке кабинетіңізге кіріңіз;
2
Билетіңізді (ересек билетін) ашыңыз;
3
«Бала қосу» дегенді басыңыз;
4
Баланың паспортындағы деректерді енгізіңіз де, өтінім жіберіңіз;
5
Агент өтінім кеткенін растайды да, тарифтің ережелерін түсіндіреді, әуе компаниясы үстінен ақы төлейсіз десе, төлем шотын жібереді.
Билетіңізді Freedom Travel-дан емес, басқа жерден алсаңыз
Билетіңізді басқа сервистен алған болсаңыз, бірақ балаңызды бізден қосқыңыз келсе, мына нұсқаулыққа сүйеніңіз:
1
Freedom Travel-дың қолдау қызметіне хабарласыңыз. WhatsApp пен телефон нөмірлеріміз: +7 (727) 346-83-84, +7 (771) 933-32-33, +7 (701) 065-33-33.
2
Баланың деректері (аты-жөні, туған күні, паспортының нөмірі) мен ересек жолаушының бронін я билетін жіберіңіз (PDF немесе скриншот).
3
Мамандар билетке бала қосу мүмкіндігі бар-жоғын, шарттарын анықтап, сізге мән-жайын түсіндіреді, төлем шотын жібереді.
Ересексіз ұшатын балаға ұшақ билетін алу
Әуе компанияларының көбі кәмілет жасына жетпеген балаларды жалғыз ұшуына рұқсат береді, бірақ ол бала 5–6 жастан асуы керек. Ондай баланың билетін әуе компаниясының кеңесіне барып я колл орталығына хабарласып алу керек. Көбі онлайн алуға рұқсат бермейді.
Ересексіз ұшатын баланы әуе компаниясына аманат ету (UM) қызметін алу керек: әуе компаниясының қызметкері баланы бортқа дейін шығарып салады, түскеннен кейін күтіп алатын жаққа табыстайды. Бұл қызмет ақылы, бағасы мен шарттарын әуе компаниясы қояды.
Қызметті аларда мына құжаттар керек: ата-ананың нотариус растаған рұқсаты, күтіп алатын жақтың паспортының көшірмесі мен байланыс дерегі.

Бала билетін ауыстыру және қайтару
Қазақстанның әуе компанияларының саясаты
Air Astana
- Ересек билетін қалай ауыстыру керек болса, бала билетін де солай ауыстыру керек, яғни бәрі тарифтің шарттарына байланысты.
- Тарифі шектеулі (мысалы Промо) билеттердің ақысы қайтарылмайды, бала билеті болса да қайтарылмайды.
- Бағасы түсірілген балалар билетінің ақысының бір бөлігі ұсталып қалады — оның сомасы тарифтің шарттарына байланысты болады.
SCAT Airlines
- Тарифте қайтаруға болады делінсе, билеттің ақысы кері беріледі.
- Кей жағдайда балалар билетін ауыстыру я қайтару ересек билетін ауыстырудан я қайтарудан қиынырақ болуы мүмкін (әсіресе халықаралық рейстерде).
FlyArystan
- Бұл лоукостердің ең арзан тарифті билетінің (әсіресе балалар билетінің) бәрінің ақысы қайтарылмайды, қайтарылсын десеңіз, қымбатырақ тариф алуыңыз керек, мысалы, Flex тарифін алу керек.
- Ауыстыру шарттары да сондай, бәрі тарифке байланысты.
Бала ауырып қалғанда билетін қайтару
- Бала ауырып қалса, әуе компанияларының көбі оның билетінің ақысын қайтарып береді я күнін ауыстырады.
- Бірақ өйтсін десеңіз, бала ауырып қалғанын дәлелдеуіңіз керек. Сондықтан мемлекеттік я жеке емхана берген медициналық анықтаманы көрсетуіңіз керек.
- Әуе компаниясы шешімін әр жағдайға қарап шығарады: кейде билетті тегін ауыстыра салады, кейде үстінен ақы сұрайды.
- Диагноз шыққан бойда әуе компаниясына хабарласыңыз, әйтеуір ұшақ ұшарға бір-екі сағат қалмай тұрып хабарласыңыз. Қаншалықты ертерек айтсаңыз, соншылақты жақсы.
Ұшатын күнді ауыстыру
- Тариф ауыстыруға болады десе, күнін ауыстыруға болады (ондай тарифтер көбіне-көп қымбат тұрады)
- Басқа күннің билеті қымбатырақ тұрса, ауыстыру үшін үстінен ақша төлеу керек болуы мүмкін;
- FlyArystan-ның билетін шарттары икемді тариф алғанда (Flex) ғана ауыстыруға болады.
Балаға билет аларда керек болар кеңестер
Ұшақ билетін қашан алған жөн?
- Ертерек алыңыз. Ұшақ билетін 1,5–2 ай бұрын алған жөн, сонда тиімді тариф те, орын да көп болады.
- Туризм маусымын ескеріңіз. Оқушылар демалысқа шыққанда және мереке күндері (мысалы жазда я желтоқсанда) билет бағасы өсіп кетуі мүмкін.
- Хабарламаларға жазылыңыз. Әуе компанияларының көбі билет бағасы түскенін хабарлап, хат я хабарлама жібереді.
Балалы жолаушылар қандай орын алғаны жөн?
- Салондағы бірінші қатарлар (bulkhead). Кей ұшақта екіге толмаған балаларға бесік беріледі. Сондықтан бірінші қатарлар екіден аспаған балалары барларға жақсы: бесік қойдыруға болады (алдын ала ескерту керек), аяқ қояр жері көп болады.
- Терезенің қасы — бала далаға қарағанды жақсы көрсе, орнын терезенің қасынан алыңыз.
- Артқы қатардан аулақ болған жөн, ол жақтың орындықтарының арқалығы артқа итерілмейді. Дәретхана жақтан да орын алмаған жөн. Жұрт былай-былай өтетіндіктен бала мазасыздануы мүмкін.
- Мүмкіндігіңіз болса, орындарыңызды ертерек алып қойыңыз. Кей әуе компаниясында балалы жолаушыларға орын таңдау мүмкіндігі тегін болады.
Ересексіз бала жолаушыға арналған қызмет: қашан қолданған абзал?
- UM (Unaccompanied Minor) қызметі – ересексіз ұшатын 5–6 жастан асқан балаға билет алғанда алу керек қызмет.
- Бала ересек туысымен я жақынымен бірге ұшса да Unaccompanied Minor қызметін алу керек болуы мүмкін.
- Артық тұстары: әуе компаниясы балаға бас-көз болады: тіркейді, тексерістен өткізеді, мінгізеді, күтіп алатын жаққа табыстайды. Ата-анаға бала ұшып кеткені мен қонғанын туралы хабар жіберіледі.
- Қызмет ақылы, есесіне ата-ана баласының, әсіресе шетелге кеткен баласының амандығына алаңдамайды.

Балалы жолаушыларға ұшқанда керек болар пайдалы қызметтер
Ерте тіркелу мен отырғызу талоны
- Әуе компанияларының көбі баласымен бірге ұшайын деп тұрған жолаушыларға басымдық береді, кезексіз өткізе береді.
- Тасымалдаушыдан біліп алу керек: ерте онлайн тіркеу ұшарға 24–48 сағат қалғанда басталады. Кешірек тіркелсеңіз, балаңыздың орны сіздікінен алыс болуы мүмкін. Сондықтан ертерек қамданғаныңыз жөн.
- Ерте берілетін талон: әуежайдағы кептелістен тезірек өтуге және бортқа жылдамырақ мінуге көмектеседі.
Fast Track қызметі
- Fast Track — қауіпсіздік тексерісі мен құжат тексертуден тезірек өткізетін қызмет.
- Қызмет әдетте ақылы, бірақ кей әуе компаниясында тегін. Баламен бірге ұшқанда, әсіресе адам көп өтетін әуежайларда қатты керек қызмет.
- Кей әуе компаниясының (мысалы Turkish Airlines, Emirates) бизнес класына ересек билетін я балалар билетін алсаңыз, Fast Track тегін болады.
- Рейске тіркеліп жатқанда сұраңыз — кейде сәбиімен бірге ұшатын жолаушыларға Fast Track тегін іберіледі.

Балалар арбасы мен басқа багажды өткізу
- Балалар арбасы тегін жеткізіледі, ең арзан билет алсаңызда тегін болады.
- Оны тіркеуден өткенде я бортқа мінерде (Gate check-in) тапсырсаңыз болады.
- Автокресло, бесік те тегін тасымалданады. Бастысы онлайн тіркелерде ескертсеңіз болды.
- Кей әуе компаниясы баланың заттары салынған сөмкенің салмағы асып кетсе де бортқа тегін қолжүк деп өткізе береді.

Көп қойылатын сұрақтар
Баланың ұшақ билетін құжатсыз алуға бола ма?
Жоқ. Жаңа туған сәбиге ұшақ билетін алу үшін де құжат керек:
- Ішкі рейске билет алғанда туу туралы құжат я паспорт көрсету керек;
- Шетелге ұшқанда тек паспорт көрсетесіз.
Екіге толған балаға ұшақ билетін алу керек пе?
Иә. Бала екіден асқанда бөлек орынға отыруы керек. Оның билетінің тарифі балалар тарифі болуы керек. Бала 2-ден асқанынан бір күн өтсе де билет алған — міндет.
Бала екіге ұшатын кезде толса, билет алу керек пе?
Ондайда әуе компаниясы сапар басталатын күнге қарайды:
- Бала ұшар алдында екіге толмаған болса, оған сәби билетін ала беруге болады;
- Бала барарда екіге толмаған болса, бірақ қайтарда екіден асса, қайтатын рейске алатын билет бала билеті болады, яғни оған бөлек орын алып беру керек.
Десе де, ол жағын әуе компаниясының өзінен нақтылап алған артық етпейді. Шарттар әр жерде әртүрлі.
Балалы жолаушылардың ұшқанда қандай құқығы бар?
Әуе компаниялары балалы жолаушыларына басымдық беруге тырысады.
Балалы жолаушылардың мынандай да құқықтары бар:
- Балалар арбасы және заттарын тегін тасымалдау;
- Салоннан жайлырақ орын алу (кейде тегін);
- Борттағы қосымша көмек: баланың тамағын ысыту, бесік беру;
- Рейс кідіргенде қызмет көрсетілерде балалы жолаушыларға басымдық беріледі.
Ұшаққа қандай балалар арбасын алуға болады?
Әуе компанияларының көбі бала арбасын багажға тегін өткізе береді. Мыналарды тегін өткізуге я алып жүруге болады:
- Жиналмалы арба (umbrella-style), багажға бортқа мінерде тапсыруға болады;
- Багажға кететін арба, тіркелгенде өткізу керек, тегін;
- Шағын арбалар (ары кетсе 7–9 келі, қолжүк сияқты), әуе компаниясы болады десе, бортқа кіргізуге болады;
- Арба қандай өлшемді, қанша салмақты болуы керек деп әуе компаниясынан сұраңыз. Бұған қатысты ережелер әр жерде әртүрлі болады.
1
0