Ұшақ интернеті: қалай істейді, қанша тұрады және қалай қосуға болады?
Шексіз интернет көк аспанда да бар
Ұшаққа мінгенде борт командасы телефоныңызды авиа режіміне ауыстырыңыз деп айтып жатады. Сөйтсеңіз, телефоныңыздың интернеті кетіп қалады. Бірақ күні-түні байланыста болу керек болса қайтпек керек? Қандай әуе компаниясының ұшағында шексіз интернет бар және оны қалай қосуға болады? Қазір сізге айтып береміз.
Негізгі сұрақ: ұшақта интернет бола ма?
Иә, қазіргі кей ұшақта кедергісіз істейтін интернет болады. Бірақ ондай байланысты бірең-сараң әуе компаниясы ұсынады. Ондай интернет көбіне-көп алысқа ұшатын я халықаралық рейс жолаушыларына беріледі.
Интернет бар-жоғы ұшақтың түріне де байланысты болады. Сателайт интернетке қажет құрылғылар кей модельде ғана бар.
Ұшақта интернет қалай істейді?

Борт интернеті жердегі интернет сияқты істемейді. Себебі 10 мың метр биікте кәдімгі база станцияға қосылу мүмкін емес. Оның орнына әуе компаниялары екі түрлі технолонияны пайдаланады:
1. Сателайт байланысы (Satellite-based Wi-Fi)
Сателайт (серік) байланысы — интернет қосылымның ең танымал түрі. Ұшақ фюзеляжының төбесіне орбитадағы серікке жалғанатын антенна қойылады. Сателайт, яғни серік жердегі әлемдік желіге қосылған бекетке жалғанады.
Сателайт интернеті істемейтін жер жоқ, сондықтан ұшақ мұхит үстімен я қиырға ұшып бара жатса да істей береді, әрине, ондай жерлерде байланыстың жылдамдығы біраз төмен болады. Ауа райы да сателайт байланысына қатты әсер етеді.
2. Жердегі байланыс (Air-to-Ground, ATG)
Мұндай интернетті көбіне АҚШ әуе компаниялары қолданады. Ұшақ байланысты жердегі бекеттен алады.
Ұшақтың төменгі жағында жердегі бекеттен байланыс қабылдайтын антеннасы болады. Ұшақ жол бойы байланысты түрлі мұнарадан алады.
Ондай интернетке оңай қосылуға болады, бірақ ол тек құрлық үстімен ұшқанда ғана істейді. Рейсіңіз тау я мұхит үстімен ұшса, интернет өшіп қалуы мүмкін.
Ұшақ интернетінің жердегі байланыстан бір-екі айырмасы
Жылдамдық. Аспандағы интернет жердегісіне қарағанда әлдеқайда баяу істейді. Әуе компаниясының технологиясына қарай интернет жылдамдығы 250 Кбит/с пен 100 Мбит/с арасында болады. Ондай интернет барда хат-хабар жіберуге болады, бірақ видео қарауға, ойын ойнауға және видео арқылы хабарласуға ондай жылдамдықтың әлі келе бермейді. Себебі сателайт байланыстың өткізгіш күші шектеулі болады, әсіресе көп жолаушы қосылса қатты шектеле түседі.
Интернет кей жерде өшіп қалуы мүмкін, мысалы, бір серіктен екінші серікке көшкенде я қиыр өңірлердің, мұхит пен таудың үстімен өткенде өшеді.
Баға. Ұшақ интернетінің бағасы ешқашан арзан болмайды. Әуе компанияларының кейбірінде шектеусіз интернеттің бірнеше сағаты 10–30 доллар тұрады. Кей тасымалдаушы жолаушыларына тегін интернет береді, бірақ ары кетсе тек хат-хабар жіберуге болады. Берілсе, бонус бағдарламасына мүшелерге я бизнес жолаушыларына беріледі.
Борттағы Wi-Fi жария желі болғандықтан қауіпсіз бола бермейді. Сондықтан ондай интернетті қолданғанда құпиясөз, код термегеніңіз жөн, банк қолданбаларына кірмегеніңіз абзал. Ол біраз да болсын қауіпсіз болсын десеңіз, VPN қосып қойыңыз.

Ұшақ интернетін қалай қосуға болады?
1. Авиа режімін қосыңыз
Ұшақ ұшқан бойда телефоныңыздағы (планшет, ноутбук) авиа режімін қосыңыз. Бұл борттағы нөмірі бір қауіпсіздік ережесі.
2. Wi-Fi қосыңыз
Wi-Fi-ды өзіңіз қосуыңыз керек. Оны телефоныңыз авиа режімінде тұрса да қоса беруге болады. Құрылғыңыз қосулы тұрған желілерді іздей бастайды.
3. Әуе компаниясының желісін қосыңыз
Тізімдерден AirFrance_WiFi, Emirates_Connect я TurkishWiFi деген сияқты желілерді көресіз. Қосылыңыз. Онда құпиясөзін теріңіз деп тұрмауы керек.
4. Порталға кіріңіз
Браузерді ашыңыз, сонда суе компаниясының арнайы беті ашылады. Ашылмаса, браузерге кез келген сөз жазыңыз, браузер сізді сол бетке көшіреді.
Порталда тариф жоспарын таңдаңыз деген я ақысын төлеңіз деген жазу шығады. Кейде билетіңіздің нөмірін я тегіңізді жазыңыз деп тұрады.
5. Ақысын төлеңіз
Портал интернеттің ақысын төлеңіз де, оны банк картасынан төлейсіз.
6. Болды, интернетке кіре берсеңіз болады
Ақысын төлегеннен кейін я тегін интернетті іске қосқаннан кейін интернетке емін-еркін кіре беруге болады. Бірақ одан кино қарай ала алмайсыз, ауыр файлдарды жүйтей алмайсыз. Ұшақ интернетінің көбі лимитті болады, сондықтан үнемдеп жұмсаңыз.
Борт интернетінің бағасы қанша?
Борттағы Wi-Fi-дың бағасына түрлі фактор әсер етеді: әуе компаниясы, бағыт, интернеттің түрі, класс, тариф.
Кей әуе компаниясы жолаушыларына лимитті интернетін тегін береді. Мысалы, Emirates Skywards бағдарламасының мүшелеріне класына қарамай тегін интернет береді, бірақ жолаушылар одан тек хат-хабар жібере алады. Turkish Airlines тегін интернетін бизнес жолаушылары мен Miles&Smiles бағдарламасының мүшелеріне береді. Qatar Airways интернетінің алғашқы 15–30 минуты ғана тегін, қалғаны ақылы.
Ақылы тарифтер екіге бөлінеді: уақытына қарай және трафик көлеміне қарай. Орта бағасы:
- 1 сағат — 5–10 доллар
- Ұшақ қонғанша — 10–30 доллар
- 20–100 МБ — 5–15 доллар
- 200–500 МБ — 20–35 доллар
Lufthansa интернеті хат-хабар жіберемін дегендерге 3 еуро, ал стриминг тариф керек дейтіндерге 25 еуро тұрады. Singapore Airlines-тың бизнес жолаушыларына интернет тегін, ал эконом жолаушыларына 1 сағат интернет кемі 4 доллар тұрады.
Қай әуе компаниясының ұшағында интернет бар
Emirates | Алысқа ұшатын рейстердің барлық дерлігінде интернет бар. Оның тегін түрі Skywards-тың барлық мүшесіне тек хат алмасуға мүмкіндік береді. Толық интернеттің бағасы 9,99 доллардан басталады. |
Qatar Airways | Кей тарифінде 30 минутқа дейінгі уақыт тегін. Қалғаны ақылы. Сапасы жақсы, кедергісіз істейді. |
Turkish Airlines | Бизнес класының жолаушылары мен Miles&Smiles мүшелеріне (Elite / Elite Plus) Wi-Fi тегін. Эконом класында ұшақ қонғанша істейтін интернеттің бағасы 9,99 доллардан басталады. Халықаралық рейстердің көбінде интернет бар. |
Lufthansa | Чат тарифінің бағасы 3 еуродан, шексіз интернеттің бағасы 25 еуродан басталады. |
Singapore Airlines | Wi-Fi бизнес жолаушылары мен KrisFlyer бағдарламасының кей мүшесіне тегін. Эконом класында мессенджер тарифі 3,99 доллар, шексіз интернет 15,99 доллар тұрады. |
Etihad Airways | Мессенджер тарифі 1,99 доллар тұрады (Etihad Guest мүшелеріне тегін). Толық интернеттің бір сағаты 5,99 доллар тұрады. |
American Airlines | Wi-Fi барлық дерлік ұшақта бар. Интернет ақылы: бір рейстің интернеті 10–20 доллар тұрады. Жазылым: жиі ұшатын жолаушыларға айына 49,95 доллар. |
United Airlines | Wi-Fi барлық дерлік бортта бар. Интернет ақылы: ішкі рейсте 8 доллар тұрады. |
Air France / KLM | Чат пакеті тегін. Жылдам интернет пакетінің бағасы — 5–30 еуро. |
British Airways | Ұшақтарының кейбірінде ғана бар, бірақ оның саны артып келеді. Бір сағат пакет 4,99 фунт стерлің тұрады. |
Қазақстанның Air Astana, FlyArystan, SCAT әуе компанияларында борт интернеті әзірге жоқ.
Жолаушыларға арналған кеңес
Рейсіңізде Wi-Fi бар-жоғын қалай білуге болады?
- Әуе компаниясының сайтына кіріңіз. Ондай компаниялардың көбі интернет бар-жоғын «Борттағы қызмет» бөлімінде я рейстің егжей-тегжейінде жазып қояды.
- Әуе компаниясының қолданбасын қолданыңыз. Оған тіркелгеннен кейін Wi-Fi белгісі шығуы керек.
- Басқа сайттардан тексеріп көріңіз: SeatGuru — рейстің нөміріне қарап, бортта Wi-Fi, розетка мен ойын-сауық бағдарламасы бар-жоғын тексеріп беретін сервис. FlightRadar24 — ұшақтар туралы ақпарат жиылған сайт.
Лоялдық бағдарламасы мүшелеріне арналған интернет
Әуе компанияларының көбі тұрақты клиенттерін, әсіресе лоялдық бағдарламасына мүше жолаушыларын тегін интернет беріп ынталандырып тұрады.
- Emirates Skywards: жолаушылардың бәріне мессенджер тарифі тегін беріледі, ал Silver я одан жоғары деңгейі барларға толық интернет беріледі.
- Qatar Airways Privilege Club: бизнес жолаушылары мен Gold және одан жоғары деңгейі барларға Wi-Fi тегін.
- Turkish Airlines Miles&Smiles: бизнес жолаушылары мен Elite/Elite Plus деңгейі барларға Wi-Fi тегін.
- KrisFlyer (Singapore Airlines) бонус береді.

Қалай қамдану керек: офлайн контент қарау үшін оны алдын ала жазып қойыңыз
Интернеттің жылдамдығы мен бағасы кедергі болмасын десеңіз, бәрін ертерек дайындап қойыңыз.
- Netflix, YouTube Premium, Amazon Prime секілді платформадағы фильміңіз бен сериалдарыңызды көшіріп алыңыз (олардың бәрінде офлайн контент қарауға болады);
- Подкаст, музыка, электрондық кітаптар мен құжаттарды да жазып алыңыз.
- Билет, отырғызу талоны мен керек болар-ау деген телефон нөмірлерін Notes я PDF қылып сақтап қойыңыз.
Қауіпсіздік үшін VPN қолданыңыз
Жария уайфайлардың көбі қауіпсіз бола бермейді. Бірақ ондай интернетті қолдандағанда VPN қосып қойсаңыз, біраз құпия дерегіңіз құпия болып қалады.
Ұшақта байланыссыз қалмаудың басқа амалдары
Wi-Fi жоқ болса я тым қымбат болса:
- SMS: әуе компаниялардың көбінде интернетсіз смс жіберу деген жоқ, бірақ GSM модулі бар рейстердің кейбірінде (Таяу Шығыс компанияларында) хабарлама жіберуге болады.
- Мессенджерлер мен поштаның офлайн режімі: WhatsApp мен Telegram-да интернет қосылған бойда жіберілетін хабарламаларды алдын ала жазып қоюға болады. Gmail сияқты пошталардың да хаттарды офлайн дайындап қоятын функциясы бар.
- Google Translate, сөздік, ескертпе мен басқа да қолданбалардың офлайн режімі бар.
Ұшақтағы ойын-сауық жүйесі
Халықаралық рейстердің көбінде, ал ішкі рейстердің кейбірінде интернетсіз де істейтін ойын-сауық экраны болады. Фильм, музыка, ойын, телеканалдар ұзаққа ұшатын рейстердің көбінде бар.
Ұшақта Wi-Fi қосқанда трафигін қалай үнемдеуге болады?
1
«Low Data Mode» режімін қосып қойыңыз;
2
WhatsApp пен басқа мессенджерлердегі фото-видеолардың өздігінен жүктелуі функциясын өшіріп тастаңыз;
3
Ашық тұрған, бірақ қолданылмай тұрған қолданбалардан шығыңыз;
4
Әлдебір сайтқа кіргенде жеңілдетілген нұсқаларын қолданыңыз;
5
Қолданбалардың өздігінен жаңартылуы мен резерв көшірменің өздіріген қосылуына тыйым салыңыз;
6
Видео қарамаңыз, әлеумет желісінде де қарамаңыз (TikTok пен YouTube-ты уақытша өшіріп тастауыңызға болады);
7
Трафик үнемдейтін браузерлерге кіріңіз, мысалы, Opera я Chrome Lite Mode.
2
0