Логотип

Брондаған қонақүйіме бармайтын болдым. Ақшамды қалай кері алсам болады?

Брондаған қонақүйіме бармайтын болдым. Ақшамды қалай кері алсам болады?
Анықтама 7 мин оқисыз
13.11.2024

Брондаған қонақүйіме бармайтын болдым. Ақшамды қалай кері алсам болады?

Қазір жауап береміз

Бір жаққа саяхаттап барар алдында біз көбіне-көп қонақүйден бөлме брондап қоямыз. Жататын жер брондайтын сервистердің көбінде броньның ақысын түгелдей төлеп қою керек, ал броньды жойсаңыз, ақшасы кері берілмейді. Ондайда қайтпек керек? Қалай сақтануға болады? Осы сұрақтарға мақаламызда жауап бердік. 

Броньның қандай түрлері болады?

Броньның екі негізгі түрі бар: кепілді және кепілсіз. 

Кепілді бронь деген — қонақ өзі брондаған қонақүйге міндетті түрде баратынын ақша төлеп дәлелдейді. Оны неше түрлі амалмен дәлелдеуге болады:

  • Алдын ала төлеу: қонақ бөлменің ақысын түгелдей я оның бір бөлігін төлейді. Мұндай амал Booking-де де, Airbnb-де де бар.
  • Банк кепілі: қонақ қонақүйге бармай қалғанда я кеш жайғасқанда ақша шегерілетін банк картасының дерегін береді. Көбіне Еуропа қонақүйлері сөйтеді. 
  • Келісімшарт: қонақ пен қонақүй бронь жойылғанда айыппұл қанша болатынын келісіп алады.

Кепілді броньның мынандай ерекшеліктері бар: 

  • Иә, қонақ брондаған бөлмесіне жайғаса алатына сенімді болады. Себебі қонақүй қонақ нешеде келсе де, келсін, жаңағы бөлмеге ешкімді кіргізбеуге тиіс.
  • Бірақ қонақ қонақүйге жайғаспаса, иесінің оның ақшасын толықтай я бір бөлігін ұстап қалуға қақы бар. Бұл туралы ақпарат бөлме брондайтын жерде жазылып тұруы керек. Сондықтан жалға алар алдында шарттардың бәрін мұқият оқыңыз.

Кепілсіз бронь деген — қонақ бөлме брондарда ешқандай кепіл бермейді, яғни банк картасының дерегін жазбайды. Ал бөлменің ақысын жайғасқанда ғана төлейді, бармаймын десе, айыппұл төлемейді.

Оның да ерекшеліктері бар:

  • Қонақүй бөлмені белгілі бір уақытқа дейін ұстайды: қонақүй бөлмені жайғасатын күні белгілі бір уақытқа дейін, әдетте 18:00-ге дейін ұстап тұрады. Қонақ оған дейін барып үлгермесе, бронь жойылады. 
  • Бронь жойылғанда айыппұл төленбейді: өзіңіз брондаған нөмірден тегін, яғни айыппұл төлемей бас тарта аласыз. Себебі ешқандай ақшаңызды кепілге қойған жоқсыз.
  • Бос бөлме тез таусылып қалуы мүмкін: қонақүйге кешігіп барғалы жатсаңыз және оны қонақүйге ескертпесеңіз, броніңіз күйіп кетеді де, бөлмеңіз басқа қонаққа беріледі, ал басқа бөлме жоқ па десеңіз, ол да таусылып қалуы мүмкін.
Airbnb-дегі броньды жоюдың мысалы
Airbnb-дегі броньды жоюдың мысалы

Қазақстанда қонақүй бронінің ақшасын қалай кері алуға болады?

Қазақстанда броньға кеткен ақшаны қайтарып алу жағы бронь мен қонақүйдің шарттарына қарай әртүрлі. Қонақүй қонақтарының құқығын қорғау туралы бөлек заң жоқ. Тұтынушы құқығын қорғау туралы заңда тек жалпы ережелер жазылған. Бірақ біз сонда да ақшаңызды қайтарып алудың амалдарын мында егжей-тегжейлі айтып шығамыз: 

  1. 1

    Брондау шарттарын оқыңыз. Онда ақшаңызды қандай жағдайда қайтарылатыны жазылуы керек. Кей қонақүй жайғасарға белгілі бір күн қалғанда қайтарамыз деп жазып қояды, ал кей қонақүй бронь жойылғанда мүлдем қайтармаймыз деуі мүмкін. Сондықтан әуелі шарттарын оқып аламыз. Оның бәрі қонақүйдің сипаттамасында жазылып тұрады. 

  2. 2

    Қонақүй әкімшілігіне бірден хабарласыңыз. Бармаймын деп шешкен бойда қонақүйге хабарласып, ақша қайтару шарттарын біліңіз. Неғұрлым ертерек айтсаңыз, соғұрлым ақшаңыздың көп бөлігін кері ала аласыз. 

  3. 3

    Қайтару туралы ресми өтінім жазыңыз. Қонақүйге ақшаңызды кері алғыңыз келетінін жазып өтінім жіберіңіз. Онда мыналарды жазыңыз: жеке деректеріңізді, броньның егжей-тегжейі (нөмірі, неге бармайтыныңызды, картаңыздың реквизитттерін). Кей қонақүйдің дайын үлгі өтінімі болады. Мына жерде Shymbulak Resort Hotel & Spa қонақүйінің үлгі өтінімі тұр. Десе де өтінімді білгеніңізше жазуға болады. 

  4. 4

    Қонақүйден жауап күтіңіз. Қонақүй түскен өтінімді қарауға тиіс әрі жауабын белгіленген уақытта жіберуі керек. Ақшаны қайтарамыз десе, өтінімді сіз жазған картаға аударады. 

  5. 5

    Құзырлы органның көмегіне жүгініңіз. Қонақүй ақшаңызды қайтармаймыз десе, өтініміңізге жауап бермесе я көңіліңізден шықпайтын жауап берсе, тұтынушы құқығын қорғайтын комитетке қонақүй ақшамды қайтармай жатыр деп арыз жазыңыз. 

  6. 6

    Қайтарылмайтын тарифтің ерекшелігін ескеріңіз. Мысалы, бір бөлменің түрлі тарифі болады. Қайтарылмайтын тарифін алсаңыз, оның ақшасын төлегеннен кейін кері ала алмайсыз. Бірақ ауырып қалсаңыз я жақыныңыз қайтса, қонақүйге жағдайыңызды түсіндіріп, өзара келіссеңіз болады. 

  7. 7

    Құжаттар мен хабарламалардың бәрін сақтап қойыңыз. Броньға қатысты бар құжат пен қонақүйге жазғаныңыз, олардың сізге жазғанын сақтап қойыңыз. Дауды шешерде керек болып қалуы мүмкін.

Ақшаңыз қайтарыла ма, жоқ па, қайтарылса, қанша қайтарылатыны броніңіз бен қонақүйдің ережелеріне байланысты болады. 

Booking-дегі броньды жоюдың мысалы
Booking-дегі броньды жоюдың мысалы

Ақшаны қайтаруға түрткі болатын себеп

Қонақүйге жұмсаған ақшаңыз мына жағдайларда кері берілуі мүмкін: 

  1. 1

    Броньды тегін жоюға болатын уақытта жойдыңыз. Қонақүй броньды жайғасарға осынша күн қалмай жойсаңыз, ақшаңызды қайтарып береміз дейді. Дегенін мүлтіксіз орындасаңыз, ақшаңыз картаңызға түгелдей қайтады.

  2. 2

    Сізге қатысы жоқ себеп. Ауырып қалсаңыз, апатқа (табиғи, көлік) ұшырасаңыз, кей қонақүй ақшаңызды түгелдей я оның бір бөлігін қайтарып береді я бөлмеңізді басқа күнге қояды. Бөлме брондаған сервиске кіріп, қонақүйдің иесінен жағдайыңызды түсіндіріп, ақшамды қайтарып бере аласыз ба деп өтініңіз. Әдетте қонақүйлер қиын жағдайға тап болғаныңызды дәлелдеңіз деп талап етеді. Мысалы, дәрігер анықтамасын көрсетіңіз дейді. 

  3. 3

    Қонақүй міндетін орындамады. Қонақүй өз міндетін дұрыс атқармаса, мысалы, бөлмеңізді басқа біреуге беріп қойса я іші сіз ойлағандай болмай шықса, басқа да себепті сізді жайғастыра алмаса, мысалы, елде саяси жағдай ушықса, ақшамды түгелдей қайтарыңыз деп талап етуіңізге негіз бола алады. Мұндайда қонақүйдің қатесін камераға түсіріп алғаныңыз я бір дәлелін сақтап қойған жөн. Кейін өтінім жазғанда дәлел ретінде көрсетесіз. 

  4. 4

    Құжаттарыңызға я визаңызға қатысты мәлесе шықты. Сіз қонақүй брондап қойдыңыз, бірақ ол жер орналасқан елдің билігі сізді аумағына кіргізбей қалды я виза бермей қойды. Қонақүйлердің кейбірі жағдайыңызды түсініп, ақшаңызды қайтарып беруі мүмкін. Ең жақысысы — бөлме брондар алдында қайтару туралы шаттарында визаға я құжаттарға қатысты қандай да бір ережелер бар-жоғын тексеріп алыңыз. 

  5. 5

    Брондағанда қате кетті я техникалық ақау болды. Мысалы, брондау сервисіндегі техникалық ақаудың кесірінен бөлмеңіз брондалмай қалды я басқа күнге брондалды. Ақшаңызды кері алғыңыз келсе я күнін айыппұлсыз ауыстырғыңыз келсе, қонақүйге хабарласыңыз. 

  6. 6

    Сапарыңызды сақтандырыңыз. Клиент сапарын сақтандыру полисін алып сақтандырса, кейін қонақүйге бармайтын болса, сақтандыру компаниясынан өтемақы ала алады. Сақтандыру — билеті мен қонақүйін қайтарылмайтын тарифке сай алғандарға керемет амал. Бірақ сақтандыру алар алдында қандай жағдайда өтемақы берілетінін біліп алыңыз.

Броньды жою

Броньнан бас тарту әдетте бірнеше кезеңнен тұрады. Соның арқасында ақшаны кері алу оңайға түседі:

  1. 1

    Броньды жойғанда айыппұл ұсталып-ұсталмайтынын келісімшарттан я қонақүй жіберген растау хатынан біліп алыңыз. Бас тарту туралы шарттарға мән беріңіз: броньды қашан жойғанда ақша қайтарылады, айыппұл ұстала ма, ұсталса, мөлшері қандай, қонақүйге кешігіп жайғассаңыз, қанша ақша ұсталады, жазатайым жағдайда ақша кері беріле ме, берілсе, қандай жазатайым жағдайға ұшырағанда беріледі. 

  2. 2

    Қонақүйге я қонақүй брондайтын сайтқа хабарласыңыз. Броньның ақысын кері алу үшін қонақүйге я қонақүй брондаған сервиске (Booking.com, Agoda, қонақүйдің сайты, тағы басқасы) хабарласыңыз: қоңырау шалыңыз, поштаға я онлайн чатқа жазыңыз. 

  3. 3

    Қайтару туралы өтінім беріңіз. Неге бара алмайтыныңызды, броньның күні мен нөмірін, ақшаңызды кері алғыңыз келетінін жазыңыз. Керек десе, мысалы, жазатайым жағдайға ұшырағаныңызды я ауырып қалғаныңызды растайтын құжаттарды көрсетіңіз десе, көрсетіңіз. 

  4. 4

    Сізге бронь жойылғанын және ақшаңыз кері берілетінін растайтын хат барады. Броньның ақысы картаңызды төленген болса және қонақүй қаражатыңызды қайтармаймыз десе, банкке хабарласып та кері алып көруге болады. 

  5. 5

    Растайтын құжаттардың бәрін сақтап қойыңыз: бронь жойылғаны туралы электрондық хат, броньнан бас тартқаныңызға не түрткі болғанын көрсететін құжаттар (мысалы ауырып қалғаныңыз туралы анықтама), ақша түскені туралы үзінді көшірме. 

  6. 6

    Ақшаңыз қайтарылмайды десе, құзыретті органның көмегіне жүгініңіз. Қонақүй я сервис бар міндетіңізді орындағаныңызға қарамастан ақшаңызды бермейміз десе, тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі комитетке (Қазақстан) я қонақүй немесе сервис орналасқан елдің клиент құқығын қорғайтын органына шағымданыңыз. Сотқа да барсаңыз болады.

Шетелдегі қонақүйдің ақысын қалай қайтарып алуға болады?

Жаңа айтқан нұсқауымызға сүйенсеңіз, жаңылмайсыз. Бірақ процедураның бәрі ағылшын тілінде өтуі мүмкін. Бұл тілде сөйлей алмаймын десеңіз, аудармашы я ChatGPT сервисін пайдаланыңыз. 

Түйін

Қонақүйге алдын ала төлеген ақшаңызды қайтарып алғыңыз келсе, келісімшартта қайтару туралы жазылған шарттарға сай әрекет етіңіз. Мынанша күн қалғанда бас тартсаңыз ақшаңызды кері аласыз десе, кешігіп қалмаңыз. Шетелде де, Қазақстанда да ерте қамдансаңыз, ақшаңызды қайтарып алу ықтималы арта түседі. Қонақүй шартымызды орындамадыңыз, ақшаңызды кері бермейміз десе де, хат я хабарлама жазып келісіп көрсеңіз болады. Болмаса құзырлы органдарға барып, арыз жазыңыз. Сапарыңызды сақтандырып қойсаңыз тіпті жақсы. Қонақүй де, құзырлы органдар да ештеңе істей алмаймыз десе, сақтандыру компаниясынан өтемақы ала аласыз. 

2

0

,

Осы айдардан:

Артық стрестен аулақ болыңыз

Артық стрестен аулақ болыңыз

Біріккен Араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Біріккен Араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе