Дубайда не істеуге болмайды? Туристерге арналған нұсқаулық
Біріккен Араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар
Біріккен Араб әмірліктері — Қазақстан азаматтары көп қыдырып баратын бағыттардың бірі. Сондықтан барар алдында бұл елде не істеуге болатынын я болмайтынын біліп алған жөн. Сақтықта қорлық жоқ демекші осы мақаланы оқып алыңыз.
Әмірлікке кіру туралы ережелер
Жалпы ережелер
№1. Виза мен құжаттар
БАӘ-ге бару үшін көп елдің азаматы виза алуы керек. Олардың мынандай визалары бар:
- Транзит визасы 48-96 сағат жарамды болады. Оны әмірліктің халықаралық әуежайында ауысып мінетіндер алады.
- Қонақ визасы әмірлікте тұрып жатқан туысы я досы шақырған адамдарға арналған.
№2. Шекарадағы құжат тексеру
Әмірлікке кірерде шекара тексерісінен өтуіңіз керек. Құжат тексерткенде:
- Паспортыңыз бен визаны көрсетесіз;
- Миграция картасын толтырасыз. Оны ұшақта отырып я әуежайға кіріп толтырасыз.
№3. Кеден ережелері
Біріккен Араб әмірлігінде кеден тексерісі өте қатаң. Ережесін бұзсаңыз, қатаң жазаға ұшырауыңыз мүмкін. Сондықтан ол елге мыналарды апармаңыз:
- Есірткі заттар мен дәрілер.
- Ислам дініне қайшы тауарлар мен порнографиялы материалдар;
- Көлемі 4 литрден асқан алкоголь (мұсылман еместер сол алкогольды өзі ішсе апара алады)
Кеден ережелері туралы толығырақ білгім келеді десеңіз, әмірліктің федерал кеден қызметінің сайтына кіріңіз.
№4. Медициналық сақтандыру
Виза алу үшін медициналық сақтандыру алу міндет болмаса да, алғаныңыз жөн, себебі бұл елде медицина қымбат тұрады. Ауырып қалсаңыз я жараланып қалсаңыз, сақтандыру ауруханаға жұмсаған ақшаңыздың біраз бөлігін қайтарады.
№5. Валюта мен төлем карталары
БАӘ-нің ресми валютасы — дирхам (AED). Туристер 100 мың дирхам я соған тең шетел валютасын алып кіргізгісі я алып кеткісі келсе, әуежайда декларация тапсыруы керек. Дүкен, мейрамхана мен қонақүйлердің көбі банк картасын қабылдайды.

БАӘ-ге не апаруға және не әкетуге болмайды?
Бұл елде әкелінетін және шығарылатын тауарларға қатысты заң қатал. Қайсын әкетуге я қайсын апаруға болмайтынын білсеңіз, өзіңізге жақсы, шекарада ешқандай проблема тумайды.
Апаруға болмайтындары:
- Есірткінің кез келген түрі, есірткі дәрілер де. Азғантай алсаңыз да, жазаңыз ауыр болуы мүмкін, мысалы, түрмеге қамалуыңыз ғажап емес.
- Порнографиялы материалдар: газет-журнал, видео, цифрлық файлдар. Ислам нормасына қайшы нәрселердің ешбірін апаруға болмайды.
- Алкоголь. Мұсылман емес туристер ары кеткенде 4 литр алкоголь я 48 банка сыра апара алады. Одан асып кетсе, жауапқа тартылады.
- Спортқа бәс тігу мен құмар ойын. Құмар ойын мен бәс тігуге қатыстылардың ешбірін апаруға болмайды.
- Исламға тіл тигізетін материалдар. Ислам дініне тіл тигізеді деген кез келген кітап, фильм мен басқа да материалдар. Мысалы, Салман Рушдидің «Шайтан өлеңдері» кітабы. Ол елде бұл кітапты сатуға да, оқуға да тыйым салынған.
- Ет өнімдері. Сертификаты жоқ кез келген ет.
- Қару-жарақ. Арнайы рұқсаты жоқ кез келген қару түрі.
- Жергілікті стандартқа сай емес дәрі-дәрмек. БАӘ денсаулық сақтау министрлігі мақұлдамаған дәрі-дәрімектің кез келген түрі.
Шығаруға болмайтындары:
- Есірткі заттар. Кез келген түрі.
- Антиквариат пен мәдени құндылығы бар заттар. Елдің тарихына я мәдениеті маңызды заттарды рұқсатсыз әкетуге болмайды.
- Экзотик жануарлар мен өсімдіктер. Арнайы рұқсат я сертификат болмаса, шығара алмайсыз. Мысалы, пальма тұқымын.
- Алкоголь. Көлемі 4 литрден асса, шығара алмайсыз.
- Құнды заттар мен көп қаражат. Сома 100 мың дирхамнан асса, оны неге алып бара жатқаныңызды айтуыңыз керек.
- Мемлекет құпиясы бар материалдар. Мемлекет құпиясы саналатын ақпарат бар құжаттар мен материалдар.
Кеденге қатысты толық ақпарат алғыңыз келсе, БАӘ федерал кеден қызметінің сайтынан біле аласыз.
БАӘ мен Дубайда не істеуге болмайды?
Рамазан айы
Рамазан — мұсылмандардың қасиетті айы, сондықтан жергілікті халқы да, туристер де бірнеше ерекше ережеге бағынуы керек. Рамазан айында туристердің бүйтуіне тыйым салынған:
1
Адам көп жиылатын жерде тамақ ішуге, ішуге, темегі шегуге болмайды: парк, көше, сауда орталығы мен қоғамдық көлікте. Рамазан айында мұсылмандар таңнан кешке дейін нәр татпайды, темекі шекпейді. Дубайдың кей дәмханасы мен мейрамханасы осы уақыт аралығында жабық болуы керек. Кейбіреулер тамақ сатады, бірақ оны аузы беріктерге көрінбейтін жерге барып жеуге тура келеді.
2
Шулы іс-шара өткізуге я музыканы дыбысын шығарып қойып тыңдауға болмайды. Бұл айда концерт, көңілді кештер мен жағажайға бармаған жөн.
3
Ашық киінуге болмайды. Рамазан айында барынша жабық киінуге тура келеді. Әйелдер иығы мен тізесін жауып жүруі керек, ал еркектер жейде киіп жүргені жақсы. Өзгенің көзінше сүйісуге, құшақтасуға я жақындығыңызды көрсетер басқа да әрекет жасауға болмайды.
4
Алкоголь ішуге болмайды. Кей әмірлікте күндіз арақ сатуға болмайды, ал кейбірінде алкогольды күн батқаннан кейін арнайы қонақүйлер мен барлардан алуға болады.

Қоғамдық жерлердегі сырт келбет қандай болуы керек?
БАӘ-нің жұрт жүретін жерлерде қалай киініп жүруге қатысты қатаң талаптары бар. Ең негізгілері мыналар:
- Қарапайым киім. Еркектер де, әйелдер де тізе мен иықты жауып тұратын киім киюге тиіс.
- Жабысып тұратын әрі теріңіз көрініп тұратын киім кимеген жөн, себебі жергілікті халық ұят санауы мүмкін.
Әйелдердің киімне қатысты тағы мынандай кеңестер бермекпіз:
- Иық пен тізе жабық тұруы керек. Көйлек, белдемше мен шалбар тізеден келуі керек я тізеден төмен түсіп тұруы керек.
- Жабық жерлер. Дубайдың кей жерінде, мысалы, діни орындарда я үкімет үйлерінде әйелдер үсті-басын жауып жүруі керек, яғни абая киюі қажет, ал басына орамал тағып алуға тиіс.
Ал еркектер мына ережелерге бағынуға тиіс:
- Еркек үстін жауып жүруі керек. Сондықтан жағажай, хауыз бен спорт залынан басқа жерде жейдесіз жүруге болмайды.
- Шорты. Қоғамдық жерде шорты тізеден келуі керек я одан төмен түсіп тұруы керек.
Жағажай мен хауыздарда заң жұмсара түскенмен ережелер әлі де бар:
- Шомылу киімі. Бикини мен шомылу костюмдерін тек жағажай мен хауызға барғанда кие аласыз. Бірақ үстіңізді шешіп күнге күю мен нудизмге тыйым салынған.
- Киім ауыстыру. Шомылу киімдерін кигіңіз келсе я шешкіңіз келсе, соған арналған жерге баруға тиіссіз.
Алкоголь және есірткі пропагандасы
Жергілікті халық та, туристер де алкоголь мен есірткі жарнамала алмайды, жұртты алкоголь ішейік, есірткі шегейік деп үгіттей алмайды. 1995 жылғы № 14 федерал заңына сенсек, есірткі сатқандар өлім жазасына кесіледі.
- Заңда есірткі жарнамалауға я үгіттеуге тыйым салынған. Жарнамалау мен үгіттеу деген — есірткі туралы ақпарат жазылған кез келген материал: газет-журнал, үгітқағаз, онлайн контент я ауызша айтылған сөздер.
БАӘ мен Дубайдың билігі есірткіге қатысты қылмысқа өте қатал қарайды. Кінәлілер түрмеге қамалуы, айыппұл төлеуі я елден қуылуы мүмкін. Кейде өлім жазасына кесіледі.
- Есірткіге және оған қатыстыларға жоламаңыз. Багажыңыздан кішкентай есірткі табылса да, тұтқындалып, ауыр жазаға тартылып кетуіңіз мүмкін.
- Дәріқағазы жоқ дәрі апармаңыз. Өзге елде рұқсат етілген дәрі БАӘ-де заңсыз болуы мүмкін. Әсіресе тырысуға қарсы дәрілер, психотроп, стимулятор мен антидепрессанттар тасырда абай болыңыз. Олардың дәріқағазы болған жөн.
- Тағы да абай болыңыз. Есірткіге қатысы бар деп саналатын әрекеттерден аулақ болыңыз.

Транспорт
Сапарыңыз қиындықсыз өтсін десеңіз, қоғамдық көлікке мінгенде де ережеге бағынуыңыз керек.
Дубай метросы — әлемдегі ең заманауи метроның бірі. Бірақ онда көптеген ережеге бағынуыңыз керек:
- Тазалық пен тәртіп. Вагон мен бекеттерде қоқыс тастауға, сағыз шайнауға я тамақ жеуге болмайды. Ережені бұзсаңыз, қомақты айыппұл төлейсіз.
- Тыныш вагондар. Метроның кей вагонында телефон арқылы сөйлесуге және айғайлап сөйлесуге болмайды. Ондай вагондардың арнайы белгісі болады.
- Әйелдер мен балаларға арналған вагондар. Дубайда әр пойыздың әйелдер мен балаларға арналған вагоны болады. Еркектер оған кіре алмайды.
- Тек кейбірі отыра алатын орындар. Вагондарда тек қарт адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен аяғы ауыр әйелдер отыра алатын орындар бар. Ол жерге отыруға болмайды.
БАӘ-де автобустар қала ішінде жүріп қана қоймай, шетіне де барады.
- Жолақы төлеу. Жол ақысын төлеу үшін Nol картасын пайдалану керек. БАӘ-де туристер жүргізушіден билет ала алмайды.
- Тазалық. Автобуста да тамақ жеуге және ішуге болмайды.
- Әйелдер мен балаларға арналған зона. Әр автобуста соларға арналған аймақ болады, еркектер, әрине, ол жаққа өте алмайды.
БАӘ-де такси — ең ыңғайлы, бірақ ең қымбат транспорт.
Таксиде:
- Темекі шегуге болмайды;
- Жүргізуге шайпұл тастау керек. Мөлшері — жолақыңыздың 10%-ы.
- Көліктің іші-сыртын бүлдірмеңіз, қоқыс тастамаңыз және тамақ жемеңіз.

Дубай мен БАӘ-ге барған туристер қоғамдық көлікте не істемеуі керек?
- Сүйісуге, құшақтасуға я сүйіспеншілігіңізді өзгеше көрсетуге болмайды. Айыппұл салынуы мүмкін.
- Қасыңыздағы адамның қолынан ұстамағаныңыз жөн. Болады, бірақ жұрт жиылатын жерде ұстамағаныңыз жөн. Әсіресе ерлі-зайыпты болмасаңыз.
- Жергілікті халықты рұқсатынсыз фотоға түсірмеңіз. Әсіресе әйелдер мен балаларды.
- Фотоға түсіруге болмайтын жерлер: үкімет үйі, әскери объектілер мен жекеменшік резиденциялар.
- Мешітке кірерде ережеге бағыңыз: аяқкиіміңізді шешіңіз, әйел болсаңыз, басыңызға орамал тағыңыз, үсті-басыңызды жауып тұрар киім киіңіз.
- Темекі шекпеңіз. Қоғамдық орындардың көбінде темекі шегуге болмайды. Мысалы, сауда орталығында, мейрамхана мен қоғамдық көлікте.
- Далада мас күйлі жүруге болмайды.
- Балағат сөз сөйлемеңіз, тіл тигізбеңіз.
- Жергілікті халықтың салт-жоралғысын құрметтеңіз. Қанша жерден ерсі көрінсе де, кекетпеңіз, жиіркенбеңіз.

Дубай мен БАӘ-де сөйлеу әдебі
- Сыпайы сөйлеңіз, талап етпеңіз, өтініңіз, дөрекі сөйлеуден аулақ болыңыз. БАӘ-де алдында тұрған адамға құрмет көрсету міндет саналады.
- Алдыңызда тұрған адамға қарау — құрмет пен назар аударғаныңыздың белігісі. Тесіліп я телміріп қараудың керегі жоқ, агрессия я құрметсіздік деп қабылдануы мүмкін.
- Еркектер бір-бірімен қол алысып амандаса алады, бірақ әйел еркекпен қол алыспауы мүмкін. Әйел өзі қол алысайық деп ұсынғанын күткеніңіз жақсы. Араб еркектері әйелдермен қол алысып амандаспайды.
- Дауыс көтеріп сөйлемеңіз. Айналаңызға құрмет көрсетіңіз.

Жергілікті халықтың үйіне қонаққа барғанда
БАӘ-де тұрғындардың үйіне қонаққа бару — елдің бай мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ танитын керемет мүмкіндік әрі қонаққа көрсетілген құрмет.
Сол жақта тұрып жатқан танысыңыз, досыңыз я туысыңыз қонаққа шақырса, бас тартпай баруға тырысыңыз. Кішігірім сый ала барыңыз, мысалы, тәтті, гүл я базарлық.
- Алдыңызға ұсынылған ас-судан бас тартпаңыз, алғыс айтыңыз. Мәдениетін құрметтеп, берген әр астан дәм татыңыз. Арабтар әдетте тамақта ортаға қояды, ал әр қонақ жегісі келгенін өзі салып алады. Ішіп-жерде оң қолыңызды пайдаланыңыз.
- Қарапайым киініңіз. Әйел иығы мен тізесін жауып баруы керек, ал еркек шорты мен майка кимегені дұрыс. Киіміңіз таза болсын.
- Әңгіме айтарда абайлап сөйлеңіз. Қауіпсіз тақырып туралы тілдесіңіз: ауа райы, мәдениет, дәстүр, спорт, көрікті жерлер. Саясат пен дін сияқты дау туғызар әңгімелерден аулақ болыңыз. Қонаққа шақырған отбасының үлкендерін сыйлаңыз. Орын беріңіз, бірдеңе айтса, мұқият тыңдаңыз.
- БАӘ-де қонақ шақырған үйдің балалары қонақтардың жағдайын жасауға атсалысады. Амандасаңыз, сыпайы болыңыз оларға, бірақ ата-анасының рұқсатынсыз тым көп араласудың керегі жоқ. Үйдің әдеп-ғұрпын құрметтеңіз. Иелері былай болады, былай болмайды десе, қарсы келмеңіз.
- Кетерде оларға қонайжайлығы үшін алғыс айтып кетіңіз. Үйдің әр мүшесімен жеке қоштасыңыз. Кетіп қалғаннан кейін де қонаққа шақырғаныңыз үшін мың алғыс деп хабарлама жіберсеңіз болады.

Дубай мен Әмірліктерге барарда нені ескеру керек?
1. Климат пен ауа райы
- БАӘ-де күн жанып тұрады. Жазда температура 40°C асып кетеді, сондықтан жұқа киініп, үсті-басыңызға күннен қорғайтын крем жағып жүріңіз.
- Ең қолайлы мезгіл — қараша мен наурыз арасы. Күн жаздағыдай ыстық болмайды.
2. Қауіпсіздік
- БАӘ — туристерге қауіпсіз елдердің бірі. Онда қылмыс деңгейі төмен. Десе де, сақтықта қорлық жоқ, дүниеңізге ие болып жүріңіз, абайлап жүріңіз.
- Мына нөмірлерді де жазып алыңыз: 999 — полиция, 998 — жедел жәрдем, 997 — өрт сөндіру қызметі.
3. Денсаулық пен гигиена
- Тек бөтелкеден құйылған суды ішіңіз. Краннан ағатын су жуынуға жараса да, ішпегеніңіз жөн.
- Дубай я Әбу-Дәби сияқты ірі қалалар мен туристер көп жүретін аудандарда ештеңеге алаңдамай тамағын жей беруге болады, бірақ танымал емес аудандарда абай болыңыз, әсіресе көше тамағын жемегіңіз жөн.
4. Қонақүй
- БАӘ-де ерлі-зайыпты емес жұптар бірге тұруына тыйым салынғанмен қонақүйлер бұл ережеге келгенде қатаң болмауы мүмкін. Әсіресе, Әбу-Дәби мен Дубайда.
- Қонақүй таңдарда өзге елдерде филиалдары бар, беделді қонақүйлерді таңдағаныңыз жөн. Себебі олардың ережесі әлдеқайда прогрессив болып келеді.
- Бөлмені бір адамға жалға алыңыз я қасындағы адамыңыз туысым деп жазыңыз я айтыңыз.
БАӘ-де турист қай қылмысы үшін өлім жазасына кесілуі мүмкін?
Туристер қай елде жүрсе де, сол елдің заңына бағынып жүруге тиіс. БАӘ-де кей қылмыс үшін өлім жазасына ұшырауға болады:
1
Есірткі тасу, сақтау, өндіру және сату — БАӘ-дегі ірі қылмыстардың бірі. Азғантай көлемі де ұзақ уақытқа түрмеге қамалуға, көп көлемі өлім жазасына кесілуге түрткі болуы мүмкін.
2
Террористерге қандай да бір қатысыңыз бар болса: теракт жоспарлағандар, ақша бергендер, қолдағандар я қатысқандар өлім жазасына кесіледі. Терроризм идеологияны тарату, сондай ұйымға адам тарту мен теракт ұйымдастыру — өлім жазасына түрткі болар қылмыстар.
3
Адам баласын қастықпен өлтіргендер өлім жазасына кесіледі. Әсіресе ол адам аса қатыгездікпен өлтірсе.
4
БАӘ-де адам зорлаған турист өлімге кесіледі, әсіресе аса қатыгездікпен зорлағандар я бала зорлағандар.
5
Өз елге БАӘ мемлекетінің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатысты құпия ақпарат бергендер өлім жазасына кесіледі.
6
Құдайға, ислам мен оның символдарына тіл тигізу, исламнан шығу да қатаң жазаланады, тіпті өлім жазасына кесіледі. ЛГБТ+ қауымдастығының бірі болу да осы тізімге кіреді. Мысалы, 2014 жылы бір әмірліктің тұрғыны «гей сияқты қол алысты» деп сотталып кеткен.
7
Кейде некеден тыс сексуал қарым-қатынас (зина) да өлім жазасына түрткі болар қылмыс болуы мүмкін.
Өзге араб елдеріндегі жағдай қалай?
Қатар

Қатардың ережелері БАӘ-нікіне ұқсайды: жергілікті тұрғындар мен мәдениетті құрметтеу, ашық киінбеу, қоғамдық орында сүйіспеншілік танытпау, сыртта жүргенде ішіп алмау.

22 достопримечательности Катара и Дохи, которые стоит увидеть
Сауд Арабиясы

Сауд Арабиясы әлемге қатаң заңдарымен танымал. Біреумен кездескенде амандасу, сыпайы сөйлесу, екеуіңіз еркек болсаңыз, қол алысу міндет. Еркектер ұзын шалбар мен жейде киюге, әйелдер үсті-басын жауып жүруге тиіс. Жұрттың көзінше сүйіспеншілік танытсаңыз, тұтқындалуыңыз мүмкін. Елде алкоголь ішуге болмайды. Мұсылман болмасаңыз мешітке кіруге болмайды. Еркектер намаз уақытында мешітке баруға тиіс.
Марокко

Марокко бұл жағынан әлдеқайда либерал ел. Десе де ашық киінуге болмайды. Шомылуға арналған киімді тек жағажайға барып кие аласыз. Сыртта жүргенде сүйісуге, құшақтасуға болмайды. Алкогольді тек кей мейрамхана мен бардан ала аласыз, бірақ сыртқа шығып іше алмайсыз. Мешіттердің көбі мұсылман еместерді кіргізбейды, бірақ экскурсия ұсынатын мешіттер бар.
Тунис

Тунис — араб мәдениеті мен жерорта мәдениеті тоғысқан ел. Еркектер де, әйелдерде қол алысады, бірақ бас иіп те амандасатындар да бар. Жағажай киімін жағажай мен хауызға барып кию керек. Жұрттың көзінше сүйісуге, құшақтасуға болмайды, әсіресе туристер аз жүретін жерде сақ болыңыз. Алкоголь мейрамхана мен барларда сатылады, бірақ іше алмайсыз. Мешіттер мұсылман еместерді кіргізбейді.
0
0