Логотип

Әуежайлардағы Fast Track деген не?

Әуежайлардағы Fast Track деген не?
Анықтама 5 мин оқисыз
28.01.2025

Әуежайлардағы Fast Track деген не?

Артық стрестен аулақ болыңыз

Түрлі технологияның арқасында қазір жолда көмек болар, уақыт пен ақша үнемдер сервистер көп. Сондайлардың бірі — Fast Track деген қызмет. Ол не және оны қалай алуға болатынын мына мақаламызда жазып шықтық.

Fast Track қызметі деген не?

Фаст трек — әуежайлар я әуе компаниялары ұсынатын қызмет. Соның арқасында жолаушылар рейске тіркеуден, тексеріс пен құжат тексертуден тезірек өте алады. Әдетте ол үшін қосымша ақы төлеу керек. Тегін фаст трек бизнес я бірінші класс жолаушыларына, лоялдық бағдарлама мүшелеріне беріледі.

Фаст трек қызметі неге танымал?

Оған себеп көп:

  1. 1

    Уақыт үнемдейді: әуежайда өтуіңіз керек процедураның бәрінен тезірек өтесіз. Бұл қызмет туризм маусымы қызып тұрғанда, ауысып мінуге аз уақыт қалғанда аса керек болады. 

  2. 2

    Жүйкеңіз тозбайды. Қонғанда я ұшқанда артық стрестен аулақ боласыз. 

  3. 3

    Бәрі пайдалана алады. Бұл қызметті бұрын бизнес жолаушылары ғана пайдалана алатын, қазір бизнеске билет алмай-ақ та пайдалануға болады. Бірақ, әрине, қосымша ақы төлейсіз.

Ұшарда Fast Track қызметіне не кіреді?

Fast Track қызметін пайдалансаңыз, ұшаққа мінер алдында өткізілетін процедураның бәрінен тезірек өтесіз:

  1. 1

    Рейске басымдыққа қарай мінесіз. Тіркелу және багаж өткізу үшін арнайы үстелдің басына барасыз. Ол жерде адам аяғы аз болады. Сондықтан тезірек өтесіз.

  2. 2

    Қауіпсіздік тексерісінен де жылдам өтесіз. Сізді қызметкерлер арнайы сызыққа апарып, тексереді. Ол жерде де адам аз болғандықтан тезірек өтіп кетесіз. 

  3. 3

    Құжат тексерткенде де сізге басымдық беріледі. Сізді арнайы кабинаға кіргізеді. Кезек пен адам кептелісі көп әуежайларда бұл қызмет сізге таптырмас амал болады. 

  4. 4

    Ұшатын аймаққа апару (кей әуежайда). Жеке ассистент терминалда жол сілтем, процестен тезірек өтуіңізге жәрдемдеседі, қаласаңыз, ұшатын аймаққа ертіп апара алады.

Қонарда Fast Track қызметіне не кіреді?

Fast Track қызметін алсаңыз, қонғаннан кейін әуежайдан тезірек шыға аласыз я басқа ұшаққа тезірек жете аласыз. 

  1. 1

    Құжат тексерткенде сізге басымдық беріледі, яғни арнайы сызыққа барып, бөлек кезекке тұрасыз. 

  2. 2

    Багаж аларда көмек көрсетіледі. Кей әуежайда фаст трек алғандардың багажы бірінші беріледі. Жолаушының багажына арнайы белгі жапсырылады да, ұшақ қонақ қонғанда бірінші шығарылады. 

  3. 3

    Кеденнен кідірмей өтесіз. Кеденде де арнайы сызыққа барып, басқа кезекке тұрасыз. 

  4. 4

    Әуежайдан шығарда көмек көрсетіледі. Жеке ассистентіңіз траптан я терминалдан күтіп алып, әуежайдан шығуыңызға жәрдемседі.

Әуежайдың кейбірінде сізге қонақүйге я қалаға апарып тастайтын трансфер, құжат я шекарадан өтерде берілетін виза рәсімдерде көмек берілуі мүмкін, тіпті багажыңызды тасыр адам да берілуі ғажап емес.

Балаларға арналған Fast Track қызметі

Балаларға арналған Fast Track қызметі ұшайын деп тұрған және қонған ересектерге ұсынылатын қызметтерге ұқсайды: басымдыққа қарай тіркеу, қауіпсіздік тексерісінен жедел өту, құжат тексертуден кезексіз өту және ұшатын аймаққа ертіп апару. Алайда балаларға арналған Fast Track қызметінің өзіне тән артықшылықтары бар. Мысалы, басымдыққа қарай тіркелгенде қызметкерлер сізге балалар арбасын я тасымалдау құралын орауға көмектеседі, ал қауіпсіздік тексерісінен өткенде балалардың заттарын тексерту үшін көбірек уақыт беріледі.

Балаларға арналған фаст трек әдетте ересектердікіне қарағанда екі есе арзан тұрады. Кейбір әуежай я әуе компаниясы 12 жасқа толмаған екі баланы бір ересек адам санап, қызметтің ақысын азайтуға тырысады.

Fast Track қызметін ұсынатын әуежайлар

Fast Track қызметі ірі әуежайлардың көбінде бар. Қазақстанда бұл қызметті мына әуежайлар ұсынады:

  • Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы (Астана). 2021 жылы бұл қызмет іске қосылған кезде тіркеусіз фаст тректі әуелі Fly Arystan және Qazaq Air әуе компанияларының жолаушылары пайдалана алатын еді. Ал басқа жолаушылар ертерек онлайн тіркеліп, 4 000 теңге төлеуі қажет еді. 2-12 жасар балаларға 50% жеңілдік беріледі. Бірақ 2025 жылы фаст трекке қатысты тағы қандай ережелер барын әуежайдың ресми сайтынан да, әлеуметтік желілерінен де таба алмадық.
  • Алматы халықаралық әуежайы. Әуежайдың ресми сайтына сенсек, Fast Track қызметі премиум қызметтер пакеті аясында ұсынылады. Ол үшін кез келген терминалда тұрған Extime Lounge залына кіру құқығын сатып алу қажет. 

Fast Track қызметі халықаралық рейстері бар әуежайлардың көбінде бар. Мысалы, Мальпенса (Милан), Инчон (Сеуіл), Галеан (Рио-де-Жанейро) мен басқа да ірі әуежайларда.

Әрбір әуежайдың Fast Track қызметіне қатысты талаптары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан ұшар алдында әуе компаниясының ресми сайтынан я өкілдерінен толық ақпарат сұрап, қызметтің құнын нақтылап алған жөн.

Еуропа мен Түркияның әуежайларындағы Fast Track қызметі және Visa премиум карталары

Visa-ның (Platinum, Signature Infinite) премиум карталарының бірін жасатсаңыз, Fast Track қызметі мен басқа да VIP мүмкіндіктердің пайдасын көре аласыз. Бұл қызмет Еуропаның 30-дан астам әуежайында, сондай-ақ Түркия, Грузия және Біріккен Араб Әмірліктерінде бар.

Fast Track қызметін қалай пайдалануға болады десеңіз, бүйтесіз: Visa Concierge бот чатында тіркелесіз. Кейін сізге QR коды беріледі. Соны скандап, тіркеу, қауіпсіздік тексерісі мен құжат тексертуден жылдам өте аласыз.

Премиум карталардың басқа да артық тұстары

Visa премиум карталарының иелері VIP залдарға да кіре алады. Онда сізге мыналар тегін болады:

  • Тамақ пен сусындар;
  • Аса жылдам Wi-Fi;
  • Ыңғайлы демалыс аймақтары;
  • Іскерлік кездесулерге арналған бөлмелер;
  • Душ кабиналары мен балалар бөлмелері.

Түркияда (Ыстамбұл, Анталия мен басқа да хабтар) Fast Track қызметінің ақысына көбіне-көп VIP қызметтер қосылады: сізге багажыңызды тасысатын ассистент пен CIP Lounge залдарына кіру құқығы беріледі.

Еуропада Visa картасының иелері Priority Pass я Visa LoungeKey бағдарламасы арқылы лаунж залдарға кіріп қана қоймай, Fast Track қызметін тегін пайдалана алады.

Басымдыққа қарай мінгізу деген не? Оның тез мінгізуден (Fast Track) қандай айырмасы бар?

Басымдыққа қарай мінгізу — ұшаққа мінетін кезде кей жолаушыға басымдық беретін қызмет. Оны тегін пайдалана алатын жолаушылар бар. Олар: бизнес-класс пен премиум эконом-класқа билет алғандар мен лоялдық картасы барлар.

Fast Track — әуежайдағы барлық процедурадан тез өтуге мүмкіндік беретін күрделі қызмет. Соның арқасында тіркеу, тексерістер мен кеденнен тез өтесіз, багажыңызды жылдам аласыз.

Басымдыққа қарай мінгізуFast Track
Қашан (қайда) керек болады?Бортқа мінерде ғанаҰшар алдындағы және қонғаннан кейінгі процедуралардан өтерде
Кім пайдалана алады?Премиум клиенттер, бизнес жолаушылары мен VIP қонақтарАқысын төлеген кез келген адам
Неге керек?Ұшаққа тез міну үшінӘуежайда бар тексерістен жылдам өту үшін
Қосымша басымдықтарыЖоқКей әуежайда вип залдарға кіре аласыз, ертіп, көмектесіп жүрер ассистентіңіз болады

Ұшаққа әуелі мен мінгім келеді, орныма тездетіп отырғым келеді десеңіз, басымдыққа қарай мінгізуді таңдаңыз. Ал әуежайда кезекке уақыт құртқым келмейді десеңіз, Fast Track алыңыз. 

Fast Track қызметін қалай ала аламын?

  1. 1

    Әуежайда фаст трек бар-жоғын біліп алыңыз. Гуглға «Бәленше әуежайдағы фаст трек» деп жазсаңыз жетіп жатыр!

  2. 2

    Fast track-ке керек тіркеудің бәрінен өтіңіз. Мысалы, әуежай мен әуе компаниясының сайтынан, премиум картаның я өзге де сервистердің сайтынан тіркелуіңіз керек. Кей әуежайда қызметті сол жерге барып алуға болады.

  3. 3

    Әуежайға барып, Fast track белгісін тауып алыңыз. Арнайы тіркеу үстелінің басына барып, QR кодын я отырғызу талонын я премиум картаңызды көрсетіңіз.

0

0

,