Логотип

Германияның студент визасын алардағы ерекшеліктер

Германияның студент визасын алардағы ерекшеліктер
Анықтама 8 мин оқисыз
25.12.2023

Германияның студент визасын алардағы ерекшеліктер

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Германиядағы оқуға түскелі жүрсіз бе? Онда қазір бұл елдің оқу визасын қалай алуға болатынын айтып береміз. 

Планируете обучение за границей?

Германияда оқу үшін қандай виза керек?

Германияда студент визасы оқу түріне қарай бөлінеді. Studium — неміс университетіне түскендерге арналған виза. Studienbewerber — университетке құжат тапсырған, бірақ түскені расталмағандарға арналған виза. Sprachkurs — белгілі бір тілдің деңгейін үйренем дегендерге: университетке түсу үшін тіл үйренем дегендерге де, кәсіби түрде диалект үйренем дегендерге де арналған виза. Studienkolleg — тіл курсынан өтетіндерге арналған, ал Schulbesuch — мектепте оқитындарға арналған виза. 

Ұлттық виза (D типі)

D типті ұлттық виза елде 90 күннен артық тұруға рұқсат береді. Ол көбіне студенттерге, жұмысшыларға, ғалымдар мен Германияда үш айдан артық тұрғысы келетін өзге адамдарға беріледі.

Осы визаны алғанда Германияға барғаннан кейін тұру ықтиярхатын алу үшін шетелдіктер істері жөніндегі басқармаға баруы керек. Сол ықтиярхаттың арқасында олар Германияда ұзақ әрі қиындықсыз тұра алады, оқи алады.

Қысқа мерзімді (С типі)

Қысқа мерзімді виза, Шенген визасы, Шенген елдеріне (Германия — Шенген аймағының елі) емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Соны алсаңыз, Шенген аймағында жарты жыл ішінде 90 күнге дейін жүре аласыз.

Мұндай оқу визасы түрлі мақсат үшін беріледі, мысалы, туризм мен іссапар үшін, туысын я досын көргісі келгендерге. Бұл визаны мына іс-шараларға бару үшін алуға болады:

  • Тіл курсы
  • Тағылымдама
  • Ғылыми конференция
  • Турнир мен олимпиада

Германияның студент визасын алу үшін не істеу керек?

1. Өтінім тапсыруға және сұхбатқа жазылыңыз

Жоғары оқу орындарында, университетке дайындалу колледждерінде оқуға және тіл курстарына баруға ұлттық виза алу үшін берілетін өтінімді Германияның Астанадағы елшілігінің я Алматыдағы бас консулдығының Visametric виза орталығына апарып тапсыру керек. Құжат тапсыруға онлайн өтінім беруге болады.

Виза орталығы C типті Шенген студент визасына құжат қабылдайды. Ұлттық виза алу үшін елшілік пен бас консулдыққа баруыңыз қажет.

Қаперіңізде болсын, виза беріліп-берлмейтінін елшілік я бас консулдық шешеді. Visametric ол шешімге әсер ете алмайды, тек құжат қабылдап жібереді, елшілік я консулдықтан түскен құжатты иесіне табыстайды. 

2. Құжат жинаңыз

Өтінім беретін күніңіз белгіленгенде керек құжаттарды жинай бастаңыз. Тізімін төменге жазамыз. Бәрін өтініммен бірге тапсырасыз. Түпнұсқасын ғана емес, көшірмесін де беруіңіз керек. Германия өкілдігі не сұраса да тапсыруыңыз керек. 

Бір қате кетсе болды, виза берілмей қалады.

3. Құжат тапсыру

Ендігі қадам — құжат тапсыру. Ол үшін елшілікке я консулдыққа белгіленген күні аяқтай барасыз. Сұраған құжаттарды бересіз.

4. Биометрик дерегіңізді тапсырыңыз

Құжат тапсырғаннан кейін биометрик дерегіңізді өткізесіз. Бұл дегеніміз не? Саусақ ізін тапсырып, фотоға түсесіз.

5. Сұхбаттасудан өтесіз

Құжат тапсырғанда өтінім берген адам өкілдік қызметкерінің сұрақтарына жауап береді. Осылай Германия елшілігі я консулдығы сізге сенуге болатынын я болмайтынын анықтайды. Неміс тілінде оқуға барғалы жатсаңыз, сұхбат неміс тілінде өтеді.

Сұхбатта қандай сұрақтар қойылуы мүмкін?

  • Германияда неге оқығыңыз келеді, неге мына университет пен мамандықты таңдаңыз дейді.
  • Түсу үшін жазған эссеңізді тағы бір оқып шығыңыз. 
  • Оқуды бітіргеннен кейін не істейсіз деп сұрауы мүмкін.
  • Ол сұраққа жауап беру үшін не істейтініңізді нақтылап жоспар құрып алыңыз, оны түсіндіруге дайындалыңыз.
  • Университетіңіз орналасқан қала мен облыс туралы ақпаратты, оқу орнының тарихын оқып алыңыз.

Сұхбаттасудан өткендерден бірнеше кеңес:

  1. 1

    Сұхбаттың уақыты шектеулі, сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауап беріңіз.

  2. 2

    Қобалжымаңыз.

  3. 3

    Бір күн қалғанда алкоголь ішпеңіз, ұйқыңызды қандырып баруға тырысыңыз.

  4. 4

    Сұхбатшы үсті-басыңызға да қарайды. Сондықтан дұрыстап киініп барыңыз. Классикалық киім киіп барсаңыз жақсы.

6. Құжат тексеру

Осы 5 кезеңнен өтсеңіз, құжатыңыз тексеріліп жатқаны туралы анықтама аласыз. Германияның студент визасын қарау уақыты 8 аптадан асуы мүмкін. Жалпы, жауабы 4-6 аптада шығуы керек. Құжат тексеру ұзақ жүретін процесс. Құжатыңыздың әр парағы тексеріледі. Неміс өкілдігі қаласа, құжатыңызды ұзақ тексеруі мүмкін.

Визаның статусын (шенген) Visametric сайтынан тексере аласыз. Мына ресми сайтқа кіріңіз де, туған күніңіз бен ЖСН-ды жазыңыз, сонда статус көрінеді.

7. Студент визасын беру

Виза туралы хабар шыққан бойда сізге хабарлама я хат жіберіледі. Беріледі десе, паспортыңызды консулдыққа я елшілікке апаруыңыз қажет. 

Германияның студент визасын алу үшін қандай құжат өткізу керек?

Студент визасын алу басқа шенген визасын алуға ұқсайды. Құжаттары бірдей дерлік. Ұлттық оқу визасын алуға қандай құжаттар керегін айтып берейік. 

Құжаттардың бәрі неміс тіліне аударылып, нотариус растауы керек.

Мыналарды дайындаңыз:

  • Шетел паспорты мен оның 2 көшірмесі. Мерзімі ұшатын күннен кейін кемі алты ай жарамды болуы керек, ішінде ең азы 2 бет бос болуға тиіс. 
  • Германияда ұзақ тұруға анкета тапсырасыз. 
  • 3 түсті фотоңыз. Өлшемі — 35х45 миллиметр. Ең көп дегенде алты ай бұрын жасалған болуы керек. Фон ақ болуға тиіс, ал фотоға ешқандай өзгеріс енбеуі керек. Фотоның 70-80 пайызы бетіңіз болуы керек. Камераға тура қарау қажет. Бас киім киюге, күннен қорғайтын я жарық жібермейтін көзәйнек тағуға болмайды. Бірақ діни сеніміңізге я денсаулығыңызға қарай бас киім киюге болады. 
  • Оқуға түскеніңізді растайтын анықтама: университет, мектеп жіберген шақыру, олимпиадаға я конкурсқа қатысатыныңызды растайтын құжат. Университет қол мен мөр қоюы керек. 
  • Қаражатыңыз жеткілікті екені туралы дәлел. Германияда оқығалы жүрген студенттер неміс банкінде бұғатталған шот ашуы керек. Ішіндегі ақша айына 938 еуро жұмасалады деп есептелуі керек, жалпы сомасы бір жылға жетуі керек. Студент шәкіртақы алса, соны алатыны туралы құжатты көрсетуге тиіс. Студенттің оқуы мен баспанасының ақысын басқа біреу төлесе, одан сізге кепіл болатынын дәлелдейтін құжат керек болады. 
  • Біліміңіздің деңгейі туралы құжат: аттестат, диплом. Әлі де оқып жатсаңыз, сол туралы анықтама.
  • Немісше жазылған, қол қойылған ниет хат (мотивациялық хат). Германияда неге оқыңыз келетінін, одан кейін не істемек екеніңізді, неге студент визасы керегін және оқу аяқталғаннан кейін Германияда ҚАЛМАЙТЫНЫҢЫЗҒА неліктен сенімді екеніңізді жазыңыз.
  • Түйіндеме я автобиография. Түйіндемеде туған күніңіз бен жылыңыз, толық мекенжайыңыз, телефон нөмірі, поштаңыз, біліміңіз я жұмыс тәжірибеңіз туралы мәлімет, басқа тілдерде қай деңгейде білетініңіз тұруы керек. Түйіндеменің өлшемі — бір А4 парағы.
  • Тіл туралы біліміңіздің деңгейі. Оқу неміс тілінде өтсе, Goethe, Telc, ÖSD, TestDaf, DSH, Deutsches Sprachdiplom KMK сертификаттары. Ағылшын тілінде өтсе, IELTS я TOEFL.
  • 3 айға берілген медициналық сақтандыру. Иә, бір жылға алудың керегі жоқ. Себебі Германияға барғанда сақтандыруды жергілікті компаниядан аласыз. Мерзімі ол елде қанша жүретініңізге байланысты.

Құжаттар тізімі кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. Құжат жинар алдында виза агентіңізбен ақылдасыңыз я нақты тізімін неміс консулдығының сайтынан алыңыз.

Айтпақшы, оқуға түскеніңіз расталғаны туралы анықтаманы тапсырмай-ақ та визаға өтінім беруге болады. Бұл виза Zullasung деп аталады. Оның ұлттық визадан айырмасы — Германия сізді студент деп абитуриент деп басқа сома сұрайды. Қай жыл оқитыныңызға қарамастан шотыңызда 9 289 еуро тұруы керек. Консулдық я елшілік сізден анықтаманың қасына неміс университетіне оқу туралы өтінім бергеніңізді дәлелдейтін анықтама керек деуі мүмкін. Абитуриенттерге арналған құжаттар тізімінің толық нұсқасы мына жерде. 

Өтінім беретін адам 18-ге толмаса, кәмелет жасына толмаған саналады. Ондайда мына құжаттарды өткізу керек. 

  • Ата-ана оқуға рұқсат бергені туралы құжат (нотаруис қол қояды);
  • Қорғаншылық құқығы Германия аумағына өтетіні туралы растау хаты
  • Туу туралы куәлік
Әр құжаттың үш экземпляры болуы керек. Түпнұсқасы мен екі көшірмесі. Құжаттарды мұқият жинауыңыз керек. Еш жерде қате болмауға тиіс. Құжаттардың түпнұсқасын елшілік я консулдық тексергеннен кейін қайтарып береді.
Виза құжаттары1-комплект2-комплект3-комплект
Сурет
Сурет жапсырылған өтінім
Медсақтындыру полисі
Оқуға түскеніңізді растайтын хат
Қаражатыңыз бары туралы анықтама, үзінді көшірме
Біліміңіз туралы құжат
Түйіндеме
Ниет эссе (мотивациялық хат)
Шет тілі туралы сертификат (бар болса)
Паспорт
18-ге толмағандарға:
Ата-ананың рұқсаты
Туу туралы куәлік
Қорғаншылық құқығы өтетіні туралы құжат

Шотта ақша барын қалай дәлелдеуге болады?

Дәлелдеу үшін мына құжаттарды көрсетсеңіз болады:

  • Германиядағы бұғатталып тұрған шотта бір жылға жететін ақша бары туралы анықтама (айына 938 еуро).
  • Сонша сома әке-шешеңізде я әкеңізде немесе шешеңізде бары туралы анықтама. Сонымен қатар ата-анаңыз нотаруисқа барып, сізге оқуыңызға демеу болатыны туралы хат жазып беруге тиіс. 
  • Грант алатыныңыз туралы кепілхат. Гранттың мөлшері жаңа айтқан сома болуы керек.

Германияда қалай тіркеліп, тұру туралы ықтиярхат алуға болады?

Германияға барғанда тұру туралы ықтиярхат алу үшін әуелі жергілікті тіркеу органында (Einwohnermeldeamt я Bürgeramt) тіркелуіңіз керек. Тіркелу үшін Германиядағы тұрып жатқан жеріңіздің мекенжайын бересіз. Кейін шетелдіктер істері жөніндегі жергілікті органға барып, тұру ықтиярхатын алуға я мерзімін ұзартуға өтінім жазасыз. Ол жаққа да құжаттар өткізуіңіз керек: паспорт, тіркелгеніңіз туралы анықтама, қаржатыңыз бары туралы анықтама мен оқу орны жіберген шақыру. 

  1. 1

    Einwohnermeldeamt-ке барып, тіркелесіз. Бұл — жергілікті тіркеу органы. Тіркелу үшін Германиядағы мекенжайыңызды бересіз.

  2. 2

    Құжаттарыңызды жинап барыңыз: паспорт, тіркелгеніңіз туралы анықтама, қаржатыңыз бары туралы анықтама мен оқу орны жіберген шақыру.

  3. 3

    Ausländerbehörde деген шетелдіктер істері жөніндегі басқармаға барып, құжаттарды өткізесіз. Тұру туралы ықтиярхат алу үшін өтінім қалдырасыз. 

Ықтиярхат беріледі я берілмейді деген шешім бір айда шығады. 

Ықтиярхаттың арқасында студент Германияда ұзақ оқи алады, тұра алады, белгілі бір сағат жұмыс істей алады, оқуы аяқталғаннан кейін 18 айға дейін ұзарта алады. Бұл уақыт сізге жұмысқа тұруыңызға я тағы тұру ықтиярхатын алуға беріледі. 

Есіңізде болсын, тұру ықтиярхаты тек бергілі бір уақытқа әрі оқуыңызға беріледі. Германияға барған себебіңіз өзгерсе, шетелдіктер ісі жөніндегі басқармаға барып ескертуіңіз керек.

Студент визасының мерзімі

Германияның оқу визасының мерзімі визаның түрі мен оқуыңыздың ұзақтығына байланысты. Ұлттық виза бірінші рет берілгенде 3-6 айға беріледі. Германияға барғанда студент шетелдіктер істері жөніндегі басқармаға барып, тұру ықтиярхатын аласыз я мерзімін ұзартасыз. Ықтиярхат неше жыл оқысаңыз, сонша жылға беріледі. Ары кеткенде 2 жылға беріледі. 4 жыл оқысаңыз, 2-курс аяқталғаннан кейін мерзімін ұзартсаңыз болады. 

Германияның оқу визасының құны

Студент визасының ақысы санатына қарай әртүрлі. Ұлттық виза 75 еуро тұрады. 18-ге толмағандарға 37,50 еуро тұрады. Виза алымы ересектерге 80 еуро, балаларға 40 еуро тұрады. 

Виза берілмесе, қайткен жөн?

Виза беріліп-берілмейтінін Германияның шетелдіктер істері жөніндегі басқармасы шешеді. Құжаттарыңыз бен суретіңізге қарайды. Виза берілмейді десе, оның себебі мыналар болуы мүмкін:

  1. 1

    Өтініш дұрыс толтырылмаған. Жазуыңыз шима, түсініксіз деп, қате кетті деп бермей қалады.

  2. 2

    Құжаттарыңыз түгел емес. Талаптардың бәрі Германия өкілдігінің ресми сайтында жазылады. Құжаттарыңызды соған қарай жинаңыз.

  3. 3

    Ниет хатыңыз біртүрлі. Онда сіз оқудан кейін не істейтініңізді және Германияда неге қалып қоймайтыныңызды жазасыз. Германияда қалғым келеді деп жазбаңыз. Германияда шынымен не істейтініңізді, әсіресе сол елде қалғым келеді дегенді мүлдем айтпаңыз. 

  4. 4

    Қаражатыңыз жетпейді. Қаржыңыз барын дәлелдей алмадыңыз. Айтпақшы, кейде елшілік банктен сіз берген үзінді көшірме шын екенін я емесін сұрауы мүмкін, ал банк оны құпия ақпарат деп бермей қалуы мүмкін. Сонда елшілік қаражатыңыз жетпейді деп виза бермей қалады. 

Виза берілмесе, құжаттарды қайта жинап тапсыруға, өкілдіктің шешіміне шағым жазуға я сотқа беруге болады. Сотқа бермегеніңіз жөн, себебі елшілік Германияға ешқашан кіре алмайды деп тыйым салып тастауы мүмкін. 

Ең дұрысы — неге берілмегенін біліп, құжаттарды соған сай жинап, апарып тапсырыңыз. Виза алуға берген ақша кері берілмейті есіңізде болсын.

Германияның Қазақстандағы консулдығының байланыс ақпараты

Неміс визасын біздің елде Германияның елшілігі мен консулдығы береді. Елшілік Астадана, ал консулдық Алматыда. 

Астанадағы елшіліктің мекенжайы: Космонавтов көшесі, 62. Дүйсенбі-бейсенбі күндері 9:00-ден 13:00-ге дейін ашық тұрады. Телефон нөмірі: +7 7172 791 200.

Алматыдағы бас консулдық Иванилов көшесі, 2-үй. Жұмыс кестесі мынадай:

  • Дүйсенбі-бейсенбі. Бас консулдық 08:00 — 12:00, 12:30 — 17:00 дейін ашық тұрады. Консулдық бөлімі 9:00-ден 12:00-ге дейін ашық болады. Барар алдында жазылып қоюыңыз керек. 
  • Жұма.  Бас консулдық ашық тұратын уақыт — 07:45 — 13:45, ал консулдық бөлімі ашық тұратын уақыт — 09:00 — 12:00. 

Бас консулдықтың телефон нөмірі: +7 727 262 83 41, 262 83 49.

0

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

АҚШ-тың студенттерге арналған визасын қалай алуға болады?

АҚШ-тың студенттерге арналған визасын қалай алуға болады?

Красота природы и уважение истории
17.01.2025

Красота природы и уважение истории