Томатина фестивалі: әйгілі қызанақ мерекесі туралы бар ақпарат

Томатина фестивалі: әйгілі қызанақ мерекесі туралы бар ақпарат
Анықтама 5 мин оқисыз
19.05.2025

Томатина фестивалі: әйгілі қызанақ мерекесі туралы бар ақпарат

Қан қызыл шайқасқа барамыз

Жаз сайын мыңдаған адам Испанияның Бүниөл (Buñol) деген шағын қаласына бір мақсатпен барады. Ол не мақсат десеңіз, бір-біріне қызанақ лақтыру. Бұл ғұрыптың аты — қала көшелерін «қызыл қанға» бояйтын Ла Томатина фестивалі. Осы мақалада Испанияның қызанақ мерекесі қалай өтетінін айтып берейік. 

La Tomatina қайда қашан өтеді🍅

Томатина — Испанияда жыл сайын өтетін қызанақ фестивалі. Іс-шара Валенсия өңірінің Бүниөл деген қаласында өтеді. Онда 9 мың адам тұрады. Испанның қызанақ лақтыру дәстүрін көру үшін Бүниөлге жыл сайын мыңдаған турист барады.  

Қызанақ өсіру — Испанияның, әсіресе Мүрсия мен Андалусияның ауыл шаруашылығының маңызды бөлігі.

Томатина әр тамыздың соңғы сәрсенбі күні өтеді. 2025 жылы бұл күн 27 тамызға түсіп тұр. 

Шайқас таңғы 11-де басталып, 1 сағаттан кейін аяқталады. Шайқасқа дейін де, одан кейін де түрлі концерттер, кештер мен фиесталар өтеді.

Бүниөл қаласы
Бүниөлдің көшелері

La Tomatina мерекесінің шығуы тарихы

Бұрындары Бүниөлде қаланың желеп-жебеуші Әулие Луис Бертранның құрметіне мейрам өтетін. Қаланың жұрты алаңға шығып, месса мен түрлі процессия өткізетін. 1945 жылы «Гигантес және кабесудос» парадында жергілікті жұрт бір-бірімен төбелесіп қалған. Олар қолында қаруы болмағасын бір-біріне дүңгіршектерде тұрған көкөністерді (қызанақтарды та) лақтыра бастаған. 

Полиция тәртіпсіздікті тез тоқтатып, төбелесіп жатқандарды таратып жібереді. Бірақ бұл оқиға жастардың келесі жылғы парадқа қызанақ ала баруына түрткі болған. Билік бұған қанша тыйым салса да, бейресми қызынақ шайқасқа баратындардың саны жылдан жылға арта берген. 

1950 жылдары Бүниөлдің билігі Томатинаны өткізуге тыйым салады. 1957 жылы қаланың халқы қызанақ жерлейміз деп әзіл науқан өткізеді. Оған оркестр мен процессия шақырады. Содан кейін одан да көп жұрт осы дәстүрге назар аудара бастайды, жаны аши бастайды. 

Одан кейін жергілікті билік мереке туралы пікірін өзгертеді. Іс-шараны өткізуге рұқсат беріледі де, Бүниөлдің ресми мерекесі болып бекітіледі. 

Уақыты өте келе La Tomatina-ның танымалдығы қатты артқаны сонша — 1980 жылы оны ұйымдастыру шаруасына Бүниөлдің әкімдігі жауап беретін болады. Содан бері қызанақ фестивалін билік қадағалайды: олар қауіпсіздік ережелерін шығарды, Томатинада атылатын қызанақтарды жергілікті шаруалардан алатын болды. Ол қызанақтар пісіп кеткен, жеуге келмейтін болуы керек. 

Қазір Томатина — өңірдің мәдени мұрасы, оған жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 20 000–30 000 адам барады. Осы фестивальдың арқасында қызанақ Испанияда ас қана емес, көңіл-көтерудің белгісі.

Томатина қалай өтеді

Фестиваль қалай өтеді?

Ла Томатина таңда басталады. Бүниөлдің орталығына көлік кірместей жабылады, ал бас алаң мен оның қасындағы көшелерге тек билет көрсеткендер кіре алады. Билет саны 20 мыңнан аспайды. Себебі көшелерге одан көп адам сыймайды. 

Жаңа біз айтқандай, мереке шайқасқа дейін басталып кетеді: музыка жүріп тұрады, жұрт билей бастайды, шерулер өтеді. Билет алғандардың көбі жақсы орын алып қою үшін алаңға ерте барады. Бұл фестивальға ескі, қоқысқа тастайын деп жүрген киімдерді киіп алып, ал көзге көзәйнек тағып барған жөн. Себебі қызынақтың шырыны мен қабығы жан-жаққа шашырайды. 

Таңғы 11:00-де басталды деген дыбыс белгі беріледі де, қаланың орта алаңына піскен қызанақ тиеген жүк көліктері кіре бастайды. Бұл қызанақтар жұмсақ әрі пісіп кеткен болса да жеуге келмейді. Оларды билік жергілікті шаруалардан сатып алады. Томатина Испаниядағы пісіп кеткен, жарамай қалған қызанақтардан құтылатын мүмкіндік беріп отыр.

Фестивальға жыл сайын 150 тонна піскен қызанақ сатып алынады екен!

Жүк көлігі қызанақтарды шашқаннан кейін бір сағаттан аспайтын шайқас басталады. Жиылған жұрт бір-біріне қызанақ ата бастайды, қан қызыл балшыққа сырғанайды, көңіл-көтереді. 

Бейберекет пен сайранға қармастан қызанақ шайқас қауіпсіздік ережелеріне сай өтеді. Фестивальды ұйымдастырушылардың бас талаптардың бірі — қызанақты лақтырар бұрын қолмен езіп алу керек. Өзгенің киімін жыртуға, қатты зат апаруға болмайды. Мұның бәрін полиция мен еріктілер қадағалайды. 

12:00-де шайқас аяқталды деген белгі дыбыс шығады. Одан кейін қатысушылар уақытша қойылған душтарға барып шомылады я тұрғындардан жай ғана құбыршектен су шаш деп өтінеді. Қып-қызыл болған көшелерді коммунал қызмет тазалайды. Қызанақ шырынындағы қышқылдың арқасында Бүниөлдің асфальт жолдары фестивальға дейінгі күйінен де таза бола түседі. 

Шайқас біткеннен кейін мереке тоқтап қалмайды: қалада концерттер, кештер мен билер жалғаса береді. Томатинаға барғандардың көбі таңға дейін қыдырып жүре береді, ал өзгелері Валенсияның жағажайларына барып шомылады, ал біреулері Испанияның басқа қалаларына жол тартады.

Ла Томатинаға қатысу ережелері

  1. 1

    Фестивальға тек билеті барлар қатыса алады. Орын санаулы — 20 000. Билет әдетте тез сатылып кетеді.

  2. 2

    Қызанақ шайқас бір сағаттан аспай аяқталады. 11-де басталып, 12-де бітеді. Басталарда да, аяқталарда да белгі дыбыс шығады. 

  3. 3

    Ең бастысы — қызанақты лақтырар алдында жұмсарсын деп қолмен езіп-езіп жіберу керек. 

  4. 4

    Қатты зат апаруға болмайды. Шыны ыдыс, бөтелке, рюкзак, таяқ пен басқа да қауіпті болуы мүмкін заттар апаруға болмайды. 

  5. 5

    Қызанақ шайқаста өзгенің киімін жыртуға болмайды. Бұл заңға қайшы. 

  6. 6

    Өзгені, айналаны құрметтеу. Мерекені сіз ғана емес, туристер, тұрғындар да тойлайтынын, оны полиция мен еріктілер қадағалайтынын ұмытпаңыз. Мереке өзара құрмет болуы керек, көңіл-күй көтеріңкі болуы керек деген қағидаға сүйенеді.

Бүниөлдегі қызанақ фестиваліне қалай баруға болады?

2013 жылдан бері Томатинаға билет алып қана қатысуға болады. Орын саны — 20 000. Билетті мына ресми сайттарынан алуға болады:

Бір стандарт билеттің бағасы 15 еуродан басталады. Барам дегендер билеттің өзін ғана я трансфер, гид, жейдеше, күннен қорғар көзәйнек, тамақ пен ресми афтепатидің билеті қосылған турист пакетін ала алады. 

Бүниөл — Валенсиядан 40 шақырым қашық жатқан қала. Оған қаладан баратын бірнеше жол бар:

  • Пойызбен: Valencia Nord вокзалынан Buñol C3 желісімен бару. Пойыз таңда жүре бастайды, жолға 1 сағаттай уақыт кетеді. 
  • Автобуспен: автобустар Estació d'Autobusos de València до Buñol - Av. Dr. Beltran Vaguena 2-ден жүреді. Жолға 1 сағаттай уақыт кетеді, жолақы — 6 еуро. 
  • Көлікпен: Валенсиядан көлікпен шықсаңыз, жолға 40 минуттай уақыт кетеді. Бірақ фестиваль өтетін күні Бүниөлдің орталығы жабық болады, ал көлік қоятын жер тауысылып қалуы мүмкін.


1

0

,