Шетелде жүргенде паспортымнан айырылып қалдым. Не істеуім керек?
Қобалжымаңыз, сабыр танытып, біздің нұсқаулыққа сай әрекет етіңіз
Шетелде жүргенде турист түрлі нәрсеге ұшырауы мүмкін. Мысалы, құжаты жоғалып кетеді не біреулер ұрлап кетеді. Құжатсыз қалған адам барған елінде ұшақ не пойызға міне алмайды, одан қалса қонақүйге жайғаспай қалуы мүмкін.
Паспортыңыз жоғалып қалмасын десеңіз немесе айырылып қалып, оны қайта шығарғыңыз келсе, қайткен жөн? Қазір айтып береміз.
Паспорттан айырылып қалмау үшін саяхатқа шығар алдында не істеген жөн?
№1 кеңес
Паспортыңызды дұрыстап скандап я фотоға түсіріп алыңыз да, суретті өз электрондық поштаңызға не бұлт серверге жолдап қойыңыз. Ең дұрысы, электрондық поштаңызға жіберіңіз (әрине, құпиясөзін ұмытып қалмаған поштаға). Ол суретте барлық дерек пен жарамды виза көрініп тұруы керек. Барған елдің кеденінен өткеннен кейін «елге кірді» деген штампты да поштаға не бұлт серверге жіберіп қойыңыз.
№2 кеңес
Қазақстаннан кетер алдында «төлқұжат жоғалғанда» деген пункті бар сақтандыру полисін сатып алыңыз. Елге қайтқанда сақтандыру компаниясынан паспортты қайта шығаруға кеткен ақшаңызды талап етесіз.
№3 кеңес
Қай елге саяхат шегіп бара жатырсыз, Қазақстан консулдығының сол елдегі мекенжайын жазып алыңыз. Блокнотқа да, телефоныңызға да.
№4 кеңес
Құжаттарыңызды бір жерге салмаңыз: жүргізуші куәлігін, туу туралы куәлікті багажға салыңыз, ал төлқұжатты қолжүкке салыңыз. Біріншісі жоғалғанда, екіншісі жаныңызда болады.
№5 кеңес
Құжаттарыңызға қыдырғанда да ие болып жүріңіз: туристер жиылатын жерге апармаңыз. Дұрысы, қонақүйдегі сейфке салып кетіңіз. Сақтық үшін алып шықсаңыз, киімнің ішкі қалталарына тығып қойыңыз.

Жоғалған не ұрланған паспортты қайта шығару үшін қайда барайын?
1-қадам
Жергілікті полицияға барып, құжатыңыз ұрланғаны не жоғалғаны туралы анықтама алыңыз. Бұл үшін арыз жазасыз. Полиция қызметкерлерінің тілін түсінбесеңіз, аудармашы шақыруды өтініңіз.
2-қадам
Қазақстан елшілігіне барып, елге қайту жөніндегі куәлік алыңыз. Тіпті жаңа паспорт алғым келеді деп арыз қалдырып кетсеңіз болады.
Барған жеріңізде ұзақ қалғыңыз келсе, жаңа паспорт жасатқаныңыз жөн. Оны қайта шығару жолы әр елшілік/консулдық/көші-қон қызметінде әртүрлі болуы мүмкін.
Барған жеріңіз кішігірім қала болса, онда Қазақстан елшілігі не консулдығы ашылмаған болуы әбден мүмкін. Онда астанасына баруға келеді. Кейде бүкіл елдің өзінде елшілігіміз болмауы да ғажап емес. Ондайда сол елге көрші жатқан мемлекеттегі елшілікке хабарласыңыз. Ондағылар сізге не істеу керегін айтып береді.
3-қадам
Құжаттарыңыздың жоғалар алдында көшірмесін жасатпаған болсаңыз, консулдық не елшілік қызметкерлері кім екеніңізді анықтау үшін Қазақстанның көші-қон қызметіне сұрау салуы мүмкін.
Елге қайту туралы куәлік деген не?
Елге қайту туралы куәлік — төлқұжаттың орнына уақытша берілетін құжат. Ол өзге елде жүруге және Қазақстанға оралуға мүмкіндік береді. Куәлік 1 жыл ғана жарамды: ол уақытта сіз елге қайтып үлгеруіңіз керек.
Қайту жөніндегі куәлікті алу үшін не істеу керек?
1
Полицияға барып, құжатыңыз ұрланғаны не жоғалғаны туралы анықтама алыңыз.
2
Қолда бар құжаттарыңызды жинаңыз. Бұлар сіздің кім екеніңізді анықтауға қажет болады: жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік не олардың көшірмесі. Ондай құжатыңыз жоқ болса, кім екеніңізді дәлелдей алатын бірнеше адамды қасыңызға ертіңіз. Ондай таныстарыңыз жоқ болса, консулдық не елшілік көші-қон қызметіне сұрау салуы мүмкін.
3
3,5×4,5 форматты түрлі түсті не қара-ақ екі сурет жасатыңыз.
4
Елшілікке барып, елге оралу жөніндегі куәлік алуға арыз қалдырыңыз. Арызға арналған қағазды сізге елшілік береді. Оны мемлекеттік тіл — қазақ тілінде не орыс тілінде толтыра аласыз.
5
Консул алымын төлеңіз. Оның көлемі әр елге байланысты.

Паспортпен бірге ақшам да, банк карталарым да жоғалса, қайтейін?
Онда бүйтіңіз:
1
Мобайл қосымша арқылы карталарыңызды бұғаттаңыз.
2
Жергілікті таныстарыңыздан банк карталарын бөлісе тұруды өтініңіз. Туыс-достарыңыз соған ақша жіберсін :)
3
Полицияға барып, паспортым жоғалып кетті я ұрланды деп шағым жазыңыз. Ол жақтағылар сізге анықтама-дәлел береді. Соның арқасында кей жерде қоғам көліктеріне тегін міне аласыз, ал кей жерде мемлекеттік шелтерден орын ала аласыз.
Паспорт жоғалса, ары қарай сапар шеге беруге бола ма?
Иә. Кей саяхатшы төлқұжаты жоғалғанын артынан біліп, куәлігін еліне оралар кезде ғана жасатып жатады. Қазақстан билігі азамат басқа қиындыққа ұшырамасын десе, куәлік алған бойда елге қайтқаны жақсы дейді.
Құжаттар қонақүйге жайғасарда, сим карта аларда, барған елді ұшақ не пойызбен араларда қажет болады.
Төлқұжатсыз билетті қалай алуға болады?
Онда елге оралу туралы куәлікті көрсетесіз. Бәрі билет алғалы отырған әуе компаниясына байланысты.
Бастысы — тікелей билет алыңыз. Ұшақ ауыстырып, тағы бір тіркеуден, құжат тексеруден өткенде мәселе туындамасын.
Қорытынды
Жоғалған құжатқа бола дүрлікпеңіз, сабыр сақтаңыз. Осы нұсқаулықта айтылғандардың бәрін орындаңыз: құжаттардың көшірмесін шығарып алыңыз, нотариусқа қол қойдырыңыз, Қазақстанның елшіліктері мен консулдығының мекенжайын блокнотқа не телефонға түртіп алыңыз.
3
0