Қолжүкке қатысты қандай ережелер бар?
Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?
Саяхаттағанның бір кем жері шабадан арқалап жүру шығар. Әсіресе бір барғанда бірнеше қаланы аралағыңыз келсе, үнемі жүк тасып жүргің келмейді. Сондықтан қазір жұрт багажсыз сапар шеккенді жақсы көреді, сөйтіп бар жүгін қолжүкке салады. Ыңғайлы әрі тиімді амал негізі, себебі лоукостерлер сататын багажсыз билет қазір әлдеқайда арзан тұрады.
Қолжүкке не салуға болады, сөмке көлемі қандай болуы керек, нені алып жүруге болмайды? Қазір айтып береміз.
Қолжүк өлшемі
Әр тасымдалшының қолжүк өлшеміне қатысты талабы әртүрлі болады. Жалпы, көбінде 55*44*20 сантиметр болуы керек деген ереже бар. Ондай сөмке борттағы жоғарғы сөреге оп-оңай сыяды.
Әуе компаниясы | Габарит (см) | Салмақ (кг) | Ескертпе |
Air Astana | 56x45x25 | 8 | Бизнес класында ұшатындар бортқа екі қолжүк ала алады. |
SCAT | 55х40х20 | 5 | Багажды тариф немесе екі багажы бар тариф алсаңыз, 10 келі қолжүк ала аласыз. |
Qazaq Air | 40х25х20 | 5 | Ұшарға 90 минут қалғанда компанияның сайтынан немесе тіркеу үстеліне барып қолжүгіңіздің салмағын 10 келіге дейін арттыра аласыз. 90 минуттан аз уақыт қалса, әр артық келі үшін 900 теңге төлейсіз. |
FlyArystan | 56x23x36 | 5 | 10 келіге дейін үлкейтілген қолжүк бар тариф алсаңыз болады немесе компанияның сайтынан Freedom Travel (Авиата) қолдау қызметі арқылы багажыңыздың салмағын ұлғайтсаңыз болады. Қызметтің ақысы тариф шарттарына байланысты. |
Aeroflot | 55x40x25 | 10 | Бизнес класында ұшатындардың қолжүгінің салмағы 15 келі болады. |
Turkish Airlines | 55x40x23 | 8 | |
Etihad Airways | 55x40x25 | 7 | Бірінші класс пен бизнес класында отыратындар салмағы 12 келіге дейінгі қолжүк алып жүре алады. |
Belavia | 55x40x25 | 5 | |
МАУ | 55x40x20 (1), 30x40x10(2) | 7 | Economy Lite тарифі: алысқа ұшатын рейске екі қолжүк алуға болады (7 келі және 5 келіге дейін). Орташа қашыққа ұшатын рейстердің бизнес класында (12, 5 келі) екі шабадан алып жүруге рұқсат берілген. Алысқа ұшатын ұшақтың бизнес класына билет алғандар 15 және 5 келілік екі сөмке ала алады. |
S7 | 55×40×23 | 15 | Бизнес класына 15 келіге дейінгі қолжүк алуға болады. |
LOT | 55×40×23 | 8 | Бизнес класына 9 келі 2 қолжүк алуға болады. |
AZAL | 55x35x20 | 10 | Бизнес, VIP және Комфорт кластарының жолаушылары 2 қолжүк ала алады. |
Finnair | 55x40x23 | 8 | Бизнес жолаушыларының 10 келі қолжүк алып жүруіне рұқсат берілген. |
Wizz Air | 55x40x23 | 10 | |
SkyUp | 1) 55х40х20, 2) 35х20х10 | 1) 9, 2) 5 | 1) Тариф Economy Standard 9 келі + 5 келі, 2) Тариф Economy Flex 9 келі + 9 келі |
AirArabia | 55х40х20 | 10 | |
FlyDubai | 55x38x20 | 7 | Бизнес класы — 14 келі |
Lufthansa | 55×40×23 | 8 | Бизнес класы мен бірінші класс — екі қолжүк. |
Asiana | 55x40x20 | 10 | |
Uzbekistan Airways | 56x45x25 | 10 |
Бұдан бөлек, әуе компаниялары бортқа артық зат алуға жиі рұқсат береді: сырт киім, портфель, кішкентай әйелдер сөмкесін, дүти фри пакеттерін, балдақ, таяқ, фотоаппарат, жиналмалы арба, костюм немесе гүл бумасын.
Қолжүкке не салуға болады?
Жолаушылар қолжүгіне әдетте жеке заттарын салады: планшетін, кітабын немесе ыңғайлы жастығын. Бортқа техникадан басқа тағы не алуға болады?
Сұйықтық
Тасымалдау ережелеріне сүйенсек, қолжүкке салынатын кез келген сұйықтықтың көлемі 100 миллилитрден аспауы керек. Оны көлемі 1 литрден аспайтын түссіз пластик пакетке салуға тиіс.
Сұйықтық дегеніміз төгілетін кез келген зат: сусын, йогурт, тосап, әтір, сусабын, қырынуға арналған көбік, кірпікке арналған сүрме. Бірақ бұлардың қатарына сұйық дәрілер мен балалар тамағы жатпайды. Алайда оларды бортқа толтырып алудың қажеті жоқ. Ұшқанда жететіндей алсаңыз болды.
Тамақ
Әуе компаниялары тамаққа көп шектеу қоя бермейді. Бірақ бәрібір көлемі нормадан асқан сұйықтық пен тез бұзылатын тамақты өткізбейді. Сондықтан тек печенье, жеміс-жидек, шоколад, сендуич, кәмпит, жаңғақ пен қақталған жеміс алғаныңыз жөн.
Дәрі-дәрмек
Жаңа айтқанымыздай, кез келген сұйық дәрінің көлемі 100 миллилитрден аспауы керек, сондықтан тек жолда ішетін дәріңізді алыңыз. Қызметкерлер дәрі бортта қажет болатынын дәлелдеңіз десе, дәрігердің жазған дәріқағазын көрсетіңіз.
Дәрілер өз қаптамасында болуы керек. Дәріқағазға сай берілетін дәрілердің қағазын алып жүріңіз. Оған қоса, дәріңізді барғалы жатқан елде ішуге рұқсат берілген бе, жоқ па, ол жағын да біліп алғаныңыз абзал. Рұқсат етілмеген болса, үйде/әуежайда тастап кетіңіз, кейін барған соң жергілікті баламасын іздеп тауып алыңыз.
Қолжүкке не салуға болмайды?
Қолжүкке салуға болмайтын заттар тізімі барлық дерлік жерде бірдей. Мыналар қолжүк бола алмайды:
- аэрозоль, газ балондар;
- тез тұтанғыш сұйықтықтар;
- жарылғыш, токсик, радиоактив, ащы иісті, күйдіргіш, улы заттар;
- қару-жарақтың кез келген түрі;
- штопор;
- тоқыма біз;
- қайшы;
- бәкі;
- сынап қызуөлшегіш.
Қолжүкке не салам деп ойланғанда әуелі әуе компаниясының ережелерін оқып шығыңыз. Тексергенде көрмей қалады демеңіз, бортқа апаруға тыйым салынған заттарды қызметкерлер бәрібір багажға жібереді. Билетіңіз багажсыз болса, сол жерде багаж ақысын төлеуге тура келеді. Ал багажды әуежайда сатып алу ертерек (онлайн) алып қойғаннан әлдеқайда қымбат болады.
Забирали ли у вас что-нибудь из ручной клади на предполетном досмотре?
13
0