Логотип

Қолжүкке салатын бала тамағына қатысты ережелер: ұшақта балаға не беруге болады?

Қолжүкке салатын бала тамағына қатысты ережелер: ұшақта балаға не беруге болады?
Анықтама 7 мин оқисыз
30.09.2024

Қолжүкке салатын бала тамағына қатысты ережелер: ұшақта балаға не беруге болады?

Сапардың шырқы бұзылмасын десеңіз, балаңыз тоқ болсын

Баламен бірге саяхатқа шыққанда ата-ана жолға дұрыстап дайындалуы керек, әсіресе тамақ жағынан жөнді қамдануы керек. Баланы ұшақта дұрыс тамақтандыра алсаңыз, сапарыңыз жақсы өтті деген сөз. 

Сондықтан ұшар алдында қолжүкке балаға арнап қандай тамақ салып алу керегін айтып береміз.

Ұшаққа бала тамағын кіргізуге бола ма?

Иә, бала тамағын, тіпті көлемі нормадан асқан бала сұйықтығын да ұшақ салонына кіргізуге болады. Мысалы, сүт, қоспа, езбе мен балаға арналған басқа да тамақтар. 

Бала тамағын ұшақ бортына кіргізуге қатысты негізгі ережелер

  1. 1

    Сұйықтық көлемі. Сұйықтық көлемі (ең көп дегенде 100 миллилитр және бір жолаушыға ең көбі 1 литр) туралы шектеулер балалар тамағына қатысты емес. Балаға ұшақта (тіпті рейс кідіргенде) қанша сұйықтық керек десеңіз, сонша сұйықтық ала аласыз. 

  2. 2

    Қаптама. Балалар тамағы өз қаптамасында тұруы керек. Дайын қоспа мен кәдімгі сүтті арнайы бөтелкеге я контейнерге құю керек, ал оның аузы тез ашылып, тез жабылуы қажет. 

  3. 3

    Тексеріс. Қауіпсіздік тексерісі кезінде әуежай қызметкерлері балалар тамағын шығартып алып, арнайы детектормен тексереді. Детектор тамаққа түк те әсер етпейді. 

  4. 4

    Су. Балаға су алғыңыз келсе, керек көлемін алыңыз. Алаңдамаңыз, су көлемі нормадан асып кетсе де өте береді. Қаптамасына бола уайымдамаңыз. Өз бөтелкесінде тұрса да, арнайы термосқа құюлы тұрса да, ешкім ештеңе демейді. 

  5. 5

    Көлеміне қатысты кеңес. Бала тамағының көлеміне шектеу қойылмаса да ұшқанда, рейс кідіргенде жететіндей алыңыз. 

  6. 6

    Ұшақтағы көмек. Көп жерде бортсеріктер баланың қоспасын араластыруға деп ыстық су береді я тамағын ысытып береді. Десе де мұны әуе компаниясынан алдын ала нақтылап алғаныңыз жөн.

  7. 7

    Арнайы балалар жиынтығы. Кей әуе компаниясының кішкентай жолаушыларына беретін жиынтығы болады. Онда езбе, шырын мен сүт қоспа болады. Керек десеңіз, билет брондарға я тіркелерде тапсырыс бере аласыз.

Балаға қандай тамақ алған жақсы?

0-3 жасар бала

Әуе компанияларының көбі үшке толмаған баланың тамағы мен ішетініне шектеу қоймайды. Бала емшек баласы болса да, езбе, шырын сияқты қосымшы тамақ алғаныңыз жақсы. Себебі кей бала жолда сүтке тоймай тынымсызданады. 

1. Сүт пен сүт қоспалар

  • Сүт. Оны кез келген көлемде алуға болады. Бөтелкеге я аузы қатты жабылатын контейнерге құйып алыңыз. Қатырылған түрін де, сұйық түрін де алуға болады.  
  • Сүт қоспа. Су араласқан түрін де, құрғақ түрін алып жүруге болады. Құрғақ ұнтақты ұшақта бортсеріктен ыстық су сұрап алып араластыруға болады. Су араласқанын бөтелкеге құйып алу керек. Құрғақ қоспаны порция контейнерге салған абзал.

2. Езбе

  • Жеміс-жидек пен көкөністен, мал еті пен балық етінен жасалған езбе. Өз ыдысында тұрған жақсы. Қолдан жасалған езбені де ала аласыз. Бірақ оны аузы жақсы жабылатын контейнерге салыңыз. Дүкеннен алғаныңыз өз банкасында я пакетінде тұрғаны жақсы. 
  • Ботқа мен дақыл қоспа. Құрғақтай алыңыз. Ұшақта ыстық су қосып араластырасыз. Дайынын аламын десеңіз, контейнерге салыңыз.

3. Сусындар

  • Су. Ішуге де, қоспаға құюға да алуға болады. Емшектегі балаға арналған су алсаңыз болады. Бастысы су өз бөтелкесінде тұруы керек. 
  • Шырын. Өз ыдысында я бөтелкесінде тұруы керек. 
  • Шай. Балаға шай беремін десеңіз, қалташа түрін алсаңыз жақсы. Ұшақта ыстық суға малып бересіз. Дайынын бөтелкеге құйып алыңыз.

4. Арнайы тамақтар

  • Печенье, снектер. Балаларға арналған тіскебасар печенье, қытырлақ нан, таяқшалар бітеу қаптамада тұруы керек. 
  • Йогурт пен сүзбелер. Көлемі аз, аузы жақсы жабылатын ыдыста тұрса жарайды. Ұшқанда жететіндей қылып алыңыз.

Үштен асқан балалар

Үштен асқан балаға арналған тамаққа қатысты ережелер де қатал емес. Десе де тамақ тасу туралы жалпы ережелерге бағынған жөн. Бірақ баланың қалауын да ескерген абзал. 

  • Құрғақ тіскебасарлар өз қаптамасында я бітеу контейнерлерде тұрғаны жақсы: печенье, қытырлақ нан, крекер, жеміс-жидек, жаңғақ, қақталған жеміс. 
  • Баланың сусынын кішкентай бөтелкеге құйып алыңыз;
  • Жүрек жалғауға арналған тамақ алғыңыз келсе, тез ашып кететін нәрсе алмаңыз. Мысалы, ірімшік салынған я джем жағылған бутерброд салып алыңыз. Өзге ата-аналардан бір кеңес: ұшаққа сәбіз я қияр тілімдерін ала кетіңіз. 
  • Йогурт, пудиң, сүзбелі тәттілерді аз-аздан алыңыз. Олар да өз ыдысында тұрған жақсы.

Ұшақта балаларға арналған мәзір бола ма?

Рейстердің көбінде балаға тамақ тегін беріледі. Екіден асқан балаға да, емшектегі балаға да тегін беріледі. Мысалы, Air Astana-да балаға тамақ тегін беріледі, ал лоукост FlyArystan-да тегін берілмейді. Сондықтан оның бағасын әуе компаниясынан анықтап алуыңыз керек. 

Әуе компаниясыБалаларға арналған мәзір
Air AstanaҮш сағаттан аса ұшатын рейстерде 2-12 жасар балаларға арналған мәзір бар. Оған картоп езбесі салынған тауық еті, соус құйылған макарон, жеміс десерт пен шырын кіреді. Тамақты ұшарға 24 сағат қалмай алдыруыңыз керек.
Turkish AirlinesБалаларға арналған мәзірі мынандай: тауық наггетсі, макарон, көкөніс езбесі, снектер мен шырын.
EmiratesБалалар мәзірінде мыналар бар: тұздығы бар макарон, мини бургерлер, картоп езбесі, жеміс езбесі, уафыл (вафля), йогурт.
Qatar AirwaysКөкөніс қосылған тауық, ірімшікті паста, жеміс-жидек, шырын ұсына алады. Ойыншық боксын да сыйлауы мүмкін.
Etihad AirwaysМини бургер, қызанақ тұздығы қосылған паста, көкөніс езбесі мен жеміс-жидек беріледі. Кейде ойын-сауық жиынтығы да тарту етіледі. 
LufthansaЕкіден аспаған балаларға банкаға құйылған тамақ береді, мысалы, езбе береді. Ал екіге толғандарға паста, пицца, тауық наггетсі, жеміс-жидек қосылған мәзір ұсынылады.
KLMБалалар тамағына көкөніс қосылған омлет, тұздық қосылған макарон, жеміс-жидек пен йогурт кіреді. Сәбилерге банкаға құйылған тамақ береді. Екіден асқандарға ойыншықтар бар арнайы қорап беріледі.
Singapore AirlinesБалалар мәзірінен картоп езбесін, макарон, көкөніс я жеміс езбесін, йогурт пен шырын алдыра аласыз. Бірақ билет брондағанда тапсырыс беріп қоюыңыз керек.
British AirwaysМәзірге ірімшік қосылған макарон, картоп езбесі қосылған тауық еті, көкөніс пен жеміс кіреді. Сәбилерге езбе мен шырын беріледі.
Air FranceБұл әуе компаниясы Франциянікі болғасын, француз тамақтарын береді, мысалы, ірімшікті паста, картоп езбесі қосылған тауық еті мен жеміс мусы. Екіге толмаған балаларға банкадағы тамақ беріледі.
АэрофлотБалалар мәзірінде мыналар бар: екіден аспағандарға езбе, ет пен жеміс қосылған тамақтар, ал 2-12 жасарларға котлет, макарон, йогурт, тәтті.

Ата-аналардың бала тамағына қатысты ақыл-кеңестері

  1. 1

    Балаға керектің бәрін қағазға тізіңіз. Қанша қоспа, езбе, снек, су керегін жазыңыз. Рейс кідіруі мүмкін екенін де есіңізден шығармаңыз.

  2. 2

    Баланың тамағын ертерек алдырыңыз. Әуе компаниясы балаға тамақ береміз десе, билет брондағанда я ұшарға 24-48 сағат қалғанда тапсырыс беріп қойыңыз. Балаңыздың тамағы әуежайда өтпей қалса, сізді әуе компаниясы беретін ас-су құтқарады. 

  3. 3

    Тамақтарды дұрыстап салып алыңыз, ораңыз, қаптаңыз. Ұшқанда желінетін бала тамағы өз қаптамасында тұруы керек. Сонда ашып кетпейді, тексеріс кезінде мәселе тумайды. Құрғақ қоспаны порция-порция қылып кішігірім контейнерлерге салыңыз. 

  4. 4

    Негізгі тамақты екі-үш порцияға бөліңіз. Баланың қарны ашқанда шығарып бергенде қолайлы болады. Тамақты оңай ашылып-жабылатын ыдысқа салыңыз.

Тексеріс кезінде

  1. 1

    Тексеріске дайын болыңыз. Баланың тамағын қолжүктен шығарып, пакетке салыңыз. Қызметкерлерге балаға арналған тамақ барын ескертіңіз. Сонда уақытыңызды үнемдейсіз.

  2. 2

    Ережелерге бағыныңыз. Сұйықтыққа қатысты шектеулердің бала тамағына қатысы болмаса да, қызметкерлер арнайы аппаратпен жіті тексеруі мүмкін. Оны бөлек пакетке салыңыз дегеніміз де содан. 

  3. 3

    Растайтын құжаттар. Балаға арнайы тамақ керегін дәлелдеу үшін құжат керек болып қалуы мүмкін. Мысалы, баланың аллергиясы барын я ауыратынын дәлелдейтін анықтама. Оны дәрігерден аласыз.

Ұшқанда

  1. 1

    Баланың тамағы жаныңызда болсын. Суын, тамағын, снегін қолжүктің бергі жағына қойыңыз. Керек болғанда суырып алып, бере бересіз. 

  2. 2

    Тамақты жылуын ұстап тұратын контейнерге салыңыз. Ыстық тамақты я ыстық су араласқан қоспаны термосқа я термо бөтелкеге құйыңыз. Суып қалып жатса, бортсерікке айтып, ысытып алуға болады. 

  3. 3

    Баланың тамақ ішу кестесі сол күйі қалсын. Ұшқанда тынымды болсын десеңіз, қашан ішіп-жейтінін қадағалаңыз.

Бала тынымсыз болса, қайтпек керек?

  1. 1

    Баланың күнде жеп жүрген тамағын алыңыз. Жылап, шулағанда бала үйренген тамағын көргенде тыныштала қалады. 

  2. 2

    Ойыншықтар. Күнде ойнап жүрген ойыншықтарын да ала кетіңіз я мультфильм қаратыңыз.

Тағы бір-екі кеңес

  1. 1

    Әуежайда балаға арналған тамақ бар-жоғын біліп алыңыз. Тамағыңызды жоғалтып алғанда я бір жерде ұмытып кеткенде балаңыз аш қалмауы керек. 

  2. 2

    Баланың аллергиясы мен диетасына мән беріңіз. Бала аллергиялы болса я диетаға отырса, тамағын соған сай дайындаңыз.

Баланың жасына қатысты нюанс

  1. 1

    Нәресте (0-1 жас). Сүтіңізді я сүт қоспаны ұшқанда жететіндей қылып алыңыз. Баланың емізігі мен бөтелкесі жаныңызда болсын. 

  2. 2

     Бүлдіршін (1-3 жас). Бала үйде жеп жүрген езбесін, ботқасын, снегін салып алыңыз. Тамақ ашып кетпесін деп оны бітеу табаға салыңыз.

  3. 3

    Үштен асқан бала. Жеңіл-желпі тамағын, бутербродын, жеміс пен сусынын алыңыз. Ұшқанда бала түрлі тамақ жегені жақсы, бірақ асқазанына салмақ түспеуі керек.

2

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

ҚР заңы, керек құжаттар, мерзімі мен бағасы

ҚР заңы, керек құжаттар, мерзімі мен бағасы

Рассказываем, как не сойти и свести всех с ума в полете
15.09.2023

Рассказываем, как не сойти и свести всех с ума в полете

Осы айдардан: