Шетелге бірінші рет барғалы тұрмын. Не білуім керек?
Елден жырақ жүргенде адасып кетпеудің амалы
Шетелге бірінші рет барар алдында түрлі қам пайда болады. Билетті қайдан алу керек, қандай көрікті жерлерге баруға болады, алаяқтарға алданып қалмаудың амалы қандай, тағы басқа. Бірінші рет өзге елге аттанғалы тұрған турист не білуі керегін осы мақалада айтып бердік.
Билет аламыз
Билетіңізді Freedom Travel (Авиата)-дан аласыз деп үміттенеміз :) Ол үшін сайт немесе қолданбамызды ашып керек дата мен барар жеріңізді таңдауыңыз керек. Билетті брондағаннан кейін ақысын төлейсіз. Кейін билет жеке кабинетіңізде сақталады, тағы бір көшірмесі поштаңызға жіберіледі. Билет алғанда қосымша багаж, СМС хабарлама мен сақтандыру сатып алуға болады.
Тұратын жер табамыз
Шетелде не көп? Жалға берілетін баспана көп: қонақүй, пәтер, виллалар, тағы басқа. Бюджетіңізге қарай таңдай беріңіз. Айтпақшы, баспана іздеудің амалы Букиң ғана емес.
Мына жерде біз баспана табуға көмектесетін түрлі сервистерді тізіп шықтық.
Заттарымызды жинаймыз
Жолға көп дүние алудың керегі жоқ: бәрібір оның көбін пайдаланбайсыз. Мысалы, 10 киім алғанша, 5-ақ киім алыңыз.
Әуежайға барып, ұшаққа мінеміз
Бірер кеңес:
әуежайға ұшарға 3-4 сағат қалғанда барыңыз. Рейсіңіздің нөмірі мен статусы үлкен экранда жазылып тұрады. Әуежайға ерте барсаңыз, рейсіңіз көрінбеуі мүмкін.

рейске тіркеліңіз, кеден тексерісі мен құжат тексеруден өтіңіз;
Қысқаша айта кетсек:
Бұл процедуралар туралы қысқаша айта кетейік:
Кеден тексерісінен шетелге қару-жарақ, қомақты ақша, есірткі тектес зат, антиквариат алып бара жатқандар өтеді. Жаныңызда осындай зат болса, Қызыл дәлізден өтіп, декларация тапсыруыңыз керек. Болмаса Жасыл дәлізден өте бересіз.
Рейске тіркелу — отырғызу талоны берілетін процеруда. Талонда ұшақтағы орныңыз, ұшаққа шығатын есік (гейт) пен өзге де деректер жазылады. Топ болып ұшып бара жатсаңыз, паспорттарыңызды бірге беріңіз. Бір-бірлеп берудің қажеті жоқ. Тіркелерде багажыңызды өткізесіз.
Құжат тексеру — ең соңғы процедура. Жолаушылар құжат тексеретіндерге бір-бірлеп баруы керек, паспорты мен отырғызу талонын көрсетеді. Қызметкерлер көзәйнегіңізді, бас киіміңіз бен маскаңызды шешіңіз деп талап етуі мүмкін. Қорықпаңыз, алдында тұрған шынымен сіз екеніңізге көз жеткізу үшін бүйтеді.
- қолжүк тексеруден, металлдетектормен тексеруден өтіңіз;
- күту залында демалыңыз я duty free аймағына барып, бір нәрсе сатып алыңыз. Duty free — салықсыз заттар сатылатын аймақ, көбіне тек доллар не еуро қабыладанды;
- мінетін уақыт жақындағанда есігіңізге барыңыз (нөмірі отырғызу талонында көрсетілген).
Енді ұшаққа мініп, ұшасыз.
Қонғаннан кейін жаңа өткен процедуралардан тағы өтесіз, бірақ бұл жолы керісінше өтесіз: құжат тексеру — кеден тексерісі — багаж алу.
Егер виза маркасын қоятын немесе келгенде ғана виза беретін елге барғалы жатсаңыз, қолма-қол ақшаңызды дайындап қойыңыз. Кей елде көші-қон картасын толтыруыңыз керек болады. Оған паспорт, қонақүй деректерін жазуға тиіссіз.
Қонақүйге барып, жайғасамыз
Әуежайдан қонақүйге қалай баратыныңызды ойластырып қойыңыз. Қоғамдық көлікке багаж ұстап мінгіңіз келмесе, такси я қонақүйдің трансферін шақырыңыз. Ол жағын Қазақстанда жүріп ұйымдастырып қойғаныңыз жақсы.
Қонақүйге барғанда әкімшісіне паспортыңызды көрсетесіз. Ол соған қарап базада бар-жоғыңызды тексереді. Airbnb пәтерін жалға алған болсаңыз, тіркеу процесі әртүрлі болады. Біреу үйдің кілтін өзі келіп тапсырады, ал кейбірі кілт тұрған жерді айтады.
Демалыстан ләззат аламыз
Бірінші рет саяхатқа шығу — уайымға толы нәрсе. Кей нәрсе ойдағыдай болмауы мүмкін, бірақ бұған бола қапаланудың керегі жоқ. Бастысы — демалыстан ләззат алыңыз. Көп қыдырыңыз, танысыңыз, араласыңыз, жаңа тамақ жеп көріңіз. Уақытыңызды көңілді өткізіңіз.
Мақала пайдаңызға жарады ма?
0
0