Логотип

Тбилисиде қоғамдық көліктер қалай жүреді?

Тбилисиде қоғамдық көліктер қалай жүреді?
Анықтама 4 мин оқисыз
29.04.2022

Тбилисиде қоғамдық көліктер қалай жүреді?

Тбилисиді көп ақша жұмсамай аралаңыз

Тбилиси — Грузияның астанасы. Ол жаққа жыл сайын көп Қазақстан азаматы баратындықтан осы мақалада қаланың қоғамдық көлігі қалай жүретінін айтып бермекпіз. Оқып, пайдаңызға жаратыңыз. 

Бұл қалада қоғам көлігінің ақысын қолма-қол я Metromoney картасымен төлейсіз.

Қалада жүретін автобустар

Автобустар қаланың ішінде айтарлықтай жиі жүреді, бір шетінен екінші шетіне барады және ақысы онша жоғары емес. Олар тек аялдамаға барып аялдайды, сондықтан бағдаршамның жанында тұрған автобустың тезересін қағудың керегі жоқ. Жүргізуші бәрібір ашпайды. 

Қаланың орталығында көше аттары грузин және ағылшын тілінде жазылған. Бірақ қаланың шет жағында тек грузинше көрсетілген. 

Жолақысы — 50 тетри (0,5 лари), бізше 70 теңге. Карта сатып алмасаңыз, қалтаңызда 50 тетри болсын. Себебі автобус аппараты артық төленген ақшаның қалғанын қайтармайды. 

Автобус таңғы 6-дан түнге 12-ге дейін жүреді. Толық кестені мына жерден көріңіз.

Мини автобустар

Мини автобустардың түсі сары я көк, ал жүретін бағыты өзгеше болады. Олар, мысалы, Тбилисидің шет жағындағы аудандарға барады. Ескере жүріңіз: ондай автобустардың бағыты грузинше жазылады, сондықтан аудармасын айналаңыздағы грузиндерден сұрағаныңыз жөн.

Жолақыны Metromoney картасымен де, қолма-қол да беруге болады. Ақысы — 50 тетри мен 1 ларидің арасы. 

Минибастар таңғы алтыдан түнге 12-ге дейін жүреді. 

Мынау — Тбилисидің автобус бағыттары туралы ресми сайты. Сайт грузинше жазылған. Бірақ ағылшынша аудармасын оқып, арнайы іздеу жүйесінің көмегімен керек бағытты тауып алыңыз (Route Scheme).

Метро

Тбилиси — Грузияның метросы бар жалғыз қаласы. Метроның тек екі тармағы бар, бірақ онымен қаланың кез келген жеріне жетуге болады. Бекеттердің атауы ағылшынша жазылған. 

Тбилиси метросымен қаланың орталығынан теміржол вокзалы, Дидубе автовокзалы мен Ортачала автовокзалына баруға болады.  

Пойыз адам көп болғанда үш минут сайын, ал қалған уақытта 10-12 минут сайын жүреді. 

Жолақыны Metromoney-мен төлейсіз. Ақысы — 50 тетри. Метро таңғы алтыдан түнгі 12-ге дейін істейді.

Аспажол

Тбилисидің аспажолы қоғамдық транспорт болып есептеледі. Қалада оның екеуі бар. Біріншісі орталықтан Нарикала қамалына дейін барады. Ол жақтан Картли ана монументі мен ботаника саябағын көруге болады. Жолақысы — 2,5 лари. Тек Metromoney картасымен төлейсіз. Аспажол 11-ден 23:00-ге дейін істейді. 

Екінші аспажол Тасбақа көліне дейін барады. Туристер көп бара бермейді бұл аспажолға. Бірақ жергілікті жұрт арасында танымал. Жолақысы — 1 лари. Тек Metromoney картасымен төлеуге болады. Таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жүреді.

Фуникулер

Фуникулер Мтацминда тауына шығады. Орта жолда атақты Пантеонға соға кетуге болады. Фуникулердің үш бекеті бар: Төменгі, Пантеон, Мтацминда. 

Ақысын арнайы картамен төлейсіз. Ондай карта кассада сатылады. Ақысы — 2 лари. Ал жолақысы — 2,5 лари.

Metromoney картасы

Metromoney — қоғамдық транспорт картасы. Онымен сіз автобус, минибас, метро мен аспажол ақысын төлейсіз. Бір картаны бірнеше адам қолдана алады. 

Metromoney картасы метро бекеттері мен аспажолдардың кассасында сатылады. Аларда кепіл (2 лари) қалдырасыз, паспорт көрсетпейсіз. Сізге түбіртек беріледі. Кепіліңізді кері алғыңыз келсе, оны сақтап қойыңыз. 

Картаны метро бекеттерінде, аспажол мен Грузия банкінің терминалдары мен сервис орталықтарында толтыра аласыз. 

Айтпақшы, картаның бірнеше басымдығы бар. Мысалы, метро я автобус ақысын төлесеңіз, тағы бір жарым сағат ішінде тағы да автобус я метроға тегін міне аласыз. Минибастарға қатысты мұндай ереже жоқ.

Тбилисиді қалай аралаған едіңіз?

9

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Тамақ, баспана, жол, ойын-сауық пен экскурсияға аз ақша жұмсаймыз

Тамақ, баспана, жол, ойын-сауық пен экскурсияға аз ақша жұмсаймыз

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид
11.04.2022

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид

Ең танымал әрі сынақтан өткен сайттар мен қолданбалар

Ең танымал әрі сынақтан өткен сайттар мен қолданбалар