Ұшақ ішінде темекі шегуге бола ма?
Борттағы ең басты тыйым туралы әңгіме
Бортта темекі шегуге өте қатаң тыйым салынған. Темекіні де, вейпті де, айқысты (айкос) да шегуге болмайды. Шексеңіз, көп айыппұл салынады. Бірақ бұрында ұшақ ішінде темекі шегуге рұқсат беріліп келген: жолаушы орнынан тұрмай-ақ та темекі шеге беретін болған.
Ұшақта темекі шегу ережелері неліктен өзгерді? Қазір қандай заңға бағыну керек және темекі шексеңіз, қанша айыппұл төлейсіз? Осы сұрақтардың жауабын біздің мақаладан оқыңыз.
Ұшақ салонында темекі шегу бола ма?
Жоқ, болмайды, қазір ешбір әуе компаниясы бортында темекі шектірмейді. Бұл әуе компанияларының ғана емес, халықаралық авиация органдарының талабы.

Темекі шегуге неге тыйым салынған?
Өрт шығуы мүмкін
Жабық кеңістікте сөнбеген бір темекі өрт шығыруы әбден мүмкін, оны сіз ұшып бара жатқанда лезде өшіре алмайсыз.
Оттегі жүйесінің қауіпсіздігі
Ұшақ бортында от пен түтінге сезімтал оттегі баллондары мен ауа беру жүйесі болады. Кез келген ұшқын өртке, жарылысқа түрткі болуы мүмкін.
Экипаж мүшелерінің және жолаушылардың денсаулығы
Темекіден шыққан түтін вентиляция арқылы басқа жолаушыларға да тарайды. Олардың арасында аллергиясы, астмасы барлар да бар. Біреу сау болса да темекі иісін жақтырмауы мүмкін. Иісі жоқ электрон темекі шегуге де тыйым салынған.
Бұрын темекі тартуға рұқсат берілген бе? Шылым шегуге қатысты тыйымның тарихы
1980–1990 жылдары ұшақ бортында темекі шегу абсолют норма болған. Тіпті әуе компаниялары жарнамаларында ұшақ ішінде темекі шегіп отырған жолаушыларының суретін қолданған. Ал рейстерде темекі тегін берілген, темекі шегемін десеңіз, бортсеріктер күлсауыт пен сіріңке әкеп беретін болған.
Кеңес одағында 1990 жылдарға дейін бортта темекі шегуге рұқсат беріліп келген. «Ту» және «Ил» ұшақтарында «Темекі шегетін орын» деген белгілер болған. Ол орындар ұшақтың ең артқы жағында орналасқан. 1980 жылдары Кеңес одағында шылым шегуге шектеу қойылса да, жолаушылар, әсіресе халықаралық рейстің жолаушылары ұшақтың кез келген жеріне отырып шеге берген.

Күлсауыттар орындықтарда ғана емес, дәретханада да тұратын болған. Соның кесірінен талай рет темекі тұқылы қоқыс жәшігіне түсіп кетіп, кішігірім өрт шыққан.
Қазақстанда темекі шегуге 2000 жылдардың басында тыйым салынған. Ол кезде Қазақстан авиация стандарттарын халықаралықа авиация стандарттарына сай өзгерте бастады.
Батыста темекі шегуге болады деген рұқсат жолаушы наразылығы мен медициналық зерттеулерден кейін алынып тастады. 1970 жылдары Америка ғалымдары темекі иісін жұтқан зиян екенін айта бастады, ал жолаушылар ұшақта темекі иісі мүңкіп тұрады деп шағына бастады.
- 1977 жылы — United Airlines әуе компаниясы темекі шекпейтіндерге арнайы аймақ жасап көрді.
- 1988 жылы — АҚШ Конгресі 2 сағаттан аз уақыт ұшатын рейстерде темекі шегуге тыйым салды.
- 1990 жылы — 6 сағаттан аз ұшатын рейстерде де шылым шегуге тыйым салынды.
- 1998 жылы — АҚШ-тың ішінде ұшатын рейстердің бәрінде темекі тартуға тыйым салынды.
Бұл жылдары Еуропада да темекі шегуге тыйым салына бастады. British Airways — рейстерінің бәрінде шылым шегуге тыйым салған бірінші әуе компаниясы. Бұл тыйым 1990 жылы шықты. Кейін оған Lufthansa, Air France мен басқа әуе компаниялары қосылды. 2000 жылдардың басында ірі әуе компанияларының бәрі бортта темекі шегуге қатаң тыйым салды.
Заңнама мен әуе компанияларының ережелері
Халықаралық азамматтық авиация ұйымының (ICAO) ұшақта шылым шегуге болмайды деген ережесі бар. Бұл ережені мемлекеттердің барлық дерлігі ұстанады.
Қазақстанда борт ішінде темекі тартуға елдің заңдары мен әуе компанияларының ережелерінде тыйым салынған.
Олардың негізгілері — Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заң (159-бап) мен Азаматтық авиация комитеті бекіткен Әуе кемесінің бортында мінез-құлық қағидаларын бекіту туралы ережелер.
Қазақстан әуе компанияларының бәрі — Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air — ұшақ ішінде шылым шегуге тыйым салған. Бұл ережені бұзған адам айыппұл салынып, қара тізімге енуі мүмкін.
Шетелде бортта темекі шегуге қатысты нормаларға FAA (АҚШ), EASA (Еуропа одағы) мен басқа авиация органдары жауапты.


Ұшақта темекі тартқандарға қанша айыппұл салынады?
Қазақстанда бортта темекі шегу ұсақ бұзақылық және қоғамдағы тәртіпті бұзу саналады. Әуе транспортында тәртіп бұзғандар әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сай 5–10 АЕК айыппұл (шамалап алсақ 20 000–40 000 теңге) төлейді.
Ол жолаушы әрекетін тағы қайталаса я экипаждың айтқанына бағынбаса, оны ұшақ қонғаннан кейін полиция тұтқындауы мүмкін я әуе компаниясы қара тізімге қоса салуы мүмкін.
Шетелде де бортта темекі шеккендерге айыппұл салынады:
- АҚШ: тәртіп бұзған 25 000 долларға дейін айыппұл төлейді, авиация қауіпсіздігі ережесін бұзғандар тізіміне енеді;
- Еуропа одағы: 2 000–10 000 еуро айыппұл төлейді, кей елде (мысалы Ұлыбританияда) 2 жылға дейін түрмеге қамалады;
- БАӘ мен Сингапур: 5 000 долларға дейін айыппұл төлейді, ал қылмыс қайталанса түрмеге қамалады.
Кез келген жағдайда бортта темекі шегу жолаушы қауіпсіздігіне кедергі болар жағдай саналады, сондықтан бұл ережені бұзғандар барынша қатаң жазаланады.

Электрондық темекі мен вейп
Электрон темекілер, вейп пен IQOS-тар иіссіз және түтінсіз болса да, оларды ұшақ ішінде шегуге болмайды. Бортта қай темекіні шексеңіз де, ол шылым шеккен боп саналады. Электрон темекіні, вейп пен айқысты (айкос) салонда да, дәретханада да шегуге, қуаттауға болмайды, ұшаққа никотинді сұйықтық кіргізуге болмайды.
Қолжүкке қатысты қандай ережелер бар? ✈ Freedom Travel (Aviata)
Ұшқанда темекі шекпей тұра алмасаңыз
1
Никотин жапсырмасы я сағызы. Әуе компаниясы қолдануға болады десе, бортқа мінгенде никотинді сағыз шайнаңыз я денеңізге никотинді жапсырма жапсырып алыңыз;
2
Өзіңізді алдарқатыңыз: кітап оқыңыз, музыка я аудиоподкаст тыңдаңыз, сөзжұмбақ шешіңіз;
3
Су ішіңіз. Көп су ішсеңіз, аузыңыз құрғамайды, біраз да болсын темекі тартқым келеді деген қалауыңыз басылады;
4
Тыныс алып жаттығыңыз. Баяу тыныс алған мазаңыз қашқанда көмектеседі де, жүйке жүйеңізді тыныштандырады.
1
0