Ит-мысығыммен бірге ұшпақпын. Не істеуім керек?
Қандай құжаттар керек
Ұшақпен мал тасу — күрделі процесс. Бір әуе компаниялары бортқа мысық алуға рұқсат береді, өзгелері багаж бөлігіне жібереді. Кей елде ит ертіп жүру үшін тек анықтама керек болса, кей елде микрочип те қажет болады.
Үй жануарымен бірге ұшуға қандай құжаттар қажет? Қандай шектеу бар? Осылардың бәріне осы мақалада жауап береміз.
Баратын елдің қандай ережелері барын біліңіз
Әр елдің жануар тасуға қатысты өз ережелері болады. Мысалы, Ұлыбританияда белгілі бір маршрутпен тек бірнеше әуе компаниясы жануар таси алады. Ал Қытайда тек мысық не ит алып ұшуға болады. Сондықтан ұшардан бұрын ережелердің бәрін оқыңыз, нюанстарын біліңіз.
Қазақстанда жануармен бірге ұшу үшін ветеринар анықтамасы мен паспорты қажет.
Ветеринар паспорты
Ветеринарлар беретін құжат бұл.
Онда жануарға вакцина салынғаны, ішек құрты, кене мен бүргеге қарсы дезинфекцияланғаны көрсетіледі.
Жануарға вакцинаны ертерек салдыру керек. Сондықтан ұшарға кемі бір ай қалғанда қамданыңыз. Ал ветеринар оны сапардан үш күн бұрын қарауы керек.
Ветеринар анықтамасы
Алматыда оны Ветеринария орталығынан ұшарға 3 күн қалғанда ала аласыз. Жаныңызда ветеринар паспортының түпнұсқасы мен көшірмесі, жеке куәлігіңіздің түпнұсқасы мен көшірмесі болуы керек. Орталыққа бара алмасаңыз, анықтаманы egov сайты арқылы жасатсаңыз болады.
Шетелге барғалы жатсаңыз, сапарға 3-4 ай қалғанда қамдана беріңіз. Себебі паспорт пен анықтамадан басқа ветеринар сертификаты, микрочип пен өзге құжаттар керек болуы мүмкін.
Қазақстан ішінде ұшуға
Алматы ветеринария орталығы
http://vca.gov.kz/
Төле би, 155
8 (727) 378-48-56
Шетелге бару үшін
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматыдағы өңірлік басқармасы
Ветеринар сертификатын береді
Мақатаев көшесі,15
8 (727) 397-55-66
Ұшағыңыз жануар тасымалдап-тасымалдамайтынын біліңіз
Әуе компанияларының белгілі бір ұшақ түрімен жануар тасуға қатысты шарттары болуы мүмкін. Мысалы, «Эйр Астананың» Embraer E190 бортында тек 2 жануар тасуға, ал Airbus A320 моделінде 3 жануар тасуға болады. Бизнес-класқа тек 1 жануар кіргізуге болады. Билет алар алдында ұшағыңыз жануар тасымалдап-тасымалдамайтынын біліңіз.
Жануарыңыз ұшақта не багаж бөлігінде ұшып-ұшпайтынын анықтап алыңыз. Мысалы, «Эйр Астана» салмағы 8 келіден асатын мысықтар мен иттерді багаж бөлігінде тасуға рұқсат береді. Ал Qazaq Air бортына торын қосқанда салмағы 8 келі асқан жануарларды ғана өткізеді.
Әуе компаниясы | Ұшақ салоны | Багаж бөлігі | ||
Рұқсат етілген/тыйым салынған | Жануар салынған контейнердің салмағы | Рұқсат етілген/тыйым салынған | Жануар салынған контейнердің салмағы | |
Air Astana | + | 8 кг | + | 50 кг |
SCAT | - | - | + | Әр рейстікі әртүрлі |
Qazaq Air | + | 8 кг | - | - |
FlyArystan | + | 8 кг | + | 50 кг |
Ветеринармен ақылдасыңыз
Кей жануар ұшқаннан зардап шегуі мүмкін. Әсіресе, қысқа тұмсықты иттер: пекинес, француз бульдогы, мопс.
Олар температура бір көтеріліп, бір түскеннен қатты стресс алады. Билет алардан бұрын малыңызды ветеринарға көрсетіп, ұшқанда зиян көрмейтініне көз жеткізіңіз. Дәрігер ештеңесі жоқ десе де, оны ұшуға қалай дайындау керегін сұраңыз.
Әуе компанияңызға жаныңызда жануар болатынын ескертіңіз
Билет алғаннан кейін әуе компанияңызға жануармен бірге ұшатыныңызды ескертіңіз. Компаниялар бортқа төбелесіп қалуы мүмкін жануарларды кіргізбейді, мысалы, ит пен мысық бірге ұшпайды. Әуе компанияларының көбінде жануар тасу ақылы болады. Компанияға неғұрлым ертерек ескертсеңіз, малыңыз сізбен бірге ұшуы ықтималдығы соғұрлым көп болады. Себебі компания жануар тасуға бірнеше күннен кейін рұқсат беруі мүмкін.
Таситын сөмке не контейнер сатып алыңыз
Жануарыңыз қай жерге жіберілетіне қарай сөмке не контейнер сатып алыңыз.
Бортқа кіргізетін болсаңыз, көтерілгенде және қонғанда сөмкені алдыңыздағы орындықтың астына салуға тиіссіз. Сондықтан оның көлемі үлкен болмауы керек. Мысалы, «Эйр Астананың» Airbus A320 және A321 ұшақтарына өлшемі 30x47x27см, Embraer E190 бортына 29x43x26см сөмке не контейнер ала аласыз. Нақты өлшемін әуе компаниясынан анықтап алыңыз.
Жануарды жұмсақ сөмкеге не қатты торға салуыңыз керек. Бірақ ол міндетті түрде жануарға арналған болуға тиіс. Ондайларды зоо дүкендерінен таба аласыз. Малыңызды кәдімгі сөмкеге салып жүрмеңіз.
Багаж бөлігінде тасымалданатын контейнер жануар жата алатындай, тұра алатындай кең болуы керек. Ауа баруы керек, ал асты ылғал өткізбеуге, дөңгелсіз болуға тиіс.
Контейнердің аузы дұрыс жабылған болуы керек: ұшқанда жануар шығып кетпеуі қажет.
Әуежайға ертерек барыңыз
Малды рейске тіркеуге біраз уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан ұшарға 3 сағат қалғанда барып тұрыңыз.
Жануарымен бірге ұшатындарға арналады:
1
Барар және шығатын еліңіздің қандай талаптары барын анықтап алыңыз;
2
Рейсіңіздің жануар тасымалдау мүмкіндігі бары я жоғын біліңіз;
3
Жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз, ұша ала ма, жоқ па, біліңіз;
4
Билет алыңыз да, малыңызға орын брондаңыз.
5
Қажет құжаттарды дайындаңыз.
6
Арнайы сөмке не тор сатып алыңыз;
7
Әуежайға ертерек барып тұрыңыз.
«Freedom Travel (Авиата)» клиенттерінің осы мәселеге қатысты сұрақтары болса, біздің қолдау қызметімізге хабарласа алады. Біз кез келгеніне жауап беріп, жануарыңызға борт орын брондауыңызға көмектесеміз.
Малыңыз бар ма?
8
0