Логотип

Ұшқанда тамақтану: ұшақтағы тамақ туралы не білуіңіз қажет?

Ұшқанда тамақтану: ұшақтағы тамақ туралы не білуіңіз қажет?
Анықтама 8 мин оқисыз
20.06.2024

Ұшқанда тамақтану: ұшақтағы тамақ туралы не білуіңіз қажет?

Балық жейсіз бе, әлде тауық жейсіз бе?

Жолаушылар ұшаққа билет аларда онда тамақ беріле ме, берілсе қандай тамақ беріледі, диеталық бірдеңе бере ме екен деп ізденеді. Сондықтан олардың барлық сұрағына жауап берер мақала әзірледік. Осы жерден қай класта қандай тамақ берілетінін, қашан берілетінін де біле аласыз. 

Ұшақта қандай жағдайда ас беріледі?

Сізге тамақ беріліп-берілмейтіні я берілсе, қандай тамақ беретіні рейсіңіздің типі мен класыңызға байланысты. Ұзақтығы 2 сағаттан аспайтын қысқа рейстерде тамақ мүлдем берілмейді я берілсе, тіскебасар мен сусын ғана беріледі. Ұзақтығы орташа (2-5 сағат) рейстерде түрлі тіскебасар мен ыстық ас беріледі. Жолаушыларға бутерброд, салат, жеміс-жидек пен ыстық тамақ ұсынылады.

Ұзақ рейстерде (5 сағаттан асатын) екі-үш мезгіл ас беріледі: түскі және кешкі ас, тіскебасарлар мен сусындар. Мәзірден ыстық тамақ, салат, десерт пен сусын таңдауға болады.

Эконом-класта борт тамағы қарапайым әрі түрі азғантай болады. Ұзақ ұшатын рейстерде эконом жолаушыларына стандарт тамақ берледі, мысалы, негізгі тамағы етті я етсіз болады, қасына гарнир салынады, салат, десер пен сусын беріледі.

Бизнес-класта тамақтың сапасы жақсы, түрлері көп болады. Жолаушыларға негізгі тағамдардың түр-түрі, эксклюзив тіскебасарлар мен десерттер ұсынылады. Сусындардан сан алуан түрі беріледі, тіпті шарап пен спирт ішімдіктер де.

Ұшақ бортында берілетін тамақтың ақысы билеттің ақысына қосылған да, қосылмаған болуы мүмкін. Кей билетке тамақ кірмейді, аламын десеңіз, алдын ала я сол жерде ақысын төлейсіз. Ұзақ рейстерде де тамақ бермейтін әуе компаниялары бар. Мысалы, Ресейдің «Победа» деген лоукостері.

Әуе компанияларының жолаушыларға тамақ бермеуіне қақы бар ма?

Әрине, ондай қақы бар. Әдетте лоукостерлер тамақ ақысын билет ақысына қоспайды. Мысалы, Қазақстанның FlyArystan-ы тамақты қосымша ақыға береді. Ақысын билет брондағанда я ұшақта отырып төлеуге болады.

Әуе компаниясы билет ақысына тамақ ақысын қоса ма, жоқ па, өзі біледі. Тамақ беріліп-берілмейтіні бағытқа, рейстің ұзақтығы, қызмет класы мен өзге факторларға қарай анықталады. Мысалы, әуе компаниясы премиум эконом я бизнес жолаушыларына тегін ас ұсынуы мүмкін, бірақ эконом класта отырғандардан ол үшін қосымша ақы алуы мүмкін.

Ұшақта тамақ беріліп-берілмейтінін қайдан білуге болады?

Оның бірнеше амалы бар: 

  • Сіз билет алған әуе компаниясының сайтында қандай рейсте, қандай қызмет класында қандай тағам берілетіні жазылатын бөлім болады. Бұл ақпарат «Жиі қойылатын сұрақтар» я FAQ деген бөлімде де тұрады. Мысалы, Air Astana сайтында бұл бөлім «Тамақ беру» деп аталады. 
  • Әуе компаниясының қолдау қызметіне хабарласып, рейсіңізде тамақ беріліп-берілмейтінін анықтаңыз. Электрондық поштасына жазсаңыз да болады. 
  • Сіздің бағытпен ұшқан жолаушылардың форумларда, блогтар мен саяхат туралы сайттарда жазған пікірлерін оқып көріңіз.

Тамақты неше рет береді?

Ол жағы рейсіңіздің ұзақтығына байланысты болады. Мысалы, 2 сағатқа жетпей ұшатын рейстерде бір рет тіскебасар мен сусын, 2-5 сағат ұшатын рейстерде бір рет ыстық ас, ал 5-8 сағат ұшатын рейстерде екі рет тамақ (ыстық ас пен тіскебасар) берілуі мүмкін. 8 сағаттан асатын ұзақ рейстерде ыстық ас 2-3 рет беріледі. 

Ұшақта қандай тамақ беріледі?

Бұл жағы да әуе компаниясы мен рейстің ұзақтығына байланысты болады. Сізге тіскебасар ретінде жаңғақ, чипс я кәдімгі сендуич, қасына қалауыңызға қарай кофе, шай, су я шырын беріледі. Ыстық тағам әкелгенде екі тамақтың біреуін таңдауыңыз керек. Мысалы, ет қосылған я тауық қосылған. Қасына салат, десерт пен нан салынады.

Әрине, бизнес және бірінші кластың тамақтары экономдікінен күшті болады. Сізге жаңа жасалған салат, түрлі шарап, ірімшік, балмұздақ, жаңа піскен жеміс берілуі мүмкін.

Кей әуе компаниясы арнайы мәзір де ұсынады. Бірақ оны біз кейінірек егжей-тегжейлі айтып береміз.

Борттағы арнайы мәзір

Әуе компаниялары жолаушыларына диетасына я қалауына қарай арнайы мәзір ұсына алады. 

Борттағы арнайы мәзірден мыналарды көруге болады:

  1. 1

    Вегетарианға арналған мәзір. Кей әуе компаниясы оны ово-лакто-вегетариан (етсіз, балықсыз) және веган (жануар өнімдері жоқ) деп бөледі. 

  2. 2

    Діни мәзір: халал (яғни шошқа етінсіз, алкогольсіз әрі халал сойылған ет) және кошер (раввин мақұлдаған тамақ).

  3. 3

    Дәрігер анықтамасына қарай жасалған мәзір: глютенсіз, диабеттілерге арналған я аз калориялы тамақ.

Кей әуе компаниясы аз лактозды, тұзы аз я аллергиялыларға арналған мәзір де ұсынады. 

Бортта сізге арнайы мәзір ұсынылсын десеңіз, билет аларда арнайы мәзір керек деген опцияны таңдауыңыз керек я әуе компаниясына хабарласып, жағдайыңызды айтуыңыз керек. Мұны ұшуға кемі 24-48 сағат қалғанда айтып үлгеруіңіз қажет.

Бортта тағы тамақ пен сусын сұрауға бола ма?

Иә, болар-ау, бірақ тағы да айтайық, жағдайыңыз әуе компаниясына, билетіңіздің тарифі мен рейстің ұзақтығына байланысты. Қысқа рейстерде эконом жолаушыларына қосымша тамақ берілмеуі мүмкін, себебі өзі әу бастан санаулы тұрады. Бірақ алысқа ұшатын рейстерде тамақ барлық жолаушыға берілгенде ғана сұрауға болады. Бірақ ол қосымша тамақ та санаулы болады. Одан жоғары кластарда қосымша тамақ сұрауға болады, әдетте оның санына шектеу қойылмайды.

Қосымша тамақ сұрарда сыпайы болыңыз. Қолыңыз бос па, тағы порция қалды ма деп сұраңыз. Тамақтардың бәрі беріліп болғанын күтіңіз де, тағы тамақ беріңізші деп өтініңіз.

Әуе компаниясы тегін су беруге тиіс пе?

Иә, әуе компаниялары бортта тегін су беруге тиіс, бірақ оған қатысты нақты ережелер, әрине, әуе компаниясы мен елге байланысты болады. 

ICAO рекомендациясына сүйенсек, әуе компаниялары жолаушылары аман-есен әрі жайлы ұшуы үшін бар жағдайын жасауы керек, соның ішінде су беруі керек. 

Тіпті сусын мен тамақ үшін қосымша ақы алатын лоукост әуе компаниялары да сұраған жолаушыға суды тегін береді.

Эконом мен бизнес кластарындағы тамақтың айырмашылығы

Эконом-класта мәзірде көп таңдайтын опция жоқ. Бортсеріктер ары кеткенде екі-үшеуін ұсына алады: етті, тауық я вегетариандық. Гарнирге көбіне күріш, макарон я картоп салынады. Порциялары бизнес-кластағысынан кішкентай болады және пластик ыдыс пен пластик табаға салынып беріледі. Қасық-шанышқысы да пластик болады. 

Эконом мәзіріне мысал: негізгі тамақ — күріш және көкөніс қосылған тауық я томат соусы мен картоп пюресі қосылған паста, жаңа піскен көкөністен жасалған салат. Ішуге су, шырын, газды сусын я ыстық сусын беріледі. 

Бизнес-класта жолаушыларға алуан түрлі әрі әлдеқайда дәмді тамақ беріледі. Негізгі тағамдардың, тіскебасар мен десерттің көп түрі ұсынылады. Порциялары да үлкен болады әрі фарфор тәрелкеге я стильді керамикалық контейнерге салынып беріледі. Қасық-шанышқысы жақсы сапалы металдан жасалған. 

Бизнес мәзіріне мысал: жүрек жалғауға ірімшік, жаңғақ және канапе ассортиін береді. Негізгі тамақ — қасына картоп пюресі мен қасқыржем ақсерке еті, көкөніс қосылған стейк. Қасына салат пен жидек тарты беріледі. Ал ішуге шампан, қызыл және ақ шарап, коктейль, түрлі алкогольсіз сусын. 

Ұшаққа тамағыңызды апаруға бола ма?

Иә, бірақ мынандай шектеулер бар. Қолжүкке көлемі 100 миллилитрден асқан сұйықтық салуға болмайды. Мысалы, көже, соус, йогурт. Бортқа иісі қатты шығатын тамақ апармаған да жөн. Мысалы, сарымсақ тұздығы қосылған грузин чкмерулиі.

Ұшақта жеуге құрғақ тамақ алғаныз абзал: кептірілген жеміс, жеміс-жидек пен көкөніс, бутербронд, сендуич, тәттілер.

Балалар тамағы

Балаларға арналған сұйықтарға қатысты ережелер өзгеше болады. Көлемі 100 миллилитрден асса да балалардың сұйық тамағына шектеу қойылмайды. Тек тексеріс кезінде әуежай қызметкерлеріне көрсетуіңіз керек. Тамақ өз қаптамасында болуы керек я ақпайтындай жабылуы керек. Әуе компанияларының көбі бала тамағын ысытып бере алады. Бортсерікке айтсаңыз болды. 

Бала тамағын толтырып алғаныңыз жөн, себебі рейс кідіріп ұшуы мүмкін я орта жолда ұшақ мүлдем ұшпайтын болып қалуы мүмкін. 

Жолаушылардың тамағын кім пісіреді?

Ұшақта берілетін тамақты әуе компанияларымен серіктес арнайы авиакейтериң компаниялары жасайды: пісіреді, орайды, әуежайға жеткізеді. Авиакейтириң компанияларына мысал: 

  • Gate Gourmet (дүниежүзілік).
  • LSG Sky Chefs (дүниежүзілік)
  • SATS (азиялық)

Ұшақта неге тамақ дәмсіз көрінуі мүмкін?

1-себеп. Рецепторларыңыз өзгеруі мүмкін

Ұшақ биікке көтерілгенде борттағы қысым төмендейді. Соның кесірінен рецепторларыңыз бен иіс сезу қабілетіңіз де нашарлайды. Зерттеулерге сенсек, адамның дәм және иіс сезу қабілеті ұшқанда  30 пайыз төмендеуі мүмкін. Оған құрғақ ауа да әсер етеді екен. 

2-себеп. Пісіру және сақтау тәсілдері

Ұшақта жейтін тамағыңызды авиакейтериң компаниясы толтырып пісіріп, қатырып тастайды, кейін ұшақта сізге берілер алдында ысытылады. Сондықтан тамақтың дәмі мен текстурасы өзгеруі мүмкін. 

3-себеп. Тағамның құрамы

Авиакейтериң компаниялары тамақтың дәмі сол күйі қалсын деп оған түрлі консервант пен қоспалар қосуы мүмкін. Ұшақта дәм сезу қабілеті нашарлайды деп тағамдарға тұз бен бұрышты аздап салуға тырысады. 

Эконом класында алкоголь сұрауға бола ма?

Иә, әуе компанияларының көбі эконом класында ішімдік береді. Мысалы, Алматы — Ыстамбұл рейсінде Turkish Airlines алкогольді сусын береді. Бірақ Түркияның ішінде ұшатын рейстерінде ондай мүмкіндік берілмейді. Lufthansa я British Airways сияқты әуе компанияларында да тегін алкоголь алуға болады. 

Кей әуе компаниясы, әсіресе мұсылман елдерінің әуе компаниялары, бортта алкоголь бермейді. Тегінін де, ақылысын да. Мысалы, Saudi Arabian Airlines, Kuwait Airways, Pakistan International Airlines (PIA).

7

0

,