Әлемнің ең кішкентай қаласы Хұмға барып қайтамыз

Әлемнің ең кішкентай қаласы Хұмға барып қайтамыз
Гидтер 9 мин оқисыз
13.09.2025

Әлемнің ең кішкентай қаласы Хұмға барып қайтамыз

Істрияны аралайық

Хұм (Хум) — Хорватиядағы Гиннес кітабына әлемдегі ең кішкентай қала деп енген қала. Ауданы — 0,03 шаршы шақырым (3-ақ гектар). Оның тап-тар көшелері мен тас үйлерінде 30-ға жуық адам тұрып жатыр. Хұмда не көруге болатынын осы мақалада айтып берейік.  

Хұм қай жерде тұрған қала?

Хұм ховарттың Істрия деген өңірінде тұрған қала. Бұл — елдің солтүстік-батысы. Қалашық Бүзет (Бузет) қаласынан 14 шақырым, өңірдің астанасы Пұла (Пула) қаласынан 2 сағат алыс жатыр. 

Хұмның өткені мен қазірі

Хұм иллирлер я келттер салып кеткен көне бекіністің орнына салынған дейді біреулер. Кейін ол жерді әуелі славян тайпалары мекен еткен, одан кейін венециялықтар жандандырып, қалаға айналдырған. 

Хұм туралы алғашқы деректер ХІ ғасырда шыға бастаған. Қалашықты венециялықтар роман стилінде дәу тас шығырдан жасаған. Қала Істрия маршының бір бөлігі болып, көп жыл бойы стратегиялық пункт болып келген. Себебі онда Мирна өзенінің ағысын басқаратын бекініс болған.

Тарихи дерек. Істрия маршы — Хорватияның солтүстік-батыс шекарасында орта ғасырда болған облыс. Ол Киелі Рим империясының бөлігі болғанда қорғаныс бекінісі болған. Сондықтан кезінде бұл қалада түрлі бекіністер, қамалдар салынған. 

Аңыз-ертегілерге сенсек, Хұмды алыптар салған. Олар бүкіл Істрияда қалалар салып, олардан қалған дәу тастарды бір кішкентай елді мекенге апарып тастаған. Хұм осылай пайда болған деседі. 

Орта ғасырдан қалған қаланың көркі 

Хұм бір тастан жасалған сияқты: қалың қабырғалар, бекініс қамалдары, құрттай үйлер мен шіркеулер — бәрі ғасырлар бойы тілді жаудан да, тілсіз жаудан да қорғаған тас шығырдан салынған.

Хұм кішкентай болғанына қарамастан оның жан-жағы — толған ірі бекініс дуалдары. Олардың артында ондаған үй орналасқан екі тап-тар көше бар.

Хұмның негізгі есігі — бірегей оюлар салынған әрі мыс тілімдерінен жасалған алып қақпа. Ол оюлар — сол жердің шеберлері жасаған көне күнтізбе. Қазір олар қаланың визит картасы болып отыр.

Хұмның көшелері тар, жолына жұмыр тас төселген, ал үйлері іркес-тіркес салынған. Тар болғанына арқасында алаңдары мен аулалары өте жайлы. Қалада замануи үйлер жоқ, сондықтан Хұм ашық музей дермісің.

Екі шіркеу Хұмның негізгі көрікті жері болып отыр: ХІ ғасырда салынған фрескалы Иероним әулие шіркеуі мен глагол жазуының үлгілері сақталған Көкке көтерілген Мәриям шіркеуі.

Хұмның мәдениеті мен әдеп-ғұрпы

Әлемнің ең кішкентай қаласы Хұм — Істрияның мәдени мұрасы әрі жергілікті салт-дәстүрдің тірі нышаны. Бұл қала — тұнып тұрған атмосфера: ешкім ешқайда асықпайды, халықтың тұрмыс салты жылдар бойы өзгермегендей. 

Хұм глагол жазуының мәдени орталығы саналады. Қалаға жақын жерде славян әліпбиіне арналған Глагол жазуы аллеясы деген мемориал бар. Хұмнан Рочаға дейін 7 шақырым жолға глагол жазуының таңбалары салынған тас ескерткіштер қойылған. Басынан аяғына дейін жүрсеңіз, глагол жазуының тарихына үңілгендей боласыз. 

Хұм мәдениетінде гастрономия ерекше орынға ие. Бұл қала рәкі (ракия) — греппа (грэппа) деген шөптен жасалған сусынның отаны ретінде танымал. Жыл сайын қазан аяғында (көбіне соңғы жексенбіде) осы сусынға арналған фестиваль өтеді. Оған Істрияның бүкіл халқы барады.

Қағаздың орнына ағаш: әлемнің ең кішкентай қаласының әкімін сайлау дәстүрі 

Жылына бір рет қаланың еркектері бір шарапханаға жиналып, шаһардың басшысы кім болатынын шешеді. Бірақ олар дауыс берерде таңдағанын қағазға емес, ағашқа жазады. Ағашта қағаз бүлетендегідей (бюллетень) әр үміткердің аты жазылып тұрады. Бұл әдеп-ғұрып — атадан балаға өтіп келе жатқан дәстүр.  

Қазір бұл рәсім сайлау тәртібін сақтап қалу амалы ғана емес, туристерге арналған қызық болып отыр. Хұмға баратындардың біразы XXI ғасырда осы дәстүр қалай іске асып келе жатқанын көру үшін барады екен.

Істрия дәмі: Хұмның қай жерінен трүфел (трюфель), зәйтүн майы мен қолдың шарабынан ауыз тиюге болады

Хұмның жергілікті тамақтарын жеп көргім келеді десеңіз, қаланың қақпасының артындағы шарапханаға барыңыз. Онда Істрияны әлемге танытқан ақ және қара трүфел (трюфель) қосылған тамақтардың түр-түрін жеп көре аласыз: қолдың фүжі (фужи) пастасы, омлет, тіскебасарлар мен трүфел (трюфель) жаңқасы қосылған тәттілер.

Зәйтүн майын да татып көріңіз. Оны көбі фермасын отбасы болып басқарып отырғандардан ішіп көріңіз. Майдың әр бөтелкесі күншуақты Істрияны еске салады. Зәйтүн майын шарапханаға барып ішіп көруге және шарап жасайтын дүкендерден алуға болады. 

Хұмның қолдан жасалған шарабы мен рәкісі өте танымал. Онда шарап (көбіне мәлвазия я теран) қыш стақанға құйылады. Бірақ Хұмның ең бас нышаны — шөп рәкі, оған тіпті бөлек фестиваль арналған.

Хұмның әдемі жерлері

Орта ғасырдан бері келе жатқан бекіністер мен қақпалар

Хұмға барғанда сізді ең бірінші қарсы алатын нәрсе — қаланы қоршап тұрған бекініс. XI–XII ғасырда салынған бұл дуалдар халықты сыртқы жаудан қорғап келді. 

Қалаға кіретін басты жол қаланың қақпасынан өтеді. Бұл қақпа да өнер туындысы дермісіз. Алып қақпаның бетіне мыс тілімдері жапсырылып, күнтізбе салынған. Мұның барін XVI ғасырдың шеберлері жасаған. Бұл күнтізбе егін егетін және теретін кезеңдер, мейрамдар мен Хұм халқының жерге байланысын көрсетеді.

Иероним әулие шіркеуі

Хұмның ең көрікті жерлерінің бірі — ХІ ғасырда салынған Иероним әулие шіркеуі. Дәл осы ғибадатханада Істрияның орта ғасыр сурет өнерінен сыр шертер көне фрескалар сақталған.  

Фрескада Киелі Кітап (Библия) пен әулиелердің өміріндегі маңызды оқиғалар бейнеленген. Айтпақшы, бұл суреттер шіркеудің алтары мен төбесіне көрік беріп тұр. Талай ғасыр өтсе де, фрескалардың өңі аумаған, түсі әлі күнге дейін қанық. Соның арқасында орта ғасырдың дін өнері қандай болғанын анық көруге болады. Роман стилінде салынған апостол мен перішелердің суреттері ерекше әдемі салынған.

Көкке көтерілген Мәриям шіркеуі

Хұмның қақ ортасында оның ең негізгі ғибадатханасы — XIX басында салынған Көкке көтерілген Мәриям шіркеуі — орналасқан. Бұл жер — қаланың ең ірі ғимараты. Іркес-тіркес болған аласа үйлердің арасынан бірден көзге көрінеді. 

Шіркеудің қасбеті классицизм стилінде салынған: симметриялы, қарапайым сызықтар, кіреберістегі алып арқа (арка) шіркеудің қаланың тұрғындарына қаншалықты маңызды екенін паш етеді. 

Бұл үйдің іші басқаларына қарағанда біраз қарапайымдырақ, бірақ атмосферасы жанға тыныштық сыйлайды. Шіркеудің ішінде жергілікті шеберлер діни суреттер мен ою-өрнекке толы алтар тұр. 

Көкке көтерілген Мәриям шіркеуі Хорватияның мәдениетіне өте маңызды объект, себебі дәл осы шіркеуде Хұм мен бүкіл Істрияның нышаны глагол жазуы — көне славян әліпбиі жазылған тақталар мен жазбалар сақталған.

Глагол жазуы аллеясы

Хұм қаласының көрікті жерлерінің ішінде ерекше орын алатыны — Глагол жазуы аллеясы. Бұл — қаланың тарихын славян жазуының бастауымен байланыстыратын бірегей мәдени ескерткіш. Аллея Роч пен Хұм қалашықтарының арасын жалғап, 7 шақырымға созылып жатқан ашық аспан астындағы ерекше музей іспетті.

Аллея тастан тұрғызылған 11 алып монументтен тұрады, олардың әрқайсы Кирилл мен Мефодийдің шәкірттері жасаған көне славян әліпбиі — глагол жазуы дамыған кезеңдерінің бірін бейнелейді. Бұл монументтер Хұмға баратын жолдың бойында орналасқан.

Ең әсерлісі — ескерткіштердің бәрін жергілікті шеберлер Істрия тасынан жасаған.

Aura өлкетану музейі

Хұм қаласының өзі ашық аспан астындағы музей болса да, оның маңында Істрияның мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін тағы бір жер бар. Ол — өлкетану мұражайы «Аура». Ол Хұмнан бірнеше шақырым алыс жатқан көршілес Бүзет (Бузет) қаласында орналасқан және аймақтағы ең қызықты мұражайлардың бірі саналады.

«Аура» музейінің бас ерекшелігі — дәстүрлі көрме мен дәм татуға арналған залдың үйлесімі. Онда барғандар Істрияның тарихымен және тұрмысымен таныса алады: музейге олардың қолөнер бұйымдары, тұрмыс заттары, киімдері мен ыдыс-аяқтары қойылған.

Алайда мұражайдың басты визит картасы — бүкіл әлемге әйгілі шөптен жасалған рәкі мен ликер жасау ісі. Барсаңыз, сусын жасау процесін көріңіз: шөптер мен жемістер қалай таңдалатынына, қалай тұндырылатынына куә болыңыз. Соңында түрлі тұнбалар, шараптар мен тосаптарды татып көруге болады. Мұның барлығы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан көне отбасылық рецепттерге сүйеніп жасалады.

Хұмда өткен бір күн: жасырын жатқан көшелер мен фотоға түсетін жерлерді аралау

Хұм — жарты сағатта түгел аралап шығуға болатын қала, бірақ оның ерекше атмосферасын сезіну үшін бір күн бөлгеніңіз жөн болар. 

Күніңізді Хұмның берік қамал қабырғаларының бойымен серуендеуден бастап, бас қақпадан өтіңіз. Міндетті түрде күнтізбе бейнеленген қола тақтаны көре кетіңіз — бұл Хұмның бас рәміздерінің бірі әрі алғашқы тамаша суретке түсетін орын. 

Содан кейін Хұмның екі негізгі көшесімен жай жүріп өтіңіз. Шағын аула мен дүкендерін көріңіз. Тастан қаланған қасбеттер, ою-өрнекті жапқыштар мен кішкентай терезелер — суретке түсірерге мінсіз көрініс, әсіресе күн енді шыға бастағанда түсіріңіз. 

Түске таман ежелгі фрескалар сақталған Иероним әулие шіркеуіне соғып, содан кейін орталықтағы Көкке көтерілген Мәриям шіркеуіне барыңыз. Мұнда сіз тек сәулет өнеріне тамсанып қана қоймай, сонымен бірге ерекше атмосферасы бар интерьерін де суретке түсіре аласыз.

Түскі асты қала кіреберісіндегі шарапханадан ішіңіз. Қолдың шарабынан  трүфел (трюфель) қосылған пастадан я әйгілі хұм рәкісінен ауыз тиіңіз. Тастан қаланған қабырғалардың аясында ағаш үстелдер мен дәмді тағамдар түсірілген суреттер ашықхаттай әдемі шығады.

Хұмға жетудің ең қолайлы жолы — көлік жалға алу. Сөйтсеңіз, қалаға оңай жетіп қана қоймай, сонымен бірге Істрияның басқа қалашықтарын — Мотовун, Роч немесе Бүзетті (Бузет) — аралап шығасыз. Себебі Хұмға қоғамдық көлік қатынамайды десек болады.

Түстен кейін Рочтан Хұмға жаяу барып көріңіз. Жолда Глагол жазуы аллеясының ескерткіштері орналасқан. Ал кешке қала қабырғалары жанындағы шолу алаңына оралыңыз: ол жерден Мирна өзенінің аңғары көрініп тұрады. Күн батқан шақта мұндағы көрініс ерекше әсем болады. Күннің әлсіз түскен сәулесі тастан қаланған шатырлар мен төбелерді жарықтандырып тұрады. Мұны фотоға түсірмесеңіз, күнә болар. 

Қалай және қашан барған жөн

Әрине, Қазақстаннан Хұмға тікелей ұшатын рейстер жоқ. Бірақ сапарыңызды Хорватия мен оған көрші елдерге ауысып мініп барып бастауға. Ол жаққа жетудің ең тиімді жолдары — ұшып бару я көлікпен бару. 

  • Загреб арқылы. Алматы мен Астанадан Ыстамбұл, Варшава немесе Вена арқылы ұшуға болады. Загреб пен Хұмның арасы шамамен 220 шақырым. Ең дұрысы — көлік жалға алыңыз (жол шамамен 3 сағат) немесе пойызбен/автобуспен Пұлаға не Риекаға жетіп, одан әрі көлікпен барыңыз.
  • Пұла (Пула) арқылы. Бұл — Хұмға ең жақын жатқан әуежай (шамамен 90 км). Жаз айларында мұнда Еуропаның түрлі астаналарынан рейстер ұшады, сондықтан Венада, Будапештте немесе Ыстамбұлда ауысып міну қажет болады. Пұлададан Хұмға барудың ең ыңғайлы жолы — көлік жалға алу (жолға шамамен 1,5 сағат кетеді).
  • Риека арқылы. Риека әуежайы Хұмнан шамамен 80 км қашық орналасқан. Көлікпен барсаңыз, жолға шамамен бір сағаттан сәл көп уақыт кетеді. 

Хұмға Қазақстаннан барамыз десеңіз,  Ыстамбұл арқылы ұшқан жөн болар. Бұл қалаға Қазақстан қалаларынан бес әуе компаниясы ұшады:Turkish Airlines, Air Astana, Pegasus, FlyArystan, SCAT. Сол қаладан Загребке ұшақпен жетіп алып, Хұмға көлікпен барыңыз. 

Хұмға жыл бойы баруға болады. Көктемде ауа температурасы көтеріледі (+18…+22 °C), бірақ жаздағыдай аптап ыстық болмайды. Жазда ауа райы ыстық (+28…+32 °C) және туристер көп болады. 

Күзде трүфел (трюфель) мен жүзім жинау маусымы басталып, Хұм гастрономиялық жұмаққа айналады, ауа температурасы да жайлы (+20…+25 °C) болады. Қыстыгүні қала тыныш күйге енеді, адам аяғы азаяды, ал ауа температурасы +5 °C-тан төмен түспейді. Қыс — Хұмның шынайы бейнесін көрерге ең күшті мезгіл.

3

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Осы айдардан:

Барып келу құны, жолдың ұзақтығы мен Қырғызстанның сұлулығы
06.08.2025

Барып келу құны, жолдың ұзақтығы мен Қырғызстанның сұлулығы

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық
13.06.2025

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен
26.05.2025

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар