Логотип

Амстердамның 30 көрікті жері

Амстердамның 30 көрікті жері
Гидтер 21 мин оқисыз
16.09.2022

Амстердамның 30 көрікті жері

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Амстердам — Нидерландтың астанасы. Еуропаға баратын туристердің арасында танымал бағыттардың бірі. Онда дәстүрлі өнер музейіне де, модерн өнер музейіне де бара аласыз, голланд қызғалдақтарын көре аласыз я 165 арнаның бірін қайықпен кезе аласыз. Осы мақалада Амстердамның 30 негізгі көрікті жерін айтып берейік. 

Музейлер

Рейксмюзеум

Рейксмюзеум — Еуропадағы ең қызық музейлердің бірі. Онда Еуропа мен Азияның атақты суретшілерінің, фотографтары мен мүсіншілерінің жұмыстары тұр: Ван дер Хелст, Вермеер, Франс Хальс, Фердинанд Бол, Альберт Көйп, Ван Рейсдаль мен Паулюс Поттер. Галереяның жалпы ұзындығы — 1,5 шақырым.

 Міндетті түрде Азия залына барыңыз.

Музейдің ең атақты экспонаты — Рембрандтың «Түнгі барлау» суреті.

Ересектер билеті 21 еуро тұрады, ал балалар тегін кіре береді.

Мекенжайы: Museumstraat, 1, 1071 ХХ. 

Ван Гог музейі

Ван Гогтың суреттеріне арналған музей оның туған жерінде тұруы керек ғой :) 

Онда суретшінің бар жұмысы сақталған: қойынкітапдағы кішкентай шимайларынан бастап танымал суреттеріне дейін бар, мысалы, «Картоп жеушілер» мен «Күнбағыс» суреттері сақталған. Сурет галереясы суретшінің өмірінің әр кезеңін көрсету үшін бес бөлікке бөлінген. Суреттердің реті Ван Гогтың сурет салу стилі тұрған жері, тұрмыстағы жағдайы мен ментал саулығына қарай қалай өзгеріп отырғанын көрсетеді.

Музейде суретші Тео деген ағасына жіберген хаттар мен басқа суретшілердің суреттері де сақталған, мысалы, Гоген, Сера мен Моненің жұмыстары.

Ересек билеті 21 € тұрады. 17-ге толмаған балалар тегін кіре береді.

Мекенжайы: Paulus Potterstraat 7, 1071 CX

Кемелер музейі

Кемелер музейіне кеме салу ісі, кемемен жүзу, теңізге шығу ісіне қатысты экспонаттар, сирек кезігетін карталар мен XIX ғасырдың суреттері қойылған. Ішінде 11 зал бар. Дәл осы мұражайда Нидерландтың Ост-Индия компаниясына тиесілі болған кеменің көшірмесі бар.

Ересек билеті 16,5 еуро, 5-17 жасты балалардың билеті 8 еуро тұрады, 5-тен аспаған балалар тегін кіреді.

Мекенжайы: Kattenburgerplein 1, 1018 KK

Немо музейі

Нидерланд Индустрия-технология институтының қарамағындағы ғылыми музей бұл. Мұнда сіз табиғат құбылыстары туралы ақпарат пен дүние қалай жаратылғанын біле аласыз. Экскурсияда түрлі эксперимент өткізіліп жатады. Туристер экспонаттардың бәрін ұстап көре алады. Музей адамдар экспонаттарды сезім мүшелері арқылы таныса екен дейді. 

Музейдің шолу аймағынан Ескі Амстердам көрінеді.

Бірінші қабатта көрермендер ғылыми шоу көре алады, ал екінші қабатта шар фабрикасына бара алады, ал үшінші қабатта өздері ғылыми тәжірибе жүргізе алады, төртінші қабатта адам миы туралы білу керектің бәрін біліп, өздерінің когнитив қабілетін тексеріп көре алады.

Ересек билеті 17,5 € тұрады.

Мекенжайы: Oosterdok 2, 1011 VX

 Рембрандттың музей үйі

Бұл музей Рембрандттың бұрынғы үйінде орналасқан. Дәл сол жерде суретші «Түнгі барлау» суретін салған.

Рембрандттың тағдыры өте қиын болған: табысты күндері көпке созылмады, суреттері танымал болудан қалды. Сөйтіп суретші ақыры тақырға отырған.

Музейде оның заттары мен жұмыстары сақталған. Ондағы гидтер келгендерге оның замандастары мен оқушылары туралы әңгіме айтып береді.

Музейде туристер металл өңдеу сабағына қатыса алады. Кіру 10 еуро тұрады, беске толмағандар тегін кіре береді.

Мадам Тюссо

Амстердамдағы балауыздан жасалған мүсіндер музейі Мадам Тюссо музейлерінің арасында үлкендігі жағынан екінші орында тұр. Онда Хәрри ханзада, Сальвадор Дали, Майкл Жексон, Леди Гага, Бред Питт пен Анжелина Жолидің мүсіндері сақталған. Билеті 21,5 еуро тұрады. 

Кендір музейі

90 жылдары Бен Дронкерс деген ботаник жеке көрме ашқысы келгенде ашылған музей. Экспозиция танымал болғаны сонша — қаланың билігі соған арнап музей ашамыз деп шешеді. 

Музейде кендір ауыл шаруашылығы, өндіріс пен медицинада қалай қолданылатыны туралы хикаялар айтылады. Музейдің мақсаты — кендір ұлттық және мәдени мәнге ие екенін айту. Ішінде психотроп кендір туралы стендтер де ар. Музейде шөптен жасалған кітап, бас киім, косметика сатылатын базарлық дүкені бар.

Freedom Travel (Авиата) есірткі және психотроп заттарға қарсы. Есірткі шегу нашақорлыққа түрткі болады.

Микропиа музейі

Микропиа Амстердам микроб музейі — микроорганизмдердің, мысалы, бактерия, вирустар мен саңырауқұлақтардың тіршілігін бақылайтын қызық жер. Барған адамдар интерактив стендтерде тәжірибе жүргізе алады, микробтар ағзада қалай тіршілік етіп жатқанын көре алады, тіпті сүйіскен кезде неше микроб жұғатынын білуге болады.

Кіру құны — 14 еуро.

Гауһартас музейі

XVI ғасырда Амстердам гауһартас сататын орталыққа айналды. Дәл сол жерде гауһартас бедерлеу өнері пайда болды. ХІХ ғасырға дейін гауһартас өңдейтін әрі сататын дүкендер ашылып үлгерді. Солардың бірі Coster Diamonds фабрикасында көрме залын ашты. Дәл осы дүкен Британ патшалығының тәжіне арналған ақ-көк гауһартас шығарған.

Музейге барғандар гауһартас коллекциясын көріп қана қоймай, қалай өңделетінін де көре алады.

Бақтар мен парктер

Вондела паркі

Қаланың қақ ортасында орналасқан парк 1865 жылы салынған әрі драматург Йост ван ден Вонделаның құрметіне аталған. Онда ойын-сауық паркі жоқ, тек күтім көрген газон, мүсіндер мен субұрқағы бар суқоймасы бар. Айтпақшы, бұл паркте Пикассоның «Балық» деген мүсіні қойылған. Амстердам халқы ол жаққа үй ішімен бірге демалу үшін, кітап оқуға, аспап шалып, ән айту үшін, жерде отырып тамақтану үшін барады. Саябақта сәнағаш, қызыл талшын, қайың мен қызғалдақтың 70 түрі өседі. 

Онда тіпті секспен айналысуға рұқсат берілген.

Парктің аумағында Кинематограф музейі бар. Жазда онда ашық жерде фильм көрсетіледі. Одан бөлек, паркте велосипед тебушілерге арналған жол мен скейт тебетін аумақ бар. Амфитеатрда жыл сайын Vondelpark Openluchtteather фестивалі өтеді. 

Амстердам ботаника бағы

Амстердам ботаника саябағы (Хортус Ботаникус) — әлемдегі көне ботаника бақтарының бірі. 1638 жылы оба ауруы өршіп тұрғанда салынған. Онда басында емге арналған шөп өсірілген. Кейін басқа да гүлдер егіле бастады. Амстердам теңізшілері шетелге барып келген сайын баққа басқа елдердің түрлі тұқымы мен көшетін сыйлап отырған.

Хортус Ботаникус университет құрамына кіріп, қазір сирек кезігетін өсімдік мен ағаш, экзотикалық гүл өсіретін бөлімге айналды. Бақта 6 мыңнан аса гүл түрі өседі.

Ботаника бағында жылына екі рет Виктория Амазоника лилиясы бүр жарады. Ондай күндері бақ күні-түні ашық тұрады.

Көкенхоф

Көкенхоф — Амстердам мен Гааганың арасында жатқан ұлттық гүл паркі. Тек көктемде ашық тұрады. Онда 7 миллион гүл өседі, оның 4,5 мыңы — қызғалдақ.

Парктің ұзындығы — 15 шақырым. Онда велосипед тебуге, нидерланд мүсіншілерінің мүсіндерін қарауға, көл жағасында пикник ұйымдастыруға болады. Кей суқойманы қайықпен аралауға болады.

Көкенхофта үш жабық жылыжай бар. Онда нарфисс, альстромерия, гербер, гиацинт, гортензия, орхидея мен өзге гүлдер толып тұр.

Гүлдерді жұлуға болмайды.

Көкенхофтың ең танымал жері — жел диірмені. Ол 1892 жылы салынған, қазір ашық аспан астындағы музей, яғни кез келген адам бара алады.

Базарлар

Гүл базар

Bloemenmarkt — Амстердамның жарқын және есте қаларлық орындарының бірі. Гүлдер базары 300 жылдай бұрын салынған. Қонақтар гүл қатарларының арасында серуендеп қана қоймай, гүл, тұқым, бөлмеге арналған гүл, дәмдеуіш пен шөп сатып ала алады. Әрине, қызғалдақтың барлық түрі сатылады.

Базарды жұрт қалқыма базар дейді екен. Бұрын сатуышылар гүлдерді қайық үстінде отырып сатқан, бірақ қаланың билігі базарды Сингелдің баржасына көшіру керек деп шешкен.

Базар дүйсенбіден сенбіге дейін 17:30-ға дейін ашық тұрады. Айтпақшы, гүл алғанда сатушыдан өсімдікті экспорттау құқығын беретін сертификат алуды ұмытпаңыз.

Альберт Көйп Базары

Альберт Көйп базары — әртүрлі елдер келген саудагерлердің арқасында пайда болған көше базары. Базар Амстердамның ең қызықты жерлерінің бірі саналады. Бренд дүкендерінің арасында қолөнер шеберханалары мен шағын дәмханалар, тіпті ірімшік мұражайы бар.

Базарда әлемнің түкпірінен келген заттар да сатылады. Чилидікі керек пе, Кениянікі керек пе, бәрі бар. Базарда Мысыр шөптерінің иісі аңқып тұрады, ал әр жерден түрлі тілдердің сөздерін естіп жатасың. Ұлттық мейрамханалар мен дәмханалар толып тұрады.

Амстердам көнетоз базары

Амстердамда көнетоз базары көп. Ең танымалы  IJ hallen мен Уатерлооплейн.

IJ hallen — Еуропадағы ең үлкен ұсталған заттар базары. Мұнда өте керемет және стильді киімдерден бастап интерьер заттары мен техникасына дейін сатылады. Туристер керамика, ағаш орындықтар, темекі шегетін түтіктер, декоратив қайықтар, былғары сөмкелер, айналар, қораптар, шабадандар мен т.б. сатып ала алады. Кіру ақылы: ересектер 5€, ал балалар 2 € төлейді. 

Уатерлооплейн — Амстердамдағы тағы бір әйгілі көнетоз базары. Бұл жерден сіз антиквар плакаттар, ескі фильмдердің DVD дискілерін, кәдесый, қолдан жасалған түрлі аксессуарлар мен киімдер, ойыншықтар коллекциясын, рыцарь дулығалары мен әртүрлі тілде жазылған кітаптар таба аласыз.

Посетили бы блошиный рынок?

Алаңдар мен көшелер

Бөгет алаңы

Бөгет алаңы — XII ғасырдың бөгетінде орналасқан қаланың орталық алаңы (Бөгет алаңы деп аталғаны да содан). Онда мұражайы бар Король сарайы, Ниве Көрк шіркеуі мен екінші дүниежүзі соғысында қаза тапқан голланд сарбаздарын еске алуға арналған Бостандық ескерткіші бар. Амстердамның көрікті жерлерінің көбі осы жерге жақын орналасқан: балауыз мұражайы, Рембрандт мұражайы және т.б.

Бұл алаңда, әрине, дәмхана, мейрамхана мен дүкендердің түр-түрі бар. Барлық мереке дәл осы жерде аталып өтеді, фестивальдар мен концерттер қойылады.

Бегинаж

Бегинаж — Амстердамдағы 47 жеке үйден тұратын көне жабық аулалардың бірі. Бұрын, XIV ғасырда, еркін жүріп-тұру үшін монах әйлдердің кейпіне енген жалғызбасты әйелдер (бегин) қоныс аударған аудандар осылай аталған.

Бегинаждың қақпасында бегиндердің қамқоршысы әулие Урсула бейнеленген. 

Қызыл шамдар кварталы

Ең үлкен Қызыл шамдар кварталы De Wallen-де орналасқан. Қызыл шамдар көшесі Амстердамның орталығындағы Дамрак каналының бойында орналасқан. Бұл жер қызыл неон жарық көрініп тұратын терезелердің құрметіне аталған. Оның ар жағынан қыздар мен жігіттер туристерді шақырып, гоу-гоу билейді. Сол ауданда түрлі тематик театрлар, секс қызметкерлер үйі, дүкендер, мұражайлар мен кофеханалар бар.

Ол жерде серуендегенде бәлеге ұрынбаймын ба деп алаңдаудың қажеті жоқ. Аумақты полиция күні-түні күзетеді.

Осы алаңға барсаңыз, готика стильді ең көне шіркеулердің бірі De Oude Kerk-ке кіріп шығыңыз. Амстердам — қарама-қайшылықтар қаласы десек артық айтпаспыз, өйткені осы шіркеудің алдына әйел омырауының мүсіні қойылған. Ол — Белле есімді жезөкшеге арналған ескерткіш.

Шіркеулер, ғибадатханалар

Уестеркөрк шіркеуі

Уестеркөрк — готика стилінде жасалған ескі протестант шіркеуі, Амстердамның басқа діни ғимараттарынан қатты ерекшеленеді. Себебі ол — ең биік шіркеу, биіктігі — 85 метр. Дәл осы жерде Нидерландтың ұлы суретшісі Рембрандт кедейлердің ортақ қабіріне жерленген. 

Айтпақшы, шіркеуде екі ескерткіш бар. Бірі — екінші дүниежүзі соғысының құрбандарын еске алуға арналған мемориал, екіншісі — фашистер азаптаған гейлер мен лесбияндарды еске алуға арналған мемориал.

Шіркеуге барғандар 186 сатыға көтеріліп, Амстердамды төбеден тамашалайтын палубаға шыға алады. Бұл палуба — қаладағы ең биік нүкте. 

Әулие Николай шіркеуі

Әулие Николай шіркеуі — Амстердам орталық теміржол вокзалындағы католик шіркеуі. Киелі Николай қаланың, теңізшілер мен саудагерлердің қамқоры болып саналады. Нео барокко және нео ренессанс стилінде салынған.

Шіркеудің іші — мозаика, ойылған төбелер мен витраж терезе. Мұнда мезгіл-мезгіл орган концерттері өткізіледі. Шіркеу дүйсенбіде сағат 12.00-ден 15.00-ге дейін, сейсенбіден жұмаға дейін 11.00-ден 16.00-ге дейін, ал сенбіде 12.00-ден 15.00-ге дейін ашық.

Оуде көрк шіркеуі

Оуде көрк — шіркеу, қаладағы ең көне үйлердің бірі. XIII ғасырда салынған. Қызыл шамдар кварталында орналасқандықтан жан-жағында көңіл көтеретін жер толып тұр.

Оуде көрк 10 капелладан, қоңырау мұнарасы мен баптистериден тұрады, аумағында ұлы қолбасшылар, суретшілер мен ақындар жерленген қабір бар, ал шіркеудің ішінде Уатер-Мюллер органы қойылған. Мұнда мұнараға көтерілуге мүмкіндік беретін көркем көрмелер мен экскурсиялар өткізіліп тұрады.

Ниве кёрк шіркеуі

Ниве кёрк — патшаның я патшайымның таққа отыруы мен инаугурациясын өткізетін жер. Неке қию рәсімі де осы жерде өтеді. Ниве кёрк бұрын шіркеу болған, бірақ көп жылдан бері қызмет көрсетілмеген.

Әдетте Нива кёркте жәрмеңкелер, өнер көрмелері және тіпті концерттер өтеді. Орган концерттері сәрсенбіден дүйсенбіге дейін сағат 12.00-де өтеді.

Сәулет

Патша сарайы

Патша сарайы — Бөгет алаңы мен Амстердамның негізгі көрікті жерлерінің бірі. Үй Нидерланд монархтарының резиденциясы ретінде пайдаланылмайды, бірақ әртүрлі ресми іс-шаралар өткізу үшін қолданылады.

Сарай өте керемет: мәрмәрдән салынған, алтын жалаған. Ішінде антиквар шамдары, Дамаск бұйымдары, сағаттар жинағы, сурет галереясы және Салтанатты зал бар. Ерекше жері — Жер шарын ұстап тұрған Атланта мүсіні мен үлкен жер картасы.

Сарайға кіру 12,50 € тұрады. 18 жасқа толмаған балалар тегін өтеді. Кез келген адамға тегін аудио нұсқаулық беріледі. Барған адамдар тарих мұражайы мен Жорданс, Рембрандт, Боль мен басқа суретшілердің суреттері қойылған залға кіре алады.

Мейдерслот сарайы

Мейдерслот — астанадан 15 шақырым алшақ жатқан ортағасыр қамал. Жан-жағы су болғандықтан оны құрлыққа көпір жалғап тұр. Қамалдың бар көркі — қарапайым салынған мұнаралары. Мұның себебі — бұрын Мейдерслот кеден пункті болған.

Ғимарат өте жақсы сақталған. Себебі экономикаға маңызды болғандықтан қамалды ешкім басып алып көрмеген. Қазір Мейдерслоттың ішінде ортағасыр қару-жарағы, сауыт-сайманы мен портрет галереясы орналасқан мемлекеттік мұражайдың филиалы орналасқан. Кейде қамалдың аумағында ұлттық ойындар өткізіліп, телехабарлар түсіріледі.

Берлаге биржасы

Берлаге — орталық вокзал мен Бөгет алаңының арасында тұрған биржа. Онда ХХ ғасырдың аяғына дейін сауда өткізілген қор биржасының ғимараты болған.

Үй көзге түсетіңдей ерекше емес: қызыл кірпіштен салынған, элементтері ассиметриялы, бұрышта бір мұранасы тұр. Әсіресе Уестер кёрк шіркеуі мен патша сарайының қасында елеусіз қалатындай. Алайда жергілікті тұрғындар үйлерін Берлаге архитектурасына сүйеніп салады екен.

Қазір биржаның аумағында концерттер, конференциялар мен жиналыстар өткізілетін мұражай мен алаң бар. Туристер мұнараның төбесіне көтеріле алады. 

Блаубрюг

Блаубрюг (Көк көпір) — Амстердамның әйгілі көпірлерінің бірі. Рембрандт пен Уатерлоо алаңдарын жалғап тұр.

Көпір тастан жасалған және мүлдем көк емес: бұл ат XVII ғасырда Блаубрюгтің орнында болған ескі ағаш көпірдің құрметіне қойылған.

Блаубрюгтың жанында түсірілген суреттер күшті шығады, себебі көпірдің элементтері кеме бөліктеріне ұқсайды, ал айналасы толған — сарай.

Қаланың басқа көрікті жерлері

«Амстердам-Арена» стадионы

«Амстердам-Арена» 1996 жылы салынған. Кезінде Еуропадағы ең футурист, жылжымалы шатырлы стадиондардың бірі болған. Бұл жерге «Аякс» футбол клубының жанкүйерлері міндетті түрде баруы керек. Өйткені бұл жер клубтың үй аренасы ғана емес, барлық жетістіктері сақталған мұражай.

Стадионда түрлі фестивальдар мен концерттер өткізіледі. Мұнда, мысалы, Мадонна мен AC/DC тобы өнер көрсеткен.

Заансе-Сханс

Бұл Зан өзенінің үстінде тұрған, Амстердам маңындағы шағын мұражай ауылы. Автобуспен я пойызбен 17 минутта жетіп алуға болады.

Заансе-Сханс XVII ғасырдағысына ұқсатылып қайта салынған. Әлемге бұл елді мекеннің түрлі-түсті жел диірмендері өте танымал (олар істеп тұр, айтпақшы).

Тағы не үшін бару керек десеңіз, туристер май құю немесе дән ұнтақтау процесін көре алады, сонымен қатар нағыз голланд ірімшігі пен қолдан жасалған ағаш кломпы аяқ киімін сатып ала алады.

Ашық аспан астындағы тұрған бұл мұражайға кіру тегін. Диірмендерге кіру үшін қосымша ақы сұралуы мүмкін.

Кофешоптар

Кофешоптар — Амстердамдағы марихуананы заңға сай сататын орындар.

Freedom Travel (Авиата) есірткі мен психотроп заттарға қарсы. Есірткі шегу нашақорлыққа түрткі болуы мүмкін.

Ол жерден кофе, шай және тіпті жеңіл тағам алдырсаңыз да болады. Бірақ алкоголь сатылмайды. Қалада мұндай мекемелер көп. Іздесеңіз, Coffeeshop белгісі бар-жоғын қараңыз.

Амстердамның әйгілі арналары

Нидерландтың астанасы үлкен каналдар жүйесінен тұрады. Сондықтан кез келген турист баруға тиіс қаланың әйгілі каналдарына барыңыз. Барлық арналар ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.

Сингель, Херенграхт, Кейсерсграхт және Принсенграхт арналарына да барыңыз.

Туристер каналды қайыққа мініп аралай алады я су велосипедін жалға алады. Қыста мұз қатқан каналдарда коньки тебеді: мысалы, Патша каналында я Кайзерграхтта. Су турларын ұсынатын ең танымал компания — Grayline. Билетін теміржол вокзалынан сатып алыңыз. Бірнеше сағаттық круиздің арқасында негізгі көрікті жерлерді көре аласыз. Билеттерінің құны 13 € басталады.

Нидерландтың визасын алғым келеді десеңіз, біздің сайтқа өтіп, өтінім қалдырсаңыз болады. Freedom Travel (Авиата) визаға қатысты бар мәселеңізді шешуге көмектеседі!

2

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

,

Осы айдардан:

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат
15.07.2022

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
14.07.2022

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид
11.04.2022

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид