Бакудың топ 20 көрікті жері
Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
Баку — Әзербайжанның Каспий жағалауында орналасқан астанасы, туристерге сәулеті, эклектикалық көшелері мен жылы атмосферасы танымал қала.
Қазақстан азаматтары баруға тиіс жерлердің бірі. Себебі ол бізге, әсіресе батыс өңірлерге жақын әрі қалтамыз көтереді. Соған орай мына мақалада Бакуда қандай жерге бару керегін айтып береміз. Оқи отырыңыз.
Ичери Шехер (Ескі қала)


Ичери Шехер — Бакудың ортағасыр қамалдары мен үйлері сақталған ең көне ауданы. Бұл жер ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. Ескі қалада күні бойы қыдыруға болады: әуелі Ширваншах сарай кешеніне барыңыз, ғажайып ежелгі қамалды көріңіз, кейін Мұхаммет деген үлкен мешітке барыңыз.
Ичери Шехер Жібек жолының бойында жатқандықтан қазір ол жерде керуен сарайдың түр-түрі сақталған. Мысалы, Үндістан саудагерлері талай рет барған Мұлтани я өзбек саудагерлері барған Бұқара керуен үйлері.
Ширваншах сарайы


Ширваншахтар — Әзержайбан аумағында билік еткен ортағасыр мемлекеттің әміршілері. Ескі қалада солардың сарайы бар. Шиваншахтар деп аталады. Қазір ол — тарих пен мәдениет музейі. Оның ішіне уәзірлер сарайы — диванхане, мешіт, оқушылар бөлмесі мен монша салынған. Туристер бұл сарайда ерекше археология қазбаларын, әзержайбан кілемдері, музыка аспаптары мен тіпті ежелгі Құранды көре алады.
Сарайға кіру үшін 15 манат (4 640 теңге) төлеуіңіз керек. Кешен таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін ашық тұрады.
Қыз мұнарасы

Қыз мұнарасы — Баку жағалауындағы қамал. Оның сегіз қабаты бар: бірінде гелиодисплейлі музей, ал ең жоғарғы қабатында шолу алаңы бар.
Оған кіру 15 манат тұрады. Музей 10:00-нан 18:00-ге дейін, дүйсенбі-сенбі күндері ашық тұрады.
Мұхаммет мешіті

Мұхаммед мешіті Ескі Бакуда салынған. Оның екінші атауы бар — орыс әскері шапқаннан кейін мешіт Сынық қала (Бүлінген қала) деп аталып кеткен.
Қазір мешітте тек экскурсия өткізіледі. Кіру ақысы қанша екенін біле алмадық, бірақ туристердің сөзіне сенсек, мешітке еркектер ғана кіре алады екен.
Ичери шехер моншалары

Ичери шехер моншасы — ежелде де адамдар керемет үй сала алғанының дәлелі. Моншаның бір бөлігі жазда салқын болсын деп жерден төмен салынған, ал екінші жартысы қыста жылы болсын жердің үстіне салынған.
Хамамда бакулықтар жуынып қана қоймай, түрлі іс-шара мен жоралғы өткізген. Мысалы, әйелдер демалыс күндері кездесу өткізетін болған, ал ерлер кальян шегіп, нарды ойнатын болған.
Ичери Шехерде бірнеше монша сақталған: Қажы Ғайба, Аға Михайыл, Қасым бек моншалары.
Мини кітап музейі

Мини кітап мұражайы — Ичери Шехердегі тағы бір маст визит жер. Онда кіп-кішкентай кітаптардың әлемдегі ең үлкен топтамасы жиналған: 70 елден келген 4 500 экземпляр. Музейді ашқан Зафира Салахова экспонаттарын 30 жыл бойы жинаған. Мұражайда көркем әдебиеттен басқа жолсілтегіштер, энциклопедия мен атластар толып тұр.
Музейге тегін кіре аласыз, бірақ ол дүйсенбі және бейсенбі күндері жабық тұрады.
Теңіз жағасындағы бульвар

Теңіз жағасындағы бульвар — туристер баратын жер ғана емес, Баку тұрғындары жиі баратын жер. Бұл жол төрт шақырымға созылып жатқан жер: қыдырысыңызды Тәуелсіздік алаңынан бастап, Мемлекеттік ту алаңында бітірсеңіз болады. Онда ойын-сауық аттракциондары, кинотеатр, дәмханалар мен балалар театры, тіпті парашютқа арналған төбе бар.
Бульварға жұма күндері кешке барған жақсы. Баку халқы осы уақытта қыдырады, теңіз жағасында билеп, ән айтады.
Кішкентай Венеция

Кішкентай Венеция — теңіз жағасындағы кішкентай ойын-сауық аттракционы. Күн сайын жасанды арналарда қайық мінген туристер толып жүреді. Қайыққа мінгіңіз келмесе, көпірдің үстімен жүріп, мейрамханадан тамақтансаңыз болады.
Аттракцион кішкентай десе кішкентай: тез аралап шығуға болады. Ақысы — 3 манат. Бір қайыққа төрт адам сыяды.
Әзербайжан кілемі музейі


Музейдің формасы оралған алтын түстес кілемге ұқсайды. Ішінде туристер Әзербайжанның түрлі дәуірінен қалған кілемдер, ыдыс-аяғы, зергер бұйымдары мен қаруы сақталған. Ең көне экспонат ХІІ ғасырда жасалған.
Екінші қабатында кілем қалай жасалатынын көруге болады. Музейге кіру 10 манат (3 100 теңге) тұрады, аудиогид алам десеңіз, үстінен 2 манат қосасыз.
Baku Eye шолу дөңгелегі


Баку шолу дөңгелегі теңіз жағасында орналасқан. Онда бұрын 30 метр биік аттракцион болған, бірақ 2014 жылы биіктігі 60 метрге жететін шолу дөңгелегі орнатылған.
Бір кабинаға сегіз адам сыяды, ал ВИП кабинаға төрт адам кіре алады. Дөңгелек толық айналады дегенше 30 минут өтеді.
Баку аспажолы

Аспажол Мұнайшылар алаңы мен Таудағы паркті жалғап тұр. Оны құрылысшылар 1960 жылы салған, кейін 2016 жылы Еуровижін үшін жөндеді.
Фуникулёрда екі вагон бар. Біреуіне 28 адам сыяды. Жоғарғы бекет Низамидің поэмасындағы кейіпкердің құрметіне Бахрам Гур деп, ал төменгісі Шахид аллеясы деп аталды.
Жол ақысы — 1 манат (310 теңге). Фуникулер таңғы 10-нан кешкі 10-ға дейін істейді, бірақ түскі үзілісте, 13:00-14:00-де жабық тұрады. Дүйсенбі — демалыс күні.
Алау мұнаралары

Алау мұнаралары — Бакудың ең танымал символдарының бірі. Магнит, естелік суреттерде көп бейнеледі. Ішінде қонақүй, кеңселер мен пәтерлер орналасқан.
Кешеннің қасбетіне кешке қарай қосылатын LED экрандары орнатылған: әуелі алау, содан кейін Әзербайжан туы көрсетіледі. Бұл шоуды көру үшін мұнараға жақындаудың қажеті жоқ: шоуды таудағы саябақтан я Ичери Шехерден көруге болады.
Мұнарада тұрып көргім келеді десеңіз, Fairmont қонақүйінен бөлме брондаңыз. Онда бір түн қону 150 мың теңгеден басталады.
Әзербайжан мемлекеттік филармониясы

Мемлекеттік филармонияның ғимараты ХХ ғасырда салынған. Сыртына қарасаңыз, Ренессанс дәуірінен қалған итальян сарайына ұқсайды. 20 жылдары филармония ойын үйінің қонақтарына арналған ғимарат болған, кейін билік Мүслім Магомаевтың атындағы Әзербайжан мемлекеттік филармониясы деп өзгерткен.
Қазір онда түрлі музыкалық ұжымдар мен шетелдік әншілер өнер көрсетеді.
Субұрқақ алаңы


Субұрқақ алаңы Бакудың орталығында орналасқан.
Бұл алаңда асықпай қыдыруға я базарлық алуға, дәмханадан тамақтануға болады. Мысалы, әзербайжан ұлттық тағамдарын сататын Firuze мейрамханасына барыңыз.
Субұрқақтар күні бойы істейді. Қыста жаңа жылға арналған жәрмеңке ұйымдастырылады.
Мемлекеттік ту алаңы


2010 жылы Әзербайжан билігі әлемдегі ең биік ту жасағысы келіп, оған ерекше алаң салады. Флагштоктың биіктігі 162 метр. Бұл жалау Түркіменстан 165 метр биік флагшток құрғанға дейін әлемдегі ең биік ту саналған. Кейін бұл атаққа Сауд Арабиясы ие болды. Ондағы флагштогтың биіктігі 170 метр.
Алаңда қыдыруға, елдің алтын жалаған елтаңбасы мен картасын көруге болады. Мемлекеттік ту музейіне де барсаңыз болады. Онда Әзербайжан аумағында билік еткен барлық мемлекеттің жалаулары көрсетілген.
Үкімет үйі


Үкімет үйі Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Ғимарат адам көрсе сенгісіз әдемі: дарбазасы, бағанасы, мұналары керемет салынған. Үйде барлық дерлік министрлік жұмыс істейді.
Ғимараттың ішіне кіре алмайсыз, бірақ сыртынан көріп кетуге болады.
Хейдар Әлиев мәдениет орталығы

Хейдар Әлиев орталығы — архитектурасы керемет заманауи кешен. Онда бір де бір түзу сызық жоқ. Туристер Хейдар Әлиев музейіне, көрме мен музыка аспаптары музейіне кіре алады. Кіру үшін 15 манат төлеу қажет.
Айтпақшы, үйдің авторы — дүниежүзіне танымал сәулетші Заха Хадид.


Кешеннің аумағында «I LOVE BAKU» («Бакуды сүйемін») деген жазу бар.
Хейдар Әлиев мәдениет орталығына кіру 15 манат тұрады.
Хейдар мешіті

Хейдар мешіті — Күнгей Кавказдағы ең үлкен мешіт. 2014 жылы приезидент Ілхам Әлиевтың бұйрығына сай салынған.
Мешіт төрт күмбезді. Сырты осман сәулетіне ұқсайды, ал ішінде дәстүрлі әзербайжан кілемдері жайылған, алтын жалаған жабдықтар қойылған.
Мешітте сүнниттер де, шииттер де намаз оқи алады. Әлемде мұндай мешіт тек екі жерде бар.
Таудағы парк

Парктің жоғарғы жағында Әзербайжанның тәуелсіздігі үшін жан бергендерге арналған Шейіттер аллеясы бар. 1994 жылы онда Мәңгілік алау жағылды. Аллея ашылғанға дейін онда мұсылман зираты болған.
Саябаққа баспалдақпен жаяу я аспажолмен шығуға болады. Ол жақтан қаланың әдемі көрінісі ашылады.
Ысмайыл сарайы

Мұнайшы кәсіпкер Мұса Нағиевтің бұйрығына сай салынған сәулетті сарай. Нағиев оны туберкулезден жастай қайтқан баласына арнаған. Сарайды поляк сәулетшісі Плошко салған.
Бұрын онда мұсылман қайырым қоғамы, кейін қыздарға арналған мектеп істейтін. Қазір онда Ғылым ордасының президимумы орналасқан.
9
18