Логотип

Баку туралы үлкен гид: барар алдында нені білуіміз керек?

Баку туралы үлкен гид: барар алдында нені білуіміз керек?
Гидтер 11 мин оқисыз
15.07.2022

Баку туралы үлкен гид: барар алдында нені білуіміз керек?

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат

Баку — Каспий теңізінің арғы жағындағы қала. Біз бұрын оның қандай көрікті жерлері барын айтқанбыз, тіпті екі күндік сапарымызды видеоға түсіргенбіз. Дәл қазір ол қалаға барар алдында нені білуіміз қажет екенін айтпақпыз.

Саяси анықтама

  • Әзербайжан – Таудағы Қарабақ үшін Армениямен соғысқан ел. Ұшақтан түскеннен кейін әуежай қызметкерлері сізді Қарабақ біздікі деп қарсы алуы мүмкін. Ол тақырып туралы ештеңе айтпағаныңыз жөн.
  • Сөз жүзінде Әзербайжан — конституциялық ел, бірақ бірінші президентінің орнына оның баласы келген ел. Жемқорлық, мұрагерлік пен жеке басқа табыну туралы әңгіме қозғамағаныңыз жөн.

Байланыс

Байланысқа ақша төлегіңіз келмесе, MAPS.ME қолданбасын жазып алыңыз. Бакудың кей жерінде тегін уайфай жоқ. Ақылы интернет қымбат тұрады. Azercell, Bakcell я Nar Mobile сим картасын алсаңыз болады. 5 мегабайт интернеттің құны — шамамен 3 мың теңге. Тариф таңдағанда күніне неше мегабайт интернет берілетініне мән беріңіз.

Бакудың кей жерінде мүлдем уайфай жоқ. Туристерден сізге кеңес: Әзиз Әлиев көшесіндегі Hardrock Café дәмханасында тегін Wi-Fi бар. Әзербайжан кілем музейіндегі интернеттің құпиясөзі — carpet15, ал Старбакстікі – starbucksbaku.

Климат

Бакудың климаты континентал әрі құрғақ: жазы ыстық, жаңбыр аз жауады, ал қысы қатал әрі құрғақ болады. Бакуды жұрт жел қала деп атайды: жыл бойы желді боп тұрады. Ауа температурасы таңертең бір, кешке басқа болады. Сондықтан далаға шығарда ауа райы болжамын қарап шығыңыз.

Виза керек пе?

Қазақстан азаматтарына виза алудың керегі жоқ. Біз Әзербайжанда 30 күн визасыз жүре аламыз.

Бұрын Таудағы Қарабаққа барған болсаңыз және тегіңіз армян болса, шекарашылар сізге сұрақ жаудыруы мүмкін. 

Бакуға қалай жетуге болады?

Ұшақпен ұшыңыз. Ұзақ жолдан шаршамаймын десеңіз, көлікпен барыңыз.

Ұшақ

Бакуға Ақтаудан екі әуе компаниясы ұшады: FlyArystan мен Azerbaijan Airlines. Әзербайжан компаниясы тұрақты әрі жиі ұшады, ал ФлайАрыстанның кестесі жыл мезгіліне қарай ауысып отырады. 

Көлік

Көлікпен барсаңыз, Ресей мен Грузияны я Өзбекстан, Түркіменстан мен Иранды кесіп өтесіз.

Қаперіңізде болсын: Әзербайжанда экологияны қорғау заңы бар, сондықтан көлігіңіз Еуро-4 стандарттарына сай болуы керек. 

Транспорт

Бакуда автобус, метро мен фуникулёр жүреді. Ақысын BakıКart картасымен төлейсіз, кей миниавтобуста жетон я ақша беріп төлейсіз. 7-ге толмаған балалар тегін жүреді.

BakiKart-ты әуежайдан алуға болады. Құны — 2 манат. Уақытша қолданатын карта да бар. Оны ары дегенде төрт рет қолдана аласыз. Жолақы — 0,3 манат. Картаны арнайы автоматтан толтырасыз. Онда ақша жеткіліксіз болса, ақы төлегенде қызыл жарық жанып, «Kartda balans yoxdur» деп жазылып тұрады.

Автобустың ақысын тек BakiKart картасымен төлей аласыз. Кірерде алдыңғы есіктен кіресіз, ал шығарда ортадағы есіктен шығасыз. Жүру кестесі Баку автопаркінің ресми сайтында жазылып тұрады. 

Қалада туристерге арналған Hop on/hop off: Baku City Tour автобустары да жүреді. 13 доллар төлеп, 16 жерге бара аласыз. Бағаға аудио нұсқаулықтың құны қосылған. Билетті 24 сағатта жаратып тастау керек. Бұл автобустар таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін жүреді.

Баку метросы үш жол (қызыл, жасыл және күлгін) мен 25 бекеттен тұрады. Бекеттердің аты әзербайжан және ағылшын тілдерінде жазулы тұрады. Метро 6:00-ден 00:00-ге дейін істейді. Метро схемасын ресми сайтынан жүктеп алыңыз.

Катер де Бакудың қоғамдық көлік жүйесіне жатады: теңіз жағасындағы бульвардан күн сайын үш палубалы «Мирвари» кеме шығады. Оның қатып қалған кестесі жоқ, себебі борт толғанда ғана жолға шығады. Бір сапар 3 манат, ал VIP кабина 10 манат тұрады. Бес жасқа толмаған балаларға жол жүру тегін. 

Фуникулёр — тау саябағы мен мұнайшылар даңғылындағы алаңды жалғап тұрған тағы бір қоғамдық көлік. Тек екі бекеті бар, 10 минут сайын жүреді. Фуникулёр дүйсенбіден басқа күндері ашық тұрады. Жол жүру құны — 1 манат.

Әуежайдан орталыққа қалай жетуге болады?

Аэроэкспреспен жетіп алуға болады: ол бірінші және екінші терминалдардан 30 минут сайын жүреді. Ең соңғы бекет — 28 мамыр метро бекеті.

Экспресс автобустарда BakıКart та қабылданады. Бір-ақ рет қолданылатын картамен жол жүру құны — 1,5 манат, бірнеше рет қолданылатын картанікі — 1,3 манат.

Ең ыңғайлы көлік — такси, әрине. Жолға шамамен 12-15 манат кетеді.

Қайда бару керек?

Мына мақалада Бакуда қайда бару керегін егжей-тегжейлі айтып бергенбіз. Оқи отырыңыз.

Лютеран кирхасы

Лютеран шіркеуі XIX ғасырда Баку лютерандарына арнап салынған. Ол заманда Бакуда лютеран болған ба десеңіз, иә, болған, олардың көбі қалаға қоныс аударған немістер, грузиндер мен шведтер болған. Кейін олар ХХ ғасырдың басында ғибадатхана тым кішкентай, қайта салу керек деп шешкен. Сәулетші Эйхлер шіркеуді (кирханы) неміс готика стилінде қайтадан салды. Шіркеуді кезінде Кеңес өкіметі бұзып тастағысы келген. Бірақ оны Кировқа арналған ескерткіш құтқарып қалған: мүсінді жасау үшін сәулетшіге биік ғимарат қажет болған. Сол ғимарат — лютеран шіркеуі. Ол кейінірек Әзірбайжандағы Германия елшілігінің арқасында қалпына келтірілді.

Лютеран шіркеуінде орган музыкасының концерттері өтеді. Шіркеу тұрған жер — 28 мамыр, 17-үй.

Ағайынды Нобельдердің үй мұражайы

Үй Людвиг Нобель тұрған екі қабатты виллада орналасқан. Ішіндегі жиһаз бен құжаттар әлі күнге дейін сол күйі сақталған.

Гидтердің сөзіне сенсек, Нобель қорының төрттен бір бөлігі бастапқыда Баку мұнайынан түсіп отырған. Мұражайды табу қиын: сондықтан таксимен барған жөн.

Үй мұражай Нобельдер даңғылындағы 57/2-үйінде орналасқан.

Заманауи өнер музейі

Мұражайда Әзербайжанның аварганд суретшілерінің еңбегі жиналған: ішінде 800 экспонат бар. Тыйым салынған картиналар жоқ, бірақ көрмеге бару керек деп ойлаймыз. Себебі Дали, Пикассо және Шагал суреттерінің түпнұсқалары сонда тұр. Бірақ онда Баку бейнеленген «Геосаяси нәресте» суреті жоқ. Мұражайға кіру 5 манат (ересектер), 2 манат (студенттер мен оқушылар) тұрады. Мектеп жасына толмаған балаларға кіру тегін.

Мекенжайы: Юсиф Сафров көшесі, 5-үй.

Yarat заманауи өнер орталығы

Мұнда жиі заманауи көрмелер, концерттер, спектакльдер, шеберханалар мен тегін жаттығулар өтеді. Кеңістікке кіру тегін, бірақ іс-шаралардың көбіне алдын ала тіркелу қажет. 

Низами көшесі

Низами — жұрт жаяу серуендейтін көше. Түрлі дүкендер, мейрамханалар, барлар мен кафелер орналасқан жер. Бұрын бұл көше «Сауда көшесі» деп аталған, бірақ кейін аты ақын Низами Гәнжауидің құрметіне өзгертілген. 

Бұл көшеде дүкен аралап, тамақтану үшін ғана емес, XIX-XX ғасырлардан қалған әдемі ғимараттарды көру үшін де серуендеген жөн. Көшеде субұрқақтың түр-түрі бар, сол себепті кейде оны жұрт «Субұрқақ алаңы» деп те атайды.

Кешкі уақытта көшенің жарығы ерекше әдемі болып жанады, сондықтан үйлер түнде күндізгіден де көрікті көрінеді.

Низами көшесінде әлемге танымал Starbucks, McDonald's және KFC сияқты тамақтану орындары бар. 

Нені жеп көруге болады?

Әзербайжан тамақтары

Әзербайжан мен Бакуға барсаңыз, міндетті түрде палауынан дәм татып көріңіз. Ол жақтың палауы өзгеше болады: күріш пен салмасы бөлек пісіріліп, тек дастарқанға қойған кезде араластырылады. Күріш әрдайым сары майға я құйрық майға қуырылады. Палаудың ішінде жеміс-жидек жүрсе, мысалы, анар дәндері жүрсе, таңғалмаңыз.

Палаудың ерекше түрі — шах палауынан да ауыз тиіп көріңіз. Оның сырты — нан, іші — күріш. Пешке піседі. 

Сонымен қатар дүшбәра (майлы тұшпара сорпасы), айва жапырағына оралған долма, қатық пен фрикаделька қосылған жеңіл жазғы довга сорпасы, қыш құмыраға қайнаған ноқат сорпасы — пити, сондай-ақ әзербайжан хинкәлі мен көкөніс пен ірімшіктен жасалған кутабтарды да жеп көріңіз.

Ерекше тағамдардан мыналарды жеп көріңіз: тоқішектен жасалған қою ет рагуы (жыз-быз), қой етінен жасалатын хаш сорпасы мен саж тағамы. 

Жергілікті жұрт ішетін сусын ішкім келеді десеңіз, армуду кесеге құйылған шай, раушан шәрбаты мен фейхоадан жасалған компот алыңыз.

Бакудың қай жерінде әзербайжан тамағын жеп көруге болады? 
FiruzeТарлан Алиярбеков көшесі, 14
QazmaqКичик Гала көшесі, 124
Old GardenГүлле қиылысы, 22
SumakhХоджалы даңғылы, 20/22
Central BakuНизами көшесі, 75
Araz caféСафарлы көшесі, 1
«Ширваншах» музей мейрамханасыСалатын Аскерова көшесі, 86

Әзербайжан тәттілері

Әзербайжан тәттілерінің ішінде міндетті түрде мыналар жүреді: жаңғақтың түр-түрі, көкнәр, бал, күнжіт, кардамон. Курабие және мутаки деген печеньесін, жаңғақ бәліштерін, шекербура, шірин тоқаштары мен Баку кәтасын жеп көріңіз. Одан басқасынан дәм татқым келеді десеңіз, фірні (фирни, күріш ұны мен сүттен жасалады) алыңыз.

Көк базарына («Яшыл базар») барып, тосап алсаңыз да болады.

Әзербайжандардың да пахлавасы бар: түріктердікіне біраз ұқсайды, 12 қабатты болып келеді, қамырына запырангүл қосылады, ал олардың арасына үгітілген шаңғақ салынады.

Әзербайжан шарабы

Әзербайжандардың шарабын Kefli я Room шарапханасына барып ішіп көріңіз. Ол жерде қызғылт және анар шарабын татып көруге болады. Кәдімгі қызыл я ақ шарап ішемін десеңіз, Savalan, Fireland Vineyards-қа барыңыз.

Ішімдікті сыртта отырып ішпеген жөн болар. 

Қайда көңіл көтеруге болады?

Әзербайжан андерграунды мен стендабын Le Chateau Music Bar барына, ал электрондық музыкасын Barrel Playground я Sintetik клубтарына барып тыңдауға болады. Баку бухтасына қарап билегім келеді десеңіз, ElevenBarDuck пен Pasifico-ға барасыз. 

Бакудың клубтарына сәнденіп барған жөн. 

Пабтардан мынандайлары бар: Crazzy bear, Finnegan’s pub, William Shakespeare

Қаланың маңында не қызық бар?

Жазда барсаңыз, әрине, Каспий теңізіне түсіңіз. Бакудың жағажайлары Ақтаудікінен әлдеқайда жақсы, себебі тегіс әрі тассыз. Нақты қай жеріне барамын десеңіз, ең танымал демалыс орны — Білгәхқа барыңыз. Оның жағажайы тегін. Басқа да таза жағажайлар бар. Біреуі Нардаран ауылында орналасқан, аты — Sea Breeze.

Шахдағ

Қыста сноуборд я шаңғы тебу үшін Шахдағқа барыңыз. 

Қысқы спорт сүйер туристер Әзербайжанға көп бара бермейді, сондықтан ол жерде ұзын-сонар кезек көрмессіз.

Айтпақшы, Шахдағқа барар жолда Бешбармақ деген жер бар. Соның бекіреден жасалған кәуабын жеп көріңіз. 

Масазыр

Басқа қанда әдемі жерлері бар десеңіз, Масазыр деген қызғылт көлі бар. Әзербайжанда қызғылт көлдің сегізі бар, бірі — осы Масазыр. Суы өте ащы, сондықтан балық жүзбейді. Ол жаққа таң атпай барып, күн шыққанын қызықтауға болады. 

Когда лучше посетить Баку?

7

1

,

Осы айдардан:

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
14.07.2022

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид
11.04.2022

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид