Барселонаға барар алдында білуіңіз керек мәлімет

Барселонаға барар алдында білуіңіз керек мәлімет
Гидтер 9 мин оқисыз
23.01.2023

Барселонаға барар алдында білуіңіз керек мәлімет

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Барселона — өте әдемі қалалардың бірі, испан және каталон тарихы мен мәдениеті араласқан елді мекен. Мұны сәулетінен де, әдеп-ғұрпынан да көре аласыз. Сіздерге осы мақалада Барселона барар алдында нені білуіңіз керегін айтпақпыз.

Барселонаның тарихы туралы бір-екі ауыз сөз

Барселонаның тарихын аздап болсын білген жақсы. Оған кемі екі себеп бар: жергілікті жұртпен тілдескенде керек болуы мүмкін және негативке ұрынбау үшін.

Барселона ежелден бері Каталонияның астанасы. Бұрындары каталондар Испания корольдарына қарсы көтерілгенде бұл қала көп зардап шеккен. XVII ғасырда Сегадор көтерілісінен кейін тоналып, ал испан мұрасы үшін болған соғыста өртке оранып, жартысы қираған. Бір кездері каталон тіліне тыйым салынды, кейін алынып тастады, ал Барселона саяси және мәдени репрессияның бір белгісіне айналды. Бұл факт қаланы одан да қызық ете түсті. 

70 жылдары испан диктатурасы аяқталғаннан кейін Барселона каталон мәдениетінің ғана емес, испан мәдениетінің де бір орталығына айналды. Қаланың билігі каталон мәдениеті мен тілінің жаңғыруына көп атсалысып жүр.

Айтпақшы, Барселонаны Барсе деу — қате. Барса деген қаланың емес, Барселона деген футбол клубының атауының қысқаша түрі. Барселона қаласын Барна десеңіз болады.

Климаты

Барселонаның климаты — субтропика. Сондықтан үнемі күн жылы болып тұрады. Мысалы, қаңтар ең салқын ай саналғанмен орта температура +9°C, ары кетсе +4°C дейін түседі. Мұны Астана халқы естісе жылайтын шығар.

Жазы ыстық, бірақ жанып тұрмайды. Орта температурасы — +25-28°C. Жалпы, климаты кез келген уақытта барып қыдыруға мұрша береді.

Виза

Барселона Каталонияның астанасы болғанымен, география тұрғысынан Испания қаласы саналады. Сондықтан шенген визасын алу керек. Себебі Испания — Шенген одағына мүше.

Барар алдында нені білуіңіз керек?

Barcelona Card турист картасы

Өзге танымал қалалар сияқты Барселонаның туристерге арналған картасы бар. Атауы — Barcelona Card. Оны алсаңыз, қоғамдық көлікке тегін мінесіз, көрікті жерлердің көбіне тегін кіресіз. 72 сағаты 53 еуро, 96 сағаты 63 еуро тұрады. Онлайн алуға болады. 

Айтпақшы есіңізде болсын: картада 72 сағат деп жазылып тұрса да, ол үш тәулік болып саналады. Картаны 19:00-де сатып алсаңыз, бірінші күні сол күнгі 23:59-да, яғни бес сағаттан кейін бітіп қалады.

Barcelona Card-тың мынандай жақсы тұстары бар:

  • Қоғамдық көлікке тегін мінесіз (метро, автобус, FGC қалааралық автобустары, әуежайға баратын пойыз бен Renfe пойызы (1-зона).
  • Музейлер мен көрікті жерлерге кезекке тұрмай кіресіз (тізімі тарифке қарай өзгереді). 
  • Кей жерге баруға жеңілдік беріледі. Дәл қайсына жеңілдік берілері белгісіз, тізімі үнемі өзгеріп отырады. 
  • Барселонаның ресми базарлық дүкендерінен базарлық алуға жеңілдік беріледі;
  • Барселона туралы гид тегін кітап пен карта.

Қоғамдық көліктері

Қаланың қоғам транспорты жүйесі керемет дамыған: метро, күндізгі, түнгі және туристер автобустары бар, трамвай мен фуникулер бар.

Транспорт желісі алты аймаққа бөлінген. Барселона — 1-аймақ, қаланың шеті — 2-6-аймақтар.
  • Қаланың ішінде 11 метро желісі бар. Көбі жерасты, бірақ қаланың шет жағында жерүсті бекеттер бар. Метроның жалпы ұзындығы — 160 шақырым. Әр желінің нөмірі мен түсі болады. 
  • Метро дүйсенбі-бейсенбі күндері таңғы бестен түнгі 12-ге дейін, жұма күндері түнгі 2-ге дейін, сенбі-жексенбі күндері күні-түні істейді. Пойыздары 2-5 минут сайын жүреді. Жолақы – 2,4 еуро.
  • Автобус желісі қатты дамығаны сонша — түсініп болғанша басыңыңыз айналады. Онлайн картаға қарап жүргеніңіз жөн. Автобусқа алдыңғы есіктен кіріп, артқы есіктен шығасыз. Мына компаниялардың автобустарына мінуге болады: TMB, Tomb Bus (Диагональ даңғылымен), Port Bus (теңіз портына дейін), Tibibus (Тибидабо тауына дейін). Автобустар 5:30-22:30 аралығында жүреді. 
  • Түнгі автобустар көп емес, бар-жоғы 17. Көбі Каталония алаңынан жүреді. 
  • Нop on/hop off — туристер автобусы. Танымал көрікті жерлерге барады. Барселонада үш желісі бар: көк, қызыл, жасыл. Көк автобустар Каталониядан Барселона заманауи музейіне барады. Қызылы Каталония алаңынан зообаққа, ал жасылы Олимпик портынан Форумға апарады. Сол жақтан жағажайға жетіп алуға болады. Бір автобустан екінші автобусқа бір билетпен міне беруге болады. Бір ересек билетін бір күнге 30 еуро тұрады. 
  • Барселонаның трамвайлары қаланың орталығы мен шет жағын жалғап тұр. TRAM деген ресми қолданбасы бар. Жұмыс кестесі метронікіне ұқсайды, бірақ одан сирек жүреді — 15 минут сайын.
  • Пойыздары қаланың сыртына да, басқа қалаға да барады. Мысалы, Renfe пойызымен Мадридке 2,5 сағатта баруға болады. Сантс (Sants) және Француз вокзалы (Estació de França) бекетінен қалааралық пойызға да, халықаралық пойызға да мінуге болады.
  • Монжуик фуникулері метро саналады. Кестесін мына сайттан тексеруге болады. Жолақысы — 9,90 еуро. Барселонада басқа да аспажолдар бар. Монжуиктен Әскери музейге я Барселонетеге жетуге болады. Бұл аспажолға мінерде жол жүру картасын қолдана алмайсыз. Бөлек билет сатып алуыңыз керек. 

Барселонаның жол жүру картасының аты — T-Casual. Оны тек бір адам қолдана алады. Жолақы төлеу үшін картаны турникетке жақындатасыз. Карта он рет мінуге беріледі. 75 минутта бір транспорттан өзге транспортта мініп үлгерсеңіз, бір рет міндіңіз деп есептеледі. Барселонаға бір-ақ күнге барсаңыз, бір күндік карта сатып алсаңыз болады. Неше рет мінсеңіз де, шектеу жоқ. Кез келген транспортқа мінуге болады. Туристерге арналған лимитсіз карта бар. Атауы — Barcelona Travel Card. Бірақ ол туралы толық ақпаратты төменде айтамыз.  

Барселонада Әл Прат әуежайынан қалаға түрлі амалмен жетуге болады:

Айтпақшы, Әл Пратта екі терминал бар. Екеуінің арасында тегін автобус пен L9 метро желісі жүреді.
  1. 1

    Ең қымбат жолы — такси. Ресми аялдамаларға барып міне аласыз я Kiwi Taxi шақыра аласыз. Орталыққа апарудың құны 40 еуродан басталады. 

  2. 2

    Ең арзаны — метро (L9 желісі). Torrassa бекетінде L1 желісіне ауысып мінуге болады. Осылай сіз Каталония алаңына жетіп аласыз. L9 пойызына міну үшін бөлек билет алуыңыз керек. Жол картасын қолдануға болмайды. 

  3. 3

    2-терминалға қонғандар Бальо үйіне дейін апарып тастайтын Renfe Rodalies пойызына мінсе болады.

  4. 4

    Ең арзан жолы — автобус. Жолақысы — 5,90 еуро.

Проблемаға тап болғым келмейді десеңіз…

  • Барселонада өзге туристік қалалардағыдай қалта ұрысы көп. Әл Равал, Ла Рамблаға барғанда мұқият болыңыз. Айтпақшы, қонақүйіңіздің, хостеліңіз я жалға алған пәтеріңіздің есік-терезесін түнде жауып жатыңыз. 
  • Қоғамдық жерде темекі шегуге болмайды.
  • Кей мерекеде кейбір көрікті жер жабылып қалады. Мысалы, Жаңа жылда (1 қаңтар), Үш король күні, құштар жұма мен пасхада (6 қаңтар), Еңбек күні (1 мамыр), Әулие Жоанна (24 маусым), Құдай анасы қайтқан күні (15 тамыз), Каталонияның ұлттық мерекесі (11 қыркүйек), Испанияның ұлттық мерекесі (12 қазан), Барлық әулие күні (1 қараша), Конституция күні (6 желтоқсан), Крисмас (25-26 желтоқсан).

Пайдалы сайттар

Автобустар мен метро кестесін tmb.cat сайтынан, ал қала маңына баратын пойыздар кестесі renfe.com сайтынан көруге болады. Мейрамханалар мен өзге қызықтарға жеңілдік пен купондарды eltenedor.es/restaurante+barcelona және barcelona.salir.com сайттарынан алуға болады. Барселонада Glovo мен  UberEats сервисі істейді. 

Өзге медиа мен сайттардың нұсқаулығы: 

Тұратын жер

Барселона — шулы қала: туристердің көбі бір-екі күн қыдыруға барады. Мұны қаланың билігі жақтырмағасын қоналқа жалға беретіндерден арнайы рұқсат алуы керек деген ереже шығарды. Бұл, әрине, баспана бағасының артуына түрткі болды.

Билік көңіл-көтеруге келетін туристер санын азайтып, көп ақша жұмсайтындар санын арттырғысы келеді.

Тұратын жерді Эшампле, Грасия, Сантс, Побле Ноу, Әл Клот және Кан Баро аудандарынан алған жөн. Тыныш әрі турист ондай көп болмайды. Мультимәдениетті ауданда тұрғым келеді десеңіз, Әл Равал я Готика кварталынан алыңыз.

Айтпақшы, Побле Ноу туралы бір-екі сөз. Бұл аудан көрікті жерлердан шыққаннан кейін түнгі клубқа барар алдында теңізге түсіп алғысы келетіндерге жақсы жер. Онда ішіп алған туристер аз жүреді.

Көрікті жерлер

Барселонада көп көрікті жерге тегін кіруге, баруға болады. Мысалы,  Free Walking Tours Barcelona эксурсиясына жазылыңыз. Көрікті жерлерге жаяу барасыз. Мұндай турлар күн сайын, ағылшынша өтеді. Антонио Гаудидің туындыларына я араб ауданы Әл Равалға баруға болады. GuruWalk деген экскурсия да бар. Барселонаның анархизмін айта отырып, көзге көріне бермейтін көрікті жерлерге апарады. 

Барселонада музейлер мен көрікті жерлерге тегін кіретін күндер болып тұрады. Мысалы, музей түні (2022 жылы 14 мамырда өтті) немесе айдың белгілі бір күндері танымал музейге тегін билет алуға болады. Бірақ билетті ертерек алып қою керек. Себебі тез таусылып қалады.

Тамақ

Барселона — Каталонияның орталығы, сондықтан каталон тамақтарын жеп көруіңіз — міндет. Тамақтары — көбіне балық, теңіз өнімдері, салат пен көже. Міндетті түрде паэлья (күріш, запырангүл, теңіз өнімдері), хамон (шошқаның қақталған сан еті), бакалао (тұздалған нәлім), арроз негро (кальмар сиясы қосылған ризотто), паам томакет (қызанақ соусы жағылған қуырылған нан), сарымсақ қосылған паста мен каннеллони (макаронға оралған ет) жеп көріңіз.

Ішімдіктен кава ішіп көріңіз. Кава — жергілікті көбікті шарап. Мыналардың да дәмін татып көріңіз:

  • Мериенда — испанша қайнаған ыстық шоколад;
  • Абсент пен вермут — Барселонада танымал алкогольді ішімдік. Marsella барына барып ішіңіз.
Өкінішке қарай, Freedom Travel (Авиата) редакциясынан ешкім Барселонаға барып көрмегендіктен тамақ ішетін жерлерін тек туристердің пікіріне қарап тізді.

Тізім мынандай: Las DeliciasBar MorryssomLa BombetaCasa LoleaSensi TapasLa Cova FumadaCentricRooq Chicken мен La Pepita. Дәстүрге сай жасалған тамақтарды Los Caracoles (үйрек пен ұлу алыңыз), La Fonda (паэлья мен крем каталана десертін), La Paradeta (устрица мен мидия), La Tasqueta de Blai (пинчос бутербродын), Taverna El Glop-тан (қуырылған кальсотс сатады) алыңыздар.

Қай жерден арзанға тамақ ішуге болады?

Барселона — арзан қала емес, сондықтан кейде арзан тамақ ішкің келеді. Шамамен 5 еуро тұратын тамақ сататын жерлерді атап өтейік:

  • Bocatas de Sultán — үстіне түрлі дәмдеуіш себілетін картоп пен сендуич;
  • Döner Kebab Amigo — Барселонадағы ең арзан дөнер;
  • Jhelum Sweets & Bakers — 1 еуро тұратын бургер, самса мен тауық орамалары бар;
  • Bobi Bar — қытай мейрамханасы, бірақ цомян сатады. Аты басқаша болғанымен, заты бір. Қуырылған тұздық қосылған кеспе десеңіз болды.

Шопиң

Zara, Pull and Bear және Mango сияқты масс-маркет дүкендері Испанияда ашылды. Сондықтан Барселона мен Испанияның өзге қалаларында солардың ең үлкен дүкендерін көресіз. 

Portal de l'Àngel деген сауда көшесі бар. Ол жақтан Испанияның барлық брендін көресіз. Passeig de Gracia көшесінде масс-маркеттен бөлек люкс сегменті де бар. 

Сауда орталығына барғыңыз келсе, El Corte Inglés, Diagonal Mar, L'illa Diagonal-ға барыңыз.

Барселонада Бокериядан басқа қызық базарлар бар, мысалы, Mercat de Sant Antoni я шағын Mercat de Santa Caterina.

1

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

,

Осы айдардан:

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат
15.07.2022

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
14.07.2022

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы