Ыстамбұл туралы үлкен гид: қаланың көрікті, тамақ ішетін және шомылатын жерлері
Ыстамбұлда қайда барсаңыз болады және неге дайын болуыңыз керек
Ыстамбұл — Түркияның ең ірі мегаполисі, Азия мен Еуропаны байланыстырып тұрған қаласы. Бұл қала — талай әміршінің арманы болған мекен, кезінде Рим, Византия және Осман империяларының астанасы, түрлі мәдениет тоғысқан жер болды. Сондықтан мұнда кез келген адам өзіне ұнар қызық таба алады.
Барар бұрын нені біліп алу қажет?
Виза керек пе?
Қазақстан азаматтары Түркияға визасыз бара алады. Әуежайда кеден қызметкерлері паспортқа елдің аумағында 30 күн жүруге рұқсат беретін мөр қойып береді.
Қай мезгілде барған абзал?
Ыстамбұлдың климаты қоңыржай континентал саналады. Онда үш маусым болады: салқын, жылы және барқыт маусымы. Салқын маусым қарашадан сәуірге дейін жалғасады. Ол кездегі орташа температура — шамамен +12°C. Желтоқсан мен қаңтар ең салқын айлар саналады: қырбық қар, жаңбыр жауады, жел соғады. Қысы біздікі сияқты қатал болмайды, бірақ ылғал желдің кесірінен қатты салқын болуы мүмкін. 5,7°C — Ыстамбұлда тіркелген ең төмен температура.
Мұндай ауа райынан қорқудың қажеті жоқ, қайта қуану керек 🙂 Себебі бұл мезгілде музей мен мешіттерге кедергісіз кіре аласыз: ұзын-сонар кезек болмайды, өйткені адам аз болады. Наурыз бен сәуірде күн жыли бастайды. Гүлдер шешек атады, сәуірдің екінші жартысында қызғалдақ фестивалі өтеді.
Ыстамбұлға күн толықтай жылыды деген шақта барғыңыз келсе, мамыр мен тамыз аралығында барыңыз. Мамыр мен маусымда күн қатты ыстық болмайды, орташа температура 25 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай кезде жаңбыр көп жаумайды, күн шуақты, жылы болып тұрады. Жылы мезгілде қаланың маңындағы жағайжайларға бара аласыз. Бірақ көрікті жерлеріне барған дұрыс болмас: күн ыстық болады әрі туристер шұбырып жүреді.
Қыркүйек пен қазан айлары Ыстамбұлда барқыт маусымы саналады. Температура 23-25 градусқа дейін түседі. Әлі де қаланы аралап, жағажайда жатып демалатын шақ. Бірақ мұндай кезде баспана, ұшақ билеті мен тамақ қымбаттайды.

Барар алдында қалай қамданған жөн?
— ақшаңызды картада сақтап, Түркияға барғанда ғана шығарып алыңыз, Қазақстанда валюта айырбастаудың қажеті жоқ. Картаңыз Visa/Mastercard болса, Ыстамбұл банкоматтарынан комиссиясыз шығара аласыз. Visa банкоматтарының мекенжайы мына жерде, ал Mastercard-дікі мында тізілген. 1 түрік лирасы қанша теңге тұратынын мына жерден біліңіз.
— Мына қолданбалары телефоныңызға жазып алыңыз: Moovit пен Trafi — карта мен қоғамдық көліктер кестесі. Yemek sepeti немесе Getir — қонақүйге не пәтерге тамақ апарып беретін сервистер. BiTaksi немесе Uber — такси.
Ыстамбұлда такси Қазақстандағысына қарағанда қымбат. Интернетке артық ақша құртпау үшін офлайн карталы қолданба жүктеп алыңыз.
— Банкоматтан бірнеше лира шығарып алыңыз да, Ыстамбұл әуежайында Istanbulkart картасын сатып алыңыз. Қоғамдық көліктің ақысын сонымен төлей бересіз. Оны тіпті паромға мінерде де, арқан жолмен жүрерде де пайдалануға болады. Картаны кез келген метро банкоматынан алуға болады.
Бағасы — 10 лира, 4 лирасын жол ақысын төлеуге жұмсай аласыз. Ыстамбұлда бір-ақ рет пайдаланатын карта алғаннан гөрі Istanbulkart карта алып қыдырған арзанырақ шығады.
Баспана: пәтер, қонақүй
Ыстамбұлға бірінші рет барып тұрған болсаңыз және көрікті жерлерін көргім келеді десеңіз, Сұлтанахмет ауданында тұрғаныңыз жөн. Ал тыныштық керек, турист бармайтын жерлерді көргім келеді десеңіз, қаланың Азия жағын таңдағаныңыз абзал. Мысалы, Қадыкөй, Үскідарды.
Бюджет жағына келсек, кез келген бағаға баспана табуға болады. Оны Booking.com немесе Airbnb-ден іздеу қажет.
Біле жүріңіз: Ыстамбұлда мекенжай былай жазылады: бірінші аудан (Mahallesi — Mh/Mah) жазылады, одан кейін көше (Caddesi — Cd), даңғыл (Sokak — Sk) жазылады.
Кейде аудан атауы мекенжайдың аяғында көрсетіледі. Mahallesi деген сөз жазылмауы да ғажап емес. Әйтпесе, турист көше атауларын шатастырып алуы мүмкін. Мысалы, атақты Istanbul Modern галереясының мекенжайы — Meşrutiyet Cd. No:99 (Мешрутиет көшесі, 99), Beyoğlu (Бейоғлы).
Ыстамбұлдың аудандары
Ыстамбұл еуропалық және азиялық деп екі ірі бөлікке бөлінген. Оларды Босфор бұғазы бөліп тұр.
Қаланың 39 ауданы бар: 25-і Еуропада, 14-і Азия жағында орналасқан. Олардың ең танымалдары туралы айтып берейік.
Фатих
Туристер арасында өте танымал аудан. Қаланың еуропалық жағында орналасқан. Ыстамбұлдың басты әрі атақты мәдениет ескерткіштері: Айя София мешіті, Базилика суқоймасы, Ахмет сұлтан мешіті, Сүлеймание мешіті, Беязыт алаңы, Топқапы сарайы, Сәулет музейі, Нұросмание мешіті осы ауданда.
Айтпақшы, Фатихтың екі тарихи махалласы бар. Біріншісі — жоғарыда айтылған мешіттердің көбі орналасқан Сұлтанахмет, екіншісі — Лалелі. Онда Мирелейон ғибадатаханасы (Бодрум мешіті), Фенари Иса мешіті мен өзге де шіркеулер бар.



Бейоғлы
Бейоғлы — хипстер жастар мен замануи, прогрессив түріктердің ауданы. Онда атмосферасы күшті дүкендер толып тұр. Түрлі винил күйтабағын, винтаж плакаттар, техника мен сәнді киім-кешек сатады.
Шұқыржұма ауданына барғанда Пәктік музейі, Араб мешітіне кіріп шығыңыз, Галата мұнарасы алаңына көтеріліңіз немесе Галата көпірімен жүріп өтіңіз, сол жерден таң атқанын тамашалаңыз.
Таксим алаңы мен Тәуелсіздік (Істікләл) көшесі — Бейоғлыдағы ең атақты жерлер. Instagram-нан көріп жүрген, 1871 жылдан бері келе жатқан ретро трамвай дәл осы жерде жүреді.
Көшенің жұртқа қайнаған өмірі қызық: бір шетінде музыкашылар өнер көрсетіп жатса, енді бір шетінде үлкен ағалар балық нан (балык екмек) пісіріп жатады. Оған тоймасаңыз, Гүлдер пассажы деп аталған барлар мен мейрамханалар орталағынан тамақтанып алсаңыз болады. Ал қыдырысты түнде де жалғастырам десеңіз, Тәуелсіздік көшесіндегі барлар мен түнгі клубтарға барыңыз.
Мұнда католик, православ шіркеулері мен синагогаға қызығатындар баратын жер толып тұр. Бейоғлыда Әулие Мария соборы, Киелі Антоний Падуалық соборы, гректің Әулие Триада православ шіркеуі, армян шіркеуі, Неве Шалом синагогасы мен Түркиядағы жалғыз Еврей музейі орналасқан.
Қаракөй — Ыстамбұлдың богемасы мен алтын жастары жиылатын аудан, Бейоғлының бір бөлігі. Кварталдың бойындағы қабырғаға салынған граффити, Ыстамбұл замануи өнер музейі мен қолшатырлар ілінген кішкентай көше — Қадыкөйді туристерге танымал еткен бір ерекшелік. Ыстамбұлдан осы ауданда суретке түспей кетпеңіз. Күнә болады:)

Таксим алаңы
Бешікташ
Бешікташ — Ыстамбұлдың еуропалық жағында орналасқан тарихи аудан. Атақты Долмабақша, Ортакөй мешіті, Бешікташ футбол командасының Водафон Арена деген стадионы мен музейі сол жерде орналасқан.
Сондай-ақ ол ауданда алуан-алуан кеме макеттері бар Теңіз музейі мен қаладағы ең биік зеңгір үй — Ыстамбұл Жақұты (Istanbul Sapphire) орналасқан. Үйдің ең соңғы қабатында шолу алаңы бар. 10:00-ден 20:00-ге дейін ашық тұрады. Сондай-ақ үйде Skyride 4D Istanbul онлайн симуляцияны пайдаланып, қаланы құс ұшар биіктен көруге болады.


Ортакөй — барлар, күмпір, гөзлеме мен қуырылған мидиясымен танымал махалла. Бешікташтың бір бөлігі. Атақты Ортакөй мешітіне кешке барған жөн. Себебі балконынан кешке батайын деп тұрған күннің сәулесіне бөленген Босфор бұғазына қарауға болады. Тамаша көрініс. Міндетті түрде барыңыз. Мешіттің жанында Азия мен Еуропаны жалғап тұрған көпір бар, соған шығып қыдыруға да болады. Босфорды одан ары аралағым келеді десеңіз, Ортакөй айлағынан паромға мініп, қаланы басқа қырынан таныңыз.



Балат
Ежелгі аудандардың бірі. Онда кезінде Испаниядан қашып барған сефард еврейлер тұрған. Көбі XIX ғасырда Израильге көшіп кеткеннен кейін онда сығандар мен күрдтер тұра бастады. Еврей салған үйлер жылдар бойы күтім көрмегесін Балат Ыстамбұлдың ең кедей аудандарының біріне айналды.


Туристер ол жаққа қаңырап тұрған ғимараттар мен құрылыс орындарын көру үшін барады.
Ауданда византиялық Ыстамбұлдың бірнеше сәулет нысаны сақталып қалған: Киелі Феодосия шіркеуі, Ахрида синагогасы, Грек православ лицейі. Атақты түрлі түсті баспалдақ та осы жерде орналасқан.


Ескертеміз, ауданға күндіз барған жөн, кешке жақын баратын болсаңыз, қасыңызға адам ертіңіз. Қымбат техникаңыз мен әшекей бұйымыңызды көрсетпеуге тырысыңыз.
Қадыкөй
Азиялық Ыстамбұлдың ең танымал жерлерінің бірі. Кейбіреу оны түріктің Санкт-Петербургы дейді екен. Онда антиквариат және ескі, сирек кезігетін кітаптар, мүсіндер дүкендері толып жатыр. Суретшілерге арналған жеке махалласы да бар. Ол жақтан қолдан жасалған сөмкелер мен әшекей бұйымдар да табуға болады.

Мода жағалауы
Бахарие көшесімен Қадыкөйдің атақты Мода көшесіне бара аласыз. Ол жақта не бар десеңіз, заманауи үйлер, әдемі алаңдар, дизайнер инсталляциялары, жеке армян және еврей кварталдары бар екен.
Көңіл көтергенді жақсы көретіндер қаланың хипстер жастары ағылатын Кадифе (Барқыт) көшесіне барып серги алады. Онда жастарға керектінің бәрі бар: бар, түнгі клуб, паб, тату және пирсиң салондары. Тәуелсіздік көшесінде жүретін ретро трамвай осында да жүреді.



Күндіз жастар Қадыкөй жағасында қыдырады, ән айтып, волейбол не баскетбол ойнағанды, ал кешке билегенді ұнатады. Медитация жасап, кітап оқитындар да аз емес. Бұл аудан шайқорларға таптырмас жер: ондағы шай бақшаларында Босфорға қарап түріктің қою шайын ішуге болады. Балық жеймін десеңіз, балық жасайтын жер жетіп артылады.
Айтпақшы, мұндағы мейрамханалар мен дәмханалардағы баға еуропалық жақтағыдан 30% төмен.
Үскідар


Ыстамбұлдағы «Азияның» атағы жағынан екінші орын алатын ауданы. Босфор бұғазына тиіп тұр.
Мұнда қаладағы ең үлкен мешіт — Шамлыжа орналасқан. Намазханасына қызықпасаңыз, ислам өнері музей мен галереясына кіріп шықсаңыз болады.
Мешіт 2019 жылы ашылған. Қазір Түркиядағы ең үлкен мешіттердің бірі саналады. Оның шолу бөлмесінен Топқапы сарайын, Галата мұнарасы, Босфор бұғазы мен Қызыл аралардарын тамашалауға болады.
Үскідарға жолыңыз түссе, Михримах мешіті, Қыз мұнарасы мен Бейлербей сарайына соға кетіңіз, Құзғынжық махалласындағы түрлі түсті үйлерді суретке түсіріңіз, Анадолы қамалының жанында Босфор бұғазына қарап отырып тамақтаныңыз.

Танымал жерлер
Ыстамбұлда баратын жер жетеді: жай аралап жүріп те біраз нәрсе көруге болады.
Музей де толып жатыр. Түркияда Museum Pass картасын сатып алып, бес күн бойы бірнеше музейге тегін кіре аласыз. Бір жақсысы, осындай картасы барлар кезекке тұрмайды. Қазіргі ақысы — 700 лира (34 еуро).
Museum Pass картасымен кіруге болатын музейлер: Мозаика музейі, Галата Мевлеви, Рүмелі Хисар қамалы, Ислам ғылымы мен технологиялары тарихы музейі, Археология музейі, Әулие Ирина шіркеуі, Топқапы сарайы, Топқапы харемі, Ислам және түрік өнері музейі. Кей саяхатшының ойынша, қазір Museum Pass картасын алған тиімсіз екен.
Қалған музейлерге бөлек билет алып кіресіз. Кейбір тарихи ескерткіш қазір мешіт ретінде қолданылады, мысалы, Ахмет сұлтан мешіті немесе Айя София. Туристер мешітке тегін кіре алады, бірақ намаз оқып жатқандарға кедергі келтірмеуі керек әрі суретке түсірмеуі керек. Кірерде аяқ киіміңізді шешіп, бахила киюіңіз қажет. Мешітке жабық киініп барған абзал, ашық киінген болсаңыз, кіреберісте берілетін орамалды тағып, ұзын белдемшесін киіп алуға тиіссіз.
Енді туристер көп баратын жерлер туралы айтып берейік.
Ахмет сұлтан мешіті немесе Көк мешіт


Ахмет сұлтан мешіті қаланың символына айналған тарихи ескерткіш. Ыстамбұлдағы ірі мешіттердің бірі. Кейде Көк мешіт деп аталады. Оның алты мұнарасы бар. Әдетте мешіттің төрт мұнарасы болады. Көк мешіттің аумағында медресе, бастауыш мектеп, монша, емхана, сұлтандар үйі мен түрбесі бар.


Мешітке намаз кезінде кіруге болмайды, сондықтан намаз уақытын алдын ала интернеттен біліп алыңыз. Ең дұрысы — таңғы сегізден кейін немесе күн батар алдында барыңыз.
Айя София


1700 жыл бұрын салынған сәулет ескерткіші Айя София. Басында христиандық екіге бөлінбегенде 700 жылдай қаланың басты шіркеуі болған, кейін 400 жылдай православ шіркеуіне қарады. Ыстамбұл османдарға өткеннен кейін мешітке айналды. 1935 жылы София соборына музей деген атақ берілді, бірақ 2020 жылы қайтадан мешіт болды.


Бұл мешіт — екі дін, екі әлем тоғысқан мекен. Оның қабырғасына христиандық фрескасы да салынған, Құран жазулары да жазылған. Имам отыратын жер — михрабтың қасында кезінде императорлардың тәж тағу жоралғысы өтетін болған. Төбеге қарасаңыз, Осман империясынан бері келе жатқан аласа ілініп тұрған аспашамдар мен христиан әулилерінің суретін көресіз.
Айя София мешіт болғандықтан құлшылық уақытында жабық болады. Барар алдында намаз уақытын біліп алыңыз.
Топқапы


Топқапы — кезінде Осман сұлтандарының әулеті тұрған сарай. Ғимараттың аумағы 700 мың шаршы метрден асады. Сарайдың ішінде тағы төрт сарайы бар, әрқайсының бөлек кіретін жері бар. Олар: Әмірші қақпасы (ресми іс, қызметке арналған жер), Сәлем қақпасы (мәжіліс залы, қазына, іс қағаздары кеңсесі), Рақат қақпасы (ішкі жатын бөлмелер мен харем). Ғимаратта одан бөлек Гүлхана (Раушанхана) деген ең үлкен әрі ескі парк бар.


Сарайдың кіреберісінде орысша сөйлейтін гид жалдасаңыз болады немесе орыс тілі бар аудогид сатып алыңыз.
Сарайды толықтай аралап шығуға жарты күн кетеді. Көп жүресіз, кезекте тұрасыз. Сондықтан телефоныңызды қуаттап шығыңыз, ыңғайлы аяқ киім киіп алыңыз. Сарай таңғы тоғызда ашылып, кешкі бесте жабылады.
Жерасты цистерн немесе Базилика цистерні


Византия империясы дәуірінде, кейін Осман империясы кезінде Йеребатан цистернінде (Базилика цистернінде) IV ғасырда салынған үлкен суқойма болған.


Бұл цистерн тылсымға толы. Суқойма жердің астында жатқандықтан оған күн көзі түспейді, десе де бағаналардың түбіне қойылған шамдар ғимаратқа жарық беріп тұрады. Су жинайтын жерде балық жүзеді, ал кей жерінде Горгон Медузаның мүсіндерін көруге болады. Аңызға сенсек, оның көзіне қарауға болмайды.
Туристер суқойманың тек бірінші қабатына кіре алады, себебі қалғандарын су басқан.
Базилика цистерні күн сайын 9:00-17:00 аралығында ашық.
Сүлеймание


Сүлеймание мешітін сәулетші Синан османдардың оныншы сұлтаны — І Сүлейменге (Хүрремнің күйеуі :)) арнап салған. Бұл мешіт қаладағы көне құрылыстардың бірі, Синан ХVI ғасырда салған 42 ғимараттың қатарына кіреді. Сүлеймание кешені өте үлкен: оның ішінде аурухана да, монша да, асхана, мұқтаждарға пана, кітапхана, оқу бөлмелері де орналасқан. Ал мешіттің аумағында үлкен субұрқақ, шолу алаңы, Ұлы Сүлейменнің өзі мен оның әйелі Хүррем сұлтан жатқан түрбе бар.


Қызық факт: Сүлеймание ашылғалы бері 89 жер сілкінісі болған, бірақ мешіт ешбірінен зардап шекпеген.
Сүлеймание мешіт болғандықтан тегін кіре аласыз.
Долмабақша сарайы


Долмабақша – түрік патшалары тұрған соңғы сарайлардың бірі. Кейін онда елдің негізін қалаған Кемал Ататүрік те тұрып, жұмыс істеген. Сарай еуропалық стильге сүйеніп жасалған. Барып жатсаңыз, міндетті түрде патша бөлмелерін, қонақ қабылдайтын залдары мен үлкен қонақжайларын көріңіз. Сарайдың аумағында сағат мұнарасы, аққу фонтаны мен керемет күтілген бақтар да бар.


Бұл жерге барып көргендер сарайды қоршап тұрған қақпалар – оның ең әдемі жері дейді. Олар: Сұлтан қақпасы, Қазына қақпасы және теңізге тікелей шығатын Шығыс қақпасы. Музейі бар ма десеңіз, бар. Тіпті бірнешеуі бар: сағат мұражайы, кескіндеме мұражайы және сарай жәдігерлері мұражайы. Онда Айвазовский мен Пикассо сияқты әлемге әйгілі суретшілердің туындылары қойылған.
Сарай сейсенбіден жексенбіге дейін, таңғы 9:00-ден кешкі 16:00-ге дейін ашық.
Галата мұнарасы


Галата мұнарасы VI ғасырда Византия империясы кезінде салынған. Басында теңізшілерге бағдар беріп отырған екен. Кейін түрме, обсерватория, тіпті өрт сөндіру мұнарасы болған. XIX ғасырда Галатаның ішіне шолу бөлмесі салып, мұнара шамшырақ ретінде қолданылған.

Қазір ғимарат — тарихи ескерткіш әрі туристер көп баратын жер. Сондықтан шолу бөлмесі жөнделіп, ішінде дәмханалар мен базарлық дүкендері ашылды.
Шолу бөлмесіне күн жылыда барар болсаңыз, ұзын-сонар кезекке дайындала беріңіз, ал суық мезгілде іші салқын болады.
Мұнараның жұмыс кестесі: 9:00-20:30.
Гранд Базар

Ыстамбұлдың атақты базарларының бірі. Дүниежүзіндегі ең үлкен базарлар қатарына да кіреді.
Сауда орталығы XV ғасырда бұрынғы византиялық базардың орнына салынған. Базардың бір қызығы: ішінде базарлық, әшекей бұйым, сөмке, киім-кешек дүкендері ғана емес, қонақүйлер, мешіт, дәмханалар, мейрамханалар, субұрқақ пен зират та бар.

Түрік тәттілері, антиквариат пен кілем де сататындар бар. Баға өзге базарға қарағанда жоғары, сол жерден бірдеңе алам десеңіз, саудагермен саудаласыңыз. Көңіліңізді қимайтындар міндетті түрде табылады.
Гранд Базар дүйсенбі-сенбі күндері 8:30-дан 19:00-ге дейін істейді.
Мысыр базары


Дәмдеуіш керек болса, міндетті түрде Мысыр базарына барыңыз. Бостан-босқа Дәмдеуіштер базары деп аталып жүрмеген шығар.
Бұл базар XVI ғасырда салынған. Онда әлі күнге дейін жартылай жертөлелер сақталған. Қазір оларды сатушылар қойма қылып пайдаланып жүр.
Мысыр базарында тамаққа керектің бәрі бар: сирек кезігетін дәмдеуіштер, келілеп сатылатын шайлар, қақталған жемістер, жаңғақтар мен зәйтүндер, қолдан жасалған сабын мен локумның түр-түрі, киім-кешек, әшекей бұйымдар мен кілемдер.
Базарға кез келген күні 8:00-19:30 аралығында бара аласыз.
Хамам


Хамам — түрік мәдениетінің ажырамас бөлігі. Түрік моншаларында суға түсіп қана қоймай, массаж, пилиң жасата аласыз.
Саяхатшылар Бейоғлыдағы Галатасарай хамамын көп мақтайды. Одан бөлек, Шемберліташ, Сүлеймание мен Айя Софиядағы Хүррем сұлтан хамамы бар. Хүррем сұлтан моншасында келгендерге жібек орамал беріледі, ал гигиеналық заттары ақ қаңбақтан жасалады екен. Хүррем сұлтан да осы өсімдіктен жасалған сұйықтықтарды жақсы көрген.
Ыстамбұлдың шетінде демалу
Қаланы екі теңіз қоршап тұр: Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз. Сондықтан қаланың маңында түрлі-түрлі жағажай бар. Ол жақта көкке де шығуға болады, таза суға түсіп, күн батқанын тамашалауға да болады. Міндетті түрде резіңке тәпішке ала барыңыз.

Шіле жағажайы
Қалай жетеміз: Үскідардан 139А-автобусқа мінсеңіз, Шілеге бір жарым сағатта барасыз. Көлікпен барсаңыз, жолға бір сағаттай уақыт кетеді.
Құмкөй немесе Кілиос
Қалай жетеміз: метроға мініп, Қажы Осман (Hacıosman) бекетіне дейін барыңыз, кейін 151-автобусқа мініңіз, бір жарым сағаттан кейін Құмкөйден шығасыз. Кілиосқа Ыстамбұлдың еуропалық жағынан таксимен не көлікпен те жете аласыз. Жолға шашамен бір сағат кетеді.
Рива жағажайы
Қалай жетеміз: Үскідардан 15Р-автобусымен Шұқыршайыр (Çukurçayır cd) көшесіне жетіп алып, 137-автобусқа мінесіз, бір жарым сағаттан кейін Рива аялдамасынан түсіп қаласыз. Көлікпен барсаңыз, жолға 40-60 минутта жетесіз.
Қарамұрын жағажайы
Қалай жетеміз: Сұлтанғазы ауданынан 336К-автобусына мініп, Енікөй аялдамасынан шығасыз. Өз көлігіңізбен барсаңыз, әуежай трассасы арқылы тез жетесіз.
Қызыл аралдар немесе Пренс аралдары


Пренс аралдары (Қызыл аралдар) — Мәрмәр теңізіндегі Ыстамбұлға жақын кішкентай тоғыз арал.
Аралдың төртеуіне ғана қыдырып баруға болады. Олар: Бүйікада, Хейбеліада, Бұрғазада, Қыналыада мен Седеф аданың жартысы. Өзге екі арал жеке меншікке өткен, қалғандары әзірге елсіз жатыр. Бұрын он арал болатын. Біреуі жер сілкінісінен кейін суға батып кетті.
Ыстамбұлдан аралдарға паромға мініп баруға болады. Еуропа жақтан паром Емінөні айлағынан, Азия жақтан Бостанжы, Қадыкөй мен Қартал айлақтарынан жүреді.

Қызыл аралдарда жағажай көп. Бірақ көбі ақылы. Мысалы, Йөрікәли, Айя Никола мен Бүйікададағы Нәкібей, Садық бей жағажайы, Ада мен Хейбеліадағы Алман Койы.
Ыстамбұлдағы must-visit жерлер
Ыстамбұл — мейрамхана, киім бутиктері, кітап дүкендері мен бардың отаны. Сондықтан қаланың тұрғындары мен қонақтары сүйіп баратын жерлерді тізіп шықтық. Әр жердің атауында инстаграмы не ресми сайтының сілтемесін көрсеттік.
Тамақ
Ыстамбұлда түріктің де, өзгенің ұлттық тағамын таба аласыздар. Дәмханалар мен мейрамханалар атауын жергілікті асүй туралы сайттан таба аласыздар: https://culinarybackstreets.com/.

Түрік стритфуды: Ыстамбұл, Анталия мен Бодрумның ең жақсы көше тамақтары
Өзіңізге мейрамхана таңдарда мыналарды ескеріңіз:
— Босфор жағасындағы мейрамхана сол тәріздес, бірақ қала ішіндегі мейрамханаға қарағанда әлдеқайда қымбат болады.
— Мейрамханалар мен дәмханада шай мен кофе тегін беріледі, түбіртекте ikram деп көрсетіледі.
— Теңіз өнімдерінің бағасы мен салмағына назар аударыңыз, қызметкерлер оларды көзіңізше өлшесін.
Дөнердің ең жақсылары

Қай жерден Ыстамбұл дөнерін жеп көруге болады?
— Энбей Дөнер. Бұл дәмхананы бір отбасы ашқан. Қалада төрт филиалы бар.
Мекенжайы: Çamlık Caddesi No.1, Beylikdüzü; T: 0212 871 24 23
— Гүл Эбру Кантин. Гранд Базардың ішінде орналасқан дөнерхана.
Мекенжайы: Acı Çeşme Sokak No.4, Grand Bazaar; T: 0212 512 33 93
— Шахин Ұстаның дөнерханасы. Ескі дөнерханалардың бірі. 1969 жылы ашылған. Онда отырып жейтін орын жоқ, сондықтан дөнерді тек алып кете аласыз.
Мекенжайы: Kılıçcılar Sokak No.5, Fatih; T: 0212 526 52 97
— Моргүл Бүфе. Бұл жердің ең атақты комбосы — жаңа сығылған апельсин шырыны қосылған дөнер. Туристер арасында танымал жер.
Мекенжайы: Dantelacı Sk. No.45, Bakırköy; T: 0212 571 47 19
— Қорықмаз Бүфе. Азия жақтағы жайлы дөнерхана.
Мекенжайы: Moda Caddesi No.120, Kadıköy; T: 0216 337 52 10

Ішімдік
Lucca Бебек ауданында орналасқан. Күндіз қою түрік шайын, кешке дәстүрлі түрік рәкісін, шарап немесе авторлық коктейль ішуге болады.
Адрес: Bebek Mah. Cevdet Pasa Caddesi No:51 Bebek
360Istanbul — шатырдағы танымал кешен, ішінде мейрамхана, бар мен түнгі клуб бар. Түнгі Ыстамбұлды көремін десеңіз, осы жерге барыңыз.
Мекенжайы: Istiklal Caddesi Misirr Apt. No: 163/8, Beyoglu
Balkon — джаз мен соул әуендері ойнайтын атмосферасы күшті бар. Түнгі 12-ден кейін диджей басқаратын дискотека өткізіледі.
Мекенжайы: Sehbender sk. No:5 Kat 6, Asmali Mescid, Beyoglu
Ruby — Босфор бұғазына тиіп тұрған бар. Бар күн сайын ашық, жұмысы 17:00-де басталады.
Мекенжайы: Yıldız dist., Ortakoy Salhanesi Cad. No:5, Ortakoy, Besiktas

Билеу
Kiki — Түнгі Ыстамбұлдың символына айналған танымал клуб. Халықаралық диджейлер жиі өнер көрсетеді.
Мекенжайы: Sıraselviler Caddesi No.42, Beyoğlu
Minimüzikhol — 2009 жылы ашылған жайлы андерграунд клуб. Түркияның жас әншілері жиі ән айтады.
Мекенжайы: Soğancı Sokak No.3, Beyoğlu
Peyote — дабстеп, рок пен техно клуб. «Пейотенің» үш қабаты бар: билеуге, музыка тыңдауға және террассада ішуге арналған қабаттар.
Мекенжайы: Kameriye Sokak No.4, Beyoğlu
Pixie — Ыстамбұлда bass музыкасын қоя бастаған клуб. Орын аптасына тек екі рет: жұма және сенбі күндері ашық тұрады.
Мекенжайы: Ara Güler Sokak No.12, Beyoğlu
Mentha Nova — түнгі қаланы басқа қырынан көруге мүмкіндік берер тағы бір клуб, шатырда орналасқан. Сәрсенбіден сенбіге дейін ашық тұрады.
Мекенжайы: İstiklal Caddesi No.201, Beyoğlu
Zor — Қадыкөйдегі ұзақ қыдырғаннан кейін демалып, көңіл көтеретін ең керемет жер.
Мекенжай: Moda Caddesi No. 70/4, Kadıköy
Love Dance Point — ЛГБТ-ға құшақ жаяр клуб. Дрәг куин шоуларын өткізеді.
Мекенжайы: Cumhuriyet Caddesi No. 349, Nişantaşı

Жанды музыка
Babylon — 1999 жылы ашылған, концерттер мен клубтарға арналған кеңістік.
Мекенжайы: Tarihi Bomonti Bira Fabrikası Birahane Sokak No.1, Bomonti
Salon İKSV — мамыр мен қазан аралығында адам толастамай баратын концерт зал. Кезінде Rhye, Gorillaz, Placebo және өзге топтар өнер көрсетті.
Мекенжайы: Nejat Eczacıbaşı Binası Sadi Konuralp Caddesi No.5, Şişhane
Nardis — Ыстамбұлдың 2002 жылы ашылған атақты джаз клубы. Әдетте ол жерде концерттер дүйсенбі және сенбі аралығында өтеді. Басталатын уақыты — кешкі тоғыз. Нардиске ертерек жазылып барған жөн.
Мекенжайы: Kuledibi Sokak No.8, Beyoğlu
The Badau — қалтасы қалыңдарға арналған джаз клубы. Сенбі мен бейсенбі аралығында ашық тұрады. Барғыңыз келсе, бірнеше күн бұрын орын брондап қоюыңыз қажет.
Мекенжайы: Duatepe Sokak No.49, Kadıköy
Frankie — Софа қонақүйіндегі мейрамхана. Концерттер кешкі онда басталады.
Cemiyet — Бейоғлыда орналасқан мейрамхана. Көбіне жергілікті әншілер мен топтар ән айтады. Онда тематикалық музыка кештері жиі өтеді.
Мекенжайы: Nergis Sokak No.8, Beyoğlu
Киім-кешек


Ыстамбұлда 200-дей сауда және ойын сауық орталығы бар. Кейбірі Еуропаның үздігі саналады.
Ең жақсы дегендердің мекенжайы:
Metrocity — Büyükdere Cad. No:171, 1.Levent
Akmerkez — Nispetiye Cad. 34337, Etiler
Istinye Park — Katar Cad. , No: 73 Sarıyer
Cevahir — Büyükdere Cad. No: 22, Şişli
Forum Istanbul — Kocatepe Mahallesi, Paşa Caddesi, Bayrampaşa
Emaar Square Mall — Unalan, Libadiye Street No:88, Uskudar
Capitol — Mahir İz Caddesi 97-98, Altunizade
Palladium — Barbaros Mah. Halk Cad. No:8-B, Ataşehir
Базарлық

Магнит, жалау бейнеленген футболка Ыстамбұлдың қай жерінде сатылатынын айтпай-ақ қояйық, себебі кез келген жерде толып тұр. Одан да қай жерден тәтті базарлық табуға болатынын әңгімелейік.
Нағыз түрік кофесін аңызға айналған Kurukahveci Mehmet Efendi дүкенінен алуға болады. Дүкеншілер кофесі қалай дайындалатынын айтып береді, керек десе, сый деп іріктелген кофе дәндерін салып береді.
Түрік шайын іздесеңіз, Paşabahçe дүкеніне барыңыз. Ыстамбұлды ара-тұра еске алғыңыз келсе, шайдың қасына түріктер қолданатын шай сервизі мен қаланың көрікті жерлері салынған әдемі керамика саптыаяқтар ала кетіңіз.
Тәттіні, әсіресе локумды кез келген жерден кезіктіруге болады. Ыстамбұлға барып көргендер Harem Chocolate, Hafiz Mustafa Bakir Kazan тәттінің алуан түрі бар дейді.
Ізнік керамикасынан жасалған ыдыстарды Топқапы, Айя София мен тарих музейлерінен көруге болады. Ал еліңізге ала кетем десеңіз, Араст базарынан іздеңіз.
Текстиль өнімдерін Jennifer's Hamam дүкенінен алыңыз. Онда сүлгі, кілемше, халат пен мақта, зығыр мен жібектен жасалғанның бәрі бар. Төсек-орын жабдығын TAÇ, Linens, English home и Madame Coco-дан қараңыз.
Осы гидіміз Ыстамбұлдың әр тасын көруге септігін тигізді деп үміттенеміз.
Ыстамбұлға барған бойда қай жерін аралар едіңіз?
25
1