Редакторымыз j-hope-тың Сеулде өткен концертіне бару үшін қанша ақша жұмсаған?
BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық
13-14 маусымда BTS тобының рэпері j-hope Гояңда екі концерт қойып, Hope on the Stage деген турын аяқтамақ. Тур биылғы 28 ақпанда Сеулде басталып, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Америкада жалғасты. Біздің редакторымыз Арай Сеулде өткен үш концерттің біріне барып, Кореяда 9 күн қыдырып келген еді. Енді әбден 3 ай өткеннен кейін сол сапарым туралы мақала жазсам бола ма дейді :) Иә демеске болмады, сондықтан BTS және кей-поп фанаттары, қабыл алыңыздар!
Виза/Рұқсат
Қазақстан азаматтары Кореяға қыдырып бару үшін виза алуға тиіс емес. Бар-жоғы К-ЕТА алса болды. К-ЕТА деген — онлайн алатын рұқсат. Соның арқасында Кореяда ары кеткенде 30 күн визасыз жүре аласыз. Қазір оның жарамдылығы — 3 жыл. Бұрын 2 жыл болған.
Корея үкіметі сұраған мәліметті, мысалы, тұратын жеріңізді, ұшатын күнді мына сайтқа жазып саласыз да, қызмет алымын (~3 300 теңге тұрады) төлейсіз. Рұқсаттың шаруасын құрбым тындырғандықтан (Сеулге сонымен бірге бардым) оларды қалай өткізу керегін білмеймін. Бірақ есімде қалғаны — суретке түсерде құлағыңызды көрсетіп, боянып түсіңіз, әйтеуір сол жақта заңсыз қалып қоятын адамға ұқсамасаңыз болды.
Біз К-ЕТА-ны екі жыл бұрын алғанбыз. Ол кезде BTS-тің басқа рэпері Шуганың концертіне барғанмыз. Сол К-ЕТА биылғы мамырға дейін жарамды болғасын тағы рұқсат алудың керегі болмады.
Ұшу

Сеулге бару үшін орта жолда ауысып мінудің керегі жоқ. Қазір Алматыдан ол жаққа үш әуе компаниясы тура ұшады. Олар — Кореяның Asiana Airlines-ы мен Easter Jet-ы (лоукостер) және біздің Air Astana. Air Astana Астанадан да ұшады. Жақында SCAT Airlines Шымкенттен ұша бастады.
Біз ұшаққа 28 ақпанда кешке мініп, Кореяға 1 ақпанда жеттік. Билеттерді Asiana Airlines-тан алдық. Барып қайтатын билетке 258 мың теңге жұмсадым. Билеттер негізі 288 мың теңге тұрған. Алайда Freedom SuperApp-тың арқасында 30 мыңын кешбэк қылып кері алдым. Екі жыл бұрын алған билетіммен салыстырсам, бұл баға өте тиімді. Себебі билеттерім ол кезде 320 мың теңгеге шыққан еді. Бірақ қазір одан да төмен бағаға билеттер табылады. Мысалы, SCAT-тың барып қайтатын билеті кемі 198 мың теңге тұрады. Freedom SuperApp-тан кешбэк алсаңыз, одан да арзанға шығайын деп тұр.
Билетімнің құнына 23 келі багаж бен екі мезгіл тамақтың құны қосылған. Айтпақшы, Азиананың тамақтары бұл жолы өте дәмді болды. Екі жыл бұрын маған жылы шай берді деп біраз ашуға ерік беріп едім, қазір оным басылды.
Біз Алматы әуежайының жаңа терминалынан ұштық. Қазақстан азаматтары шекарадан кезекке тұрмай, тек құжат пен түрін көрсетіп өте береді. Офицерлерге жолығудың керегі жоқ. Супер тез өтіп кеттік.
Кореяның шекарасынан да тез өттік. Бұл жолы офицерлер тергеу залына алып кеткен жоқ. Екі жыл бұрын тергеу залына кіріп, офицерге не үшін келгенімді, қайда жайғасатынымды, кейін қайтып кететінімді дәлелдеуім керек болды. Біз концерттің билетін, қайтатын билет пен үйдің бронін көрсеттік. Жарайды деп өткізе салды.
Биыл барғанда тек саусақ ізімізді өткіздік. Сондықтан саусақтарыңыз таза болуы керек. Менің құрбым сияқты жол жүрер алдында шашыңызды бояп, қолыңызды былғап алып жүрмеңіз. Ол бояу оңай кете қойған жоқ.
Әуежайдан Сеулге жету
Сеулдің бас әуежайы өзінде емес, Инчон деген көрші қалада орналасқан. Сеулдің орталығына жету үшін біраз жол жүруіңіз керек. Шамасы 1 сағаттан асады.
Біз екі жыл бұрын AREX деген жүрдек пойызға мініп, Сеул бекетіне (Seoul Station) жетіп алып, метроға мінгенбіз. Пойыздың билеті 13 мың уон (~4 500 теңге) тұрады.
Бұл жолы біз 40 минутта жеткізетін экспресс автобусқа (Airport Limousine) мінеміз деп шештік, себебі үйге заттарымызды тастап, концертке үлгеруіміз керек болды, ал бұл автобус бізді үйдің қасынан түсіріп кетеді. Әуежайдан 30 минут сайын жүреді екен. Алдын ала интернеттен қай автобусқа мінетініңізді қарап алыңыз.

Оған билет алып та, қолма-қол ақша беріп те міне беруге болады. Біз асығып тұрғасын әрі билетті қай жерден аларымызды білмегесін ақшаны жүргізушіге бере салдық. Бір билетке олай да, былай да 17 мың уон (~5 800 теңге) кетеді.
Байланыс
Біз кәріс сим картасын да, халықаралық е-сим де алған жоқпын. Тіпті қандайы бар деп те ізденген жоқпыз. Тиктоктан жалға берілетін Wi-Fi модемі жақсы дегенді көргесін соны алдық. Оны әуежайдан шықпай тұрып алдық. Нақты қай жерде орналасқан десеңіз, багажыңызды алып шыққаннан кейін сол жаққа қарай жүре беріңіз. Таба алмасаңыз, ақпарат үстелінің басына барып сұрап алсаңыз болады. Мұндай интернетті екі-үш компания сатады. Біз ең арзанын — KT Roaming Center таңдадық. 9 күнге 13 700 теңге (екіге бөлсек 6 850 теңге) жұмсадық. Модем жақсы істейді, кішкентай, алып жүргенге ыңғайлы, бірақ екі адам болып қолданғасын қуаты бір күнге жетпей отырып қала берді. Сондықтан жаныңызда пауербанк болсын.
Ақша

Оңтүстік Кореяның ресми валютасы — уон. Біз барғанда 1 теңге 2,9 уонға тең болды
Ақша жағына келгенде құрбым екеуіміз саяхатқа шықпай жатып қатты қателестік. Теңгені долларға, долларды уонға айырбастап желінгенше теңгені уонға ауыстыра салайық деп шештік. Бұл біздің осы саяхаттағы ең бірінші қатеміз болды. Қазақстанда теңгені уонға ауыстырған өте тиімсіз екен. Мысалы, 500 мың теңгені уонға айырбастағанда курс айырмасының кесірінен 60 мың теңгеңіз босқа кетеді.
Сондықтан Кореяға 100-200 доллар (бір адамға шаққанда) апарып, уонға ауыстырып алыңыз. Қалғанын картадан төлей беріңіз. Сеул, Сувон мен Пусанның көп жерінде картадан төлей беруге болады. Қағаз ақша тек базар мен Меңдонда керек шығар.
Apple Pay мен Samsung Pay-мен де төлеуге болады. Бірақ бірнеше жерде менің Samsung Pay-ім істемеді, сондықтан картаңызды алып жүріңіз.
Кейбір жерде банк картасымен төлегенде кассашы қай валютамен төлейсіз, уон ба, әлде доллар ма деп сұрайды. Сіз уонды таңдаңыз. Сонда теңгеңіз бірден уонға ауысады. Бүйтудің тағы бір себебі — Кореяда тауарлардың доллар бағасы уон бағасынан жоғары болады. Мысалы, COS киім дүкенінен алған сөмкеміздің доллар бағасы 135 доллар болды, бірақ уонды таңдап төлегенде 110 долларға шықты.
Кей жерде, мысалы, CU сияқты күні-түні істейтін дүкендерде T-Money транспорт картасынан төлеуге болады. Бұл карта осындай дүкендердің бәрінде сатылады. Оған ақшаны метрода толып тұрған автоматтан сала аласыз я жаңағы дүкендерге барып картамен я ақша беріп толтыра аласыз.
Жататын жер
Біз екі жыл бұрын да, биыл да жататын жерімізді Airbnb-ден алдық, яғни пәтер жалға алдық.

Сеулде тұрған пәтеріміз. Фото: airbnb.com
Мына баспанамыз 9 күнге 140 мың теңгеге (Freedom-ның 5% кешбэгін шегергендегі сома) шықты. Сонда әрбіріміз 70 мың теңгеден төледік. Екі жыл бұрын жалға алған пәтеріміздің ақысымен салыстырсақ, бұл баға аз да емес, көп те емес. 2023 жылы біз алты күнге 50 мың теңгеден төлеген едік.
Пәтерімізді орталықтан алыс жерден аламыз деп шештік. Себебі солай арзанға шығады. Бірақ дәл қасында метросы болсын дедік. Қаншалықты алыс десеңіз: метромен Меңдонға бару үшін 40 минуттай, Хоңдеге баруға 30 минуттай, Кёңбоккун сарайына баруға 1 сағаттай кетеді.
Пәтерімізде адамға керектің бәрі болды: кішігірім асүй, ыдыс-аяқ, тоңазытқыш, кондиционер, үтік, теледидар, киім ілгіш, жуынуға арналған заттар, орамал, тағы басқасы. Ең кереметі — іші сүп-сүйкімді екен, иесі де сыпайы, қонақжай адам боп шықты: үстелімізге ашықхат жазып тастап кеткен, біз жеткенше және кеткенше хабарласып, халімізді біліп отырды, әлдеқайда ерте кіргізіп, шығарда да тағы да бір-екі сағат қала тұрсаңыз болады деді. Құрбым жақсылығы жауапсыз қалмасын деп кішігірім сыйлық қалдырып кетті.
Транспорт
Қоғам көлігі
Кореяның біз барған қалаларында (Сеул, Пусан, Сувон) қоғам транспорты жүйесі жақсы дамыған. Бір байқағаным — жұрт көбіне метроға мінеді. Сеулдің метро жүйесі өте керемет. Бір желіден екінші желіге міну үшін сыртқа шығудың керегі жоқ — бәрі бір бекеттің ішінде тұрады.
Автобус пен метроға бір мінгенде 1 400 уон (~480 теңге) төлейсіз. Түскеннен кейін бірден басқа автобусқа я метро желісіне мінсеңіз тек 100 уон (~30 теңге) төлейсіз.
Кореяның автобусы мен метросына міну үшін қағаз ақша бере алмайсыз я картамен төлей алмайсыз. Тек T-Money деген арнайы транспорт картасын қолдануыңыз керек. Бұл карта әр жерде қаптап тұрған CU, 7-Eleven сияқты дүкеннен алуға болады. Бағасы — 4 000 уон (~1 376 теңге).
Climate Card деген карта да бар. Ол T-Money-ге қарағанда тиімдірек. Мысалы, 20 мың уон (~6 888 теңге) төлеп 1 апта, 15 мың уон (~5 600 теңге) төлеп, 5 күн қоғамдық көлікке шектеусіз міне аласыз. Ал бір айға барсаңыз, 65 000 уон (~25 000 теңге) тұратын бір айлық тарифін алуыңызға болады. Картаның қағаз түрін кез келген азық-түлік дүкенінен, ал онлайн түрін мына сайттан ала аласыз.


Ескере жүргеніңіз жөн: Climate Card картасын тек Сеулдің ішінде қолдана аласыз. Мысалы, Сеулден Сувонға метромен я автобуспен барғыңыз келсе, бұл карта істемейді.
Менің T-Money картам да (екі жыл бұрын алғанмын), Climate Card картам да бар. Құрбым тек T-Money қолданды. Кейін есептеп қарасақ, мен 3 000 теңгедей үнемдегенмін.
Қай автобусқа мініп, қай жерден түсетінімізді Naver (жергілікті Google) картасынан қарап отырдық. Кәдімгі Google Карта да істейді, алайда ондағы ақпараттың кейбірі жаңартылмаған болуы мүмкін.
Пусанға біз KTX жүрдек пойызымен бардық. Жолға 3 минут 20 минут кетті. Оның билетін мына ресми сайттан алдық. Бір билеттің бағасы — 15 000-18 000 теңге. Пойыз кестесі бір ай бұрын шығады екен. Ол жаққа автобуспен де жетіп алуға болады. Оның уақыты мен билеттерін мына сайттан қараңыз.
Туристердің көбі пойыз және автобус билетін Klook сервисінен алады. Дегенмен оны мен көрсеткен ресми сайттардан алғаныңыз абзал. Себебі Klook — шетелдің компаниясы, бір нәрсе сұрап жазсаңыз, бірден жауап бермейді.
Такси
Кореяда таксиді арнайы қолданбадан шақыру керек. Біз Kakao T қолданбасынан шақырдық. Оған шетелдіктер телефон нөмірін жазбай тіркеле алатын сияқты. Бірақ мен телефон нөмірімді жазып тіркеліп көрдім. Бесінші рет дегенде ғана тіркеле алдым: нөміріме SMS келіп болмады.
Біз таксиге тек Пусанға барғанда және багажымызды Seoul Station-ға апарғанда міндік. Ақысын қолданбағаға тіркеген картамыздан төлеп отырдық. Таксиге төрт рет мінген екенбіз. Оған ~25 мың теңге (адам басына ~12 500 теңге) ақша кетті. Бір сапарға 20-30 минуттай уақыт кетеді. Иә, біздікіне қарағанда қымбатырақ. Десе де ең арзан такси Яндекстің Комфорты я Комфорт+ сияқты: көліктері жаңа, іші тап-таза, тез жеткізеді, жүргізушілері сыпайы.
Тамақ
Кореяда еттен басқа тамақтың бағасы Алматыдығай. Дәмхана я мейрамханаға барғанда адам басына аз дегенде 5 мың теңге кетеді. Бір жақсысы — олар қызметіміздің ақысы деп үстінен 10% сұрамайды. Көп жерде тамақты кассаға барып алдыру керек. Дайын тамақты даяшы әкеліп береді я өзіңіз алып кетесіз.
Мен кәріс тамақтарын, жалпы шетелде жүргенде мейрамханаға барғанда аса жақсы көрмеймін. Құрбым болмаса, рамён мен үшбұрыш кимпаб жеп жүре берер едім. Барған жеріме сол ертіп апарғасын бардым.
Жалпы бір асқа қанша ақша кететінін, ол астың көлемі мен түрі қандай болатынын бірнеше мысал арқылы көрсетейін.
Дәмханалар

Мынау — құрбымның Меңдоңдағы 늘봄봄 Bakery & Cafe деген дәмханадан жүрек жалғау үшін алған бәліш пен мұзды кофесі. Оған шамамен 4 000 теңге кетті.
Бұл бәлішке ірімшік пен сарымсақ қосылғандықтан оны тұзды нан деп ойласақ, сыртына шәрбат жағылған тәтті әрі тұзды бір тамақ екен. Кореяның халқы тұзды я ащы тамаққа қант қосқанды жақсы көреді.

Мынау — Сувонда жеген стритфудымыз, пұноппаң (пуноппан) деп аталады. Сырты — вафля, ал іші — езбе салма. Құрбым оның ішіне тәтті картоп езбесін, ал мен матча моти езбесін салдырдым. Біреуіне 3 700 уон (~1 275 теңге) кетеді. Шынымды айтсам, маған ұнамады: вафлясы дәмді, бірақ ішіндегісі жақпады.

Мынау — Сувонда ханок дәмханаға барып алған екі адамға арналған сетіміз — үлкен тәркелкеге салынған салат (шөп-шалам, жаңғақ, тауық, қияр, авокадо, сәбіз), екі тұздық, екі сусын, бір панини. Бағасы — 30 мың уон (~10 714 теңге, бір адамға 5 360 теңге). Тағам ұнады, жиі жеп жүрген тамақ қой :) Панини кішкентай болып көрінді, дегенмен дәмді болды.

Сеулде не көп десеңіз, Старбакс көп. Мына дерекке сенсек, онда 600 аса, Пусанда 140 аса Старбакс кофеханасы бар екен. Бүкіл Кореяда оның 1 900 аса филиалы бар екен. Соның арқасында Корея Старбакс кофеханасы саны жағынан әлемде төртінші орында тұр.
Біз Хан өзенінің жағасында тұрған кофеханаға бардық. Кірсек, іші лық толы екен, кезекте 5 минуттай тұрдық, ал тапсырысты 10 минуттай күттік. Құрбым кофеинді сусын, ал мен жалбыз шай алдым. Мына шайға бір ұрттағаннан ғашық болдым. Иә, біраз тәттілеу көрінді. Десе де, өте дәмді. Бұрын-соңды ондай шай ішіп көрмегенмін. Оның сыры — юзу (юдзу) шәрбаты.
Екі сусынға 9 доллар (~4 500 теңге) жұмсадық.

Мынау — Hyuga деген дәмханадан алған сусындарымыз. Құрбым айс кофе, ал мен лимонад алдым. Таңдағанымыз өзімізге ұнады. Бағасы — 14 100 уон (4 862 теңге (біреуі 2 333 теңге)).
Бұл бірнеше қабатты кафе BTS-тің бұрынғы жатақханасында орналасқан. Әр қабатта әлемнің түкпір-түкпірінен келген фанаттардың арттарына арналған орын бар. Бірінші қабатта BTS-ке тілек жазып, хатыңызды іліп кетуге болады.

Ал мына тамақты біз BTS жиі барған кафеден алдық. Екеуіміз де веган пибимпаб пен кола алдық. Басқа кәріс дәмханалары сияқты даяшы бізге түрлі салат әкеліп берді. Нақты не бергенін ұмытып қалдым, бірақ арасында кимчи болды.
Өзім қазақ болғасын ба, бұл веган тамақ ұнаған жоқ. Бірақ тофу қосылған сорпасы мен салаттары көңілімізден шықты. Екі астың бағасы — 24 000 уон (~8 275 теңге).
Жаздыгүні барсаңыз, дәмхананың сыртында біраз күтіп қалатын шығарсыз. Себебі суық күні барғаннан өзінде де дәмхананың іші лық толы болды. Шығып бара жатқанда сыртта бірнеше адам кезекте тұрды.
Дүкен
Жүрген жеріңізде күні-түні ашық тұратын дүкендер толып тұрады: GS25, CU, 7-eleven, тағы басқасы. Біздің үйдің қасында осы үшеу бар. Кез келген уақытта кіріп, қалағаныңызды ала бересіз. Ондан тек кәрістер жейтін тамақ алғандықтан, әрине, бағасы біздікінен төмен болады. Мысалы, екі рамён, екі сусын, екі үшбұрыш кимпаб, бір тәтті чипс, 1,5 литр судың бағасы 18 мың уон (~6 000 теңге) болды.
Концерт

Ой, әңгімеміздің ең күшті жеріне жеттік. Айта-айта тауыса алмайтын шығармын.
Біз турдың күндері жария болғанда екінші концертке барайық, себебі бәрі бірінші күн мен соңғы күнге жабыла билет алатын шығатын шығар дедік. Турдың күндері мен өтетін жерлері, билет қашан сатылатыны Weverse сайтында жарияланды.
Билет алу үшін құрбымыз екеуіміз біраз іс тындырдық :) Әуелі Weverse-тен ARMY Membership алдық. Оған 20 доллардан (10 мың теңге) жұмсадық. Мембершіпті алсаңыз, BTS-тің фанклубына ресми мүше боласыз, соның арқасында концерт билетін женерал сейлге (фанаты да, фанат емесі де билет ала алатын сейл) жетпей ала аласыз.
Концерт билетін Interpark Global сайтынан алдық. Білуімше, осы концерттің билетін тек осы сайт сатқан. Қазір Кореяда концертке билет алу үшін Интерпарк сайтына тіркеліп, фейспастан (facepass) өту керек. Мұны кәрістер алып-сатарлармен күресу үшін жасаса керек. Сонда сайтқа түріңіз бен паспортыңызды скандап жібересіз.

Хосок Sweet Dreams әнін шырқап тұр
Қысқасы, біз бүйттік: ARMY Membership алдық — Interpark Global сайтына кіріп тіркелдік, фейспастан өттік — билет сатыла бастағанда сайтқа кірдік — кезекке тұрдық — кезегіміз келгенде секциямызды таңдадық — ақысын төледік.
Біз кіргенде кезекте 30 мың адам тұрды. Сайт шетелдіктерге арналған болғасын ба, кезек тез жылжыды. Орын таңдағанда да, билеттің ақысын төлерде де еш қиындық тумады. Бастысы --- картаңыздың лимитін тексеріп қойыңыз. Мысалы, мен билет алар алдында картама Кореяда қолдануға болады деп рұқсат бердім.
Құрбым екеуіміз билеттерді бөлек алғалы тұрғасын VIP билет алайық деп шештік. Себебі VIP зона – тұрып тұратын аймақ. Бір зонадан алсақ, бірге тұрып тұрамыз. Бұл турдың вип билеттері екіге бөлінген: саундчек қосылған және greet and meet. Грит-әнд-мит билеттері өте аз болғандықтан саундчекттісін алайық, мүмкіндігіміз көп болсын дедік. Екеуінің бағасы бірдей — 220 мың уон (~77 000 теңге) + сервис алымы. Бір билеттің жалпы сомасы — ~86 000 теңге. Freedom берген 5% кешбэкті шегергенде 81 300 теңге.
Әуежайдан шығып, заттарымызды үйге тастағаннан кейін, киініп, боянып, метромен концерт өтетін KSPO аренасына бардық. Аренаның алдындағы алаң өте үлкен екен. Адасып кетпеу үшін сол жерде тұрған картаға қарап, арнайы шатырдан қағаз білезігімізді алуға бардық. Одан кейін ARMY Zone деген шатырдан билетіміз бен Хосоктың фотокартасын алдық. Билетім бар деп білезікті жұлып тастап жүрмеңіз. Билет — естелік ретінде берілген нәрсе, ал білезік концертке кіргенде керек болады. Мерч те алғымыз келген, бірақ біз барғанда таусылып қалған. Құрбым ертесі күні ерте барып алып келді.




Концертке кіру үшін тындыру керек істің бәрін тындырғаннан кейін құрбым фанаттарға дайындаған фрибилерін (freebie) тарата бастадық. Кейбірі бізге өздері дайындаған я сатып алған фрибилерін берді, олармен біраз тілдестік.
Жүгімізден арылғаннан кейін концертке кіру үшін кезекке тұрдық. Әр көрерменнің билет алғанда берілген кезек нөмірі болады. Кезекте соған сай тұрдық. Бір сағат я бір жарым сағат дегенде аренаға кірдік. VIP зона толғасын j-hope сахнаға шығып, 10-15 минуттай саундчек өткізді. Аяқталғаннан кейін біз бір жарым сағаттай уақыт бойы концерт басталғанын күттік. Құдайға шүкір, шоу уақытылы басталып, уақытылы аяқталды.
Концерт мінсіз өтті. Өмірімде көрген ең керемет 2 сағатым шығар. Құрбым екеуіміз басында 20 минут аузымызды ашып тұрдық. Продакшынға айтар сөз таппадық. Музыка, әншінің де, бишілердің де биі, сахнаның дизайны — ешбірін айтып жеткізу мүмкін емес. Хосок өз әндерін де, BTS-тің де әндерін айтты. Тек бір жаманы — ол Blue Side әнін шырқаған жоқ. Құрбым сол әнін қатты күтіп еді.
Кәріс фанаттары өте шулы екен, әр әннің әр сөзін жатқа біледі. Біз кәрісше әндерін бірге шырқауға барынша тырысып бақтық. VIP билет алғанымыз жақсы болды, құрбым екеуіміз артқа ығысып, құтырып биледік.
Аренаның қызметкерлері осындай үлкен іс-шараға өте жақсы дайын екенін көрсетті — кірерде де, шығарда да бәрін қадағалап тұрды, кептеліс болған жоқ, фанаттардың бәрі рет-ретімен кірді, шықты.
Көрікті жерлер
Кореяда барған жерлерімізді Сеул, Пусан, Сувон деп бөліп айтып беремін. Сеулден бастайын.
Сеул
Меңдон


Меңдон туристер Сеулге жеткен бойда ең бірінші баратын жер шығар. Ол — үлкен бір сауда ауданы. Онда кәріс стритфуды, киім-кешек, косметика сатылады, Migliore, Lotte Department Store, Avatar и High Harriet сияқты универмагтар орналасқан.
Корей стритфудын екі жыл бұрын жеп көргесін бұл жолы тек сүйікті лимонадымызды ғана алдық. Бағасы — 5 000 уон. Бұрын не жеп едіңіз десеңіз, есімде қалмапты, бірақ бізге ұнады. Барамын десеңіз, есіңізде болсын: Меңдоң — көбіне турист баратын жер болғасын қымбат жер. Десе де баруға тұрарлық жер, себебі сіз ол жерге локал емес, турист ретінде барып тұрсыз.
Құрбымыз екеуіміз Меңдоңға tourist trap деген ат қойсақ та, 9 күнде 9 рет барған шығармыз. Қайтейік, бізге керек дүкендердің бәрі сол жерде тұр. Екі рет Меңдоң метро бекетіне барып, BTS-тің альбомдарын алдық. Мен BE Deluxe Edition (~12 000 теңге) мен Map of the Soul (~8 000 теңге), ал құрбым The Most Beautiful Moment in Life, Part 1 мен Part 2 (~5 000-6 000 теңге) альбомдарын алды. Бұлар ресми сайттан алсаң, екі есе, Қазақстаннан алсаң, 3 есе қымбатқа шығады.
BigHit-тің бұрынғы үйі



Бұл үй — BTS-тің iconic музыкасы жазылған, мемберлер таңнан кешке дейін концертке дайындалған, топтың лейблы 2011-2020 жылға дейін тұрған ғимарат. 2023 жылы Шуганың концертіне барғанда бармап едік. Былтыр ол бір актёрдің қарамағына өтті дегенде құрбым екеуіміз сыртындағы армилердің жазғаны өшірілмей тұрғанда барып қалайық дедік.
Барсақ, түрлі елдерден келген армилер толып жүр екен. Бірнешеуімен амандастық, кейін екеуіміз ғимараттың сыртында тұрып өлгенше фотоға түстік.
Одан шығып BTS жиі барған кафеге бардық. Орта жолда Run BTS түсірілген саябаққа соға кеттік. Онда да армилер жүр екен. Біреуі Жапониядан, ал біреуі Ресейден келген. Оларға да құрбым фрибиден қалғанын таратып берді.
Хан өзені



Хан — Сеулді екіге бөліп тұрған өзен. Жағасында неше түрлі демалатын жер бар. Екі жыл бұрын Банпо көпіріне барғанбыз, биыл тек жағада тұрған Starbucks кофеханасына бардық та, жағалауда біраз жаяу қыдырдық.
Сарайларға, Намсан мұнарасына бармағансыздар ма десеңіз, олардың бәріне 2023 жылы барып қойғанбыз. Сондықтан бұл жолы біз уақытымыздың көбін басқа қалаларға арнадық.
Пусан
Пусан — Кореяның Сеулден кейінгі ең үлкен қаласы. Халқының саны — 3,3 миллион. Корея бұғазының жағасында орналасқан. Үлкен қала болғасын әрі теңіздің жағасында тұрғасын Кореяға барған туристердің көбі осы жерге барады.
Пусанда мына жерлерге бардық.
Gamcheon Culture Village





Пусан вокзалынан шыққан бойда автобусқа мініп, осы жерге келдік. Gamcheon Culture Village — жұртқа түрлі түсті үйлері, әдемі әрі сүйкімді көшелері танымал ауыл. Инстаграмға арналған жер екен. Чимин мен Чоңгуктың (BTS-тегі Пусаннан шыққан мемберлер) муралы да осы ауылдағы қабырғаға салынған. Екеуіміз соған барамыз деп адасып кетіп едік, картадан қарасақ, жоғарыға көтерілу керек екен, қой, жоқ деп әрі уақытымыз тығыз болғасын басқа локациямызға кеттік.
Осы жерде жүріп, Пусанда мысық көп екенін, олардың суреті салынған дәмхана көп екенін байқадық.
Huinnyeoul Culture Village
Huinnyeoul Culture Village да Гамчон сияқты ауыл. Жапон теңізінің жағасында, жартастың үстіне салынған өте әдемі жер, Кореяның Санториниі саналады. Басында балықшылар ауылы болған, 2010 жылдары жергілікті суретшілер түрлі сурет салып, бояп, ауылды көрікті жерге айналдырған. Содан бері ол жерде алуан түрлі дүкендер, дәмханалар, уоркшоптар ашылған.
Төменге түсіп, қыдыруға болар еді, бірақ күн суық желді болғасын, такси шақырып, әйнек шолу алаңына қарай кеттік.
Oryukdo Skywalk



Oryukdo Skywalk — теңіздің жағасында тұрған әйнек шолу алаңы. Кіру тегін. Кірерде аяғыңызға кіреберісте тұрған арнайы қалың бахилалардың бірін киіп алуыңыз керек. Не үшін кию керегін ұқпадым.
Шолу алаңы 2012 жылы ашылған екен, биіктігі — 35 метр, ал ұзындығы — 15 метр. Өтірік айтпай-ақ қояйын, бірінші рет әйнек көпірдің үстіне шығып тұрғасын қатты қорықтым. Бірақ қорқынышым көп ұзамай сейілді.
Көпірден түсіп, жанында теңізді жағалай салынған жолдармен жүріп өтуге болады. Бірақ уақытымыз тығыз болғасын келесі локациямызға кете бердік.
Шолу алаңы ұнады ма десеңіз, өте қатты ұнады. Маған теңізге қатыстының бәрі ұнайды:) Жел қатты болғанына қарамастан толтырып суретке түсіріп алдық. Бұл жерден де армилерді көріп, концерттен қалған сыйлықтарымызды таратып бердік.
ZM-ILLENNIAL (қазіргі Magnate)
Одан кейін автобусқа мініп, Чиминнің әкесінің атақты Magnat кафесіне бардық. Қазір ол ZM-ILLENNIAL деп аталады екен. Ішіне кірсек, кіреберісте үлкен үстелдің үстінде фанаттардың Чиминге арнап қойған қыруар сыйлығы мен хаты тұр. Кафеде адам аяғы аз екен, кассада кезек болмады. Біз өзімізге таңқурай шайын, кофе, тирамису мен күйген чизкейк алдық. Жалпы бағасы — 27 700 уон (~9 900 теңге). Ішкен-жегеніміз әйтеуір ұнады, кәрістер шайларын жақсы демдейді екен:) Тәттілері де әлеуметтік желідегілер айтқандай жаман емес, бізге кәдімгідей ұнады.
Haeundae Blueline Park




Кафеден шығып, такси шақырып, Haeundae Blueline Park деген капсула пойызына қарай жол тарттық.
Құрбым осы Пусан сапарын минутына дейін жоспарлап қойған еді. Таксишілерінің арқасында сол жоспарымыз бір минут болсын кешікпей орындалды, барамыз деген жерлердің бәріне кідірмей бардық. Сондықтан Пусанның таксишілері мың алғыс!
Бұл мини пойызға екі аялдамадан мінуге болады екен: Cheongsapo Station (Haeundae жағажайы жаққа баратын) мен Mipo Station (Haeundae жағажайы жақтан жүретін). Біз жағажайға баратын пойызға міндік. Біріншіден, ол жерде кезек аз болады, болса да, Миподағыдай ұзын-сонар болмайды. Екіншіден, біз жағажайға бәрібір барар едік. Капсуланың билетін алдын ала сайттан алып қойдық. Құрбым ерте алып қойған жөн, билеттер тез сатылып кетеді дейді. Бір билет 20 мың уонға (~7 200 теңге) шығады.
Пойызға кезекке тұрмай мініп кеттік. Іші кішкентай, аласа, екі-ақ адам сыяды екен. Бір жаққа жету үшін 30 минут кетеді. Сол уақытта жан-жанғыңызды қарап, фотоға түсіріп үлгересіз. Орта жолда барғым келген Haewol Observatory-ды көрдік. Ол да — Oryukdo Skywalk сияқты үлкен шолу алаңы. Қасында теңіздің бойында асықпай серуендеуге болатын соқпақ жолдар мен саябақ бар. Қазір осының бәрін жазып отырып, Пусанда тағы бір күн қалу керек еді деп отырмын.
Haeunde жағажайы



Пусандағы жағажайлардың ең танымалы — Haeunde жағажайы. Құрбымның айтуынша, қалада бұдан да әдемі жағажайлар бар, бірақ олар қаланың шетінде екен.
Пусанға барайықшы деген мен едім. Ондағы себебім — екі-үш жыл бұрын дәл осы жағажайда күннің батқанын қызықтағаным түсіме кірген еді. Сол түсім өңімде орындалсын деп осы жерге келдік. Құдай да құптағаны ма екен, таңертеңнен бері ашылмаған күн жағажайға жеткенде ашыла қалды. Әрине, күннің батқанын дұрыс тамашалай алмадым, өйткені жағажай оңтүстікке қарап тұр.
Құрбым екеуіміз жағажайда жарты сағаттай отырып, фотоға түсіріп, серуендеп қызығын көріп алдық. Пусанға барамын десеңіз, кемі екі күн арнағаныңыз абзал болар-ау. Қазір есіме түссе, тағы қалуым керек деп жүремін.
Rendeja-Vous Haeundae
Сеулге жол жүруімізге біраз уақыт қалғасын, екеуіміз жағажайдағы Rendeja-Vous Haeundae дәмханасына кіріп, терезеден жағажайға кеткенше телміріп қарап отырдық. Онда мынандай фотозона бар.



Әрине, дәмханаға барғасын босқа отырмау керек деп екі сусын мен ортаға бір дессерт алдық. Үшеуі 16 500 уонға (~5 892 теңге) шықты. Уақыт таяғанда такси шақырып, вокзал жаққа тарттық. Таксиші өте сыпайы, ақкөңіл адам екен. Бар ағылшасын салып бізбен біраз да болсын сөйлесті. Бізге кәріс әншісі Сайды танисыңдар ма деп әндерін қосып қойды. Орта жолда ненің не екенін көрсетіп Пусан туралы әңгіме айтып берді. Түнгі Пусан өте әдемі екен, интернеттен көрмеген зәулім үйлер мен басқа да жағажайларды көрдік.
Құрбым осы Пусан сапарын минутына дейін жоспарлап қойған еді. Таксишілерінің арқасында сол жоспарымыз бір минут болсын кешікпей орындалды, барамыз деген жерлердің бәріне кідірмей бардық. Шақырсақ, 5 минутқа жеткізбей жетіп келеді. Сондықтан Пусанның таксишілері мың алғыс!
Сувон





Сувон — Сеулдің қасында тұрған қалалардың бірі. Халқының саны — 1,2 миллион. Олардың көбі Сеулге күн сайын жұмысқа барады екен. Сувонда біз барған жерлер:
Hwaseong Haenggung Palace
Сувонға біз Сеулден автобуспен бардық. Ақысын T-Money картасынан төледік. Бір жолақы — 1 500 уон (~500 теңге). Жаңа айтқанымдай Сеулден тыс жатқан жерге бару үшін Climate Card картасын қолдана алмайсыз. Қалаға метро да барады. Біздің жолға 40 минуттай уақыт кетті.
Автобустан түскен бойда Hwaseong Haenggung сарайына бардық. Орта жолда кезінде осы сарай мен қаланы қоршап тұрған қамалдың алып қақпаларын көрдік. Олар Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік деп бөлінеді екен. Бұл сарайды кезінде кәрістердің Чоңжо деген патшасы әкесі Садо ханзаданың мәйітін сақтау үшін салған екен. Садо — әкесінің жалғыз ұлы болса да патша бола алмай кеткен тарихи тұлға, себебі оны әкесі Ёңжо маған қарсы тұрды деп күріш қорабына тығып, ас-су бермей өлтірген. Бала кезімде осы жайт туралы сериал көргенмін. Енді сол тарихтың бір бөлігін өз көзіммен көрдім десем де болады.
Хуасоң Хәңгаң сарайы Сеулде патша сарайлары сияқты алып емес, кішкентай бір резиденция. Ішіне кірген жоқпыз, сыртында отырып қарауылдар шоуын тамашаладық. Шоуда кәріс сарбазы сияқты киінген актёрлер найза-қылышын сермеп, жауынгерлік өнерін көрсетеді. Шоудың ұзақтығы — 30 минут. Аяғында актёрлар көрермендерге жақындап, фотоға түседі.
Haenggung Street
Шоуды көріп, тамақ ішіп, пұноппаң іздеп шыққанда осы сүйкімді сауда көшесіне тап болдық. Кофеханалар, қолдан жасалған туындылар, арт және гүл дүкендері, тағы басқасы бар бұл алаңда.
Starfield library
Мына жер — Starfield деген әдемі әрі ірі сауда орталығының әдемі әрі ірі кітапханасы. Құрбыма Сеулдегі жұрттың бәрі баратын COEX-тегі кітапханаға (айтпақшы ол да Starfield деп аталады) барайықшы десем, одан да әдемісіне апарамын деп мені осы жерге әкелді.
Бұл кітапхананың ауданы — 2 000 шаршы метр, аумағы 4 қабатқа жайылған. Ішінде 60 мың кітап пен журнал сақталған. Шынымды айтсам, оған кіру тегін болса да, кітап оқып отырған адам көрмедім. Көбі кофе ішуге, фотоға түсуге, жұмыс істеуге баратын сияқты. Бірақ кітапхана өте әдемі. Түк істемей қарап отырсаң да, біраз демалып қаласың.
Дүкен аралау
Кореяға барып тұрып косметика мен киім алмаған деген қылмыс шығар …… деп құрбымыз екеуіміздің алмағанымыз жоқ. Косметика керек пе? Алдық! Киім керек пе? Алдық! Коллаген керек пе? Алдық! Дайсон керек пе? Алдық! Алдық! Базарлық па? Алдық!
Киім-кешек
Кәріс стрит стилінде киінгісі келетіндер Хоңдеге барса жетіп жатыр. Әркімнің талғамына жарасар, қалтасы көтерер киімдердің көбі осы аудандағы дүкендерге орналасқан. Кәріс брендінен алғым келеді десеңіз, сауда орталығы мен Меңдоңға барғаныңыз жақсы. Хоңдедегі бағалар біздің Алматыдағы барахолканың бағасымен бірдей я одан арзанырақ. Мысалы, мен маусымаралық пальтомды 25 мың теңгеге, көктемгі-жазғы карго шалбарымды 5 000 теңгеге алдым. Ал құрбым пальтосын жеңілдіктің арқасында 6 000 теңгеге, күртешесін 15 мың теңгеге алды. Шетелдік болғасын біз бұл тауарлардың құнына қосылатын салықты (5-7%) кері алдық. Кореяның такси фри жүйесінің ең жақсы тұсы — бұл салықты дүкеннен шықпай кері алуға болады. Сатушылар оны тауардың бағасын жеңілдік деп алып тастайды. Өзге елдерде, мысалы, Түркияда салықты дүкеннен арнайы қағаз алып, әуежайға барып аласыз.
Косметика
Косметикаға келер болсақ, керектің бәрін Меңдоннан шықпай алсаңыз болады. Атақты Olive Young-ның ең үлкен дүкені осы ауданда орналасқан. Бірақ ол да бізге кішкентай болып көрінді. Десе де бар қажетімізді осы жерден алдық. Базарлыққа толтырып бетке арналған маска аламын десеңіз, осы алаңнан алыңыз. Олар косметика сататын дүкендердің сыртында толып тұрады, ал сатушылары алыңыз деп артыңыздан қалмайды. Косметиканың бағасына келсек, әрине, кәріс косметикасы Кореяда Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан тұрады. Шамалап айтқанда айырмасы — 20-30%, оның үстіне құн салығын кері алуға болады.
Dyson
Бір күні маған Кореядан дайсон алып келші деп әпкем хабарласты. Картадан қай жерде бар екен деп қарасам, біз шықпайтын Меңдоңның жанында Shinsegae Duty Free сауда орталығындағы 7-қабатында бір нүктесі бар екен. Әпкем алғысы келген дайсон ең кейінгі дайсон екен. Бағасы — 700 000 уон (253 мың теңге). Бірақ құн салығын алғанда шамамен 240 мың теңгеге шығады. Айтпақшы, дәл осы сауда орталығында BTS Space Duty Free дүкені бар. Онда қазір уивөрсте сатылмайтын мерчтер сатылады. Құрбым Monochrome, D-day Tour мерчтерін алды.
Мен бір емес, екі дайсон алып, елге әрең жеткіздім. Оларды багажға салып, тіркеп өткізейін деп жатқанда мені тіркеп тұрған қызметкерге ішінде екі дайсон бар деп ескерттім. Ештеңе етпейді деп өткізіп жіберді. Ал Алматыға келгенде шекарадағылар ішінде екеу емес, үшеу бар деп тиіскен еді. Бағажға кәдімгі шаш үтікті де салғанмын, олар соны да дайсон деп ойлап қалған. Үш дайсон алғанда маған баж төлетіп қояр ма еді, білмедім. Білуімше, Қазақстанға 1 000 еуродан аса тұратын тауар алып келгенде баж салығын төлеуіміз керек.
Қазақстанға қайту
Елге 9 наурызда қайтып келдік. Рейске онлайн тіркеліп, алдын ала орнымызды таңдап қойдық. Қайтарда багажымызды әуежайға емес, Сеул бекетіне (Seoul station) апарып тапсырдық. Рейске сол жерден тіркелдік. Қалай десеңіз, шетелге кәріс әуе компанияларымен ұшқанда Сеул бекетіне барып тіркелуге, багажды сол жерден өткізуге болады. Бастысы — әуежайға AREX пойызымен баруыңыз керек. Рейске тіркелуге өтерде сол билетті скандап өтесіз. Тіркелетін жер дәл қай жерде десеңіз, бекетке алдынан кіргеннен кейін тіке жүре беріңіз. Алдыңыздан эскалатор шығады. Сонымен түсе беріңіз. Алдыңыздан тағы бір ұзын эскалатор шығады. Одан түскенде ұзын-сонар кезекті көресіз. Бірақ оған тұру үшін соның жанындағы қызғылт автоматтан AREX пойызына билет алыңыз. Билет алғанда уақытын таңдауыңыз керек.

Әуежайға апаратын AREX-тің билеті
Тіркелгеннен кейін бекетте 5-10 минуттай күте тұруыңыз керек. Себебі олар багажыңызды тексереді. 5-10 минутта сізді шақырмаса, кете беруге болады. Біз бар істі тындырғаннан кейін бекеттің қасында қыдыра тұрдық: Knotted кафесіне барып отырдық, снек алдық, мен тіпті автобуспен Uniqlo дүкеніне барып келдім. Билеттегі уақытымыз келгенде пойызға мініп, әуежайға жол тарттық. Пойыз әуежайға уақытылы жетеді. Шыққаннан кейін әуежайдың жолын таба алмай 10-20 минуттай жүріп қалдық. Бірақ шекарадан тез өтіп (офицерге жолықпай, паспортты скандап өте бересіз), ұшағымызға үлгердік. Тіпті мінгізуге жарты сағаттай ерте бардық.
Түйін
Мен 27 жасыма дейін 10 шақты елге, 20 шақты қалаға барып үлгердім. Осы Корея сапарым солардың арасындағы ең кереметі шығар. Пусандағы жағажайға барып, гештальтымды жапқандай болдым. Жақында Пусан — Алматы — Пусан әуе бағыты ашылғалы жатыр екен. Биыл тағы бір рет Пусаннан шықсам таңғалмаңыздар. Оның басқа жағажайларын көрмесем бірдеңе жетіспегендей болатын сияқты.
Кореяға баруыма мына фактор да себеп болуы мүмкін: BTS концерті. Олар турын әдетті Сеулден бастайды. Біз сол концертіне билет тапсақ, кете беретін түріміз бар. BTS 2019 жылдан бері тур өткізбегендіктен олардың концертіне деген сұраныс өте көп болмақ әрі бір-екі жыл кемімейді. Одан бөлек, Кореяда концерт билеті арзан тұрады. Мысалы, біздің VIP билетіміздің құнына сіз Еуропада сахнадан алшақ бір орын ала аласыз. Сондықтан билет таптық ба, екі рет барған Сеулге бара беретін шығармыз. Бірақ BTS Пусанда да концерт қойса екен дейміз. Сонда мен бір оқпен екі қоян атамын. Сүйікті әншілерімді де, сүйікті қаламды да көремін.
Кореяға бара бергің келетін тағы бір себеп — оның арзандығы. Ұшақ билетін есептемегенде Кореяда саяхаттағанды көбінің қалтасы көтере алады. Бағасы Астанада я Алматыда қыдырғандай болады.
Кореяда 9 күн қыдыруға кеткен ақшам:
Ұшақ | 258 мың теңге (барып қайту негізі 288 мыңға шыққан-ды, бірақ 30 мыңын кәшбәк қылып кері алдым) |
Пәтер | 70 мың теңге |
Тамақ | 75 мың теңге |
Транспорт (Пусанға баратын пойыз, қоғамдық көлік, такси) | 67 500 теңге |
Байланыс | 6 850 теңге |
Концерт | 86 мың теңге (билет) + 10 000 (ARMY Membership) |
Басқасы (базарлық, киім, көрікті жерлер) | 74 мың теңге |
Жалпы сома | 647 350 тенге |
1
0