Келсу көліне 3 күнге қалай барып келдім және оған қанша ақша кетті?

Келсу көліне 3 күнге қалай барып келдім және оған қанша ақша кетті?
Гидтер 11 мин оқисыз
06.08.2025

Келсу көліне 3 күнге қалай барып келдім және оған қанша ақша кетті?

Барып келу құны, жолдың ұзақтығы мен Қырғызстанның сұлулығы

5–7 шілдеде Арай деген редакторымыз Қырғызстанның жауһары атанған Келсуға (Көлсу) тур алып барып келген еді. Осы мақалада жолға қанша уақыт, қанша ақша кеткенін айтып, Қырғызстанның сұлу табиғатын фото арқылы көрсетпек. 

Тур

Мен турды Алматының тауға баратын тур сататын агенттігінен алдым. Ақысы негізі 90 000 теңге еді. Бірақ бірінші жазған үш адамға жеңілдік береміз дегесін, тездетіп жазып, 80 000 теңгеге алдым. Орын алып қою үшін әуелі 10 000 теңге төледім. Қалғанын тур басталарда қолма-қол бердім. 

Турды алар алдында басқа агенттіктердің бағаларын салыстырып көрдім. Бәрінің жоспары бірдей көрінді: 

  • Алматыдан әкету, Алматыға кері әкелу;
  • Ақсай аңғарындағы киіз үй кәмпіне 2 түн қону;
  • 2 таңғы ас пен 2 кешкі ас;
  • гидтің қызметі;
  • шекараға жақын жерге кіру рұқсаты. 

Қалған шығынды өзіңіз өтеуіңіз керек. Бағасы да 80 00090 000 теңгенің шамасы. Алайда 120 000 мың теңге сұрайтындары да бар.

Алматыдан Ақсай аңғарына дейінгі жолға 1516 сағаттай уақыт кетеді. Оның 3 сағаты Алматыдан Қордайға (шекара) жетуге, бір сағаты шекарадағы кезек пен құжат тексеруге кетеді. Мұның бәрі — діңкеңізді құртатын шаруалар. Қалтаңыз көтерсе, турды Бішкектен бастаған жақсы. Әуелі қырғыз туроператорынан тур алып қойып (шамамен 50 000–60 000 теңге тұрады), Бішкекке ұшып барған абзал сияқты. Иә, көп болса 4 сағаттай уақыт үнемдейсіз. Есесіне жол басталмай жатып шаршамайсыз. 

Бару

Алматыдан шілденің 5-не қараған түні сағат 2-де Қордайға қарай аттандық. Қордайға таңғы 5-те жеттік. Шекарадан жаяу өту керек. Біз барғанда шекара жабық тұрған сияқты, себебі 20 минуттай кезекте тұрдық. Адам аяғы көп. Гид олардың бәрі үш күн Ыстыкөлде демалуға бара жатыр деді. 

Шекарадан әйтеуір 40 минут дегенде өттік. Бір қызығы — Қазақстан да, Қырғызстан да елден шығып я елге келіп жатқан жүктерді тексермейді екен. 

Шекара пунктінен шыққан кейін басқа көлікке міндік. Басқа туристерді күтіп отырғанда біреулер сим картасын алды (1 000 теңге), өзгелері теңгесін сомға айырбастады. Мен ақшамды Алматыдан ауыстырып алдым. 1 сом ~ 6 теңге. Гид 20 000–30 000 теңге айырбастаған жөн деді. Мен 30 000 теңге айырбастаған едім, бірақ маған 19 000 теңге де жетті. 

Қордайдан шығып, 1213 сағаттай жол жүрдік. Орта жолда Көкмойнақ деген шатқалдың қарама-қарсы тұрған асхананың алдына тоқтап, 30 минуттай тұрдық. Соның қасында тұрған шолу алаңына көтеріліп, 30 минут бойы Көкмойнақтың сұлулығына тамсанып тұрдым.

Көкмойнақ шатқалы

Нарын қаласына баратын жолда Ортатоқай суқоймасына соға кеттік. Бірақ онда су жоқ екен, жиналып үлгермеген сияқты.  

Ортатоқай суқоймасы

Одан кейін Нарынға барып, мейрамханадан тамақ іштік. Бағалары біздің Алматыдағыдай: бір лағман 1 800 теңгедей, дүкеннен алған 1 литр су 300 теңге тұрады. 

Нарыннан шыққан кейінгі жол асфальтсыз жол екен. Сол жолмен кешкі 8:30-да Ақсайға әрең жеттік. Орта жолда шекараға жақын пунктінен өттік. Неге десеңіз, Келсу көлі қырғыз-қытай шекарасынан бар-жоғы 20 шақырым алыс жатыр. Сондықтан шекара қызметі тексерістен өткізеді. Ондағылар құжаттарымызды тексереміз дегенше 1 сағат өтті. Бірақ есесіне мына тауға қарап, таза ауа жұтып отырдық. 

Гид сапарға бірнеше күн қалғанда құжатыңызды сұрап хабарласады. Оны Келсу жақтағы шекарадан өткізетін рұқсат алу үшін сұрайды. Сондықтан қай құжатыңызды жіберсеңіз, сол құжатты алып жүріңіз. Мен шекарадан өткенде мөр қойдыру үшін паспортымды алдым. 

Шекарадан өткеннен кейін Құлжабасы шатқалын көрдік. Кішкентай болса да, әдемі шатқал екен. Гид бір сарқырамаға да апарамын дегесін жоғарыға көтеріле бастап едім, демім жетпей қалып қойдым. Бұл жер теңіз деңгейінен 3 000–3 500 метр биік жатыр. Тау басында оттегі аз болатындықтан жайлап, ентікпей жүру керек. Басқа туристер қайтып келді дегенші қырғыздың табиғатын қызықтай тұрдым. Қырғызстан, неткен сұлу едің! I didn’t know your game. 

Құлжабасы

Ақсай аңғарына кешкі сегізде жетіп, киіз үйлерімізге жайғастық. Бір ағаш үйге екі-үш-төрт-бес адам жата алады. Мен төрт орынды киіз үйге қонамын деп шештім. Әрбір үйге бір-бір пеш қойылған. Оны кәмптің иелері көмір салып жағады. Оның түтіні далаға шықса да, ішінде оттың иісі шығып тұрады. Шынымды айтсам, түнде уланып қалмасақ екен деп жаттым. 

Киіз үйдің іші

Жайғасқаннан кейін кешкі ас ішуге бардық. Бізге бірінші және екінші тамақ, шай, салат пен тосап, нан берілді. Күні бойы қатты шаршағасын әрі ертесі күні ерте тұратындықтан тамақтанып алғаннан кейін дереу жатып қалдым.

Келсу

Таң атпай тұрып алып, беті-қолымды жуып, ауылды араладым. Айтпақшы, жуынатын жер мен дәретхана далада тұрады. Ауылда туып-өскендіктен мұндайға үйренгенмін. Есесіне Көкқыя деген әдемілігі көздің жауын алар тауға қарап жуындым.  

Ауылда бірнеше ағаш үй қонақүй бар. Келсуға барғандардың көбі солардың біріне қонса, кейбірі шатыр тігіп я көлік ішінде түнейді.

Таңғы ас ішіп болғаннан кейін Келсуға қалай жететінімізді шештік. Біреулер жаяу, ал біреулер ат мініп кетті. Жаяу барған, әрине, тегін, ал атқа мінгендер 2 000 сом (~12 000 теңге) төледі. Оның 1 500-ы атты барарға және қайтарға жалға алуға, ал 500-і гид қызметіне кетеді. Жаяу барсаңыз, барар жолға 2 сағаттай уақыт кетеді.

Жаяу жүрсеңіз де, гидке еріп жүру керек. Себебі аңғарды таудан аққан өзен қақ бөліп тұр. Келсуға я ауылға ол өзенді кешпей бару үшін жолды білетін адам керек я оны жаттап алу керек. Бізбен бірге көлікке мінген екі қыз жаяу қайтамыз деп өзеннің арғы жағында қалып қойды. Ал ол өзеннің ағысы тым қатты. Жаяу өту мүмкін емес, суы да қара мұздай. Оларды сол жерден өтіп бара жатқан көлік алып кетті. 

Үшінші амал бар — көлік артына мініп бару. Бір көлік барып қайтарға 10 000 сом (~ 61 000 теңге) алады. Сондықтан оған қаншалықты көп адам мінсе, адам басына төлейтін ақы соншалықты азая түседі. Жолға 30 минут кетеді. Мен осы амалды таңдап, 740 сом (4 440 теңге) төледім. Бірақ ескере жүріңіз: көлік Келсуға апармай, таудың етегінде тастап кетеді. Себебі ары қарай өткен қиын. Бірақ ат апарады. Көліктен түскеннен кейін көлге 30 минуттай көтерілу керек болады.

Тағы бір ескеретін жайт: көлікке мінсеңіз, селкілдеп барасыз. Жол тегіс емес, көлік бір-екі рет су кешіп өтеді. Жүргізушілер кейде батып қаламыз дейді.

Тауға жаяу шығып көрмесем де, Келсуға көтерілген аса қиын болған жоқ. Бастысы — ыңғайлы аяқкиім киіп алыңыз. 

Айтпақшы, тауға ыңғайлы аяқкиім мен қалың киім киген өте маңызды. Жолда бір-екі рет шағын бұлақтардан аттап өту керек, жол мен Келсудың өзінде тас көп. Треккинг аяқкиімін кимесеңіз де, табаны қалың аяқкиім киіп алыңыз. Үстіме маусымаралық күртеше, басыма күзгі-қысқы бас киім киіп алдым. Ақсайда күн жылы, күртешесіз де жүре беруге болады. Алайда таудың аты — тау, қалың киім алып жүрген — шарт. Мысалы, Келсуда қайта-қайта жел тұрып, күн бір шығып, бір тығылды, Ақсайға қарағанда суық болды. Бетіңізге міндетті түрде күннен қорғайтын крем жағып алу керек. Турдан қайтып келгенде біреулер бетіп күйіп кетті деп шағынып жатты.

16 сағаттан аса жол жүріп барғаныңды Келсуға барғанда ұмыта салады екенсің. Мына сұлулықты көргенде адам үн қатпай қалады екен. 

Жер ана берген бұл сұлулықты моторлы қайыққа мініп жақыннан көруге болады. 30 минуты 1 000 сом (~6 000 теңге) тұрады. Қайыққа төрт-бес адам міне алады. 3 000 сом төлесеңіз, қайықшы көлдің арғы бетіне апарады. Мен ең арзан тарифін алдым. Басында көлді жағадан тамашалаған да жетеді деп ойлағанмын. Бірақ бәрі мініп жатқасын, жұрттан қаламын ба деп міне салып едім, бұл өмірімдегі ең дұрыс шешім болды. Төбеңнен қарап тұрған алып жартастар мен көк-жасыл суық суды жақыннан көрген де арманда, көрмеген де арманда. Жүргізуші қыздар жақсылап фото-видеоға түсіп алсын деп қайықты бірнеше рет айнала айдады — туристерге не керегін білетін сияқты:) 

Жағаға қайтқаннан кейін өзеннің оң жағындағы үлкен жартасқа мініп, түскі ас ішіп алдық. Түскі ас турдың ақысына қосылмаған. Біреулер тез пісетін кеспе я тіскебасар алса, мен таңғы астан артылған тамағымды салып алдым. Жүрек жалғап алған соң 23 сағат Келсудың айналасын араладық. Біреу жартастағы шөптің үстіне жатып ұйықтап алса, біреулер әр жартасқа мініп, фотоға түсті, ал біреулер көлік келетін жерге барып, көлігімізді тосып отырды. 

Мен жартас аралап та, тыныш жерде отырып та Келсуды, Көкқыяны, Ақсайды қызықтап үлгердім. 

Сөйтіп, біз көлдің басында 6 сағаттай жүрдік, саяхатымыз кешкі сағат 4-те бітті. Кешкі ас 8-де берілуі керек еді, біз ерте қайтқасын (негізі 6-да қайтамыз дегенбіз) 7-де берілді. Тамақтанып болғаннан кейін біздің топтағылар волейбол ойнады, кейін от жағып, Қолтырауын ойынын ойнадық. 

Мен жолға шығар алдында топтағылармен қалай араласамын деп қатты алаңдап едім. Оның бәрі бекер екен. Топтағылардың көбі менімен жасты, жатырқамайтын, әзілқой, көңілді екен. Олармен сөйлескен, ойнаған қиынға түспеді.

Қайту

Сапардың үшінші күні таңғы ас ішіп, ауылдан шығып кеттік. Негізі тоғызда шығамыз деген едік, бірақ тауда жаңбыр жауып кетуі мүмкін дегенсін жарты сағат ерте шығып кеттік. Тауда жаңбыр астында қалған жаман. Жолы асфальт болмаса да қатты тайғақ болуы мүмкін. 

Қайтарда Нарынға 2 сағатта жеттік: шекарада көп тұрған жоқпыз, ондағылар тексермей өткізе салды. Орта жолда Босаға деген жайлауға соғып 20 минуттай тұрып, Қырғызстанның табиғатына тағы бір тамсандық, фотоға түстік.

Жайлау Босого

Маған Қырғызстандағы 12–14 сағаттық жол Маңғыстаудағы 6 сағаттық сапардан әлдеқайда оңай болды. Оның себебі — қырғыз таулары. Оларға телміріп қарап отырып уақыт қалай өтіп кеткенін байқамай қаласың.

Нарынға жеткенде барарда аялдаған мейрамханадан тамақ ішіп, Қордайға жол тарттық. Гид демалу үшін орта жолда жүргізушіні тоқтата бергеніне қарамастан шекараға тез жеттік. Қордайға жақындап қалғанда гид бір дүкеннен қырғыз шалабын алып, бәрімізге таратып берді. 

Ұзын-сонар кезек Қырғызстан шекара қызметінің алдынан өтерде болмаса, Қазақстанға кірерде болды. Бірақ Қазақстан азаматтарына арналған мөр қойдырмай, паспорт (жеке куәлік) пен түріңізді көрсетіп өтетін дәлізден өтсеңіз, әлдеқайда тез өтесіз. Алайда ол жерден 18-ге толмаған азаматтарымыз өте алмайды. Олар офицердің алдынан өтуі керек. 

Шекарадан өткеннен кейін көлікке мініп, Алматыға қарай жол тарттық. Қалаға 3 сағатта жеттік. Жүргізуші туристерді сапар басталған жерге апарады. Бірақ өтінсеңіз, орта жолда түскіңіз келген жерден я оған жақын жерден түсіріп кете алады.

Түйін

Келсу өмірімде көрген ең әдемі жер болып шықты. Құдай Келсуға барын бере салғандай. Оны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Жердегі жұмақ дермісің. Оны көргенде сонша жол ат терлетіп келгеніміз бекер емес екен дедім. Барғанша, келгенше көзім тоймай фотоға түсіре бердім. Қырғыздар осындай жері барына күнде қуанатын шығар. 

Келсуға Алматыдан барып келу үшін турға 80 000 теңге, жолда тамақ ішуге және Келсуға жету үшін, қайыққа міну үшін 19 000 теңге кетті. Жол ұзақ, 1516 сағат кетеді. Тауға маусымаралық күртеше, қалың табанды аяқкиім, күннен қорғайтын крем алыңыз. 

Гид Келсуға күздігүні бару керек дейді, себебі күзде көлдің суы көк-жасыл түске айналады екен. Бірақ біз барғанда судың түсі көк-жасыл болып тұр еді. Менің ойымша, ол жаққа жаздыгүні барған абзал, себебі тау жақ күздігүні сияқты қатты суық болмайды.

3

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

редактор, тағы осындай мақала жазу үшін қайда барсам екен деп жүр

Осы айдардан:

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық
13.06.2025

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?