Логотип

Сеуілдің 30 көрікті жері

Сеуілдің 30 көрікті жері
Гидтер 20 мин оқисыз
10.10.2022

Сеуілдің 30 көрікті жері

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Сеуіл — Оңтүстік Кореяның астанасы, әлемге музыкасы, технология мен модасы, урбанистикасы арқылы танылған қала. 2010 жылы UNESCO Сеуілге «Дизайн қаласы» деген атақ берген еді.

Онда кемінде 10 миллион адам тұрып жатыр, қалаға жыл сайын 2 миллионнан көп турист барады екен.

Жылына сонша адам баратындай Сеуілде не бар өзі? Қазір айтып береміз әрі көруге тұрарлық 30 жерін тізіп шығамыз.

Сеуіл телемұнарасы

Сеуіл телемұнарасы (Намсан мұнарасы) — биіктігі 243 метр мұнара, Сеулдің визит картасы саналады. Намсан тауында орналасқан. 

Мұнараға жетудің екі амалы бар: аспажол мен баспалдақ. Туристер мұнараның ішіндегі айналмалы мейрамханадан тамақтана алады, музейдегі Inside Seoul көрмесіне бара алады. Ал обсерваториядан жұлдыздарға қарауға және базарлық дүкеніне баруға болады. 

Сонымен қатар мұнарада шолу алаңы мен террасасында адамдар іліп кеткен махаббат құлыптары бар.

Айтпақшы, корейлер сүйгенінен айырылса, сол жерге ілген құлыптарын сындырады екен.

Намсан мұнарасына кешке барған жөн-ау: күн батқанын тамашалайсыз, ал түнде жарқыраған қалаға қарайсыз.

Кёңбоккун сарайы

Кёңбоккун (경복궁) (жайнаған бақыт сарайы) — корей сарайларының ең үлкені. Аумағы 40 гектардан асады. Сарай XIV ғасырда Чосон дәуірінде салынған. 1592 жылы елді Жапония билеп-төстегенде өртелген. Оны корейлер тек XIX ғасырда қайта қалпына келтірген. 

Патша сақшылары кезек алмасып жатыр

Бұл сарай қазір туристерге ашық. Оның бас көрікті жері — Кынжоңжон тақ залы мен Куаңхуамун қақпасы. Туристер күніне екі рет — таңғы онда және түскі екіде — патша сақшылары ауысқанын көре алады. Рәсім тек сейсенбі күні өткізілмейді.

Сарайға кіру 3 мың уон (ересек) және 1 500 уон (7-18 жастағы балалар) тұрады. Бірақ ол жаққа ханбок киіп барсаңыз, тегін кіресіз.

Чаңдоккун сарайы

Чаңдоккун сарайы — 1405 жылы феңшуй қағидасына сай салынған сарай кешені. Жапония шапқанда Кёңбоккун сарайы сияқты қиратылып, тек 1609 жылы қалпына келтірілген. Кёңбоккун жөнделіп болғанша патша әулеті осы сарайда тұрған. 

Чаңдоккун сарайының аумағы 58 гектар, таудың етегінде орналасқан. Ол жақтан сіз Тонхуамун мен Инжоңмун қақпаларын, Кымчонгё ескі көпірі мен тақ залын көре аласыз. Сарайдың артында лотосқа толы Хуон саябағы бар. Кіру 3 мың уон тұрады.

Чаңгёң сарайы

Чаңгёң (тоқтаусыз сауық-сайран сарайы) — конфуций дәстүріне сай, патша әулетіне ойын-сауық сарайы ретінде ХІІ ғасырда салынған кешен. Сарайдың айналасында саябақтар, самалжай мен пагода орналасқан. Қазір сарайда патша әулетінің өмірі туралы түрлі қойылымдар қойылады.

Сарай тау жетегінде орналасқан, сондықтан әдемі павильондар түрлі биікте салынған. Айналасында Чунжаны тоғаны мен ботаника бағы бар.

Токсугуң сарайы

Токсугуң немесе Доксугуң (덕수궁) — XV ғасырда салынған сарай кешені. Сарайдың басы ерекшелігі — оның корей және батыс архитектурасына сүйеніп салынғаны. Ғимарат басқа дәстүрлі сарайлар сияқты Жапония оккупация кезінде қираған. Туристерге қызық болар жерлері: Тэханмун мен Куамёнмун қақпалары, Чунхуажон, Сокжонжон және Хамнёнчон павильондары. Токсугун корей халқының ең үлкен және ең сәнді құрылысы болмаса да тарихта қайғылы оқиғаның орны ретінде белгілі. 1905 жылы жапондар Кореяны аннекциялап, 1910 жылы елдің бүкіл аумағын басып алып, патша билігін құлатқанда сарайдың аумағы үш есе азайып, жердің бір бөлігі жапондарға сатылған, ал үй жапон музейіне айналған екен.  Сарай тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жөнделіп, қалпына келтірілді. Қазір ол күн сайын ашық тұрады.

Кёңхигуң сарайы

Кёңхигуң (경희궁) — XVII ғасырда тау жерде салынған сарай. Қаланың батысында орналасқандықтан «Согволь» немесе Батыс сарай деп те аталады. 

Сарайдың аумағы үлкен болғанда Кёңхигуң мен Токсугуң сарайларын көпір жалғап тұрған. Бірақ жапон шапқыншылығынан кейін сарай үш есе кішірейген. Кейін ол да басқа сарайлар сияқты үлкен реставрациядан өткен. 

Қазір оның аумағында сарай павильондары, үлкен саябақ пен Сеуіл тарих музейі тұр.

Меңдоң ауданы

Меңдоң — Сеуілдің сауда орталығына айналған аудан. Онда сауда көшелері, базарлар мен базарлық дүкендерінің түр-түрі бар. Метро бекеттеріндерінде де тауарға толы дүңгіршектер жетіп жатыр. Ауданда Lotte, Shinsegae, Myeongdong Migliore, Noon Square мен M Plaza сауда үйлері бар. 

Туристер мен жергілікті жұрт ол жаққа арзан зат алу үшін, көшеден тамақ ішу үшін барады. Корей косметикасына «10+10» сияқты ерекше жеңілдіктер беріліп жатса, таңғалмаңыз. Тіпті тегін макияж мастер-класына қатыссаңыз болады. 

Шопиңнен шаршағандар, «Нанта» театры мен католик шіркеуіне барсаңыздар болады.

Куаңжаң базары

Куаңжаң — Сеуілдің бас азық-түлік базары. 1905 жылы ашылған. Онда шамамен 5 мың дүкен бар. Туристер ол жаққа корей тамағынан ауыз тию үшін барады, себебі тамақты алардан бұрын дәмін татып көруге болады. Сондықтан әр дүкеннің алдына үстел мен орындықтар қойылады. 

Куаңжаңға аш барған жақсы. Өйткені ұлттық тағамдарын тойып жейсіз. Мысалы, көкөніс пен ет салынған құймақ, бұқтырылған күріш пен ет (пибимпап), корей ролдары (кимпап), қан шұжық (сундэ). Бұл базардың ең басты тағамы — сәбіз, шпинат пен маринадталған шалғам салынған ролл (маяк кимпап). Жеген де арманда, жемеген де арманда. 

Куаңжаңда мата, текстиль мен киім-кешек те сатылады: ұлттық киімдер (ханбок), той көйлектері мен корей телехикаларындағы көріп жүрген киімдер бар.

Инсадоң ауданы

Инсадоң — антиквариат, қолөнер тауарлары, әшекей бұйымдар мен суреттер сататын жер. Галереялар шай дүкендеріне, дүкендер мейрамханаларға ұласып жатқан жер. 

Индасоңды аудан деуге келмес, себебі ол — бір ұзын көше. 

Міндетті түрде Ssamzie Gil сауда орталығы мен Kyung-In музейіне барыңыз, көшеде әртістердің өнерін тамашалаңыз. 

Букчон ауылы

Букчон (북촌) — қаланың ортасындағы дәстүрлі корей ауылы. Кёңбоккун және Чаңдоккун сарайларының қасында тұр. Букчон — бір қабатты үйлер бар, даладағы музей. Үйлер балшық бен тастан жасалған. Ол жаққа тарихи сериалдардың атмосферасын сезіну үшін барыңыз. 

Айтпақшы, Чосон империясы кезінде Букчонда ақсүйектер тұрған.

Букчон — жұрт тұрып жатқан аудан, бірақ кей үйге ақы төлеп кіре аласыз. Туристер Дәстүрлі мәдениет орталығы мен корей мейрамханаларына бара да алады.

Чоңуаде президент резиденциясы

Көк үй (Чоңуаде) — 2022 жылға дейін президент резиденциясы болып келген кешен. Ғимараттар корейлердің кәдімгі үйлері сияқты салынған: төбесі пагодаға ұқсас, көк кірпіштен жасалған, ал айналасында аласа ағаштар егілген. Сарай бұрынғы патша саябағында орналасқан. 

Туристер Көк үйге алдын ала жазылып бара алады. Гидтер сол жердің тарихын айтып береді, түрлі кездесу өтетін жер мен өзге де бөлмелерді көрсетеді.

Чоңмё ғибадатханасы

Чоңмё (종묘) — XIV ғасырда Тэжо патша билеген тұста салынған конфуциялық ғибадатхана. Кезінде Чосон әулетінің жерлеу мен әруаққа табыну, құрбан шалу рәсімдері өтетін жері болған. Қазір ол UNESCO ұйымының Дүниежүзілік мұралар қатарында.

Ғибадатхананың қақ ортасында патшалардың құлпытасы орналасқан Чосачон үйі бар.

Чогеса ғибадатханасы

Чогеса (조계사) — Сеуілдің ортасындағы көне ғибадатхана. Оған көбіне дзен буддизм ұстанатындар барады. 

XIV ғасырда ғимараттың орнында жапон соғысы кезінде қираған ежелгі ғибадатхана болған.

Ғибадатхананың ортасында түрлі-түсті өрнектер салынған Тэунчон орналасқан. Ал оның ішіне Будда мүсіні қойылған. Ғибадатхананың аумағында екі ғасырлық ағаш (жапон софорасы мен ақ қарағай) пен қайтқан монахтардың сүйегі сақталған көп деңгейлі тас пагода бар. Туристер буддистік керек-жарақтар дүкеніне кіріп, гоң, розарин, кітап пен басқа да кәдесыйлар ала алады.

Онда Будданың туған күнін (әр ай күнтізбесінің 8 сәуірі), лотос фестивалін, Хангаби мерекесін (Алғыс айту күні) және Донжидің қысқы күнін атап өтуге болады. Ғибадатханаға кіру тегін.

Понынса ғибадатханасы

Понынса (봉은사) буддистік ғибадатханасы VIII ғасырда Каңнам маңындағы Судо тауының етегінде салынған. Понынса — Сеуілдегі ең әдемі әрі ірі ғибадатханалардың бірі. Понынсаның ортасында биіктігі 23 метр үлкен Будда мүсіні тұр.

Ғибадатханада 3 мыңнан астам будда жазбасы мен әйгілі монах Ким Чон Хидің жұмысы сақталған. Жыл сайын тоғызыншы қыркүйекте Понынсада Чондебульс рәсімі өтеді. Бұл — басына Киелі жазба қойып алған монахтар шеруі.

Келген қонақтар ғибадатхананы аралап қана қоймай, Templelife және Templestay бағдарламаларының арқасында бірнеше сағатқа монах болып көріп, буддизмді тереңірек тани алады.

Меңдоң шіркеуі

Сеуілдің атақты шіркеуі жаңа айтылған сауда ауданының ортасында орналасқан. Бұл шіркеу XIX ғасырдың аяғында Чосонда буддизмнен басқа түрлі діндер тарай бастаған кезде салынған. Айтпақшы, дәл осы жерде Кореядағы католик шіркеулер біріге бастаған.

Меңдоң шіркеуі қарапайым неоготикалық стильде салынған. Қызық факт: шіркеуде христиан әулиелерінің шірімей сақталған денесі қойылған.

«НАНТА» театры

«НАНТА» театры қойылымдарын асүй жабдықтарын пайдалана отырып өткізеді. Табалар, шелек пен кастрөлдер арқылы әртістер ерекше дыбыс шығарады. Бірақ бұл жай шу емес. Бұл – цирк өнерінің, дәстүрлі музыка мен күлкілі қойылымдардың қосындысы.

Сахнаға шыққандар бір де бір сөз айтпайды, бірақ барлық әрекетті ағылшынша және жапонша түсіндіретін субтитрлер көрсетіледі.

Сеуілде «Нанта» театрының төрт филиалы бар, ең танымалы әрі ірісі Меңдоң ауданында орналасқан. Шоуды жыл бойы күніне үш рет тамашалауға болады. Бағасы 30 мың уоннан басталады.

Корея ұлттық музейі

Бұл ұлттық музейге Кореяның тарихиына қызығып жүргендер міндетті түрде баруы керек. Экспозициялар елдің бес мың жылынан сыр шертеді. Мұражайдың аумағы 130 мың шаршы метрден асқан.

Тарих туралы павильондардан бөлек, Корей өнерінің туындыларын тамашалай аласыз.

Корея патшалығының алтын тәжі бар залға міндетті түрде кіріп шығыңыз.

Музейде ежелгі он қабатты пагода мен «Ойға шомылған бодхисаттва» мүсіні қойылған. Ересек туристер үш иммерсив NMK диджитал галереясына, ал бала туристер Корея тарихын интерактив бағдарламалардың көмегімен баяндайтын балалар мұражайына бара алады. Музейге кіру тегін болса да, кейбір тематикалық көрме ақылы болуы мүмкін.

Сеуіл өнер орталығы

Seoul Museum of Art көрме кешені 1988 жылы ашылған. Мұражай концерт залынан, түрлі театрлардан (опера және драма), үш көрме залынан және көше сахнасынан тұрады. Сол жаққа жолыңыз түссе, заманауи корей өнерінің экспозициялары мен визуал және аудио коллекцияларының жәдігерін қараңыз деп кеңес береміз. Одан бөлек, музейде қолжазба иероглифтер жинағы бар мұражай және дизайн орталығы орналасқан.

Мұражай аумағында үнемі көрмелер, дәрістер, концерттер мен фестивальдар өтеді. Жаяу жүргенді ұнататындар музейдің алаңын аралай алады немесе Уменжи тоғанының жанында пикник жасай алады.

Кореяның ұлттық фольклоры музейі

Ұлттық фольклор музейі Кёңбоккуң сарайының аумағында орналасқан. Онда Сеуіл аумағында ежелгі заманда, яғни Чосон дәуіріне дейін тұрған корейлердің тыныс-тіршілігінен сыр шертер жәдігерлер бар. Мұражайдың бір бөлігі ашық аспан астында, ал бір бөлігі павильонның ішінде. Музейде бас-аяғы 90 мыңнан астам тарихи жәдігер сақталған. Оларды әкімшілік мәдениеттің дамуы, өмір салты мен дәстүр және дін деп үш залға бөлген.

Музей корейлердің тірлігінен ғана емес, мәдениетінен хабар алуға мүмкіндік береді. Кіру тегін.

Trick Eye иллюзия музейі 

Trick Eye — біртүрлі әрі ерекше экспонаттары бар оптикалық иллюзия музейі. Кейбір экспозицияны алыстан көруге болады, ал бір жерде көрменің бір бөлігі болуға болады. Мысалы, «Күлбике» фильмінің кейіпкері бола аласыз. Сондықтан телефоныңыз я камераңыз жаныңызда жүрсін.

Мұз мұражайына барып, Аяз Ата, Рудольф, пингвиндер және шанамен бірге суретке түсуді ұмытпаңыз.

Leeum (Samsung өнер музейі)

Leeum («Лиым») — Samsung корпорацияcы 2004 жылы ашқан әртүрлі стильде салынған үш ғимаратты музей. Мысалы, тарихи жәдігерлер футурист тамшы түрінде салынған үйде, ал елдің тарихы туралы зал ортағасыр қамал түрінде салынған үйде орналасқан.

Байқасаңыз, музей Samsung компаниясының өнімдеріне емес, заманауи өнерге арналған.

Заманауи өнерден басқа, дәстүрлі корей суреттері мен керамика бұйымдар қойылған көрмелер де бар. Мысалы, Жун Сономның «Гауһар таулары», Жан Мишел Баскиат, Энди Уорхолл, Дэмиан Хөрст пен өзге де суретшілердің туындыларын көре аласыз. 

Корея әскери мемориалы

Мемориалда Корея соғысы туралы түрлі құжаттар сақталған. Ақпарат мультимедиа экспонаттары, деректі фильмдер мен шын әскери жәдігерлер (танк, ұшақ, тікұшақ, қару-жарақ, әскери форма) арқылы көрсетіледі. Музейде Солтүстік Корея батырып жіберген катердің нақ көшірмесі бар. Ал қабырғасында соғыста қаза тапқандардың есімі жазылған. 

Банпо көпірі 

Сеуілді Хан өзені екіге бөліп тұр. Сондықтан қаланың солтүстігі мен оңтүстігінің арасына түрлі көпір салынған. Туристер арасында ең танымалы — Банпо көпірі. Оның екі жағынан түрлі-түсті жарық жанатын сарқырамаға ұқсас субұрқақ ағады. Кемпірқосақ субұрқағы деп аталғаны да содан. Түнде Банпода музыка қосылып, субұрқақ «билей бастайды». Бағдарлама маусым сайын өзгеріп отырады.

Айтпақшы, Банпо — екі қабатты көпір, себебі Жамсу көпірінің үстіне салынған.

Шоуды өзеннің жағасындағы саябақта отырып қызықтауға болады. Онда жұрт көбіне-көп пикник ұйымдастыру үшін, көше тағамдарын жеу үшін және топ болып іс-шара жасау үшін барады. Жарық шоуы жыл сайын сәуірден қазанға дейін өтеді.

Ихуа әйелдер университеті

Университеттің бас ғимараты
Ewha Campus Complex

Сеуіл — Оңтүстік Кореяның ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер жиналатын орын. Беделді жоғары оқу орындарының арасында Ихуа әйелдер университеті ерекше танымал. Оны XIX ғасырдың аяғында миссионер Скрентон ашқан.

Кореяның әйел саясаткерлерінің жартысынан көбі дәл осы университетті бітірген.

Университеттің архитектурасын ерекше атап өту керек шығар. Себебі онда готика, брутализм сияқты түрлі сәулет стильдері араласқан. Әсіресе Ewha Campus Complex көзге ерекше түседі. Ғимарат бір төбешікке ұқсайды, ал одан түсер жолға әдемі саябақ салынған. Кампустың солтүстік жағында ашық амфитеатр, ал ішінде кітапхана, кітап дүкені, кафе, тіпті кинотеатр бар.

Dongdaemun Design Plaza

Сауда орталығы
Шыны раушан паркі

«Тоңдамун Дизайн Плаза» — 2014 жылы ашылған мәдени орталық. Ішінде инновациялы және креатив дизайн мұражайы, дизайн зертханасы, конференция залдары, сауда алаңдары мен көрмелер, жәрмеңкелер мен сән көрсетілімдеріне арналған әдемі павильондар, ал сыртында шыны раушан бағы орналасқан.

Неофутуризм стиліндегі ғимараттың сызбасын Хейдар Алиев мәдени орталығын жобалаған Заха Хадид жасаған.

Олимпиада паркі

Сеуілде 1988 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен еді. Соған орай Олимпиада паркі салынды. Жарыс аяқталғаннан кейін саябақ ауыл тұрғындарына сауықтыру және спорт аймағы ретінде берілген. Олимпиадаға арналған музей дәл сол жерде орналасқан. Паркте одан бөлек Пэкче дәуірінен қалған ескерткіштер, орман аймағы және спорт ареналары бар. Саябақты біздің эрамызға дейінгі III ғасырда салынған Моңчонтосоң бекінісінің қалдықтары мен Мончон Хежа жасанды көлі қоршап тұр.

Netflix орнатқан «Кальмар ойнындағы» қуыршақ 

Саябақ үлкен болғандықтан бірнеше аймаққа бөлінген: музейі бар мәдениет және өнер саябағы, спорт және демалыс паркі, спортпен айналысуға арналған әртүрлі алаңдар мен аймақтар, сондай-ақ экология және тарих саябақтары. Ол жерге барсаңыз, велосипедпен немесе «Ходори» пойызымен аралағаныңыз абзал. Саябаққа кіру тегін.

Lotte World ойын-сауық паркі

Lotte World — Диснейлендтің корей нұсқасы болып саналатын ең үлкен жабық ойын-сауық парктерінің бірі.

Онда барғандар қызықтың түр-түрін көре алады: баршаға арналған аттракциондар, су сырғанақтар, мұзайдын, сиқыршылар театры, кинотеатр, сауда орталығы, этнография музейі. Паркке жақын тұрғысы келетіндерге қонақүй салынған.

Парк екі аймаққа бөлінген: ашық бөлігі Magic Island деп аталады. Онда Gyro Drop секілді үлкен аттракциондар бар. Бәрі фотоға түсетін әлгі қызғылт құлып та сол жерде орналасқан. Жабық бөлігі Adventure деп аталады.

Барсаңыз, әртүрлі костюм киген аниматорлар шоуын, лазер және жарық шоулары мен қойылымдарын көре аласыз. Құны қандай қызмет алатыныңызға байланысты әртүрлі болады. Мысалы, парк пен этнография музейіне кіргізетін билет ересектерге 59 200 уон, ал балаларға 47 мың уон тұрады.

COEX аквариумы

 Корей драмаларындағы кейіпкерлер кездесуге баратын жерлерге барғым келеді десеңіз, COEX аквариумына барыңыз. Бұл аттракцион COEX сауда орталығының жертөлесінде орналасқан.

Барған қонақтар теңіз жануарларының 650-ден астам түрін көре алады. Аквариум түнелге ұқсатып жасалған. Соның арқасында су астында жүргендей боласыз.

Аквариум 16 аймаққа бөлінген: теңіз жыртқыштары, Амазон ормандары және т.б. Сонымен қатар, COEX Aqua-да балықтан бөлек құстар мен поляр аюлары да мекендейді. Шоулардан не бар десеңіз, су перілері шоуы бар. Ол қызық емес десеңіз, дельфин, пингвин мен кәмшаттарға қореқ бере алады. Ересектерге кіру құны — 28 мың уон.

Пукхансан ұлттық паркі

Пукхансан (북한산) — Сеуілдің солтүстік-батысында орналасқан ұлттық саябақ. Биіктігі 800 метрге жетеді. Осы парктің арқасында мегаполис Сеуілге таза ауа барады. 

Парктің үш шыңы бар: Пагунде, Инсубон және Мангеңде. Солардың біріне шығып, Сеуілді биіктен тамашаласаңыз болады.  Қаланың тұрғындары мен қонақтарына түрлі трекиң жол қарастырылған. Жол-жөнекей ежелгі буддизм ғибадатханалардың біріне кіріп шығуға болады. 

Корея визасын аламын десеңіз, біздің сайтқа өтіп, өтінім қалдырсаңыз болады. Freedom Travel (Авиата) визаға қатысты бар мәселеңізді шешуге көмектеседі!

31

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

,

Осы айдардан:

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат
15.07.2022

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
14.07.2022

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид
11.04.2022

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид