Логотип

Тбилиси туралы үлкен гид: көрікті жерлер, табиғат пен шараптың ең жақсысы

Тбилиси туралы үлкен гид: көрікті жерлер, табиғат пен шараптың ең жақсысы
Гидтер 21 мин оқисыз
11.04.2022

Тбилиси туралы үлкен гид: көрікті жерлер, табиғат пен шараптың ең жақсысы

Жайлы әрі әдемі грузин қаласын аралағанда керек болар гид

Тбилиси — Грузияның астанасы әрі Қазақстан азаматтары көп баратын қалалардың бірі. Басында бұл қала Грузин патшалығының астанасы, кейін төрт ғасыр бойы арабтардың отары (Тбилиси әмірлігі) болған. Аңыз-ертегілерге сенсек, Мтацминда тауына кезінде Прометей байланған екен. 

Тбилисиді көрем дегендерге қаланың көрікті жерлері тізілген мақала дайындадық. Жолға шығар алдында оқыңыз.

Тбилисиге барар бұрын біліп алуыңыз керек нәрселер

  1. 1

    1 лари қазір 182 теңге тұрады. Валюта бағамы уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Сондықтан лари қалай өзгергенін мына жерден қарап отырыңыз.

  2. 2

    Тбилисиде метромен жүрген ыңғайлы. Сондықтан арнайы Metromoney картасын сатып алыңыз. Құны — 2 лари. Кейін метро терминалынан немесе Грузия банкі терминалынан картаңызға жолақыны салып отырасыз. Бағасы — 1 лари. Картаны автобус, минибас пен арқанжолға міну үшін де, Батумиде де пайдалануға болады. Онда қоғамдық көліктер қалай жүретінін мына мақаладан оқыңыз.

  3. 3

    Тбилисиде такси арзан. Тәуелсіз такси бекеті де, белгілі «Яндекс» пен Bolt та бар. Бағалар Қазақстандағыдай. Такси әуежайдан қаланың тарихи орталығына дейін 25 лариге апарады. 

  4. 4

    Қалада GoTrip сервисі бар. Оның көмегімен таңдаған күнге трансфер алдыра аласыз. Қолданба Тбилисидің сыртына шығам дегендерге таптырмас құрал: баға кәдімгі таксидікіне қарағанда 40% төмен болады. 

  5. 5

    Қаланың ішінде көрікті жерлерге барғыңыз келсе, Hop On/Hop Off автобустарына мінсеңіз болады. Билет 20 еуро тұрады. Көлік күні бойы жүреді. Жолаушы кез келген автобустан түсіп, қайтадан келесісіне міне алады. Бұл Тбилисидің бар көрікті жерін аралауға мүмкіндік беретін арзан тәсіл. Автобус бағыты Ескі қаладан басталып, күкірт монша, көнетоз базары, Рике паркі мен танымал алаңдардың жанынан өтеді. 

  6. 6

    Тбилисиге туризм маусымы бәсеңдегенде, яғни қыркүйек ортасынан бастап маусым айының басына дейін барған абзал. Туризм маусымы басталғанда жалға берілетін пәтер бағасы 3-4 есе қымбат болады, ал көрікті орындарға кіру үшін кезекке тұруыңыз керек. 

  7. 7

    Тбилиси мейрамханалары хинкали сұрағанда, көбіне онын әкеліп береді. Мәзірде де солай жазылып тұрады. Сондықтан он хинкалиді көп көрсеңіз, даяшыға айтып, азырақ алсаңыз болады.

Аудандар

Қала екіге бөлінген: Ескі қала мен Жаңа қала. Екеуін Бейбітшілік көпірі қосып тұр. Қаланың бірнеше ауданы бар. Бұлар: 

  1. 1

    Грузияның колориті сол күйі сақталған, кірпіш төселген көшелері бар Ескі қала. Нарықала қамалы, Дарежан патшайымның сарайы, Сиони ғибадатханасы сол жерде орналасқан. 

  2. 2

    Алғашқы тбилисиліктер қоныстанған Метехи ауданы. 

  3. 3

    XIX және XX ғасырғы сәулет кереметі сақталған эклектикалық Сололаки.  

  4. 4

    Мейдани алаңын аралап немесе тізіліп тұрған бар-клубтарға баруға болатын Шарден көшесі. 

  5. 5

    Тау етегінде жатқан Мтацминда ауданы. 

  6. 6

    Шот Руставели даңғылы ауданы. Грузия парламенті, ұлттық музей, опера және балет театры, Ғылым академиясы орналасқан.

  7. 7

    XVII ғасырғы қалпына келтірілген үйлер толып тұрған Агмашенебели даңғылы. 

Тбилисидің көрікті жерлері

Нарықала бекінісі

Нарықала — Киелі Мтацминда тауында орналасқан ежелгі қамалдардың бірі. Қамал 1,5 мың жыл бұрын салынған. Басында арабтар оны қорғану үшін қолданған. Айтпақшы, атауы татар тілінен енген, кішкентай қамал дегенді білдіреді. Жергілікті тұрғындар оны «дэдацихе» деп атайды екен, грузинше қамал ана деген мағына береді. 

Қамалға кіру тегін. Оған жаяу да, аспажолмен де баруға болады. Жаяу барам дегендер Майдан алаңы мен Ботананика саябағы жақтан көтерілуі керек. 

Қамалдың баспалдақтары мен жолына асфальт төселмеген, сондықтан ыңғайлы аяқкиім киіп барыңыз.

Дарежан патшайымның сарайы

Грузия әміршілерінің бұрынғы ордасы болған сарай. Сачино деп те аталады жұрт арасында. Тбилисиге түріктер мен парсылар шапқанда салынған. Күйеуі көз жұмғаннан кейін Дарежан патшайым осы сарайда біраз уақыт тұрған, кейін Петербургке көшуге мәжбүр болған. Қамалды түріктер қалаға басып кіргенде қиратып кеткен.

Қазір ол жерде әйелдер монастыры орналасқан. Бірақ сарайды туристер тегін аралай алады.

Цминда Самеба ғибадатханасы

Цминда Самеба (Аса қасиетті үштік деп аударылады) — кафедралық собор. Базарлықтар мен фотокарталарда көп бейнелейтін көрікті жер.

Цминда Самебада тұрған Аса қасиетті Құдай ананың бейнесін кезінде Патиарх ІІ Илия салған. Ол жерде собордан басқа қоңыраухана, монастыр, рухани академия, кішкентай шіркеу бар.

Собор күн сайын таңғы тоғыздан кешкі сегізге дейін ашық.

Сиони ғибадатханасы

Сиони соборы Тбилисидің бас ғибадатханасы саналады. VII ғасырда салынған шіркеу. Онда атақты тарихи ескерткіш — Грузияға христиандықты таныстырған Киелі Ниноның кіресі орналасқан. Ғибадатхана салынғалы бері бірнеше рет тоналған, кейін қалпына келтірілген, тіпті кеңес үкіметі тұсында қиратыла жаздаған.

Собордың сыртын түрлі суретші безендірген. Сондықтан шіркеу әртүрлі стильді. Бір жері замануи, бір жері шіркеу стилінде салынған.

Ғибадатхана күн сайын таңғы тоғыздан кешкі беске дейін ашық.

Абанотубани

Күкірт монша (Абанотубани) — Тбилисидің танымал жерлерінің бірі. Аңызға сенсек, Вахтаң Горсагали патша осы жерден күкірт қайнар тапқаннан кейін сонда қалашық салам деп шешкен. Кейін оған Тбилиси деп ат қойған.

Абанотубани — сәулет ескерткіші әрі күкірт қайнарға түсіп демалатын жер. Несі ескерткіш десеңіз, жауабы қалай салынғанында. Монша шығыс стилінде салынған. Оның күмбезі мен мұнарасы бар.

Моншаның ішінде ортақ залдар мен бөлек залдар бар. Бір бөлменің құны — сағатына кемінде 50 лари.

Моншада суға түсіп қана қоймай, массаж, пилиң жасатуға болады, шарап та алуға болады.

Бостандық алаңы

Бостандық алаңы — ескі қала мен жаңа қаланы біріктіріп тұрған алаң. Оған екі ірі көше апарады: Руставели даңғылы, Пушкин көшесі. Алаңды биік алтын Киелі Георгий ескертікішінен тануға болады.

Бостандық алаңы — бұрын Грузияға маңызды бірнеше оқиға болған орын, мысалы, 2003 жылы Раушан революциясы болды. Сондықтан алаң Тбилиси мен Грузияның татулық пен тәуелсіздік символы.

Шардени көшесі

Мейдане, Нарықала мен Метехи шіркеуін қосып тұрған жаяу жүретін көше. Жер атақты Жана Шарденнің құрметіне аталған. Шарден — XVII ғасырда Грузияға сапар шегіп, елдің тау-тасын, жер-суын картаға түсірген адам.

Шардени көшесіне жолыңыз түссе, сурет көрмелеріне барыңыз, қолдан жасалған дүниелер сататын дүкендерден естелікке бір нәрсе алыңыз, сол жерде тізіліп тұрған дәмхана, мейрамханалардан кешкі ас ішіңіз. Кейін көшенің бойында көше музыкашыларының өнерін тамашалаңыз.

Солалакидегі сатылар

Сололаки Бостандық алаңы мен Мтацминда тауының арасындағы аудан. Дәл сол жерде елге танымал, жыл сайын мыңдаған турист баратын баспалдақтар бар.

Олардың мекенжайы:

  • Витражды калейдоскоп сатысы, Бетлеми, 3;
  • Шалимов үй, Асатиани, 13;
  • Хачатряна үйі, Ахоспирели, 3/7; 
  • Вартанов үй, Дадиани, 18;
  • «Хогуартс», Асатиани, 28;
  • Сейлановтар үйі, Табидзе, 18;
  • Қаламгерлер үйі, Мачабели, 13;
  • Калантров үйі, Мачабели, 17;
  • Бозарджянц үйі, Чонкадзе, 12.

Калейдоскоп сатысы

Тбилисидегі витраж терезелері танымал жекеменшік үй. Түрлі түсті терезелерді суретке түсіргіңіз келсе, күндіз барыңыз. Ерекше әдемі болады.

Үйдің бірінші қабатында базарлық дүкені мен Аджария хинкали мен атақты сүт лимонад сататын Lagidze water дәмханасына барыңыз.

Үй таңғы 11-ден кешкі сегізге дейін істейді.

Картли ана ескерткіші

Картли ана ескерткіші — Нарықала қамалының қасындағы үлкен ескерткіш. Монумент 1958 жылы қаланың туған күніне орай салынған.

Ескерткіш бірнеше рет өзгертілген. Басында ағаштан жасалды, кейін алюминий құйылған. Картли ана сол қолына шарап құйылған сәлем тостағанын, оң қолына жауға қарсы тұрар қылыш ұстап тұр.

Бейбітшілік көпірі

Бейбітшілік көпірі аз уақытта қаланың бас сәулет ескерткішінің біріне айналды. Шыны қанат сияқты көрінетін футурист көпір Мтквари өзенінің үстіне салынған. Қазір ескі қала мен жаңа қаланы қосып тұр. Көпірден тек жаяу және велосипед не скутермен өтуге болады.

Көпірдің қос жақтауына түнде жан-жағына жарық түссін деп 50 мың шам ілінген. Түнде көпір Менделеев кестесіндегі элементтердің бірін көрсетеді.

Авлабаридегі президент сарайы

Авлабаридегі президент ордасы — Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили салдырған сарай. Авлабари ауданындағы Рике паркінің қасында орналасқан.

2012 жылы Грузияның билігіне келген оппозиция сарайды қолданбаймыз деп шешті. Олардың ойынша, бұл үй — Саакашвилидің ыспаршылдығының белгісі. Қазіргі президент Соломе Зурабишвили ақсүйек бір грузин әулетінің сарайында тұрып жатыр. 

Авлабаридегі сарай үлкен әрі неоклассикалық стильде салынған. Оны жұрт АҚШ Конгресіне ұқсатып жатады, себебі екеуінде де күмбез бар.

«Грузия тарихы» мемориалы

Мемориалды жұрт грузин Стоунхенжі деп те атайды екен. 16 тас бағанада Грузияның тарихы мен онда із қалдырған тұлғалар бейнеленген. Олардың әрбірі мағынасына қарай бөлінген: бірінші бөлігі христиандық дініне, екінші бөлігі тарихи тұлғаларға арналған, мысалы, көсемдер мен жазушыларға, үшінші бөлігінде грузиннің күнделікті тұрмысын бейнеленген.

Мемориалды көру тегін. Ол жаққа кешке барғаныңыз жөн, себебі сол уақытта ескерткіштің жарығы жағылады. Таудың шетінде тұрған ескерткіш одан да әдемі бола түседі.

Легвтахеви сарқырамасы

Тбилисидің қақ ортасындағы шатқал. Грузин тілінен аударғанда Легвтахеви інжір дегенді білдіреді. Өйткені шатқалда інжір тоғайы бар. Ағаштар екі ғасыр бұрын сарқыраманың орнына өсіп шыққан. Сарқырамаға бару тегін.

Шатқалға апарар жолда некелескен ғашықтар кілт байлап қоятын кішкентай тас көпір бар. Жаяу жүріп қыдырғаннан кейін жақын жердегі «Легви» дәмханасынан тамақтанып, ыстық грузин шарабын ішіп көрсеңіз болады. Дәмхананың ар жағында ағаш көпір бар, содан өтіп сарқырамаға барыңыз.

Баруға тұрарлық мәдени жерлер

Тбилиси Резо Габриадзе атындағы қуыршақ театры 

🌐: gabriadze.com

Театрды Резо Габриадзе 1981 жылы құрған. Қала тұрғындары мен туристерге ерекше сағат мұнарасымен танымал. Театрдың қабырғасында театрдың девизі жазылған: «Жыласақ, пияз турағанда ғана жылайық».

Қойылымдар кестесін театрдың ресми сайтынан қарай аласыз. Олар көбіне грузин және орыс тілдерінде көрсетіледі. Билет бағасы 10 лариден басталады.

 Тбилиси филармониясы

Филармония қазір Тбилиси концерт залы деп аталады. 1905 жылы ашылған, концерт залына 2,5 мың адам сыяды.

Кейде онда ұлттық би билейтін Сухишвили ұлттық балеті, «Рамишвили», «Рустави», «Эрисиони» және «Бассиани» топтары өнер көрсетеді.

Билет бағасы қойылымға байланысты, кемі 15 лари тұрады.

Этнография музейі

Тбилиси этнография музейінде Грузияның тарихын өз көзіңізбен көре аласыз. Дәстүрге сай салынған үйлер, қамалдар, әр кезеңнің тұрмыс құралдары жиылған. Музей Ваке саябағында орналасқан.

Онда үйшіктер мен қамалдардан басқа грузин ыдысын, әшекей бұйымы мен тұрмысқа арналған керек-жарағы бар.

Музейге кіру ақылы, 5 лари тұрады, гид жалдайтын болсаңыз тағы 10 лари төлейсіз. Үй бір күн ғана — дүйсенбіде жабық болады. 

Грузияның ұлттық музейі

Грузия ұлттық музейіне бір кірсеңіз, ертесі күні шығасыз. Мұражайда б.з.д ІІ ғасырғы Грузияның өмірін көрсететін ежелгі жәдігерлер сақталған: ежелгі Колхидадан қалған әшекей бұйымдар, кеңес суретшілері салған суреттер, түрлі халықтың қолөнер өнімдері.

Музейде эксурсияға да, грузин қолөнерін үйрететін мастер кластарға қатысуға болады.

Мұражай дүйсенбі күндерінен басқа күндері ашық тұрады, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін істейді. Кіру ақылы: ересек адам 15 лари, балалар 7,5 лари төлейді. Экскурсия ақысын бөлеу төлеу қажет.

Тбилиси тарихы музейі

Тбилиси тарихы музейі Арцуни керуен сарайының бұрынғы үш қабатты ғимаратында орналасқан. Ертеректе жолшылар сол үйге барып тоқтайтын болған.

Мұражайда өзге тарихи музейдегілердей классикалық жәдігерлер сақталған: түрлі заманнан қалған грузин үйлері, киім-кешек, өзге бұйымдар. Туристерге жас грузин суретшілерінің суреті ілінген, грузиннің атақты тұлғаларына арналған көрмелер қызық болуы мүмкін.

Музей дүйсенбі күні жабық болады.

Тбилисидің табиғаты

Ботаника бағы

Тбилиси ботаника бағы жай бір дендарий емес. Орманы, сарқырамасы мен өзені бар, түрлі гүл өсетін жер. Мысалы, онда Кавказ інжірі, бамбук, шырша мен цитрус ағаштары бар. 

Баққа кіру үшін ақы төлеуіңіз керек. Парк басқа мәдени жерлер сияқты дүйсенбіде істемейді.

Еуропа алаңы

Рике бағының оңтүстік жағында орналасқан алаң. Алаңнан қаланың барлық танымал көрікті жері көрініп тұрады: Абанотубани күкірт моншасы, Бейбітшілік көпірі, Метехи ғибадатхаансы, Дарежан сарайы. Ол жақтан аспажолмен Нарықала қамалына көтерілуге болады. 

Рике паркі

Рике 2010 жылы Саакашвилидің жобасына сай салынған.

Мұнда балаларға арналған алаң, лабиринт, жүгіретіндерге, велосипед айдайтындарға арналған жол, даладағы сахна мен Мәдениет орталығы, кешке әуен ойнайтын субұрқақ бар. Жыл сайын дәл осы саябақта жұрт Тәуелсіздік күнін тойлайды.

Рикеден Нарықалаға аспажолмен баруға болады. Құнын Metromoney картасымен төлесеңіз, 2,5 лари төлейсіз. Аспажол 11:00-ден 23:00-ге дейін істейді.

Ваке саябағы мен Тасбақа көлі

Ваке паркі
Тасбақа көлі

Ваке паркі туристер арасында көп танымал емес. Бірақ танылғаны жақсы еді. Себебі онда Жеңіс мемориалы, Этнография музейі мен өзге де ескерткішітер бар. Бірақ парктің ең басты көркі олар емес, Тасбақа көлі.

Оған сіз аспажолмен бара аласыз. Оның кабинасы Рике паркіндегі аспажолдағыдай үлкен емес: көп болса 10 адам сыяды. Бару жолақысы 1 лари.

Көлдің жағасында бұрын көп тасбақа мекендейтін, қазір жоқтың қасы. Ол жақта да қалаға қарауға болатын алаң мен жаяу жүретіндерге арналған жол, балалар алаңы бар.

Мтацминда тауы

Мтацминда тау ғана емес, Мтацминда тауы орналасқан үлкен аудан. Таудың биіктігі — 740 метр. Оның аумағында Мтацминда ойын-сауық паркі бар.

Таудан жаяу түссеңіз, орта жолда Александр Грибоедов жатқан Жазушылар пантеонына соға кетіңіз. Айтпақшы, Мтацминда тауы мен қаланың ара қашытықтығы — 2 шақырым.

Тауға, әрине, фуникулермен жетіп алуға болады. Екі фуникулер бар, әрқайсына 60 адам сыяды. Вагон адам толғанда ғана жүреді. Үш бекетте ғана аялдайды. Ең төменгісінде Мтацминда паркінің картасы сатылады. Фуникулер таңғы 9-дан түнгі 11-ге дейін істейді.

 Тбилиси тамағы

Көптеген саяхатшы Тбилисиде өздеріне гастрономиялық тур ұйымдастырады. Грузин асүйі енді түрлі тамақ пен тарихқа толы ғой. Жеген де арманда, жемеген де арманда.

Тбилисидің қай жерінде дәмі тіл үйірер хинкали, тәп-тәтті шарап пен грузин ірімшігі қосылған хачапури сатылады екен? Көрейік.

Грузин фастфуды

Жиһанкездердің пікіріне сенсек, Тбилисиге барған әр адам Глдани шауырмасын жеп көруі керек. Мұнда шауырманың түр-түрі сатылады. 

Қазір шауырманы аяқтай барып алудың керек, жеткізу қызметіне алдырсаңыз болады. Шауырма бағасы 5 лариден басталады. Айтпақшы, көлемі үлкен болғасын екі адамға бір шауырма алған жөн. 

📍: Васадзе, 28

Абанотубанидегі шибөрекхана — көше тағамдарын сататын тағы бір орын. Дәмхана Абанотубанидің жанында ашылғандықтан, Абанотубанидегі шибөрекхана деп аталып кеткен. 

Қазір онда 10 түрлі кавказ шибөрегі, қыш табаққа салынған үрмебұршақ, хачапури мен қолдан жасалған грузин шарабы сатылады. 

📍: Пекини көшесі, 36.

ERTI KAVA coffee room Тбилисидің ең дәмді кофесін сататын жер саналады. Көбіне еуропалық тағамдар сатылады: түрлі салма салынған жұмсақ тоқаш (бейгіл), сырниктер, авокадо тост, тағы басқасы. Дәмханада кешке музыкашылар өнер көрсетеді. 

📍: М.Лагидзе көшесі, 8.

Lagidze Water Калейдоскоп сатысының қасында орналасқан. Онда Грузияға танымал Лагидзе сусыны сатылады. Оның бірнеше түрі бар: шоколад, сүт, тархун, лимон және жүзім. Оның қасына хачапури мен ащы лобиани алсаңыз болады. 

📍: Агмашенебели көшесі, 51

Грузин асүйі

Ketsi-де Шығыс Грузияның тарихи аймағы — Катехияның дәстүрлі тағамдары сатылады. Бұлар – кәуап, ет бәліш, савици (тауық қосылған ас), чкмерули (сарымсақ тұздығына малынған тауық еті). Аспаздар тамақтарды грузин пешіне пісіреді. Әр тағамның қасына қолдан жасалған шарап алдыра аласыз.

Туристер мейрамхананың иесінің қонақжайлығын, тұтынушыларға қызмет етуге асық болатынын жиі айтып, мақтап жатады. Орташа шот 17 лариден басталады.

📍: Лорткифанидзе көшесі, 9.

Shavi Lomi («қара арыстан») — ескі үй сияқты боп көрінетін мейрамхана. Қабырғасында кілем ілініп тұрады, алауошақ ешқашан сөнбейді, ал бір бұрышта сирек кезігетін заттар жиналып тұрады. Анар ағаштары өсіп тұрған кіреберіс — бөлек әңгіме. 

Мейрамханада әдеттідей кәуап, аджапсандал (грузин көкөніс рагуы), гебжалия, лобио мен өздері жасайтын сыра.

📍: Квливидзе көшесі, 28.

Culinarium Khasheria — хаш, дәстүрлі кавказ сорпалары бар мейрамхана. Бір қызығы, онда хинкали мен хачапури сатылмайды. Туристер бұл жердің хашы, чкмерули, чихиртмасы мен жаңа піскен наны дәмді болады дейді. Дәстүрге сай дайындалға хаштың бағасы 13 лариден басталады. 

📍: Абано көшесі, 23.

Тбилиси базарлары мен дүкендері

Құрғақ көпір базары

Тбилисидің көнетоз сататын ең үлкен базары. Онда антиквариат, күйтабақ, ескі күміс, жиһаз, киім-кешек керек пе, жас суретшілердің суреті, кітап, ойыншықтар мен қолдан жасалған кілем керек пе, бәрі бар.

Базар күнде ашық, бірақ сатушылардың көбі аптасына екі күн қана жұмысқа шығады екен: сенбі және жексенбі күндері, сегізден беске дейін.

Шарап сататын жерлер

Грузия дегенде, әуелі есімізге шарап түседі. Грузияда қолдан жасалған шарап барлық дерлік мейрамханада сатылады. 

Шараптың түрі-түрін Чугурети ауданында, Цинамдзгвришвили көшесіндегі 39-үйде «Шарап галереясынан» табасыздар. Ол үйде Сванетия тұзы мен ерекше ірімшіктер де сатылады.  

Шарапты Vino Underground дүкенінен де алуға болады. Мекенжайы: Табидзе көшесі, 15. Дүкендегілер шарап жасау үшін жүзімді қоспасыз ашытады. 

Vinotheca дүкенінде шарап та, чача да сатылады. Тіпті чачадан дәм татуға болады. Дүкен түнгі екіге дейін істейді. Мекенжайы — Котэ Абхази, 31

Эко шарап іздесеңіз, G.Vino дүкеніне барыңыз. Ішінде түрлі шарап пен чачадан дәм татыратын бар бар. Мекенжайы — Ираклий ІІ, 2.

Грузин жеңсік асын сататын жерлер

Қашқындар базарынан чурчхела, ірімшік пен базарлықтар сатып аласыз. Мекенжайы — Абастунами, 5. 

Georgian Kalata-да ірімішіктің алуан-алуан түрі бар: ешкі ірімшігі, қатты ірімшік, ірімшік шарлар. Тұрған жері: Абхази, 33. 

Khurdjini-де түрлі грузин дәмдеуіштері мен тұздалған көкіністер сатылады. Аджика мен анар тоспасын табуға болады. Дүкен Абхази, 27-үйде орналасқан. 

Грузин әшекейлері мен базарлықтарын сататын жерлер

Зергер бұйымдарын мына жерлерден таба аласыз:

Шарден ауданындағы Pokany дүкені. Мекенжайы: Бамбис Риги, 7.

«Галерея, 27» дүкені, Сиони көшесі, 8.

Мейдани алаңындағы базарда туристерге арналған кәдесыйлар сатады: магнит, киіп-кешек, карта, кепке, т.б.

Тбилисидің маңы

Тбилисидің маңында тау, өзен, ғибадатхана мен сарқырамалар бар. Бір күніңізді арнап, елсіз табиғатты тамашалап көріңіз.

Мцхета — Грузияның бұрынғы астанасы, Тбилисиден 20 шақырым алыс жатыр. Ол жаққа автобустар да, такси де бара алады. Мцхетаны халық екінші Иерусалим дейді. Себебі онда шіркеу мен монастыр жетіп артылады. Ең танымалы — Жвари. 

Уплисцихе — 3000 жыл бұрын адамдар мекен еткен үңгілер. Барғанда гид жалдағаныңыз жөн, себебі үңгірден үңгірге өту қиын. 

Кахетия — Грузияның көне жағы. Тбилисидің шығысында жатыр. Кахетиянға тамағы мен шарап зауыттары үшін бару керек. Ол қызық емес десеңіз, Сигнахи махаббат мекені мен киелі Нино бұлағына барсаңыз болады. 

Боржоми — көбіне белгілі курорт, «Боржоми» деген су шығатын жер. 

Тбилисиге мына нәрсе үшін бару керек

4

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

,

Сізге қызық болып қалар:

Ыстамбұлда қайда барсаңыз болады және неге дайын болуыңыз керек
04.03.2022

Ыстамбұлда қайда барсаңыз болады және неге дайын болуыңыз керек

Путеводитель по стране плова, добрых людей и восточных сказок
30.03.2022

Путеводитель по стране плова, добрых людей и восточных сказок

Где можно работать удаленно, какую купить мобильную связь и о чем стоит знать заранее

Где можно работать удаленно, какую купить мобильную связь и о чем стоит знать заранее

Осы айдардан:

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат
15.07.2022

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы
14.07.2022

Олардың жұмыс уақыты мен билет бағасы