Валенсияның 25 көрікті жері
Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен
Валенсия — Испанияның үшінші үлкен қаласы, көне мұнаралар мен тым заманауи музейлер, шулы базарлар мен көк бақтар үйлескен шаһары. Валенсияны аралаған ғасырдан ғасырға сапар шеккенге тең шығар. Осы қалаға жолы түскендерге арнап қаланың 25 көрікті жерін тізіп бердік. Оқи отырыңыздар!
Валенcияда көретін және баратын жерлер
Өнер және ғылым қаласы





Валенсияның ең бас көрікті жері — Өнер және ғылым қаласы. Бұл алып ғимараттың алты бірегей бөлігі бар. Музей Турияның құрғатылған сағасы тұрған жерге салынған.
- L’Hemisfèric — дәу көзге ұқсап салынған ғимарат. Оның ішінде IMAX кинотеатры, планетарий мен лазер театр бар. Оның судағы бейнесі дәу көзге ұқсайтындықтан туристердің көбі сол жерге барып суретке түседі.
- Фелипе ханзада атындағы ғылым музейі (Museu de les Ciències Príncipe Felipe) — интерактив ғылым музейі. Онда барсаңыз, түрлі тәжірибиелер мен көрмелерден ғылымның қыр-сырын көресіз.
- София патшайымның өнер сарайы (Palau de les Arts Reina Sofía) — опера театры, дыбыс жүйесі мен сәулеті танымал әрі кемеге ұқсас концерт залы.
- L’Umbracle — бағы, мүсіндері мен шолу алаңдары бар ашық аспан астындағы ландшафты галерея.
- L’Oceanogràfic — Еуропадағы ең үлкен океанариум, төменде ол туралы толық ақпарат айтып береміз.
- Àgora — көрме, концерт пен спорт іс-шарасы өтетін көпсалалы кеңістік.
Кеңістіктердің тек біреуін аралағыңыз келсе, 8,90 еуро төлесеңіз жеткілікті, ал бүкіл кешенді аралаймын десеңіз, 40,30 еуро төлейсіз. Билетін мына ресми сайттан ала аласыз.
Валенсия океанариумы




L’Oceanogràfic — Еуропадағы ең ірі океанариум. Оның ауданы — 110 мың шаршы метр. Ішінде 500 түрлі 45 мың балық пен теңіз жәндігі бар. Паркте бірнеше ойын-сауық аймағы орналасқан: Жерорта теңізі, Поляр өңірлер (Арктика мен Антарктика), Тропик теңіздер мен Қызыл теңіз, Маңғыр (Мангр) тоғайы мен батпағы.
Онда жолыңыз түссе, міндетті түрде суасты түнелге (туннель) барып, балықтарды жан-жағыңызға қарап қызықтаңыз. Дельфиндер шоуы өтетін дельфинариумға да соға кетіңіз.
Кіру құны балаларға 28 еуродан, ал ересектерге 38 еуродан басталады. Билетін мына ресми сайттан алсаңыз болады.
Мәриям әулие кафедралы соборы




Бұл жер жұртқа көбіне-көп Валенсия соборы (Catedral de Santa María de Valencia) деп танылған. Ескі қаланың қақ ортасында тұрған Пласа-де-ла-Рейна алаңында орналасқан.
Валенсияның кафедралы соборы бірнеше ғасыр бойы салынған. Құрылыс XIII ғасырда Реконкистадан кейін басталған. Бұрын ол жерде араб мешіті орналасқан екен. Кейінгі ғасырлар шіркеу сол заманға сай салына берген: басында готика стилінде салынған, кейін ренессанс капелласының элементтері, ал одан кейін барокко элементтері қосылды, ал қасбеті неоклассика стилінде безендірілді.
Шіркеудің ең көрікті жері — қасиетті тостаған. Оны біреулер Иса пайғамбар Соңғы кешкі аста ішкен Қасиетті тостаған дейді. Ол шіркеудің бөлек бөлігіне қойылған. Оны көруге жыл сайын мыңдаған турист барады екен.
Валенсияның белгісіне айналған Микалет қоңырауханасына да көтерілсеңіз болады. Бұл сегізбұрыш мұнараның төбесіне шықсаңыз, қаланың тарихи алаңын қызықтай аласыз. Шіркеудің іші-сыртында түрлі ерекше фрескалар салынып, витраждар қойылған. Шіркеудің ішінде шіркеу өнеріне қатысты үлкен коллекция қойылған кішігірім музей орналасқан.
Кіру құны — 8 еуро, балалар мен зейнеткерлерге 5,5 еуро.
Жібек биржасы



Еуропадағы готика стилінде салынған маңызды үйлердің бірі, тіпті ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралары тізіміне кірген. XV ғасырда салынған бұл ғимарат — Валенсияның экономикасы мен саудасы Алтын ғасырда дамығанының белгісі.
Орталық базарға қарама-қарсы тұрғандықтан биржа жібек саудасының орталығы болған, Жібек биржасы деп аталғаны да содан. Сауда залы деген негізгі залына төбеге жетіп тұрған биік бағаналар қойылған. Бұл залда кезінде түрлі келісімшартқа қол қойылған, ал оның архитектурасы саудада шыншылдық пен уәде басым болуы керек екенін меңзейді. Кіреберісте де саудада шыншыл болу керегі туралы жазу жазылған.
Биржаның ішкі алаңында бұрын апельсин бағы болған, ал үйдің ішінде сауда орындары ғана емес, арам саудагерлерге арналған кішігірім түрме болған. Кіру құны — 2 еуро.
Орталық базар



Валенсияның бұл көрікті жері Ескі қалада, Жібек биржасына қарама-қарсы тұр. Ол — Еуропаның ірі жабық базарларының бірі. Ғимарат ХХ ғасырдың басында модерн стилінде салынған: терезелері витражды, ал күмбезі металдан жасалған. Бірақ оның бас көркі — қасбеті емес, ішіндегі атмосферасы.
Ондағы 1 200 сауда орны сізге керектің бәрін сатады: жаңа ауланған теңіз өнімдері, иісі мұрын жарар жаңа піскен жеміс-жидек, ірімшік, хамон, нан. Базар өңірдің аутентикалы тамақтарын жеп көретін, сатушылармен тілдесіп, қаланың сырын ұғатын жер.
Туристер бұл базарға бірдеме алам деп қана емес, қызық көру үшін де барады: сондағы кішігірім дәмханалардан тапас жегісі келгесін, сатушының балық аршығанын көргісі келгесін я түрлі-түсті сөрелерге қарағысы келгесін барады.
Серранос қақпасы (Торрес де Серранос)



Валенсияның ескі жағына тамсана қарауға мүмкіндік беретін Серранос қақпасын да көре кетіңіз.
Бұл қақпа — Валенсияның ең атақты жерлерінің бірі әрі ортағасыр тарихының маңызды бөлігі. Қос мұнара XIV ғасырда готика стилінде салынып, жұртқа қамал ретінде пайдасы тиген. Аты тауға баратын жолдың құрметіне serranía деп қойылған.
Айтпақшы, қақпа қамал ғана емес, Валенсияның күшінің белгісі болған: патша барса, қалаға әуелі сол қақпадан кірген. Ол XVIII–XIX ғасырда ақсүйек тұтқындарға түрме болған, бірақ XX ғасырда адам кіруге рұқсат етілді.
Қазір мұнараға шығуға болады. Оған көтеріліп, қаланы, Турия өзенін, соның қасындағы баққа қарауға болады. Серранос қақпасына кешке барған жақсы: бұл мезгілде мұнараның астынан жағылатын жарығы тас қамалдың ұлылығын айқындай түседі. Кіру құны — 2 еуро.
Қуарт (Куарт) қақпасы


Валенсияның ортағасырдан қалған әрі қаланың тарихынан сыр шертер қамалдарының бірі. XV ғасырда кейінгі готика стилінде салынған Қуарт мұнарасы басында қаланың батысын қорғаған қамал болған. Оның алып қабырғасы мен тіс-тіс төбесі кез келген қауіпке тойтарыс беретін мықты қамалға ұқсайды. Мұнараның қабырғасынан Испан мұрасына талас соғыс пен Наполеон соғысынан бері қалған зеңбірек оғының іздерін көруге болады.
Серранос қақпасы көбіне сән-салтанат есігі болса, Қуарт қақпасы көбіне қорғаушы қақпа болған. Уақыт өте келе түрме ретінде, әсіресе әйелдер түрмесі ретінде қолданыла бастаған. Қазір Torres de Quart қақпасына кез келген турист бара алады: төбесіне шығып, ескі қаланы басқа бір нүктеден тамашалауға болады. Кіру 2 еуро тұрады.
Валенсияның ботаника бағы





Испаниядағы көне ботаника бақтарының бірі. Оны XVI ғасырда Валенсия университеті дәрі қасиеті бар шөп-шаламды зерттеу үшін ашқан. Кейін XVIII ғасырда бұрын монастыр бағы болған жерге көшірілген.
Қазір онда 4 500 өсімдік түрі өседі екен: пальма аллеясы да, кактус алаңы да, тропик ағаштары мен Жерорта бұталары да. Бақ құрып кеткелі тұрған өсімдіктерді сақтап қалуға және зерттеу жұмыстарына аса көңіл бөледі.
Бақ қаланың кез келген уақытта, әсіресе күн ыстықта тығылар панасы болып отыр: оның соқпақ жолы, субұрқақтары мен террассалары қыдырарға, демаларға және медитация жасарға керемет жер. Валенсияның у-шу орталығының қасында бұл бақ тыныштықтың отаны дермісіз. Кіру құны 2,5 еуро.
Мэрия алаңы



Мэрия алаңы — Валенсияның орталық әрі бетке ұстар алаңдарының бірі. Айналасы толған модерн және эклектика стилінде салынған ғимарат. Арасында биік мұнаралы Қала кеңесінің ғимараты, әдемі күмбезді Орталық пошта бар. Алаңның қақ ортасында үлкен гүлзар мен кешке түрлі жарықтың әсерінен әрлене түсетін субұрқақ тұр.
Бұл алаң — қаланың ең маңызды деген іс-шаралары өтетін жер. Онда фестивальдар, шеру, митинг, Фалиас (Фальяс) мерекесіне орай атылатын отшашу өтеді. Сондықтан бұл жерге наурызда Las Fallas мерекесі күндері барғаныңыз жөн. Алаңда іс-шара өтпесе де өмір қайнап тұрады: туристер мен финансистердің жері болғандықтан дүкен, дәмхана, мейрамханалар тынбай істеп тұрады.
Патшайым алаңы


Валенсияның Кафедралы соборының етегіндегі сүйкімді алаң. Бұл жерде бірнеше дәуір түйіскен дермісің. Себебі бір жағының қасбеті — алып готика мен барокко, ал басқа жағы — дәмхана террасалары мен заманауи дүкендер. Неге патшайым алаңы десеңіз, оған ІІ Изабелла патшайымның аты берілген.
Жылдар бойы бұл жер ескі қаланың жаяу қыдыратын жері саналып келді. Онда Микалет қоңырауханасына баратын Мигелиета көшесі, орталық базарлар мен тарихи аудандарға баратын көшелер басталады. Патшайым алаңы пәелия (паэлья) жейтін я Валенсия шарабын ішетін жайлы мейрамханаларға толы. Алаңның қақ ортасында пальма және басқа гүлдер егілген гүлзарлар, отыратын көлеңкелі орындықтар қойылған.
Дос Агуас маркиз сарайы



Қаланың рококо стилінде салынған салтанат сарайлардың бірі. Басында сарай Рабас ақсүйек әулетіне тиесілі болған. Кейін олар Дос Агуас маркизі болады. Сарай ХІХ ғасырға дейін солардікі болған. 1941 жылы Испанияның білім және ғылым министрлігіне өткен. Мемлекеттің қарамағына өткеннен соң ақ мәрмәр мен гипс қолданып жөндеуден өткен, кейін жұртқа ашылған.
Сарайдың ең танымал жері — Ігнасио (Игнасио) Верду деген мүсінші жасаған мүсін. Онда маркиз әулетінің атына түрткі болған «екі су» бейнеленген.
Қазір сарайда Гонсалез Марти атындағы Ұлттық керамика музейі орналасқан. Осы мұражайға жолыңыз түссе, ыдыс-аяқ, фаянс, фарфор, тұрмыс заттары мен жиһаз, арбалар мен барокко заманынан қалған түрлі заттарды көре аласыз. Сарайдың әр залында бұрынғы дәуірдің ақсүйектерінің өмірінің иісі шығып тұрады. Кіру құны — 3 еуро, ал 18-ге толмағандар тегін кіреді.
Пласа де Торос (коррида аренасы)



Солтүстік теміржол вокзалына жақын жатқан және Рим амфитеатрына ұқсайтын монументал коррида алаңы. ХІХ ғасырдың ортасында неомавритан стильде салынған аренаға 12 мыңға жуық көрермен сыяды, сондықтан Испаниядағы ең ірі корридалардың бірі отыр.
Пласа де Тороста концерттер, фестивальдар, театр қойылымдары мен тіпті спорт іс-шаралары өтеді. Корридада экскурсиялар да өтеді. Жолыңыз түссе, ішіндегі мұражайына барып, тореадор костюмдері, плакаттар, фотосуреттер мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді баяндайтын басқа да жәдігерлерді көріп қайтыңыз. Қазіргі қоғамдағы коррида төңірегіндегі пікірталастарға қарамастан арена Валенсия тарихы мен мәдениетінінің маңызды элементі болып қала береді. Ол — испан құштарлығы, рәсімдері мен сәулет өнерінің дәлелі.
Валенсияның көркем өнер мұражайы




Бұл жер XVII ғасырға жататын бұрынғы V Әулие Пий семинариясының ғимаратында орналасқан. Cурет өнері мұражайында ХІV–ХХ ғасыр аралығын қамтитын екі мыңнан астам кескіндеме, мүсін мен графика туындысы сақталған. Онда Валенсия мектебінің шеберлеріне ерекше көңіл бөлінгені көрініп тұр. Күн сәулесіне малынған суреттері Жерорта теңізі жарығының символына айналған әйгілі суретші-импрессионист Хоакин Соролдың туындыларын көріңіз деп кеңес бермекпіз.
Әл Греко, Веласкес, Мүрилио, Гойи мен басқа да ұлы испан шеберлерінің туындыларының топтамаларын көріңіз. Күн жарығына толы мұражайдың кең залдарында өнер атмосферасына ену үшін тамаша жағдай жасалған. Ал шаршасаңыздар, апельсин ағаштары өскен ішкі аулада серуендеңіз.
Мұражай тұрақты түрде уақытша көрмелер, білім беру бағдарламалары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Айтпақшы, бұл жердің аумағына кіру тегін.
Әлбүфер (Альбуфер) табиғи саябағы




Қаладан небәрі 10 шақырым қашық жатқан адам қолы жетпеген бұл тағибат бұрышы — тыныштық пен сұлулық оазисі. Ол жерге тұрғындар мен туристер тыныштық табу үшін, күн батқанын тамашалап, дәмді пәелия жеу үшін барады. Әлбүфер саябағы үлкен тұщы көлдің айналасына салынған. Аумағында күріш алқаптары, қарағай тоғайлары және құм төбелері бар. Ол Жерорта теңізінен жіңішке жер жолағы арқылы бөлінген.
Бұл парк Валенсияның экологиясына аса маңызды: мұнда құстардың жүздеген түрі (көкқұтан, қоқиқаз, үйрек, тағы басқасы) мекендейді, ал көлдің өзі — миграция жолдарының маңызды бөлігі.
Жұрт Әлбүфераны күн батарда қайық мініп аралағанды жақсы көреді. Күн жарығының арқасында көлдің түсі алтын-қызғылтқа айналып, жаныңыз табиғатпен тілдескендей болады.
Саябақтың аумағында орналасқан Әл-Пәлмар ауылында үстеліңізден бірнеше метр қашық жерде өсірілген күріштен піскен валенсиялық пәелиядан дәм татуға болады.
Мәриям әулие алаңы


Бұл — Валенсияның ең ежелгі әрі атмосфералы алаңдарының бірі, қаланың өткені мен қазірі тоғысқан ескі қаланың жүрегі. Алаң Ежелгі Рим форумының орнында орналасқан, оны үш маңызды ғимарат қоршап тұр: Валенсия кафедралы соборы, Қорғаушы Құдай анасының базиликасы және автономиялы қауымдастықтың үкіметі. Алаңның ортасына Түрия субұрқағы орнатылған.
Алаңның ең қастерлі бөлігі — қала қамқоршысының мүсіні мұқият сақталған базилика. Дәл осы жерден мамыр сайын өтетін Фалиас фестивалінің әйгілі «Гүл ұсынушы» шеруі басталады. Онда ұлттық киім киген мыңдаған адам гүл шоғын көтеріп, Бикешке үлкен гүл жамылғысын жасайды. Күндіз алаң шу мен қарбалас мекеніне айналады: туристер үйлердің қасбеттерін суретке түсіріп жатса, көше музыканттары фламенко тартады, ал жергілікті тұрғындар тарихқа куә болған я болып жатқан кафелердің бірінде кофе ішу үшін жүздеседі. Ал кешкісін ол готика мен барокко фонарлардың әлсіз жарығы түскен романтикалы және театр кеңістігіне айналады.
Мигелете мұнарасы


Мигелете мұнарасы немесе Микалет — Валенсияның басты нышандарының бірі. Кафедралы шіркеудің бұл сегіз қырлы готикалық қоңырау мұнарасы XIV–XV ғасырлар аралығында салынып, Әулие Михайыл күні орнатылған Мигел қоңырауының құрметіне аталған.
Мұнараның биіктігі — 51 метр, ал көру алаңына жету үшін 207 шиыршықты баспалдақтан көтерілу керек. Кіру бағасы — 2 еуро.
Осы жерден Валенсияның көркін тамашалауға болады: қыш шатырлар, күмбездер, тар көшелер мен тіпті таулар көрінеді. Мұнара әктастан қаланған, оның пішіні геометриялық әрі қарапайым. Ғасырлар бойы Мигелете қоңырау мұнарасы ретінде ғана емес, күзет мұнарасы ретінде де қызмет етті, ал қазір ол туристер, фотографтар мен қаланы биіктен көргісі келетіндердің бәрін тартып тұратын орынға айналған.
Валенсия әкімдігі



Қаланың дәл ортасындағы Валенсия деген алаңда орналасқан әкімшілік ғимараты. Қазіргі мэрия үйі XX ғасырдың басында көне оқу орны мен неоклассикалық стильде салынған корпус біріккеннің арқасында пайда болған. Оның бағаналы, мүсінді және орталық сағат мұнарасы бар қасбеті айбарлы көрінеді, әсіресе мемлекет мерекесі кезінде балкондарға ту тігіліп, кіреберіске оркестр мен шенеуніктер сап түзеп тұрғанда айбыны асқақтай түседі.
Осы жерге барамын десеңіз, оның ішкі дизайнына: мәрмәр баспалдақ, айналы залдар мен витраждарға назар аударыңыз, Валенсия тарихына арналған жәдігерлер, суреттері мен тарихи құжаттары сақталған мұражайға кіріп шығыңыз. Дәл осы ратушаның балконынан жыл сайын Фалиас мерекесінің аясында алаңға ондаған мың көрермен жинайтын атақты «масклета» — күндізгі отшашу басталады.
«Месталия» стадионы



Бұл стадион — 1923 жылдан бастап аты аңызға айналған «Валенсия» футбол клубының матчтары өтетін Испанияның ең танымал стадиондарының бірі. Месталияға 49 мыңға жуық көрермен сыяды. Бұл спорт кешені Испаниядағы ең шулы стадиондардың бірі саналады.
Жүз жылға жуық жалғасқан тарихы бар бұл стадионда әлем чемпионаттары, УЕФА кубогы мен Чемпиондар лигасының ойындары, сондай-ақ есте қаларлық дербилер мен футбол аңыздарымен қимай қоштасу салтанаттары өтті. Стадион қала пейзажының мен халқының эмоциялы кодының ажырамас бөлігіне айналды. Месталияға матч көруге бармасаңыз да, экскурсия аясында барып, ойыншылар киім ауыстыратын бөлмелерін, ойыншылар түнелі, баспасөз аймағы мен алаңын көрсеңіз болады.
Солтүстік вокзал


Валенсияның бұл көрікті жері қаланың қақ ортасында, коррида аренасының жанында орналасқан. Вокзал 1917 жылы ашылған, содан бері өңірдің маңызды теміржол бекеті болып келе жатыр. Оның қасбетіне өрнектер, керамика паннолар мен жергілікті табиғат пен мәдениеттің нышандары — апельсин, гүл мен пальма бейнеленген валенсиялық стильдегі элементтер салынған. Іші сыртынан кем түспейді: оған боялған төбесі, витраждар, оюланған ағаш кассалар мен сәнді сағаттары қойылған.
Көптеген тілде жазылған «Қош келдіңіз» деген жазу негізгі кіреберіс залға ерекше көрік береді екен. Солтүстік вокзал тарихи маңызына қарамастан күн сайын қала маңына қатынайтын, аймақтық және жүрдек пойыздарға қызмет көрсететін толыққанды бекет болып отыр. Валенсиямен танысуды осы жерден бастаған абзал-ау.
Қаталина әулие шіркеуі


Валенсияның ең көне әрі ең әдемі шіркеулерінің бірі, Пайтшайым алаңының жанындағы көркем ауданда орналасқан. Бұл шіркеу тұрған жерде XIII ғасырға дейін мешіт тұрған. Христиан шіркеуі салынғаннан кейін бірнеше мәрте қайта салынған. Соның арқасында қазір готика, барокко мен ренессанстың үйлесімі болып отыр.
Шіркеудің ең танымал бөлігі — XVIII ғасырда салынған, ескі қаланың көркіне айналған барокко стиліндегі биік қоңырау мұнарасы. Оның бесбұрышты сұлбасын орталықтың кез келген нүктесінен көруге болады және ол талай туриске бағдар болған. Шіркеудің іші жарық, қабырғасына әдемі капеллалар мен көне фрескалар салынған. Жақын жерде дәмханалар, наубайханалар мен дүкендер орналасқан. Кешке, әлсіз жарық түсіп тұрғанда, ғимараттың түрі ерекшеленеді. Бұл жерге кіру тегін, бірақ қоңырау мұнарасына кіргіңіз келсе, 2 еуро төлейсіз.
Турия бағы




Турия бағы — бүкіл Валенсияны кесіп өткен ұзындығы 9 шақырым бірегей көк аймақ. Бұл саябақ 1957 жылы жойқын су тасқынынан кейін ағысы бұрылған Турия өзенінің бұрынғы арнасының орнында құрылды. Билік босаған жерге әуелі автожол салғысы келген, бірақ қаланың тұрғындары қарсы болғасын райынан қайтып, Еуропадағы ең ерекше қала саябақтарының бірін салған.
Турия бағы — бұл жай ғана саябақ емес, қала ішіндегі көлденең салынған қала. Мұнда көлеңкелі аллеялар, бақтар, әртүрлі дәуірден қалған көпірлер, спорт алаңдары, жүгіретін және велосипед тебетін жолдар, балалар аймақтары, тіпті театрлар шоғырланған. Саябақ Понте дел Мар немесе Понте де Сан Хосе сияқты тарихи көпірлердің астымен өтеді.
Биопарк





Турия бағының ең басында орналасқан заманауи хайуанаттар бағы. Ауданы — 100 мың шаршы метрден астам. Бұл паркте жануарларға жай қарап қана қоймай, олардың тіршілігінен біраз ақпарат ала аласыз.
Биопарк 2008 жылы ашылған және қағидасының арқасында тез арада қаланың басты көрікті жерлерінің біріне айналды: мұнда бізге үйреншікті торлар мен шарбақтар жоқ — адамдар мен жануарлардың арасына су орлары немесе еңіс сияқты сияқты көрінбес кедергілер қойылған.
Саябақтың негізгі темасы — Африка фаунасы. Ол жерде саванна, джунгли, Мадагаскар немесе ылғал орманға ұқсайтын аймақтарды мекен ететін арыстандарды, пілдерді, гориллаларды, зебраларды, гиппопотамдарды және басқа да көптеген жануарды көруге болады.
Әр зонада ландшафты да, өсімдіктері мен климаты да егжей-тегжейлі ойластырылған. Биопарк жануарлардың сирек кезігетін түрлерін аман алып қалу бағдарламаларына белсенді қатысады, балалар мен ересектерге арналған білім беру іс-шараларын өткізеді. Кіру құны ересектерге 22 еуро, балаларға 17 еуро.
Колумба базары



Бұл базар Әл Пладел Ремей деген сәнді ауданындағы көшелердің арасында тұр. Бұл жерді испандар ХХ ғасырдың басында сәулетші Франсиско Мор Беренгердің жобасына сай салған: қасбеті қызыл кірпіш пен керамикадан салынған, витраж терезелер мен элементтер салынған.
Mercado de Colón басында азық-түлік базары болғанымен қазір дәмханалар, мейрамханалар, шарап барлары мен наубайханалар орналасқан әдемі гастрономия кеңістігі. Онда боялған арқаларға (аркаларға) қарап бір шыныаяқ кофе ішуге, жаңа ауланған теңіз өнімдерінен, десерттерден дәм татуға немесе жолбарыс жаңғағынан жасалған Валенсия сусыны орчатты татып көруге болады.
Базарға кешке де баруға болады: у-шу тіршілік сәл басылса да, керемет атмосфера сол күйі қалады.
Мәлвароса (Мальвароса) жағажайы



Валенсия — жағажайда жатып, кейін музейге барып, ал одан кейін дәмді тамақ ішкісі келетіндерге арналған қала.
Мәлвароса — қаланың ең танымал жағажайы. Ол порттан солтүстікке қарай бірнеше шақырым созылып жатыр. Оның алтын түстес құмы, күтім көрген жағажалауы мен шегі көрінбес Жерорта теңізі кімді болса да еліктіреді.
Жағажай XIX ғасырда курорт аймақ ретінде дами бастады. Онда түрлі жазушылар мен суретшілер, мысалы, әйгілі жазушылар Хеміңуей (Хемингуэй) мен Висенте Бласко Ибаниеса (Ибаньеса) демалған, айтпақшы, олардың мұражай үйлері жағажайға жақын орналасқан.
Қазір Мәлваросада жайлы демалысқа арналғанның бәрі бар: жататын жерлер, душ бөлмелері, спорт алаңдары, күн батқанына қарап пәелия я балмұздақ жейтін дәмханалар мен мейрамханалар.
Лас-Аренас жағажайы


Бұл жағажай — Мәлвароса жағажайының жалғасы, бірақ әлдеқайда жанданған, курорт атмосферасы бар жағажай. Порт пен яхта клубына жақын орналасқандықтан ол күн мен теңізді ғана емес, ыңғайлы жер мен қызмет іздейтіндер арасында ерекше танымал. Жағажай жалаң аяқ серуендерге өте қолайлы болғандықтан «Құмдар» деп аталған.
Лас-Аренастың сәнді қонақүйлері, тарихи шомылу орындары мен мейрамхана террасалары танымал, онда таза ауа жұтып кешкі ас ішіп, музыка тыңдап, Жерорта теңізіне қарап отырғанға не жетсін! Мұнда фестивальдар, концерттер, спорт іс-шаралары мен тіпті отшашу өтеді. Жағажайдың инфрақұрылымына келсек, мүгедектерге арналған аймақтар, шатыр және шезлоң жалға алатын жерлер, душ бөлмелері, құтқару бөлімі бар.
Валенсияның көрікті жерлері көрсетілген карта
3
0
