Digital Nomad визасы деген не және оны 2025 жылы қалай алуға болады?
Қалай бірнеше елде заңға сай жұмыс істеуге болады?
Қазір мыңдаған адам кеңседен шықпай емес, саяхаттап жүріп жұмыс істегісі келеді. Соны көріп, оларға дижитал көшпенді визасын (Digital Nomad Visa) іске қосып жатқан елдер жылдан жылға көбейіп келеді. Digital Nomad Visa — басқа елде қашықтан жұмыс істейтіндер, фрилансерлер мен кәсіпкерлерге жұмыс визасын я тұру ықтиярхатын алмай тұрғызатын рұқсат. Бұл виза қандай елдерде барын және қалай алуға болатынын осы мақалада айтып берейік.
Дижитал көшпенді деген кім?
Дижитал көшпенді — шетелде қашықтан жұмыс істеп жүргендер, мысалы, фрилансерлер, кәсіпкерлер, қашықтан жұмыст істейтіндер я онлайн бизнесі барлар. Технология дамығанының арқасында ондай жұмысшылар бір жерде отырып қалғысы келмейді — интернеттен жұмыс істеп, ел-жер аралағысы келеді.
Маңызды: дижитал көшпенді визасы қаржы жағынан тәуелсіздерге арналған тұру ықтиярхаты емес.
Қаржы жағынан тәуелсіздерге арналған тұру ықтиярхаты бір елде ақша табу үшін жұмыс істеуге тиіс еместерге беріледі. Мысалы, пассив табысы барларға я жиған-тергені молынан өздеріне жететіндерге. Ал дижитал көшпенді визасы басқа елдегі компаниядағы қашықтан жұмыс істейтіндерге беріледі.
Дижитал көшпенді визасының 5 артық тұсы
1. Өзге елде заңға сай тұруға және жұмыс істеуге болады
Дижитал көшпенді визасы белгілі бір елде жұмыс я бизнес визасын алмай қашықтан жұмыс істеуге я кәсіп жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл рұқсат әсіресе фрилансерлер мен халықаралық компанияда қашықтан істейтіндерге ыңғайлы.
2. Банк қызметін емін-еркін пайдалануға болады
Дижитал көшпенді визасын беретін елдердің көбінде осы визаны алғандар резиденттер сияқты жергілікті банкте шот, карта аштыра алады. Соның арқасында олар жалға алған үйінің ақысын қиналмай төлейді, төлем өтей алады, бизнесін жүргізе алады.
3. Тұратын жерге келгенде таңдау көп болады
Дижитал көшпенді визасы кәдімгі тұру ықтиярхаты сияқты белгілі бір жерде ұзақ уақыт тұруды талап етпейді. Көп елде мұндай визасы барларға елдің ішінде, тіпті арнайы келісімнің аясында көрші елде көшіп жүруге рұқсат етілген.
4. Digital nomad визасын алған тұру ықтиярхатын алғанға қарағанда оңайырақ
Дижитал көшпенділерге тұру ықтиярхатын алғысы келетіндерге қарағанда жеңіл талаптар қойылады. Көбіне қашықтан түсетін табысы барын растау керек, сақтандыру алып, кішігірім алым төлеу керек. Мысалы, Қазақстанда 2024 жылы шетелдіктерге арналған Digital Nomad Visa (DNV) шықты. Соның арқасында шетелдіктер тұру ықтиярхатын алмай-ақ та біздің елде заңға сай тұрып, жұмыс істей алады.
5. Өмір сапасы жоғары елде көп шығындалмай тұру мүмкіндігі бар
Дижитал көшпенді визасын беретін елдердің көбінің салығы аз, бірақ өмір сапасы жоғары. Ақшасын күнделікті өміріне әсер етпей үнемдегісі келетіндерге керемет мүмкіндік бұл.
Дижитал көшпенді визасының 5 кем тұсы
1. Жергілікті мекемеге жұмысқа тұра алмайсыз
Дижитал көшпенді визасын алсаңыз, жергілікті мекемеде жұмыс істей алмайсыз. Оған жұмыс визасын я тұру ықтиярхатын алу керек.
2. Мерзіміне шектеу қойылған
Дижитал көшпенді визаның мерзімі көбіне-көп 6 ай мен 2 жылдың арасы. Одан кейін оны ұзарту керек я елден кету керек.
3. Салық төлеуге қатысты міндетіңіз анық болмауы мүмкін
Дижитал көшпенділер шетел компаниясында жұмыс істесе де, жүрген елінде ұзақ тұрып жатқандықтан салық төлеуге міндетті болуы мүмкін.
4. Әлеуметтік кепіл жоқ
Дижитал көшпенді визасын алғанның жергілікті әлеуметтік жеңілдік алатын құқығы болмайды, мысалы, медициналық сақтандыруы болмайды, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы алмайды. Сондықтан сақтандарудың түр-түрін өзіңіз аласыз.
5. Ондай визаны кей ел ғана береді
Дижитал көшпенді визасын беретіндер қатары көбейіп келе жатқанымен ондай елдер әлі де аз. Мысалы, көбі жұмыс іздеп баратын Жапония мен АҚШ-та мұндай виза жоқ.

Digital Nomad визасын беретін елдер
Digital Nomad Visa беретін үздік 10 ел

Испанияның дижитал көшпенді визасы: айына кемі 2 646 €
Артық тұстары:
- Климаты жылы, өмір сапасы жоғары: Испанияның ауа райы жыл бойы қолайлы, әсіресе теңіз жағасындағы қалаларда қолайлы. Жылына 300 күн бойы күн шығып тұрады, әсіресе Барселона мен Валенсияда.
- Шенген аймағы — Еуропа одағының елдеріне емін-еркін барып келуге болады.
- Жалға алатын үйдің ақысы қалта көтерерлік: шағын қалаларда бір студияға айына 700 еуро, ал Барселона мен Мадридте айына 1 200 еуро кетеді.
Шарттары:
- Ең аз табыс: визаны алғыңыз келсе, айына кемі 2 646 еуро табуыңыз керек;
- Жұмыс: шетел компаниясында жұмыс істеуіңіз керек я клиенттеріңіз шетелден болуы керек; табысыңыздың кемі 80%-ы Испаниядан тыс жерден түсіп тұруы керек.
- Жұмыс тәжірибесі: қазіргі лауазымыңызда кемі 3 ай тоқтамай жұмыс істеуіңіз керек;
- Білім: жоғары білімді болуыңыз керек я сол салада кемі 3 жыл жұмыс істеген болуыңыз керек;
- Бір жылда түсетін табысыңыз 600 000 € аз болса, 24% мөлшерлемесі бар жеңілдікті салық режимін қолдану мүмкіндігі бар.
- Шенген аймағында 180 күннің ішінде 90 күн емін-еркін жүре аласыз.
Жарамдылық мерзімі
- Дижитал көшпенді визасы 1 жылға беріледі.
- Визаны алып, елде тұра бастағаннан кейін 3 жылға берілетін тұру ықтиярхатын алуға болады. Оның мерзімін кейін 2 жылға ұзартуға болады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңызды;
- Кәмілет жасына толмаған я ақшаңызға зәру балаларыңызды;
- Қаражатынға зәру ата-анаңыз, ата-әжеңіз бен бауырларыңызды.
Құжаттар тізімі:
- Өзіңіз бен туыстарыңыздың паспортының бар бетінің түпнұсқасы мен көшірмесі;
- Виза я тұру ықтиярхатын алу үшін толтырылған өтінім;
- Түсті фото;
- Үш жылдық кәсіби тәжірибе барын дәлелдейтін диплом, сертификат я растайтын басқа да құжат;
- Кейінгі 5 жылда тұрған елдерде сотталмағаныңызды дәлелдейтін анықтама;
- Испанияда жарамды медициналық сақтандыру, өтетейін шығыны ең аз дегенде 30 мың еуро болуы керек.
- Шетел компаниясымен я клиентімен жұмыс істейтініңізді дәлелдейтін еңбекшарт я келісімшарт;
- Жұмыс берген адамның Испанияда қашықтан жұмыс істеуге болады деген рұқсат хаты.
- Испанияда тұруға қаражатыңыз жететінін дәлелдейтін құжат.
Шығын:
- Консулдық алымы: виза алуға өтінім бергеніңіз үшін 80 € төлейсіз;
- Мемлекеттік алым: 80 €;
- Аудармашы мен нотариус қызметі: ақысы құжаттар мен мамандар қойған бағаға қарай;
- Медициналық сақтандыру: өзіңіз таңдаған сақтандыру компаниясына қарай;
- Басқа шығындар: заң кеңесшілерінің ақысы, қосымша құжаттарды рәсімдеу;

Италияның дижитал көшпенді визасы: айына кемі 2 350 €
Артық тұстары:
- Италияның тарихы, мәдениеті мен гастрономиясы! Бұл ел — өнер мен итальян тамақтарын қадірлей білетіндерге керемет жер.
- Қалалары сан алуан: қарқынды Миланда да, Тосқананың сұлу ауылдарында да тұрып көруге болады.
- Медицинасы бәріне ортақ, халқы ұзақ жасайды.
Шарттары:
- Айлық табысыңыз 2 350 € кем болмауы керек және Италиядан тыс жерден түсіп тұруы керек;
- Банк шотында кемі 30 000 € барын дәлелдеу қажет;
- Шетел компаниясында жұмыс істеуіңіз керек я клиентіңіз өзге елден болуы керек: табысыңыз Италиядан тыс жерден түсіп тұруы керек;
- Дижитал көшпенді кәмілет жасына жеткен болуы керек;
- Алты айдан аса қашықтан жұмыс істегеніңізді дәлелдеу керек;
- Шенген аймағында емін-еркін жүре аласыз.
Жарамдылық мерзімі:
- Максимум бір жылға беріледі;
- Визаны алып, елде тұра бастағаннан кейін 1 жылға берілетін тұру ықтиярхатын алуға болады. Оның мерзімін кейін 2 жылға дейін ұзартуға болады.
Дижитал көшпендінің Италия үкіметі сұраған табысы мен жиған-тергені болса, елде жылына кемі 183 күн тұрғанын дәлелдей алса, оның тұру ықтиярхатының мерзімі ұзартылады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңызды;
- Кәмілет жасына жетпеген балаларыңызды;
- Қаражатыңызға зәру ата-анаңызды.
Құжаттар тізімі:
- Жарамды паспорт;
- Виза алу үшін толтырылған өтінім;
- Сотталып көрмегеніңізді дәлелдейтін анықтама;
- Жеткілікті жиған-тергеніңіз барын растайтын құжат;
- Шетел компаниясымен я клиентімен жұмыс істейтініңізді дәлелдейтін еңбекшарт я келісімшарт;
- Италияда жарамды медициналық сақтандыру;
- Жалға алған я сатып алған үйіңіз барын дәлелдейтін келісімшарт;
- Үйленгеніңізді, балалы екеніңізді және туыс екеніңізді дәлелдейтін басқа да құжаттар.
Шығын:
- Консулдық: дижитал көшпенді визасын алуға өтінім бергеніңіз үшін 30 € төлейсіз;
- Мемлекеттік алым: виза жасатуға өтінім бергеніңіз үшін 112 € төлейсіз;
- Медицналық сақтандыру: сақтандыру компаниясының ақысына қарай;
- Пәтер жалға алу: Италияда тұратын мекенжайыңызды растау үшін керек, бағасы тұратын өңіріңізге байланысты.

Германияның дижитал көшпенді визасы
Германияда дижитал көшпенділерге арналған виза жоқ. Бірақ фрилансерлер мен өз-өзіне жұмыс бергендер фрилансерлер (Freiberufler) мен өз-өзіне жұмыс бергендер (Selbständiger/Gewerbetreibender) визасын жасата алады.
Артық тұстары:
- Экономикасы тұрақты, мүмкіндік көп — Германия кәсіпкерлер мен стартаперлерге қолайлы ел;
- Ел Еуропаның қақ ортасында тұр — Еуропа одағында емін-еркін сапар шегуге болады;
- Инфрақұрылымы мен медицинасы сапалы.
Шарттары:
- Ең минимал табыс қанша болуы керегі еш жерде жазылмаған, бірақ форумдардағы жұрттың сөзіне сенсек, жылына кемі 9 000 еуро табу керек екен. 45-тен асқан адамдар зейнетақыға жиған ақшасы я 195 000 € аса тұратын мүлігі барын дәлелдеуі керек;
- Германияда жалға алған я сатып алған үйіңіз болуы керек.
Фрилансерлер тапсыратын қосымша құжаттар:
- Кәсіби лицензия барын растау қажет (диплом, сертификат, кәсіби оқу);
- Қаражатыңыз жеткілікті екенін растайтын құжат;
- 45-тен асқандар зейнетақы жинағы барын растауға тиіс.
Өз-өзіне жұмыс бергендер (Selbständiger/Gewerbetreibender):
- Бизнесіңіз Германияның экономикасына жақсы әсер ететінін дәлелдеуіңіз керек;
- Қаржатыңыз барын (өз ақшаңыз я несие) растайтын құжат.
- 45-тен асқандар зейнетақы жинағы барын растауы қажет.
Жарамдылық мерзімі:
- Фрилансер фрилансер визасын алғаннан кейін үш жылға тұру ықтиярхатын алады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайы мен балаларына қауыштыратын бағдарламаға сай үй ішіңізге қауыша аласыз.
Құжаттар тізімі:
- Екі беті бос паспорт;
- Виза алу үшін толтырылған анкета;
- Паспорт өлшеміне сай түсірілген екі фото;
- Қаражатыңыз жеткілікті екенін растайтын құжат;
- Германияда тұратын жеріңіз барын растайтын құжат;
- Кәсіби тәжірибеңіздің егжей-тегжейлі сипаты;
- Білігіңізді растайтын дипломдар мен сертификаттар;
- Бұрын жұмыс берген адамдар я клиенттер жазған хат;
- Жасаған жұмыстарыңыздың үлгісі мен портфолиосы;
- Жарамды медициналық полис.
Шығын:
- Консулдық алымы — 100 €;
- Аудармашы, нотариус, медициналық сақтандыру мен жалға алған үйге кететін шығын.

Португалияның дижитал көшпенді визасы: айына кемі 3 480 €
Артық тұстары:
- Климаты жақсы, мұхитпен шексетіп жатыр — Португалияда 300 күн бойы күн шығып тұрады
- Еуропаның басқа елдеріне қарағанда Португалияда тұрған арзанырақ: шағын қалаларда бір студияға айына 500 еуродай кетеді, ал Лиссабонда 900 еуродай кетеді;
- Дижитал көшпенділер қауымы жақсы дамыған, әсіресе, Мадейра мен Лиссабонда жақсы дамыған.
Шарттары:
- Айлық табысыңыз 3 480 € (Португалиядағы төрт минимал жалақыға тең) аз болмауы керек;
- Шетел компаниясында еңбекшартқа сай қашықтан жұмыс істеуіңіз я Португалиядан тыс жердегі клиенттерге қызмет етуіңіз керек;
- Кейінгі үш айда тұрақты табысыңыз болғанын дәлелдеу керек;
- Банк шотыңызда ең кемі 10 440 € ақшаңыз барын дәлелдеу керек;
- Шенген аймағында емін-еркін сапар шеге аласыз.
Жарамдылық мерзімі:
- Дижитал көшпенді визасы ары кеткенде бір жылға беріледі;
- Визаны алып, Португалияға барғаннан кейін тұру ықтиярхатын жасатуға болады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңыз;
- Кәмілет жасына толмаған я ақшаңызға тәуелді 30-ға толмаған балаларыңыз;
- Қаражатыңызға тәуелді ата-анаңыз.
Құжаттар тізімі:
- Паспорт;
- Дижитал көшпенді визасын алу үшін толтырылған анкета;
- Паспорт өлшеміне сай түсірілген екі фото;
- Бұрын сотталмағыныңызды дәлелдейтін анықтама;
- Португалияда жарамды медициналық сақтандыру;
- Шетелдегі клиенттерімен жасасқан келісімшарт я еңбекшартыңыз;
- Кейінгі үш айда табыс түскенін растайтын банк анықтамасы;
- Португалияда үй жалға алған я сатып алғанды растайтын құжат.
Шығын:
- Консулдық алым — 90 €, виза жасатқанда төлейсіз;
- Медициналық сақтандыру, бағасы сақтандыру компаниясына қарай;
- Португалияда қай жерде тұратыныңызды растайтын құжат.

Кипірдің дижитал көшпенді визасы: айына кемі 3 500 €
Артық тұстары:
- Кипір — Еуропаның жылы аймақтарының бірі, жылына 320 күн бойы күн шығып тұрады.
- Салығы аз;
- Жағажайлары керемет әрі қауіпсіз арал;
- Шенген аймағында 180 күннің ішінде 90 күн емін-еркін жүре аласыз.
Шарттары:
- Айлық табысыңыз салық төлегеннен кейін 3 500 € аз болмауы керек;
- Өтінімге отбасы мүшелерін қосқаннан кейін ең аз айлық табысыңыз 20% (жұбайын қосқаны үшін) және 15% (баласын қосқаны үшін) артуы керек;
- Кипірден басқа елде тіркелген компанияда жұмыс істеуіңіз керек я клиенттеріңіз шетелден болуы керек.
Жарамдылық мерзімі:
- Дижитал көшпенді визасы бір-ақ жылға беріледі;
- Шарттарына бағынсаңыз, кейін 2 жылға ұзартуға болады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңызды я бірге тұрып жатқан қызыңызды я жігітіңізді;
- Кәмілет жасына жетпеген балаларыңызды;
- Қалтаңызға тәуелді және жоғары оқу орнында оқитын 25-ке толмаған балаларыңызды.
Құжаттар тізімі:
- Жарамдылық мерзімі 3 айдан асқан паспорттың көшірмесі;
- Медициналық анықтама: АИТВ, мерез, B және C гепатиті бар-жоғын анықтайтын тесттің нәтижесі, түбіркүлез бар-жоғын көрсететін көкірек қуысының рентгені. Бұлардың бәрінде дәрігердің қолы тұруы керек;
- Кипірде жарамды медициналық сақтандыру;
- Қазір тұрып жатқан еліңізде сотталып көрмегеніңізді растайтын анықтама;
- Кипірде қайда тұратыныңыз жазылған құжат: үй сатып алғаныңыз я жалға алғаныңыз туралы құжат;
- Қашықтан жұмыс істейтініңізді дәлелдейтін құжат;
- Жалдамалы жұмысшылар: шетелдегі жұмыс берушімен жасасқан еңбекшарт;
- Өз-өзіне жұмыс бергендер: Кипірде тыс жердегі клиенттермен жасасқан келісімшарт я бизнесін басқа елде екенін дәлелдейтін құжат.
- Табысыңыз түсіп тұрғанын дәлелдеу керек: банк анықтамасы, салық декларациясы мен табысыңыз туралы басқа да құжаттар.
Шығын:
- Әкімшілік алым — өтінім берген әр адамнан 140 € алынады;
- Емханаға барып тексерілу — әр адамнан 100 €;
- Медициналық сақтандыру — жылына 150–200 €.

Венгрияның дижитал көшпенді визасы: айына 3 000 €
Венгрия қашықтан жұмыс істейтін мен кәсіпкер шетелдіктерге «Ақ карта» (White Card) деген виза бере алады.
Артық тұстары:
- Венгрияда тұрған Еуропа одағының елдеріне тұрғанға қарағанда арзан: мегаполис емес қалада студия жалға алу айына кемі 400 € тұрады, ал Будапеште кемі 700 € тұрады.
- Еуропаның қақ ортасында тұрғандықтан шетелге сапар шеккен оңай;
- Будапешт — Еуропа одағындағы қалтаңыз көтерер қалалардың бірі. Инфрақұрылымы мен интернеті жақсы дамыған, елде IT саласы қарқынды дамып жатыр.
Шарттары:
- Өтінім беретін адамның кейінгі 6 айдағы айлық табысы 3 000 € аз болмауы керек;
- Қашықтан жұмыс істейтіндер: шетел компаниясымен жасасқан қашықтан жұмыс істеу туралы еңбекшарт, ал кәсіпкерлер бизнесі Венгриядан тыс жерде екенін дәлелдейтін құжат.
- Венгрияда жарамды кемі 30 000 € шығынды өтейтін сақтандыру;
- Венгрияда тұратын жеріңіз барын растайтын құжат;
- Шенген аймағында емін-еркін саяхаттау.
Жарамдылық мерзімі:
- Көшпенді визасы бір жылға беріледі;
- Ақ картаны алған адам Венгрияда 180 күннің ішінде кемі 3 ай жүруі керек.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- «Ақ карта» өтініміне өзіңізден басқасын қосуға болмайды.
Құжаттар тізімі:
- Паспорт;
- Анкета;
- Кемі 30 000 € шығынды өтейтін сақтандыру;
- Венгрияда сатып алған я жалға алған үйіңіз барын растайтын келісімшарт;
- Кейінгі алты айда айлық табысыңыз 3 000 € түспегенін растайтын банк анықтамалары;
- Қашықтан жұмыс істейтініңізді я шетелде кәсіп басқарып отырғаныңызды дәлелдейтін құжаттар.
Шығын:
- Әкімшілік алым — виза алуға өтінім тапсырғаныңыз үшін 110 € төлейсіз;
- Венгрияда бір бөлмелі пәтер жалға алу айына 360–600 € шығады;
- Медициналық сақтандыру — айына 25 €.

Аргентинаның фрилансерлерге арналған визасы: айына 2 500 €
Артық тұстары:
- Аргентинада тұрған Еуропада тұрғаннан арзанырақ;
- Табиғаты мен мәдениеті бірегей: Патагония, Анд таулары мен Атлант мұхитын көре аласыз;
- Жалға берілетін пәтерлер арзан: студияны бір ай жалға алу кішігірім қалада кемі 300 €, Буэнос-Айресте кемі 500 € тұрады.
Шарттары:
- Аргентинадан бөлек жердегі компанияда қашықтан жұмыс істеуіңіз керек я клиенттеріңіз басқа елден болуы керек;
- Аргентинада тұруға жеткілікті тұрақты табысыңыз барын растайтын құжаттар. Бір айға жетер сома 2 500 еуро шамасында;
- Аргентинада жарамды медициналық сақтандыру;
- Қазір тұрып жатқан еліңізде сотталып көрмегеніңізді дәлелдейтін анықтама.
Жарамдылық мерзімі:
- Дижитал көшпенді визасы 12 айға беріледі, кейін мерзімін арттыруға болады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңыз бен балаларыңызды.
Құжаттар тізімі:
- Паспорт;
- Паспорт өлшеміне сай жақында түскен екі фото;
- Табыс алып отырғаныңызды растайтын банк анықтамалары я клиенттермен жасасқан келісімшартыңыз;
- Аргентинада жарамды медициналық сақтандыру полисі;
- Сотталып көрмегеніңізді көрсететін құжат;
- Аргентина көші-қон қызметінің сайтында онлайн толтырылған анкета.
Шығын:
- Виза алымы — $200;
- Медициналық сақтандыру;
- Тұратын жер жалға алу я сатып алу.

БАӘ-нің дижитал көшпенді визасы: айына 3 500 $
Артық тұстары:
- Салық төлемейсіз, себебі табыс салығы жоқ;
- Өмір сапасы мен қауіпсіздік деңгейі жоғары, Дубай әлемдегі ең қауіпсіз 10 елдің қатарында.
Шарттары:
- Өтінім беретін адамның айлық табысы 3 500 $ кем болмауы керек.
- Жалдамалы жұмысшы — шетел компаниясында ең аз дегенде бір жыл жұмыс істеймін деген еңбекшарты болуы керек. Кәсіпкер — БАӘ-ден тыс жерде кемі 12 ай бұрын ашылған бизнесі болуы керек.
- БАӘ-де іске жарайтын медициналық сақтандыру полисі болуы керек.
Жарамдылық мерзімі:
- Көшпенді визасы 12 айға беріледі;
- Визаның мерзімін шексіз жаңарта беруге болады;
- Визаны алып, БАӘ-ге 6 ай бойы бармасаңыз, оның күші жойылады.
Өтінімге кімді қосуға болады:
- Жұбайыңызды я бірге тұрып жатқан қызыңызды я жігітіңізді;
- Кәмілет жасына толмаған балаларыңызды;
- Қаражатыңызға тәуелді 25-ке толмаған әрі жоғары оқу орнында оқып жатқан балаларыңызды.
Құжаттар тізімі:
- 6 айдан аса уақыт жарамды болатын паспорт;
- Мерзімі мен табыс мөлшері жазылған еңбекшартыңыз я бизнесіңіз барын растайтын құжат;
- Кейінгі 3-6 айда табыс түсіп тұрғанын көрсететін құжат;
- БАӘ-де жарайтын медициналық сақтандыру;
- Паспорт өлшеміне сай түсірілген түсті фотоңыз.
Шығын:
- Виза алымы — $287;
- Медициналық сақтандыру;
- Дубайда тұратын жер жалға алу я сатып алу.

Грузияның дижитал көшпенді визасы: айына 2 000 $
2020 жылы Грузия Remotely from Georgia бағдарламасын іске қосып, еліне дижитал көшпенділерді шақыра бастаған-ды. Бірақ бұл бағдарлама қазір істемейді.
95 елдің азаматы Грузияда бір жыл бойы виза алмай тұра алады. Қазақстан осы 95 елдің қатарында.
Артық тұстары:
- Грузияда тұрған Еуропа елдерінде тұрғаннан әлдеқайда арзанырақ: бір адамға айына тұратын жердің ақысын қоспағанда 593.5 $ кетеді.
- Кіру мен тұруға қатысты ережелері жеңіл: арнайы виза алудың керегі жоқ.
- Жеңілдікті салық: шетелден түсетін табысқа алғашқы 183 күні салық салынбайды.
Digital Nomad Visa алғандар төлейтін салық
Digital Nomad Visa алғандар төлейтін салықтың мөлшерін сондай виза беретін елдердің үкіметі шешеді. Көбіне дижитал көшпенді елде бір жылда 183 күннен артық тұрғанда салық төлейтін резидент болады.
Венгрия:
- 183 күннен аз тұрса: дижитал көшпенділер табыс салығын төлемейді.
- 183 күннен аса тұрса: дижитал көшпенді салық төлейтін резидент болады да, 15% табыс салығын төлейді.
Португалия:
- 183 күннен аз тұрса: дижитал көшпенділер табыс салығын төлемейді.
- 183 күннен аса тұрса: дижитал көшпенді жылдық табысының мөлшеріне қарай 18-48% салық төлейді.
- NHR статусы: шетелден түсетін табысы барларды салықтан босатады және Португалиядан түсетін табысы барларға 20% жеңілдікті салық төлетеді.
Испания:
- 183 күннен аз тұрса: резидент еместер салық төлемейді.
- 183 күннен аса тұрса: дижитал көшпенді салық төлейтін резидент болады, табысы өссе, салықтың пайызы да өседі.
- Бекхем заңы: алғашқы алты жыл бойы резидент еместердің салығын төлеуге мүмкіндік береді.
Греция:
- 183 күннен аз тұрса: резиденттер еместер салық төлемейді.
- 183 күннен аса тұрса: салық төлейтін резидент статусы жылдық табысына қарай 9–44% салық төлейді.
Тайланд:
- 180 күннен аз тұрса: резиденттер еместер салық төлемейді.
- 180 күннен аса тұрса: салық төлейтін резидент жылдық табысына қарай 5–35% салық төлейді.
Кей елде табысы екі елден түсіп тұр деп бір салықты екі рет төлетудің алдын алатын келісімдер бар. Сондықтан көшіп барамын деген елдің заңдарын оқып алған жөн, керек болса, салық маманымен ақылдасып алыңыз.

Көп қойылатын сұрақтар
Дижитал көшпенді визасы деген не?
Дижитал көшпенді визасы — шетел компаниясында қашықтан жұмыс істейтіндер я клиенті шетелден фрилансерлер, бизнесі шетелде орналасқан кәсіпкерлерге белгілі бір елде тұруға мұрша беретін рұқсат.
Дижитал көшпенді визасын кім ала алады?
Оны елдің шарттарына сай келетін қашықтан жұмыс істейтін жұмысшылар, фрилансерлер мен кәсіпкерлер ала алады.
Дижитал көшпенді салық төлей ме?
Ол жағы елдің шарттары мен онда неше күн жүргеніңізге байланысты:
- 183 күннен аз тұрсаңыз, әдетте салық төлемейсіз.
- 183 күннен аса тұрсаңыз, салық төлейтін резидент болуыңыз мүмкін. Кей елде дижитал көшпенділерге жеңілдікті салық салынады.
Дижитал көшпенді статусының пайдасы не?
Дижитал көшпенді болсаңыз, сол визаны берген елде жұмыс визасын алмай заңға сай жұмыс істей аласыз, тұра аласыз, жергілікті банктен шот аша аласыз.
Қай ел дижитал көшпенді визасын береді?
50-ден астам елден дижитал визасын алуға болады, мысалы, Испания, Португалия, Германия, БАӘ, Тайланд, Грекия, Аргентина, Кипір, Венгрия, Грузия, Бразилия, Хорватия мен Черногориядан.
Дижитал көшпенді визасын алу үшін табысым қанша болуы керек?
Көшіп барамын деген елге байланысты. Ең аз айлық табыс 1 500 $ мен 5 500 $ арасы. Мысалы:
- Испания — кемі 2 646 €
- Португалия — кемі 3 280 €
- БАӘ (Дубай) — кемі 3 500 $
- Грузия — 2 000 $
Дижитал көшпенді визасын алғандар шетелге шыға ала ма?
Иә, ондай визасы барлар Шенген аймағының елдеріне я басқа елдерге емін-еркін барып келе алады. Бірақ ол турист визасы бола алмайды.
3
3