АҚШ-тың оқу визасы
АҚШ-тың студенттерге арналған визасын қалай алуға болады?
Америка құрама штаттары — көп студенттің арманы болған ел. Біреу кино мектебіне барғысы келеді, біреуі сол жақта журналистикаға қатысты трениңнен өткісі келеді, ал өзгесі жоғары оқу орнына түскісі келеді. Бірақ ол үшін әуелі оқу визасын алу керек. Сондықтан мына мақалада оны қалай алуға болатынын айтып береміз.
АҚШ-тың студент визасының қандай түрлері бар?
АҚШ-тың оқу визасы | Ерекшеліктері |
F-1 | Мектеп (ары кеткенде 1 жыл), колледж бен университетте оқу. Қысқа мерзімді курсқа барғысы келетіндерге де арналған виза, мысалы, тіл курстарына, университетке дайындық курстарына, оқушылар мен студенттерге арналған жазғы курстарға барғысы келетіндер осы визаны алуға тиіс. |
М-1 | Кәсіби академиялық емес оқу. Мысалы, техникалық курс, кәсіби орта білім бағдарламалары (сантехник я сілесір оқуы), кулинар мектебі, косметология және визаж мектебінде оқу және тағы басқасы. |
Визаны алардағы ең басты талап — оқу орнына түсу және сол жерден ресми шақыру алу. Десе де бұл визаны міндеті түрде аласыз деген сөз емес.
Американың студенттерге арналған визасы түріне қарай белгілі бір уақытқа беріледі. Мысалы, F-1 визасы оқуыңыз қандай болғанына қарай беріледі, бірақ мерзімі 1 жылдан аспайды. Оқуыңыз ол уақыттан асса, мерзімін көбейтіп отыруыңыз керек.

Құжат тапсырудың тәртібі
Оқу орныңыздан түстіңіз деген хат алғаннан кейін визаға қажет құжаттарды жинай бастайсыз.
АҚШ-тың оқу визасын алу үшін жасалатын қадамдар:
- I-20 шақыру хатын аласыз;
- консулдық алымы мен I-901 SEVIS сервис алымын төлейсіз. Бұл ақы виза берілмесе де қайтарылмайды;
- Суретке түсесіз;
- DS-160 анкетасын толтырасыз;
- АҚШ-тың елшілігіне барып, сұхбаттасасыз.
АҚШ-тың оқу визасына керек құжаттар
F-1 және M-1 визасын алуға мынандай құжаттар керек:
- АҚШ-тағы оқуыңыздың әкімшілігі берген I-20 формасы;
- 5x5 түсті сурет;
- DS-160 шығарылған формасы;
- Паспорт (мерзімі Америкадан қайтқаннан кейін кем дегенде алты айда бітуі керек);
- Виза алымын төлегеніңіз туралы түбіртек;
- Сұхбатқа шақыру хаты;
- Шотыңызда ақшаңыз барын дәлелдейтін құжаттар: шоттағы қалдық, табыс көзі, жұмыс анықтамасы я басқа тұрақты табыс көзі.
- Білікті екеніңізді дәлелдейтін құжаттар: мектеп, тіл курстары берген дипломдар, SAT, TOEFL сертификаттары, рекомендация хаттары мен басқасы.
- Оқу аяқталғасын Қазақстанға оралуыңызға себеп барын көрсететін құжаттар.

I-20 формасын алу
I-20 (Certificate of Eligibility) — АҚШ-тың оқу орындары берілетін арнайы форма.
Бұл құжаттың көмегімен АҚШ-тағы университет, колледж я тіл мектебі студент оқуға түскенін растайды.
I-20 формасының идентификация нөмірі болады (N әрпі мен штрихкодтың үстінде тұратын тоғыз цифр). Ол шетел студенттерін тіркейтін жүйесінен I-901 SEVIS алымын төлеуге керек болады.
Форманың үлгісі.
SEVIS пен консулдық алымын төлеу
Американың визасын аларда алым төлеу — міндет. Алым дегеніміз — консулдық алымы мен SEVIS (Student and Exchange Visitor Information System) алымы.
Консулдық алымы — 160 доллар. SEVIS алымы қай оқу бағдарламасына түскеніңізге байланысты. Оқу мен кәсіби курстарға баратындар 350 доллар, ал алмасу бағдарламасына баратындар 35-350 доллар төлейді.
Консулдық және SEVIS алымдарын көші-қон қызметінің жүйесі мен SEVIS сайтынан онлайн төлеуге болады.
SEVIS алымын оқуға баратындар ғана төлейді. Олардың қасына еріп баратындар, яғни M-2 я F-2 визасын алатындар бұл алымды төлемейді.
АҚШ-тың оқу визасына арналған сурет
Визаны алуға арналған суреттер мына талаптарға сай болуы керек:
- 5х5 түсті болуы керек;
- арты ақ я сұр болуы керек;
- эмоциясыз болуы керек;
- фотоның 50-70%-ы басыңыз болуы керек;
- сапасы минимум 600x600 пиксель, максимум 1200x1200 пиксель болуы керек.
- фото ары кеткенде алты ай бұрын түсірілуі керек.
Фотоға DS-160 формасын толтырар алдында түсу керек. Онлайн түрін сайтқа саласыз, шығарылған көшірмесін елшілікке апарасыз.


DS-160 формасын толтыру
DS-160 — иммиграциялық емес виза аларда толтырылатын форма-анкета. Мына сайтқа кіріп толтырасыз. Анкетаны сұхбаттасуға жазылмай тұрып толтырасыз.
Форманы толтыру үшін паспорттың скан көшірмесі, фотоңыз бен I-20 формасында жазылған SEVIS идентификация нөмірі қажет. DS-160 формасын ағылшынша толтырасыз.
Кейін растау парағын (Confirmation Page) сақтап қоясыз да, принтерден шығарып аласыз. Оны сұхбаттасуға апарасыз.
Визаға неше рет құжат тапсырсаңыз да, жаңа DS-160 анкетасын толтыру — шарт. Бұрын анкетадағы деректерді қолдануға болады.

АҚШ елшілігінде оқу визасын алу үшін сұхбаттасуға бару
АҚШ елшілігінде сұхбаттасуға жазылу
АҚШ елшілігіндегі сұхбатқа онлайн жазыласыз. Сайтқа кіріп, бос күн мен уақытты таңдайсыз. Оны кейін өзгерте аласыз. Жазыларда мыналарды енгізесіз:
- Паспорттың нөмірі.
- Консулдық және SEVIS алымдарын төлегеніңіз туралы түбіртек;
- DS-160 формасындағы 10 цифрлы растайтын нөмір.
Бәрін толтырып болғаннан кейін сұхбатқа шақыру аласыз. Оны принтерден шығарып алып, елшілікке барасыз.
АҚШ елшілігінде өтетін сұхбатқа не апару керек?
Жаңа айтылған құжаттар мен сұхбатқа жазылғаныңызды растайтын парақты апарасыз. Елшілікке апаратын файлда мыналар болуы керек:
1
Сұхбатқа шақыру;
2
I-20 формасы.
3
DS-160 формасының растайтын парағы (Confirmation Page)
4
Түсті сурет;
5
Алымдар төленгені туралы түбіртек;
6
Жаңа паспортыңыз бен визаларыңыз бар ескі паспортыңыз (бар болса ғана);
7
Отаныңызға оралуыңызға себеп барын, қаржы жағдайыңыз бен академиялық деңгейіңізді дәлелдейтін құжаттар.

АҚШ елшілігінде сұхбат қалай өтеді?
Сұхбат әдетте 5-10 минутта өте шығады. Ағылшынша өтеді. Онда елшіліктің қызметкерлері құжаттарыңызды тексереді, не үшін АҚШ-қа бара жатқаныңызды, оқудан кейін не істейтініңіз бен ол елде жүргенде не істейтініңізді сұрайды.
Кей офицер визаға қатысты емес сұрақтар қоюы мүмкін. Мысалы, елшілікке қалай келдіңіз я бүгінгі ауа райы туралы не ойлайсыз деп.
Бір-екі кеңес:
- Сұхбатқа ертерек барыңыз, 15-20 минут бұрын.
- Сұраққа дәл жауап беріңіз, астарлап айтудың керегі жоқ. Әзілдемеңіз, кекетпеңіз. Офицерлер ниетіңізді түсінбей қалуы мүмкін.
- Алаңдамай, сенімді сөйлесіңіз. Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, офицерлер позитив энергиялы адамдарды жақсы көреді.
Сұхбаттан кейін саусақ іздеріңізді түсіріп алып қалады.
Шешім сіздің көзіңізше шығарылады. Береміз десе, паспортыңызды алып кетіп, виза қойып береді. Бермейміз десе, себебін айтып, паспортыңызды қайтарып береді. Қаласаңыз, кейін тағы осы визаға құжат тапсыра аласыз.
Осы визаның иегерлері АҚШ-та курс аяқталғанша жүреді, аяқталғасын елде M-1 визасы бар болса 30 күнге, F-1 визасы бар болса 60 күнге қала алады.

АҚШ визасы неліктен берілмей қалуы мүмкін?
- Қазақстанға қайтып келмейтін сияқтысыз деп бермей қалуы мүмкін. Оған бірнеше нәрсе себеп болуы мүмкін: мұнда жақындарыңыз, мүлкіңіз бен жұмысыңыз жоқ. Оқу біткеннен кейін АҚШ-та қалуға болады, сондықтан ондай ойыңыз барын сұхбаттасқанда айтпаңыз.
- Қаржы жастығыңызда ақша аз. АҚШ-та оқуға және тұрмысыңызға жететін ақша барын дәлелдеуіңіз керек. Ондай ақшаңыз болмаса, виза берілмей қалуы мүмкін. Ол ақшаны демеушіңіз беретін болса, оған қатысыңыз барын дәлелдеуіңіз керек: жеке дерегі мен жұмыс істейтін жерін көрсетуге тиіссіз.
- Сұрақтарға дұрыс жауап берген жоқсыз. Виза офицеріне қалай жауап бергеніңіз ұнаған жоқ. Қызметкерде кішкентай да болса күдік туса, виза бермей қалады.
- Құжаттар дұрыс толтырылмаған, жиналмаған. I-20 және DS-160 формасындағы ақпаратты дұрыстап тексеріңіз.

АҚШ-та студент визасы барлар жұмыс істей ала ма?
F-1 визасы барлар тек студенттер кампусында еңбек ете алады. Ұзақтығы — оқу басталғанда аптасына максимум 20 сағат, демалыс басталғанда күніне максимум 8 сағат. Университеттердің көбі екінші курс оқып жүргендерге кампустан басқа жерде жұмыс істеуге рұқсат береді.
Тәжірибеден басқа жерде өтем дегендерге бірінші курста-ақ рұқсат беріледі. Тәжірибеден оқу бағдарламаңызға қарай оқып жүргенде де, оқу аяқталғанда да өтуге болады. Ол үшін АҚШ-тың азаматтық және иммиграция қызметінен рұқсат алуыңыз керек.
М-1 визасы барлар Америкада оқу кезінде жұмыс істей алмайды. Тәжірибеден өтемін дегендер оқу аяқталғанда ғана өте алады. Оның мерзімі былай есептеледі: оқу бағдарламасының 4 айына 1 ай тәжірибе. Мұндайда АҚШ-тың азаматтық және иммиграция қызметінен рұқсат алуыңыз керек.
Қандай жұмыс істесеңіз де, SNN сақтандыру нөміріңіз болуы керек.
3
0