Логотип

Канада визасын 2025 жылы қалай алуға болады?

Канада визасын 2025 жылы қалай алуға болады?
Білген жөн 8 мин оқисыз
18.03.2024

Канада визасын 2025 жылы қалай алуға болады?

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Осы мақалада Қазақстан азаматтары Канада визасын қалай ала алатынын айтып береміз. 

Канада визасын алмақ ойыңыз бар ма?

Қазақстан азаматтары көбіне қай визаға құжат тапсырады?

Канада визасы екіге бөлінеді: иммиграциялық және иммиграциялық емес. Иммиграциялық емес виза — Канадаға қысқа мерзімге барып келетіндерге (уақытша резидент) арналған құжат. Иммиграция — сол жерде тұратындарға (тұрақты резидент) арналған виза.

Уақытша резиденттерге 2024 жылы мынандай визалар бар: турист, қонақ, іссапар, жұмыс және студент. Қазір әрбірі туралы толығырақ айтып береміз. 

Турист визасы

Турист визасы (Visitor Visa, көбіне Temporary Resident Visa дейді) Канадаға турист болып барғысы келетіндерге арналған. Бұл визаны алғандар елге демалуға, достары мен туыстарын көруге, қысқа мерзімді тіл курстары мен экскурсияға баруға болады. Көбіне 6 айға дейінгі мерзімге беріледі. Ресми атауы — уақытша резидентке арналған бір-ақ рет қолданылатын туризм визасы.

Қонақ визасы

Қонақ визасы көбіне-көп турист визасының бір түрі ретінде саналады. Бұл визаны туыстарыңызға я достарыңызға барарда алуыңыз керек. Шарттары туризм визасінікіндей болса да, сізге Канада резиденттерінен шақыру келуі керек.

Студент визасы

Уақытша резидентке арналған оқу визасы Канадада 6 айға дейін оқитындарға беріледі. Оқуыңыз одан да ұзақ мерзімді болса, онда оқу рұқсатын алуыңыз керек (Study Permit).

Студент визасын алу үшін оқу орнына түскеніңізді және оқуға қаржылай шамаңыз жететінін дәлелдеуіңіз керек. Айтпақшы, студент визасын алғандар оқып жүргенде аптасына 20 сағат жұмыс істей алады, ал каникулда толық жұмыс күніне шыға алады.

Іссапар визасы

Іссапар визасы Канадаға жұмыс бабымен, конференция, жәрмеңкеге, үйрететін курстарға барғысы келгендерге арналған. Бұл визаны алғандар Канадада жұмыс істей алмайды я ақша таба алмайды. Ресми атауы — уақытша резидентке арналған бір-ақ рет қолданылатын виза (бизнес).

Жұмыс визасы

Жұмыс визасы (Work Permit) канадалық жұмыс берушіден жұмыс туралы ұсыныс алған шетелдіктерге беріледі.

Бұл визаны алуыңыз үшін жұмыс беруші шетел азаматын жалдауға рұқсат (Labour Market Impact Assessment, LMIA) алуы керек. Кей жұмысқа шетелдік жалдау үшін LMIA рұқсаты керек емес. Жұмыс визасы белгілі бір мерзімге беріледі.

Қазақстан азаматтары Канада арқылы ұшу үшін транзит визасын алуы керек. Оның шарттары мынандай: екінші рейске көп дегенде 48 сағат қалуы керек, әуежайдан шығуға болмайды, ал келесі рейске адам транзит аймағынан шықпай мінуі керек. Виза тегін беріледі.
Мынаны да оқыңыз:

Just a moment...

Канада визасын алу қадамдары

Канада визасын алу мына қадамдардан тұрады. Бірақ виза түріне қарай құжат жинау және виза беру ұзаққа созылуы мүмкін.

1-қадам. Қандай виза керегін анықтап алыңыз.

2-қадам. Өтінім беріңіз.

  1. 1

    Мына сілтемені ашып, An application package-ды таңдаңыз.

  2. 2

    Қай визаға құжат тапсыратыныңызды таңдаңыз. Мысалы, туризм визасы: Immigrate, visit, work, study (Иммиграция, визит, жұмыс, оқу) -> To visit or transit through Canada (Канада арқылы ұшу) -> Visitor Visa. «Get the application package» (құжаттар тізімін алу) батырмасын басыңыз.

  3. 3

    Кейін To visit as a toursit (турист болсаңыз) батырмасын басыңыз.

  4. 4

    Құжаттар тізімін алғаннан кейін, IRCC порталына көшесіз. Онда анкета толтырасыз. Тіркелу оңай. “Get an invite code to create an account” батырмасын басасыз да, нұсқаулыққа қарайсыз.

  5. 5

    Тіркелгеннен кейін “Apply to visit, study or work in Canada as a temporary resident” батырмасын басасыз. Консулдық алымын төлеуге банк картаңызды, дерек енгізу үшін паспортыңыз бен куәлігіңізді дайындап қойыңыз.

Толтыруға 60 күн беріледі. 60 күннің ішінде толтырмасаңыз және өтінімді жібермесеңіз, деректеріңіз жойылып кетеді. Анкетаны ағылшынша толтыру керек. 

Анкетаны қолмен толтыруға болмайды. Оны лазер принтерден шығарып аласыз. 

Анкета үлкен, оны толтыруға көп уақыт кетеді. Канада көп ақпарат сұрайды: қайда барғансыз, ата-анаңыз кім, 18-ге толғалы бері кім болып және қайда жұмыс істеп келесіз, жұмыс істедіңіз, қандай аурыңыз бар, тағы басқа.

Онлайн өтінім бергенде визаға керек құжаттарды тіркейсіз. Салмағы 2 мегабайттан аспауы керек. Керек құжаттардың тізімін мына жерден таба аласыз.

Деректер мен құжаттарды енгізгеннен кейін 100 канада доллар консулдық алымын төлейсіз, ал биометрия деректер үшін 85 Канада долларын бересіз.

Виза құжаттарын қалай жинайсыз?

3-қадам. Виза орталығына құжат апаруға жазылыңыз. Онлайн жазыласыз.

Құжаттарды топ болып я үй-ішіңізбен бірге тапсырсаңыз, құжат тапсыруға әр адам жазылуы керек.

Әлдебір құжатты онлайн өткізбей қалсаңыз, барлық құжатты виза орталығына апарып тапсырасыз. Онлайн тапсырған болсаңыз, биометрия дерек өткізуіңіз керек деген хатты шығарып апарасыз. Келісім формасы мен паспортыңызды да апарасыз.

Жалпы, құжат тапсыру туралы нұсқаулық виза орталығының сайтында жазылулы тұр.

4-қадам. Өтініміңізді статусын қарап отырыңыз. Оны мына жерден қадағалайсыз. Поштаңызға да хабарлама келеді.

5-қадам. Паспортыңызды алып кетіңіз.

Канада визасына өткізетін құжаттар

Қазақстан азаматтары тапсыратын құжаттардың тізімі виза түріне қарай өзгереді. Әуелі ең негізгілерін көріп алайық.

  • Паспорт пен оның көшірмесі. Виза соғылған бұрынғы паспортыңыздың көшірмесін де апаруға болады.
  • Жеке куәліктің көшірмесі.
  • Өзіңіз бен отбасыңыз толтырған анкеталар. Шығарып алуыңыз керек.
  • 3,5×4,5 сантиметрлі фото.
  • Қонақүй броні мен нақты жоспарыңыз (Канадада қайда барасыз, не істейсіз).
  • Ақысы төленген барып қайтатын билеттер;
  • Жолға ақшаңыз жететіні туралы дәлел: банк берген анықтама, жұмыс орны берген анықтама (фирмалық қағазға лауазымыңыз, тәжірибеңіз бен жалақыңыз жазылуы керек). Кей адам демалыс туралы бұйрықты да қоса береді. Сапарыңыздың ақысын өзіңіз төлемесеңіз, туысыңыз демеу болатыны туралы хат беруіңіз керек;
  • Әлеуметтік жағдайыңыз туралы құжат: неке туралы куәлік, балаларыңыздың туу туралы куәлігі. 
  • Медициналық сақтандыру;
  • Канададан Қазақстанға қайтып келетініңізді дәлелдейтін кез келген құжат, мысалы, үй иесі, жер иесі я пәтер иесі екеніңізді дәлелдейтін құжат.

Бала жалғыз өзі кетіп бара жатса, туу туралы куәлігі мен ата-анасынан нотариус қол қойған рұқсат алуы керек, ал зейнеткерлер зейнет туралы куәлігін көрсетеді.

Құжаттардың түпнұсқасы мен ағылшынша аудармасын апарасыз. Аударманы нотариус растауы керек.

Қонақ визасы

Қонақ визасын алам дегендер Канада азаматы жіберген шақыруды да көрсетуі керек.

Оқу визасы

Оқуыңыз ары кеткенде алты айға созылады десеңіз, студент визасын аласыз. Мерзімі одан көп болса, уақытша тұру ықтиярхатын аласыз.

Канада үкіметі оқу орны берген шақыру хатын да талап етеді, одан бөлек, курсыңыздың ақысы төлегенін я грант берілгенін дәлелдейтін құжат сұрайды.

Іссапар визасы

Канадаға іссапарға бару үшін мыналарды да көрсетесіз:

  • Канада азаматының шақыруы (онда сапардың мақсаты жазылуы керек);
  • Іссапар туралы бұйрық (көшірмесі мен ағылшынша аудармасы).

Жұмыс визасы

Бұл Канадада жұмыс істей аласыз деген құжат. Оған жұмыс берушінің шақыруы мен мыналар керек:

  • Жұмыс келісімшарты
  • Біліктілік деңгейін көтеру я курстан өту туралы сертификат
  • Бұрынғы жұмыс орнындары берген рекомендация
  • Канада комиссиясының медициналық тексерісінен өттіңіз деген анықтама

Медициналық тексеріс мерзімі алты айдан асатын кез келген визаны жасатқанда керек болады. Қатты ауырып жүрген болсаңыз, ол құжат сізге берілмейтін шығар. Тексерісті тек Канада иммиграция медициналық орталығы IME жүргізеді. Ақысы — 250 Канада доллары. Қазақстанда бұл тексерістен өтемін дегендер мына ақпаратты оқуға тиіс.

Айтпақшы, Канадада жұмыстан шығып, басқасына кірсеңіз, қайтадан виза жасатасыз.

Канада визасына өткізілетін фотоға қатысты талаптар

  • Ары кеткенде алты ай бұрын түсірілген фотоны өткізесіз;
  • Фон ақ болуы керек;
  • Бетіңіз толық көрініп тұруы керек, иығыңыз да. Камераға тіке қарайсыз.
  • Көзәйнек тағып түсуге болмайды (көру көзәйнегі болса да).
  • Бетіңізге көлеңке түспеуі керек.
  • Бас киімге келсек, дін ұстанатындар ғана киіп түсе алады (мысалы орамал);
  • Фотоны өңдеуге болмайды, мысалы, фотошоптауға болмайды.

Биометрия деректер

Қазақстан азаматтары Канада визасын алуы үшін биометрия дерегін (саусақ ізі мен бет сканын) өткізуі керек. Дактилоскопия үшін виза орталығына барасыз. Биометрия он жылда бір тапсырылады.

Онлайн фотоға түсерде көзәйнек тағуға, дін ұстанбасаңыз бас киім киюге болмайды. Мехенди және қолға тағатын әшекейлер скандауға кедергі болады.

Биометрия дерегін тапсырмайтындар бар. Ол тізімді мына жерден біле аласыз.

Канада визасы қанша тұрады?

Визаға өзіңіз құжат тапсырсаңыз, тек консулдық алымын төлейсіз. Канаданың қысқа мерзімді иммиграциялық емес визасы 2025 жылы 100 канада доллары тұрады. Ал биометрия дерекке төленетін алым — 85 Канада доллары. 

Визаның жарамдылық мерзімі

Канада визасының мерзімі түріне қарай әртүрлі:

Турист визасы көбіне алты айға дейінгі мерзімге беріледі. Онымен сіз тек бір рет кіре аласыз. Бірақ шекарадағы офицер елге кірерде басқа мерзім қойып беруі мүмкін. Кейде 10 жылға дейінгі мерзімге берілетін әрі көп рет кіруге рұқсат беретін виза алуға болады, бірақ әр кіргенде ары кеткенде алты ай жүре аласыз.

Студент визасы оқуыңыздың мерзіміне беріледі, бірақ үстінен бірнеше ай қосылады (көбіне 90 күн). Себебі сізге визаны ұзартуға я статусыңызды өзгертуге уақыт беріледі.

Жұмыс визасының мерзімі жұмыс келісімшартына қарай, бірақ 4 жылдан аспайды. Бірақ кейде 4 жылдан аса уақытқа да жасатуға болады. 

Іссапар визасының мерзімі туризм визасінікі сияқты консулдық офицеріне байланысты, алайда көбіне тек 6 алты айға дейінгі мерзімге беріледі. Көп рет кіру визасы 10 жылға дейін берілуі мүмкін.

Қазақстан азаматтары Канада визасын алу үшін қайда баруы керек?

Канада визасының құжаттарын Алматыдағы я Астанадағы виза орталығына барып тапсырасыз. 

Қазақстан қаласыМекенжайыЖұмыс уақыты
Алматы35Б-кеңсе, 3-қабат, Сәтбаев 29/6, Rahat Palace HotelҚұжат өткізу, құжат алу: 08:30 — 17:00
АстанаКанада виза орталығы, Астана мұнарасы, Самал 12, 2-қабатҚұжат өткізу, құжат алу: 08:30 — 17:00

Канада визасы ненің кесірінен берілмей қалуы мүмкін?

  1. 1

    Канадағы шығындарыңызды өтеуге жететін қаражатыңыз жоқ болғандықтан;

  2. 2

    Сапардың мақсаты түсініксіз. Онда не істейтініңіз нақты жазылмаған;

  3. 3

    Отаныңызға қайтып келмеуіңіз мүмкін деген күдік. Сондықтан Қазақстанда отбасыңыз, жұмысыңыз, қаржылай міндетіңіз барын дұрыстап дәлелдеуіңіз керек. 

  4. 4

    Құжаттарыңыз түгел емес, өзіңіз берген мәліметте қате я қарама-қайшылық бар.

  5. 5

    Ауыр дерттісіз және бұл ауру Канаданың денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін я тым салмақ салуы мүмкін.

  6. 6

    Канадалықтардың өміріне қауіп төндіруіңіз мүмкін деген күдік. Оған сіздің бұрын құқық бұзғаныңыз я қылмыс жасағаныңыз немесе қауіпті ұйымдарға қатысыңыз бары түрткі болуы мүмкін.

  7. 7

    Канадада қалып қоюыңыз мүмкін деген күдік. Офицер сіз елде виза мерзімі бітсе де жүре береді, қалып қояды деп шешсе, виза берілмей қалады.

  8. 8

    Виза ережелерін бұзғаныңыз, мысалы, жұмыс визасын алмай жұмыс істегеніңіз.

Виза берілмей қалған кезіңіз болды ма?

5

0

Автордың суреті
Арай Жауперова

,

Сізге қызық болып қалар:

АҚШ визасын алу жөніндегі толық нұсқаулық

АҚШ визасын алу жөніндегі толық нұсқаулық

Шенген визасын алу туралы қадам-қадамы жазылған нұсқаулық

Шенген визасын алу туралы қадам-қадамы жазылған нұсқаулық

Кореяда оқимын, емделемін я жұмыс істеймін дегендерге арналған нұсқаулық

Кореяда оқимын, емделемін я жұмыс істеймін дегендерге арналған нұсқаулық

Британ визасын алуға қандай құжаттар керек

Британ визасын алуға қандай құжаттар керек

Визаның түрлері мен құжат тапсыру тәртібі

Визаның түрлері мен құжат тапсыру тәртібі

Осы айдардан:

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз