2025 жылы Үндістан визасын қалай алуға болады?
Үнді визасын алудың амалдары
Қазақстан азаматтары Үндістан мен Гоа аралына барамын десе виза алуға тиіс. Оны Үндістан елшілігіне барып та, онлайн да (электрондық) алуға болады. Үнді визасы 30 күнге, 1 жылға я 5 жылға беріледі. Оны алғаннан кейін Үндістанға екі рет я одан көп кіре аласыз. Қазір сізге Үндістан визасын қалай алуға болатынын айтып береміз.
Үндістанның туризм визасын алу процесі
1. Виза таңдау
Үндістанның электрондық визасы (e-Visa) онлайн беріледі. Оны Үндістанға аз уақытқа баратындар алады. Кәдімгі визаны виза орталығына я елшілікке барып аласыз. Бұл визаны Үндістанда ұзақ тұрғысы келетіндер алады.
2. e-Visa алу үшін онлайн өтінім жіберу
Үндістан визасының ресми сайтына кіріп, анкетасын толтырыңыз: жеке мәліметіңізді, сапарыңыз туралы ақпаратты жазып, фотоңыз бен паспортыңызды салыңыз. Анкетаны ағылшынша толтыру керек!
Толтырғаннан кейін консулдық алымын төлейсіз. Қанша төлейтініңіз қандай виза алатыныңызға байланысты.
3. Өтінім расталғанын күту
e-Visa анкетасын дұрыс толтырсаңыз, өтініміңіз расталды деген хат келеді. Өтінімнің статусын мына сайттан қадағалап отыруға болады: https://indianvisaonline.gov.in/evisa/StatusEnquiry.
4. Визаны алу
e-Visa берілсе, оны шығарып алып, жолға алып кетуіңіз керек.
Визаны Үндістан консулдығына барып алғыңыз келсе, консулдыққа жазылып, сұраған құжаттарын өзіңіз апарып беріп, ақысын қолма-қол төлеуіңіз керек.

Үндістан визасының түрлері
Үндістан үкіметінің сапарыңыздың мақсатына қарай мынандай визалары бар:
1. Электрондық виза (e-Visa)
Туристердің көбіне жарайтын виза. Оны елшілікке я консулдыққа бармай онлайн ала беруге болады.
- e-Tourist Visa — туризм, демалыс, экскурсия, достармен кездесу я йога курстарына қатысу үшін алатын виза;
- e-Business Visa — іссапар, конференцияға қатысу үшін я серіктестермен кездесу үшін алатын виза;
- e-Medical Visa — медициналық мекемеде емделу үшін алатын виза;
- e-Medical Attendant Visa — Үндістанға емделуге баратындарды ертіп жүретіндер алатын виза;
- e-Conference Visa — Үндістанның үкіметі ұйымдастырған халықаралық конференцияға қатысатындар алатын виза;
- e-Ayush Visa — Аюрведа емін алғысы келетіндер алатын виза;
- e-Ayush Attendent Visa — Аюрведа емін алғысы келетіндерді ертіп жүретіндер алатын виза;
- e-Student Visa — үнді оқу орнында оқуға баратындар алатын виза;
- e-Student Dependent Visa — Үндістанда оқып жатқан студенттердің туыстары алатын виза;
- e-Emergency X-Misc Visa — Үндістанның ерекше жағдайларда шұғыл берілетін визасы. Мысалы, төтенше жағдай болғанда.
2. Кәдімгі виза
Кәдімгі визаны Үндістанның виза орталығына я елшілігіне барып аласыз. Оның мерзімі — 6 ай, 1 жыл немесе 5 жыл. Оны алып, Үндістанға бір-ақ рет, екі рет я бірнеше рет кіре аласыз. Өзіңіз барып алуыңыз қажет. Бұл визаның негізгі түрлері мынандай:
- Туризм визасы — Үндістанға қыдырып баратындар;
- Бизнес визасы — іссапарға, серіктестермен кездесуге, жобаға қатысуға баратындар;
- Медициналық виза — үнді емханасында ұзақ емделетіндер;
- Оқу визасы — үнді университетінде, курстарында оқитындар;
- Жұмыс визасы — Үндістанда заңға сай жұмыс істейтіндер;
- Entry Visa — Үндістанда тұрып жатқан шетелдіктердің туыстарына арналған.
3. Транзит визасы
Үндістанда рейстен рейске ауысып міну үшін алынады. Ары кеткенде 15 күнге беріледі. Елде көп дегенде 72 сағат жүруге рұқсат береді. Оны алу үшін үшінші елге ұшып кететініңізді дәлелдейтін ұшақ билетіңіз болуы керек.


Үндістанның электрондық визасын алуға керек құжаттар
1. Паспорт
- Үндістанға кіргеннен кейін кемі 6 ай жарамды болуы керек;
- Екі беті бос болуы керек;
- Мәліметіңіз жазылаған беттің PDF көшірмесі я сканы (өлшемі 300 KB аспасын).
2. Фотоңыз
- Ақ фонды түсті фото, ең кемі 350*350 пиксел болуы керек;
- Форматы — JPEG, өлшемі — 10 KB мен 1 MB арасы;
- Түріңіз анық көрініп тұруы керек, көлеңке түспеуі керек, бас киім киюге болмайды (бірақ діни бас киім киюге болады)
3. Сапарыңыздың мақсаты (кей виза аларда керек)
- Туризм визасы (e-Tourist Visa) — қосымша құжат керек емес.
- Бизнес визасы (e-Business Visa) — үнді компаниясы жолдаған шақыру хаты, визитхаты я деректері;
- Медициналық виза (e-Medical Visa) — үнді емханасы емнің егжей-тегжейін жазып жолдаған шақыру хаты;
- Конференция визасы (e-Conference Visa) — Үндістанның мемлекеттік органы мақұлдаған конференцияға шақыру хаты.
4. Барып қайтарға алған билетіңіз
Визаға құжат тапсырарда аса керек емес, бірақ шекарадан өтерде керек болады.
5. Үндістанда тұратын жеріңіз
Қонақүйдің атауы, мекенжайы я күтіп алатын адамдардың жеке деректері.
6. Виза алымын төлейтін банк картасы
Онлайн төленеді (Visa, MasterCard, басқа да тәсілдер).
Нені білген маңызды?
Шекарада мәселе тумасын десеңіз, e-Visa жасатқанда бірнеше нюансты ескеріңіз:
1. Жалғыз жүрген саяхатшы әйелге арналған виза
Үндістан жалғыз қыдырып жүрген әйелдерді кіргізбейді емес, кіргізеді, бірақ құжат тексерткенде сұрақ қойып, басқа құжат сұрауы мүмкін. Сондықтан барар алдында қонақүй брондап, қайтарға билет алып қойыңыз.
Үндістанға не үшін келгеніңізді нақтылап айтыңыз. Бұл елге рухани демалысқа келдім деп жалпылап айтудың керегі жоқ: шекарашылар ұзақ тексеруі мүмкін.
2. Кәмілет жасына толмаған балаға арналған виза
Балаға виза алу үшін бөлек анкета толтырасыз. Ол бала ата-анасының паспортына енгізілсе де толтырасыз. Одан бөлек мына құжаттар керек:
- Туу туралы куәлік (ағылшын тілінде я нотариус растаған аудармасы);
- Бала шетелге әкесімен (шешесімен) бірге шығайын деп тұрса, шешесінен (әкесінен) балам шетелге шыға алады деген рұқсатын алу керек.
3. Гоаға барғанда ескеретін жайттар
Гоаға баратындар e-Tourist Visa алса жетіп жатыр. Гоа әуежайының көші-қонға қатысты процедурасы ерекше әрі туризм маусымында кезек ұзын-сонар болуы мүмкін.
Гоада сайлау күні мен діни мереке болғанда ішімдік ішуге болмайды. Алкоголь туристерге арналған жерлерде де сатылмайды.
4. Визаны шығарып алуыңыз КЕРЕК!
Электрондық виза алғаннан кейін оны шығарып алуыңыз керек. Телефоннан көрсетуге болмайды!
Елге кіргенде шекаршылар паспортыңызға келген күніңізді жазып, мөр қояды. Біліп жүріңіз: Үндістанда визада көрсетілген мерзімнен аса жүруге болмайды.
5. e-Visa алғандар Үндістанға қай жерден кіре алады?
Электрондық виза Үндістанның кей әуежайында істемейді. Ондай визасы барларды өткізетін әуежайлардың негізгілері: Дели, Мумбай, Гоа, Ченнай, Қолқата (Калькуттаның ресми атауы), Баңғалор және басқа қалалардың әуежайы.
e-Visa алғандар көлікпен я жаяу барып өте алмайды, тек әуежайдан я теңіз портынан кіре алады.
6. Үндістан визасының санатын өзгертуге болмайды
Электрондық визаны жұмыс, оқу я басқа визаға ауыстыруға болмайды. Ауыстырғыңыз келсе, елден кетіп, басқа виза аламын деп құжат тапсыруыңыз керек.
Виза неше күнде беріледі?
3–5 жұмыс күні ішінде беріледі.
Электрондық визаны тездетіп беру деген жоқ, сондықтан өтінімді барынша ертерек берген жақсы. Бірақ сапарға 120 күннен артық уақыт қалса беруге болмайды.
- Анкетада қате кетсе, виза берілмей қалады.
- Мереке күндері уақыты ұзаруы мүмкін.

Үнді визасының жарамдылық мерзімі
1. Туризм визасы (e-Tourist Visa)
- 30 күн — екі рет кіргізетін виза, мерзімі Үндістанға кірген күні басталады;
- 1 жыл — көп рет кіргізетін виза, мерзімі виза берілген күні басталады;
- 5 жыл — көп рет кіргізетін виза, мерзімі виза берілген күні басталады;
- e-Visa алғандар Үндістанда бір барғанда максимум 90 күн жүре алады. Одан кейін елден кетіп, қайта кіру керек.
2. Бизнес визасы (e-Business Visa)
- Жарамдылық мерзімі — 1 жыл, берілген күні басталады;
- Көп рет кіруге болады;
- Елде қатарынан 180 күн жүруге болады.
3. Медициналық визасы (e-Medical Visa)
- Үндістанға кіргеннен кейін 60 күн жарамды болады.
- Елге үш рет кіруге болады.
4. Конференция визасы (e-Conference Visa)
- Елге кіргеннен кейін 30 күн жарамды;
- Бір-ақ рет кіруге болады.
Үндістанның электрондық визасының (e-visa) бағасы
Визаның түрі | Визаның бағасы (USD) |
30 күндік e-Tourist Visa (шілде - наурыз) | $25 |
30 күндік e-Tourist Visa (сәуір - маусым) | $10 |
1 жылдық e-Tourist Visa | $40 |
5 жылдық e-Tourist Visa | $80 |
Бағасы доллар болғанымен, елшілікте теңге бересіз!
Виза дайын екенін я емесін қалай білуге болады?
e-Visa жасатуға өтінім жібергеннен кейін оның статусын онлайн қадағалап отыруға болады.
1
Визаңыздың статусын көру үшін ресми сайтқа кіресіз;
2
Құжат тапсырылғанда берілген нөмір мен паспортыңыздың нөмірін тересіз. Кейін Check Status деген батырманы басасыз;
3
Визаның статусын тексересіз: Granted деп тұрса, виза берілді деген сөз. Under Process — өтінім қаралып жатыр деген, ал Rejected — виза берілмейді деген, Payment Pending — ақысын қайта төлеу керек деген сөз.
Үнді визасы неге берілмей қалуы мүмкін?
1
Өтінім қате жазылған. Аты-жөніңізді, паспортыңыздың нөмірі мен туған күніңізді қатесіз жазыңыз.
2
Құжатыңыздың форматы жарамайды. Паспорттың сканы түсініксіз, бұлдыр-бұлдыр боп тұрса, фотоңыз талапқа сай болмаса (мысалы, тым қараңғы, көлеңке түсіп тұр, фоны басқа түсті), жүктеген файлыңыз оқылмаса я өлшемі үлкен болса, виза берілмейді.
3
Виза алымы төленбей қалған.
4
Үндістанның қауіпсіз аймақтарына барғыңыз келеді. Анкетаға Жамму, Кәшмір, Маныпұр, Нағалент, Арынашал-Прадешке баратыныңызды жаздыңыз. Бұл аймақтарға бөлек рұқсат алу керек.
5
Виза таңдарға қателескенсіз: e-Tourist визасын жұмыс істеу үшін, оқу я ұзақ тұру үшін алғыңыз келген. Үндістанға қайта-қайта барып-келіп жүргенде туризм визасын алмақшы болдыңыз. Ондағылар сізді туризм визасын заңсыз жұмыс істеу үшін алғыңыз келді деп ойлап қалуы мүмкін.
Үндістанның Қазақстандағы елшіліктері
Қазақстан азаматтары виза алу үшін Үндістанның консулдығына да, елшілігіне де бара алады:
- Астана, Космонавт көшесі, 62А, Presidential Plaza бизнес орталығы. Телефон нөмірлері: + 7 7172 - 925 700/701/702.
- Алматы, Жароков көшесі, 362. Телефон нөмірлері: + 7 (727) 269‒69‒40.
3
0