2025 жылы Италия визасын алу үшін Қазақстан азаматтары не істеуі керек?
Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат
Италия — Қазақстан туристерінің арасында өте танымал ел. Көбі Милан көшелерін көргісі келеді, өзгелері Римдегі ежелгі сарайлар мен шіркеулерге барғысы келеді. Ал енді біреулер Сицилияның күніне күйіп жатқысы келеді.
Италия Шенген аймағына кіретіндіктен Қазақстан азаматтары шенген визасын алуға тиіс. Қазір қалай алуға болатынын айтып беремін.
Италияның қандай визалары бар?
Италия визасын аларда қандай құжат керегі ол жаққа неге бара жатқаныңызға байланысты. Италия үкіметі визаларын былай деп бөлген: туризм, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар, транзит, медициналық пен қайта берілетін виза.
Туризм
Туризм визасы демалатындарға 90 күнге беріледі. Туристердің барлық дерлігі осы визаға құжат тапсырады.
Қонақ
Қонақ визасы я шақыруға қарай берілген виза да 90 күнге беріледі. Ол үшін Италиядан атыңызға шақыру алуыңыз керек. Шақырған жақ ол елде заңға сай тұрып жатқаны шарт және құжаттары болуы керек.


Студент (оқу)
Кей сарапшы оқу визасы мен студент визасы бөлек дейді. Қысқаша айтқанда бұл визалар Италияның университетінде, мектебі мен тіл курстарында оқуға рұқсат береді. Визаның мерзімі оқудың мерзіміне тең.
Жұмыс
Жұмыс визасы Италияда еңбек етуге баратындарға беріледі. Оны еңбек визасы да деп жатады. Бұл виза Италияда заңға сай жұмыс істеуге, келісімшартқа отыруға мүмкіндік береді. Мұндай визасы барларға жеңілдік, сақтандыру мен несие алу құқығы беріледі. Мерзімі — бір жылға дейін.
Іссапар
Іссапар (бизнес) виза профильді конференцияларға қатысуға, келіссөз жүргізуге, кәсіп ашуға рұқсат береді. Бұл визаны 5 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Транзит визасы
Транзит визасын басқа елдерге Италия қалалары арқылы ұшқанда керек болады. Мысалы, Испанияға Италия арқылы бара жатсаңыз. Есіңізде болсын, елшілік сапардың нақты бағытын сұрауы мүмкін. Транзит визасы қалай жол жүретініңізге қарай 3-10 күнге берілуі мүмкін.
Медициналық
Италияның медициналық визасы ем алатын, тексерілетін адамдарға беріледі. Оны алу үшін міндетті түрде лицензиялы жеке емханадан құжат алу керек әрі ем ақысының 30 пайызын төлеп қою керек.
Қайта берілетін виза
Бұл виза — Италияға қайтадан баратындарға берілетін құжат. Бірақ оны рұқсаты бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен я паспортын жоғалтып алғанда ғана ала алады. Қайта кіру құжатын (nulla osta) шетелге оқу я жұмыс үшін шыққанда сұрайсыз. Бұл визаны алуға құжат тапсыра аласыз, бірақ рұқсаттың мерзімі өткеннен кейін 60 күн өткеннен соң тапсыра аласыз.
Италияның ұлттық визасы (D типі)
Ұлттық виза деген — бес жыл бойы Италияда тұруға рұқсат беретін ұзақ мерзімді виза. Мұны әдетте осы елдің азаматы болғысы келетіндер алады.
Ұлттық виза тұру ықтиярхатына тең. Оны алған адам Шенген елдерінде 90 күн жүре алады.

Италия визасының санаттары
Италия визасы төртке бөлінеді.
- А типті виза — Италия арқылы ұшатындарға берілетін транзит визасы. Оны алғандар әуежайдан шыға алмайды.
- В типті виза — Италия әуежайынан бес күнге шығуға рұқсат беретін транзит визасы.
- С типті виза — Италия мен Шенген елдерінде жарты жыл сайын 90 күнге дейін жүруге рұқсат беретін құжат. Бір реттік я көп реттік болуы мүмкін.
- D типті виза — жаңа айтқан ұзақ мерзімді виза. Италияда тұрып, Шенген елдеріне барып келіп жүруге болады.
Италия визасын алу үшін не істеу керек?
1
Италияға не мақсатпен және неше күнге кетіп бара жатырсыз? Елге неше рет кіріп шыққыңыз келеді? Жауабына қарай қай визаға құжат тапсыруыңыз керек екені анықталады.
2
Анкетаны толтырыңыз. Анкетаны өтінімді қайдан беретініңізге және типіне қарай онлайн толтыра аласыз! Кәмелет жасына толмаған баланың анкетасын бөлек толтырасыз.
3
Керек құжаттарды жинаңыз. Тізімін төменге жазып қоямыз.
4
Италияның Алматыдағы я Астанадағы виза орталығына жазылып қойыңыз. Құжатты сол жерге барып тапсырасыз.
5
Консулдық және қызмет алымын төлеңіз.
6
Виза алуға өтінім қалдырыңыз. Ресми сайттағы сілтемені ашып өтінім бере аласыз. Өтінім беруші тек өзінің және туыстарының атынан өтінім жібере алады. Туыс деген — жұбайы мен кәмелетке толмаған балалары. Өтінімді ұшуға жарты жылдан аз уақыт қалғанда, бірақ 15 күн қалмай тұрып беруге болады. Теңізшілер өтінімді 9 айдан аз уақыт қалғанда бере береді. Құжат тапсыруға барғанда орталықтағылар биометриялы деректеріңізді (саусақ ізіңізді) алып қалады. Кейінгі 59 айдың ішінде тапсырмаған болсаңыз, тапсырудың қажеті жоқ. 12-ге толмаған балалар саусақ ізін өткізбесе де болады.

Италия визасын алуға керек құжаттар
Италия визасы — Шенген визасы, бірақ оған тапсырылатын құжаттарды итальян тіліне аудару керек. Ол үшін Италияның бас консулдығы мақұлдаған аударма агенттіктеріне барасыз.
Турист визасын алу үшін мына құжаттарды өткізуіңіз керек:
1
Паспорт Шенген аймағынан шыққаннан кейін кем дегенде алты ай жарамды болуы керек және екі беті бос болуы керек;
2
Қонақүй броні;
3
3*4 фотосы: артқы фон ақ, үстіңіздегі киім қара түсті болуы керек, аксессуар, көзәйнек болмауы керек әрі маңдайыңыз жабық болуы керек.
4
Жұмыс орны берген анықтама. Онда жалақыңыз, неше жыл жұмыс істеп келе жатқаныңыз, лауазымыңыз, компанияның реквизитттері мен байланыс деректері. Демалыс туралы бұйрық. Онда басшының мөрі мен қолы қойылған болуы керек. Студенттер мен оқушылар оқу анықтамасын апарады.
5
Қаржы жағдайыңызды растайтын құжаттар: банк шотыңызда бір күнге 80 еуро ақшаңыз барын дәлелдейтін анықтама; кейінгі үш айда шотыңызға қанша ақша түсіп, қанша ақша кеткенін көрсететін анықтама.
6
Неке туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі;
7
Екі жақтың ұшақ билеті;
8
Пәтер я қонақүйден бөлме жалдағаныңыз туралы құжат;
9
Шенген аймағанда жарамды сақтандыру. Ол емге кететін 30 мың еуро шығыныңызды жабуы керек;
10
Мекенжай анықтамасы.
11
Толтырылған анкета.
Іссапар визасын алғысы келетіндер мына құжаттарды да өткізуі керек:
- Шақырудың түпнұсқасы;
- Шақырып отырған фирманың сауда палатасы (visura camerale) берген анықтама, мерзімі алты айдан аспауы керек;
- жұмыс берген анықтама мен іссапар туралы бұйрық.
Қонақ визасын алғысы келетіндер Италия азаматтарының шақыруы мен қаржы жағдайын көрсететін анықтама.
Италия визасын алу қалай өтеді?
Құжат тапсыруға онлайн жазыласыз. Құжаттарды Италияның Астанадағы я Алматыдағы виза орталығына жібересіз. Жұмыс тәртібі: дүйсенбі-жұма, 9:00-13:00. Италия визасына бірінші рет құжат тапсырып жатсаңыз, құжаттарды өзіңіз апарасыз.
Сол жерде консулдық алымын төлейсіз. Оны құжат тапсырғанда өзіңіз төлейсіз я сіз сенімхат берген адам арқылы төлейсіз. Құжатты қай жағдайда жібересіз? Бұрын Италия визасына тапсырған болсаңыз әрі содан бері 60 ай өтпеген болса.

2024 жылы Италия визасын жасату қаншаға шығады?
Визаның ақысы типі мен мерзіміне қарай өзгереді. Өзіңіз барып тапсырсаңыз, тек консулдық алымын төлейсіз. Алым ересектерге 80 еуро, 6-12 жасар балаларға 12 еуро, алтыға толмағандарға тегін.
Кей санатты азаматтар алым төлемейді. Мысалы, Еуропа одағының азаматының туысы я сонда оқып жатқан студент болсаңыз.
Виза берілмей қалса, алым қайтарылмайды.
Визаның жарамдылық және жасату мерзімі
Италия визасы 5-15 күнде жасалады. Кейде мереке деп ұзап кетуі мүмкін. Виза дайын, дайын емесін виза орталығының сайтынан біле аласыз.

Италия визасын қайдан алуға болады?
Алматыдан да, Астанадан да. Астанадағы елшіліктің мекенжайы — Астана қаласы, Космонавтов көшесі, 62А, «Ренко» бизнес орталығы. Виза орталығы — Каранбай Батыр көшесі, 6/1, 9-қабат, 92-кеңсе.
Алматыдағы елшілік — Қазыбек би көшесі, 41, «Park Palace» бизнес орталығы. Виза орталығы — Сейфуллин көшесі, 498, 5-қабат, 503-кеңсе.
Паспорт беру жұмыс күндері 15:00-16:00 аралығында. Жаныңызда жеке куәлігіңіз болсын.
Италия визасы берілмей қалса, не істеу керек?
Түрлі себеппен виза берілмей қалуы мүмкін. Мысалы, құжаттар дұрыс жиналмаған, өтірік құжаттар, шенген аймағының ережесін бұзғансыз, визаға қатысты бұрын проблемаңыз болған, сотталғансыз я табысыңыз тым аз.
Виза берілмесе, 60 күннің ішінде апелляция беруіңізге болады. Не үшін берілмей қалғанын туралы бланк сұратыңыз. Бұған да ақша төлейсіз. Арызыңызды жергілікті әкімшілік сот (T.A.R.) қарайды.
17
0