Италияның оқу визасын 2025 жылы қалай алуға болады?

Италияның оқу визасын 2025 жылы қалай алуға болады?
Білген жөн 6 мин оқисыз
28.08.2023

Италияның оқу визасын 2025 жылы қалай алуға болады?

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Италия — Қазақстан студенттері оқуға көп баратын елдердің бірі. Себебі олардың университеттері беделді, итальян тілін білетіндерге тегін әрі климаты жақсы, халқы қонақжай.

Қазақстан азаматтары паста отанына барып оқу үшін виза алуы керек. Италияның оқу визасын қалай алуға болатынын осы мақалада айтып берейік.

Қазақстан азаматтарына Италияда оқу үшін қандай виза керек?

Студент визасы оқудың мерзіміне қарай екіге бөлінеді: қысқа мерзімді шенген визасы және ұзақ мерзімді ұлттық деп бөлінеді.

Қысқа мерзімді оқу визасы

Италияға оқуға барғалы жатсаңыз, мысалы, итальян тілін үйренуге, және бұл оқуыңыздың мерзімі 90 күннен аспаса, С типті шенген визасын алғаныңыз жөн. Соның арқасында сіз Италия мен Шенген елдерінде 90 күн жүре аласыз. Визаның мерзімін кейін ұзарта алмайсыз. Қайтадан жасатуыңыз керек болады. 

Италияға барғаннан кейін 8 күн ішінде Presence Declare өтінімін толтыруыңыз керек. Оны толтырмасаңыз, 160-1100 еуро айыппұл төлейсіз.

Ұзақ мерзімді оқу визасы

Мерзімі 90 күннен асатын оқудың кез келген түрі бұл. Италия мектебінде, университет пен колледжінде оқу үшін D типті ұлттық виза алуыңыз керек. Ол ары кеткенде 1 жылға деп беріледі. Дәл осы визаны қалай алуға болатынын төменге жазамыз.

Италия визасын алу шарттары уақыт өте өзгеруі мүмкін. Құжат тапсырар алдында қандай шарттар барын біліп алыңыз.

Айтпақшы, Presence Declare қағазын визаға құжат тапсырарда толтыруға тиіссіз. Оны ең жақын поштаға барып істей аласыз. 

Шетел студенттеріне қойылған талаптар

Италияның студент визасын алу үшін Қазақстан азаматтары бүйтуі керек:

  • Италиядағы оқу орнына түсіп, ресми шақыру алуы керек;
  • Оқу орны емтихан тапсыруы керек десе, тапсыруы керек;
  • Ағылшын я итальян тілінің (оқу орнының қалауына қарай) қай деңгейде білетіні туралы сертификатты көрсетуі керек;
  • Италияда тұратын жері мен шотында жеткілікті қаражаты барын дәлелдейтін құжаттарды жинауы керек.

Италияның оқу визасын алу кезеңдері

  1. 1

    UNIVERSITALY порталына онлайн тіркелесіз.

  2. 2

    Өтінімін толтырып, шығарып алыңыз.

  3. 3

    Керек құжаттарды екі экземпляр қылып апаруыңыз керек. Бірақ әуелі апостиль қойдырып, нотаруисқа апарып аудартасыз.

  4. 4

    Оқу орны талап етсе,  диплом растайтын Dichiarazione di valore берген растау хатын алыңыз;

  5. 5

    VMS виза орталығына барып, студент визасын алуға құжат тапсырыңыз.

  6. 6

    Италия консулдығына барып сұхбаттасудан өтесіз.

 VMS виза орталығының сайты мына сілтемеде тұр.

Оқу орныңызға қарай алдыңғы бірінші және екінші кезеңді өткізе салсаңыз болады. A.F.A.M жоғары көркем өнер, музыка және хореография мектебіне, SSML лингвистика мектебі, арнайы психотерапия институты мен ITS техника институтына түссеңіз, сол екі қадамды орындамасаңыз болады. 

Италияның студент визасын алу үшін қандай құжаттар тапсыру керек?

Құжаттар тізімі стандарт. Бірақ бас консулдық керек десе тағы құжат сұрауы мүмкін.

Визаны алуға мынандай құжаттар керек:

  • Жарамды паспорт. Италиядан қайтып келгенде паспортыңыз әлі жарты жыл жарамды болуы керек, ал екі беті бос болуы керек. 
  • Кейінгі үш жылда алған шенген визаларыңыздың көшірмелері.
  • Өзіңіз толтырған анкета. Оны Италия елшілігінің сайтынан ала аласыз. 
  • 3,5*4,5 сантиметрлі төрт сурет. Фоны ақ болуы керек. Бір сурет консулдықтың өкілі растауы керек.
  • Білім деңгейіңіз туралы аттестат я оған балама болар анықтама.
  • Түсу емтиханынан өткеніңізді растайтын сертификат.
  • Оқу орныңыз жіберген ресми шақыру хаты. 
  • Толтырылған Form A өтінімі, ағылшынша, екі экземпляр;
  • Шотыңызда оқудың әр айына кетер 457,99 еуроңыз барын дәлелдейтін анықтама;
  • Сіздің шығыныңызды басқа біреу өтесе, демеуші жазған әрі қол қойған демеушілік туралы хат, демеуші сізге туыс болса, соны растайтын анықтамалар, оның шығыныңызды өтеуге қаражаты жететінін растайтын құжаттар: жұмыс анықтамасы (фирмалық қағазға жазылуы керек, ішінде демеушің лауазымы мен жалақысы көрсетіліп тұруы керек), кәсіпкер болса, Жеке кәсібі я ЖШС тіркелді деген куәлік, қарызы жоғын растайтын анықтама, шотында жеткілікті қаражаты барын растайтын банк анықтамасы, кейінгі алты айдың үзінді-көшірмесі.
  • Қазақстанға қайтуға жетер я қайтатын билетіңізге жетер ақшаңыз барын растайтын құжат. Айтпақшы, қысқа мерзімді виза аларда қайтарға алған билетіңізді сұрайды, бірақ ұзақ мерзімді виза аларда сұрамайды.
  • Медициналық сақтандыру. Шенген визасын алғалы жатсаңыз, оқуыңыздың мерзімі неше күн болса, сонша күнге жасатуыңыз керек. Ал ұлттық виза алғыңыз келсе, сегіз күнге жасата салыңыз. Кейін басқа сақтандыру сатып аласыз.
  • Италияда қайда тұратыңызды растайтын құжат.
  • Консулдық алымын төлегеніңіз туралы түбіртек.
  • Жасыңыз 18-ден аспаса, құжаттардың қасына ата-анаңыздың екеуі де шетелге шығуыңызға келісім бергенін дәлелдейтін әрі нотариус растаған құжат. Ата-анасыз болсаңыз, оны да құжат арқылы дәлелдеу керек. Мысалы, олар сізге ата-ана болу құқығынан айырылғаны туралы сот шешімі я қайтыс болғаны туралы куәлік.

Италияның студент визасы қанша тұрады?

Қысқа мерзімді студент визасының консулдық алымы — 80 еуро, ал ұзақ мерзімді виза 116 еуро тұрады. Теңгемен төлейсіз.

Құжаттарды виза агенттіктері арқылы тапсырсаңыз, консулдық алымынан бөлек виза агентінің ақысын да төлейсіз.

Италияда тұру ықтиярхаты

Тұру ықтиярхатын студент Италияға барғаннан кейін 8 күнде жасатуы керек. Жасатқан — міндет. Тұру ықтиярхатын алуға өткізілетін өтінім Presence Declare деп аталады. Хат бір жылға беріледі де, оқуыңыздың мерзіміне қарай ұзартыла береді.

Өтінімді тапсыру үшін тұратын жеріңіздің пошта бөліміне барып, бланкі бар конверт пен ықтиярхат анкетасын сатып аласыз, анкетаны мен өзге құжаттарды толтырып, алымын төлейсіз (30 еуро), түбіртегін аласыз. Құжаттар мен түбіртекті конвертке салып, поштаның қызметкеріне табыстайсыз.

Конвертті желімдемеңіз! Құжаттарды жіберер алдында қызметкер конвертте құжаттардың бәрі тұр екеніне көз жеткізеді. Кейін конверт табысталды деген түбіртекті береді. Өтінімнің статусын www.portaleimmigrazione.it сайтынан қарап отыруға болады. Шығатын күні де сол жерде жазылып тұрады.

Кейін сізге қызметкерлер ықтиярхатты алып кететін күн мен уақытты айтады. Кейін көші-қон бөліміне барып, сұхбаттасудан өтуіңіз керек. Ықтиярхат дайын болғанда сізге хабар жіберіледі.

Италияда тұру ықтиярхаты резидент картасы деп те аталады. Оның алған студент оқып жүргенде аптасына 20 сағат, жылына 1 040 сағат жұмыс істей алады. Италиядан тыс жерде 6 айға дейін жүруге болады. Оқу аяқталғаннан кейін сол жерде қалып жұмыс істеймін десеңіз, ықтиярхатыңызды жұмыс визасына ауыстыруға болады. Бес жылдан кейін сізге тұрақты тұру ықтиярхаты беріледі.

Италияның оқу визасының мерзімі

Қысқа мерзімді шенген визасына ары кеткенде 90 күнге беріледі. Ұлттық виза 90 күн - 1 жыл жарамды болады. 

Италия визасы неліктен берілмей қалуы мүмкін?

Италия үкіметі әдетте студент визасын алғысы келетіндерге виза береді. Бірақ кейде бермей жатады. Оған мыналар себеп болуы мүмкін

  • Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен құжаттарды тапсырдыңыз. Мысалы, тіл сертификаты (2 жылдан аспауы керек), банк анықтамасы, медициналық сақтандыру.
  • Құжаттарыңыз түгел емес. Ондайда елшілік я консулдық хабарласып, керек құжаттарды әкеп беріңіз деп талап етеді.
  • Италияда тұруға жетер қаражатыңыз жоқ. 
  • Өтірік ақпарат бергенсіз. Университет жіберді деп жалған шақыру жасаудың керегі жоқ. Оның шын-өтірігін бәрібір базаға кіріп тексереді. Жалған құжат бергеніңіз анықталса, бірнеше жыл шенген ала алмауыңыз мүмкін, яғни қара тізімге енесіз.
  • Сұхбатта сұрақтарға дұрыс әрі сенімді жауап бере алмадыңыз.
  • Бұрын Шенген аймағының виза талаптарына бағынбағансыз.
  • Бұрын Италияға барғанда заң бұзғансыз.

Италия визасын алуға көмек керек десеңіз, біздің сайтты ашып, өтінім жазсаңыз болады. 
Freedom Travel (Авиата) кез келген елдің визасын алуға көмектеседі!

3

1

,

Сізге қызық болып қалар:

Шенген визасын алу туралы қадам-қадамы жазылған нұсқаулық

Шенген визасын алу туралы қадам-қадамы жазылған нұсқаулық

Мафия, футбол, жер сілкінісі, банктер мен ЮНЕСКО объектілері

Мафия, футбол, жер сілкінісі, банктер мен ЮНЕСКО объектілері

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Осы айдардан:

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз