Логотип

2025 жылы Қытай визасын қалай алуға болады?

2025 жылы Қытай визасын қалай алуға болады?
Білген жөн 10 мин оқисыз
10.07.2024

2025 жылы Қытай визасын қалай алуға болады?

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Қытай — қазақстандықтар жиі баратын елдердің бірі. Біреу Хайнанда жатып демалуға, біреу Үрімшінің мәдениетін көруге, ал өзгелері Шанхайда оқуға барады. Қытайға турист болып барамын дегендерге қызық көп. Бірақ олардың бәрін көруге 30 күн аз болуы мүмкін. Сондықтан сіздерге арнап Қытайда 30 күннен артық қыдыруға мүмкіндік беретін визаны қалай алуға болатынын айтып мақала жаздық.

Мынаны біле жүріңіздер

Былтыр Қытай мен Қазақстан визасыз режимге көшті. Бұл дегеніміз — Қазақстан азаматтары Қытай халық республикасында 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Ол елге 30 күнге мына себепті барғыңыз келсе, виза алудың керегі жоқ: 

  • туған-туысқандарды көру;
  • туризм;
  • халықаралық тасымал;
  • транзит;
  • іссапар. 

Қытайда жұмыс істегіңіз келсе, оқығыңыз келсе, миссионерлік қызмет жасағыңыз келсе, виза алуыңыз керек.

Қазақстан азаматтары Хоңкоң және Макао қалаларына да визасыз бара алады. Бірақ тек 14 күнге дейін. Қытайдың 30 күн визасыз режимі ол қалаларда жарамайды.

Қытайда 30 күннен артық жүргіңіз келсе, виза алуыңыз керек. Оны қалай алуға болатынын қазір айтып береміз.

Қытай визасының санаттары

Турист визасы

L санатты турист визасы Қытайға 30-90 күнге қыдырып барғысы келетіндерге арналған. Оны алғандар елге бір рет я бірнеше рет кіріп шыға алады. Визаны алу үшін туризм компаниясынан алған шақыруыңызды я қонақүй брондағаныңызды растайтын хатты көрсетуіңіз керек.

Қонақ визасы

F санатты қонақ визасын Қытайдағы досыңызды я туысыңызды көруге барар алдында аласыз. Оны алғандар елге бір рет я бірнеше рет кіріп шыға алады және 30-90 күн жүре алады. Визаны алу үшін көргіңіз келген досыңыз я туысыңыз Қытайда тұрып жатқанын растайтын хатты, шақыру мен елдегі статусын жіберуі керек. 

Студент визасы

X1 және X2 санатты оқу визасы Қытайда оқығысы келетіндерге беріледі. X1 визасы университеттің 180 күннен артық уақытқа берілген шақыруына қарап беріледі. Ондай визасы бар студент Қытайға барғанда жергілікті полицияға барып тіркелуі керек. X2 визасы 180 күннен артық уақытқа беріледі. Оны алу үшін оқу орны жіберген шақыру мен оқуға түскеніңізді растайтын хатты көрсетесіз. Бұл виза Қытайда жұмыс істеуге я кәсіпкер болуға рұқсат бермейді.

Іскерлік я бизнес визасы

Бизнес визасы (М санатты) Қытайда келіссөз жүргізетіндерге, көрмеге баратындарға я келісімшарт жасасатындарға беріледі. Мерзімі — 30-180 күн. Бір-ақ рет я бірнеше рет кіре аласыз. Оны алу үшін Қытай компаниясынан я ұйымынан шақыру алуыңыз керек.

Жұмыс визасы

Жұмыс визасы (Z санатты) Қытайда ресми түрде жұмысқа кіргендерге арналған. 1 жылдан аса уақытқа беріледі. Оны алу үшін жұмысқа алған адам жіберген шақыруы мен Қытай билігі берген жұмыс істеуге болады деген рұқсатын көрсетуіңіз керек. Елге барған бойда полицияға барып, тұру ықтиярхатын алуыңыз керек. 

Топтық туризм визасы

Топтық туризм визасы Қытайға топ болып қыдырып баратындарға арналған. Топта бірге қыдыратын 5-тен аса адам болуы керек. Мерзімі 30 күнге дейін. Виза алу туралы өтінімді сапарды ұйымдастыратын туризм компаниясы арқылы тапсыру керек. Топтың барлық мүшесі Қытайға бірге кіріп, бірге шығуға тиіс. 

Жүргізушілерге арналған виза

Қытайға және Қытайдан жүк таситын жүргізушілерге арналған виза бұл. Бір-ақ рет те, бірнеше рет те кіруге рұқсат беретіні бар. Мерзімі 30-180 күн. Өтінім беру үшін транспорт компаниясында жұмыс істейтініңізді дәлелдейтін құжаттар мен маршрутыңызды көрсетуіңіз керек.

Медициналық виза

Қытайдың медициналық визасы (S2 санатты) Қытайда емделуге баратындарға арналған құжат. Ары кеткенде 90 күнге беріледі. Бір-ақ рет те, бірнеше рет те кіруге рұқсат беретіні бар. Медициналық ұйым жіберген шақыру мен науқас емделуі керек деген растау хатын көрсету керек.

Транзит визасы

Транзит визасы (G санатты) — Қытай арқылы басқа елге баратындарға арналған виза. Соның арқасында елде 24 сағат визасыз жүруге болады.

Қытай визасын алу кезеңдері

1. Виза түрін таңдаңыз

Қытайға бару үшін қандай виза алу керегін анықтап алыңыз. Тапсыратын құжаттар тізімі не үшін бара жатқаныңызға қарай өзгеруі мүмкін. 

2. Құжаттарды дайындаңыз

Қандай виза керегін анықтағаннан кейін құжаттарыңызды жинай бастаңыз. Ең керек құжаттарды төменге жазамыз. Қасына тағы құжаттар қосуыңыз мүмкін. Себебі әр визаға неше түрлі қосымша құжаттар сұралады.

3. Виза анкетасын толтырыңыз

2023 жылғы 20 қарашада Қытай үкіметі құжаттарды өтінім (анкета) толтырғаннан кейін жазылмай-ақ тапсыра беруге болады деген бұйрық шығарды. Жаңалықты мына жерден толығырақ оқуға болады. Анкетаны (өтінімді) China Online Visa Application сайтында толтырасыз. Сайттың орысша нұсқасы бар, бірақ бар алаңды ағылшынша толтырасыз.

Анкетаның қасына фотоңызды тіркейсіз. Ақ фонды, сапасы — 354×472-420×560 пиксель болуы керек, ал салмағы — 40-120 КБ. Фотоға қатысты талаптардың бәрін мына сілтемеден оқи аласыз.

Өтінім беру оңай: қолдану шарттарына келісесіз, өзіңіз туралы мәліметті енгізесіз, виза түрін таңдайсыз, жұмыс тәжірибеңіз, отбасыңыз, бұрынғы және ендігі Қытай сапарыңыз туралы жазасыз. Дайын паспортты қалай алатыныңызды да таңдайсыз: поштадан я виза орталығына барып. Алматыда тек виза орталығына барып алуға болады. Әр алаңды толтырғаннан кейін жазғаныңыздың бәрін тексеріңіз де, жіберіңіз. Кейін басып шығарып алыңыз.

4. Құжаттарыңызды тапсырасыз

Виза орталығына я консулдыққа барып, құжаттар мен анкетаны тапсырасыз. Ресми сайттағы ақпаратқа сенсек, өтінім беретін адам құжаттардың көшірмесін тапсыра алады, бірақ консулдықтың қызметкері кез келген уақытта түпнұсқасын сұрауы мүмкін. Сондықтан құжаттардың түпнұсқасын да апарғаныңыз жөн. Сұрағанда бере саласыз.

5. Биометрия деректеріңізді өткізесіз

Қытай визасын бірінші рет алғалы тұрсаңыз, құжаттарды өзіңіз барып тапсырасыз. Виза орталығындағылар көзіңізді суретке түсіреді, саусақтарыңыздың ізін алады. Саусақ ізін әр құжат тапсырғанда өткізуіңіз керек.

6. Виза алымын төлеңіз

Құжаттарды өткізгеннен кейін виза алымын төлейсіз. Ақысы қай визаны алғыңыз келетініне және неше рет кіріп-шығатыныңызға қарай. Виза орталығына я консулдыққа барғанда ақшалай я банк картасымен төлейсіз.

7. Виза дайын болғанын күтесіз!

Өтінім қарауға әдетте 4-7 жұмыс күні кетеді. Консулдық керек десе, тағы құжат сұрауы я сұхбатқа шақыруы мүмкін. Өтінім қаралып болғаннан кейін құжатыңызды виза орталығына я консулдыққа барып алып кетесіз. Виза берілсе, паспорттың ішіне жапсырылған қағаздағы ақпаратты дұрыстап тексеріңіз. Қытайға кірерде мәселе тумасын.

Қытай визасына өтінім тапсырарда Қазақстан азаматтары өткізетін құжаттар

Қытай визасын алу үшін мына құжаттарды тапсыру керек:

  1. 1

    Паспорт: түпнұсқа, кемі алты ай жарамды болуы керек, ал ішінде екі бет бос болуы керек;

  2. 2

    Паспорттағы мәліметіңіз жазылған, суретіңіз тұрған беттің көшірмесі;

  3. 3

    Анкета. Оны онлайн толтырасыз;

  4. 4

    Сурет. Екі 33×48 мм сурет (біреуін анкетаға жапсырасыз). Фото анфас, ақ фонды болуы керек, ал сіз бас киімсіз түсуіңіз керек. Фотоға қатысты талаптардың бәрі мына жерде тұр;

  5. 5

    Бұрынғы Қытай паспортыңыз я Қытай визаңыз (Қытайдың бұрынғы азаматтарына арналған талап). Бұл визаны бұрын алып көрмеген болсаңыз, бұрынғы Қытай паспортының түпнұсқасы мен деректеріңіз жазылған беттің көшірмесін тапсырасыз. Бұрын алған болсаңыз, бұрынғы паспорттағы деректеріңіз жазылған беттің көшірмесі мен бұрынғы Қытай визасының көшірмесі. Аты-жөніңізді өзгертсеңіз, сол туралы анықтаманы көрсетесіз;

  6. 6

    Қазақстанда заңға сай тұрып жатқаныңызды дәлелдейтін құжат. 180 күннен артық уақытқа берілген болуы керек (Қазақстан азаматы жоқтарға).

Қай визаны таңдағаныңызға қарай консулдық я виза орталығы тағы құжат сұрауы мүмкін.

Виза түріҚосымша құжаттар
Туризм визасы (L) — топтық туризмТуристерге шақыру жіберу рұқсаты бар туризм компаниясы жіберген шақыру.
Іскерлік виза (М)Қытайдың орталық және мемлекеттік органдары, мемлекеттік мекемелері я елдегі қалалар, өңірлердің халық үкіметінің коммерциялық бөлімдері жіберген шақыру. Ресми шақыру болмаса, мыналарды тапсырасыз: Қытай жақ жіберген шақыру, жұмыс туралы анықтама, заңды тұлға ретінде тіркелгеніңіз туралы анықтама, салық төлеуші ретіндегі куәлігіңіз, депозит шотыңызда 5000 доллар бары туралы анықтаманың түпнұсқасы, ұшақ билеті мен қонақүй броні.
Мәдениет я ғылым ісі үшін берілетін виза (F)Қытайдың орталық және мемлекеттік органдары жіберген шақыру. Болмаса, мыналарды тапсырасыз: Қытай жақ жіберген шақыру, жұмыс туралы анықтама, заңды тұлға ретінде тіркелгеніңіз туралы анықтама, салық төлеуші ретіндегі куәлігіңіз, депозит шотыңызда 5000 доллар бары туралы анықтаманың түпнұсқасы, ұшақ билеті мен қонақүй броні.
Жұмыс визасы (Z)Мына құжаттардың кез келгенін тапсыра аласыз: 1) Шетелдіктің жұмыс істеуіне берілген рұқсат туралы хабарлама я куәлік, 2) Қытай ұлттық оффшор мұнай корпорациясы жіберген теңіздегі мұнай операциясына қатысуға шақыру хат, 3) Шетел мекемелерінің тұрақты өкілдігін тіркеу туралы анықтама, 4) Мәдениет және туризм министрлігі берген өкілдің біліктілігін растайтын хат
Шетелдіктің туыстарына берілетін виза (S1, S2)Туыс екеніңізді дәлелдейтін құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесі (неке куәлігі, туу туралы куәлік, т.б), Қытайда тұрып жатқан шетелдік жіберген шақыру, оның тұру ыхтиярхаты мен паспортының көшірмесі
Медициналық визаҚытайдағы аурухана жіберген шақыру я сізді емдейтінін дәлелдейтін анықтама қажет. Банк шотыңызда кемінде 10 000 АҚШ доллары бар екенін растайтын құжат керек. Сізбен бірге біреу еріп барса, туыс екеніңізді дәлелдейтін құжат пен аурухананың сол адамға жіберген анықтамасы қажет.
Студент визасы (X1, X2)Оқуға түскеніңіз туралы хабарламаның түпнұсқасы мен көшірмесі. Студент визасын алуға жазған өтінімнің түпнұсқасы мен көшірмесі (JW201 я JW202 формасы). Депозит шотыңыз барын дәлелдейтін банк анықтамасы я шәкіртақы алатыныңыз туралы анықтама.
Жүргізуші визасы (C)Шетел транспорт компаниясы берген гарантия хат я Қытайдың транспорт компаниясы берген шақыру хат. ҚР СІМ берген нота, жүргізуші куәлігі мен жеке куәлік. 
Ерекше дарыны барларға арналған виза (R)Ерекше дарыныңыз барын және жоғары білікті маман екеніңізді дәлелдейтін сертификат.
Тұруға арналған виза (D)Қытайда тұруға рұқсат алған шетелдіктің статусын растайтын құжат.
Журналист визасы (J1, J2)Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ақпарат басқармасының виза туралы хабарламасы. Журналист жұмыс істеп жүрген медианың ресми хаты. Журналист әуелі елшіліктің я консулдықтың баспасөз қызметіне хабарласуы керек. 

Фотоға қатысты талаптар

  • Суреттің өлшемі: 33×48 мм;
  • Сурет түсті болуы керек;
  • Фото ары кеткенде алты ай бұрын жасалған болуы керек.
  • Саны: 2 (біреуін анкетаға жапсыру керек).

Фото қандай болуы керек?

  • Фоны ашық түсті болуы керек: ақ я ашық сұр фонды болғаны жақсы. Бір түсті болуы керек, сызық пен көлеңке болмауы керек.
  • Бетіңіз анық көрінуі керек және суреттің ортасында тұруы керек. Суреттің 70-80%-ы басыңыз болуы қажет.
  • Анфас, көзіңіз ашық болуы керек, түріңіз эмоциясыз, аузыңыз жабық болуы керек. Бетіңіз толық көрінуі керек. 
  • Жарық бетіңізге тең түсуі керек, көлеңке, қызыл көз болмауы керек. Жарық күн жарығы я студия жарығы болуы керек.
  • Киіміңіз нейтрал түсті болуы керек. Ақ кимеңіз, фонмен бірдей болып қалар. Униформа я экстравагант киім киюге болмайды. Бас киімсіз түсуіңіз керек. Дініңіз ки десе, киюге болады, бірақ бетіңізді жауып тұрмауы керек. Көзәйнек, әсіресе күннен қорғайтын көзәйнек пен бетті жауып тұратын нәрселерге тыйым салынған. Көзәйнек тағам десеңіз, шағылысатын әйнексіз болғаны жақсы әрі көзіңіз толық көрініп тұруы керек.

Биометрия деректер

Құжат тапсырғаннан кейін саусақ ізіңізді өткізесіз. Процеске ары кетсе бірнеше миниут кетеді. 

Кей өтінім беруші биометрия дерек тапсырудан босатылады. Олар мыналар: 

  • 14-ке толмаған балалар мен 70-тен асқан қарт кісілер;
  • Саусақ ізін тапсыра алмайтындар (мысалы, саусақсыздар);
  • Қытайға мемлекеттік іссапарға кетіп бара жатқан дипломаттар мен ресми паспорты бар мемлекет қызметкерлері.

Қазақстанда Қытай визасы қанша тұрады?

Ақысы виза түріне қарай әртүрлі: бір-ақ рет кіретін, екі рет кіретін я бірнеше рет кіретін, жарты жылдық, бір жылдық, топтық туризм визасы. 

Қазақстанда бір-ақ рет кіретін визаның құны — 14 мың теңге, ал екі рет кіретін мен бір жылдық визаның ақысы 19 600 теңге, топтық туризм визасінікі — адам басына 11 200 теңге.

Қытай визасына берілген өтінімді қарауға кететін уақыт

Ол жағы құжаттарды дұрыс я қате тапсырғаныңызға, визаның түріне, консулдықтың я виза орталығының жұмысына қарай әртүрлі болады. Өтінімдер кәдімгі түрде я жылдамдатылған түрде қаралуы мүмкін.

Бір өтінімді қарауға әдетте 4-7 жұмыс күні кетеді. Бұл уақыт құжат тексеруге, биометрия деректерді өңдеу мен шешім шығаруға жұмсалады. Жылдамдатылған процедураға 2-3 жұмыс күні кетеді. Экспресс виза процедурасына 1 жұмыс күні кетеді.

Қытай визасының мерзімі

Қытай визасының мерзімі түріне және қандай жағдайда берілгеніне байланысты болады. Визаның мерзімі мен осынша жүруге болады деп берілген күндер саны — екі бөлек нәрсе. Мерзім — қай күндердің арасында Қытайға кіріп шыға алатыныңыз, ал күндер саны — ол жақта ары кеткенде неше күн жүре алатыныңыз.

Визаның мерзімі түріне қарай былай болады:

  1. 1

    Турист визасы 3-12 айға беріледі, бір барғанда 30, 60 я 90 күн жүруге болады.

  2. 2

    Қонақ визасының мерзімі да турист визасындағыдай.

  3. 3

    Оқу визасы (X1) 3 ай жарамды болады. Барған бойда тұру ықтиярхатын алуыңыз керек. Оның мерзімі оқуыңыздың мерзіміне тең. Оқу визасын алған адам Қытайда 180 күннен аса жүре алады. X2 визасы 3-6 айға беріледі, бірақ Қытайда ары кеткенде 180 күн жүре аласыз.

  4. 4

    Іскерлік визасы 3-12 ай жарамды болады. Қытайда бір барғанда 30, 60 я 90 күн жүре аласыз. 

  5. 5

    Жұмыс визасы да 3 ай жарамды. Қытайға өткен бойда жұмыс істеуге рұқсат пен тұру ықтиярхатын алуыңыз керек. Оның мерзімі жұмысыңыздың мерзіміне тең.

Қазақстанда Қытай визасын алу үшін қайда бару керек?

Қытайдың Қазақстандағы елшілігі

Мекенжай: Астана, Тәуелсіздік даңғылы, 44

Телефон: +7 (7172) 79-35-61, +7 (7172) 79-35-83

Жұмыс кестесі: дүйсенбі — жұма, 09:00 —18:00

Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы

Мекенжай: Алматы, Байтасов көшесі, 12

Телефон: +7 (727) 270-02-43, +7 (727) 270-02-21

Жұмыс кестесі: дүйсенбі — жұма, 09:00 - 19:00 (түскі үзіліс: 12:00-15:00)

Қытайдың виза орталықтары

Қытай Қазақстанда құжат тапсыру оңай болсын деп виза орталықтарын ашқан еді. Олар өтінім тапсырамын дегендерге ақыл-кеңес береді, анкета толтыруға жәрдемеседі және құжаттарды консулдыққа жібереді.

Қытайдың Алматыдағы виза орталықтары

Мекенжай: Алматы, Гоголь көшесі, 20

Телефон: +7 (727) 346-71-28

Жұмыс кестесі: дүйсенбі — жұма, 9:00 — 12:00, 13:00 — 16:00

Қытайдың Астанадағы виза орталықтары

Мекенжай: Астана қаласы, Достық көшесі, 18-ғимарат, «Москва» бизнес орталығы, 302-кеңсе

Телефон: +7 (7172) 79-99-01

Жұмыс кестесі: дүйсенбі — жұма, 9:00 — 17:30

Неге виза берілмей қалуы мүмкін?

  1. 1

    Құжаттарыңыз түгел емес я қате толтырылған. Мәлімет толық болмаса я анкетада қате кетсе, құжаттарыңыз түгел болмаса, суретіңіз талапқа сай жасалмаса, виза берілмейді.

  2. 2

    Қаражатыңыз аз. Банк шотындағы ақшаңыз жеткіліксіз, табысыңыз туралы анықтамаңыз я өзге де қаражатыңыз туралы құжатыңыз жоқ. Өтірік құжат тапсырғанда да виза берілмейді.

  3. 3

    Бұрын визаға қатысты проблемаңыз болған. Виза ережелеріне бағынбағансыз, Қытайда берілген мерзімнен кеш шыққансыз, тағы басқасы. Бұрын Қытайдың я өзге елдің визасы берілмеген болса да берілмей қалуы мүмкін.

  4. 4

    Паспортыңызда проблема бар. Мысалы, паспорт жарамсыз я бүлінген, бос бет жетпейді я жарамдылығы 6 айдан аз, паспортыңыз бен басқа құжаттардағы мәліметіңіз әртүрлі.

  5. 5

    Шақыруға я шақырған жаққа қатысты проблема бар. Мысалы, шақырудағы деректер бір-біріне сай келмейді я құжат — жалған құжат. Шақыру жіберген компания шын компания екенін дәлелдейтін анықтаманы берген жоқ.

  6. 6

    Қытай халқының қауіпсіздігі. Бұрын қылмыс жасасаңыз я заңсыз іске қатысы бар деп күдікке ілінсеңіз виза берілмейді. Саяси я әлеуметтік себепке қарай да виза бермей қалуы мүмкін.

Қытай визасын алғысы келетіндер қайдан көмек ала алады?

Қытайға виза алып барғым келеді десеңіз, біздің сайтқа өтіп, өтінім қалдырсаңыз болады. Freedom Travel (Авиата) визаға қатысты бар мәселеңізді шешуге көмектеседі!

Қытай визасын не үшін алмақсыз?

3

0

,

Осы айдардан:

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Тапсыратын құжаттар, визаның құны мен мерзімі

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз