2025 жылы Қазақстан азаматтарынан виза сұрамайтын елдер
Қай жаққа виза алмай баруға болады?
Біреу рақат деген не десе, шетелге визасыз барған — рақат деңіз. Виза сұрамайтын елге бару деген —толтырып құжат жинаудың керегі жоқ, консулдық алымын төлемейсіз әрі жауабы қашан келеді деп күтпейсіз деген сөз. Осы мақалада 2025 жылы Қазақстан азаматтары қай елге виза алмай бара алатынын айтып береміз.
2025 жылы не өзгерді?
Global Passport Power Rank рейтингінің нәтижесіне сенсек, біздің ел паспорт күші жағынан әлемде 53-орында тұр екен. 2024 жылы 56-орында болған екенбіз. Қазақстан азаматтары визасыз бара алатын елдер саны жыл сайын көбейіп келеді.
2025 жылына қарай Қазақстан азаматтарынан виза сұрамай кіргізетін елдердің саны 40-қа жетті.
- 2024 жылы бұл тізімге Вьетнам, Макао, Марокко, Тайланд, Шри-Ланка қосылды. Бұл елдерге біз 60 күн визасыз жүре аламыз.
- 2025 жылғы қаңтарда Қазақстан Сент-Китс пен Невиспен визасыз режим орнатты. Бірақ келісім әлі күшіне енген жоқ.
2025 жылы Қазақстан азаматтары виза алмай бара алатын елдер:
Елдер | Визасыз режимнің мерзімі |
Грузия | 365 күн |
Армения, Сент-Винсент мен Гренадина | 180 күн |
Албания, Андорра, Хаити, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Ресей, Түркия (180 күннің ішінде 90 күн), Украина, | 90 күн |
Тайланд | 60 күн |
Әзербайжан, Аргентина, Беларусь, Бразилия, Вьетнам, Қатар, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив, Никарагуа, БАӘ (Біріккен Араб әмірліктері), Сан-Марино, Сейшел аралдары, Сербия, Тәжікстан, Тунис, Өзбекстан, Филиппин, Экуадор, Оңтүстік Корея | 30 күн |
Черногория | Жазғы маусымда 30 күн |
Барбадос | 28 күн |
Гонконг, Иран, Макао, Оман | 14 күн |
Түрікменстан | Атырау және Маңғыстау облыстарының азаматтарына 5 күн |
Ең ұзақ визасыз мерзім
Қазақстан азаматтары шетелде визасыз ең ұзақ жүре алатын ел — Грузия. Онда біз ары кеткенде бір жыл емін-еркін жүре аламыз. Арменияда және Сент-Винсент пен Гренадинада бұл мерзім — 180 күн.
90 күнге дейін визасыз жүру
90 күн визасыз жүру режиімін Албания, Андорра, Колумбия, Хаити, Молдова, Моңғолия, Түркия, Украина, Ресей ұсынады. Бірақ Түркияда бұл мерзім алты айдың ішінде асып кетпеуі керек.
30 күнге дейін визасыз жүру
Қазақстан азаматтары Әзербайжан, Аргентина, Беларусь, Бразилия, Вьетнам, Қатар, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив Республикасы, Никарагуа, БАӘ, Сан-Марино, Сербия, Сейшел аралдары, Тәжікстан, Тунис, Өзбекстан, Филиппин, Экуадор, Оңтүстік Кореяда 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
Бірақ мыналар қаперіңізде болсын:
- Оңтүстік Кореяға бару үшін K-ETA (электрондық рұқсат) алу қажет. Оны www.k-eta.go.kr сайтынан я мобайл қолданбасынан онлайн жасату керек. Ақысы — құн салығын қоспағанда 10 000 (≈3 500 теңге).
- Малайзияға бару үшін 3 күн бұрын MDAC көші-қон картасын толтыру керек.
- Черногория. Визасыз режим тек жазғы маусымда басталады: 2025 жылы бұл маусым 1 наурызда басталып, 1 қарашада аяқталады. Онда 30 күнге дейін визасыз жүре аласыз.
- Барбадос. Визасыз режим 28 күн жарамды.
Осы елдерде Қазақстан азаматтары 30 күннен аса визасыз жүрсе, солардың көші-қон органдарына барып тіркелуге тиіс.
Қысқа мерзімді визасыз режим
Қазақстан азаматтары мына елдерге көп дегенде 14 күн визасыз жүре алады:
- Гонконг
- Иран
- Макао
- Оман
Маңызды: Виза сұрамайтын елдерде жұмыс істегіңіз келсе, оқығыңыз келсе я ұзақ тұрғыңыз келсе, арнайы виза жасатуыңыз керек.
Түрікменстанның Қазақстан азаматтары 5 күн визасыз жүруге болады деген ережесі Атырау және Маңғыстау облыстарының азаматтарына ғана арналған.
Визасын әуежайына барып алуға болатын елдер
Қазақстан азаматтары кей елдің визасын әуежайына барып ала алады. Қай елде десеңіз, төмендегі тізімді оқыңыз. Осы елдердің халықаралық әуежайларына барып, Visa on Arrival (VOA) деген жазуды тауып алсаңыз болды.
Виза қызметкерлері мына құжаттарды сұрауы мүмкін:
- 6 айдан аса жарамды паспорт;
- Қайтатын билет;
- Паспортқа арналған фото тәріздес фото (өлшемі мен керек, керек емесі әр жерде әртүрлі)
- Консулдық я қызмет алымын төлеуге қажет ақша (сомасы да әр жерде әртүрлі).
Нақты қандай құжат керегін ол елге бармай тұрып консулдығының я елшілігің сайтынан анықтап алуыңыз керек.
Визасын әуежайына барып алуға болатын елдер | Ары кеткенде неше күнге баруға болады, визаның ақысы |
Бангладеш | 30 күн, ақысы — 50$ |
Боливия | Ақысы — 160$, бірақ елшілігіне я консулдығына алдын ала өтінім беріп қойсаңыз, виза тегін болады. Толығырақ ақпарат |
Шығыс Тимор | 30 күн, ақысы — 30$ |
Гренада | Ақысы — 100$ |
Доминикана республикасы | Турист болып барсаңыз, туризм картасын алсаңыз жетіп жатыр. Бірақ оны туризм агенттігі толтырады. Басқа жағдайларда 60 күнге дейін виза алу 20$ тұрады. Электрондық жол құжатын толтыру керек |
Мысыр | 30 күн, ақысы— 25 еуро. Шарм-әш-Шейхке 15 күнге визасыз баруға болады, бірақ қаладан шықпау керек! |
Замбия | 30 күн, ақысы — 25$ |
Индонезия | Ақысы — 500 мың индонезиан рупиясы (16 мың теңгедей). Мерзімі 30 күнге дейін. eVisa деген визасын жасатуға болады. |
Иордания | 90 күн, ақысы — 40 иордан динары (28 мың теңгеден сәл асады) |
Кабо-Верде | 30 күн, ақысы — 25–30 еуро |
Камбоджа | 30 күн, ақысы — 30$. Электрондық визасын алуға болады |
Комор аралдары | 45 күн, ақысы — 60 евро |
Маврикий | 60 күн, тегін |
Мадагаскар | 15 күн, ақысы — 10$. Әуежайына барып 60 күнге дейін виза алуға болады. Бірақ сайтта ондай виза қанша тұратыны жазылмаған |
Мозамбик | 30 күн, ақысы — 160$ |
Намибия | Ақысы — 85 еуро |
Непал | 15 күнге дейін, ақысы — 30$, 30 күнге дейін — 50$, 90 күнге дейін — 135$ |
Палау | 30 күн, ақысы — 100$ |
Сомали | 30 күн, ақысы — 60$ |
Того | 7 күн, ақысы — 15 мың Батыс Африка франкі (шамамен 11 мың теңге) |
Тувалу | 30 күн, ақысы — 100 Аустралия доллары. |
Шри-Ланка | 30 күн, ақысы — 60$. Электрондық виза жасатуға болады. |
Жамайка | 30 күн, ақысы — 100$ |
Қазақстан азаматтарына электрондық виза беретін елдер
Елдер | eVisa туралы нақты ақпарат |
Бахама аралдары | 90 күнге дейін — 160$. Ресми сайттың сілтемесі |
Бахрейн | 14 күнге дейін — 10 Бахрейн динары (14 мың теңге). Ресми сайттың сілтемесі |
Бенин | 30 күн — 50 еуро. Ресми сайттың сілтемесі |
Габон | 90 күнге дейін — 70 еуро. Ресми сайттың сілтемесі |
Жибути | 30 күнге дейін — 23$. Ресми сайттың сілтемесі |
Үндістан | 30 күн — 10$, 365 күнге дейін— 40$. Ресми сайттың сілтемесі |
Камбоджа | 30 күн — 30$. Ресми сайттың сілтемесі |
Лаос | 30 күн — 50$. Сайтының сілтемесі |
Намибия | 90 күн — 600 Намибия доллары (шамамен 17 мың теңге). Ресми сайттың сілтемесі |
Пәкістан | 90 күн — 25$. Ресми сайттың сілтемесі |
Сауд Арабиясы | 90 күн — 340-494 риал. Ресми сайттың сілтемесі |
Сингапур | 30 күн — 30 Сингапур доллары (12 мың теңге). Ресми сайттың сілтемесі |
Уганда | 90 күн — 69$. Ресми сайттың сілтемесі |
Шри-Ланка | 30 күн — 59$. Ресми сайттың сілтемесі |
Эфиопия | 30 күнге дейіні — 62$, 90 күнге дейіні— 152$. Ресми сайттың сілтемесі |
90/180 ережесі
Қазақстан азаматтары шетелге туризм визасын алып я визасыз барса, 90/180 ережесіне бағынуы керек. Қалай десеңіз, белгілі бір елде алты айдың ішінде ары кеткенде 90 күн жүре аласыз.
90 күн — 180 күннің ішінде қолдануға болатын жалпы мерзіміңіз. 180 күн — белгілі бір елге кірген бойда басталатын мерзім.
Елге кірген сайын жүйе сол елде кейінгі 180 күнде неше күн жүргеніңізді тексереді. Егер неше күн жүргеніңіз 90 күннен асып кетсе, шекарашылар сізді елге кіргізбейді.
1
Мысалы, сіз 1 наурызда Түркияға бардыңыз да, 30 наурызда кетіп қалдыңыз, яғни онда 30 күн жүрдіңіз.
2
Кейін Түркияға 1 маусымда барып, онда 60 күн жүрдіңіз (30 шілдеде кетіп қалдыңыз).
3
Түркияда өткізген күніңіздің жалпы саны кейінгі 180 күнде 90 болып тұр.
Сондықтан бұл елге енді сіз 28 тамызда ғана кіре аласыз.
Шетелде 90 күннен артық жүргіңіз келсе, ұзақ мерзімді виза я тұру туралы ықтиярхат жасатуыңыз керек.

Транзиті визасыз елдер
Қазақстан азаматтары бірнеше елдің транзитінен виза көрсетпей өте алады. Бірақ бірнеше шартты орындауы керек.
Қазақстан азаматтарына визасыз транзиті бар елдер:
- Бруней: транзит аймағында ары кеткенде 24 сағат жүре тұруға болады, қолыңызда үшінші елге алған ұшақ билетіңіз болуы керек.
- Ұлыбритания: транзит мерзімі — 24 сағат. Бірақ құжат тексеруден өтсеңіз я багаж алсаңыз, транзит визасы керек. Мына жерден толығырақ ақпаратын оқи аласыз.
- Сингапур: транзит мерзімі — 96 сағат. Қалай барсаңыз да, өз еркіңіз: ұшақ, көлік, жаяу, тағы басқасы. Бірақ кетерде ұшақпен кетуіңіз керек. Қолыңызда үшінші елге алған билетіңіз болуы керек.
Мына елдер де Қазақстан азаматтарын транзитттен виза сұрамай өткізеді:
Белиз | Босния мен Герцеговина | Гуатемала | Хондурас |
Мексика | Панама | Румыния | Сальвадор |

Көп қойылатын сұрақтар (FAQ)
Виза сұрамайтын елдерге бару үшін паспорт керек пе?
Иә, шет елдердің барлық дерлігіне паспорт көрсетіп кіре аласыз. Мына елдерге ғана жеке куәлік көрсетіп те кіре беруге болады: Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан. Себебі Қазақстан бұл мемлекеттермен елге кіру туралы арнайы келісімшарт жасасқан.
Виза сұрамайтын елдерде жұмыс істеуге бола ма?
Жоқ, виза талап етпейтін елдерде Қазақстан азаматтары еңбек ете алмайды. Жұмыс істеймін десеңіз, ол елдің жұмыс визасын я арнайы рұқсатын аласыз, әйтпесе айыппұл төлейсіз, елден қуылып, қайта кіруіңізге тыйым салынады.
Визасыз режимнің мерзімін ұзартуға бола ма?
Көбіне ұзартуға болмайды, бірақ кей елдің көші-қон қызметі себеңізге қарап, мысалы, ауырып қалғаныңызға я төтенше жағдайға тап болғаныңызға қарап ұзартуы мүмкін. Жоқ, маған одан да ұзақ тұруға рұқсат беретін виза керек десеңіз, ұзақ мерзімді виза я тұру ықтиярхатын жасатуыңыз керек.
Визасыз режимнің уақыты аяқталса, қайтпек керек?
Барған еліңіздің миграция қызметіне хабарласып, сол елде қалай заңға сай жүре тұруға болатынын біліңіз. Ондағылар айыппұл төлеп, қала беріңіз десе, төлеңіз. Басқа жолы жоқ десе, ол елден тезірек кеткеніңіз жақсы, әйтпесе, оған қайта кіре алмай қаласыз.
Қонақүй броні мен қайтатын билетті көрсету керек пе?
Иә, виза сұрамайтын елдердің көбінде көрсету керек. Кей елде офицер қаржы жағдайыңызды дәлелдеңіз деп те талап етуі мүмкін. Мысалы, қанша ақша әкелдіңіз, картаңызда қанша ақша бар деп сұрайды.
Ал медициналық сақтандыруды көрсетеміз бе?
Виза сұрамайтын елдерге барар алдында медициналық сақтандыру алған міндет емес, бірақ жасатқаныңыз жөн. Себебі шетелде медицина қымбат болуы мүмкін. Кейбір ел (Шенген елдері, БАӘ) әр шетелдік туристен медициналық сақтандыруды көрсетіңіз деп талап етеді.
Сондықтан медициналық сақтандыру жасатқаныңыз жөн.
Шетел шекарашылары еліне кіргізбей қойса қайткенім абзал?
- Офицерден неге кіргізбей тұрғанын сұраңыз. Олар әдетте құжатыңыз жеткіліксіз деп, бұрын келгенде заң бұздыңыз я басқа мақсатпен келіп тұрсыз деп кіргізбейді.
- Мәселеңізді сол жерде шешіп көріңіз. Сұраған құжатын, мысалы, қайтарға алған билетіңізді, қонақүй бронін, сақтандыруды көрсетіңіз.
- Офицер сонда да өткізбеймін десе, айтқанына қарсы шықпаңыз. Әйтпесе сіз ол елге мүлдем кіре алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан қайтатын рейске билет алып, Қазақстанға қайта салыңыз. Оның ақшасын әдетте жолаушының өзі төлейді.
Қазақстанға қайтып келгеннен кейін жаңағы елдің консулдығына хабарласып, істің мән-жайын анықтаңыз, керек десеңіз, виза алып көріңіз.
Визасыз режимді пайдаланып бір елге бірнеше рет баруға бола ма?
Иә, болады. Бірақ визасыз режимнің уақытын ескеріп жүріңіз. Мысалы, Түркияда 90/180 ережесіне бағынбасаңыз, кейін қайта кіре алмай қалуыңыз мүмкін. Визасыз мерзім біткеннен кейін ол елге сіз белгілі бір уақыт өткен соң бара аласыз.
18
16