Дүниежүзінің ең үлкен 10 әуежайы
Қалаға тең болар әуежайлар
Қалалардың көбі халықаралық хабқа айналуға талпынады. Неге талпынбасқа? Халықаралық хаб болсаң, әлемнің түкпір-түкпіріне рейс ұшатын негізгі орталық боласың деген сөз. Соны көздеген елдер ірі әуежайлар салады. Осы мақаламызда әлемнің ең ірі 10 әуежайын тізіп шықтық.
Әуежайға ұшып келген адамдар саны артқан сайын сұранысқа сай болу үшін қалалар одан да үлкен әуежай салады.
Қай әуежай дүниежүзінің ең ірі әуежайы?
2025 жылғы дерекке сенсек, әлемнің ең үлкен әуежайы — Сауд Арабиясының Фахд патша әуежайы.
Ал қайсы ең танымал әуежай?
Әуежайдың танымалдығы күніне неше жолаушы келіп кеткеніне (ұшқан, қонған, транзит жолаушылары) қарайды. 2022 жылы Атланттағы Хартсфилд-Жексон ең танымал әуежай деп танылды. Онда сол жылы 75,7 миллион жолаушыға қызмет көрсетілген екен.
2025 жылы ең үлкен әуежайлар қатарына кірген он әуежай
1. Фахд патша халықаралық әуежайы (Сауд Арабиясы) — 780 км²


Фахд патша атындағы әуежайынан коммерциялық ұшақтар 1999 жылы ғана ұша бастады. Даммамнан 25 шақырым алыс жатқан бұл әуежай Saudia және Flynas әуе компанияларына хаб болып отыр. Жыл сайын одан 10-12 миллион жолаушы өтеді.
Әуежайдың ауданы 780 шаршы шақырым болғанына қарамастан тек 40 шаршы шақырымы қолданылады.
Қызық дерек: Фахд патша әуежайы Бахрейн (760 шаршы шақырым) елінен үлкенірек болса, Нью-Йорк қаласынан сәл кішірек: айырмасы — 2 шақырым.
Әуежайдың ішіне 2 мың адам сыятын үлкен мешіт салынған. Жалпы, әуежай ислам сәулет өнеріне сүйеніп салынғаны көрініп тұр.
2. Денвер халықаларық әуежайы (АҚШ) — 135,71 км²


Денвер халықаралық әуежайы (DIA) — АҚШ-тың ең ірі әуежайы, Денвер қаласынан 40 шақырым алшақ жатыр. DIA Frontier Airlines, United Airlines әуе компанияларына хаб, Southwest Airlines компаниясына база болып отыр.
Денвер әуежайы жылына 26 миллиард доллар ақша табады әрі АҚШ-та жолаушы саны жағынан бесінші орында. Онда 35 мың қызметкер жұмыс істейді, соның арқасында Колорадо штатындағы ең ірі жұмыс беруші компания саналады.
Денвер әуежайынан 30 халықаралық бағытқа, 185 ішкі бағытқа ұшуға болады.
Қызық дерек: әуежайдың төбесі іркес-тіркес қар төбесіне ұқсайды. Себебі Денвердің басты белгісі — қарлы тау.
3. Ыстамбұл халықаралық әуежайы (Түркия) — 76,5 км²


Ыстамбұлдың жаңа әуежайы — қазір Еуропаның ең үлкен әуежайы. Оның ішке рейстерде де, сыртқы рейстерде де лаунж зонасы көп. Жалпы, қыстырылмай жүретін кеңістігі мен жүрек жалғайтын дәмханасы, аралайтын дүкені көп. Әуежай қаншалықты үлкен екенін 70 мың көлік сыйдыра алатын тұрағына қарап көруге болады.
Ыстамбұл әуежайынан 350 бағытқа ұшуға болады. Одан жылына 70 миллион адам өтеді. Болашақта бір жылда 150-200 миллион өтеді деген жоспар бар.
4. Даллас / Форт-Уорт халықаралық әуежайы (АҚШ) — 69,63 км²


Даллас әуежайы (DFW) 1973 жылы салынған. Оның ауданы Нью-Йорктың Манхеттенінің ауданынан сәл үлкен. 2006 жылы бұл әуежай «Қаланың үздік жүк әуежайы» деп танылды.
Бұл әуежай — American Airlines-тың ірі хабтарының бірі. Онда ұшқан рейстердің 84%-ы осы әуежайдікі. Бұл жерден 273 бағытқа ұшуға болады, ал жылына одан 75 миллион жолаушы өтеді екен.
Әуежай үлкен болғаны соншалық — оның өз пошта индексі, шұғыл жәрдем қызметі, коммунал қызметі мен пошта бөлімі бар.
5. Орландо әуежайы (АҚШ) — 53,8 км²


Орландо әуежайы (MCO) 1981 жылы салынған, Орландо қаласынан он шақырым алыс жатыр. Ол жерден күн сайын 850 шақты рейс орындалады.
Орландо халықаралық әуежайы — AirTran Airways әуе компаниясының негізгі емес хабы, Southwest Airlines пен JetBlue Airways-тің маршрут желісінің бас бағыттарының бірі.
Айтпақшы, бұл әуежай — Shuttle ғарыш кемелері апат болғанда қонатын аймақ.
6. Вашингтон Даллес халықаралық әуежайы (АҚШ) — 48,6 км²


Даллес атындағы Вашингтон әуежайы 1962 жылы ашылған. Даллес деген аты АҚШ-тың 52-ші мемлекет хатшысы Жон Фостер Даллестің құрметіне қойылған.
Бұл әуежайдан United Airlines, JetBlue Airways және American Airlines әуе компаниялары ұшады. Рейстердің көбі (61,5%) United Airlines-қа тиесілі.
Даллес әуежайы — АҚШ-тың ең ірі лоукост хабы. Independence Air лоукостер компаниясы осы әуежайы арқылы ұшатындықтан Даллес АҚШ-тың танымал әуежайларының арасында 24-орыннан 4-орынға көтерілген.
7. Дасиң әуежайы (Қытай) — 46,6 км²


Бұрын Бейжіңнің ең үлкен әрі ең танымал әуежайы Бейжің халықаралық әуежайы болатын. Қаланың билігі ондағы жолаушы санын азайту керек деп Дасиң халықаралық әуежайын салды. Оның аумағына 98 стадион сыйып кетеді екен. Жыл сайын бұл әуежай 100 миллион жолаушы қабылдайды екен.
Әуежай футурист стильде салынған: терминалдардың сырты теңіз жұлдызына ұқсатып салынған, ал әр залы Қытай мәдениетінің бір символына арналған. Мысалы, жібек я шайға.
Дасиң әуежайы әуежай ғана емес, жүрдек пойыз бен жүрдек көлік жүретін жер.
8. Жорж Буш атындағы Хьюстон Интерконтиненталь әуежайы (АҚШ) — 44,5 км²


Хьюстон Интерконтиненталь (IAH) — 1969 жылы салынып, 1997 жылы аты АҚШ президенті Жорж Буштың атына өзгертілген әуежай. 2018 жылға дейін бұл жер АҚШ-тағы елдің тірі мемлекет қайраткерлерінің құрметіне аталған екі әуежайдың бірі болған.
Бұл әуежайдан халықаралық рейстер де, ішкі рейстер де ұшады. Хьюстон Интерконтиненталь Continental Airlines әуе компаниясының штаб пәтері мен бас транзит хабы болып отыр. Күн сайын онда 1 400 рейс қонады және ұшады.
9. Пудоң (Пудун) әуежайы (Қытай) — 39,9 км²


Пудоң (Пудун) халықаралық әуежайы (PVG) — 1999 жылы Хоңциао (Хунцяо) әуежайын алмастыру үшін салынған әуежай.
Жыл сайын баратын жолаушылар саны — 60 миллион адам. Басшылық бұл көрсеткішті 80 миллионға дейін көтермек. Пудоң халықаралық әуежайы — Air China, China Eastern Airlines, Shanghai Airlines және Spring Airlines әуе компанияларының базасы.
10. Қайыр (Мысыр) — 36,3 км²


Қайыр әуежайы (CAI) — Мысырдың EgyptAir деген ұлттық тасымалдаушысының бас хабы. CAI Африкадағы екінші ең танымал әуежай, Мысырдағы ең ірі әуежай саналады.
Мысырдың билігі одан Африка мен Орта Шығыстың арасындағы бас хаб жасағысы келеді. Сондықтан бұл әуежайда бес жұлдызды қонақүй, терминалдардың арасында жүретін пойыз, үлкен ұшу жолағы мен Гизаға адам таситын жаңа метро желісі орналасқан. Болашақта The Cairo Cargo City мен Oasis Project бизнес паркі салынбақ.
Еуропаның ең үлкен әуежайы
Еуропадағы ең үлкен әуежай — Ыстамбұл әуежайы. Оған дейін ең ірі әуежай Париждегі Шарль де Голль атындағы әуежай болатын.
Азиядағы ең ірі әуежай
Азияның ең үлкен әуежайы — Сауд Арабиясындағы Фахд патша атындағы әуежай.
Американың ең үлкен әуежайы
Американың ең ірі әуежайы Денвер халықаралық әуежайы саналады.
Африкадағы ең үлкен әуежай
Интернетте Африканың ең үлкен әуежайы О.Р. Тамбо атындағы әуежай деп жазылған. Бірақ оның ауданы қанша екені көрсетілмеген. Сондықтан Африкадағы ең ірі әуежай деп Қайыр халықаралық әуежайы деп есептейік.
Жолаушы саны жағынан топ ондыққа кірген әуежайлар
Ең көп жолаушы қабылдайтын әуежай ең танымал әуежай саналады. Әуежайдың танымалдығы Халықаралық әуежайлар кеңесінің жалпы жолаушылар санына қарап жүргізген есебіне сүйене отырып анықталады.
Жылдар бойы әлемдегі ең көп қарбаласты әуежай Атлантадағы Хартсфилд-Жексон халықаралық әуежайы болып келген еді. Алайда 2020 жылы бұл атақ Гуаңжоу Байүн әуежайына өтті. Дегенмен Хартсфилд-Жексон оны 2021 жылы қайтара алды.
2022 жылдың ең танымал әуежайлары:
№ | Әуежайдың аты | Елі | IATA коды | Жолаушы саны |
1 | Харстфилд-Жексон халықаралық әуежайы | АҚШ | ATL | 93 699 630 |
2 | Даллас/Форт-Уорт халықаралық әуежайы | АҚШ | DFW | 73 362 946 |
3 | Денвер халықаралық әуежайы | АҚШ | DEN | 69 286 461 |
4 | О’Хара халықаралық әуежайы | АҚШ | ORD | 68 340 619 |
5 | Дубай халықаралық әуежайы | БАӘ | DXB | 66 069 981 |
6 | Лос-Анджелес халықаралық әуежайы | АҚШ | LAX | 65 924 298 |
7 | Ыстамбұл халықаралық әуежайы | Түркия | IST | 64 289 107 |
8 | Лондонның Хитроу әуежайы | Ұлыбритания | LHR | 61 614 508 |
9 | Индира Ганди атындағы халықаралық әуежай | Үндістан | DEL | 59 490 074 |
10 | Париждің Шарль де Голль әуежайы | Франция | CDG | 57 474 033 |
86
4