Еуропаның топ 17 лоукостері
10 еуроға қайда баруға болады?
Еуропада ел-жер аларалаудың ең арзан түрлерінің бірі — лоукостерлер. Ондай әуе компаниялары да, олардың бағыттары да көп. Осы мақалада Еуропаның лоукостерлерін тізіп шықтық.
Лоукостерлер туралы бір-екі ауыз сөз
Бұрын біз лоукостер не екенін, билеті неліктен арзан тұратынын жазғанбыз. Толығырақ оқимын десеңіз, мына сілтемені басыңыз.

Қысқаша айтар болсақ, лоукостер деген не?
- Лоукостерде бизнес я эконом класы деген жоқ. Билетіңіз арзан болса, орындығыңыздың арқалығын артқа итере алмайсыз, аяғыңызды созып отыра алмайсыз.
- Тамақ пен багаждың ақысын бөлек төлейсіз. Билетіңізді қайтару я ауыстыру мүмкіндігіңіз болсын десеңіз, қосымша ақы төлеуіңіз керек.
- Орта жолда ұшақ ауыстырсаңыз, багажыңызды алып, кері өткізуіңіз керек.
- Ұшақ екінші деңгейлі әуежайларға барып қонады. Себебі ондай әуежайлардың алымы аз болады. Билет арзан болатыны содан.
Еуропаның ең танымал лоукостерлері
Ryanair


Ryanair — Еуропадағы ең ірі лоукост әуе компаниясы. Кей рейстің билеттері арзан болғаны соншалық, автобус пен пойыздың билеттері оның қасында қымбат болып қалады. Мысалы, Портудан Фаруға баратын автобустың билеті 65 еуро тұрады. Ал жолға 8 сағат кетеді. Бірақ Ryanair-ды таңдасаңыз, 9,99 еуроға билет алып, 1 сағат 5 минут ұшасыз.
Осы компанияның ұшақтарымен Бодрумнан Дублинге 73 еуроға, Киевтен Берлинге 12 еуроға, Лондоннан Барселонаға 9,99 еуроға баруға болады.
Wizz Air


Wizz Air — Қазақстаннан ұшып жүрген лоукостерлердің бірі. Бірақ екі-ақ рейсі бар: Астана — Будапешт пен Алматы — Әбу-Дәби. Еуропаға ұшатын бір билеттің бағасы — 85 еуро.
Бұл лоукостер жалпы 44 елге ұшып жүр. Мысалы, Әбу-Дәбиден Ереванға, Күтәиси, Афина, Будапешт я Одессаға, Киевтен Вена, Ларнака, Копенгаген, Таллин, Берлин, Болонья мен Ригаға ұшады.
EasyJet


EasyJet 300 бағытқа ұшады. Қайда ұшарыңызды білмесеңіз, сайттан бағыт сілтер бөлім бар. Онда қала мен ел фильтрін қолдана аласыз, бюджетіңіз бен сапардың мерзімін қадағалай аласыз. Сайт қалай демалғыңыз келгеніне қарай ыңғайлы рейс тауып береді: белсенді демалыс, релакс ретрит, үй ішіңізбен бірге я жалғыз сапар шегу. Бағаларына мысал: Берлиннен Инсбургке 26 еуроға билет алуға болады.
Солтүстік Еуропа
Norwegian Air


Norwegian Air Shuttle — Скандинавиядағы үлкен лоукост әуе компанияларының бірі. Штаб пәтері Ослоның қасындағы Форнебюде орналасқан. Негізгі хабтары Осло, Хельсинки, Стокгольм, Копенгаген мен Берлинде.
Norwegian Air Shuttle 400 бағытпен ұшады. Билеті ең арзан рейстер, әрине, Солтүстік Еуропаның елдерінің арасында ұшады. Олар — Дания, Финляндия, Швеция. Компания одан бөлек Орталық, Шығыс және Оңтүстік Еуропаға ұшып жүр.
Ұшақта Wi-Fi-ға кіріп, түрлі қызық бағдарлама көруге/тыңдауға болады. Бортқа 10 келі қолжүк ала аласыз, ал багажыңыздың салмағы ары кеткенде 20 келі болуы керек.
Air Baltic


Алматыдан ұшып жүрген Латвияның лоукостері. Берлинге 165 еуроға, Таллинге 166 еуроға, Мәскеуге 171 еуроға, Копенгаген, Осло, Хамбург мен Дюссельдорфқа 172 еуроға, Франкфуртқа 180 еуроға баруға болады.
Рейстердің барлық дерлігі Ригада аялдайды. Олармен Еуропаны толықтай аралап шығуға болады: компанияның 300 бағыты бар. Мысалы, Рейкьявиктен Ригаға 50 еуроға я Вильнюске 91 еуроға баруға болады.
Орталық және Батыс Еуропа
EuroWings


Lufthansa-ға қарасты компания. Барлық рейсі Дюссельдорфта я Хамбургта аялдайды. Дюссельдорфтан Лиссабонға 54 еуроға жетіп алуға болады. Компания Маврикий, Намибия, Барбадос, Ливан, Тунис, Марокко мен Еуропаның барлық еліне ұшады.
Бұл лоукостердің бір ерекшелігі — ол мүлдем қарамай рейс таңдау мүмкіндігін беретін қызық бір фунцкциясы бар. Ол үшін өзіңізге қызық демалыс таңдайсыз. Мысалы, романтика, шопиң, шаңғы тебу, табиғатқа шығу. Қызметтің ақысы — 89 еуро.
Sun Express


Lufthansa мен Turkish Airlines-қа қарасты компания. Түркиядан я Мысырдан Еуропаға баратындарға ыңғайлы лоукостер. Мысалы, Анталиядан Копенгагенге 69 еуроға, Базелге 34 еуроға я Венаға 39 еуроға баруға болады. Петербургтен Измирге 80 еуроға ұшып бара аласыз. Сайттан кез келген жақтан кез келген жаққа билет тауып беретін функцияны пайдалана аласыз.
Iberia Express


Испания, Германия, Дания, Франция, Ұлыбритания, Грекия, Хорватия, Ирландия, Исландия, Италия, Мальта, Нидерланд, Норвегия мен Швециядан ұшып жүрген әуе компаниясы. Мысалы, Мадридтен Майоркаға 25 еуроға жетуге болады.
Level

Level — Еуропа мен Америка құрлықтарының арасында жолаушы тасып жүрген испан лоукостері. Хабы Барселонада орналасқан. Компания АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Бостон, Нью-Йорк қалаларына ұшады. Ал Латын Америкасында Аргентина мен Чилиге ұшып бара аласыз.
Мадридтен Бостонға 320 долларға, ал Барселонадан Нью-Йоркке 290 долларға, Сантяго де Чилиге 490 долларға баруға болады.
Transavia

Transavia — 1965 жылы ашылған, AIR FRANCE KLM Group-қа қарасты лоукостер. Екі хабы бар. Біреуі Францияда, екіншісі Амстердамда орналасқан.
Бұл әуе компаниясы ұшып жүрген бағыттар көп: Еуропа — Аустрия, Грекия, Дания, Исландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Мальта, Польша, Португалия, Сербия, Словения, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Шотландия. Шығыс елдері — Жордания, Ливан, БАӘ, Түркия. Еуропадан Мысыр, Кабо-Верде мен Мароккоға ұшады.
Парижден Алжирге 85 еуроға, Эйндховеннен Прагаға 50 еуроға, Лионнан Хұрғадаға 149 еуроға, Амстердамнан Дубайға 194 еуроға ұшып баруға болады.
Vueling


Vueling Airlines — 38 елдің арасында қатынап жүрген компания. Бүкіл Еуропа мен Солтүстік Африканы жалғап тұрған лоукостерлердің бірі. Мысалы, Тунис, Марокко мен Алжирден Италия, Швейцария, Эстония я Норвегияға баруға болады.
Барселонадан Ибицаға барып келуге 50 еуродай кетеді. Бұрын Киев — Амстердам — Киев рейсіне 146 еуроға билет алуға болатын еді.
SmartWings


Прагадан ұшатындарға жақсы лоукостер. Еуропаның ірі қалаларына арзанға ұшуға болады. Мысалы, Испания, Италия, Грекия, Хорватияға. Бағалары мынандай: Прага – Малага 72 еуро, Прага — Валенсия 105 еуро, Прага — Майорка 121 еуро.
Оңтүстік Еуропа
Aegean Airlines

Көбіне грек қалаларынан ұшатын лоукостер. 44 елге жолаушы тасиды. Мысалы, Салониктен Афинаға 45 еуроға билет алуға болады. Сайтта бағалар күнтізбесі бар. Соған қарап бағаларды тексеріп алуға болады.
Volotea


Лоукостер көбіне Испания мен Италия қалаларының арасында қатынайды. Бағыттары көп: Испанияның Аликанте, Бильбао, Гранада, Севилья, Валенсиясы мен Италияның Анкона, Катания, Палермо, Пиза, Турин, Венеция мен Веронасы бар. Компания Еуропаның бірнеше елі мен курорт аралдарына да ұшады.
Бағаларға мысал: Бордодан Венецияға бару, Марселден Люксембургке бару 22 еуро тұрады. Марракештен Страсбурге ұшу 46 еуро тұрады.
Pegasus


Pegasus-тен Алматыдан Ыстамбұлға 140 долларға я Лондонға 210 долларға билет алуға болады. Компанияның хабы Ыстамбұлдағы Сәбиха Гөкчен әуежайында орналасқан.
Бұл лоукостерлер мына елдер мен қалаларға де ұшып жүр: Еуропа елдері, Украина, Ресей, Мысыр мен Түркияның ішінде (Измир, Алания, Ұрфа, Бодрум мен Анталия).
Fly One

Fly One — Молдованың лоукостері. Хабы Кишинёвте орналасқан. Ресейге де, Еуропаның басқа елдеріне де ұшады.
Компания Ұлыбритания, Грекия, Мысыр, Ирландия, Италия, Португалия, Түркия мен Францияға қатынайды. 2021 жылы соған қарасты Flyone Armenia компаниясы ашылды.
Кишнёвтен Амстердам, Брюссель, Верона, Дюссельдорф, Ереван мен Ниццаға 125 еуроға жетіп қалуға болады.
Anadolujet


AnadoluJet ― Turkish Airlines-қа қарасты лоукостері. Хабы Анкарада орналасқан. Бұл компания көбіне Түркияның ішінде ұшады. Бірақ халықаралық бағыттары жетерлік. Мысалы, Еуропадағы астаналардың бәріне дерлік тікелей ұшып баруға болады. Одан бөлек, Амман, Бағдат, Бахрейн, Баку, Бейрут, Дубай, Жедда, Күвейт, Медина, Рияд, Тегеран, Үрмия, Шаржаға қатынайды. Айтпақшы, Анкарадан Алматы мен Астанаға баруға болады.
4
1