Италия туралы сіз білмеген 25 дерек
Мафия, футбол, жер сілкінісі, банктер мен ЮНЕСКО объектілері
Италия — дүниежүзіндегі турист көп баратын, тарихы мен мәдениеті бай, табиғаты керемет елдердің бірі. Бұл елдің солтүстігі Альпінің етегінде, оңтүстігі Сицилия аралында жатыр. Осы мақалада Италия мен оның азаматтары туралы сіз білмеген 25 деректі айтып бермекпіз.

Елдің аты қайдан шыққан?
Италия деген атау қайдан шыққаны туралы аңыз көп. Нақты қайдан шыққанын ешкім білмейді.
Бір аңызға сенсек, Италияның көне атауының, «Вителиудің», елдің оңтүстігін мекен еткен тайпаларға қатысы бар. Гректер сол жерді отарлағанда Италия деп атап кеткен.
Тағы бір аңыз былай дейді: атау көне грек тіліндегі «италос» (italos) сөзінен шыққан. Италос деген бұзау деп аударылады. Бұл жер құнарлы болғасын я осы аймақтағы мал шаруашылығы маңызды болғанын білдіруі мүмкін дейді ғалымдар.

Итальяндар — ғұмыры ұзақ халық
Итальяндар Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде ең көп жасайтын халық саналады. Мысалы, Сицилияның жұрты орташа есептесек 81,3 жыл, Трентино халқы 84,2 жыл өмір сүреді.
Оған үш фактор себеп деседі. Біріншісі — пайдалы тамақ пен жерорталық диета. Бұл диетаны ұстанатындар көп көкөніс, жеміс-жидек, аз өңделген тамақ пен аз ет жейді, тамағына зәйтүн майын қосады. Екінші фактор — халық белсенді: көп жүреді, көлікке аз мінеді. Үшіншісі — итальяндар өзгелермен көп араласады, отбасы құндылықтарын бірінші орынға қояды. Бұл олардың ментал саулығына жақсы әсер етеді.

Италия – жері көп сілкінетін елдердің бірі
Италия — жері көп сілкінетін елдердің бірі. Бұл ерекшелігі елге біраз мәселе туғызып отыр. Италия Еуразия мен Африка тектоникалық тақталары түйіскен жерде тұр. Сол тақталар жылжыса, жер сілкінеді. Жер сілкінісі көбіне-көп орталық және оңтүстік өңірлерде болады. Айтпақшы, Апеннин тауы осы тақталар жылжығаннан кейін пайда болған.
Италияда бұрын көп рет жер сілкінген. Мысалы, Ирипинияда 1980 жылы, Аквилда 2009 жылы болған жер сілкісінен талай адам қаза тауып, талай үй қираған.



Италия — Еуропадағы ең көп ЮНЕСКО объектісі көп ел
Италияда ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енген 58 жер бар. Еуропада мұнша көп объектісі бар ел жоқ.
Тізімге алуан түрлі объектілер кірген. Арасында Рим, Венеция, Флоренция сияқты қалалар, Помпей мен Еркуланум сияқты археология ескерткіштері, Эолия архипелагы мен Доломити Альпісі сияқты табиғат объектілері бар. Бұлардың көбі — ежелгі Рим империясы, Ренессанс пен барокко дәуірін көргендер.

Елде 30 диалект бар
Италияда қазір 31 негізгі, 100 шағын диалект бар. Кей ғалым 300, ал кейбіреуі 6 мың диалект бар дейді.
Бұл диалектілер итальян тілінің түрлері емес, бөлек тілдер деп санауға болады. Мысалы, Сицилия және Неаполь диалектілері стандарт итальян тіліне ұқсамайды. Бір қызығы, Сардиния диалекті сияқты кей диалект Еуропа одағында ресми түрде қорғалатын тілдердің бірі.

Италияда мафия әлі күнге дейін бар
Италияның көп қаласында мафия ұзақ жылдар бойы билік етіп келді. Қазір заманауи елде мафияның көзі құртылған шығар дерсіз. Олай емес, олар әлі күнге дейін бар. Ең танымалдары — Коза Ностра (Сицилия), 'Ндрангета (Калабрия), Каморра (Неаполь).
Бұл деректің несі қызық десеңіз, мафия Италия мәдениетінің бір бөлігі саналады, әсіресе, мафия өршіп тұрған өңірлерде. Соның кесірінен билік мафияны жоя алмай отыр.
Уақыт өте келе Италия үкіметі мафияға қарсы күресін қатаңдатып, бірнеше мафия өкілдерін түрмеге қамаса да, әлі күнге дейін жоя алмай жүр.

Дәмхана, мейрамханадағы бағалар турист қай тілде сөйлетініне қарай өзгереді
Тіл барьері мен туристерге деген көзқарас Италиядағы мейрамхана мен дәмханадағы бағаға әсер етуі мүмкін. Әр жерде солай деуге келмес, алайда ондай тамақтанатын орындар бар.
Туристер көп жерде, мысалы, Рим, Венеция мен Флоренцияда туризм маусымында баға шарықтауы ғажап емес. Мейрамхана иесі клиент турист деп, әсіресе итальянша сөйлемейді деп бағасын көтеріп айтады. Турист аз баратын жерлерде көбіне жергілікті халық келетін болғасын баға тұрақты әрі төмен болады. Сондықтан тамаққа көп ақша жұмсағыңыз келмесе, итальяндардан қайдан тамақ ішуге болатынын сұраңыз.

Италиядағы түскі ас және кешкі ас мәдениеті
Итальяндар таңғы ас ішкенде тез әрі жеңіл тамақтанады. Көбіне капучино ішіп, круассан жейді. Өзге елдерде таңғы ас негізгі ас болса, Италияда жай тіскебасар ас сияқты.
Итальяндар — гурманның гурманы, тамақтың дәмі мен сапасына бейжай қарамайды. Түскі және кешкі астар — тамақ ғана емес, бір рәсім, отбасы я достар болып жиналатын уақыт. Түскі асқа бірнеше сағат кетуі мүмкін, әсіресе демалыс күндері. Оған түрлі тамақ кіреді: тіскебасар, бірінші ас, екінші ас, гарнир мен десерт.
Кешкі ас әлдеқайда кеш басталады, әдетте 8-ден кейін. Кешкі 7-8-де көшелер мен дәмханаларда адам тола бастағанын көруге болады. Кешкі ас та түскісі сияқты мол болуы мүмкін. Бірақ көбі жеңіл-желпі бір нәрсе жей салғанды жақсы көреді.

Италияда жетімхана жоқ
Италияда жетім балалар мен ата-ана қамқорынан айырылған дегенге көзқарас өзгеше. Басқа елдерде ондай жандар жетімханаға жіберілсе және онда тұрған ештеңе жоқ болса, Италияда жалғыз қалған балаларды асырап алатын арнайы отбасылар мен Case Famiglia деген кішкентай топтық үйлер бар.
Онда ары кеткенде алты бала тұрады. Осылай топта жылы отбасы атмосферасы пайда болады. Мұндай амал балалардың әрбіріне маңызды екенін ұғындырады. Топта балалар күтім мен қолдау көріп қана қоймай, кішкентай да болсын, бірақ ұйымшыл топта тіршілік етеді. Асырап алушы отбасылар мен топтық үйлер — қоғам қолдауы мен еріктілердің арқасында пайда болған орындар.

Атақты тарихи тұлғалардың көбі Италияда дүниеге келген
Ренессанстың отаны Италия — мәдениет, ғылым мен өнер саласында еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың көбі дүниеге келген ел.
Леонардо да Винчи, Жаңару дәуірінің данышпаны, Винчи деген кішкентай қалада туған. Оның өнер мен ғылымға қосқан үлесі шексіз. Себебі ол «Мона Лиза» мен «Жасырын кешкі ауқат» суреттерін салып қана қоймай, ғылыми құбылыстарды ашқан.
Қазіргі астрономияның негізін қалаған Галилео Галилей, ұлы суретші Микеланжело Буонарроти, ақын Данте Алигиери, композитор Жүзеппе Верди, жиһанкез Кристофор Колумб та Италияда туған.

Паста — әр итальянның бас азығы
Итальяндарға тамақ қорек қана емес, бір үлкен мәдениет. Ал паста — соның ажырымас бөлігі. Италияның әр өңірі өз пастасын мен оны пісіру әдісін мақтан тұтады. Мысалы, Сицилияда сардина мен фенхел қосылған спагетти танымал болса, ал Рим халқы карбонара я аматричана сияқты кәдімгі пастаны жақсы көреді. Pomi Online дерегіне сенсек, бір итальян жылына 25 келі паста жейді екен.
Пастаның түрі де көп, оны пісіру әдісі де көп. Кей пастаны қолдан жасау керек. Ал бұған аспаз шебер әрі епті болғаны керек. Мысалы, Апулияда орекьеттені қолдан дайындағанда әр тілімін ерекше қалыпты қылып жасау керек.


Италияда екі егемен ел орналасқан
Италияда екі тәуелсіз мемлекет орналасқан: Ватикан мен Сан-Марино. Бұл кішкентай екі елдің тарихы мен мәдениеті өте ерекше.
Ватикан — Римнің қақ ортасында тұрған, әлемдегі ең кішкентай мемлекет. Аумағы — бар-жоғы 44 гектар. Қала мемлекет — Католик Рим шіркеуінің рухани әрі әкімшілік орталығы және Рим папасының резиденциясы. Римге барғанда Әулие Петр шіркеуі мен Микеланжелоның фрескасы салынған Сикстин каппеласына соға кетіңіз.
Сан-Марино Италияның солтүстік-шығысында орналасқан. Әлемдегі ең көне республикалардың бірі. Негізі 301 жылы қаланған. Бұл мемлекет жұртқа әдемі табиғаты, ортағасыр қамалдары мен саудаға салынатын салығы жоғымен танымал.


Италияда мысық көөөөөөөөп
Кей қалада мысық деген киелі жануар саналғандықтан оны адамдар құрметтейді, бағып күтеді. Мысалы, Римдегі Ларго ди Торре Аргентина алаңында жүздеген қаңғыбас мысыққа арналған пана бар. Оны еріктілер басқарады.
Италияда мұндай мысықтарды қорғайтын заңдар бар. Олар мысықты қалай бағу керегін, стерилизациясы қалай өтетін реттейді.
2023 жылы елде 11,4 миллион мысық тіркелген. Бірақ онда қаңғыбас мысықтардың саны көрсетілмеген, сондықтан Италияда мысық бұдан да көп болуы мүмкін.

Бұрындары газет таратындар қатты айғайлайтын болған
Телевизор мен интернет жоқ болған заманда газет жұрттың басты ақпарат құралы болған. Газет таратындар маңызды роль атқарған. Олар таң атпай ұйқыдан тұрып, типографиядан жаңа ғана шыққан газеттерді таратқан.
Өзгелердің назарын аудару үшін және мол газет сату үшін сол күннің басты жаңалығын жар салып айтатын болған. Олар сатушы ғана емес, адамдар мен жаңалық әлемін жалғап тұрған көпір болған.
Интернет пен технология дамығалы бері жұрт газет оқудан қалды, сөйтіп газет тарату мамандығы өткенде қалды.

Әлемнің ең көне банкі Италияда орналасқан
Бұл банк — Сиенадағы 1472 жылы Монте деи Паски ди Сиена банкі (Banca Monte dei Paschi di Siena я қысқаша MPS).
MPS басында монте пьетативо деп салынған. Монте пьетативо деген — жергілікті халыққа, әсіресе ақшаға мұқтаждар мен кедейлерге арзан несие беретін қайырым ұйымы. Сол заманда мұндай ұйым жаңалық болған, себебі банктер несиені көбіне байлар мен беделділерге берген. Уақыт өте келе MPS қайырым ұйымы болудан қалып, кәдімгі банкке айналды. Қазір елдің негізгі қаржы ұйымы болып отыр.

Италияда қаңғыбас жануарлармен күрес адамгершілікке сай жүреді
Италияда өзге елдердегідей қаңғыбас жануарлар мәселесі жоқ емес, бар. Десе де Италия — үйсіз ит-мысықтарды асырау, бағу, күту мәселесін барынша тезірек шешуге асық ел.
Көптеген қалада үйсіз жүрген жануарларға қарау бағдарламалары бар. Мысалы, Римде еріктілер басқарып жүрген мысықтарға арналған паналар бар. Бұл паналар қала ландшафты мен мәдениетінің бір бөлігі саналады. Итальяндардың көбі үйсіз жүргендерді бағып-қағатын, асырайтын бағдарламаларға көп қатысады, мұндай мәселе барын халыққа жеткізу үшін түрлі ақпарат шараларын өткізеді және өзгелерден қаражат жинайды.

Италия жағажайларында түнде суға түсуге я қыдыруға болмайды
Италияның кей қаласында түнде жағажайға баруға, яғни суға түсуге я қыдыруға тыйым салынған.
Оның себебі — түнде жағажайда құтқарушы табыла бермейді әрі адам батып бара жатса, жарық жоғынан өзгелері байқамай қалуы мүмкін. Кей қалада мұндай тыйым теңіз тасбақалары мен өзге жануарларды қорғау үшін ойлап табылған. Мысалы, Амальфи және Апулия өңірінде жергілікті билік бұл тыйым бағынбағандарға айыппұл салады.
Бірақ кейбір қалада түнгі жағажайлар (spiagge notturne) ашылуы мүмкін. Онда суға түсуге болмайды, десе де қыдыруға, отыруға болады. Қауіпсіздік ережелерін бұзбасаңыз, ешкім сізге ештеңе демейді.

Буратино мен Пиноккио бір-біріне ұқсас
Буратино мен Пиноккио — әлемге танылған екі ағаш қуыршақ, бірақ көбі олардың байланысы барын біле бермейді. Тарихи факт: Италия жазушысы Карло Коллоди 1883 жылы ойлап тапқан Пиноккио Алексей Толстойдың 1936 жылы Буратиноны ойлап табуына түрткі болған.
Пиноккио — бейкүнәсіздік, білмекке құмарлық пен өз бетімен жетілудің белгісі. Ал Буратино — одан да аңқау әрі турашыл кейіпкер.

Ең көне университет те Италияда орналасқан
1088 жылы Болония университеті дүниежүзіндегі ең көне университет саналады. Оқу орны Болония қаласында орналасқан.
Университет әлемдегі университет жүйесінің дамуына көп үлес қосқан. Дәл сол жерде дәреже жүйесі мен бүкіл Еуропаға жайылған университет білімі стандарты ойлап табылған.

Италия — Еуропаның ең діншіл елі
Италия — католик христиан дінінің орталығы. Италияндардың тыныс-тіршілігінде христиан діні маңызды роль атқарады.
Римнің қақ ортасында тұрған Ватикан дүниежүзіндегі миллиондаған католикке киелі жер саналады. Оның тарихи және діни маңызының арқасында католиктер Италияны ерекше жер көреді.
Италияның әр жерінде шіркеу, монастыр, дұға оқитын жер жетеді. Мысалы, Римдегі Киелі Петр базиликасы мен Миландағы Киелі Мария Надежда шіркеуі ұлы тарихи үй ғана емес, католиктерге маңызды жер.
Діни мейрамдар мен фестивальдар Италия қоғамына өте маңызды. Мысалы, Пасха мен Крисмас діни мереке ғана емес, әулет болып жиналатын бір үлкен мейрам.

Италияда спорттың ең танымал түрі — футбол
Италияда футбол жай спорт емес, елдің мәдениетінің бір бөлігі, итальяндардың құштары. Серия А деген — Италия футбол лигасы дүниежүзіндегі мықты әрі беделді лигалардың бірі. Бәріміз білетін «Ювентус», «Милан» мен «Интер» клубтары осы лигада ойнайды.
Онда футбол — кәсіби спорт ғана емес, күнделікті тіршіліктің бір бөлігі. Достар күнде доп тебеді, ал кешке барға барып матч қарайды. Елдің ұлттық командасы ойнаса, көшелер босап қалады, жұрттың бәрі матчты бар, дәмханаға барып я үйде отырып қарайды.

Итальяндар үнемі ымдап сөйлейді
Италияда қол сермеп сөйлеу тілдесу мәдениетінің негізгі бөлігіне айналған. Итальяндар әлемде эмоция қосып сөйлейтінімен танымал.
Кей зерттеуге сенсек, италиян тілінде 250 түрлі ым бар. Ымдағанда олардың айтпағы эмоциялы ғана емес, айқын бола да түседі.
Бұл дәстүр олардың қанына сіңіп кеткен. Ымдап сөйлеуге деген әуестік Апеннин түбегіндегі түрлі мәдениет пен тілдердің араласып кеткенінен дейді кей зерттеуші. Себебі бір-бірінің тілін түсінбегенде итальяндар ымдап түсініскен.

Крисмас — әр жылдың басты мейрамы
Италияда (ит. «Natale») Крисмас — тыныс-тіршілік баяулап, отбасы, дос-жаран мен дәстүрлі алдыңғы орынға шығатын шақ.
Онда Крисмас Адвент тойлаудан басталады: үйде алғашқы шамдар жағылады, ал көшелерге шыршалар орнатылады. Италияндар крисмас пресепио жасауға ерекше көңіл бөледі. Бұл — ортағасырдан, Әулие Франциск Ассиз Иса пайғамбардың туғанын алғаш бейнелегеннен бері қалған салт. Содан бері пресепио өнерге айналды.
Крисмаста итальяндар үй-ішімен бірге жиналып, кешкі ас ішеді. «Cenone» деп аталады бұл мереке асы. Дастарқанға «каппоне» (қуырылған қораз) мен түрлі теңіз өнімдері, панеттоне мен торроне секілді итальян тәттілері қойылады.

Итальяндар кешігеді де жүреді
Италия азаматтары кешігеді де жүреді деген ой қазір көбіне таптаурын пікір сияқты айтылады. Десе де олар шынымен де қазақтар сияқты барар жеріне асықпай барады.
Себебі кешігу біреудің уақытын құрметтемеу емес, керісінше, өз уақытын, бақытын, өмірін бағалау саналады. Олар көбіне қонаққа я достармен я туыстармен кездесуге кешігіп барады. Мысалы, кешкі 7-де кездесеміз деп келіссе, кездесу 7-де емес, 8-де басталады деген сөз. Бұл итальян сағаты (l'ora italiana) — тілдесу мәдениетінің бір бөлігі.
Олар кешіккенде уақытты барынша тиімді жұмсау керек емес, керісінше, барынша ләззат алу деген қағидаға сүйенеді.

Италияда ұсынылған тамақтан бас тартпаған жөн
Бұл елде ас — адамның арқауы деген қағидаға қатты сүйенеді, тамақ бірінше орында тұрады. Сондықтан біреу тамақ ұсынса, бас тартпағаныңыз дұрыс. Әйтпесе сізге дөрекісіз деуі мүмкін. Мұндай қонақжайлық пен тамақтан ауыз тигізу — Италияда бұрыннан келе жатқан салт.
Қонағым болыңыз деген дәстүр — ас ішіп кетіңіз деген ғана емес, тыныс-тіршілігіңді де айта отыр деген шақыру. Итальян сізге паста я қолдан жасалған торттан ауыз тиіңіз десе, ол – сізді құрметтегені.
7
1