Қазақстанның шаңғы тебетін курорттары⛷️
Қар басқан тауға барып демалайық
Қазақстан — табиғаты сұлу, қысқы туризмге арналған керемет жер. Мұнда биік таулар мен әсем аңғарлардың арасында түрлі демалыс базалары орналасқан. Біз сізге қазір Қазақстандағы ең жақсы тау-шаңғы курорттарын, олардың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін айтып береміз.
«Шымбұлақ» шаңғы курорты




Бұл жер — Қазақстандағы ең танымал курорттардың бірі. 1954 жылы ашылған «Шымбұлақ» Іле Алатауда Алматыдан 25 шақырымдай қашық жатыр. Курорт теңіз деңгейінен 2 260 метр биік орналасқан, ал ең биік нүктесі 3 200 метрге дейін жетеді. «Шымбұлаққа» Медеуден аспалы жол арқылы жетуге болады.
Горнолыжный курорт «Шымбулак» внесли в Книгу рекордов Гиннеса

Мұнда ұзындығы 20 шақырымға жуық 15 трасса бар. Трассалар оңай, орташа және күрделі деңгейлі болып келеді. Олардың арасында ең әйгілі және жылдам сырғанауға арналған, FIS сертификаты бар трасса да бар. Қызметкерлер трассаларды ратракпен үнемі тазалап отырады. Курортта фрирайдқа көптеген мүмкіндік қарастырылған. Қалың қарды ұнататындарға негізгі трассалардан тыс жатқан тың еңістер ұнары анық. Сондай-ақ сноуборд, қар кешкіш пен фәтбайкқа арналған аймақтар бар.
Енді бастағандарға арналған оқу трассалары мен тәжірибелі нұсқаушылар бар. Сабақтарға онлайн түрде жазылуға болады. Топтық және жеке сабақтарға балалар да, ересектер де қатыса алады. Бір сабаққа балалар 10 мың теңге, ал ересектер 15 мың теңге төлейді.
«Шымбұлақта» жұрт демалсын деп барлық жағдай жасалған: еңістердің дәл қасында қонақүйлер мен шале, мейрамханалар мен кафелер, жабдықтарды жалға беру және медициналық пунктілер орналасқан.
Курорт қараша айынан сәуірге дейін (ауа райына қарай) күн сайын жұмыс істейді. Түсе берістің жұмыс уақыты әртүрлі: мысалы, Комби-1 09:00-17:00 аралығында, Комби-2 16:30 дейін, Сол Талғар 15:30 дейін ашық тұрады. «Медеу — Шымбұлақ» аспалы жолы 8:30-дан 18:00-ге дейін істейді. Сейсенбі, бейсенбі және сенбі түні 19:00-23:00 аралығында шаңғы, сноуборд тебуге болады.
Бағалары билет түріне қарай өзгереді. Күндізгі абонемент 10 000-15 000 теңге тұрады. Жабдықтарды жалға алу: бір комплектінің бағасы 10 000 теңгеден басталады. Балалар, студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктер бар.
Курорттың несі ерекше
Алматыға жақын: курортқа ары кетсе бір сағатта жетуге болады.
Әдемі тау: Іле Алатаудың кереметі Шымбұлақта жатыр.
Трассасы көп: шаңғы, сноуборд тебе алмайтындар да емін-еркін үйрене ала алады.
Заманауи көтергіштер.
Мәдени іс-шаралар: Шымбұлақта түрлі концерт, фестивальдар өтеді, түнде шаңғы тебуге болады.
Инфрақұрылымы жақсы дамыған.

«Ой–Қарағай» тау курорты (бұрынғы Лесная сказка)



«Ой-Қарағай» — Алматыдан 40 шақырым қашық Ой-Қарағай шатқалында жатқан, жыл бойы ашық заманауи демалыс кешені. Курорт — теңіз деңгейінен 1 500 метр биік жатқан, аумағы 110 гектар жер. Онда көлікпен я базаның өз трансферімен жетуге болады. «Ой-Қарағай» 13 жылдан бері істеп келеді.
Курортта түрлі деңгейлі 5 шаңғы трассасы бар. Олардың жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асады. Енді бастағандар мен балаларға арналған жеңіл жасыл трассалар бар. Көгілдір және қызыл трассалар қалғандарына арналған. Кішігірім фрирайд аймағы да бар. Шаңғы теппей-ақ та, басқаша демалуға болады: шана я тюбиң мініп сырғанау, мұз төбеден сырғанап түсу, қысқы серуендер және арқан саябағында уақыт өткізу.

«Лесная сказка» инфрақұрылымы да жанға жайлы. Мұнда ағаш басындағы үйлер де, гләмпиң де, кәдімгі қонақүйлер де бар. Қонақтар түрлі халықтың тамағын пісіретін мейрамханаларға, монша мен спаға бара алады, ал жабдықтарды жалға беру және спорт дүкендерінен қажеттің бәрін таба алады.

Курорт жыл бойы ашық, бірақ шаңғы маусымы қарашадан наурызға дейін жалғасады. Бағасы жасыңыз бен демалыс уақытына қарай әртүрлі. Мысалы, таңғы ски-пасс демалыс күндері ересектерге 6 300 теңге, ал жастар мен балаларға 2 800 теңге тұрады. Түнде сырғанаймын дегендерге баға кез келген күні 5 900 теңгеден басталады. Курорт туралы толық ақпаратты ресми сайтынан білуге болады.
Курорттың несі ерекше
Алматыға жақын: көлікпен 40 минутта жетуге болады
Ауасы таза: курортты орман қоршап тұр
Отбасыларға арналған: балаларға арналған түрлі ойын-сауық бар, мысалы, қысқы ойын-сауық паркі.
Жайлы атмосфера: тау ауасы мен ерекше эко үйлер күшті үйлескен.
Мәдени іс-шаралар: қазақ ұлттық аспаптары шоуы мен гастрономия фестивалі өтеді.
«Ак Бұлақ» тау курорты


«Ақ Бұлақ» Алматыдан 35 шақырым жатқан жерде, Талғар ауданында орналасқан. Курорттың биіктігі — 1600-2660 метр. Соның арқасында бұл жер маусым бойы қалың қарлы болады.
Онда түрлі деңгейлі 10 шақырымдық трассалар жетерлік: енді бастағандарға арналған жеңіл жолдар да, кәсіби спортшыларға арналған тік және бұрылысы көп күрделі трассалар да бар. Одан бөлек ақша қардың үстімен сырғанауға арналған «Домбыра» фрирайд аймағы, сноуборд жолдары мен шанамен сырғанауға арналған трассалар бар.

Курортта қолайлы қонақүйлер, қазақ және Еуропа асханасы бар мейрамханалар мен дәмханалар, шаңғы мен сноуборд жалға беру қызметі, спа орталығы мен корпоратив іс-шараларға арналған конференция залдары істеп тұр.
Шаңғы маусымы желтоқсанда басталып, наурызда аяқталады. Көтергіштер мен жолдар күн сайын 9:30-дан 17:00-ге дейін істейді. Кейбір көтергіш жұмыс күндері 16:00-ге, ал демалыс күндері 16:30-ға дейін ашық тұрады.
Бағаларға келсек, таңғы тариф (9:30-дан 11:30-ға дейін) жұмыс күндері 4 400 теңге, ал демалыс күндері 5 800 теңге. Күндізгі тариф (9:30-дан 17:00-ге дейін) жұмыс күндері 5 800 теңге, демалыс күндері 8 000 теңге. Толығырақ ақпаратты ресми сайттан қарауға болады.
Курортта тәжірибелі нұсқаушылар қызмет етеді, жеке және топтық сабақтар өткізеді. Енді бастағандар арнайы оқу трассаларында шаңғы тебуді тез үйрене алады. Бір сабақтың бағасы 7 000 теңгеден басталады.
«Ақ Бұлақтың» несі ерекше
Трассалар жоғары сапалы: жолдарды заманауи ратрак тазалайды.
Табиғаты сұлу: Тянь-Шань тауына қарап демаласыз.
Көп функциялы: курорт белсенді демалатындарға да, көп жүргісі келмейтіндерге де керемет жер.
Мәдени және спорт іс-шаралары: «Ақ Бұлақта» жарыстар да, корпоратив ивенттер мен мерекелер де өткізіледі.
«Алтай Альпісі»



- Ресми сайт: alps.altay.kz
«Алтай Альпіcі» курорты — Өскеменнен 25 шақырым қашық Алтай тауларының етегінде жатқан демалыс орны. Бұл жер қысқы демалысын күшті өткіземін дегендерге өте қолайлы, себебі қарының сапасы жақсы әрі өзі қалаға жақын орналасқан.
Курортта 15 шақырымға созылған 12 трасса бар. Мұнда енді бастап жүргендер мен орта деңгейлілерге арналған жасыл және көк жолдар, ал кәсіби спортшыларға арналған қызыл және қара трассалар бар. Кәсіби трассалардың бәрі халықаралық стандарттарға сай жасалған. Сонымен қатар фрирайд аймағы, сноуборд паркі және тюбиңге арналған жолдар бар.

Курортта жайлы демалуға қажеттің бәрі бар: қонақүйлер мен шале, ұлттық және еуропалық тағамдар ұсынатын мейрамханалар мен дәмханалар, жабдықтарды арзанға жалға беру сервисі, спорт киімдері мен базарлық сататын дүкендер.
«Алтай Альпісі» курорты ауа райына қарай қарашадан наурызға дейін ашық болады. Көтергіштер мен трассалар 9:00-ден 17:00-ге дейін істейді. Ресми сайтта істеп тұрған көтергіштерді көрсететін интерактив тақта бар.
Курорттың бір ерекшелігі — төмен бағасы. Демалыс күндері бір күндік ski-pass бағасы — 11 мың теңге, таңғы ски-пастікі (12:00-ге дейін) — 4000 теңге. Түнде шаңғы тебу мен жабдық жалға алу 12 мың теңге тұрады. Бағалар туралы толық ақпаратты ресми сайттан көруге болады. Жеке және топтық сабақтар өткізуге дайын үйретушілер бар. Бір сабақтың құны 5000 теңгеден басталады.
Курорттың несі ерекше
Алтайдың сұлулығы.
Түрлі трасса бары: курортқа шаңғы теуіп көрмегендер де бара алады.
Қалаға жақын: Өскеменнен небары 25 шақырым қашық жатыр.
Қызықтың түр-түрі бар: шаңғы, сноуборд теппей-ақ та қыдыруға, шана я тюбиң мініп сырғанауға болады.
Орталық және Шығыс Қазақстан тұрғындарына қолайлы.
«Табаған»



«Табаған» курорты Алматыдан 17 шақырым қашық жатқан Талғар ауданындағы Шыбынсай шатқалында орналасқан. Теңіз деңгейінен 1650 метр биік, 2005 жылы ашылған.
Курортта жалпы ұзындығы 37 шақырым 8 трасса бар: 9 шақырым көк трасса, 7 шақырым қызыл трасса, 6 шақырым қара трасса мен жедел шаңғы тебуге арналған 15 шақырым трасса. Одан бөлек екі орынды аспалы жол мен бүгелді екі аспалы жол істейді. Фрирайд аймақтары, слалом трассасы мен шана тебетін жолдары да баршылық.

Курортта жайлы демалуға бар жағдай жасалған: қонақүйде тұрып, мейрамханадан тамақтана аласыз, жабдықтарды жалға беретін жерге барып, өзіңізге керектің түр-түрін жалға ала аласыз. СПА-ға да барып, демалыстың көкесін көре аласыз. Жаралансаңыз, медициналық пункт бары есіңізде болсын.
Курорт қарашадан наурызға дейін күн сайын істейді. Бірақ нақты уақыты ауа райына қарайды. Көтергіштер сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Бағасы тиімді: бір күндік ски-пастың бағасы 5 000 теңгеден басталады, ал жабдық жалға алу кемі 3000 теңге тұрады. Балалар мен студенттерге жеңілдік беріледі, ал отбасыларға арнайы пакеттер ұсынылады. Сондай-ақ курорттың «Бәрі қосылған» пакеттері де бар. Оған тұратын жер, тамақ пен шаңғы тебу бағасы кіреді.
Курорттың несі ерекше
Алматыға жақын: қаладан 30 минутта жетесіз.
Ойын-сауық көп: демалыс пен ойын-сауық аймақтары бар.
Бағасы төмен.
Отбасыларға арналған: балалар мен жұптарға арналған ойын-сауық жетерлік.
Бурабай


Бурабай — қысқы демалысқа арналған тамаша орын. «Қазақстанның Швейцариясы» деп аталатын, табиғаты өте әдемі Щучинск-Бурабай курорт аймағында орналасқан. Бурабай Ақмола облысында, Астанадан 250 шақырым қашық жатыр. Курортқа жету үшін әуелі көлікпен, автобуспен я пойызбен Щучинск қаласына жетіп алу керек. Сол жерден таксиге я автобусқа мінесіз.
Бурабай биік таулы курорт емес. Онда экстремал трасса жоқ, бірақ шаңғы базалары бар. Жазық жерде шаңғы тебуге болады. Мысалы, қатып қалған көлде. Коньки тебе де аласыз.
Демалушылар көлдің жағасындағы қонақүйлерде немесе демалыс базаларында тұрып, мейрамханалар мен кафелерден тамақтанып, шаңғы я тюбиң жалға ала алады. Аяз Ата резиденциясына баруға да болады.
Курорттың несі ерекше
Табиғаты сұлу: тау, орман мен көлдің үйлесімі көздің жауын алады.
Астанаға жақын: елорданың жұртына ыңғайлы.
Қосымша ойын-сауық түрлері бар: ұлттық паркте қыдыру, түрлі қысқы қызықтар.
«Тау самалы» тау-шаңғы курорты


«Тау самалы» — Түркістан облысындағы шағын әрі жайлы қысқы курорт. Теңіз деңгейінен 1 200 метр биік, Шымкенттен 25 шақырым алыс жатқан Нысанбек ауылында орналасқан.
Курорт желтоқсаннан наурызға дейін сағат 9:00-17:00 аралығында ашық болады. Демалыс және мереке күндері қосымша іс-шаралар өткізіледі.
Онда бірнеше шаңғы трассасы бар. Олардың бәрі дайындығы орташа спортшыларға арналған. Трассалардың жалпы ұзындығы 3 шақырым шамасында. Деңгейі әртүрлі демалушыларға ыңғайлы болу үшін трассалар үнемі тазаланып тұрады. Фрирайд аймағы жоқ, бірақ тюбиң я қар кешкіш мінуге болады.
Курортта шаңғы мен сноуборд жалға алып, отбасыңызбен бірге көңіл көтере аласыз. Түнегіңіз келсе, сол жердің маңындағы қонақүйлер мен коттедждерге барыңыз.
Қызметтерінің бағалары қалта көтерерлік: бір күндік ски-пасс 3000-5000 теңге аралығында тұрады, ал шаңғы мен сноуборд жалға алудың бағасы 3000 теңгеден басталады.
Курорттың несі ерекше
Оңтүстікте орналасқан: күн қатты суық болмайды, Шымкентке жақын болғандықтан оңтүстік Қазақстан тұрғындарына ыңғайлы жер.
Үй ішімен бірге демалуға жақсы: балаларға арналған қызық көп.
Бағаларын қалта көтереді: бағалары төмен болғаны артық шығынсыз демалуға мүмкіндік береді.
Кезек аз: адам аяғы көп жерлерге жоламайтындарға арналған керемет мүмкіндік.
«Нұртау» базасы


«Нұртау» базасы Өскеменнен 35 шақырым алыс орналасқан. Теңіз деңгейінен 700-1000 метр биік. Биіктік айырмашылығы — шамамен 300 метр. Қаладан базаға көлікпен жетуге 40 минуттай уақыт кетеді.
Бұл курортта 8 шақырымға созылған 6 шаңғы трассасы бар: енді бастағандар мен балаларға арналған оңай трассалар, орташа деңгейлі трассалар және тік еңіс пен бұрылыстары бар күрделі жолдар, фрирайд.
Базада бар жағдай ойластырылған: қонақүй, мейрамханалар, жабдықтарды жалға беру орны және автотұрақ бар. Курорт қарашадан наурызға дейін жұмыс істейді, күні бойы 9:00-ден 17:00-ге дейін ашық.
Бағалары да жақсы: бір күндік ски-пастың бағасы 4 000-7 000 теңге аралығында, ал шаңғы жабдығын жалға алу 2 500 теңге тұрады. Базада тәжірибелі нұсқаушылар жеке және топтық сабақтар өткізеді. Сабақтың құны 4 000 теңгеден басталады.
Курорттың несі ерекше
Табиғаты әдемі: Шығыс Қазақстанның тауын көрген де арманда, көрмеген де арманда.
Өскеменге жақын: Шығыс Қазақстанның халқына ыңғайлы.
Қызықтың түр-түрі бар.
Бағасы жақсы: құны да, қызмет сапасы да көңіліңізден шығады.
«Медеу» тау кешені



«Медеу» кешені — Қазақстанның танымал демалыс жері, әлемдегі ең биік мұзайдындардың бірі. Әрине, шаңғы курорты емес, десе де оны қысқы демалысқа арналған жерлер тізімінен тыс қалдыруға болмайды.
«Медеу» кешені — Алматыдан 15 шақырым алыс жатқан, Іле Алатаудың шатқалында теңіз деңгейінен 1691 метр биік орналасқан жер. Оған көлікпен, таксимен я автобуспен жете аласыз. Сол жерден аспалы жолмен «Шымбұлаққа» барсаңыз да болады.
Коньки тебу маусымы қарашада басталып, наурыз я сәуір айының аяғында аяқталады. Мұзайдын үлкен, маңында дәмханалардың түр-түрі бар. Коньки жалға аламын десеңіз, ол да бар, ішінде тұрады. Ересектер билеті (23 жастан бастап) 2000 теңге, балалар билеті (7-13 жас) 500 теңге тұрады. Ал жастар тарифі (14-22 жас) — 1200 теңге. Билеттерді онлайн алуға болады.
7
0