Қалада тегін экскурсия ұсынатын әуежайлар мен әуе компаниялары
Келесі рейсіңізді күткенде
Ауысып мінетін рейспен ұшқанда рейс арасында ұшақ ауыстыру тым ұзақ болуы мүмкін. Әуежайда келесі рейсті күткенде не істемек керек? Дүти фри аралаудан басқа шара бар ма?
Ондайда әуежайлардың қаланы тегін аралататын экскурсияларына барсаңыз болады. Сізге арнап экскурсиясы тегін бес әуежай мен әуе компаниясын тізіп шықтық. Оқи отырыңыз.
Ыстамбұл, Түркия


Turkish Airlines әуе компаниясы ұшақ ауыстыруға кететін уақыт алты сағаттан асса, Ыстамбұлды тегін аралай аласыз. Экскурсияға қатысатын топта ұлты бөлек жолаушылар болса, оларды ағылшынша сөйлетін гид ертіп жүреді. Ал топта орысша сөйлейтін қатысушылар көп болса, оларға орысша сөйлейтін гид беріледі.
Экскурсияның барысында көретін көрікті жерлердің саны ұшақ ауыстыру уақытына байланысты. Туристер Көк мешіт, Топқапы сарайы, Гранд Базар, Долмабақша сарайы, Галата мұнарасы мен өзге жерлерді көре алады.
Touristanbul экскурсиясына жазылу үшін Ыстамбұл халықаралық әуежайындағы Hotel Desk үстеліне барып тіркелуіңіз керек.
Экскурсияның кестесі, көрікті жерлердің тізімі, өзге де ақпаратты мына жерден көре аласыз.
Доха, Қатар


Qatar Airways-тен Дохада бес сағаттан аса ұшақ ауыстыратын рейске билет алсаңыз, қаланы тегін аралай алатын туристер қатарына қосыласыз.
Жолаушылар Қатара деген ескі ауылды, Қатардың інжуі деген аралды, музейлер мен өзге көрікті жерлерін көре алады.
Жазылу үшін Doha City Tour үстеліне экскурсия басталарға бір сағат қалғанда барып тіркеліңіз. Экскурсия 8:00, 11:00, 16:00, 20:00-де басталады.
Экскурсия туралы толығырақ ақпарат мына жерде тұр.
Сеуіл, Оңтүстік Корея


Сеуіл әуежайы жолаушыларға тегін тоғыз экскурсия ұсынады. Мысалы, Хондэ көшесіне төрт сағаттық немесе Кёнбоккун сарайына бес сағаттық тур жасайды. Келесі рейсіңізге әлі көп уақыт бар болса, бірнеше тур алуға болады. Экскурсия таңғы 8-де басталады.
Көрікті жерлерге кіру ақылы.
Жазылу үшін бірінші қабаттағы Transit tour үстеліне баруыңыз қажет. Толығырақ ақпарат мына жерде тұр.
Токио, Жапония


Нарита әуежайы транзит жолаушыларына бес экскурсия ұсынады. Мысалы, Токиода аспаздық турына, табиғат турына, косплей турға баруға болады.
Көрікті жерлерге, мысалы, ғибадатханаға я музейге кіру үшін ақы төлеуіңіз керек. Ішке кірмеймін десеңіз, сыртын ғана араласаңыз болады. Экскурсиялардың ұзақтығы — 3-5 сағат. Бес экскурсияның үшеуінде қаланы арнайы автобуспен аралауға болады. Бұл да ақылы. Сондықтан ақшаңызды жергілікті валютаға ауыстырып алыңыз.
Тегін экскурсияға әуежайдың сайтынан я әуежайдың өзінен тіркелуге болады. Сілтемесі — мынау.
Сингапур, Сингапур


Тегін экскурсияға келесі рейсіне алты сағаттан аса уақыт қалған жолаушылар қатыса алады. Тур күніне төрт рет өтеді. Туристер тек біреуіне жазыла алады.
Турдың арқасында чайнатаун, Marina Bay мен кішкентай Үндістанға барады.
Жазылу үшін №2 я №3 терминалдағы Transit Area деген жерге баруыңыз керек. Толығырақ ақпарат мына жерде тұр.
7
1