Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген «Aviata» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), БСН 130740006278, заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 124-үй, 776 тұрғын емес үй-жай (бұдан әрі – Агент), төмендегі 3.1-тармақтың талаптарына сай келетін кез келген жеке тұлғаға (бұдан әрі – Пайдаланушы (Жолаушы) немесе Сіз) Жолаушылар мен Тасымалдаушылар арасында бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып интернетте нақты уақыт режимінде байланыс орнату және мәмілелер жасау үшін: әуе тасымалы қызметтерін іздеу, салыстыру, брондау және төлеу үшін Алаңға қол жеткізуді ұсынады.
Осы ұсыныс Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 395-бабына сәйкес жария оферта болып табылады (бүкіл мәтін бойынша – Оферта немесе Шарт), оның шарттарын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 396-бабына сәйкес толық және сөзсіз қабылдау (акцепт) деп Пайдаланушының конклюденттік әрекеттер жасауы – Агенттің Алаңында орналастыру орындары (уақытша тұру және ілеспе қызметтер) қызметтерін іздеу, брондау және төлеу есептеледі.
Осы Офертамен келісе отырып, Сіз онда көзделген барлық шарттармен келісесіз. Егер осы Офертаның қандай да бір шарттары Сізге қолайлы болмаса – Алаңды пайдаланудан бас тартуыңызды өтінеміз.
Барлық ережелермен мұқият танысыңыз: Брондауды ресімдеуге дейін немесе оны ресімдеу кезінде берілген Брондау қағидаларымен және өзге де ақпаратпен жиынтығында дәл осы ережелер Сіздің Тапсырыстарыңыз үшін құқықтық негізді айқындайды.
Осы оферта Сіздің тапсырыстарыңызды тек әуе тасымалы саласында қамтиды. Бұл кезде Агент тасымалдаушы болып табылмайды және әуе тасымалы қызметтерін көрсетпейді. Агент Пайдаланушының мүддесінде және оның тапсырмасы бойынша, сондай-ақ тасымалдаушылармен және (немесе) өзге үшінші тұлғалармен жасалған келісімдер негізінде әрекет етеді.
Әуе тасымалы шарты Жолаушы мен тиісті тасымалдаушының арасында жасалады. Осы Шарттың 10-бөлімі Агент пен Тасымалдаушының жауапкершілігін ажыратуды қамтиды — акцепт жасағанға дейін онымен танысуды өтінеміз.
Агент сондай-ақ туристік қызметтер көрсетпейді және осы Шарт шеңберінде туроператор немесе турагент ретінде әрекет етпейді. Агент те, Қызметтерді жеткізушілер де Пайдаланушылар үшін турлар және/немесе туристік өнімдер қалыптастырмайды.
1.1. Алаң – Интернет желісінде https://freedom-travel.kz (https://aviata.kz) мекенжайлары бойынша орналасқан интернет-ресурс, немесе AppStore және Google Play ресми қосымшалар дүкендерінде орналасқан Агенттің мобильді қосымшасы, немесе Freedom SuperApp мобильді қосымшасына интеграцияланған, сондай-ақ AppStore және Google Play ресми қосымшалар дүкендерінде қолжетімді веб-қосымша. Аталған цифрлық объектілер жеке объектілер болғанымен, осы Оферта мақсаттары үшін «Алаң» деген жалпы термин астында біріктіріледі. Алаңда Пайдаланушыларға тәулік бойы (оның ішінде) Шартты жасау және орындау үшін қажетті ақпарат беріледі, Агенттің барлық ресми құжаттары жарияланады және т.б.
1.2. Жеке кабинет – Пайдаланушы туралы, оның Тапсырыстары туралы ақпаратты, сондай-ақ Билеттерді қамтитын Алаңның жабық бөлімшесі, оған қол жеткізу Пайдаланушыға тіркеуден және (немесе) сәйкестендіруден өткеннен кейін беріледі және ол арқылы Пайдаланушы Тапсырыстарды басқарады.
1.3. Пайдаланушы – Алаң арқылы Тапсырыстар жасайтын жеке тұлға. Пайдаланушы Қызметтерге өзі үшін (Жолаушы бола отырып) және/немесе үшінші тұлғалар (Жолаушылар) үшін тапсырыс бере алады.
1.4. Жолаушы – Пайдаланушы Тапсырыста көрсеткен, оған қатысты Билет ресімделетін және әуе тасымалы туралы шарттың тарапы болып табылатын жеке тұлға.
1.5. Тасымалдаушы – әуе тасымалы қызметтерін көрсететін және Жолаушымен жасалған тасымалдау шартының тарапы болып табылатын әуекомпания.
1.6. Лоукостер – тасымалдауды төмен бюджеттік модель бойынша, әдетте, тамақтандыруды, багажды және өзге де қызметтерді бөлек тарифтеу арқылы жүзеге асыратын Тасымалдаушы. Алаңда мұндай Тасымалдаушылар «лоукостер» деген белгімен көрсетіледі.
1.7. Тапсырыс – Пайдаланушы (Жолаушы) Алаңда қалыптастырған, Билетті ресімдеу және (немесе) Қосымша қызметтерді көрсету бойынша әрекеттер жасауға Агентке берілетін тапсырма, онда бағыт, күндер, тариф және Жолаушылардың деректері көрсетіледі.
1.8. Брондау (Бронь) – нақты Тасымалдаушының рейсінде нақты бағыт және күндер бойынша орындарды алдын ала резервтеу, ол Жолаушыға таңдалған Тарифтің шарттарында бекітіледі.
1.9. Билет – Жолаушы мен Тасымалдаушының арасында тасымалдау шартының жасалғанын куәландыратын электрондық тасымалдау құжаты (бағыт-квитанция) және багаж квитанциясы.
1.10. Біріктірілген билет — бір Тапсырыс шеңберінде әртүрлі Тасымалдаушылар ресімдеген екі және одан көп Тасымалдау құжаттарының жиынтығы, бүкіл бағытқа бірыңғай тасымалдау шарты болмаған кезде.
1.11. Тариф — Тасымалдаушы белгілеген, брондаудың белгілі бір класы бойынша тасымалдау құны, ол Тариф қағидаларымен бірге қолданылады.
1.12. Қайтарымды тариф – Пайдаланушы (Жолаушы) қайтара алатын Билеттің құны, бұл кезде Тасымалдаушы ақшалай қаражатты ішінара ұстап қалуы мүмкін немесе ұстап қалмауы мүмкін. Ұстап қалу мөлшерін әрбір Тасымалдаушы Тарифті қолдану қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.
1.13. Қайтарымсыз тариф – Пайдаланушы (Жолаушы) тек Тасымалдаушының ақшалай қаражатты толық ұстап қалуымен ғана тоқтата алатын Билеттің құны.
1.14. Мәжбүрлі қайтару – Тасымалдаушы Тарифті қолдану қағидаларына және қолданылатын заңнамаға сәйкес мәжбүрлі деп таныған негіздер бойынша Билетті қайтару.
1.15. Тарифті қолдану қағидалары – Тасымалдаушы белгілеген Тарифті қолдану шарттары, оның ішінде Билетті өзгерту, айырбастау және қайтару шарттары, сондай-ақ Тасымалдаушы алатын айыппұлдар мен алымдардың мөлшері.
1.16. Сервистік алым – Билетті ресімдеу бойынша қызметтерді көрсеткені (тапсырманы орындағаны) үшін Агенттің сыйақысы, ол осы Шарттың 8-бөлімінде айқындалады.
1.17. Қосымша қызметтер – Билетті ресімдеуге қосымша үшінші тұлғалар көрсететін қызметтер (SMS-хабарлау, онлайн-тіркеу, жеке Брондауды ресімдеу және өзгелері), олардың тізбесі мен құны Пайдаланушыға төлемге дейін жеткізіледі.
2.1. Агент Пайдаланушының (Жолаушының) тапсырмасы бойынша және оның есебінен Билеттерді және (немесе) Қосымша қызметтерді брондауға және ресімдеуге бағытталған заңдық және фактілік әрекеттерді жасауға міндеттенеді, ал Пайдаланушы осы Шарттың шарттарында тасымалдау құнын, Қосымша қызметтердің құнын және Агенттің Сервистік алымын төлеуге міндеттенеді.
2.2. Агент тапсырманы Жолаушылар мен Тасымалдаушылар арасында бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып интернетте нақты уақыт режимінде байланыс орнату және мәмілелер жасау үшін Алаң арқылы жүзеге асырады.
2.3. Агент Тасымалдаушылармен, олардың бас агенттерімен, консолидаторлармен және (немесе) ГДЖ (жаһандық дистрибуциялық жүйе) операторларымен жасалған келісімдер негізінде әрекет етеді. Әуе тасымалы шарты тікелей Жолаушы мен Тасымалдаушының арасында жасалады; Агент мұндай шарттың тарапы болып табылмайды.
2.4. Агент Пайдаланушыдан (Жолаушыдан) тасымалдау ақысын төлеу есебіне алған ақшалай қаражат Агенттің табысы болып табылмайды және Тасымалдаушыға аударылуға тиіс.
2.5. Тараптардың қатынастарына осы Шартпен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің тапсырма туралы 41-тарауының нормалары қолданылады.
2.6. Осы Шарт Алаңда орналастырылатын өзге өнімдерді іске асыру бойынша қатынастарды (теміржол тасымалдары, уақытша орналастыру орындарында орналастыру, сақтандыру және өзгелері) реттемейді. Мұндай қатынастар Алаңның тиісті бөлімінде орналастырылған жеке оферталармен және (немесе) қағидалармен реттеледі; олар болмаған кезде тиісті қызмет Пайдаланушыға көрсетілмейді.
3.1. Осы Офертаны акцепттеуге Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 17 және 22-баптарына сәйкес толық әрекетке қабілеттілігі бар жеке тұлға, не заңнамада жол берілетін шектерде заңды өкілінің келісімімен әрекет ететін тұлға, не өкілдік етілетін тұлғаның мүддесінде әрекет ететін заңды өкіл құқылы.
3.2. Акцепт жасай отырып, Пайдаланушы Агентке (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 380-бабы) мыналарды кепілдендіреді: (а) оның қажетті әрекетке қабілеттілігі бар; (б) ол Тапсырыста көрсетілген әрбір Жолаушының мүддесінде әрекет етуге уәкілетті және әрбір Жолаушыдан (оның заңды өкілінен) дербес деректерді Агентке, Тасымалдаушыға және тасымалдауды ресімдеуге және орындауға қатысатын өзге тұлғаларға беруге келісім алды; (в) ол Тапсырыста берген мәліметтер шынайы.
3.3. Офертаны акцепттеу деп Пайдаланушының мынадай әрекеттер жиынтығын жасауы табылады: (а) Тапсырысты қалыптастыру; (б) осы Шарттың шарттарымен келісу туралы белгі қою; (в) Тапсырысты төлеу немесе цессия («бөліп төлеу» түріндегі төлемді таңдаған кезде). Шарт Тапсырыс үшін ақша сомасы түскен кезден бастап жасалған болып есептеледі.
4.1. Пайдаланушы міндетті:
4.1.1. өзі және Жолаушылар туралы шынайы және толық мәліметтер беруге, оның ішінде енгізілетін деректердің тасымалдау кезінде ұсынылатын жеке басты куәландыратын құжаттарға толық сәйкестігін қамтамасыз етуге;
4.1.2. Тапсырысты төлегенге дейін Тапсырыста көрсетілетін Тарифті қолдану қағидаларымен, тасымалдау құнымен, Сервистік алымның мөлшерімен және Қосымша қызметтердің құнымен танысуға;
4.1.3. Тапсырысты Шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде төлеуге;
4.1.4. Жолаушыларда жөнелту, межелі және транзит елі талап ететін жарамды құжаттардың, визалардың, кіруге, транзитке және шығуға рұқсаттардың, медициналық құжаттардың, сақтандыру полистерінің және өзге де құжаттардың болуын дербес қамтамасыз етуге;
4.1.5. әрбір Жолаушыға тасымалдау шарттарын, Тарифті қолдану қағидаларын, багаж және қол жүгін тасымалдау нормаларын, онлайн-тіркеу қағидаларын, тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізбесін және қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларын жеткізуге;
4.1.6. Тапсырыста көрсетілген байланыс деректерінің өзгергені туралы Агентке дереу хабарлауға.
4.2. Пайдаланушы құқылы:
4.2.1. Тапсырыстың мәртебесі туралы ақпаратты Жеке кабинет арқылы және осы Шартта көрсетілген қолдау арналары бойынша алуға;
4.2.2. Тапсырысты төлегенге дейін Тарифті қолдану қағидалары бойынша қазақ және (немесе) орыс тілінде түсіндірме алуға. Агент Алаңда Тарифтің негізгі шарттарының қысқаша мазмұнын (қайтарымдылығы, айырбасталымдылығы, багаж нормалары) орналастырады;
4.2.4. 9-бөлімде көзделген тәртіппен, оның ішінде Жеке кабинет арқылы дербес Билетті айырбастауды немесе қайтаруды ресімдеуге.
4.3. Пайдаланушы мыналар туралы хабардар екенін растайды: Жолаушының тегін, атын немесе өзге де дербес деректерін Тасымалдау құжаты ресімделгеннен кейін өзгерту Тасымалдаушының Тарифті қолдану қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады және, әдетте, тиісті алымдар мен айыппұлдарды төлей отырып, қайта ресімдеу кезінде қолданыстағы Тарифтер бойынша Билетті қайта ресімдеуді талап етеді.
4.4. Жеке кабинет арқылы қайтаруды дербес ресімдеу қайтымсыз әрекет болып табылады: жойылған Билетті қалпына келтіру мүмкін емес.
5.1. Агент міндетті:
5.1.1. Тапсырыс толық төленген және расталған Брондау болған жағдайда Билетті Тапсырыстың параметрлеріне сәйкес ресімдеуге;
5.1.2. Пайдаланушыға Билетті (бағыт-квитанцияны) Тапсырыста көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберуге, сондай-ақ олардың Жеке кабинетте қолжетімділігін қамтамасыз етуге;
5.1.4. тасымалдау ақысын төлеу есебіне алынған ақшалай қаражатты Тасымалдаушыға аударуға;
5.1.6. Тарифті қолдану қағидалары бойынша және/немесе Тасымалдаушының шешімі бойынша қайтарылуға тиіс ақшалай қаражатты Пайдаланушыға аударуға;
5.2. Агент құқылы:
5.2.1. алаяқтық операцияларды болғызбау мақсатында және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптары шеңберінде Пайдаланушыдан төлем құралының тиесілігін растауды, атап айтқанда: карта нөмірінің алғашқы алты және соңғы төрт цифры мен ұстаушының есімі көрінетін, нөмірдің өзге цифрлары, CVV/CVC коды жабылған (маскаланған) және ұстаушының қолы бар банктік төлем картасының суретін, сондай-ақ карта ұстаушының жеке басын куәландыратын құжатты сұратуға. Агент картаның толық нөмірін, оның қолданылу мерзімін және CVV/CVC кодын сұратпайды және сақтамайды;
5.2.2. Пайдаланушы 5.2.1-тармақта көзделген растауды бермеген жағдайда, не төлем құралын рұқсатсыз пайдалану белгілері анықталған жағдайда — Тапсырыстың орындалуын тоқтата тұруға және (немесе) Брондауды жоюға. Көрсетілген негіз бойынша Тапсырыс жойылған кезде Агент Пайдаланушыға төленген соманы Тасымалдаушы фактілік ұстап қалған сомаларды шегеріп, толық көлемде қайтарады. Бұл жағдайда Сервистік алым ұстап қалынмайды;
5.2.3. Пайдаланушының шынайы емес мәліметтер беру фактісі анықталған кезде Тапсырысты орындаудан бас тартуға;
5.2.4. Пайдаланушыға Тапсырыстың орындалуымен тікелей байланысты сервистік хабарламалар (төлемді растау, кестенің өзгеруі, рейстің тоқтатылуы, қайтару мәртебесі) жіберуге. Мұндай хабарламалар жарнама болып табылмайды және олардан бас тарту Тапсырысты орындаудан бас тартқан кезде ғана мүмкін;
5.2.5. осы Шартты орындауға серіктестерді тартуға, бұл кезде олардың әрекеттері үшін Пайдаланушының алдында жауапты болып қала береді;
5.3. Агенттің қызметтер көрсету мүмкіндігі болған кезде Агент Пайдаланушыға Шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес, осы Шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда.
6.1. Іздеу нәтижелерінде, ақпараттық жіберілімдерде және Агенттің өзге де материалдарында Брондау жасалғанға дейін көрсетілетін тасымалдау құны туралы ақпарат анықтамалық сипатта болады, оферта болып табылмайды және Тасымалдаушының Тарифтерінің өзгеруіне және брондаудың тиісті класында орындардың болуына байланысты өзгеруі мүмкін.
6.2. Тапсырыстың қорытынды құны Жолаушылардың деректері енгізілгеннен және ГДЖ-да орындардың бар-жоғы расталғаннан кейін Тапсырысты ресімдеу бетінде қалыптастырылады және Пайдаланушыға жеткізіледі. Қорытынды құн көрсетілген кезден бастап 6.3-тармақта көрсетілген мерзім өткенге дейін Тапсырыстың құны өзгермейді.
6.3. Тапсырыстың құны Брондау жасалған кезден бастап 30 (отыз) минут мерзімге бекітіледі. Егер төлем көрсетілген мерзім ішінде түспесе, Брондауды Тасымалдаушы біржақты тәртіппен өзгертуі немесе жоюы мүмкін. Бұл жағдайда Агент Пайдаланушыға хабарлайды және Тапсырысты өзекті шарттарда ресімдеуді ұсынады; Пайдаланушыны өзгертілген құнды төлеуге мәжбүрлеуге жол берілмейді.
6.4. Егер Тапсырыс төленгеннен кейін Тасымалдаушы Брондауды жойса немесе Билетті ресімдеуден бас тартса, Агент бұл туралы Пайдаланушыға келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды және Пайдаланушының таңдауы бойынша: (а) айырманы қосымша төлей отырып немесе қайтара отырып тасымалдаудың баламалы нұсқасын ресімдейді; не (б) Пайдаланушыға төленген соманы Сервистік алымды қоса алғанда, толық көлемде 9.9-тармақта белгіленген мерзімде қайтарады.
6.5. Пайдаланушы бір Жолаушыға бір рейске екі және одан көп Брондау жасаған кезде Тасымалдаушы қайталанатын Брондауларды жоюға құқылы. Жойылған Брондау бойынша ақшалай қаражат Пайдаланушыға 9.9-тармақта белгіленген тәртіппен және мерзімде, Тасымалдаушы фактілік ұстап қалған сомаларды шегеріп қайтарылады.
6.6. Біріктірілген билетті ресімдеу кезінде Пайдаланушыға Сервистің интерфейсінде мыналар туралы хабарланады: (а) тасымалдау әртүрлі Тасымалдаушылармен жеке тасымалдау шарттарымен ресімделеді; (б) Тасымалдаушылар рейстерді түйістіру және багажды тікелей бағыт бойынша тасымалдау бойынша міндеттемелер көтермейді; (в) Сервистік алым ресімделетін әрбір Тасымалдау құжаты үшін алынады; (г) бір рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде өзге Тасымалдау құжаттары бойынша қайтару оларға қолданылатын Тарифті қолдану қағидаларына сәйкес жалпы негіздерде жүзеге асырылады.
7.1. Қосымша қызметтер тек Пайдаланушы оларды таңдаған кезде ғана көрсетіледі. Сервисте Қосымша қызметтерді сатып алуға келісім туралы алдын ала қойылған белгілер қолданылмайды.
7.2. Рейстер кестесінің өзгерістері, рейстердің тоқтатылуы және кешігуі туралы SMS-хабарлау қызметі Агентке Тасымалдаушылардан автоматтандырылған хабарлау арналары бойынша келіп түсетін деректер негізінде көрсетіледі. Агент келіп түскен ақпаратты Пайдаланушыға бұрмалаусыз және негізсіз кешіктірмей беруге міндеттенеді, бірақ Агентте өзге ақпарат болмаған жағдайда, Тасымалдаушы қалыптастыратын мәліметтердің толықтығы, дәлдігі және уақтылығы үшін жауап бермейді.
7.3. Рейске онлайн-тіркеу қызметі Агенттің Тасымалдаушылардың платформаларына қосылуы арқылы көрсетіледі. Агент Тасымалдаушының платформасы техникалық қолжетімді болған кезде тіркеу бойынша әрекеттер жасауға міндеттенеді. Агент Тасымалдаушының қағидаларымен, Тарифтің сипаттамаларымен немесе Жолаушының әрекеттерімен байланысты Тасымалдаушының тіркеуден бас тартуы үшін жауап бермейді.
7.4. Балаларға Билетті жеке Брондауда ресімдеу Пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі және ақылы Қосымша қызмет болып табылады. Егер Брондауды бөлу техникалық себептерге, Тасымалдаушының немесе ГДЖ-ның талаптарына байланысты болса.
7.5. Егер Қосымша қызмет көрсетілмесе не тиісінше көрсетілмесе, оған төленген сома Билеттің мәртебесіне қарамастан Пайдаланушыға толық көлемде қайтарылуға тиіс.
8.1. Тапсырыстың қорытынды құны мыналарды қамтиды: (а) Тасымалдаушы белгілеген тасымалдау құны, оның ішінде Тасымалдаушының және әуежайлардың таксалары мен алымдары; (б) Агенттің Сервистік алымы; (в) Пайдаланушы таңдаған Қосымша қызметтердің құны; (г) Пайдаланушы қайырмалдық жасаса, қайырмалдық сомасы.
8.2. Сервистік алымның мөлшері Агенттің тарифтеріне сәйкес айқындалады. Сервистік алым ресімделетін әрбір Билет үшін алынады.
8.3. Сервистік алым Билет ресімделген кезден бастап Агенттің тапқаны деп есептеледі және Билетті кейіннен айырбастаған немесе қайтарған кезде қайтарылуға жатпайды, Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда.
8.4. Барлық есеп айырысулар теңгемен жүргізіледі. Төлем Сервисте қолжетімді тәсілдермен (банктік төлем картасы, төлем жүйелері, интерфейсте көрсетілген өзге де тәсілдер) жүргізіледі. Пайдаланушының ақшалай міндеттемесі ақшалай қаражат Агенттің шотына немесе ол тартқан төлем агентінің шотына түскен кезден бастап орындалған болып есептеледі.
8.5. Пайдаланушының эмитент-банкі немесе төлем жүйесі алатын комиссиялар Тапсырыстың құнына кірмейді және оларды Пайдаланушы дербес төлейді. Егер мұндай комиссиялар қайтарымды аудару кезінде ұсталса, олар Агент қайтаруға тиіс соманы кемітпейді.
8.6. Егер тасымалдау құнын Тасымалдаушы шетел валютасында белгілесе, теңгеге қайта есептеу Тапсырыс ресімделген күнге ГДЖ немесе Тасымалдаушы қолданатын бағам бойынша жүргізіледі.
8.7. Агент Сервистік алымның мөлшерін өзгертуге құқылы. Өзгеріс өзгерістер күшіне енгеннен кейін ресімделген Тапсырыстарға қолданылады және бұған дейін ресімделген Тапсырыстарға қолданылмайды.
8.8. Төлемді растайтын құжат Пайдаланушыға Тапсырыста көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберіледі, сондай-ақ Жеке кабинетте қолжетімді болады.
8.9. Пайдаланушы «бөліп төлеу» түріндегі төлемді таңдаған жағдайда, Агент Пайдаланушыға қоятын талап ету құқығын банктің пайдасына цессия жасайды (береді), бұл Пайдаланушының Алаң арқылы қол қоятын Шартқа қосылу туралы Өтінішінде көрсетілген тәртіппен жүргізіледі. Мұндай жағдайда Агенттің осы Шарт бойынша міндеттемелері кейінге қалдырылған талап бойынша – Пайдаланушыға қатысты цессия (талап ету құқығын беру) жасалғаннан кейін күшіне енеді.
9.1. Билеттерді айырбастау және қайтару тиісті Тасымалдаушының Тарифті қолдану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Тарифті қолдану қағидалары Пайдаланушыға Билетпен бірге жіберіледі және Жеке кабинетте қолжетімді.
9.2. Айырбастауға немесе қайтаруға өтінішті Агент тәулік бойы Жеке кабинет және қолдау арналары арқылы қабылдайды. Өтінішті өңдеуді Агент жүргізеді және Тасымалдаушыға жүгіну қажет болған кезде өңдеу мерзімі Тасымалдаушының жауап беру мерзімдерімен айқындалады, бұл туралы Пайдаланушыға хабарланады.
9.3. Билетті айырбастауды ресімдеу бойынша Агенттің қызметі ақылы болып табылады. Қызметтің құны:
| Тасымалдау бағыты | Айырбастауды ресімдеу бойынша Агент қызметінің құны |
|---|---|
| Қазақстан Республикасының ішіндегі рейстер | бір Билет үшін 1 500 (бір мың бес жүз) теңге |
| Халықаралық рейстер | бір Билет үшін 4 000 (төрт мың) теңге |
Қосымша Пайдаланушы Тарифті қолдану қағидаларында белгіленген Тасымалдаушының айыппұлын және жаңа Билет пен бастапқы Билеттің құны арасындағы айырманы төлейді. Қорытынды есеп Пайдаланушыға айырбастау жасалғанға дейін беріледі.
9.4. Билетті қайтаруды ресімдеу бойынша Агенттің қызметі ақылы болып табылады. Қызметтің құны:
| Тасымалдау бағыты | Қайтаруды ресімдеу бойынша Агент қызметінің құны |
|---|---|
| Қазақстан Республикасының ішіндегі рейстер | бір Билет үшін 2 500 (екі мың бес жүз) теңге |
| Халықаралық рейстер | бір Тасымалдау құжаты үшін 4 000 (төрт мың) теңгеден 7 000 (жеті мың) теңгеге дейін. Нақты мөлшер Пайдаланушыға операция расталғанға дейін қайтару есебінде жеткізіледі |
9.5. Жекелеген Тарифті қолдану қағидалары Жолаушының деректерін түзетудің арнайы шарттарын көздейді. Атап айтқанда, «FlyArystan» әуекомпаниясының рейстері үшін Жолаушының атын немесе тегін түзету кезінде мыналар алынады: Тасымалдаушының 1 000 (бір мың) теңге мөлшеріндегі айыппұлы және Қазақстан Республикасының ішіндегі рейстер үшін 2 500 (екі мың бес жүз) теңге не халықаралық рейстер үшін 4 000 (төрт мың) теңге мөлшеріндегі ресімдеу алымы. Тасымалдаушының қағидалары жол берілетін түзетулердің саны мен сипаты бойынша шектеулер белгілейді. Пайдаланушының сұратуы бойынша Агент Тасымалдаушы қағидаларының қолданылатын редакциясын береді.
9.6. Лоукостерлердің Тарифтері бойынша, сондай-ақ өзге де қайтарымсыз және (немесе) айырбасталмайтын Тарифтер бойынша ресімделген Билеттер Пайдаланушының бастамасы бойынша айырбастауға және қайтаруға жатпайды не Тарифті қолдану қағидаларында тікелей белгіленген шарттарда жатады. Тарифтің қайтарымсыздығы және (немесе) айырбасталмайтындығы туралы ақпарат Пайдаланушыға Тапсырысты төлегенге дейін көрсетіледі.
9.7. 9.6-тармақта белгіленген шектеу Мәжбүрлі қайтаруға қолданылмайды. Мәжбүрлі қайтару кезінде: (а) қайтаруды ресімдеу бойынша Агенттің қызметі өтеусіз көрсетіледі; (б) егер Мәжбүрлі қайтару рейстің тоқтатылуымен, рейстің белгіленген уақыттан тыс кешігуімен немесе Тасымалдаушының бағытты өзгертуімен туындаған болса, Сервистік алым Пайдаланушыға қайтарылады; (в) тасымалдау құны Тасымалдаушы және қолданылатын заңнама айқындайтын мөлшерде қайтарылады.
9.8. Қайтаруды ресімдеу үшін Тасымалдау құжатында пайдаланылмаған ұшу купоны болуға тиіс. Ұшу купондары толық пайдаланылған Тасымалдау құжаты қайтарылуға жатпайды. Ұшу купондарын Тасымалдаушы тасымалдауға белгіленген реттілікпен, жөнелту пунктінен бастап қабылдайды.
9.9. Қайтарылуға тиіс ақшалай қаражатты Агент Пайдаланушыға төлем жүргізілген тәсілмен аударады, егер Тараптар өзгеше келіспесе:
9.9.1. Агент ұстап қалатын сомалар бөлігінде (Сервистік алым, Қосымша қызметтердің құны) — қайтару расталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде;
9.9.2. тасымалдау құны бөлігінде — тиісті ақшалай қаражат Тасымалдаушыдан немесе ГДЖ-дан түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде, бірақ кез келген жағдайда Тасымалдаушы қайтаруды растаған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей;
9.9.3. егер Тасымалдаушы 9.9.2-тармақшада белгіленген мерзімде қайтаруды жүзеге асырмаса, Агент Пайдаланушының талап етуі бойынша қайтарудың мәртебесі және Агенттің жасаған әрекеттері туралы жазбаша мәліметтер береді, сондай-ақ Пайдаланушыға Тасымалдаушыға талап қою үшін қажетті құжаттарды береді.
9.10. Ақшалай қаражаттың Пайдаланушының шотына есепке алыну мерзімі эмитент-банктің және төлем жүйесінің қағидаларымен айқындалады және 9.9-тармақта белгіленген мерзімге қосылмайды.
10.1. Тараптар міндеттемелердің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Шартқа сәйкес жауапты болады.
10.2. Тасымалдаушы Жолаушының алдында мыналар үшін жауапты болады: рейстің тоқтатылуы, кешігуі және рейс кестесінің өзгеруі; тасымалдаудан бас тарту; багаждың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлінуі; Жолаушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіру; Тарифті қолдану қағидаларын орындау және түсіндіру. Көрсетілген жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамасымен, оның ішінде «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, ал халықаралық тасымалдау кезінде — қолданылатын халықаралық шарттармен, оның ішінде Халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіру туралы конвенциямен (Монреаль, 1999) айқындалады. Көрсетілген негіздер бойынша талаптарды Жолаушы тікелей Тасымалдаушыға қояды.
10.3. Агент Пайдаланушының талап етуі бойынша Тасымалдаушыға талап қою үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді береді, сондай-ақ осындай талапты жіберуге жәрдем көрсетеді.
10.5. Агент 9.9-тармақта белгіленген ақшалай қаражатты қайтару мерзімін бұзған кезде Агент Пайдаланушының талап етуі бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде, ал мұндай реттеу болмаған кезде — Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 353-бабында айқындалатын мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлейді.
10.6. Агент мыналар үшін жауапты болмайды: (а) Пайдаланушының шынайы емес немесе толық емес мәліметтер беруінің салдарлары; (б) уәкілетті органдардың Жолаушының кіруінен, шығуынан немесе транзитінен бас тартуы; (в) 10.2-тармақта Тасымалдаушының жауапкершілігіне жатқызылған әрекеттері; (г) Пайдаланушының жабдығының немесе байланыс арналарының дұрыс жұмыс істемеуінен туындаған Сервисті пайдалану мүмкіндігінің болмауы.
10.7. Осы Шарттағы ешнәрсе Қазақстан Республикасының заңнамасында мұндай алып қоюға немесе шектеуге жол берілмейтін жағдайларда Агенттің жауапкершілігін алып қоймайды және шектемейді, оның ішінде міндеттемені қасақана бұзғаны үшін және өмірге мен денсаулыққа келтірілген зиян үшін жауапкершілікті.
10.8. Пайдаланушы Тапсырыста берілген мәліметтердің шынайылығы үшін, 4.1.4 және 4.1.5-тармақтарда көзделген міндеттердің орындалуы үшін, сондай-ақ өзі мүддесінде әрекет ететін Жолаушылардың әрекеттері үшін жауапты болады.
11.1. Тапсырыстың орындалуымен тікелей байланысты сервистік хабарламалар Пайдаланушыға осы Шарттың күшімен жіберіледі және жеке келісімді талап етпейді.
11.2. Пайдаланушыға жарнамалық және ақпараттық хабарламаларды, оның ішінде Агенттің және оның Серіктестерінің арнайы ұсыныстары туралы хабарламаларды жіберу тек Сервистің интерфейсінде дербес әрекет жасау арқылы берілетін Пайдаланушының жеке келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
11.3. Пайдаланушы кез келген уақытта жарнамалық және ақпараттық хабарламаларды алудан мыналар арқылы бас тартуға құқылы: (а) әрбір осындай хабарламада болатын бас тарту сілтемесі бойынша өту; (б) Жеке кабинетте параметрлерді өзгерту; (в) 18-бөлімде көрсетілген байланыстар бойынша өтініш жіберу. Агент бас тартуды алған кезден бастап [•] жұмыс күнінен кешіктірмей хабарламалар жіберуді тоқтатады.
11.4. Жарнамалық және ақпараттық хабарламаларды алудан бас тарту Сервисті пайдалану мүмкіндігіне және Қызметтерді көрсету шарттарына әсер етпейді.
12.1. Шарт акцепт жасалған кезден бастап күшіне енеді және Тараптар Тапсырыс бойынша міндеттемелерді толық орындағанға дейін қолданылады.
12.2. Агент Офертаның шарттарын біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Офертаның әрбір редакциясының реттік нөмірі, орналастырылған күні және күшіне енетін күні болады.
12.3. Агент 5.2.2, 5.2.3 және 5.2.6-тармақтарда көзделген жағдайларда Шартты орындаудан бас тартуға құқылы, бұл кезде алынған ақшалай қаражат Пайдаланушыға 9.9-тармақтың тәртібімен қайтарылады.
13.1. Заңдық маңызы бар хабарламаларды Тараптар Тапсырыста көрсетілген (Пайдаланушы үшін) және осы бөлімде көрсетілген (Агент үшін) электрондық пошта мекенжайлары бойынша жібереді. Хабарлама ол жіберілгеннен кейінгі келесі жұмыс күні алынған болып есептеледі. Шынайы емес немесе өзекті емес электрондық пошта мекенжайын көрсету салдарларының тәуекелін Пайдаланушы көтереді.
13.2. Пайдаланушы Агенттің жазбаша келісімінсіз осы Шарт бойынша құқықтарды беруге және міндеттерді аударуға құқылы емес. Агент Пайдаланушыға хабарлай отырып, осы Шарт бойынша талап ету құқықтарын беруге құқылы.
13.3. Шарттың жекелеген шартының жарамсыздығы оның өзге де шарттарының жарамсыздығына әкеп соқпайды.