Мадейра туралы гид: аралдың тарихы, географиясы, климаты, көрнекі жерлері

Мадейра туралы гид: аралдың тарихы, географиясы, климаты, көрнекі жерлері
Гидтер 24 мин оқисыз
12.05.2025

Мадейра туралы гид: аралдың тарихы, географиясы, климаты, көрнекі жерлері

Мәңгі көктем мекенін зерттейміз

Мадейра — Атлант мұхитындағы португал архипелагы. Бұл аралдар — тау мен мұхит, өлмес бақ мен лава бассейн шектесіп жатқан, көне ауылдар мен түрлі фестивальдар үйлескен жұмақ. Мекен табиғат пен мәдениетке, жылы жерге қызығатындарға арналған. Сондықтан осы мақалада Мадейрадағы қызық жерлер мен ең жақсы бағыттыр туралы әңгіме айтып береміз. 

Мадейра қай жерде орналасқан

Мадейра — Португалияның жері. Бұл архипелаг Лиссабонның оңтүстік-батысынан 1 000 шақырым, Африка жағалауынан 700 шақырым алыс жатыр. Негізгі аралы — Мадейраның айналасында жартастар мен көк таулар орналасқан, ал оның жанында тыныш әрі шағынырақ Порту-Санту аралы бар. Тұрған жерінің арқасында Мадейрада жыл бойы күн жылы болып тұрады. 

Аралдың тарихы

Мадейра аралын 1419 жылы португал теңіз саяхатшылары Жуан Гонсалвеш Зарку мен Триштан Ваш Тейшейра ашқан. Архипелаг қалың орманды болғаны соншалық — португалдар оны Ағаш арал («Madeira») деп кеткен.

XV–XVI ғасырларда арал Жаңа дүниеге барар теңіз жолындағы маңызды аялдамаға айналады. Кейін қант құрағын өсіру орталығына айналып, оған Еуропаның түкпір-түкпірінен саудагерлер мен авантюристер ағыла бастайды. XVII–XVIII ғасырларда дүниежүзіне аралдың шарабы да танымал бола бастайды — бұл шарап Ұлыбританияда тәж тағу рәсімдерінде де, АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясына қол қойғанда да дастарханға қойылған.

Екінші дүниежүзі соғысында Мадейра бейтарап аймақ болған, ал ХХ ғасырда демалыс орнына айналған. Кезінде Еуропа ақсүйектерінің арасында Мадейраға барып демалу «тренд» болған.

Мадейраның несі танымал

Мадейраны жұрт мәңгі көктем аралы дейді. Елге оның адам сенгісіз әсем таулары, бойына жол салынған левада каналдары, ботаника бақтары, жанартаудан қалған жағажайлар мен сүйкімді астанасы Фуншалы танымал. Мадейра табиғат аясы мен комфортты жақсы көретін, турист аяғы көп жерлерден аулақ жүргісі келетіндерге арналған. 

Бұл арал — атақты футболшы Криштиану Роналдудың туып-өскен жері, мадера деген ерекше шараптың дәмін татып көретін, киттер мен дельфиндерге қарайтын, Атлант мұхитында тұрып күн батқанын қызықтайтын жер.

Климат

Мадейра — су астында жанартау атқылағаннан кейін пайда болған арал. Климаты — субтропик: қысы көктем сияқты, ал жазы қатты ыстық емес. Ауа температурасы — жыл бойы шамамен +18…+26 °C. 

Қай мезгілде барған дұрыс десеңіз, мамырдан қазанға дейінгі кезең дер едік: сол кезде теңіз жылы, түрлі фестиваль өтеді, жеміс-жидектің көбі піседі, су температурасы +22…+24 °C-қа дейін көтеріледі. Иә, тропик елдеріндегі теңіздей ыстық болмас, десе де шомылғанға ыңғайлы температура.

Қыста теңіз суы салқынырақ — шамамен +18…+20 °C болады, бірақ бұл температура суға тек сергіп алу үшін түсетіндерге немесе сүңгу, снорклинг сияқты су спорт түрлерімен айналысатындарға жақсы температура. Оның үстіне аралдың маңындағы мұхиттың суы өте таза, ал киттер мен дельфиндерге жыл бойы қарауға болады.

Виза режімі мен тіл

Қазақстан азаматтары Мадейраға бару үшін шенген визасын алуға тиіс. Себебі Мадейра — Португалияның аралы.

Мадейра жұрты, әрине, португал тілінде сөйлейді. Бірақ туристерге арналған жерлерде, қонақүйлер мен мейрамханаларда ағылшынша сөйлетіндер жетеді. Кейбірі орысша да сөйлейді.

Мадейрада не қызық бар?

Туристер Мадейраның табиғатына, трекинг жолдарына, тыныш атмосферасына қызығады. Саяхатшылар оның левадасы мен тауларын, жанартау үңгірлерін аралайды, киттерін көру үшін қайық мінеді, тамағын жеп, шарабын ішіп көреді. Бұл аралда бәріне бір қызық табылады. 

Мадейра жағажайлары

Мадейра — типикал жағажайлы курорт емес, туристерге жағатыны да — дәл осы тұсы. Ондағы жағажайлардың көбі — жанартау тектес құмы бар я малтатас жағажайлар. Ақ құмды жағалайлар өте аз, бірақ есесіне табиғат жаратқан бассейндер мен көздің жауын алар мүйістер көп, сноркелингке де жағдай жасалған. Соған қарамастан жұрт Мадейраны Еуропаның Хауаиі дейді. 

Порту-Мониш табиғи бассейндері

Мадейраның ең бас көрікті жерлерінің бірі — Порту-Мониш табиғи бассейндері. Олар лавадан пайда болған теңіз суына толы бассейн. Бірақ соған қарамастан суы мөп-мөлдір, салқын әрі мұхит толқынының арқасында үнемі жаңарып отырады. Қысқасы, СПА сияқты: адамдар оның қасында душ, киім ауыстыратын жер, күнге күйіп жататын жер салған, ал табиғат жартас, толқын мен әдемі көрініс сыйлаған. 

Онда екі кешен бар. Біріншісі тегін, бірақ маңайында инфрақұрылым жоқ, ал екіншісі ақылы, есесіне душы, киім шешетін жері, құтқару командасы бар. Ақысы — 1,5-3 еуро.

Прайя-Формоза (Praia Formosa) жағажайы

Қаладағы жағажайға барғыңыз келсе, сізге Фуншалдың қасындағы Прайя-Формоза жағажайы ұнайды. Ол — аралдағы ең үлкен, қара құмды әрі малта тасты жағажай. Онда адамға керектің бәрі бар: дәмханалар, душтар, құтқарушылар, күнге қараятын жер, спорт алаңдары, мұхиттың бойымен жүгіретін жолақтар бар. Айтпақшы, жағажай тегін. 

Кәлиета жағажайы (Calheta Beach)

Кәдімгі құмға домалап қарайғысы келетіндерге Мадейрада қолдан жасалған бірнеше жағажай бар. Ең атақтысы — Кәлиетта жағажайы. Оның құмы Мароккодан апарылған. Бұл жағажай үй ішімен бірге демалғысы келетіндер арналған: суы тынық, толқынбасары мен балалар аймағы бар, қасында дәмхана көп, ал жақын маңда шағын порт пен серуендейтін жағалауы бар.

Құм шеттен апарылған, бірақ кіру тегін. Бір кісілік тапшан мен күннен қорғар тікшатыр жалға алуға болады.

Машику (Machico)

Машику жағажайы — атмосфера мен жайы жағынан Кәлиета жағажайынан кем түспейтін жер. Ол аралдың тарихи маңызы бар айлақта орналасқан. Кезінде Португалия теңізшілері дәл осы жерге барып Мадейраны игере бастаған. Қазір бұл жағажай — тіршілігі жайлап өтіп жатқан аутентикалы жер, асықпай жатып демаламын дейтіндерге арналған мекен. 

Оның да құмы шеттен апарылған, кіру тегін, душтары, дәретханалары бар, көлікпен жүрсеңіз, тегін тұрағына барсаңыз болады.

Жасырын айлақтар мен адам аяғы аз жағажайлар

Адам аяғы аз, жабайы жағажай көргіңіз келсе, аралдың солтүстігіндегі Сейшал аралына барыңыз. Сейшал — қара құмы көк табиғатымен және мұхит толқынымен үйлескен арал, Мадейрадағы ең әдемі жерлердің бірі. Тағы бір аты шықпаған, оңаша қалғанды жақсы көретіндерге арналған жағажайлардың бірі — Прайя-ду-Лажеш. 

Бұл жерлер адам аяғы аз. Бірақ есесіне туристер арасында танымал болмағандықтан тегін, бірақ онда өзге танымал жағажайлардағыдай адамға жағдай жасалмаған. Мадейраның адам аяғы аз жағажайларына жұрт қызмет көру үшін емес, адам қолы жетпеген табиғатты, толқын үні мен еркіндік көру үшін барады.

Мадейраның көрікті жерлері

Фуншал

Фуншал — аралдың амфитеатр сияқты жайылған көрікті астанасы, тарихы, халқы мен табиғаты жарасқан жер. Оның қақ ортасында маракуйя, банан, ананас пен басқа жеміс сататын «Меркаду душ Лаврадореш» деген базар бар. Сурет салынған есіктері бар Ескі қалаға барып та қыдырыңыз. 

XV ғасырда салынған кафедралы соборға (кіру тегін) барып, аспажолмен тауға шығып, қаланы биіктен тамашалаңыз. Бару үшін 14,5 €, барып қайту үшін 20 € төлейсіз. Қаланың жағалауында Криштиану Роналду музейі орналасқан. Сол жердегі футболшыға қойылған ескерткіш футбол фанаттары баруға тиіс жер шығар. Кешке теңізге қарап тұрған дәмханаға я мейрамханаға барып, банан қосылған эспада балығын жеп көруге болады. Жұрт көп мақтайтын Casal da Penha мейрамханасына барып көріңіз.

Монте сарайы мен тропик бақ

Бұл жер Фуншалдың жоғарғы жағында орналасқан, теңізден 600 метр биік жатыр. Оған аспажолмен жетуге болады. Тропик бақ кезінде Аустрия императоры І Карлға тиесілі болған үйдің айналасында орналасқан. 

Бақта әлемнің түкпір-түкпірінен апарылған 100 мыңнан аса өсімдік өседі екен. Онда жапон көпірлерін, субұрқақ, сарқырамалар мен ескерткіштерді қызықтаймын деп екі-үш сағатқа жоғалып кетуге болады. Бақтан шыққаннан кейін төменге өрілген ағаш шанаға мініп түсе аласыз. 

  • Кіретін билет: 15 еуро
  • 15-ке толмаған балалар: тегін.​
  • Бақ ашық болатын уақыт: күн сайын 9:30–18:00.​
  • Музей ашық болатын уақыт: 10:00–16:30.​
  • Ресми сайты: montepalacemadeira.com

Мадейра ботаника бағы 

Мадейра ботаника бағы — аралдың 1960 жылы салынған көк жауһарларының бірі. Онда 2 мыңнан аса өсімдік түрі өседі. Арасында сирек кезігетін кактус, орхидея, тропик гүлдері, пальма, алоэ бар. 

Ботаника бағы террасаға ұқсап жасалған. Оның әрбірі белгілі бір гүлге ұқсайды. Бақтың бас көрікті жері — үшбұрышталып, төртбұрышталып өсірілген гүлзарлар. Оған биіктен қараған жақсы. Онда сондай-ақ шағын жаратылыстану музейі мен экзотика құстары салынған қаумал бар. Бұл жерде сіз қыдырып қана қоймай, сұлулық пен тыныштықтың қызығын көресіз. 

  • Ересек билеті: 7,5 еуро
  • 5-12 жастағы балалар: 3 еуро
  • 4-ке толмаған балалар: Тегін
  • Уақыты: 9:00–18:00

Кабу Жирау жартасы

Мадейрада Еуропадағы ең танымал шыны еденді шолу алаңы  Кабу Жирау орналасқан. Ол — теңіз деңгейінен 580 метр биік тұрған Еуропадағы ең биік жартастардың бірі. Осы алаңнан мұхитқа, жағалаудағы жартастар мен сатыланып орналасқан жүзім алқаптарына адам көрсе сенгісіз көрініс ашылады. Кіру бағасы – адам басына 2 еуро.

Бұл жер Мадейра аралына барған туристердің ең жиі баратын орындарының бірі. Мұнда көлікпен де, экскурсия автобусымен де жетуге болады. Кешкісін, күн батар алдында, жартас алтын мен қызғылт түске боялып, ерекше әдемі көрінеді.

Пику ду Ариейру

Пику ду Ариейру — Мадейра аралындағы биіктігі 1 818 метр үшінші ең биік шың. Десе де ол — жұрт ең оңай жете алатын шың. Оған көлікпен де бара аласыз. Шың жақтан ашылатын көрініс үшін талай шақырым жүріп баруға болады: көк жүзінде қалқып жүрген бұлттар, қатар-қатар созылған тау сілемдері, Жер ана сыйлаған тыныштық — бәрі сізге ерекше әсер береді. 

Бұл жер — аралдағы ең әдемі бағыттардың бірі саналатын Пику-Рүйві шыңына апаратын жаяу жол басталатын нүкте. Шыңға бармаймын десеңіз де, күн шыққанын көру үшін барғаныңыз абзал. 

Жазда да таудың басында күн салқын болады, сондықтан қалың киім ала шыққаныңыз дұрыс.

Кіру үшін ақы төлемейсіз. Барамын десеңіз, жалға көлік алыңыз я таксиге мініңіз.

Дәмжапырақ орманы

Мадейрада үштік кезеңнен бері келе жатқан реликт орман бар. Бұл орман ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Мүк басқан талдар, ежелгі дәмжапырақтар мен қырыққұлақтар өскен, тұманға оранған көк әлем тарихтан сыр шертетіндей.

Орман аралдың бүкіл солтүстігін алып жатыр. Оның Кәлиета (Кальета) мен Санту-Антониу-да-Серрадо жағы ерекше әдемі көрінеді. Бұл жерде левада деп аталатын суаратын каналдардың бойына салынған бірегей соқпақтар бар. Осы жолдармен сағаттап серуендеп, таза ауа жұтып, құс сайрағанын тыңдауға болады. Бұл — «нағыз» Мадейраны — жабайы, дымқыл, көк әрі сиқырлы табиғатты көргісі келетіндерге мінсіз орын болары анық. Бұл көрнекті жерге кіру тегін.

Порту-Мониш лавадан қалған бассейндері

Порту-Мониш — аралдың солтүстік-батысында орналасқан шағын қала. Туристердің арасында оның лавадан пайда болған әрі мұхит суы толған табиғи бассейндері танымал. Онда шомылған — нағыз ләззат: суы мөп-мөлдір, ал айналасы — толған бірегей пішінді жартас, жанартау тектес түзіліс пен ашық мұхит.

Бассейндердің жанына саты, душ пен күнге күйіп жататын аймақтар салынған. Мұнда ересек те, балалар да қиналмай демала алады. Бұл жер — бұралаң тау жолымен жүргеннен кейін шаршағанды басатын, теңіз толқынына қарап отырып түскі ас ішетін керемет орын.

Жағдайы жасалған бассейндерге кіру, әрине, ақылы: ересектер 3 еуро төлейді, бұл бағаға шешінетін орындар, душ пен демалатын зонаға кіру кіреді. Ал инфрақұрылымы жоқ бассейндерге кіру тегін.

Иса пайғамбар ескерткіші 

Гаражау деген жерде тұрған Иса ескерткіші — Рио-де-Жанейродағы Иса ескерткішінің туысы демесек, көшірмесі деуге болмайды. Себебі ол 1927 жылы салынған, ал Риодағы «түпнұсқасы» төрт жылдан кейін салынған. 

Ескерткіш Атлант мұхитына қарап тұрғандықтан теңіз бен аралға шапағатын шашып тұр ма дерсіз. Оның жанынан жаға мен күнбатысына керемет пейзаж ашылады. Қасында тасты жағажайға түсетін аспажол бар. Бұл жер суретке түсіп қана қоймай, жан тыныштығын табатын жер.

Әулие Лоренсу мүйісі 

Аралдың шығысында Әулие Лоренсу мүйісі жатыр. Оның табиғатын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Орман мен көк басқан тау бөктері дегенді ұмытыңыз. Онда сізді тек сарғылт жартас, кең жазық пен шегі жоқ Атлант мұхиты күтіп тұрады.

Аралдың ең шетіндегі соқпақ жол — аралдағы соқпал жолдардың ең танымалы. Бір шетінен екінші шетіне жетуге 2-3 сағат кетеді. Бірақ оның әр сәті — ләззат: жолдың бойындағы тік жарлар, алып толқындар мен сирек кезігетін өсімдіктердің бәрін суретке түсіре бергің келеді. Күн ашықта аралдың көрші елсіз жағы мен Дезерташ аралдары көрініп тұрады.

Маңызды ақпарат: Әулие Лоренсу мүйісіне барамын десеңіз, су мен бас киім алып барыңыз. Онда көлеңке дегеннің аты да жоқ. 2025 жылғы қаңтардан бастап Vereda da Ponta de São Lourenço жолына барғысы келетін 12-ден асқан әр туристен 3 еуро алынады. Ақысын SIMplifica порталынан төлеу керек.

Мадейра музейі

Фуншалдың ортасында тұрған Madeira Story Centre — аралдың тарихы мен рухын бір-ақ сағатта түсіндіретін жер. Экспозициялары интерактив әрі қызық. Одан не біліп шыға аласыз? Мадейра жанартау атқылап қалай пайда болғанын, оны португал отаршылдары қалай жаулап алғанын, шарап саудасы дүркіреп тұрған дәуір мен қазіргі тіршілігі туралы ақпарат.

Экспонаттарды ұстап көруге, тыңдауға және көруге болады. Үй ішіңізбен бірге барарға я жаңбыр жауып кеткенде тығыларға жақсы жер. Музейдің төбесіне шығып, ескі қала мен портты тамашалауға болады. Қарныңыз ашса, деликатес жасайтын дәмханадан тамақ ішіңіз, үйіңізге базарлық алыңыз.

Бір ересек билетінің бағасы — 10 еуро, ал 6-11 жасар балалардың билеті 5 еуро, 17-ге толмаған балалар мен 65-тен асқандардың билеті 8,50 еуро тұрады. 6-ға толмаған балалар тегін кіреді.

Порту-Мониш

Порту-Мониш — Мадейраның солтүстік-батысындағы әдемілігі көздің жауын алар ауыл. Ондағы бас көрікті жер — лавадан пайда болған бассейндер. Бірақ ауылды ерекше ететін олар ғана емес, мыналар да: жартасты жағалау, шолу алаңы мен тыныш атмосфера. Жағалаудың бойында теңізге қарап тұрған мидия, сегізаяқ пен түрлі балық ұсынатын сүйкімді мейрамханалар бар. Ал қасында шағын аквариум мен серуендейтін жолдар бар. 

Мадейраның левадалары

Мадейрада табиғи левадалардың түр-түрі бар. Левада деген — тау мен жазықтардың бойына салынған бірегей суаратын каналдар жүйесі. Олар қазір Мадейраның символы мен танымал соқпақ жолдарының бірі болып отыр. Ұзындығы 2 000 шақырымнан асады.

Танымал левадалы жолдардың бірі — көк-жасыл сулы Levada das 25 Fontes, сарқырамалы және тар түнелді Levada do Caldeirão Verde, қалың тропик орманды кесіп өтетін Levada do Rei. Мадейра левадасының бойымен жүрген — аралдың тыныс-тіршілігін сезген деген сөз: қасыңызда су ағып жатады, құстар төбеңізден сайрап тұрады, десе де жан-жағыңыз тұнған тыныштық. Бұл жолдарға кез келген адам бара алады, бастысы — ыңғайлы аяқкиім киіп алыңыз, фонар алып барыңыз.

Арку-ди-Сан-Жоржи

Арку-ди-Сан-Жоржи — көк орман мен жартастарға оранған, мұхитпен шектесіп тұрған кішкентай ауыл. Тыныш әрі жайлы мекен. Оның бас мақтан тұтары — раушанның мыңдаған сұрпы сақталған бақ. Онда гүлдер жыл бойы өсіп тұрады.

Ауылда одан бөлек шарап музейі, әдемі соқпақ жолдар мен жағаға қарап тұрған шолу алаңы да бар. Күйбелең тірліктен қашқысы келетіндерге арналған жер бұл. 

Кеймодас орман паркі

Кеймодас — Мадейраның әдемі жерлеріні бірі — Levada do Caldeirão Verde басталатын ғажайып жер. Парк құдды бір ертегі мекені сияқты: сабаннан жасалған ағаш үйлер, қалың тұманды орман, мүк басқан ағаштар мен сылдырлаған бұлақ.

Фотоға түсерге, табиғат аясына шығарға және серуендерге керемет жер бұл: әдемі, тыныш, қарағай аңқыған. Жолыңызды сол жерден бастап, түнелдер мен сарқырамалардан өтсеңіз, сарқырамалы табиғи амфитеатр — «Көк қазанға» жетесіз.

Мадейрада өтетін мерекелер мен іс-шаралар

Мадейра кішкентай арал болса да, халқы той-думаннан қалмайды! Аралда жыл сайын ірі фестиваль мерекелер өтіп тұрады. 

Фуншал карнавалы (Carnaval) — 2025 жылғы 26 ақпан — 9 наурыз 

Еуропаның әйгілі шеру-фестивальдарының бірі осы аралда өтеді. Аллегориялы шеру карнавалдың алғашқы сенбі күні өтеді, мұнда әсерлі костюмдер мен платформалар көрсетіледі. «Трапалхао» деп аталатын шара «майлы сейсенбіде» (Ұлы ораза алдындағы соңғы сейсенбіде) өтеді. Ол күні қатысушылар әзіл-қалжың киім киіп, қоғамдағы өзекті проблемаларын әжуалайды. Осы уақытта Фуншал көшелері мерекеге толып, қала шаттық пен күлкіге кенеледі.

Гүлдер фестивалі (Festa da Flor) — 2025 жылғы 1-25 мамыр

Гүлдер фестивалі — Фуншалдың көктем мен табиғат мерекесі. 2 мамырда балалар гүлден «Үміт қабырғасын» жасайды. Ал 4 мамырда қаланың көшелеріне гүлден жасалған платформалар қойылады, түрлі түсті киім киген бишілер билеп шығады. Фестивальда бұдан да флористикаға қатысты күшті іс-шаралар өтеді. 

Шарап фестивалі (Festa do Vinho) — 2025 жылғы 24 тамыз — 4 қыркүйек

Мадейраның әйгілі шарабына арналған фестиваль Фуншалада да, шарап жасайтын аудандарда да өтеді: 

  • Еуропа фольклоры апталығы: 24–28 тамыз, фольклор ұжымдарының өнер көрсетеді;
  • Мадейраның шарап лаунжы: 28 тамыз — 14 қыркүйек, Фуншал жағалауында шарап дәмін тату және гастрономиялық іс-шаралар.
  • Эштрейту-де-Камара-де-Лобуштағы піскен жеміс теру: 6 қыркүйек, жүзім жинап, сығу.

Жаңа жылғы отшашу — 2025 жылғы 31 желтоқсан

Фуншал әлемдегі ең әсерлі отшашулардың бірі ретінде танымал:

  • Шоу шамамен сегіз минут болады: отшашу 59 нүктеден, соның ішінде Фуншала амфитеатрынан, пирстер мен теңіз платформаларынан атылады. 
  • Гиннестің рекордтар кітабына енуі: 2006 жылы бұл шоу «әлемдегі ең үлкен отшашу» деп танылып, рекордтар кітабына енді.

Мадейраға қалай жетуге болады?

Мадейраға Қазақстаннан барғыңыз келсе, жолыңызды дұрыстап жоспарлап баруыңыз керек. Себебі ол жаққа бізден тура ұшатын рейс жоқ. Орта жолда бір-екі рет ауысып мінуіңіз керек. Туристер көбіне-көп Еуропаның негізгі хабтары арқылы ұшады: Лиссабон, Франкфурт я Ыстамбұл.​

Криштиану Роналду әуежайы аралдың астанасы Фуншалға жақын орналасқан. Қалаға таксимен де, автобуспен де жетіп алуға болады. 

Мысал рейстер: 

Алматы → Әбу-Дәби → Вена → Фуншал (Wizz Air)

Алматы → Франкфурт → Фуншал (Lufthansa, Yute Air Alaska)

Алматы → Ыстамбұл → Дюссельдорф → Фуншал (Pegasus Airlines, Condor)

1

1

,

Осы айдардан:

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық
13.06.2025

BTS-тің концертіне барамын дегендерге арналған нұсқаулық

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат
15.07.2022

Әзербайжанның астанасына бармақ ойы барларға арналған ақпарат