Таңғажайып Қападокия туралы гайд: қалай баруға болады, шарлардан басқа көретін не бар?
ЮНЕСКО мұрасын аяғымыз талғанша аралаймыз
Қападокия — ертегі шындыққа айналған мекен. Таң қылаң бере көк жүзін жүздеген әуе шары көмкеріп, аңғар түрлі түске боялады. Саңырауқұлақтарға ұқсайтын ерекше жартастар, тауға қашалып салынған қонақүйлер мен ғасырлар бойы сақталған табиғат бұл өңірді фантастика фильмнің түсірілім алаңындай көрсетеді. Бірақ мұның бәрі — Түркияның қақ ортасында тұрған шын жер.
Қападокияға барамын деп жүрсіз бе? Онда сізге осы жер туралы бар ақпаратты жиып қойдық. Қалай барасыз, күн қандай болады, жататын жеріңізді қалай брондайсыз? Бәрінің жауабы осы мақаламызда тұр.

Қападокия жатқан жер
Қападокия — Түркияның қақ ортасында тұрған тарихи өлке. Анадолы үстіртінде теңіз деңгейінен 1 200 метр биік жатыр. Бірнеше провинцияға бөлінген: Невшеһір, Қайсері, Ақсарай, Ниде. Оның негізгі туризм базасы — Гөреме.
Түркияға барамын деген Қазақстан азаматтары виза алуға тиіс емес. Визасыз режимнің арқасында онда 90 күн емін-еркін жүруге болады.

Бұл өңірдің тарихы
Қападокияның еш жерде жоқ бедері жанартау атқылағаннан кейін қалыптасқан. Миллиондаған жыл бұрын Ержиес, Хасандағы және Гөллідағы жанартаулары қайта-қайта атқылап, айналаны қалың лава мен жанартау күліне көмген. Уақыт өте келе бұл күл жұмсақ туфқа айналып, оның үстін қаттырақ базальт қабаты жапқан.
Одан кейін де табиғат ана оны жайына қоймады. Жел, жаңбыр және температураның үздіксіз ауытқығаны жұмсақ туфты біртіндеп мүжіп, ал базальт «қалпағының» астындағы бөліктерді сақтап қалды. Соның нәтижесінде Қападокияның символына айналған ерекше тас түзілімдер — перибажалары, яғни «перілер мұржалары» деп аталатын тас бағандар мен конус пішінді жартастар пайда болды.
Адамдар бұл табиғи байлықтың игілігін ерте кезден-ақ көре білді. Жұмсақ туфты қашау оңай болғандықтан ежелгі тұрғындар оның ішінен үй, қойма және паналайтын орындар жасаған. Бұл өңірдегі алғашқы қоныстар хеттер дәуірінен бар, ал жерасты өткелдері мен жасырын қалалардың алғашқы жүйесін археологтар біздің дәуірімізге дейінгі VIII–VII ғасырларда өмір сүрген фригиялықтардың кезеңіне тиесілі дейді.
Қападокияға қалай жетесіз?

Қазақстаннан Қападокияға тікелей ұшатын рейс жоқ. Сондықтан әуелі Түркияның бір қаласына жетіп аласыз. Жұрттың көбі Ыстамбұлға ұшады. Қазақстанның бірнеше қаласынан: Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау және тағы басқасынан Ыстамбұлға апта сайын тікелей ұшатын рейстер бар. Ал ол қаладан Қападокияға автобуспен не ішкі рейспен жетесіз.
Қападокияға барудың ыңғайлы амалы — ішкі рейспен ұшу. Ыстамбұлдан Невшеһір мен Қайсері әуежайларына ұшқан дұрыс. Жолға 1,5 сағат кетеді, кейін Гөремеге жетуге бір не бір жарым сағат құртасыз.
Арзанырақ варианты — қалааралық автобус. Ыстамбұл мен Қападокияның арасындағы жолдың ұзындығы — 800 шақырым, жолға 9–12 сағат кетеді. Автобустар кешке шығып, таңда жетеді. Солай бір түн қонуға кететін ақшаңызды үнемдеп қаласыз.
Қападокияға пойызбен жетеміз десеңіз, әуелі Анкараға барыңыз. Себебі Ыстамбұлдан пойыз бармайды.
Ең дұрысы — ұшақпен ұшыңыз. Автобус пен пойызды орта жолда Түркияның басқа қалаларын көргім келеді дегенде не ақшаңыз жетпегенде ғана таңдаңыз.
Ауа райы
Қападокия биік үстіртте жатыр, сондықтан оның климаты бәрімізге таныс түрік курортының ауа райына ұқсамайды. Жазы ыстық, бірақ ауасы құрғақ, ал қысы қатал, қар жауады. Жылы күндері күндізгі температура мен түнгі температураның айырмасы 10–15 градусқа жетуі мүмкін.
Жаздыгүні температура +28...+35 °C шамасында болады. Жаңбыр жаумайды десек артық айтпаймыз, ауасы құрғақ, сондықтан жазы ыстық болмайды. Кешке және таңертең температура +12...+18 °C дейін түсуі мүмкін, сондықтан жаныңызда үнемі жұқа күртеше не кофта болсын.
Қыста күндізгі температура 0… +5 °C, ал түнгі температура -5...-10 °C болады. Бұл мезгілде қар жиі жауады, қар басқан Қаподокия да әдемі, бірақ қатты жел мен қалың тұманның кесірінен шарлар ұшпай қалуы мүмкін.
Көктем мен күз — Қаподокияға баратын керемет мезгілдер. Сәуір мен маусым аралығында күндізгі температура +18...+28 °C арасында тұрады, ал түнгісі +8...+15 °C шамасында сақталады. Қаподокияның әр тау-тасын араларға жақсы жағдай. Одан бөлек көктем мен күзде шарлар жиі ұшырылады.
Қаподокияның бар сұлулығын қыиндықсыз көруге мұрша беретін айлар — мамыр, маусым, қыркүйек, қазан басы.
Қаподокияда көретін не бар?
Ұшатын шарға міну

Ұшатын шар — талай туристі Қападокияға апарған нәрсе. Ол жерде әлемдегі ең ауқымды шар ұшыру қызметі бар. Аспан ашықта көкке жүзден астам шар көтеріледі.
Шарлар жыл бойы ұшырылады, бірақ тек таң атарда көтеріледі. Трансфер қонақтарды қонақүйден 4:30–5:30-да алып кетіп, шар ұшатын жерге апарады. Шардың көкке көтеріліп, жерге түсуіне 45–75 минут кетеді. Шар Махаббат аңғары (Бағлыдере), Қызғылт аңғар, Көк аңғар мен өңірдің басқа да көрікті жерлерінің үстінен өтеді.
Турлардың бағасы маусымы, жолаушы саны мен қызметіне қарай өзгереді. 2026 жылы адам басына 100–180 еуро кетеді. Бұл құнға қонақүйден алып кету, кері апару тастау, ұшар алдында берілетін жеңіл таңғы ас, қонғаннан кейін табысталатын естелік сертификаттың бағасы қосылған.
Көкке көтерілмеймін десеңіз, таң атпай шарлар ұшырылатын жерге барып, Қападокияның сұлу табиғатын тамашалаңыз.
Гөремедегі Ашық аспан астындағы музейге бару



Қападокияда уақытыңыз тығыз болып, тарихи орындардың ішінен тек біреуін ғана таңдауым керек десеңіз, Гөреме ашық аспан астындағы музейіне барыңыз. Бұл кешен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген және Түркиядағы ерте христиан дәуірінің ең маңызды ескерткіштерінің бірі саналады.
Музейдің аумағында X–XII ғасырларда пайдаланылған жартасқа қашалып салынған ондаған шіркеу, ғибадатхана, асхана және монахтар құжыралары сақталған. Олардың қабырғаларына Інжілде бейнеленген оқиғалар қашалып салынған. Мың жылдан астам уақыт өтсе де, бұл фрескалар бүгінге дейін жақсы сақталған.
Кешендегі ең танымал нысан – Қараңғы шіркеу (Karanlık Kilise). Терезелері өте шағын болғандықтан, ішке ғасырлар бойы күн сәулесі дұрыс түспеген. Соның арқасында қабырғадағы фрескалар солғын тартпай, бастапқы қалпын сақтап қалған. Сондықтан бұл жердегі суреттер Қападокиядағы византиялық кескіндеменің ең үздік үлгілерінің бірі саналады. Қараңғы шіркеуге кіру үшін 6 еуро төлеп, бөлек билет алу қажет.
Музейді толық аралауға шамамен 1,5–3 сағат кетеді. Мұнда адамдар көп жиналмай тұрғанда, таңертең ашылған бойда келген дұрыс. Кіру билеті бір адамға 20 еуро тұрады.
Үңгірдегі қонақүйде тұру


Үңгірдегі қонақүйлер Қападокияның басты ерекшеліктерінің біріне айналған. Олардың көпшілігі бұрын адамдар тұрған жартас үйлерде орналасқан. Тас қабырғалары мен күмбезді төбелеріне қарамастан, мұнда жайлы демалуға қажеттің бәрі бар: жылыту жүйесі, кондиционер, заманауи жуыну бөлмелері және Wi-Fi.
Мұндай қонақүйлердің басты артықшылығы – ерекше атмосферасы мен таңғажайып көрінісі. Көптеген қонақүйдің террасасынан таңсәріде аңғарлар мен көкке көтерілген шарлардың керемет көрінісі ашылады. Дәл осы сәтке куә болам деп саяхатшылар кәдімгі қонақүйдің орнына үңгірдегі қонақүйге барғанды жөн көреді.
Қападокиядағы үңгірдегі қонақүйлердің көбі Гөреме мен Үшқисарда орналасқан. Жан-жағыңызда мейрамхана, экскурсияға баратын жерлер мен негізгі көрікті жерлер көп болсын десеңіз, Гөремені таңдаңыз. Ал тыныш ортада демалып, өңірдің әсем табиғатын қызықтағыңыз келсе, Үшқисарға барыңыз.
Қонақүй бағасы маусым мен таңдалған қонақүйге қарай айтарлықтай өзгереді. Мысалы, Helike Cave Hotel қонақүйінде екі адамға арналған бөлменің бағасы 25 мың теңгеден басталады. Панорамалық террасалары танымал Cappadocia Cave Suites қонақүйінде бір түнге кемі 100 мың теңге төлейсіз. Бұрынғы монастыр кешенінің аумағында орналасқан Argos in Cappadocia қонақүйіндегі бөлмелердің бағасы 279 мың теңгеден басталса, сән-салтанаты ерекше Museum Hotel қонақүйінде бір түнге кемінде 400 мың теңге төлеу қажет.
Жерасты қалаларды көру (Деринқұйы, Қаймақлы)

Бұл өңірде көлемі әртүрлі 200-ден астам жерасты қоныс табылған. Оның бірнеше ондағанын археологтар толыққанды жерасты қала болған дейді. Мұндай қалалар жау шапқанда паналайтын жер ретінде салынған. Жұрт жер бетіне апталап, тіпті айлап шықпай-ақ тіршілік ете алған.
Ең танымал жерасты қала – Деринқұйы. Ол 1963 жылы кездейсоқ табылған. Бір жергілікті тұрғын үйін жөндеп жатқанда қабырғаның ар жағынан бұрын белгісіз болған өткелді байқап қалады. Сол өткелдің ар жағында жер астына 85 метр тереңге созылған алып кешен жасырын жатқан екен.
Қауіп төнген кезде Деринқұйы жерасты қаласы 20 мың адам, азық-түлік қоры мен малдың түр-түрін сыйдыра алған. Жер астында жатын бөлмелер, қоймалар, асүйлер, шарап жасайтын орындар, ат қоралар, мектептер, ғибадатханалар мен құдықтар болған. Ал арнайы ойластырылған желдету жүйесінің арқасында таза ауа қаланың ең төменгі қабаттарына дейін жетіп отырған.
Қазір туристер жерасты қаласының сегіз қабатын аралай алады. Кіру билетінің бағасы – 6 еуро.


Деринқұйыдан кем түспес тағы бір жерасты қала бар. Аты – Қаймақлы. Ол Деринқұйыға қарағанда терең емес, бірақ дәліздері кең әрі бөлмелері әлдеқайда жайлы. Сондықтан көптеген саяхатшы, әсіресе жер астына түсуге біраз қорқатындар осы қаланы аралағанды жөн көреді. Кіру билетінің бағасы – 13 еуро.
Бір қызығы, Деринқұый мен Қаймақлы біртұтас жерасты жүйенің бөлігі болған деген болжам бар. Археологтар екі қаланы өзара жалғап тұрған ұзындығы 8 шақырым жерасты түнелді тапқан. Ол халыққа өзгенің көзіне түспей екі қаланың арасында еркін қатынауға мүмкіндік берген. Жерасты қалаларды аралауға шамамен 1–2 сағат кетеді.
Үшқисар ауылы мен қамалын көру


Үшқисар Қападокияның ең биік нүктесі саналады. Осында ауылдың ең көрікті жері – Үшқисар қамалы орналасқан.
Алғаш қарағанда қамал ерекше пішінді алып жартасқа ұқсайды. Бірақ мұқият қарасаңыз, оның ішінде ондаған терезе, өткел мен бөлме барын байқайсыз. Ғасырлар бойы жергілікті тұрғындар жұмсақ туф жынысын ойып, бөлмелер, қоймалар, түнелдер мен шолу алаңдарын жасаған. Сөйтіп қарапайым жартас уақыт өте келе нағыз қорғаныс қаласына айналған.
Қамалдың ең биік жеріне көтерілуге шамамен 10–15 минут кетеді. Шыңындағы шолу алаңынан Көгершін аңғары, Гөреме, Махаббат аңғары және Ержиес жанартауы алақандағыдай көрінеді.
Қамалға туристер күн батар шақта барады. Себебі дәл осы уақытта күн сәулесі аңғарлар мен жартастарды алтын және қызғылт түске бояп, қамалдың сәнін келтіре түседі. Саяхатшылардың көбі Үшқисарға осы кешкі көріністі тамашалау үшін барады. Кіру билетінің бағасы – 150–200 лира.
Қамалды аралап болған соң Үшқисар ауылының өзіне де соғып кеткен жөн. Мұнда шағын кафелер, шарап барлары мен кәдесый дүкендері көп. Оның үстіне мұндағы атмосфера туристер өте көп баратын Гөремеге қарағанда әлдеқайда тыныш.
Аңғар аралау


Қападокияны жақсы танысығысы келетіндерге кеңесіміз – оның аңғарларын жаяу аралаңыз. Дәл осы жерден өңірге тән ерекше жартас пішіндерін, үңгірдегі үйлер мен Қападокияның ең көрікті табиғатын қызықтай аласыз.
Олардың арасындағы ең танымалы — Махаббат аңғары. Оның ғасырлар бойы жел мен жауынның әсерінен қалыптасқан ерекше пішінді биік тас бағандарын көрген де, көрмеген де арманда.


Ал Қызғылт және Қызыл аңғарлар жаяу серуендеуге арналған ең әдемі бағыттардың бірі саналады. Жартастар құрамындағы минералдардың әсерінен мұндағы тастар қызғылт, қызғылт сары және қызыл түске боялған. Бұл аңғарлар әсіресе кешкі уақытта әдемі көрінеді. Күн батар шақта күн сәулесі бүкіл ландшафтқа жарық түсіріп, көз тартар көрініс сыйлайды.


Көгершін аңғары Гөреме мен Үшқисардың арасын жалғап тұр. Аңғардың аты жартаста мыңдаған көгершін ұясы бар болғандықтан қойылған. Ғасырлар бойы жергілікті халық көгершіннің қиын жинап, оны жүзімдіктер мен бақтарда тыңайтқыш ретінде пайдаланған.
Ал Ихлара аңғарының табиғаты мүлде бөлек. Бұл жер — тереңдігі 150 метрге дейін жететін, ұзындығы 14 шақырым шатқал. Ортасында Мелендиз өзені ағып жатыр. Қападокияның басқа бөліктеріндегі құрғақ табиғатқа қарағанда мұнда ағаш пен көк желек көп. Сәулетіне келсек, жол бойы фрескалары сақталған ондаған көне жартас шіркеуін көруге болады.
Аңғарларды жаяу аралағанға 1–4 сағат кетеді. Серуенге ыңғайлы аяқкиім, су мен бас киім ала шығыңыз. Уақытыңыз тығыз болса, Қызғылт және Қызыл аңғарлар арқылы өтетін жолды таңдағаныңыз абзал. Бұл маршрут небәрі 3–4 сағаттың ішінде Қападокияның ең танымал табиғи көріністерін көруге мүмкіндік береді.
Шавушин ауылы


Шавушин — Қападокиядағы ең көне қоныстардың бірі. Гөреме туристік қалаға айналса, Шавушин бастапқы келбетін сақтап қалған, адам аяғы аз ауыл.
Шавушиннің тарихи бөлігі алып жартастың етегінде орналасқан. Ғасырлар бойы осы ауылдың халқы жұмсақ жартасқа үй, қойма мен түрлі шаруашылық бөлмесін қашап салған. Жұрты бұл жерде XX ғасырдың ортасына дейін тұрған. Кейін эрозия мен көшкіннің салдарынан жартастың бір бөлігі құлай бастаған соң тұрғындар жақын маңдағы жаңа үйлерге көшіп кеткен.
Туристер үңгірдегі қаңырап қалған үйлерді аралап, көне өткелдермен жүріп, сол кездегі жұрттың тіршілігін өз көзімен көре алады.
Ауылдағы ең маңызды көрікті орын – Жақия шіркеуі. Ол Қападокиядағы ең көне жартас шіркеулерінің бірі саналады. Биік жерде орналасқандықтан әрі жартастың ішінде ойылып салынғандықтан шіркеу бүгінге дейін жақсы сақталған.
Пашабағы аңғары


Пашабағы немесе Монахтар аңғары – Қападокиядағы ең әдемі жерлердің бірі. Дәл осы жерден Қападокияның символына айналған, төбесінде екі немесе үш базальт «қалпағы» бар биік тас бағандарды – «перілер мұржаларын» көруге болады.
Аңғардың аты византиялық дәуірде осында келіп, жартастардың ішін ойып шағын құжыралар жасаған тақуа монахтардың құрметіне қойылған. Сол құжыралардың кейбірі бүгінге дейін сақталып, көрем дегендерге ашық.
Аңғардың аумағы үлкен емес, сондықтан оны толық аралауға 1–2 сағат жеткілікті. Онда таңертең немесе кешке қарай барған дұрыс. Өйткені күндіз экскурсия топтары өте көп болады. Кіретін билеттің бағасы – 12 еуро.
Пашабағынан алыс емес жерде Қападокияның қыш өнерінің орталығы саналатын Аванос қаласы жатыр. Ол Түркия аумағымен ғана ағатын ең ұзын өзен – Қызылырмақтың жағасында тұр. Жергілікті шеберлер бірнеше мың жылдан бері өзен жағасындағы қызыл сазды пайдаланып, қыштан түрлі бұйымдар жасап келеді.
Қалай қатынау керек?
Қападокияның аумағы шағын болғанымен көрікті жерлердің арасы біршама алыс орналасқан. Мысалы, Гөремеден Деринқұйы жерасты қаласына дейінгі қашықтық – 35 шақырым, ал Ихлара аңғарына дейін шамамен 70 шақырым.
Сондықтан Қападокияны аралаудың ең ыңғайлы амалы – көлік жалға алу. Осылайша жолыңызды өзіңіз жоспарлап, таңыңызды шолу алаңдарында қарсы алып, шағын ауылдарға соғып, экскурсия топтары сирек баратын жерлерді емін-еркін аралай аласыз. Көлік жалға алу үшін жүргізуші куәлігі мен кепілақы төлейтін банк картасы қажет.
Көлік айдағым келмейді десеңіз, долмуш деген шағын автобусқа мініңіз. Долмуштардың қала ішінде және қалалар арасында жүретіні бар. Алайда олардың жүру кестесі ыңғайсыз болуы мүмкін.
Қападокияға бірінші рет баратындардың көбі экскурсияға ереді. Оның ең танымалдары – Red Tour мен Green Tour. Red Tour Қападокияның солтүстік бөлігін қамтып, Гөреме, Үшқисар, Пашабағы мен Аваносқа апарады. Ал Green Tour өңірдің оңтүстік бөлігімен өтеді. Ол жолдың бойында Деринқұй жерасты қаласы, Ихлара аңғары және Селиме монастыры жатыр. Мұндай экскурсиялардың ең жақсы тұсы – бір күннің ішінде бірнеше маңызды көрікті жерді аралап шығуға болады әрі жолды өзіңіз жоспарлап әуре болмайсыз.
Жүріп демалғанды ұнататындар ат, квадроцикл және баггиге міну, джип турларын таңдаса болады. Туристерге көбіне кешкі экскурсиялар ұнайды.
Қападокияда 2–3-ақ күн жүрем десеңіз, шалғайдағы көрікті жерлерге экскурсия жалдап барып қайтып, қалған уақытта Гөременің айналасындағы аңғарларды өз бетіңізше аралаған тиімді. Ал 4–5 күнге келсеңіз, көлік жалға алған әлдеқайда ыңғайлы.
Қайда тұруға болады?

Туристердің көбі Гөреме қалашығына барып тұрады. Мұнда үңгірдегі қонақүй, мейрамхана, экскурсия ұйымдастыратын агенттік пен көрініс тамашалайтын алаңның түр-түрі көп. Мұнда Қападокияның ең көрікті жерлерінің көбіне жаяу жетуге болады, экскурсиялар мен трансферлердің басым бөлігі дәл осы жерден басталады.

Үшқисар
Үшқисарға тыныш әрі жайлы атмосфера іздегендер барады. Ауыл биік жерде орналасқандықтан, аңғарлар мен әуе шарларының ұшқаны көрінетін қонақүйлер көп. Мұнда турист аяғы Гөремеден аз, бутик қонақүйл көбірек, күн батқаны әлдеқайда әдемі көрінеді.

Үгріп
Үргіп – Каппадокиядағы ең ірі елді мекендердің бірі. Мұнда мейрамхана, шарап өндіретін шаруашылық ісі мен заманауи инфрақұрылым көбірек дамыған. Сондықтан онда көрнекі жерлерге бармай-ақ та керемет демалуға болады.

Аванос
Аванос Қызылырмақ өзенінің жағасында жатқан әрі қыш шеберханалары арқылы танылған ауыл. Бұл қалаға жұрт сирек барады, дегенмен адам аз жерге барып демалғым келеді дегендерге таптырмас вариант. Онда демалып қана қоймай Аваностың қолөнер бұйымдарын ала аласыз.
Қападокияда не жеп көру керек?




Қападокияға барсаңыз, қалайда тесті кәуаптың дәмін татып көріңіз. Бұл тағамды түріктер ет, көкөніс пен дәмдеуіштерді саз құмыраға салып, аузын бекітіп, бірнеше сағат бойы пешке пісіріп жасайды. Ең қызығы, оны дастарқанға қойғанда құмыраны сіздің көзіңіше сындырып ашады. Сондықтан тесті кәуап алдырсаңыз, шағын шоу да көресіз. Қой еті мен сиыр етінен жасалатындары – тесті кәуаптың ең танымал түрлері.
Қападокияның тағы бір дәстүрлі тағамы – түрік мантысы. Орталық Азияның мантысына қарағанда әлдеқайда кішкентай болып келеді. Оны сарымсақ қосылған йогурт, қызанақ тұздығымен және дәмдеуіш салынған ерітілген сары маймен араластырып жейсіз.
Дәмханалардың көбінен гөзлеме жеп көре аласыз. Бұл тамақ – ірімшік, ет немесе шпинат салынған жұқа күлше. Пиде де бар. Ол – түрлі салма салынатын пицца.
Ұйқыдан тұрғанда түрік таңғы асын алдырыңыз. Олардың таңғы асына сан алуан тамақ қойылады: ірімшіктің бірнеше түрі, зәйтүн, жаңа піскен көкөніс, жұмыртқа, бал, тосап, нан және шай қойылады. Кейбір қонақүй мен мейрамханада таңғы астары ондаған шағын тіскебасар түрінде ұсынылады. Мұндай ас түске дейін тоқ жүруге әбден жетеді.
Қападокия – әлемдегі ең көне шарап өндіретін өңірлердің бірі. Жанартаудан түзілген құнарлы топырақ пен құрғақ климат жүзім өсіруге өте қолайлы. Мұнда әсіресе Emir, Kalecik Karası және Öküzgözü жүзім сұрыптарынан жасалған шараптар танымал. Олардың дәмін Үргіптегі шарап шаруашылықтарында татып көруге болады.
Байланыс
Қападокияда интернет жақсы істейді. Қонақүйлер, дәмханалар мен мейрамханалардың көбінде өз Wi-Fi бар, жылдамдығы да жаман емес. Дегенмен табиғат аясына шыққанда трансфер алдыру үшін мобайл интернетіңіз болғаны абзал.
Түрік SIM картасын әуежайдан немесе Turkcell, Vodafone және Türk Telekom операторларының кеңсесінен алуға болады. Алайда Түркиядағы туристерге арналған тарифтер қымбат тұрады, сондықтан қанша гигабайт қажет болатынын алдын ала есептеп алған дұрыс. eSIM кәдімге сим картасына не роумиңге қарағанда арзан тұрады. Оны сапарға шықпай тұрып-ақ қосып аласыз да, Түркияға қонған бойда пайдалана бересіз.
Таулы жерлерде кейде телефон байланысы дұрыс істемеуі не мүлдем өшіп қалуы мүмкін. Сондықтан адасып кетпеу үшін алдын ала офлайн карта жазып алыңыз.

Freedom Travel-дың бірнеше кеңесі
1. Баратын мезгілді дұрыс таңдаңыз
Қападокияға барарға жақсы мезгіл – сәуір аяғы мен маусым аралығы, қыркүйек пен қазан айлары. Бұл уақытта күн ашық, жайлы болып тұрады. Қыста қар жамылған табиғат ерекше әсем болғанымен әуе шарлары кешігіп ұшады не мүлдеп ұшпай қалады.
2. Қолма-қол төлейтін ақша алып жүріңіз
Қонақүйлер мен ірі мейрамханалардың басым бөлігінде банк картасымен төлеуге болады. Дегенмен жерасты қалаларға кіру билетін алғанда, шайпұл бергенде, шағын ауыл дәмханаларында немесе жергілікті шеберлерден кәдесый сатып алғанда ақшасын қолма-қол төлейсіз. Сондықтан ақшаңыздың бір бөлігін алдын ала түрік лирасына айырбастап алыңыз.
3. Шармен ұшатын күн сапарыңыздың бірінші күні болсын
Шар ұшар-ұшпасы ауа райына қарайды. Қатты жел тұрса не тұман басса, рейс кейінге қалады не мүлдем ұшпайды. Сондықтан Қападокияға шармен бірінші күні ұшамын деп барыңыз. Шармен сол күні ұшпасаңыз, рейсіңізді басқа күнге ауыстыра саларсыз.
4. Қападокияның кемі бір таңын көрмей кетпеңіз
Шармен ұшпаймын десеңіз, бір рет болсын таң атпай тұрын оянып, далаға шығыңыз. Таңсәріде Қападокия әйгілі суреттердегідей ерекше кейіпке енеді: аспанда қалықтаған ондаған әуе шары, жан-жағына шашырай бастаған күн сәулесі мен ертегі әлеміндей көріністі көрген де, көрмеген де арманда.
5. Аяқкиіміңіз ыңғайлы болсын
Қападокияның аңғарларында мініп-түсіп жүресіз. Сондықтан аяқкиімнің ыңғайлысын киіп алыңыз. Ең жақсысы — треккиңге арналған кростар.
6. Киіміңіз ауа райына сай болсын
Жаздың өзінде таңертең күн салқын болуы мүмкін, ал күндіз ауа температурасы +30 °C-тан асып кетеді. Сондықтан қабаттап киінген дұрыс: күн жылынғанда артық киімді шешіп, салқындағанда қайта киіп аласыз. Бас киім мен күннен қорғайтын көзәйнекті де ұмытпаңыз.
7. Бір Гөремемен шектеліп қалмаңыз
Туристердің көбі бар уақытын Гөремеде өткізіп, Қападокияның өзге де көрікті жерлерін көрмей кетеді. Уақытыңыз мол болса, Үшқисар, Аванос, Шавушинге немесе Ихлара аңғарына барып қайтыңыз. Бұл жерлерден Қападокияның туристерге көп таныла бермейтін ерекше қырын көре аласыз.


