Шотландияның көрікті 30 жері

Шотландияның көрікті 30 жері
Гидтер 35 мин оқисыз
17.04.2026

Шотландияның көрікті 30 жері

Скоттардың тарихы мен табиғаты

Шотландия — Ұлыбритания аралының солтүстік жартысын алып жатқан ел. Оның құрамына материк аймақтар, табиғаты қатал Хайленд пен 700-ден астам арал кіреді. Мұнда қызық жер деген қадам басқан сайын кезігеді. 

Тарихқа көз жүгіртсек, Шотландия кельт патшалықтарынан бастап, викиңдерге қарсы күрес кезеңін бастан өткеріп, кейін тәуелсіз ортағасырлық мемлекетке айналды. 1707 жылы Англиямен одақ құрып, Ұлыбритания болғанымен өз құқық жүйесін, шіркеуі мен мәдени ерекшелігін сақтап қалды. Оқшау жатқаны мен саяси дербестігінің арқасында Шотландия әлемдегі ерекше елдердің бірі болып отыр. Сол ерекшеліктерін көргім келеді десеңіз, мына мақалымызды оқыңыз: сізге шотландтың 30 көрікті жерін көрсетеміз.

Эдинбург қамалы (Эдинбург)

Шотландияның мына көрікті жері Эдинбург қаласының қақ ортасында, Castle Rock жартасының үстіне салынған. Оны ескі қаланың кез келген нүктесінен көруге болады. 

Бұл жартастағы қорғаныс дуалдары ерте орта ғасырлардан бері бар. Алайда қамалдың қазіргі келбеті XII–XVIII ғасырлар аралығында біртіндеп қалыптасқан. Мұнда бір кездері патша ордасы да, стратегиялық әскери бекініс те болған. Эдинбург қамалы ағылшын-шотланд соғыстары кезінде талай рет қолдан-қолға өткен.

Бұл әдемі жердің басқа ерекше тұсы — онда Шотландияның тәж, асатаяқ пен мемлекеттік қылыш сияқты патша регалиялары сақтаулы тұр. Олар Ұлыбританиядағы ең көне патша рәміздері саналады. Сонымен қатар аңызға айналған Тағдыр тасы осы қамалда тұр. Шотланд монархтары дәл осы тас таққа отырғанда жаңа дәуір басталатын болған. 

Әулие Маргарита капелласына да барыңыз. Бұл — Эдинбургте бүгінге дейін сақталған ең көне ғимарат. Ол XII ғасырдың басында Маргарита патшайымның құрметіне салынған. 

Мұнда XV ғасырдан қалған әйгілі Mons Meg зеңбірегін көруге болады. Ол Еуропадағы ең танымал қоршау қаруларының бірі болған. Кейін Шотландияның Ұлттық әскери мұражайына кіріп шығыңыз. Жексенбіден басқа күндері сағат 13:00-де зеңбіректен оқ атылады. 

Кіру бағасы: ересектерге  £21.50, зейнеткерлерге £17.00, балаларға £13.00. Билетін ертерек онлайн алған дұрыс.

Роял майл (Эдинбург)

Бұл — бір-біріне жалғасып жатқан бірнеше көшеден тұратын тізбек, жалпы ұзындығы шамамен бір шотланд милі, яғни 1,8 шақырымға жуық. Дәл осы жерде ғасырлар бойы қаланың саяси, діни және күнделікті өмірі тоғысқан.

Роял майл орта ғасырларда, Эдинбург тығыз салынған қала-қамал болған кезде қалыптаса бастаған. Жер жетіспегендіктен, үйлер биіктей беріп салынған, ал негізгі көшеден тар өткелдер тарамдалып кеткен.

Көшенің бас нысандарының бірі — Әулие Жайлс соборы, ол шотланд пресвитериан шіркеуінің негізгі ғибидатханасы саналады. Оны тәж тәріздес мұнарасынан бірден тануға болады. Сондай-ақ мұнда дәстүрлі паб, шағын мұражай, тартан матасы, уиски мен кәшемір бұйымдарын сататын дүкен көп.

Ең қызу кезең — жаз айлары, әсіресе тамыз, өйткені дәл осы мезгілде әйгілі Edinburgh Festival Fringe фестивалі өтеді.

Холируд сарайы (Эдинбург)

Ұлыбритания монархының Шотландиядағы ресми резиденциясы әрі Роял майлдың соңғы нүктесі.

XII ғасырда бұл жерде Холируд аббаттығының негізі қаланған, оның қираған бөліктері сарайға жапсарласа орналасқан және әлі күнге дейін кешеннің маңызды бөлігі болып отыр. Сарайдың қазіргі келбеті XVII–XVIII ғасырларда қалыптасқан және Шотландия тарихындағы драмаға толы тұлға — Мария Стюартқа қатысы көп. Патшайым Шотландияны билегенде ең шиеленісті оқиғалар осы жерде өрбіген.

Туристерге сарайдың салтанатты залдар мен патша (патшайым) апартаменттері ашық. Барамын дегендерге Мария Стюарттың жеке бөлмелері қызық болуы мүмкін. Себебі бұл Шотландия тарихындағы маңызды кезеңнің шынайы көрінісін көруге мүмкіндік береді.

Сарайдың сырт жағында Холируд паркі орналасқан, ал арт жағында Артур тағына баратын жол басталады. Ол — сөнген жанартаудан жаралған төбе, онда қаланың керемет көрінісі ашылады.

Бұл жер Ұлыбритания монархы келгенде жабық болуы мүмкін, сондықтан барар алдында ашық-жабығын біліп алыңыз. Ішінде фотоға түсіруге тыйым салынған! Билетінің бағасы 18 фунттан басталады.

Эдинбург соборы (Эдинбург)

Әулие Жайлс соборы (көбіне жай ғана Эдинбург соборы деп аталады) Роял майл көшесінде орналасқан. Бұл – Шотландиядағы ең бас көрікті жерлердің бірі әрі Шотландия шіркеуінің негізгі ғибадатханасы.

Собор XII ғасырда салынған. Уақыт өте келе бірнеше рет жөнделіп, діни және саяси өзгерістерден кейін түрі де өзгеріп отырған. Шіркеуде XVI ғасырда Жон Нокс үгіт жүргізіп, Шотландиядағы Реформацияға бағыт алайық, яғни католик шіркеуінен бөлінейік деп үндеген.

Собордың көзге түсетін ең ерекше жерлерінің бірі – оның тәжге ұқсайтын мұнарасы.

Тағы біреуі – Шотландиядағы ең жоғары рыцар алқасы саналатын Түйетікен орденінің капелласы. Бұл – қаладағы ең көркем залдардың бірі: ойылған ағаш орындықтар, елтаңбалар, түрлі символдар. 

Соборға кіру тегін, бірақ қонақтар садақа бергені жақсы. Ғибадатхана істеп тұрған шіркеу болғандықтан ішінде шу шығармаймыз, әсіресе жексенбі күндері құлшылық өтетін ескерген жөн.

Шотландияның ұлттық музейі (Эдинбург)

Шотландия музейінің әр дәуірге арналған бірнеше ғимараты бар. Мысалы, тарихи викториан бөлігі, заманауи дәуір қанаты.  

Музейдің коллекциясы Шотландияны ел болып қалыптастырған кезеңдердің бәрін қамтиды: археология, кельт мәдениеті, орта ғасыр тарихы, Ағартушылық дәуірі мен индустрия революциясы. 

Ең танымал экспонаттардың бірі — Долли қойының тұлыбы. Ол – әлемдегі алғашқы клонданған сүтқоректі әрі Шотландиядан шыққан.

Дизайн, технология мен жаһан мәдениетіне арналған бөлімдер де баруға тұрарлық. Мұнда ерте бу машиналары мен авиация қозғалтқыштарын да, сән, музыка аспаптары мен әртүрлі елдердің күнделікті тұрмыс заттарын да көруге болады. 

Музейге кіру тегін. Қалайда бақылау алаңына көтеріліп, ескі Эдинбургті тамашалаңыз. 

Патша ботаника бағы (Эдинбург)

Бұл бақ 1670 жылы дәрі өсімдіктерді зерттейтін бақ ретінде құрылған. Қазір ол шамамен 28 гектар аумақты алып жатыр әрі әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған 13 мыңнан астам өсімдік түрін өсіріп отыр. 

Альпі төбешіктері, жапон бағы, Шотландия, Қытай және Хималай өсімдіктеріне арналған аймақтар бірінен бірі өтеді. XIX ғасырдан қалған тарихи жылыжайлар да ерекше қызық: олардың ішінде пальма павильоны мен сирек кезігетін орхидеялар, қырықжапырақтар мен жыртқыш өсімдіктер өсетін тропик бөлімдері бар.

Сонымен қатар ботаника бағы – қаланың панорамасын тамашалауға болатын ең жақсы жерлердің бірі. Биік жерлерден Ескі қала мен Эдинбург қамалының тамаша көрінісі ашылады. 

Бақтың өзіне кіру тегін, бірақ жылыжайларға кіру үшін ақы төлейсіз. Барарға ең қолайлы уақыт – көктем мен жаз басы: бұл кезде магнолия, рододендрон мен Альпі өсімдіктері гүлдейді. Дегенмен күзде де ағаш жапырақтары сарғаятындықтан я қызаратындықтан бақ ерекше әдемі болады.

Шотландияның ұлттық галереясы (Эдинбург)

Елдегі бас көркемсурет музейі. Ғимарат Принсес стриттің бойында, Ескі және Жаңа қала шекарасында тұр. XIX ғасырдың ортасында ашылған.

Тұрақты экспозиция Ерте ренессанс дәуірінің басынан XIX ғасырдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Мұнда Рафаэль, Тициан, Рембрандт, Вермеер, Рубенс, Веласкес сияқты әйгілі суретшілердің еңбегі, сондай-ақ Уилиам Төрнердің пейзаждар коллекциясы ұсынылған. Сонымен қатар шотланд кескіндеме мектебі де — Хенри Ребөрн де, символистер мен романтиктер де — экспозицияға қойылған. 

Галереяның айналасындағы кеңістіктен де ерекше әсер аласыз. Терраса мен терезеден Принсес стрит бағы мен Эдинбург қамалын көруге болады.

Тұрақты экспозицияға кіру тегін. Уақытша тұратын көрмелер ақылы болады. 

Лох Несс көлі (Инвернесс)

Шотландияның Лох Несс құбыжығының арқасында танылған көл, елдің ең әдемі табиғи жерлерінің бірі. 

Лох Несс — тектоникалық жолмен пайда болған, ұзын әрі жіңішке тұщы су көлі. Ұзындығы — шамамен 37 шақырым. Тереңдігі 230 метрден асады, ал су көлемі Англия мен Уэльстегі барлық көлден де көп. Көлдің суы күңгірт әрі салқын, себебі ішінде жертезек көп. 

Бұл көлде біртүрлі, жұмбақ жаратылыс бар деген әңгімелер орта ғасырлардан бері айтылып келе жатыр. Бірақ бүкіл әлемге ол XX ғасырда, алғашқы суреттері шыққан кезде танылды. Содан бері талай зерттеу жасалса да, ол жерде үлкен белгісіз хайуан барын дәлелдейтін нақты ғылыми дерек жоқ.

Инвернестен Лох Несс көліне автобуспен де, көлікпен де, экскурсиямен де оңай жетуге болады. Мұнда қайық мініп серуендеу, жағалау бойымен жаяу жүру сияқты активитилер мен көл мен тау көрінетін шолу алаңдары өте танымал. Бірақ көлге түсе алмайсыз: суы тым суық.

Скай аралы

Скай — Ішкі Хебрид аралдары арасындағы ең үлкені, материкпен көпір арқылы жалғанып тұр.

Скайдың жер бедері ежелгі жанартау атқылағаннан кейін қалыптасқан. Жартастар теңізге тік құлай түседі, таулы жоталар қатпарланып кеткен, ал биік үстірттері біртүрлі, тіпті басқа планетадағыдай көрінеді. Ең әйгілі жерлері — Старик Сторр, Куираң және Килт-Рок жартастары. Мұнда базальт бағандары килттің қатпарындай болып көрінеді. 

Бұрын Скай жері рулық қауымдардың иелігі болған, оны кезінде Маклаудтар мен Макдональдтар мекендеген. Кейін Хайлендті тазарту процесі өткенде, яғни жергілікті жұрт мал шаруашылығы үшін қуылғанда Скай қатты зардап шеккен.

Скай — Шотландиядағы гэль тілінде әлі күнге дейін күнделікті тіршілікте сөйлейтін санаулы өңірлердің бірі. Мұнда жол белгілері екі тілде жазылған, мектептерде гэль тілінде оқытатын сыныптар бар.

Аралдың әкімшілігі әрі негізгі орталығы — Портри деген шағын қала. Барып, бір-екі күн тұрамын десеңіз, дүкен, кафе, қонақүй мен экскурсиялар бар. 

Күн бұл жақта тез өзгеріп кетеді. Бір жерге барамын десеңіз, көлігіңіз болғаны дұрыс. Жаяу да жүруге болады, бірақ жел мен ылғал ауаға дайын болу керек. Тіпті жазының өзі салқын болып тұрады.

Гленко аңғары мен Гленфиннан виадугі (Хайленд өңірі)

Гленко — Шотландиядағы ежелгі жанартаулар мен мұздықтардың әсерінен қалыптасқан аңғар. Бұл – тік беткейлері мен сарқырамалары бар, тар U тәрізді әсем алқап. Көпшілік Гленконы елдегі ең көрікті аңғарлардың бірі дейді.

Туристерге тағы бір ыңғайлы тұсы – аңғардың ішімен көлікпен жүріп өтуге болады: дәл осы жерде A82 тасжолы бар.

Аңғардың батыс жағында Шотландиядағы ең танымал жерлердің бірі — Гленфиннан виадугі орналасқан, соны қалайда көріңіз. Бұл көпір ХХ ғасырдың басында теміржол желісінің бір бөлігі ретінде салынған. Кейін Хәрри Поттер фильмдеріндегі «Хогуартс экспресс» осы жерден өткеннен кейін оның танымалдығы күрт артып кеткен.

Қазір бұл виадуктің үстімен Якобит деген туристер пойызы жүреді. Оның көпірден өткен сәті Шотландиядағы ең көп суретке түсірілетін көріністердің біріне айналған. Пойыз белгілі бір кестеге сай жүреді, сондықтан уақытын алдын ала тексеріп алған дұрыс.

Виадуктің үстінен көрінетін бақылау соқпағы аса қолайсыз емес, бірақ жаңбырдан кейін тайғақ болуы мүмкін. Бұл аймақ елді мекеннен біршама алыс жатқандықтан қоғам көлігі сирек жүреді, сондықтан ең қолайлысы — көлікпен бару немесе экскурсияға еріп бару.

Эйлин Донан қамалы (Скай аралы)

Бұл жер теңіз тасқанына және қайтқанына тәуелді шағын аралда орналасқан. Ол Лох Дуйх, Лох Лоң және Лох Алш деген үш теңіз шығанағы тоғысатын тұста, Скай аралына апарар жолдың бойында жатыр. 

Бұл — Эйлин Донан қамалы. Мұндағы алғашқы бекініс XIII ғасырда викиңдерден қорғану үшін салынған. Орта ғасырларда қамал батыс жағалаудағы маңызды теңіз және сауда жолдарын бақылап, Маккензи руы мен Макрэй руына тиесілі болған. XVIII ғасырдың басында якобит көтерілістері болғанда қамал британ флотының шабуылынан қирап, 200 жылдан астам уақыт бойы қираған күйде қалған.

Қамалдың қазіргі келбеті ХХ ғасырдың басында қалыптасқан, кейін тарихи сызбаларға сүйеніп қайта қалпына келтірілген. Қазір ішінде залдар, жатын бөлмелер мен қару-жарақ, тұрмыс заттары коллекциясын көруге болады. 

Бұрын қамалға су қайтқанда ғана жетуге болатын, ал қазір арал мен қамалдың арасына тас көпір тұр. Дегенмен су деңгейі оның көрінісіне әлі де ерекше әсер береді. Қамалды сыртынан тегін тамашалауға болады, ал ішіне кіру үшін 12 фунт төлеу керек.

Келвингроув көркемсурет галереясы мен музейі (Глазго)

Шотландия мұражайы 1901 жылы халықаралық көрме қарсаңында ашылған. Бастапқыда ол өнер, ғылым және қоғамды ағарту бағыттарын біріктіретін әмбебап кеңістік ретінде салынған.

Мұнда Еуропа шеберлерінің кескіндемесі, шотланд өнері, мүсін, археология, жаратылыстану мен тіпті авиация экспонаттары ұсынылған. Ең танымал экспонат — «Иса» суреті, оның авторы — Сәлвадор Дали. Бұл туынды жеке залға қойылған.

Музейдің орталық залында әдемі концерт органы тұр. Онда үнемі тегін орган концерттері өтіп тұрады.

Музейдің бір жақсы жері — ол Келвингроув паркі және Уест Энд ауданына жақын тұрғаны. Сапардан кейін Келвин өзені бойымен серуендеп, жақын маңдағы көптеген кафе мен бардың біріне соғуға болады. Мұражайға кіру тегін.

Кафедралы собор (Глазго)

Собор XII–XV ғасырларда Глазгоның қамқоршысы Әулие Мунгоға арнап салынған. Бір аңызға сенсек, оның қабірі ғибадатхананың алтар бөлігінің астындағы криптада жатыр. Оның көптеген британ соборынан айырмасы — ол Реформация кезеңінде азғантай ғана зардап көрген.

Әсем интерьердің биіктігі, тастан салынған құрылысы мен витраждан түсетін жарығы кімді де болса тәнті етеді. Ерекше назар аударатын бөлігі — төменгі шіркеу, яғни крипта. Бұл елдегі осындай жерлердің ішіндегі ең әсерлі кеңістіктердің бірі.

Глазго кафедралы соборы ешқашан патша соборы болмаған. Ол халыққа арнап салынған. 

Кіру тегін, бірақ садақа берген жөн. Экскурсияға 30–45 минут кетеді. Фотоға түсіруге болады, бірақ жарқыл қолдануға тыйым салынған. Жақын жерде Глазго некрополі орналасқан. Одан қала мен собордың әдемі көрінісі ашылады.

Риверсайд транспорт музейі (Глазго)

Бұл жердің архитектурасы бірден көзге түседі: ғимарат Заха Хадидтің жобасына сай салынған және толқынға не ирек ангарға ұқсайды. Мұражай Клайд өзенінің жағасында тұр. 

Глазго ұзақ уақыт бойы Британ империясының бас өнеркәсіп орталықтарының бірі болған, сондықтан Риверсайд мұражайында оның тарихы кеңінен көрсетіледі: ат арбалар мен алғашқы велосипедтер де, паровоздар, көліктер, трамвайлар мен жарыс машиналары да қойылған.

Ішінде ескі Глазго көшелерінің көшірмесі бар: витриналар, маңдайшалар мен шамдар, нағыз көліктер қойылған. Ең есте қаларлығы — ретро көліктер, көне трамвайлар, паровоздар мен XX ғасырда жасалған тәжірибе көліктер.

Музейге қарама-қарсы жерде XIX ғасырдан қалған толық қалпына келтірілген Tall Ship Glenlee деген желкенді кеме тұрған айлақ бар. Оны бөлек барып көруге болады. Риверсайд транспорт музейіне кіру тегін.

Стерлиң (Стерлиң)

Шотландиядағы ең маңызды қамалдардың бірі — Стерлиң қамалы. Ол қаланың қақ ортасындағы биік жартастың үстіне салынып, елдің солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын жолды бақылап тұрған. Орта ғасырларда бұл орын Шотландияны кім басқаратынын айқындаған деседі: «Стерлиң кімдікі болса, патшалық сонікі» дескен.

Қамал XV–XVI ғасырларда гүлдеп тұрған. Сол кезде ол Стюарт әулетінің бас резиденциясы болған. Мұнда 1543 жылы Мария Стюарт таққа отырып, елші қабылдап отырған, одан бөлек той-думан мен мемлекеттік рәсімдер өткізген.

Стерлиң қамалы әскери нысан ғана емес, Ренессанс үлгісіндегі сәнді сарай болған. Бір жағында — артиллериялы соғысқа арнап салынған қуатты қорған дуалдар мен бастиондар, екінші жағында — салтанатты интерьерлер. Шотландиядағы ең үлкен банкет залы саналатын Үлкен зал осы сарайда көздің жауын алып тұр.

Қамалда назарыңызға лайық бір жер бар. Ол — патша сарайы. Бұл Ұлыбританиядағы алғашқы ренессанс ғимараттарының бірі саналады. Ішінде Жеймс мен Мария де Гиздің бөлмелері қайта қалпына келтірілген.

Әскери тұрғыдан алғанда, Стрелиңнің Шотландияның тәуелсіздігі жолында басталған маңызды шайқастарға тығыз қатысы бар. Жақын маңда Стерлиң көпірі шайқасы мен Баннокбөрн шайқасы өткен жерлер бар. Бұл шайқастардың біреуін Уилиам Уоллес, ал біреуін Роберт Брюс бастаған.

Кіру бағасы £15–£17.50 шамасында. Жаз мезгілінде билеттерді ертерек алып қойған дұрыс. Қамалға көтерілетін жол тік болғандықтан, ыңғайлы аяқкиім кию қажет.

Уоллес монументі (Стерлиң)

Бұл ескерткіш Уилиам Уоллеске арналған. Уоллес XIII ғасырдың аяғында Шотландияның тәуелсіздігі үшін күрестегі бас тұлғалардың бірі болған. Дәл осы Стерлиң маңында 1297 жылы Стерлиң көпірі шайқасы өтіп, Уоллестің әскері ағылшындарды ойсырата жеңген.

Ескерткіш сыртынан готика мұнараға ұқсайды. Биіктігі — 67 метрдей. Ішінде бірнеше қабат бар, онда Уоллеске ғана емес, жалпы шотландтың ұлттық болмысы, тәуелсіздік соғыстары мен мемлекет болып қалыптасуына арналған экспозициялар қойылған, Сондай-ақ мұнда Уоллестің аңызға айналған қылышы сақтаулы. 

Монументтің ең қызық жері — төбесі. Онда 240-тан астам сатысы бар тар бұралмалы баспалдақ орналасқан, сондықтан көтерілу үшін біраз шыныққан болуыңыз қажет. Төбесіне шыққанда керемет көрініс ашылады: Форт өзені аңғары, Стерлиң қамалы көрініп тұрады.

Кіру бағасы: ересектерге £10.75, балаларға (5–16 жас) £6.75.

Кернгормс ұлттық паркі (Хайленд өңірі)

Кернгормс ұлттық паркі — Ұлыбританиядағы ең ірі ұлттық парк әрі Шотландиядағы көп адам біле бермейтін, бірақ қалайда көру керек бағыттардың бірі.

Кернгормс — мұздықтар ерігеннен кейін қалыптасқан көне тау жоталары. Мұнда кең асулар мен биік шыңдар, Шотландиядағы ең биік нүктелердің кейбірі осы жерде орналасқан. Климаты та елдегі ең қатал климаттардың бірі саналады: қар кейде көктемнің аяғына дейін ерімей жата береді.

Парктің аумағында Ұлыбританиядағы ежелгі каледон қарағайлы ормандарының соңғы бөліктері сақталған. Мұнда сирек кезігетін жануарлар мекендейді: бүркіт, сілеусін, құр, елдегі жалғыз солтүстік бұғылар табыны. Ақ құмды жағажайы мен қылқан жапырақты орманы бар Лох Морлих көлі сияқты ерекше жерлер саяхатшыны тәнті етері анық.

Онда туриске қызық көп: жаяу аралау, хайкиң, велосеруен, қаяқ міну немесе жай ғана жабайы табиғатты тамашалау. Ал қыста бұл жерде тау курорттары мен шаңғы тебуге арналған трассалар ашылады. 

Фолкөрк дөңгелегі (Фолкөрк)

Фолкөрк дөңгелегі — деңгейі әртүрлі екі тарихи арнаны жалғап тұрған әлемдегі жалғыз айналмалы қайық көтергіш.

Дөңгелек 2002 жылы Шотландия каналдарын қалпына келтіретін жобасы аясында ашылған. Бұрын Форт-әнд-Клайд каналы мен Юнион каналы он бір шлюзден тұратын жүйе арқылы жалғасатын, ал ол жерден өтуге бір күнге жуық уақыт кететін. Фолкөрк дөңгелегі осы күрделі жүйенің орнын басты: суға толы екі гондола бір уақытта жоғары көтеріліп, төмен түседі де, небәрі бірнеше минут ішінде 180 градус айналады.

Әр гондоланың салмағы ішіндегі қайықтардың санына қарамастан өзгермейді, себебі қайық өз салмағына тең су көлемін ығыстырады. Дөңгелектің пішіні кельт балтасына немесе қос спиральға ұқсайды.

Туристер бұл нысанды сырттай тамашалап қана қоймай, билетін алып, қайығына міне алады, көтергіш қалай істейтінін өз көзімен көре алады. Мұндай қызыққа 10 фунт кетеді.

Эдинбург хайуанат бағы (Эдинбург)

Ұлыбританиядағы ең танымал хайуанат бақтарының әрі Шотландиядағы маңызды ғылыми орталықтардың бірі. 1913 жылы ашылған және әлемдегі жануарлар алғаш рет кеңірек, табиғатқа жақын ортада ұсталған алғашқы зоопарк ретінде тарихқа енген.

Зоопарктің аумағы өте үлкен әрі бедері әртүрлі болғандықтан, мұнда серуендеген жай ғана экскурсия емес, жеңіл треккиңдей болады. Ең биік шыңынан қаланың, тіпті көркем Фөрт-оф-Форт шығанағының тамаша көріністері ашылады.

Хайуанат бағының бас символдарының бірі ұзақ уақыт бойы алып пандалар болды. Сонымен қатар мұнда коала, амур жолбарысы, шимпанзе, қоқиқаз бен ең танымал топтардың бірі — пингвин колониясы бар. Зоопарк жойылып бара жатқан жануарларды қорғау және зерттеуден халықаралық бағдарламаларға атсалысып жүр. 

Ересектерге кіру бағасы маусымына қарай £27.50 шамасында.

Бен Невис тауы

Бұл тау — Ұлыбританиядағы ең биік тау: теңіз деңгейінен 1345 метр биік жатыр, Хайлендтің батыс бөлігіндегі Форт Уилиам маңында орналасқан. 

Тау ежелгі жанартаудан қалған. Оның массиві шамамен 350 миллион жыл бұрын қалыптасқан. Ал жоғарғы бөлігі — ежелде кратер құлап қалған қалдықтар. «Бен Невис» атауы гэль тілінен шыққан, көбіне «улы» немесе «қатерлі тау» деп аударылады.

XIX ғасырда таудың шыңында метеорология обсерваториясы болған, оның қалдықтары әлі күнге дейін сол аймақта жатыр. 

Туристер көп баратын жер — Форт Уилиам маңынан басталатын соқпақ жол. Шыңға мініп, түсуге адамның жылдамдығы мен ауа райына қарай 6–8 сағат кетеді. Атауына тілің келгенімен онда күн өте құбылмалы: тұман, қатты жел және қалаға қарағанда 8–10 градус суығырақ. 

Туристер бұл тауға мұқият дайындалып баруы керек. Қалың әрі су өтпейтін киім, табаны қалың аяқкиім, су мен тамақ жазда да керек ең маңызды нәрселер. Nevis Range маңындағы аспалы жолға мінсеңіз де болады, бірақ ол Бен Невистің шыңына емес, тек көрші тауға дейін ғана көтереді.

Лох Ломонд көлі (Стерлиң)

Бұл — Ұлыбританиядағы аумағы ең үлкен тұщы көл. Дәл осы жерде жазық Шотландия мен Хайленд өңірінің шекарасы жатыр. Лох Ломондтың оңтүстік бөлігі жайпақ, орманды, жағалауы төмен болып келеді, ал солтүстігі — аса көркем, жабайы әрі таулы аймақ. Көлде 30-дан астам арал бар. Ертеректе бұл аралдар ру мүшелеріне пана болып, қақтығыстар кезінде стратегиялық маңызы бар орын ретінде пайдаланылған.

Лох Ломонд әдебиет пен жыр-дастанда жиі кезігеді. Соның ішінде елдің бейресми символына айналған атақты The Bonnie Banks o’ Loch Lomond балладасын ерекше атап өтуге болады. 

Бұл жерді жаяу, қайық не каяқ мініп немесе көлдің жағасында велосипед теуіп аралауға болады. Танымал жерлері: Баллох ауылы мен дәстүрлі шотланд сәулеті сақталған Лус аймағы. Ал маңайдағы төбелердің біріне, әсіресе Бен Ломондқа көтерілсеңіз, көл мен аралдардың керемет көрінісін көресіз.

Лускентайр жағажайы

Лускентайр — Еуропаның үздік жағажайларының бірі. Жағажай бірнеше шақырым созылып жатыр, тіпті қызған маусымның өзінде көп адам бола бермейді.

Лускентайрдың суреттерін көпшілік Кариб аралдарымен шатастырып жатады: аппақ құм, көгілдір су мен шексіз көкжиек осы екі жерде де бар. Бар айырмасы — мұндағы судың температурасы жазда да 12–14 °C-тан әрең асады. 

Бұл аймақ гэль мәдениетінің бір бөлігі болған, ал Хәррис аралы — бүгінге дейін гэль тілінің маңызды орталықтарының бірі. Мұнда ірі қонақүйлер жоқ, инфрақұрылымы қарапайым ғана — осының бәрі жағажайдың табиғи болмысын сақтап тұр. 

Бұл жерге көлікпен немесе әуелі Лүйіс пен Хәррис аралына пароммен жетіп, кейін көлікпен жетуге болады. Ауа райы тез өзгереді, тіпті жылы күні де жел тұруы мүмкін. Шомылуға болады, бірақ суы суық болатынына дайын болыңыз; мұнда жұрт көбіне серуендеп, суретке түседі, отырып, мұхит толқынын тамашалайды.

Линлитгоу сарайы (Эдинбургтен 24 шақырым қашық)

Қазір бұл жерде тек қирандылар ғана қалған, алайда сарай XV–XVI ғасырларда шотланд монархтарының негізгі ордаларының бірі болған.

Сарай Линлитгоу Лох көлінің жағасында тұр. Осы жерде 1542 жылы Шотландияның болашақ патшайымы Мария Стюарт дүниеге келген. Бұл жер Эдинбург қамалы мен Стерлиң арасындағы жолда қолайлы аялдама ретінде пайдаланылған. 

Сарай готика мен ерте Ренессанс элементтері үйлескенінің арқасында ерекше әдемі. Тіпті қирандылардың өзінен сарай қалай салынғанын көруге болады: салтанатты залдары, жатын бөлмелері, баспалдақтары мен галереялары болғанын көресіз. 

Жоғарғы қабаттарды көру үшін тік тас баспалдақпен көтерілесіз. Жаңбырдан кейін бұл жер тайғақ болып кететіндіктен, күн құрғақта барған дұрыс. Ересектерге кіру бағасы — 7 фунт.

Дун қамалы (Дун)

Бұл шотланд қамалы XIV ғасырдың аяғында Олбани герцогы әрі III Роберт билеген тұста елді іс жүзіндегі басқарған Роберт Стюарттың бұйрығына сай салынған. Орталық мұнара қорғаныс функциясын да, салтанатты рәсім өтетін жер функциясын да атқарған.

Қамал жақсы сақталған. Ішінде қазір де тар бұралма баспалдақпен емін-еркін көтеріліп, асүйін, жатын бөлмелері мен үстіңгі қабаттарын тамашалауға болады.

Кейінгі онжылдықтарда бұл жер фильмдер арқасында ерекше танымалдыққа ие болды. Мұнда «Монти Пайтон және Қасиетті Грааль» фильмі түсірілген, сондай-ақ «Жат» сериалында да пайдаланылған. Ересектерге кіру бағасы — £9.00–£9.50.

Нейст Пойнт шамшырағы (Скай аралы)

Скай аралындағы ең әдемі шолу нүктелерінің бірі әрі Дуириниш түбегінің ең батыс шеті. 

Шамшырақ 1909 жылы әйгілі Стивенсондар инженерлер әулетінің жобасына сай салынған. Оның бар мақсаты — кемелерге алда жартас жағалау барын, толқын қауіпті болуы мүмкін екенін ескерту.

Нейст Пойнттың ең жақсысы — оның табиғаты. Биік жартастар тік құлдилап, ирек-ирек жағалау сызығын қалыптастырады, ал шамшыраққа баратын соқпақ жол жіңішке жота бойымен өтеді, соның арқасында мұхиттың сұлулығын биіктен тамашалай аласыз. Күн шығып тұрғанда бұл жерден алыста тұрған Хебрид аралдарын көруге болады, ал қоныс аударатын кезде киттер мен дельфиндерді көріп қалуыңыз мүмкін. Бұл — Скай аралындағы теңіз жануарларын тамашаларға ең қолайлы жерлердің бірі.

Шамшыраққа жету оңай емес. Тұрақ пен шамшырақтың арасында тік еңісті соқпақжол жатыр: алдымен төмен түсіп, кейін қайта жоғары көтерілу керек болады. Баруына 30–40 минут уақыт кетеді. Бұл аймақта жел жиі қатты соғады, ал жаңбыр жауғаннан кейін жол тайғақ болуы мүмкін, сондықтан ыңғайлы әрі қалың аяқкиім киюіңіз қажет. Шамшырақты көру тегін.

Рослин шіркеуі (Рослин)

Шіркеу 1446 жылы ықпалды шотланд әулетінің өкілі Уилиам Синклердің бастамасына сай салынған. Қабырғасына ою-өрнек, Інжілде жазылған оқиғалардың бейнесі, гүл мен жұмбақ бейнелер салынған.

Ішінде «Шәкірт бағанасы» деген атақты бағана бар. Аңызына сенсек, бір тас қашаушы шебер шәкіртінің шеберлігі өзінен асып түскенін көріп, көре алмай оны өлтірген екен. Бұл оқиғаның тарихи дәлелі жоқ, бірақ бағананың ою-өрнектері көздің жауын алады.

XX–XXI ғасырларда шіркеу тамплиерлер, масондар мен Қасиетті Грааль туралы түрлі теориялардың арқасында қайтадан танымал болды, әсіресе «Да Винчи коды» романы жарық көргеннен кейін атағы қайта жайыла бастады.

Ішінде суретке түсіруге тыйым салынған. Экскурсияға бір сағаттай уақыт кетеді. Ересектерге кіру құны — 9,50–11,50 фунт.

Фингал үңгірі (Стаффа аралы)

Стаффа аралы 60 миллион жыл бұрын жанартау лавасы суып, қатып қалғаннан пайда болған. Жартастар мен Фингал үңгірінің базальт бағандары орган құбырларына ұқсайды. Сол себепті үңгірдің тағы бір тарихи атауы — «Орган үңгірі». Атлант мұхитының толқындары ғасырлар бойы үңгірдің ішкі кеңістігін мүсіндеп, оған ерекше әуезді үн сыйлаған. 

«Фингал» атауы гэль мифологиясына байланысты. Бір аңызға сенсек, үңгірді теңіз үстіне алып тас жол салған дәу Фингал (Фионн мак Кумал) жаратқан. Дәл осы миф Фингалға ұқсайтын Ирландиядағы базальт «Алыптар жолының» тарихын түсіндіреді.

Бұл үңгір көптеген суретші мен композиторға шабыт берген. 1829 жылы онда неміс композиторы Феликс Мендельсон барғанда оның аралдан алған әсері «Хебридтер» деген увертюрасын жазуға арқау болған.

Бұл ғажайып жерге тек теңіз арқылы жетуге болады. Көбіне Малл аралынан немесе Обан маңынан экскурсия қайықтары қатынайды. Алайда қатты жел мен толқынның кесірінен қайықтан түсе алмауыңыз мүмкін. Арал елсіз жатыр, сондықтан инфрақұрылымы жоқтың қасы.

Инвернесс қамалы (Инвернесс)

Бұл — XIX ғасырда қызыл құмтастан, неоготика стилінде салынған ғимарат. Бұрынғы бекіністердің орнында бой көтерген.

Бұл төбедегі қамал орта ғасырлардан бері келе жатыр және Шотландияның солтүстік аймақтарын бақылауда ұстағанда маңызды рөл атқарған. Қамалдың аты ру қақтығыстары мен патша билігіне қатысты жылнамалар мен Шекспирдің «Макбет» шығармасында кезігеді. Шотланд әдебиетіне сенсек, трагедиядағы негізгі оқиғалар дәл осы жерде өткен.

Бұл қамал бірнеше рет қирап, қайта салынған, әсіресе XVIII ғасырдағы якобит көтерілістері кезінде қатты өзгерістерге ұшыраған. 1830 жылдары аяқталған қазіргі ғимарат ұзақ уақыт бойы сот үйі және әкімшілік орталық ретінде пайдаланылған.

Қазір бұл қамал біртіндеп мәдени-туризм кеңістігіне айналып келеді. Мысалы, онда панорама алаңдары мен Хайленд тарихына арналған экспозициялар ашылған. Осы жерден Несс өзеніне, қала көпірлері мен айналадағы төбелерді тамашалауға болады.

Калзен қамалы (Мейболдан 9 шақырым қашық)

Бұл — XVIII ғасырда бір ақсүйектің талғамым мен мәртебемді көрсетемін деп салғызған сарайы.

Жобасын Кеннеди руы үшін атақты шотланд сәулетшісі Роберт Адам салып берген. Сарай Фөрт-оф-Клайд шығанағына қараған тік жартастың шетінде орналасқан. Сәулетінде неоклассицизм мен романтика стилінің элементтері үйлесім тапқан.

Қамалдың іші XVIII–XIX ғасырлардағы шотланд ақсүйектерінің тұрмыс-салтын бейнелейді. Салтанатты баспалдақ, зал, кітапхана мен қару-жарақ коллекциясы ұқыпты жасалған. Тарихи бір факт: Екінші дүниежүзі соғысынан кейін Дуайт Эйзенхауэрге Еуропаны азат етуге қосқан үлесі үшін осы жерде арнайы бөлмелер берілген.

Қамалдың айналасындағы саябақ 200 гектардан астам аумақты алып жатыр. Онда бақ, орман соқпақ жолдары, тоған мен теңізге қараған шолу алаңдары бар.

Кіру билеті — 20 £.

Скара Брей (Сәндуик)

Шотландия археологтарының сөзіне сенсек, Скара Брей қонысы 5 000 жыл бұрын салынған, яғни ол Мысыр пирамидалары мен Стоунхенджден де көне.

Бұл қоныс 1850 жылға дейін құм астында көзге көрінбей жатқан. Сол жылы қатты дауыл құмды ұшырып, тас қабырғалардың бір бөлігін ашып берген. Қазба жұмыстары Скара Брейдің жақсы жоспарланған қауым болғанын көрсетті: үйлері бір-бірімен жабық өткелдер арқылы жалғанған, ал ішінен тас төсек, сөрелер, ошақтар мен тіпті «шкафтар» сақталған.

Скара Брей тұрғындары жергілікті тасты пайдаланған, ал үйлерін жел мен суықтан қорғану үшін жерге жартылай көмілген күйде салған. Аралда ағаш жоғы оларды тасты тек қабырға үшін ғана емес, жиһаз ретінде де қолдануға мәжбүр еткен.

Скара Брей ЮНЕСКО-ның «Оркней неолитінің жүрегі» деген Дүниежүзі мұра нысандары тізіміне енген. Оған Бродгар мен Стеннес тас шеңберлері және Мейсхау қорғаны да енген. Кіру билеті 8 фунттан басталады.

Шотландия көрікті жерлерінің картасы

4

0

Автордың суреті
Мадина Даутова

редактор, саяхат туралы ақпаратын мәдениет пен ғылымға, тәжірибесіне сүйеніп жазғанды ұнатады

Сізге қызық болып қалар:

Осы айдардан:

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен
26.05.2025

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар
10.10.2022

Корей сарайлары, k-pop пен аутентик базарлар

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар