Берлиннің көрікті 30 жері

Берлиннің көрікті 30 жері
Гидтер 40 мин оқисыз
09.04.2026

Берлиннің көрікті 30 жері

Тарихы бай қаланың әр жерін аралайық

Берлин — Германияның астанасы, Еуропамен танысатын саяхатыңызды бастарға керемет қала. Елдің солтүстік-шығыс жағында Браденбург жерінде орналасқан. Берлинге барамын дегенге оның барлық қызық жерін жазып, нұсқаулық жасадық. Оқи отырыңыз.  

Берлиннің ең көрікті жерлері

Бранденбург қақпасы

Бұл — Берлиннің 14 қала қақпасының арасынан аман қалған жалғыз қақпасы. Ол 1788–1791 жылдары сәулетші Карл Готтхард Лангганстың жобасымен салынған. Қақпаға ежелгі Афинадағы Акрополь пропилейлері үлгі болған.

Алты жұп дорикалық бағана бес өткел жасап отыр. Ортадағы өткелді патша әулеті мен әскери шерулер пайдаланған, ал қара халық қақпаның екі шетіндегі өткелдерден өткен.

Қақпаның төбесінде төрт ат жегілген күймеде тұрған жеңіс құдайы Виктория бейнеленген квадрига орналасқан. 1806 жылы Наполеон Берлинді басып алған кезде квадриганы соғыс олжасы ретінде Парижге алып кеткен. Кейін оны пруссиялықтар қайтарып алып, мүсінге темір кірес пен Пруссия бүркітін қосып, қайта орнатқан.

1961 жылдан кейін қақпа Шығыс және Батыс Берлин арасындағы шекаралық аймақта қалған. Екі жақтан да оған жақындауға мүмкіндік болмады. Берлин дуалы құлағаннан кейін қақпа отыз жылда алғаш рет қайта ашылды. Сол кезде Германия Федератив Республикасының канцлері болған Гелмут Коль орта өткелден жаяу өткен.

Бранденбург қақпасы кез келген мезгілде әдемі. Десе де, оны түнде, жарық қосылғанда тамашалаған дұрыс. Екі жағының бірінде қақпаның тарихына арналған шағын экспозициясы бар туристік ақпарат орталығы жұмыс істейді.

Александрплатц

Бұл алаң XIII ғасырдан бері бар. Ол кезде мұнда мал базары болған. Алаңның қазіргі аты 1805 жылы Ресей императоры Александр I келгеніне орай қойылған. Пруссия монархы осылайша одақтасына құрмет көрсеткен. Екінші дүниежүзі соғысы кезінде алаңдағы ғимараттар мен нысандардың көпшілігі қирап, аз ғана бөлігі қалған.

ГДР билігі Александерплацты қайтадан қалпына келтірді. Кеңес дәуіріндегі алаң социализмнің айнасы іспетті жоспарланған: мұнда алып ашық кеңістік, «Центрум» және «Алекс» әмбебап дүкендері, «Штадт Берлин» қонақүйі, алтын түсті жапырақшаға ұқсас тілдері бар «Халықтар достығы» субұрқағы бой көтерді. 1969 жылы осы жерде Берлин телемұнарасы ашылды.

Берлиндегі көрікті орындардың бірі — «Әлемдік уақыт сағаты» да осы алаңда тұр. Ол 1969 жылы орнатылған және әлемнің 148 қаласының уақытын көрсетеді.

Берлин телемұнарасы

Берлиндегі ең биік мұнара, биіктігі – 386 метр. Телемұнара қаланың кез келген нүктесінен көрінеді десек болады. Ол 1965–1969 ГДР кезінде жылдары салынған.

Берлиндегі бұл көрікті нысанның құрылымы: бетон негіз, 204 метр биікте тұрған диаметрі 32 метр болат шард мен антенна. Шардың сырты тот баспайтын болат пен шыны үшбұрыш панельден жасалған. Күн шыққанда оның бетінде кірес тәрізді фигуралар пайда болады.

Батыс берлиндіктер бұл құбылысты «папаның кегі», «құдайдың кегі» деп атап кеткен. ГДР билігі келемежге мән бермеген сыңай танытып, қаптаманың құрамын өзгертіп тырысып баққан. Бірақ нәтиже шықпады. Кірес әлі күнге дейін көрініп тұрады.

Шардың ішінде 203 метр биікте тұрған бақылау алаңы мен 207 метр биікте тұрған айналмалы «Теле-кафе» мейрамханасы орналасқан. Мейрамхана бір сағаттың шамасында бір айналып шығады. Әдемі әрі ерекше жер болғанымен тамақтары аса ерекше емес әрі бағасы жоғары. Мұны Берлин халқының өзі де жақсы біледі, соған қарамастан мейрамханадағы үстелдер бірнеше апта бұрын брондалып қояды. Күн ашық болса, 80 шақырымға дейін қашық жатқан аумақ көрінеді, тіпті Потсдам мен Шпреевальд та көрініп тұрады.

Мұнараға туризм маусымы қызған кезде кіремін дегендер кезекке тұрып, екі сағат дегенде әрең кіреді. Тез кіргіңіз келсе, бүйтіңіз: мұнара ашылғанда барыңыз, алдын ала онлайн басымдыққа сай кіру билетін алыңыз, мейрамханадан орын алып қойыңыз.

Мұнара эфирден хабар тарату толық цифрланбай тұрғанда нағыз телеорталық болып жұмыс істеді. Қазір де оның ішінде техникалық қызметтер орналасқан, алайда олардың көбі туристерге арналған.

Мұнараның бар кереметін төменнен көргіңіз келсе, Музей аралы маңындағы Шпре өзенінің жағалауынан немесе шығыстағы Герберт-Баум-штрассе көпірінен қараңыз.

Рейхстаг

Берлин сапарыңызды Рейхстагтан бастаңыз. Бұл көрікті жер 1894 жылы сәулетші Пауіл Валлоттың жобасына сай салынған. Ол 1933 жылғы өрттен де, Екінші дүниежүзі соғысынан да аман өтті. Соғыстан кейін ғимараттың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы қираған күйі тұрды.

Бүгінгі Рейхстаг — мүлде басқа ғимарат. 1990 жылдары оны Норман Фостердің жобасына сай бастан-аяқ қайта жөнделіп, биліктің ашықтығы мен жариялығына басымдық берілді. Оның ең танымал бөлігі — жаңа Берлиннің символына айналған шыны күмбез.

Күмбездің ішінде туристерді төбеге шығаратын қос спиральды жол бар. Онымен көтерілген сайын қаланың панорамасы біртіндеп ашыла түседі. Құрылымның ортасында 360 панельден тұратын айна конус орнатылған. Ол күн сәулесін парламенттің мәжіліс залына бағыттап, ғимараттың энергия үнемдеуіне ықпал етеді екен.

Шатырдағы шолу алаңынан Берлиннің ең әдемі жерлерін тегін көре аласыз. Ол жерден үкімет ауданы, Бранденбург қақпасы мен Шпре өзені анық көрінеді.

Рейхстагқа кіру тегін, бірақ алдын ала ресми сайтынан жазылу керек. Күмбез кешке дейін ашық.

Берлин кафедралы соборы

Берлин соборының тарихы XV ғасырдан, курфюрст II Жоахим билеген кезден басталады. Кейін ғимарат бірнеше рет кеңейтілді. Ал қазіргі собор 1894–1905 жылдары сәулетші Юлиус Рашдорфтың жобасына сәйкес бой көтерді.

Собордың сәулетінде Италияның Жоғары Ренессанс стилі мен немістің неороман элементтері үйлесім тапқан. Орта күмбездің биіктігі 98 метрге жетеді, ал төрт бұрышында одан кіші төрт мұнара орналасқан. Қасбеті силезиялық гранит қапталған, ал ішкі бөлігі мәрмәр, яшма, мозаика мен алтын жалатқан әшекейлер жабыстырылған.

Собордың ішіне Германиядағы ең ірі органдардың бірі қойылған: оның 7 269 түтігі бар. Мұнда орган концерттері жиі өткізіліп тұрады. 

Собордың ішінде Гогенцоллерндер әулетінің криптасы — Пруссия патша әулетінің қабірі орналасқан. Мұнда XV ғасырдан бері әулеттің шамамен 90 мүшесі жерленген. Криптаға негізгі ғибадат залына кірмей барсаңыз да болады.

Күмбезге 270 сатыны басып шығасыз. Төбеден Музей аралы, Шпре өзені, телемұнара және бұрынғы сарай форумы алақандағыдай көрінеді.

Берлин соборы — қазір де ашық тұрған ғибадатхана. Мұнда евангелистер қауымының діни рәсімдері, неке қию рәсімдері мен концерттер өткізіледі. Құлшылық кезінде ғимараттың кейбір бөлігі туристерге жабық болуы мүмкін. Кіру билеті — 10 еуро.

Холокост құрбандарына арналған мемориал

Мемориал 2005 жылы Екінші дүниежүзі соғысы аяқталғанына 60 жыл толғанына орай ашылды. Ресми атауы — «Еуропада өлтірілген еврейлерге арналған мемориал».

Мұнда биіктігі әртүрлі 2 711 бетон стела сәл толқынды алаңға қаз-қатар тізіліп салынған. Стелалардың өлшемі бірдей: әрқайсының ені — 95 сантиметр, ұзындығы — 235 сантиметр. Ал биіктігі 20 сантиметр мен 5 метр арасы.

Мемориалдың астында Ақпарат орталығы орналасқан. Мұнда төрт зал бар және әрқайсы тақырыптың белгілі бір бөлігіне арналған. «Есімдер залында» қараңғы бөлмеде «Яд Вашем» мұрағатында құжатқа түскен құрбандардың аттары мен қысқаша өмірбаяндары оқылады. Деректер үздіксіз дыбысталып тұрады: аты белгілі құрбандардың есмдерін қазіргі қарқынмен оқып шығуға алты жылдың шамасы керек. 

«Отбасылар залында» соғысқа дейінгі өмірінен бастап өлтірілгенге дейінгі тағдыры зерттелген отбасылардың хикаялары баяндалады. Бұл — мемориалдың ең ауыр бөліктерінің бірі. Ол әдейі осылай жасалған: адамдардың аттары мен тағдыры құрғақ статистика болып қалмауы керек.

Ақпарат орталығына кіру тегін. Оған жұмыс күндері, түске дейін не одан кейін барғаныңыз дұрыс. Мемориал тәулік бойы ашық, стелаларды кез келген уақытта көруге болады, ал Ақпарат орталығы сейсенбіден жексенбіге дейін істейді.

Музей аралы

Берлинге барғанда Музей аралын көрмей кетпеңіз. Ол Шпрееинзел аралының солтүстік бөлігінде орналасқан. Мұнда 1830–1930 жылдар аралығында салынған бес музей бар. Музей аралы 1999 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзінің мұралары тізіміне кірген. 

Алғаш болып 1830 жылы Ескі музей салынған. Люстгартенге қараған қасбетінде 18 ионик бағана бар. Қазір мұнда ежелгі Грекия, Этрурия және Рим дәуірлеріне тиесілі жәдігерлер тізілген. 

Пергам музейі — Германиядағы ең көп турист қабылдайтын музейлердің бірі. Мұнда үш бірегей нысан сақталған: б.з.д. II ғасырдағы Пергам құрбандық орны, XIX ғасырдың соңында Түркиядан әкелінген Бабылдың Иштар қақпасы мен Милеттегі базар қақпасының қасбеті. 

Құрбандық орны орналасқан орталық зал реставрациядан өтіп жатқандықтан 2037 жылға дейін жабық болады. Бірақ Иштар қақпасы мен Милет қақпасы ашық.

Жаңа музей 1855 жылы салынған. 1943 жылы бомба түсіп қирап, ГДР тұсында ұзақ уақыт бойы сол күйі тұрды. 2009 жылы қайта ашылды. Мұнда Мысыр жәдігерлері коллекциясы сақталған. Арасында Нефертитидің әйгілі бюсті бар. 

Ескі ұлттық галереяда XIX ғасырдағы неміс кескіндемесі мен мүсін өнерінің туындылары қойылған. Олардың қатарында Каспар Давид Фридрих, Карл Блехен мен Адольф Менцелдің шығармалары бар. 

Бесінші музей — Боде музейі. 1904 жылы салынған, ерекше күмбезі көзге түсетін ғимараттың ішінде кейінгі антик дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейінгі мүсін өнері мен Византия өнерінің туындылары сақталған. Мұнда Донателло, Дезидерио да Сеттиньяно және Тілман Рименшнайдердің мүсіндерін көруге болады.

Бес музейді бір күнде аралап шығуға болады деп бәрін асығыс-үсігіс көрудің қажеті жоқ. Екі-үш музейге кіріп, әрқайсын асықпай аралаған әлдеқайда жақсы.

Музейлердің бәріне кіретін ортақ билетті кассадан да, онлайн да алуға болады. Бағасы — 24 еуро.

«Берлин дуалы» мемориалы

Берлин дуалы 1961 жылғы тамыздан 1989 жылғы қарашаға дейін, яғни 28 жыл бойы тұрды. Қабырға құлағаннан кейін оны бұзу жұмыстары жылдам жүргені соншалық —1990 жылдардың ортасына қарай ұзындығы 155 шақырым болған дуалдан ештеңе қалмады. Бірақ Бернауэр-штрасседе оның бір-ақ бөлігі аман қалды және әлі күнге дейін сол жерде тұр.

1961 жылғы тамызда дуал бой көтере бастағанда шекара Бернауэр-штрассенің мына жағында үйлерді кесіп өтті: тротуар мен жол Батыс Берлинге, ал үйлердің кіреберіс есіктері Шығыс Берлинге қарады. Бірнеше үйдің тұрғындары таңертең ояғанда пәтердің шығатын есігі енді басқа мемлекетке қарап тұрғанын көрді. Басында жұрт терезеден секіріп, Батыс Берлинге қашуға тырысты. Біреуі аман қалса, біреуі қаза тауып не қатты жараланып жатты. Бұл секірістердің фотосуреттері бүкіл әлемге тарады. Кейін ГДР билігі бұл үйлердің терезелерін кірпішпен жауып тастады да, тұрғындарын күштеп көшіріп жіберді.

Кешеннің аумағында қала қалай қақ бөлінгеніне арналған көрмесі бар Құжаттама орталығы тұр. Көрме өте мазмұнды. Ішінде түрлі архив материалдары ұсынылған. Тағы бір ерекше нысан — «Естелік терезесі». Бұл — Батысқа өтпек болғанда қаза тапқандардың фотосуреттері қойылған болат конструкция.

Берлин шекарасының осы бөлігінде қаза тапқаны расталған адамдардың саны — 140.

Кешен күн сайын ашық тұрады, кіру тегін. Ал Құжаттама орталығы сейсенбіден жексенбіге дейін жұмыс істейді.  

Ист Сайд галереясы

Шпре өзенінің жағасында жатқан 1 316 метр бетон дуал — Берлин қабырғасының бүгінге дейін сақталған ең ұзын бөлігі әрі әлемдегі ең ірі тұрақты көше өнері галереясы.

Дуал қиратылғаннан кейін, 1990 жылдың басында жиырмадан астам елден келген 120-ға жуық суретшіге осы сақталған бөліктің ГДР жағына қараған шығыс бетін безендіруге рұқсат берілді. Ал батыс жағы 1980 жылдардың өзінде граффити-граффити болып тұрған еді. Ол кезде Батыс Берлин тұрғындары дуалға емін-еркін жақындай алатын.

Сол суретшілердің туындыларының екеуі бүкіл әлемге әйгілі. Біріншісі — Дмитрий Врубелдің «Бауырлардың сүйісуі» деген жұмысы. Онда Брежнев пен Хонеккердің сүйісіп тұрғаны бейнеленген. Асты мен үстінде: «Құдайым, өлімге апарар махаббаттың арасында аман қалуыма көмектес» деген жазу бар. Екіншісі — Биргит Киндердің «Табиғат сынағы» деген суреті. Онда пластик кузовты «Трабант» автокөлігі бетон дуалды қақ жарып өтіп бара жатқаны бейнеленген.

2009 жылы туындылардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Ол кезде бетон қабырғалар жарылып, суреттердің өңі ауып, үстіне салған граффитилердің астында қалып қойған еді.

Потсдам алаңы

1920 жылдары Потсдамер-плац Еуропадағы ең қарбалас қиылыстардың бірі болды. Мұнда Берлиннің бірнеше ірі көшесі түйісіп, әмбебап дүкендер, қонақүйлер, кабаре мен кинотеатрлар жұмыс істеді. 1924 жылы дәл осы жерде Германиядағы алғашқы бағдаршам орнатылды.

Соғыс алаңдағы ғимараттардың бәрін дерлік жойды. 1943–1945 жылдары түскен бомбалар тығыз салынған алаңды бір уыс үйіндіге айналдыра салды. Ал Берлин екіге бөлінгеннен кейін шекарада қалды.

1994–2000 жылдары мұнда әлемге әйгілі бірнеше сәулет бюросы қатар жұмыс істеді. Ренцо Пиано Daimler-Benz концерніне арналған кварталды жобаласа, Хелмут Ян шыныдан жасалған Sony Center зәулім ғимаратын салды. Ал Ханс Коллхофф төбесі кірпішпен қапталған ерекше мұнараның жобасын жасады.

Sony Center ішінде мейрамханалар, кинотеатрлар және неміс әрі әлемдік кино тарихына арналған тұрақты көрмесі бар Deutsche Kinemathek орналасқан.

Тиргартен паркі

Берлиннің қарбалас көшелерін аралап болғаннан кейін Тиргартен саябағына барып, у-шудан біраз демалып алыңыз.

210 гектар аумақты алып жатқан парк Бранденбург қақпасы мен Шарлоттенбургтің арасында орналасқан. Тиргартеннің үлкендігі соншалық — оның дәл ортасында жан-жағындағы үйлер көрінбей қалады, онда құстардың сайрағаны мен жапырақтардың сыбдыры ғана естіледі.

Тиргартеннің тарихы XVI ғасырдан басталады. Сол кезде Бранденбург курфюрстері осы орманды алқапты қоршап, аң аулайтын жер ретінде пайдаланған. Саябақтың атауы да содан шыққан: Тиргартен деген «аң қорасы» немесе «аңдар бағы».

Саябақ XVIII ғасырда көпшілікке ашылды. Ал XIX ғасырдың бірінші жартысында Пруссия сарайының бағбаны Петер Йозеф Ленне оны ағылшын үлгісіндегі ландшафт саябаққа айналдырды.

Екінші дүниежүзі соғысы болғанда саябақтың көп бөлігі жойылып кеткен. Оларды қалпына келтіру жұмыстары 1949 жылы басталды. Бүгінде Тиргартенде өсіп тұрған ағаштардың басым бөлігі 1950 жылдары егілген.

Саябақтың ортасында Жеңіс бағаны — Siegessäule орналасқан. Қызыл граниттен жасалған 67 метрлік бағанның төбесінде алтын жалатылған Виктория мүсіні тұр. Ол 1873 жылы Пруссияның Дания, Аустрия мен Францияны жеңген соғыстарына арналған. Шолу алаңына 285 сатылы баспалдақпен көтерілуге болады. Кіру құны — 3 еуро.

Саябақтың батыс бөлігінде әлемдегі ең көне әрі жануар түрінің саны жағынан бірінші орында тұрған хайуанаттар бақтарының бірі — Берлин хайуанаттар бағы орналасқан. Ресми түрде ол Тиргартен аумағында орналасқанымен жан-жағына қоршау қойылғандықтан жеке ақылы нысан саналады. Ішіне кіру ақылы.

Саябақтың солтүстік-батыс бұрышында дипломатия өкілдіктері орналасқан аудан бар. Мұнда Жапония, Италия, Үндістан және басқа да елдердің елшіліктері тұр.

Шарлоттенбург қамалы

Берлинде бүгінге дейін сақталған жалғыз ірі патша сарайы — Шарлоттенбург.

Сарай 1699 жылы салынған. Басында Пруссияның тұңғыш королі І Фридрихтің жұбайы София Шарлоттаның жазғы резиденциясы болды. Негізгі ғимарат қос қанатымен бірге 500 метр созылып жатыр.

Екінші дүниежүзі соғысында сарайдың басым бөлігі өртеніп, қирауға шақ қалды. Алайда Фарфор кабинеті жақсы сақталған. Бұл — еденінен төбесіне дейін көк-ақ түсті қытай және жапон фарфорынан жасалған зал. Мұнда арнайы бекіткіштер мен сөрелерге қойылған бірнеше мың фарфор бұйымы бар.

Сарайдың артындағы әсем саябақ екі бөлікке бөлінеді. Сарайға жақын орналасқан бөлігі — геометриялық гүлзарлары, қырқылып қалыпқа келтірілген көк бұталары мен қиыршықтасты жолдары бар барокко стиліндегі партер. Ал алыстағы бөлігі тоғандары, көпірлері мен еркін өсіп тұрған ағаштары бар ағылшын үлгісіндегі ландшаф саябаққа ұқсайды.

Кіру билеті — 12 еуро. Билетті онлайн алыңыз.

КаДеВе

Kaufhaus des Westens деген неміс тілінен «Батыстың сауда үйі» деп аударылады, қысқаша KaDeWe. Бұл ат 1907 жылы таңдалған, мағынасы да қарапайым. Дүкен Берлиннің батыс бөлігіндегі Курфюрстендамда ашылған.

KaDeWe әлі күнге дейін Еуропадағы ең ірі әмбебап дүкендердің бірі саналады. Ғимарат сегіз қабатты, ал сауда алаңының жалпы көлемі — 60 мың шаршы метр.

Алтыншы қабат — гастрономия бөлімі. Көпшілік осы сауда үйіне зат алмаққа ғана емес, алтыншы қабатын көруге келеді. Шамамен 1 400 шаршы метр аумақта түрлі деликатестер сатылады: нанның 30-дан астам түрі, ірімшіктің бірнеше жүз сұрпы, тірі омарлары бар балық бөлімі, қолдан жасалған шоколад сататын кондитерлік бөлімі, трюфель, уылдырық пен хамон сататын дүңгіршектер бар. Онда бірнеше мейрамхана аймағы орналасқан: қаласаңыз, сол жерден устрица мен бір бокал шампан алып, ауыз тиіңіз я терезе жанындағы үстелге отырып, Курфюрстендамды тамашалаңыз.

Әмбебап дүкен 2024 жылы жабылуға шақ қалды. Алайда оны Тайландтың Central Group компаниясы сатып алып, құтқарып қалды.

Берлин хайуанаттар бағы

Берлинде көретін жерлер тізімінде қалайда Берлин хайуанаттар бағы тұруы керек. Ол 1844 жылы ашылған және жануар түрінің саны жағынан әлемдегі ең бай зоопарктерінің бірі саналады. Мұнда 1 500 түрлі 20 мың жануар мекендейді.

Бақта басында Пфауензелдегі патша аңдар бағының жануарлары мен байлардың сыйға тартқан аңдары болған. Хайуанаттар бағы ең басынан бері көпшілікке ашық болды. XIX ғасырдың екінші жартысында Еуропадағы Лондон зообағынан кейінгі үздік хайуанаттар бағы саналды.

Соғыс аяқталған кезде мұндағы 4 мыңға жуық жануардың небәрі 91-і аман қалған. Бір бөлігі бомбадан қырылып қалса, енді бір бөлігі 1945 жылғы сәуірдегі соңғы көше шайқастары болғанда өлген. Ол кезде хайуанаттар бағының аумағы ұрыс жүріп жатқан аймаққа айналған еді. Қалпына келтіру жұмыстары Германия тізе бүккеннен кейін бірден басталды.

Бұл баққа жұрттың көбі гризли аюлары, приматтар мен тренд жануарларды көрмекке барады. Солардың бірі — 2006 жылы туған әрі анасынан бас тартқан ақ аюдың төлі Кнут. Ол кезінде БАҚ-та ерекше танымал болды.

Берлин хайуанаттар бағында Аквариум да орналасқан. Ол — Еуропадағы ең ірі аквариумдардың бірі. Үш қабатты ғимаратта түрлі балық, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар мен жәндіктерді көруге болады.

Хайуанаттар бағы мен аквариумға кіретін билет екі бөлек билет алғаннан тиімдірек. Билеттің бағасы онлайн алсаңыз кемі 14 еуро, ал кассадан алсаңыз кемі 22 еуро.

Мадам Тюссо музейі

Берлиндегі Мадам Тюссо музейі 2008 жылы Унтер-ден-Линден көшесінде ашылған. Онда саясаткерлер, спортшылар, музыканттар, кино жұлдыздары мен тарихи тұлғалардың 200 балауыз мүсіні қойылған.

Мұражай түрлі тақырыпқа бөлінген. Тарих бөлігінде Ұлы Фридрих, Бисмарк, Эйнштейн, Марлен Дитрих сынды танымал тұлғалардың фигурасы бар. Германияның бірігуіне арналған қызықты аймақ та бар. Онда Берлин дуалы құлаған сәті көрсетілген. Туристер жасанды бетон қабырғаның жанында балға ұстап суретке түсе алады.

Бұған дейін мұнда Хитлердің де мүсіні болған. Музей 2008 жылы ашылғанда бір қонақ оның басын жұлып алған. Содан кейін мүсін әйнек қоршаудың артына қойылды, бірақ 2019 жылы экспозициядан біржола алып тасталды.

Мүсіндердің сапасы әркелкі. Кейбірі өте дәл жасалған, жақыннан қарағанда шын адам дермісіз, бірақ бір жағынан қорқады екенсіз. Десе де туристер музейге дәл осы әсерді сезу үшін барады. Ал кейбір мүсін, әсіресе спортшылар мен поп жұлдыздарының бейнелері түпнұсқасына аздап ғана ұқсайды. Сондықтан оларды түріне қарап мынау кім екен деп қиналғанша қасындағы тақтайдағы ақпаратты оқи салған артық-ау.

Билетті онлайн алсаңыз, 22 еуро төлейсіз.

Берлин мемлекет операсы

Еуропадағы ең көне опера сахналарының бірі әрі Германиядағы ең үздік опера театрларының бірі. Театр 1742 жылы Ұлы Фридрихтің бұйрығына сай ашылған.

Опера үйінің қасбеті коринф колоннадасы бар классицизм стилінде салынған. Сыртынан қарағанда ғимарат ежелгі грек сәулетіне ұқсайды, ал ішінде сән-салтанаты жарасып тұр. Үш ғасырға жуық уақытта ғимарат бірнеше рет өртеніп, қайта қалпына келтірілген, ал 1945 жылы бомбаның кесірінен зақым көрген. Ең кейінгі реконструкция 2010 жылдан 2017 жылға дейін жүргізілді.

Театрдың оркестрі — Staatskapelle Berlin — әлемдегі ең көне оркестрлердің бірі. Оның тарихы 1570 жылдан басталады. Яғни қазіргі ғимараттан да көне.

Staatsoper репертуарында неміс және Аустрия классикасына басымдық беріледі: Вагнер, Моцарт, Штраус шығармалары тұрақты қойылады. Сонымен қатар итальян және француз опера классикасы да шырқалып тұрады.

Танымал қойылымдардың билеттері, әсіресе қыркүйек-маусымда өтетін қойылымдардың билеттері тез сатылып кетеді. Ал көпшілікке аса таныс емес қойылымдар мен жұмыс күндері өтетін спектакльдердің билетін бірнеше күн қалғанда да табуға болады.

Вильгельм кайзер мемориал шіркеуі

Бұл жерді жұрт «сынған тіс» дейді екен. Бұлай аталуына соғыстан қираған, Курфюрстендамның үстінен сынық секілді сорайып тұрған қоңырау мұнарасы себеп болған. Бұл лақап ат көпшілік арасында кең тарағаны сонша – тіпті шіркеудің ресми атауына айналған.

Шіркеу 1891–1895 жылдары сәулетші Франц Швехтеннің жобасына сай І Вильгельм кайзерге арналған мемориал ретінде салынған. Ғимарат неороман стилінде салынған, орталық мұнарасының биіктігі 113 метрге жеткен.

1943 жылғы қарашада британ бомбалаушы ұшақтардың шабуылынан ғимараттың көп бөлігі қирап қалған. Ал қоңырау мұнарасының 63 метрі ғана сақталып қалған. Сәулетшілер қауымы қирандыларды бұзбай, сол күйінде сақтап қалайық деген. Шіркеудің ішіне оның жалпы тарихы мен соғыс кезіндегі тарихы туралы экспозиция, бомбадан аман қалған түпнұсқа интерьердің мозаика фрагменттері қойылған.

1961 жылы қирандылардың жанына сәулетші Эгон Айерманның жобасымен жаңа кешен бой көтерді. Онда сегіз қырлы құлшылық залы мен алты қырлы қоңырау мұнарасы салынған. Екі ғимараттың да сыртына көк шыны кірістірілген бетон ұяшықтары қапталған. Жаңа залдың іші көгілдір жарыққа толы: жарық 21 мың шыны ұяшықтан түсіп тұрады.

Хаке ауласы

Бұл — бір-бірін өткелдер мен аркалар жалғап тұрған сегіз ауладан тұратын кешен. Ол 1906–1907 жылдары салынған.

Бірінші аула — ең әдімісі әрі ең танымалы. Ол майолика техникасына сай керамика плиталар салынып безендірілген: ақ-көк түсті жылтыр қабат, толқын тәрізді өрнектер және іргетастан карнизге дейін созылған өсімдік тектес бедерлі нақыштар ерекше көздің жауын алады. Қалған жеті ауланың сәулеті біріншісі сияқты сән-салтанатты емес. Бірі өнеркәсіп ғимаратына, екіншісі тұрғын үйге ұқсайды, ал үшіншісі шын мәнінде театрға арналған — мұнда Хаке театры орналасқан.

1920–30 жылдары бұл жерде шеберханалар, дүкендер, кинотеатрлар мен кабарелер болған. Ал айналасындағы Шойненфиртел ауданы Берлиндегі еврей қауымының мәдени және қоғамдық өмірінің маңызды орталығы болған. Аулаларға кіреберістің дәл жанындағы Розенталер-штрасседегі ғимаратта Отто Вайдтың шеберханасы орналасқан. Ол жерде сыпырғыш пен щетка жасайтын шағын өндіріс болған. Вайдт нацистер еврейлерді жаппай ұстап қамағанда еврей жұмысшыларын жасырып, аман алып қалған. Қазір онда «Зағиптар шеберханасы» музейі тұр.

Аулаға турист азайғанда барған дұрыс. Ең қолайлы уақыты — жұмыс күндері таңертең немесе кешкісін, яғни адам аяғы азайған шақ. 

Олимпиада стадионы

Бұл стадион 1936 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын өткізу үшін салынған. Жобасын сәулетші Вернер Март әзірлеген. Ол сол кездегі құрылыс жобаларының жетекшісі нацист Альберт Шпеермен бірге жұмыс істеген. Стадион бастапқыда 100 мың орынды болған.

1936 жылғы Олимпиадада атақты Джесси Оуэнс жеңіске жеткен-ді. Қара нәсілді америкалық жеңіл атлет Хитлер отырған трибунаның дәл алдында төрт алтын медаль ұтып алған еді. Осылайша бүкіл әлем алдында нацизм идеологиясының бұрыстығын дәлеледі. Бүгінде Оуэнстің ескерткіші стадионның оңтүстік кіреберісінде тұр.

Қазір стадион — Берлиндегі «Герта БСК» футбол клубының алаңы әрі Германиядағы ең ірі концерт алаңдарының бірі. Мұнда 2006 жылғы футболдан әлем чемпионатының және 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдары, 2015 жылғы Чемпиондар лигасының финалы өтті. Сонымен қатар The Rolling Stones, U2 және Rammstein секілді әлемге әйгілі топтар концерт қойған. Қайта жөнделгеннен кейін стадионға 74 мың көрермен сыяды.

Іс-шаралар өтпейтін күндері туристер стадионды аралай алады. Қонақтар алаңға шығып, футболшылардың киім ауыстыратын бөлмелерін көріп, жоғарғы трибуналарға көтеріле алады.

Қызыл ратуша

Қызыл ратуша қою қызыл түсті клинкер кірпіштен салынған. Аты «Қызыл ратуша» болғанының бірден-бір себебі де осы.

Ғимараттың қақ ортасындағы мұнараның биіктігі 74 метр. Екінші қабаттың сыртына 36 терракота тақтадан тұратын тарихи фриз салынған. Онда Берлиннің негізі қаланғаннан ратушаның құрылысына дейінгі тарихы горельеф түрінде бейнеленген.

ГДР кезінде ғимарат Шығыс Берлин үкіметінің резиденциясы болған. Ал Батыс Берлиннің өз ратушасы Шөнеберг ауданында орналасқан еді. Германия қайта біріккеннен кейін Қызыл ратушаны қала әкімшілігінің негізгі ғимараты болып қала берді. 1991 жылдан бері мұнда Берлин Сенатының отырыстары өтіп келе жатыр.

Ғимаратқа жұмыс күндері баруға болады. Ішке кіріп, салтанатты залдарды аралап, ресми қабылдау өтетін бөліктің интерьерін тамашалаңыз. Кіру тегін.

Берлин суреттер галереясы

Еуропаның көне сурет өнеріне арналған әлемдегі ең ірі музейлердің бірі. Соған қарамастан оған туристер аз барады.

Музейдің қорында XIII–XVIII ғасырлардағы Батыс Еуропа кескіндемесінің 1500-ге жуық туындысы бар. Коллекцияда Нидерланд, Германия, Италия, Испания, Фландрия және Франция суретшілерінің еңбектері қойылған. Мұнда Ян ван Эйк, Рогир ван дер Вейден, Ганс Мемлиң, Үлкен Питер Брейгелдің шығармаларын көруге болады. Рембрандтың 20-ға жуық туындысы да бар. Мұражай соның арқасында суретшінің ең көп шығармасы жиылған музейлердің бірі болып отыр. Бұдан бөлек, Рафаэль, Тициан, Жорджоне, Боттичелли, Веласкес, Дюрер, Кранах пен Гольбейннің картиналары да қойылған.

Галерея сейсенбіден жексенбіге дейін ашық. Кіру билеті — кемі 7 еуро.

Көпеник сарайы

Сарай 1677–1682 жылдар аралығында салынған. Бастапқыда ол болашақ король І Фридрихтің резиденциясы ретінде бой көтерді. Ғимарат шағын әрі жинақы нидерланд бароккосы стилінде салынған, ал оның сәулетінен голланд нақыштарын анық байқауға болады: биік терезелер, қарапайым қасбет пен люкарналары бар шатыр.

Көпеник сарайын үш жағынан Шпре мен Даме өзендері қоршап жатыр. Өзен үстіндегі көпір сарайдың қақпасына апарады. Ал жағалаудан ғимараттың оңтүстік жағы тұтас көрініп тұрады. Жұмыс күндері мұнда адам қарасы аз болады.

Сарайда 1963 жылдан бері сәндік-қолданбалы өнер музейі Kunstgewerbemuseum орналасқан. Бұл мұражай — Берлиндегі осы бағыттағы бірнеше музейдің бірі. Мұнда XVI–XVIII ғасырлардағы неміс сарай күміс бұйымдары бар әйгілі Көпеник күмісі коллекциясы сақталған. Музейдің негізгі бағыты — орта ғасырлар мен жаңа дәуірдің алғашқы кезеңінің сәндік-қолданбалы өнері. 

Француз соборы

Француз соборы біз білетін кафедралы собор емес. Бұл ат XVIII ғасырдың аяғында шіркеуге қоса салынған күмбезді мұнараға байланысты қойылған. Ал шіркеудің ресми аты — Француз шіркеуі (Französische Kirche). Ол Берлиндегі гугеноттар қауымына тиесілі.

XVII ғасырда гугеноттар Берлинге тоқыма өндірісін, зергерлік өнерін, көкөніс өсіру, тамақ пісіру дәстүрі мен бірнеше жүз француз сөзін ала келді. Бұл сөздер Берлин диалектісіне сіңіп, кейбірі әлі күнге дейін айтылып жүр.

Мұнара шіркеудің негізгі ғимаратынан бөлек нысан саналады. Оған шіркеуке кірмей-ақ бөлек есіктен шығуға болады. Күмбездің астында 40 метр биікте тұрған бақылау галереясы бар, оған бару үшін 254 сатылы баспалдақпен көтерілуіңіз керек. Осы жерден Жандарменмаркт алаңы көрінеді.

Шіркеудің ішінде қазір де ашық тұрған құлшылық залы бар, кез келген адамға ашық. Интерьерінде реформация дәстүріне тән ұстамдылық сақталған: ақ қабырғалар, ағаш орындықтар мен барынша аз декор. Құлшылық рәсімдері неміс және француз тілдерінде өтеді.

Мұнараның төменгі қабаттарында шағын Гугенот музейі орналасқан. Экспозиция Бранденбург-Пруссиядағы француз протестанттарының тарихын баяндайды. Мұнда тарихи құжаттар, үй заттары, портреттер мен эмиграция бағыттары көрсетілген карталарды көруге болады.

Белвю сарайы

Ғимарат Берлинде 1785–1786 жылдары салынған. «Белвю» деген атауы француз тілінен аударғанда «әсем көрініс» дегенді білдіреді. Бұл атау сарайдың сол кездегі тұрған жеріне қарай қойылған: сарай мына жағынан Шпре өзеніне, ал ана жағынан қазір Тиргартенг тұрған ашық алқапқа қараған.

1935 жылы нацистер өкіметі сарайды шетелден келген қонақтарды қарсы алсын деп Сыртқы істер министрлігінің қарамағына берді. Соғыс кезінде ғимарат зақымданғанымен көп зиян келген жоқ. Қалпына келтіру жұмыстары 1959 жылы аяқталып, сарай Германия Федерал президентінің Берлиндегі ресми резиденциясына айналды.

Белвю сарайы кейде туристерге жабық болады. Бұл — күзеті мен мемлекет хаттамасы бар қолданылып тұрған ресми резиденция. Тамыз аяғында сарайдың аумағы көпшілікке ашылады. Сол кезде салтанатты залдарға кіріп, ресми интерьерлерді тамашалап, баққа шығуға болады. Ал басқа күндері көрікті ғимаратты Тиргартен жағындағы қоршаудың сыртынан ғана тамашалауға рұқсат беріледі.

Аквадом

AquaDom 2004 жылы Radisson Blu қонақүйінің ішінде ашылды. Биіктігі 16 метр, диаметрі 11 метр алып құрылымның ішіне шамамен 1 миллион литр теңіз суы құйылған. Сол кезде ол әлемдегі жеке тұрған ең ірі цилиндр пішінді аквариум болды. Цилиндрдің ішінде келген қонақтарды су мен балықтардың арасымен жоғары-төмен алып жүретін лифт болған. Ал сыртынан қарағанда аквариумды қонақүйдің холынан тұтастай көруге болатын.

2022 жылғы желтоқсанда аквариум жарылып кетті. 1 500 тропикалық балық пен қалыңдығы 22 сантиметр акрил әйнектің сынықтары қонақүйдің холына шашылып, су жақын маңдағы көшелерді басып, тіпті жертөлеге дейін жетті. Екі адам жараланған. Балықтардың басым бөлігі қырылып қалған.

Осы оқиғадан кейін бұл танымал жер біржола жабылды.

Риттерспорт дүкен музейі

«Бунте Шоковелт», яғни «Алуан түсті шоколад әлемі» — 2005 жылы ашылған Ritter Sport брендінің флагман дүкені әрі интерактив музейі.

Ritter Sport — Баден-Вюртембергте 1912 жылы негізі қаланған неміс компаниясы. Қазір біз білетін төртбұрыш шоколад 1932 жылы Клара Риттер шығарған. Ол шоколад жейденің төс қалтасына сыятындай, бірақ сынып қалмайтындай ықшам болуы керек деген.

Дүкен бірнеше қабатты. Бірінші қабатта компанияның негізгі өнімдерімен қатар супермаркеттерден табыла бермейтін маусымдық және Берлинге арнап шығарылған шоколадтар сатылады. Ал екінші қабатта өз шоколад тақташаңды жасауға арналған шеберхана бар. Ондағылар шоколадты талғамыңызға қарай таңдап, бірден қалыпқа құйып, суытып, аты-жөнің жазылған жапсырмасы бар қаптамаға салып береді. Бүкіл процесс шамамен жарты сағатқа созылады, құны 10–15 еуро.

Дүкен музейге кіру тегін.

Әулие Мария шіркеуі

Берлинде бүгінге дейін сақталған ортағасыр екі шіркеудің бірі. Бұл ғимарат туралы алғашқы деректер XIII ғасырдан қалған.

Шіркеу Солтүстік Германияға тән кірпіш готикасы стилінде салынған. Қызыл кірпіштен тұрғызылған ғимараттың нефі биік, ал сырты оған қарағанда әлдеқайда қарапайым. Ішінде, орган хорларының астындағы қабырғада шамамен 1484 жылы салынған «Өлім биі» фрескасы бар. Онда өлімнің соңынан еріп бара жатқан әртүрлі топ өкілдерінің шеруі (Рим папасы, император, шаруалар, балалар) бейнеленген.

Тағы бір назар аударарлық жәдігер — 1437 жылы жасалған қола шоқындыру рәсіміне арналған құты. Ол Германиядағы ең көне осындай бұйымдардың бірі саналады. Оның жанында 1630 жылға жататын Риковтар әулетінің қабіртақтасы орналасқан.

Әулие Мария шіркеуі — евангелист шіркеу. Сондықтан мұнда діни рәсімдермен қатар концерттер мен шоқындыру рәсімдері де өтеді. Кіру тегін, алайда қонақтар шіркеуге садақа бере алады.

Трептауер парк (Treptower Park)

Трептауер саябағына барған туристердің көбі оның оңтүстік бөлігінде 1949 жылдан бері тұрған кеңес әскери мемориалын көру үшін барады.

Мемориал 1945 жылғы сәуір–мамырда Берлин шайқасында қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне арналған. Мұнда сол операция кезінде қаза болған шамамен 80 мың адамның 7 мыңға жуығы жерленген.

Парктің кіреберісінен мемориолдың басты мүсініне дейінгі қашықтық 300 метрдің шамасы. Жол екі жағында төмен түсірілген тулар бейнеленген гранитті пилондардан басталады. Одан әрі екі қапталда симметриялы орналасқан Отан Ана мүсіндері бар ашық алаңқайға шығасыз. Кейін баспалдақпен төмен түсіп, мемориалдың орталығына жетесіз. Мұнда қызыл граниттен жасалған 16 саркофагты некрополь тұр. Әр саркофаг сол кездегі кеңес республикаларының біріне арналған. Олардың бетінде барельефтер мен Сталиннің сөздері қашалған. Мемориалдың ең аяғында «Азат еткен жауынгер» мүсіні тұр.

Мемориал жақсы күтім көрген, күні-түні ашық. Германия оны екіжақты келісімге сәйкес мемлекет қарамағандағы тарихи ескерткіш ретінде күтіп ұстайды. Бұл — Кеңес тарапы Германияның бірігуіне келісім берген шарттардың бірі.

Ботаника бағы

Еуропадағы ең ірі ботаника бақтарының бірі. Аумағы 43 гектардың айналасы. Мұнда Альпі шөптері мен тропи ағаштарды қоса алғанда өсімдіктердің 20 мыңнан астам түрі өседі.

Бақтың ең көрікті жері — алып жылыжайлар кешені. Ішінде биіктігі 25 метр Үлкен тропик жылыжайға қалайда барыңыз. Онда банан ағаштары, пальмалар мен лианалар өседі. Ауасы ылғал, топырақтың жұпар иісі шығады. Жеке павильондар кактустарға, орхидеяларға, Жерорта теңізі өсімдіктеріне және тіпті Канар аралдарының флорасына арналған.

Бақтың ашық аумағы әлем картасы іспетті етіп жоспарланған. Мысалы, мұнда Еуропа, Шығыс Азия және Солтүстік Америка өсімдіктеріне арналған бөлімдер бар. Ал альпинарий тау ландшафтына ұқсап салынған.

Одан бөлек Берлин ботаника музейіне де назар аударған жөн. Бұл жер — Орталық Еуропада тек ботаникаға арналған жалғыз музей. Экспозицияда көркем гербарийлер, өсімдіктердің үлгілері, фотосинтез бен өсімдіктер дүниесінің эволюциясы сияқты үдерістерді түсіндіретін материалдар бар.

Бір билетінің құны — 6 еуро.

Чекпойнт Чарли

Дәл осы Фридрихштрассе көшесінде шетелдіктер, дипломаттар мен одақтас елдердің азаматтары Батыс және Шығыс Берлин арасында өтетін негізгі шекара бекеті орналасқан. Ал ГДР тұрғындары бұл жерден өте алмайтын.

Charlie — НАТО-ның фонетика әліпбиіндегі С әрпінің атауы: Alpha, Bravo, Charlie. Бұл бақылау-өткізу бекеті Берлин қабырғасы салынғаннан кейін 1961 жылы пайда болды.

Қазір бекеттің орнында оның қайта жасалған нұсқасын көруге болады: шағын күзет үйшігі, АҚШ туы мен әйгілі «You are leaving the American sector» («Сіз Америка секторынан шығып барасыз») деген жазуы бар тақтайша бар. Ал түпнұсқа бақылау-өткізу бекеті Берлин дуалы құлағаннан кейін 1990 жылы алып тасталған.

Чекпойнттың маңында Берлин дуалына арналған музей тұр. Мұнда Шығыс Берлиннен қашқандардың хикасымен таныса аласыз: біреу қолдан ұшатын шар жасаған, басқа біреулер көлікке жасырынған, өзгелері жерасты туннельдерден өтіп қашқан.

Чекпойнтқа кіру тегін.

Көлік музейі

Музей ХХ ғасырда көлік индустриясына саясат, экономика мен мәдениет қалай әсер еткенін көрсетеді. Экспозициялар хронологиялық ретке сай қойылған. Мұаржай ХІХ ғасырдың аяғында алғашқы қозғалтқыштардан бастап заманауи концепт көліктерге дейінгі тарихты қамтиды.  

Бұл Mercedes-Benz мұражайы емес! Ол Музей Штутгарт қаласында тұр.

Жеке залдарда саясаткерлер мінген лимузиндерге, жарыстарға қатысқан спорт көліктері мен тиражы аз көліктерге орын берілген. Кейбір бөлімдерде әр онжылдыққа тән қала дыбыстарын тыңдап, көлік жарнамасы қалай өзгергенін, қауіпсіздік технологияларының эволюциясын көруге болады.

Бұл жерге кіру тегін.

Die Welt ұшатын шары

Берлинді биіктен тамашалаудың ең қызық амалдардың бірі. Әуе шары Потсдамер-Плац маңында орналасқан және жерге берік бекітілген күйде 150 метрге дейін көтеріледі.

Көтерілуге 10–15 минуттың шамасы кетеді. Көкке көтерілгенде қаланың орталығы түгел көрінеді: Рейхстаг, Бранденбург қақпасы, Берлин қабырғасының сақталған бөліктері мен Потсдамер-Плацты көресіз.

Бір себетке 30 адам сыяды. Ұшатын шар жайлап көтеріледі. Сондықтан биіктен қорқатын адамдардың өзі әдетте қатты жайсыздық сезінбейді. Қатты жел тұрғанда, жаңбыр жауғанда не тұман басқанда шарлар ұшпайды.

Бір көтерілу құны — 15–25 еуро.

Берлиннің маңында көретін қызық жерлер

Потсдам

Бұл қала кезінде Пруссия патшаларының резиденциясы болған. Мұндағы ең көрікті жер — Ұлы Фридрихтің жазғы резиденциясы Сан Суси сарайы. Салтанатты Версальдан айырмашылығы — бұл сарай әлдеқайда шағын әрі жайлы көрінеді. Көпшілік онда сарайды емес, бағын тамашалау үшін барады. Ол бақта жүзім алқаптары орналасқан террасалар, ұзын аллеялар, субұрқақтар мен павильондар бар.

Тағы бір маңызды нысан — 1945 жылы Потсдам конференциясы өткен Цецилиенхоф сарайы. Дәл осы жерде одақтастар Екінші дүниежүзі соғысынан кейін әлем қандай болатынын шешті. Сондай-ақ тар көшелері мен қызықты кафелері бар Холланд кварталына да барып қайтуға болады.

Берлиннен S-Bahn пойызымен шықсаңыз, жолға 30–40 минут кетеді. Резиденцияның бар жерін тамашалағыңыз келсе, бұл жерге кемінде жарты күн, тіпті бір күн арнаған дұрыс.

Ванзе көлі

Ресми түрде Ванзе — Берлиннің бір бөлігі, бірақ бұл жер қала емес, курорт сияқты көрінеді. Онда жазда шомылып, күнге қыздырынып немесе жай ғана су жағасында бір күн өткізуге болады. Ванзеде Еуропадағы ең ірі құм жағажайлардың бірі — Strandbad Wannsee бар. Көлдің суы тыныш әрі таяз.

Ванзе көліне қалалық электр пойызымен 30–40 минутта жетуге болады. Оған күн жылыда барыңыз. Суық күндері барсаңыз, су жағасында серуендеп, айналасындағы орманды аралаңыз.

Шпреевальд қорығы

Берлиннен бір сағаттай алыс жерде Шпревальд деген ЮНЕСКО биосфералық қорығы орналасқан. Мұнда Шпрее өзені жүздеген жіңішке арнаға бөлініп, ерекше табиғи ландшафт қалыптастырған.

Қалайда ескекшісі бар жалпақ қайыққа мініп серуендеңіз. Қайық тынық арналармен жүзеді, үйлері судың дәл жағасында орналасқан Лехде сияқты көрікті ауылдардың жанынан өтеді.

Бұл өңірдің мәдениеті де дүйім жұртқа белгілі. Мұнда өз тілі мен дәстүрін сақтап келе жатқан лужичандар (сорбтар) тұрады. Олардың мәдениетін неміс және сорб тілдеріндегі маңдайшаларынан, мерекеде киетін ұлттық киімдерінен, көне салт-жоралар мен қолөнерінен байқауға болады.

Ең дұрысы — Люббенауға барыңыз, қайық мініп серуендейтін жолдардың көбі осы жерден басталады. Көктем мен жаз айларында барғаныңыз абзал, өйткені бұл кезде арналардың бәрі дерлік ашылады. Алайда бұл айлар туристер қаптайтын маусым болғандықтан таңертең ертерек барыңыз не көпшілік бара бермейтін бағыттарды таңдаңыз.

Tropical islands ойын-сауық кешені

Tropical islands — алып жабық тропик курорт. Ол бұрын дирижабілдерге арналған ангардың ішінде салынған. Ұзындығы 360 метрден асатын, биіктігі шамамен 100 метр күмбез әлемдегі ең ірі тіреусіз ғимараттардың бірі саналады.

Ішінде тропиктегідей атмосфера жасалған: жыл бойы ауа температурасы шамамен +26 °C деңгейінде тұрады. Мұнда құм жағажайы бар жасанды теңіз, сарқырамалары бар лагуна және мыңдаған өсімдік өсетін джунгли бар. Кеңістік бірнеше тақырыпты аймаққа бөлінген: Bali Lagoon, Tropical Sea, су сырғанақтары, сауналар және SPA.

Қазір кешенде түнеп қалуға да болады. Қонақтарға арналған бөлмелер, шатырлар және тіпті гләмпиң бар. Билет бағасы таңдалған қызметтерге қарай 47–49 еуро (ересектер) және 7,5–38 еуро (4–11 жасар балалар).

Берлиннің көрікті жерлерінің картасы

0

0

Автордың суреті
Любовь Каракулова

автор, қайда бара жатқанын, онда не істейтінін, қалай жететінін жол жүрер алдында анықтап алады

Сізге қызық болып қалар:

Осы айдардан:

Скоттардың тарихы мен табиғаты
17.04.2026

Скоттардың тарихы мен табиғаты

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен
26.05.2025

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады